Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Вегетативтік (автономдық) нерв жүйесі



Вегетативтік (автономдық) нерв жүйесі

  Вегетативтік (автономдық) нерв жүйесі, systema nervosum autonomicum, ішкі ағзаларды, тамырларды, бездерді және бірыңғай салалы бұлшықеттерді нервтендіретін нерв жүйесінің бір бөлігі. Басқаша айтқанда, вегетативтік нерв жүйесі  қызметі адам санасына  бағынбайтын ағзаларды нервтендіреді. Мысалы: асқазанның, бауырдың, бүйректің және т.с.с. басқа да ішкі ағзалардың қызметі адам санасы арқылы басқарылмайды. Бірақ, бұл автономдық салыстырмалы түрде ғана болады, себебі олардың қызметі ми қыртысы арқылы реттеліп отырады. Оған дәлел, жоғарыда (нерв жүйесінің қызметі) аталып өткендей, адам ұялғанда - қызарады, қобалжығанда, уайымдағанда - тамыр соғысы жиілеп, қан қысымы көтеріледі және т.с.с. басқа да белгілер пайда болады.

 

            66-сурет. Симпатикалық нерв жүйесінің рефлекстік доғасы.

1- жұлын нервінің артқы түбіршігі; 2 - жұлын түйіні; 3 - жұлынның бүйір мүйізінің аралық – латералды ядросы; 4 - аралық нейронның түйінгедейінгі талшықтары (жұлынның алдыңғы түбіршігінің құрамында өтеді); 5 - жұлын нерві; 6 – ақ дәнекер тармақ; 7 – симпатикалық діңнің түйіні; 8 – сұр дәнекер тармақ; 9 – қозғалтқыш нейронның түйінненкейінгі  талшықтары (жұлын нервінің құрамында өтеді); 10 - қозғалтқыш нейронның түйінненкейінгі талшықтары (ішкі ағзалық нервтің құрамында өтеді); 11 – вегетативтік өрімнің нервтік түйіні; 12 - қозғалтқыш нейронның түйінненкейінгі талшықтары  (ішкі ағзалық нервтердің және тамырлық өрімдердің құрамында өтеді); 13 – қан тамырына баратын түйінненкейінгі талшық; 14 – қан тамыры; 15 – терінің тер бездеріне, шаш бұлшықеттеріне және тамырларына баратын түйінненкейінгі нерв талшықтары.

 

 

Вегетативтік нерв жүйесі бейімділік – қоректік (адаптациялық -трофикалық) қызмет атқарады: сыртқы орта жағдайының өзгеруіне байланысты организмнің де зат алмасу үдерісін өзгертіп,  реттеп отырады. Мысалы, күн ыстықта тер бездерінің қызметі күшейеді, дене қимылы күшейгенде зат алмасу ұлғаяды және т.с.с бейімделу үдерістері қамтамасыз етіледі. Сонымен бұл жүйе барлық ішкі ағзалардың қызметін басқарып (реттеп және үйлестіріп) отырады.

Вегетативтік нерв жүйесі қызметіне және ядроларының орналасуына байланысты симпатикалық және парасимпатикалық бөліктерге бөлінеді.

Сонымен қатар, вегетативтік нерв жүйесінің орталық және шеткі бөлімдері ажыратылады. Орталық бөлімі мидың үш және жұлынның екі бөлігінде орналасады. Осыған байланысты, сомалық нервтер орталық нерв жүйесінен сегментті түрде шықса, вегетативтік нервтер ми мен жұлынның белгілі бір бөліктерінен ғана шығады.

Мида тек парасимпатикалық ядролар:

1. Ортаңғы мида бассүйек нервтерінің III жұбы көзқозғалтқыш нервтің парасимпатикалық ядросы;

2. Көпірде бассүйек нервтерінің VІІ жұбы бет нервінің парасимпатикалық ядросы;

3. Сопақша мида ІХ жұп тіл-жұтқыншақ және Х жұп кезбе нервтерінің парасимпатикалық ядролары орналасады.

Симпатикалық орталық тек жұлында жатады,сонымен қатар жұлында аз көлемде парсимпатикалық ядролар да орналасады.

Симпатикалық және парасимпатикалық орталықтардың (ядролардың) қызметтерін басқарып, үйлестіріп отыратын жоғары вегетативтік орталықтар бар. Оларға гипоталамус, мишық, торлы құрылым, лимбикалық жүйе, негіздік(базалды) ядролар және үлкен ми қыртысы жатады. Осылардың ішіндегі ең көлемді және маңызды қызметті гипоталамус атқарады. Ол симпатикалық және парасимпатикалық бөліктерді үйлестіре отырып, эндокриндік бездердің қызметін реттеп, олар арқылы организмдегі зат алмасу үдерісін басқарады.

Мишық, торлы құрылым, лимбикалық жүйе және ми қыртысы сомалық және вегетативтік қызметтерді өзара үйлестіре отырып,ішкі орта тұрақтылығын (гомеостазды) қамтамасыз етеді.

Вегетативтік нерв жүйесінің шеткі бөлігіне бассүйек және жұлын нервтерінің құрамында шығатын вегетативтік нервтер және олар түзетін вегетативтік өрімдер жатады.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.