Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 1 страница



 

    

 

ҚЫЛМЫС

 

V– ТОМ


МАЗМҰНЫ

 

Бірінші бөлім. СОЦИАЛИЗМ САМАЛЫ.............

Екінші бөлім. БОРАН......................

Үшінші бөлім. АҒАЙЫНДЫ АПАТТАР

Төртінші бөлім. ХИКМЕТТІ ҚАРА   

Бесінші бөлім. ҚҰЙЫН.........


БІРІНШІ БӨЛІМ

 

СОЦИАЛИЗМ САМАЛЫ

 

І

 

Құдіретті тергеушім, өтірік қоссам тас төбемнен ұрыңыз!

«Жекеге табынуға қарсы науқанның» аяқталмай қалғандығы жөнінде қытай зиялылары арасында талас-тартыс қозғала берді. Жекеге табынуға ғана емес, табындырушыға қарсы аттанғандықтан Хупыңның өзіне қарсы науқан жүргізілген ғой. Оның өзіне төнген қаһарлы тауқыметтің қорқынышы алдыңғы науқанды ұмыттыра алмады.

«Бізде табындырушы жоқ па?», «Хупың компартия басшыларына жала жапты ма?».

«Біздің елде жекеге табынушылық расымен-ақ болмағаны ма?» деп өндіршектейді.

«Жоқ!» дейді белсенділер. «Маужуши өзіне қашан табындырыпты, «халық үшін істейік»– деп әр күні ұрандап отырған көсемді халқы құрметтемей ме, мұндай құрметтеуді табынушылық қатарына қосуға бола ма! Біздің елде жекеге табынушылық жоқ!»

«Әрқандай жеке коммунист, өзін бүкіл партия коллективінің деңгейінде, тіпті үстінде атауға жол қойса, табындырушы деген сол болмақ. Өйткені, ондай шектелусіз жеке бара-бара шексіз құқықты тәңірге айналып кетеді. Сталин де солай дамып келіп, жалғыз тәңірге айналған!».

«Міне, дұрыс тұжырым осы. Хрущевтің бұл бастамасы, тіл тигізуге болмайтын зор демократия!»– дегенге саяды көпшілігі.

Үрімжідегі оқығандар арасындағы айтыс та осылай басталады....

Мектеп құралдарының ықтияжы мені меңгермеге қайта сүйреп, отбасыма жақсы үйде сыйлады.

Күндіз мектептерге ұлттық оқу құрал құрастырып, кешке дейін жазумен болатын менің үйіме де осы айтыс күн батысымен баса көктеп кіріп, дуылдатып жүрді. Демалыс уақытымда әңгіме-күлкіні жақсы көретіндігім үшін жақын қызметтес-жолдастар кеш бата мені іздейтін болды. Бір жерге қыдыра шықса да менімен бірге болуды көксейтіндер көбейді.

Мектебінен әр сембі кештерінде ғана қайтатын Мақпал босанғаннан бері қолғабысшы әйел тауып, ұлымыздың жағдайы үшін үйден тамақтанып, мектепке үйден баратын болған. Оның әр кеште үйде болуы мен меймандостығы «шақырылмаған қонақты» тіпті көбейте түскен шақ.

Алтын тісті байын ертіп әр жексенбіде «төркіншілеп» келіп тұратын Әлия күздің бір сембі күні түстен кейін жалғыз жетті. Кеш түсе келген Асылқан ақын қалжыңдай кірді оған:

– Қарындас күйлімісің? Бұл амандасуға Әлия жымия амандасты да мен күліп жібердім:

– Ағасы қарындасының алдымен күйін сұрай ма екен?

– Күйеуі жоқта күйін біле қойғым келгені ғой, бұл қарындасымның сонысынан басқасын сұрағым келмейді!

Әлия үй жұмысына көмектесу жөнімен ауыз үйге шыға күлді де, Асылқан маған ойлана қарап күбірледі:

– Биғаш, жағдай тынысы кеңіп қалды ғой, сөйтсе де «сақтықта қорлық жоқ», айтып қояйын, ерлі-зайыпты осы екеуі де бай саудагер балалары емес пе, орайшыл қулар көрінді. Пролетарият партиясына да алдымен кіріп ала қоюларын көрмеймісің. Көзің енді ғана ашылып келе жатқанда қырсық болып, кезеңнен тосып жүрмесін!

– Дұрыс. Мына өлекшіні тіпті сатымпаз болатын. Бірақ қазір екеуі де партия мектебінде істейді. Көкіректеріне аз да болса Марксизм сәулесі түспесе, аса сезімтал таразының бұл орны партия қызметіне қалай қабылдайды. Ал, қалай болғанда да енді маған не қылмақ! «Өз аяқтарымен келген соң жүрсін» деп, Мақпал да қорғаштай береді,– дедім.

Дастарқанымыз Әлияның қолымен жайылып, Әлияның қолымен ұсынылған шәй шынысын Асылқан қол-молымен қоса уыстап, түгел тартты өзіне қарай:

– Алыстан келген қонақсың ғой, отыр мұнда, шәйді келінімнің өзі-ақ құяды!

– Мен де бөтеніңіз емес шығармын!– дегенінде Әлияның жүйрік көзі маған жарқ етіп өте шығып, Мақпалға барып түсті. Оқудағы сіңілім... жұмыс басты болған соң тым болмаса сембілігіне көмектесейін деп келгенім!..

– Отыра ғой әпкетай, шаршап келдіңіз!– деген Мақпалдың жауабы айтылғанша Асылқанның жуантұғыр қолы қызыл түлкіні жамбасына басып үлгіріп еді. Рақымқан атты көне сабақтас төрт-бес жігіт ертіп кіріп келгенде тыпырлай түскен Әлияны тіпті бүрді.

– Маған деген құштарлығыңды сарт күйеуің келіп көргенше жібермеймін!

– Одан қорыққаным емес, жұмысым бар, қоя беріңізші!

– Жоқ, саған жұмыс артылмайды, қорықпайтының рас болса, қозғалма!– деп Асылқан мытып-мытып жіберді бір жерлерін.

– Үйбай-и-и не бетімді айтайын!

– Ей кәрі ит, қоя бер баланы!– Рақымқан күшпен айырды да Әлияның орнына отыра қалды өзі.

– Қалқам, мына аюдан құтқарушың мен болғанымды ұмыта көрме!

– Рахмет ағай! Әлия ауыз үйге шығып кеткен соң күбірледі Асылқан:

– Сартын шамдандырып, Биғабілді осы жабысқақтардан құтқарайын деп отырсам!...

– Қуын өзінің!– қарқылдай күлді Рақымқан. – Бір елді мешеулік пен кедейліктен құтқарамын, жарылқаймын деп келіп жанын суыратын отаршылардың сөзі ғой мынауың! Бәйбішесіне жабысуың, Биғабілға жаның ашығаны екен-ау!

Бұл жаныстыруға келгенде Мақпал маған қарап қойып сықылықтады да, бір жағымда отырған Ынтықбай әдейі жани түсті оны:

– Нұрияш, мыналар сені тоқал дегісі келіп отыр ма, қалай өздері?

– Дегісі келгенді қойып, деп болмады ма!... Іштері күйсе тұз жаласын, шақырып келейінші өзін!– деп күле түрегелді Мақпал. Ауыз үйден Әлияны қолтықтап, тартып әкеліп, менің қатарыма отырғызды да өзі төменгі жағынан шәй құйды. – Ал, енді не демексіздер?

Әлия ештеңе ұқпағансып, жан-жағына жалтақтай түсті:

– Не болды, не болды, күлесіздер ғой?

– «Бәйбіше-тоқал» деп мыналар екеуіміздің татулығымызды көре алмай отыр!– деп Мақпал әшкерелей салды. – Бәйбіше болып-ақ отыршы қане, қайтер екен!

Әлия орнынан ыршып тұрды:

– Жоқ-жоқ, Құдай сақтасын, өзімнің ерім тұрғанда!.. Ол естісе бұл қалжыңдарыңызды... Арамызға от салмаңыздаршы!

Қалжыңнан ұтылмау ойымен «отыр, бәйбіше!» деп, Әлияның қолынан тартып едім, бір саусағымды байқатпай қысып қалып, отыра кетті.

– Ал, абысын болсақ несі бар екен?– деп күлді Мақпал. Әлия шегіне отырып қызарақтай сөйледі:

– Бұл қалжыңды қойшы Нұрияш, ерім келіп қалады!

Қонақтар дуылдап күле алқалады Мақпалды:

– Жарадың Нұрияш, жарадың!

– Өз күшіне сенімі толық-ақ екен!

– Мұндай мінезі болмаса, Биған «Нұрияш» атай ма!– деп Тоқбай атты жас ақын сүйінші айтты да, Құлжан ашық көпшікшіл әдетімен көкке бір-ақ шығарды.

– Биғандай ғалымымызға екі әйел түгіл төрт әйел әперсек те көп болмас!

Бұл ұшырмаға, қынжыла қарағанымды сезбей қалыппын. Құлжанға Рақымқан тойтарыс айтты:

– Биғабілдің халыққа сіңірген еңбегі үшін халықтың жауы етіп, феодалға айналдырсаң, сыйлайды-ақ екенсің! «Төрт қатының» не айтып отырған?

– Қалжың ғой! – дей салды Құлжан. Бәріміз күлдік.

– Ондай қыз-келіншек өндіретін зауытың болса, алдымен өзіңе бір сұлуын... Сонан соң үйлене алмай жүрген бізді де есіркерсің!– деп Ясынәмәт атты ұйғыр қызметтесім қарқылдады. – Бірақ, «қазақ байыса қатын алады» деп бәрін Биғабілге беретін ұқсайсың ғой!

– Ұлы Сталинді де аздырған осындай жарамсақтық-ау!– күңк ете түсті Есқали. Оған жауапты Рақымқан ашық қайырды:

– Мына Биғабілға төрт қатын әпермек болғанда, ондай көсемдерге дүниедегі барлық қыз-келіншекті түгел жиып беруді де көпсінбеген шығар!

– Өзім Хрущевтің жекеге табынуға қарсы әрекет қозғауының туралығын енді толық түсініп отырмын!– деген күңкілмен Асылқан тұқырды.

Мақұлбек дәу жалт қарады оған:

– Бірақ, ол науқан дұрыс болса, Маужуши қарсылық мәлімдер ме еді!

Құлжан енді өзінің жаңағы жарамсақтығының қарсы жағынан шыға келді:

– Маужушидың өзі де табындырушы жағында екендігін осы қарсылығы-ақ дәлелдеп отырмай ма!

Негізгі айтыс тақырыбына осылай толқып-толықсып келіп тағы көшті қонақтарым. Қып-қызыл Есқали күреңіте қалып Құлжанның бұл дәлеліне қарсы дәлел қойды:

– Туған күнін мерекелеуге де тиым салған Маужуши, «маған табыныңдар» деді ме саған!

– Тарихта қай мемлекет басшысы маған табыныңдар деп табындырып еді!– деп Тоқбай оған қарсы түсінік айтты. – Бәрі де емеурінмен табындырып келмеді ме! «Жасасын» демей қойсаң жағаттаушылары жағаңнан ала түспеуші ме еді. Қазір жағдай біраз кеңіген соң ғана тіліміз шығып отыр ғой. Бұдан сәл бұрынырақ «табындырма» десең өзіңді тамұқтан көрер едің!

Тоқбай өзін осылай жақтай қалғанда шарға денелі Құлжан кердиіп шалқалай қалды:

– Менікі қалжың ғой, әншейін!

– Біле білсеңдер Маужушидың жекеге табынуға қарсы үлесі көп!– деп Есқалиды Рақымқан қуаттады. – Қала, қалашықтарға, өндіріс орындарына Совет одағындағы сияқты жеке адамдардың атын қоймау жөніндегі бұйрығын да ұмытып қалдыңдар ма!... Шындығында мәселе көсемдерде емес, көпшілдерде. «Данышпан көсем», «күн көсем» деп көкке сонау тәңірдің орнына отырғызып қойып, қайтадан орнына түсіре алмай кердитіп қоятын осындай қос құйрықты жағымпаздар ғана!.. Жаңағы Құлжанның Биғабілді қолпаштауы дәл соның мысалы емес пе!

– Сіз менің сол сөзімді жағымпаздық санап қалдыңыз ба? – кеңкілдей күлді Құлжан. – Оным Биғанды жақсы көргендігімнен ғана айтылып қалды ғой!

– Құлжан, сенің сол «жақсы көруіңнің» өзі, басқаға да кесірі бар жағаттау!– деп қалған Асылқан сөзді бұл «қорқынышты» тақырыптан бұрып, жәй қалжыңға ауыстырмақ болды. Мына сұлулары жетпей отырғандай, Биғабілға бәрін үйіп-төгіп, арық кемпірлерге бізді мәңгі матамақсың ғой тегі! Менің де бір жас иісті иіскейін деген үмітімді ескерсеңші ит-ау!

Рақымқанның тігіл сөгісіне қызынып қалған Құлжан бұл қалжыңды естімей де қалғандай сөйлеп кетті:

– Мен тағы бір шындықты айтайыншы! Жекеге табынушылық жоқ деп мені ғана жаманатты жағымпаз етпек болдыңдар ғой, қане айтыңдаршы, ұлы көсеміміз Маужуши түгіл жай ғана бір аудан шужилеріне[1] де жалбарақтап иіліп-бүгіле қаласыздар ғой, бұл, табынушылық емес пе?

– Секретарлар – партияның өкілі, Маужуши – партияның көсемі. Біздің оларды құрметтеуіміз – партияға арналған құрмет. Ондай құрмет пен табынудың парқын айырмай, бәрін жалбарыну-табыну десеңдер, қателесесіңдер жолдастар! – деп Ынтықбай Құлжанға қаратып тоқтау айтты.

– Әрқандай әрекеттің шегі болады,– дедім мен. Ынтықбайдың пікірін бас изеп қуаттай сала қосымша қостым. Көпшілік жым бола қалды. – Шегінен асыра жеген бал да у. Ал, «жақсы көру», «құрметтеу» дейтін адамзатта ғана болатын ізгі қасиеттің белгісін өз шегінен асырып жіберсе, құлшылық пен табынушылық келіп шықпақ. Мұны біле тұрып, қасақана істесе, қастық-шіріткіш бактерия шашқандық болады!

– Міне, міне дәл айттыңыз, ой айналайын Биғаным-ай!– деп Құлжан алдыма түсіп, жорғақтай жөнелді. – Дәл өлшем, дарулы қортынды болды! Ал енді партияға арналған осы құрметімізді шегінен асырып, табынушылыққа айналдырып отырған кім, соны ұқтырыңызшы!

– Шегінен асырған сен. Және сендейлер шығар!– деп жымия қарағанымда, ду күлді көпшілік. Күлкі тоқтаған соң күрсіне жалғастырдым сөзімді. – Жаңа ғана көз ашып отырған пәк сәби мешеу халықтың арасына тасаланып алып, адам аулайтын арамза аз ба!

Құлжан шамданайын деп оқталды да әлдене ойға келгендей, қосыла күліп алды.

– Мен енді шыныма келмесем болмады,– деді сонан соң. – Алдымен бір мәселені айқындап алайын, табынушыларды түгел арамза дедіңіз бе?

– Жоқ, бәрі арамза емес, қашан да мақсатсыз аңқау, пәк мешеу ерушілер көп болады ғой. Мәселен сен атамасаң, мен қашан «ғалым» аталып едім? Ал, институт бітірген Құлжан молла «ғалымымыз» деп жалбарақтағанда сені оқымысты санайтындар маған рас ғұлама екен -деп табынбай ма!... Ғалым екенмін деп менің де кеселдене түспесіме кім кепіл!... Шапағат тигізерлік ешқандай лауазымы жоқ мені өтіріктен өтірік осылай қауқитып ұшыратқаныңда үкімет басшыларын, партия көсемдерін не оңдырмақсыңдар!...

– Аллай, Аллай, жазықсыз бүрдіңіз-ау!... Енді шынымды айтып құтылайын, шынын айтқанға сот жоқ шығар. Мен өзім ғой, сізді ғалым деп танитыным рас. Оған шығарып отырған кітаптарыңыз – оқулықтарыңыз куә! Бұл, сізден бір шапағат-мәнпағат іздеп, жалған жағымпазданғаным емес!

– Шын табынғаным десеңші онан да!

– Қалжыңды қоя тұршы Рақа, сөйлеп болайын!... Ал, жағымпаздар аз емес дегеніңіз ып-рас, бостандықтан кейін тіпті көбейді. Қазір Маузыдұң жушиға, компартияға жағынғысы келмейтін ешкім жоқ. «Компартия дегеніміз Маужуши, Маужуши дегеніміз – компартия» деп оқымадық па! Партия қатарына өтуді талап етушілерге қойылатын шарт біреу ғана. Төңкерісші болу ғой. Ал, төңкерісші болудың белгісі – партия жақта тұру. Яғни Маужуши жақта, әр дәрежелі шужилер жақта болу ғана. Демек, партияға кірудің шарты, сайып келгенде соларға жалбарақтау, соларға табыну екен. «Ақиқатты амалияттан іздейміз» дегендегі іздеп таңдайтын амалияты бастан өткізген тұрмыс-тарихымыз емес, табымыз емес, санамыз емес, тек нақ майданда қолма-қол табыну ғана болып қалды. Олардың көпшілігін көтермей, жағынбай-табынбай партия қатарына өту қайда? Қане, жекеге табыну біздің елде жоқ деушілер енді дәлелдеп көріңіздерші! Және жекеге әркім өздігінен табынғысы келіп табынып отыр ма, жоқ, коммунизмге бастаушының өзі табынуымызды шарт етіп табындырып отыр ма?

Бұл сөзге келгенде Рақымқанның қақшиып отырған басы сылқ түсті де мен жасыра күрсініп алдым. Ынтықбай мен Асылқан тұқыра түсті. Құлжан сиқырдың бұл сөзінде белгілі мөлшерде шындық бар еді. Ал, мұның көмескі қолдаушысы Мақұлбек төмен қарап ыржыңдай берді. Есқалидың көзі жүзінше қызарып, шекшірейе қалды да тұтығып-түтеп шығарды сөзін:

– Жа-жа-жаппа жалаңды, п-п-партия қатарына солай табынып алдайтын орайшылдар ғана өтіп жатыр ма?

– Көргенді к...деп жеңуге болмайды ғой,– Құлжан мүләйімсінген бәсең үнмен жыпылықтата сөйлеп кетті. – «Кім төңкерісшілер жақтан көрінсе сол төңкерісші. Кім жиянгерлік, феодализм, бюрократ капитализм жақтан көрінсе, сол кері төңкерісші»[2] емес пе, тек өздерің мендей шынын сөйлеушіні арамза қатарына қоса көрмеңіздер! Осы отырған достардың өзімен-ақ дәлелдеп берейін мысалын: пролетарияттың осы партиясына Ауыл пролетарынан шыққан ғалым төңкерісші Биғабіл қабылданды ма? Кедей шаруа баласы, төңкеріс сабында өскен Рақаң қабылданды ма? Пролетар баласы мына мен қабылдандым ба? Мына ақ жүрек Тоқбай қабылданды ма? Қаршадайынан жетім қалып, төңкерістің жасырын қызметінде өскен Күлән жеңгем қабылданды ма? Ынтекең ғой, төңкеріс армиясының саяси қызметінде жүріп, жазатайымда өтіп қалыпты. Менің Мақпал жеңгем мал иесі зәңгінің қызы болса да феодализмнің теперішін қатты көргендіктен партия мектебіндегі ханзу «шешесінің» көмегімен өтіпті. Ал Асекеңнің гомендан сақшы мектебінен оқыған жазығы бар болсын. Мына Мақұлбек дәу атақты алпауыттың баласы, бұл да асықпай тұра тұрсын, өту алдында ғой. Ал осындай достардан компартия мен комсомолға өткендер кімдер екеніне қараңдаршы: панатик молланың мына Есқали мырзасы комсомолға қалай өте қойған? Идеясыз, жалтақойлығы үшін бе? – Бұл сөзге келгенде Есқали түтігіп, тістене түсті. Мен ишаралап басу айттым. Әріптесінен кегін осылай алып жіберген Құлжан, сөзін бейғам жалғастыра берді. – Мына Әлия ханым партияға не істеп беріп өткен? Компрадордың қызы болғандығы үшін бе? Капиталистің ұлы алтын тіс ағай не қасиетімен өткен?

– Құлжан аға, бізді де күндедіңіз бе енді?– деп Әлия қызарақтап шыға жөнелді.

– Құлжан өзіңнің еркектен шыққан нұсқаласың ғой, сені күндей қоймас! – Ынтықбай сүзе қарап күлді де, бұл мысқылды Тоқбай толықтады:

– Тірі болса Құлжан ағаң да партияның бір тесігін тауып кіріп ала қояр әлі!

Құлжан олардың қағытпасын естімегенсіп, жалғастыра берді сөзін:

– Дабырламаңдар ағайындар, сөзімді бітіріп алайын!.. Осындай шебер жағымпаз жаулардан партия қатарын толтыра қойғандар аз ба! Мәселен Ақыметқан бай, Асқар ұры, Мәметжан көпес, Дәуіт молла, Далжын келең, Тұрды шаңя, Тоқты шаңзұң...

– Болды, болды!– деді Ясынәмәт қызыныңқырап. – Шешесінің батегінен тақсы[3] құшақтай туған ондай тақсыпаздарды санап тауыса алмайсың! Компартияға мұндайлар қалай-қалай өтіп алды дейсің, қане, соныңды айтшы онан да!

– Айтқамын ғой жаңа! – Екі жағына көзін ойнақтата қараған Құлжан енді бір түрлі артистік кейіпке кіре қалды. – По-по-по, партия үстінен ғайбат айтқаныма қыптарың қанып-ақ қалған екен-ау!... Қайтер екен деп қалжыңдасам...

Құлжан осы құбылысымен орындық арқалығына сылық түсіп қарқылдай күлді. Сұм шарғының жылп етіп енді былай шыға қалуына мен жирене қарадым да өзі тұрғылас бірнешеу түлкі көрген көп тазша ұтылап қуа жөнелердей төніп еді. Есік жақтан бастап екі-үш жігіт түрегелгенде жалт қарасам, Күлән кірген екен. Орын кеңітіп, өзінің «ынтасының» қасына отырғыздым. Мақпал "әпкесінің" сырт киімін шештіріп апарып, киім ілгішке ілді. Іші шығыңқырап қалған Күлән, екіқабат болғалы толықсып, тіпті ажарлана түсіп еді. Зымыстан қыста да, жайдары жазда да бір қалыпты, ащыға да, тұщыға да ортақ, бірге өсіп-біте қайнасқан, өмірдегі ең жақын сырлас досыма күлімсірей қарадым.

– Танымай қалдың ба, Биғаш?– деп ол да күлімсірей сұрады да жауап күтпей-ақ көпшілікке жағалата қарап, бірнешеуіне ауыз жыбырлатып амандасты. – Әңгімелеріңізді бөліп қойдым ба, жалғастыра беріңіздер!

Осында отырғандар түгел құрметтейтіндігі мен қыран қаршығадай іліп түсетін ашық тілділігінен жасқанатындықтары қосылып, Күлән кірген соң жым-жырт болып қалып еді. Оның әйелдер ұйымындағы қызметіне байланыстыра қалжыңдап Рақымқан жол ашты:

– Көбі бойдақ қулар ғой, сенің алдыңда сыпайылық сақтап сырбазсымаса «шүйке бас» ала алмайтындықтарын да біледі!

– Орынсыз сыпайыси қалатын жігіттерге біздің қыздардың жер сипатып кететінін де білетін шығар! – деп Күлән күлгенде бойдақтардың бәрі күлді. Мұндайда күлкі үшін өзін де қосақтап көсіп жіберетін қу тілді Нұралы әдеттегі тәуекеліне басып қалды:

– Жеңешетай, әйтеуір бас жібін қолымызға бір ұстатыңызшы, айрылсақ обалымыз өзімізге!

– Ондай бас жіпті-ноқталыларды лайық көрсеңіздер, оның жөні басқа ғой!

– Япырай, көзсіз әңгі неме-ай, қалай домалап кеткеніңді өзің де сезбей қалдың-ау!– деп Асылқан Нұралыға қарап күңіренгенде күлкі тіпті үдеп, кең үйді көтере жөнелгендей сезілді.

– Асеке, менен қам жемеңіз!– деді Нұралы күңгірлеп. Қысыңқы көзі күлкімен жұмыла түсті. Бұйра қоңыр шашын уқалап жіберіп жалғастырды сөзін. – Мені енді бойдақ қатарына қосып домалатпайтын бір құшынаш үйімде отырғанын өзіңіз де білесіз ғой. Күләш жеңешеме бұл өтінішті мына кәрі бойдақ Құлжан айтқызып, домалап жатыр!

– Ей, өзің түскен орға бізді де ала түспекпісің, қашан айт деппін саған,– деп Құлжан қызарақтағанда Нұралы үстемелеп соқты:

– Басқаларды ала жығылу өзіңмен кетсін, сенің халың айтқызды дедім ғой, бетіңдегі ұятты шешек жеп кеткен бейшара-ау, ұялған не теңің сенің! Сондай басы жіпті, төрт аяқты «сұлулар» болмаса, екі аяқтылары жуыр ма саған!...

– Әлгіндегі егесті айтыста қызынып, шатақтасып қалмасын деген сақтанумен ішімдік шығартпай отыр едім. Мынадай таза қалжың тебіренісіне келгенде шыдай алмадым, ым қақтым Мақпалға. Ол ымның не сұраған ым екенін есік жақта тұрып Әлия қағып әкетті: қуырып қойған көк азықтарын тәрелке-тәрелкесімен кіргізіп, дастарқанға тізе қойды. Әйелдер жаққа сыра, шарап, ерлер жаққа мөлдіреп ақ арақ келгенде Құлжан жайнаңдап сала берді де, бірер жұтып алған соң тағы да сайрай жөнелді:



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.