Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Іш қуысының вегетативтік өрімдері



                             Іш қуысының вегетативтік өрімдері

  Вегетативтік нерв жүйесінің іш қуысындағы ең ірі өрімі қолқаны бойлай орналасып, іштік қолқа өрімі, plexus aorticus abdominalis, деп аталады. Оны түзуге кеуделік қолқа өрімі, симпатикалық діңнің кеуделік бөлігінен шығатын ішкі ағзалық үлкен, кіші және ең төменгі нервтер, ішкі ағзалық бел нервтері, кезбе және оң жақтағы көкет нервтері қатынасады.

  Іштік қолқа өрімінің құрамында құрсақ өрімі, plexus coeliacus, шажырқайаралық өрім, plexus intermesentericus, және құрсақастылық жоғарғы өрім, plexus hyhogastricus superior, ажыратылады. Олардан екіншілік : шажырқайлық жоғарғы және төменгі өрімдер, т.с.с басқа да өрімдер тарайды.              

  Құрсақ өрімі, plexus coeliacus, құрсақ діңінің айналасында орналасып, жоғарғы жағында – кеуделік қолқа өріміне, екі жағында – бүйрекүсті өріміне, төменгі жағында – шажырқайлық жоғарғы өрімге жалғасады. Құрсақ өрімі екі құрсақ түйінінен, ganglion coeliaca, және күн сәулесі сияқты жан-жаққа тарамдала таралатын көптеген нервтерден түзілген. Сондықтан бұл өрімді күн сәулелік өрім, plexus solaris, деп - те атайды. Құрсақ өрімінен кететін тармақтар құрсақ діңінен шығатын артериялардың бойымен өрім түзе таралады. Олар:

1. Бауырлық өрім, plexus hepaticus, бауырлық жалпы артерияның бойында түзіліп, бауырды нервтендіреді.

2. Көкбауырлық өрім, plexus lienalis, көкбауырды нервтендіреді және осы өрімнен кететін тармақтар ұйқы без өрімін, plexus pancreaticus, түзуге қатынасады.

3. Асқазандық сол жақ артерияның және асқазанды қанмен қамтамасыз ететін басқа артериялардың бойымен таралатын (асқазандық оң жақ артерия, асқазан-он екі елі ішектік артерия, асқазан-үлкен шарбылық оң және сол жақ артериялар) вегетативтік өрімдер – асқазан өрімін, plexus gastricus, түзеді.

4. Сонымен қатар, құрсақ өрімінен шығатын 15-20 тармақтар тікелей және бүйрекүстілік ортаңғы артерияның бойымен жүріп, бүйрекүстілік өрімді, plexus suprarenalis, түзеді. Бұл өрімнің құрамындағы симпатикалық нервтер түйінгедейінгі тармақтардан түзілген. Бүйрекүсті безінің милық заттегісінің симпатикалық нерв жүйесімен бірге дамуына байланысты, олар бүйрекүсті безінің милық заттегін тікелей нервтендіреді.

5. Құрақ өрімінен кететін тармақтар көкеттік төменгі артериялардың бойымен таралып, көкеттік өрімді, plexus phrenici, түзеді.

              Іштік қолқа өрімінен кететін екіншілік өрімдер:

1. Шажырқайлық жоғарғы өрім, plexus mesentericus superior, шажырқайлық жоғарғы артерияның және оның тармақтарының бойымен өрім түзе таралады. Шажырқайлық жоғарғы артерияның басталатын жерінде бір-екі ірі шажырқайлық жоғарғы түйін, ganglion mesentericum superius, орналасады. Бұл өрімнің тармақтары аш ( жіңішке) ішекті, тоқ (жуан) ішектің: соқыр ішегін, жоғарылаған және көлденең жиек ішектерін және ұйқы безін нервтендіреді. Олар ішек қабырғасының ішіндегі: шырышастылық, бұлшықеттік қабығының сыртқы және ішкі қабаттарының арасында орналасқан бұлшықетаралық және сірліастылықдеп аталатын өрімдерден тұратынқабырғаішілік (интрамуралды) өрімдер түзеді.

2. Бүйректік өрім,plexus renalis, іштік қолқа өрімінің шажырқайаралық бөлігінен кетіп, бүйректік артерияның бойымен жүреді. Оны түзуге құрсақ өрімі де қатынасады. Өрімнің құрамында кішкене қолқа – бүйректік, ganglia aortorenalia, және бүйректік түйіндер, ganglia renalia, орналасады.

3. Несепағарлық өрім, plexus uretericus, бүйректік өрімнің несепағардағы жалғасы болып табылады.

4. Атабездік өрім, plexus testicularis, әйелдерде – анабездік өрім, plexus ovaricus, шажырқайаралық өрімнен  шығып, атабезді немесе анабезді нервтендіреді.

5. Шажырқайлық төменгі өрім, plexus mesentericus inferior, шажырқайлық төменгі артерияның және оның тармақтарының бойымен таралады. Артерияның басталатын жерінде 1-2 кішкентай шажырқайлық төменгі түйіндер, gangliа mesenterica inferiora,жатады. Бұл өрімнің тармақтары көлденең жиек ішектің сол жақ бөлігін,төмендеген жиек ішекті,сигматәрізді жиек ішекті және тік ішектің жоғарғы бөлігін нервтендіреді. Олар ішекте қабырғаішілік (интрамуралды) өрімдер түзеді.

6.  Шажырқайаралық өрім, plexus intermesentericus, іштік қолқа өрімінің- шажырқайлық жоғарғы және төменгі өрімдерінің аралығында орналасқан бөлігі.

7. Құрсақастылық жоғарғы өрім,plexus hypogastricus superior, іштік қолқа өрімінің шажырқайаралық өрімнің астында орналасқан бөлігі. Ол - мүйістен, promontorim, ( V бел омыртқасы мен сегізкөз негізінің бір-бірімен қосылған жері) төмен  - құрсақастылық нервтерге жалғасады.

Іштік қолқа өрімі, қолқа айырығынан кейін, оң және сол жақтағы мықындық жалпы артериялардың бойымен таралатын, мықындық өрімге, plexus iliacus, жалғасады.

Жоғарыда аталған, іш қуысының вегетативтік өрімдерінің құрамында болатын симпатикалық - құрсақтық, шажырқайлық жоғарғы және төменгі түйіндерде, сонымен қатар симпатикалық діңнің түйіндерінде екінші нейрондар орналасады.

Ал, кезбе нервтің және ішкі ағзалық жамбас нервтерінің екінші парасимпатикалық нейрондары интрамуралды өрімдер құрамындағы немесе ағза жанындағы (экстрамуралды) кішкене түйіндерде жатады.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.