|
|||
Статистикалық бақылаудың қателері және бақылау мәліметтерінің тексерісі10 Дәріс Статистикалық бақылаудың қателері және бақылау мәліметтерінің тексерісі Дұрыс құрастырылған сұрақтар – шынайы мәліметтер алудың кепілі. Алайда кез келген статистикалық бақылауды қателер (ағаттықтар) пайда болуы мүмкін. Бұл қателердің себептері: - қате жазу, айту, дөңгелектеу есебінен; - формулярды дұрыс толтырмау нәтижесінде; - жауап берушілердің ұмытшақтығынан; - дәйектерді жасыру не өзгертуге деген талпыныстан; - тікелей бақылауда қателер өлшегіш құралдардың нақты еместігінен де болуы мүмкін. Барлық қателерді қасақана жасалған және қасақана емес деп бөлуге болады (кездейсоқ және жүйелі). Қате жазу, қате айту, білмеу т.б. нәтижесінде болған бақылаудың кездейсоқ қателері бақылау нәтижесі үшін аса қауіпті емес, себебі олар өсу жағында да, кему жағында да кездеседі, ал бақылаудың көп санында олар бірін-бірі жұтып қояды. Қасақана емес жасалған жүйелі қателер сұрау кезінде сандық көрсеткіштерді дөңгелекту немесе өлшеуіш құралдардың нақты еместігінен болады. Мәселен, сұрау жолымен жас тіркегенде адамдардың жасы көбінесе 0 немесе 5 санына дейін дөңгелектенеді. Бұл құбылыс статистикада жас аккумуляциясы деген атауға ие болды. Қасақана қателер, атынан көрініп тұрғандай, мәлімет беретін адамдардың шындықты өзгерткісі келгендігінен туындайды. Қасақана қателер мәліметтерді тек бір бағытта ғана өзгертетіні белгілі. Қателердің бұл түрі статистикалық бақылау үшін біршама қауіпті. Аталған барлық қателер дәйектерді тіркеген кезде пайда болуы мүмкін. Осыдан олар тіркеу қателері деп аталады. Жалпы емес бақылау кезінде жалпы емес бақылаудың көрсеткіштері мен жалпы бақылаудағы жиынтықтың барлық көрсеткіштері арасында айырмашылықтар кездесуі мүмкін. Бұл айырмашылықтарды репрезентативтік қателер – жүйелі және кездейсоқ деп атайды. Таңдамалы бақылауда кездейсоқ қателерді жібермеу мүмкін емес, бірақ оларды оңай санауға болады, және дұрыс ұйымдастырылған кездейсоқ сұрыптауда ол қателердің шамасын анықтауға болады. Репрезентативтіктің жүйелі қателері әдетте таңдаудың дұрыс еместігінде, яғни, бас жиынтықтан бірлік таңдаудағы кездейсоқтық принципі бұзылған кезде пайда болады. Бақылау кезінде әрқашан қателер кездесетіндіктен барлық жинақталған материал қателерді түзету мақсатында тексеріске түсуі тиіс. Тексеріс түрлері: - логикалық; - арифметикалық. Логикалық тексерудің мақсаты жауаптың қойылған сұраққа сәйкестігін немесе барлық бағдарламаның әр түрлі сұрақтарының жауаптарының бір-бірімен сәйкестігін тексеру болып табылады. Мысалы, «жасы» деген сұраққа «3 жас» деп, ал «некеде барсыз ба» деген сұраққа «иә» деп жауап берілсе мұндағы әрбір жауап сұраққа сәйкес келеді, ал жауаптары сәйкес келмейді. Қай жауапта қате кеткенін анықтау үшін басқа бірін бірі тексеретін сұрақтардың жауабын қарау керек. Жауаптардағы логикалық нақсыздықты фактілі көрсеткіштерді жоспарлымен салыстыра отырып, мысалы, алдағы уақыттағы көрсеткіштермен, бірдей табиғи жағдайларда орналасқан аудандар көрсеткіштерін салыстыра отырып анықтауға болады. Сандық жауаптарға үнемі логикалықпен қатар арифметикалық тексерісті де қолдану керек. Арифметикалық тексерістің мақсаты есептеулердің дұрыстығын тексеру болып табылады. Қателерді түзету үшін өткізіледі: - тексеру сұрақтары; - пошталық сұраулар; - телефон не факспен сұрау.
|
|||
|