Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Статистика ғылымының пайда болуы - мемлекетттану және саяси арифметика



Статистика ғылымының пайда болуы - мемлекетттану және саяси арифметика

     Ғылым ретінде статистика XVII ғасырда Германия мен Англияда біруақытта пайда болды. Оның пайда болуы есептік-статистикалық жұмыстар тәжірибесінің дамып кең етек жаюымен байланысты. Алайда статистиканың ғылым ретінде қалыптасуы көпшілік құбылыстарды зерттеуге арналған ғылыми еңбектер пайда болған, статистиканы оқыта бастаған кез болып саналады.

     Ғылым ретіндегі статистиканың дамуы 2 бағыт бойынша жүрді. Бірінші бағыт Германияда пайда болды және мемлекеттану немесе сипаттама мектебі ретінде белгілі. Бұл бағыт өкілдері құбылыстар арасындағы заңдылықтар мен өзара байланыстарды талдаусыз мемлекеттің құрылымы мен оның көрнекті орындарын сипаттауды өздерінің басты міндеті санады.

     Сипаттама мектебінің негізін қалаушы неміс ғалымы Герман Конринг болып саналады. Ғылыми оқу пәні ретінде мемлекеттануды оқытуды да сол енгізді.

     Сипаттама мектебінің және Конринг көзқарастарының дамуына оның ізбасары, «статистика» терминін енгізген Готфрид Ахенваль және оның шәкірті Август Людвиг Шлецер көп еңбек сіңірді.

     Статистиканың ғылым ретіндегі екінші бағыты Англияда пайда болып «саяси арифметика» деген атпен белгілі. Бұл бағыт мектебінің негізін қалаушы танымал саяси экономист Уильям Петти.

     Аталмыш мектеп өкілдері мемлекеттану жақтастарына қарағанда көп бақылаулар негізінде зерттелетін құбылыстардағы түрлі заңдылықтар мен өзара байланыстарды анықтауды өздерінің басты міндеті санайды. Мәселен, Д.Граунт негізінен тұрғындардың ұдайы өндірісі заңдылықтарын зерттеді. Көп жылдар бойы ол Лондонда туғандар мен қайтыс болғандар саны туралы мәліметтер апта сайын жарияланатын бюллетеньдер ақпаратын зерттеп бірқатар заңдылықтарды анықтаған.

     Д.Граунт алғашқы өлім-жітім кестесін жасап өміршеңдік қисығын есептеп шығарды. Өз зерттеулерінің нәтижесін ол 1662 ж. шыққан сол заман дәстүрі бойынша атауынан мәні көрініп тұратын «Басқару, дін, сауда, өсім, ауруларға т.б. қатысты қосымша берілген мазмұнында аталған және өлім-жітім бюллетендерінің негізінде жасалған табиғи және саяси бақылаулар» атты еңбегінде жариялады.

     Э.Галлей белгілі бір жасқа дейін өмір сүру ықтималдығын анықтауымен өлім-жітім кестесін құрып оларды сақтандыру ісінде пайдаланумен айналысты.

     У.Петтиді болса шаруашылық процестермен, қоғамдық және экономикалық өмірдегі заңдылықтар көбірек қызықтырды. Ол алғашқы болып елдің ұлттық байлығы мен ұлттық кірісін бағалауға талпыныс жасады. Оның қызығушылық шеңбері «Саяси арифметика немесе жер, адамдар, ауыл шаруашылығы, мануфактура, сауда , балық аулау, қолөнершілер, теңізшілер, солдаттардың көлемі мен құнына қатысты; адамдардың құндылығын анықтауға, теңіз шілер санының өсуіне қатысты; айлақтар, елдің жағдайына, кемелер, теңіздегі қуаттылығына т.б. қатысты ойлар» атты еңбегінде көрсетілген.

     Саяси арифметиктердің жетістігі олардың көпшілік мәліметтерді пайдаланудың белгілі бір заңдылықтарды анықтау үшін қажеттігін түсінгендігі, санау мен талдауда топтастыруды, орташа және салыстырмалы бірліктерді пайдаланғандығы, көптеген көрсеткіштерді бір-бірімен байланыста қарастыруға тырысқаны болып табылады.

     Мемлекеттану және саяси арифметика әрқайсысы өз жолымен, зерттеуде өз әдістерін пайдалана отырып дамыды. Бірақ екеуінің де зерттеу пәні бір – көпшілік құбылыстар болды.

     Мемлекеттік және шаруашылық практикалық мәселелерді шешу қажеттілігіне байланысты пайда болған статистика ғылым ретінде мемлекеттану мен саяси арифметиканың бөлінуі нәтижесінде пайда болды.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.