Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Иық өрімінің ұзын тармақтары



Иық өрімінің ұзын тармақтары

    Иық өрімінің ұзын тармақтары иық өрімінің - латералды, медиалды және артқы будаларынан кетеді.

1.Бұлшықет-терілік нерв n. musculocutaneus  (CV-CVIII), иық өрімінің латералды будасынан кетеді, құстұмсық-иық бұлшықетін, m.coracobrachialis, тесіп өтіп, иық бұлшықеті,m. brachialis, пен иықтың екі басты бұлшықеті, m. biceps brachii,аралығында орналасады.Ол осы бұлшықеттерді және шынтақ буынының қапшығын нервтендіреді. Нерв иықтың төменгі латералды бөлігінің шандырын тесіп шығады да білекке өтіп,білектің латералды терілік нервісіне, n.cutaneus antebrachii lateralis,  жалғасады (54-сурет). Нерв білек пен бас бармақтың алдыңғы латералды бетінің терісін нервтендіреді.

55 – сурет. Білектің алдыңғы жағының нервтері. 1 – орталық нерв; 2 – шынтақ жілік нерві; 3 – кәрі жілік нервінің беткей тамағы;        4 – кәрі жілік нервінің терең тармағы; 5 – кәрі жілік нерві; 6 – иық артериясы.  

54 – сурет.  Қолдың алдыңғы бетінің терілік нервтері

1 – иықтың терілік медиалды нерві; 2 – білектің терілік медиалды нерві; 3 – шынтақ жілік нервінің беткей тармағы; 4 – саусақтардың алақандық меншікті нервтері (шынтақ жілік нервінен );  5 - саусақтардың алақандық меншікті нервтері ( орталық нервтен ); 6 – кәрі жілік нервінің беткей тармағы; 7 – білектің терілік латералды нерві ( бұлшықет – терілік нервтің жалғасы); 8 – иықтың терілік жоғарғы латералды нерві (қолтық нервінен).

    2.Орталық нерв, n.medianus,V VIII,-thI),   медиалды және латералды будалардан кететін, қолтық артериясын екі жағынан айналып өтіп, оның алдыңғы бетінде қосылатын медиалды және латералды түбіршіктерден құралған. Қолтық шұңқырынан төмен жүріп иықтың медиалды жүлгесінде, иық артериясының латералды жағында орналасады. Иықтың ортаңғы бөлігінде нерв иық артериясының медиалды жағына өтеді. Иықта n.medianus, тармақтар бермейді. Шынтақ шұңқырында нерв, иық артериясымен бірге, иықтың екібасты бұлшықетінің апоневрозының астымен өтеді (55-сурет). Білекте, орталық нерв саусақтарды бүгетін беткей бұлшықет,m. flexor digitorum superficialis, пен саусақтарды бүгетін терең бұлшықет, m. flexor digitorum profundus, екеуініңаралығында  орналасады. Білектің төменгі бөлігінде нерв орталық жүлге,sulcus medianus,арқылы жүреді де алақанға өтеді. Білекте ол өзінің бұлщықеттік тармақтары, rr.musculares, арқылы білектің алдыңғы бетінде орналасқан білезікті бүгетін шынтақ жіліктік бұлшықет, m.flexor carpi ulnaris , пен саусақтарды бүгетін терең бұлшықеттің, m. flexor digitorum profundus, медиалды бөлігінен басқа бұлшықеттерді нервтендіреді.    Атап айтқанда, пронаторлық дөңгелек бұлшықетті, m.pronator teres;саусақтарды бүгетін беткей бұлшықетті, m.flexor digitorum superficialis; саусақтарды бүгетін терең бұлщықеттің, m.flexor digitorum profundus, латералды бөлігін; білезікті бүгетін кәрі жіліктік бұлщықетті, m.flexor capi radialis; білезікті бүгетін шынтақ жіліктік бұлшықетті, m.flexor carpi ulnaris; алақандық ұзын бұлщықетті , m.palmaris longus;бас бармақты бүгетін ұзын бұлшықетті , m.flexor policis longus, және пронаторлық шаршы бұлшықетті, m.pronator quadratus, нервтендіреді.

   Орталық нервтен сүйекаралық жарғақтың алдыңғы бетінде, алдыңғы сүйекаралық артериямен бірге жүретін - сүйекаралық алдыңғы нерв,n.interosseus anterior, кетеді. Бұл нерв білектің алдыңғы бетіндегі терең орналасқан саусақтарды бүгетін терең бұлшықеттің латералды бөлігін, бас бармақты бүгетін ұзын бұлшықетті және пронаторлық шаршы бұлшықетті нервтендіреді.Білектің төменгі бөлігінде орталық нервтен жіңішке,алақандық тармақ r.palmaris n.mediani, кетеді. Бұл тармақ, бас бармақ томпағының және алақанның терісін нервтендіреді. Орталық нерв саусақтарды бүгетін бұлшықеттер сіңірлерімен бірге білезік өзегі, canalis carpalis, арқылы алақанға өтеді де үш саусақтардың  алақандық жалпы нервтеріне, nn.digitales palmares communes, бөлінеді.Алақанда бұл нерв бірінші,екінші және үшінші алақан сүйектер аралықтарын бойлай жүріп, алақанның беткей артериялық доғасының астында орналасады. Бірінші, саусақтардың алақандық жалпы  нерві бас бармақ томпағындағы бас бармақты әкететін қысқа бұлшықетті, m.abductor pollicis brevis; бас бармақты бүгетін бұлшықеттің, m.flexor pollicis brevis, беткей басын; бас бармақты қарама қарсы қоятын бұлшықетті, m.opponens pollicis, және бірінші құрттәрізді бұлшықетті, m.lumbricalis prima, нервтендіреді де, үш  сезімтал тармаққа: саусақтардың алақандық  меншікті нервтеріне, nn.digitales palmares proprii, бөлінеді. Олар бас бармақтың латералды, медиалды жақтарын және сұқ саусақтың латералды ( кәрі жіліктік) бетін нервтендіреді. Екінші және үшінші, саусақтардың алақандық жалпы нервтерінің әрқайсысы өз алдына екі  саусақтардың алақандық меншікті нервтеріне бөлінеді (56-сурет). Олар сәйкес екінші, кейде үшінші құрттәрізді бұлшықеттерді , II,III және IV саусақтардың бір-біріне қараған беттерінің терісін , II және III саусақтардың дисталды және ортаңғы бунақтарының артқы  беттерінің терісін нервтендіреді(57-сурет). Саусақтардың алақандық жалпы және меншікті нервтері сонымен қатар алақанның кәрі жіліктік бөлігіндегі терісін  нервтендіреді. Сонымен, орталық нерв үш жарым саусақтың терісін нервтендіреді және  шынтақ, кәрі жілік-білезік буындары  мен  I-IV саусақтардың буындарын нервтендіреді.

3. Шынтақ жілік нерві, n. ulnaris, иық өрімінің медиалды  будасынан (СVII-ThI) шығып, иық артериясының медиалды жағымен жүреді. Иықта тармақтар бермейді. Иықтың ортасында, нерв медиалды жаққа жүріп, медиалды бұлшықетаралық қалқаны тесіп өтеді де, медиалды айдаршықүстінің артқы бетіндегі sulcus nervi ulnaris -те орналасады. Бұл жерде нерв тері астында беткей жатады, сондықтан осы аймақты жеңіл-желпі соғып алған кезде, жедел шаншу сезімі пайда болады. Одан кейін нерв білектің шынтақтық жүлгесіне, sulcus ulnaris, өтіп аттас артерия және веналармен қатар жүреді. Білекте шынтақ жілік нерві  білезікті жазатын шынтақ жіліктік бұлшықетті, m. flexor carpi ulnaris, және саусақтарды бүгетін терең бұлшықеттің, m.flexor digitorium profundus, медиалды бөлігін нервтендіреді.

Білектің төменгі үштен бірінде шынтақ нерві өзінің соңғы тармақтарына: артқы тармағы, r.dorsalis n.ulnaris,  және алақандық тармағына, r.palmaris n.ulnaris, бөлінеді. Алақандық тармақ шынтақ жілік нервінің тікелей жалғасы болып табылады, ол шынтақ жілік артериясымен бірге жүріп бүккіштер ұстағышындағы, retinaculum flexorum, білезіктің шынтақ жіліктік өзегі, canalis carpi ulnaris (BNA), арқылы алақанға өтіп, алақандық қысқа бұлшықеттің астында беткей тармаққа, r.superficialis, және терең тармаққа, r.profundus, бөлінеді. Беткей тармақ алақандық қысқа бұлшықетті, m.palmaris brevis, нервтендіреді. Одан саусақтың алақандық меншікті нерві, n.digitalis palmaris proprius, пен саусақтардың алақандық жалпы нерві, n.digitalis palmaris communis, кетеді.Олардың біріншісі шынашақтың медиалды жиегінің терісін нервтендіреді. Ал, екіншісі шынашақ пен IV (атаусыз) саусақтың бір-біріне қараған беттерінің терісін нервтендіретін екі саусақтардың алақандық меншікті нервтеріне, nn.digitalis palmares proprii, бөлінеді. Сонымен қатар бұл нерв IV саусақтың ортаңғы және дисталды бунақтарының артқы бетінің терісін нервтендіреді.

  Шынтақ жілік нервінің терең тармағы алақандық артериялық терең доғаның қасында орналасып, гипотенардың барлық бұлшықеттерін : шынашақты әкететін бұлшықетті, m.abductor digiti minimi, шынашақты бүгетін қысқа бұлшықетті, m. flexor digiti minimi brevis, шынашақты қарсы қоятын бұлшықетті, m.opponeus digiti minimi , барлық сүйектераралық бұлшықеттерді, mm. interossei, үшінші, төртінші құрттәрізді бұлшықеттерді, mm. lumbricales, сонымен қатар бас бармақты әкелетін бұлшықет, m. adductor pollicis, пен бас бармақты бүгетін бұлшықеттің, m. flexor pollicis brevis, терең басын  және қол басының буындарын нервтендіреді.

  Шынтақ жілік нервінің артқы тармағы білезікті бүгетін шынтақ жіліктік бұлшықеттің, m. flexor carpi ulnaris, сіңірі мен  шынтақ жіліктің арасынан өтіп, қол басының артына шығып қол басының шынтақ жіліктік бөлігінің терісін және екі жарым саусақтың артқы бетінің терісін нервтендіреді. Олар саусақтардың артқы нервтері, nn. digitales dorsales, деп аталады да: III саусақтың проксималды бунағының терісінің медиалды жағын ; IV саусақтың проксималды бунағының, ортаңғы және дисталды бунақтарының артқы бетінің медиалды  жағын ;V саусақтың артқы бетінің терісін түгел нервтендіреді.

  Иықтың медиалды терілік нерві, n.cutaneus brachii medialis, ( - ), иық өрімінің медиалды будасынан басталып, иық артериясының алдыңғы, одан кейін медиалды жағында орналасады. Ол, 2-3 тармақтарға бөлініп иық шандырын тесіп өтеді де иықтың медиалды бетінің терісін шынтақ буынына дейін нервтендіреді. Бұл нерв қолтықта II кейде III қабырғааралық нервтердің латералды терілік тармақтарымен қосылып, қабырғааралық – иық нервтерін, nn. intercostobrachiales, құрайды. Олар қолтықтың терісін нервтендіреді.

57 – сурет. Қол басы терісін шынтақ жілік ( U ), орталық       ( M ) және кәрі жілік (R) нервтерінің нервтендіру аймақтары.
56 – сурет. Алақан нервтері. 1 – орталық нерв; 2 – шынтақ жілік нерві; 3 – шынтақ жілік нервінің беткей тармағы; 4 - шынтақ жілік нервінің терең тармағы; 5 – саусақтардың алақандық жалпы нервтері; 6 - саусақтардың алақандық меншікті нервтері.    

 Білектің медиалды терілік нерві, n.cutaneus antebrachii medialis, иық өрімінің медиалды будасынан басталып ( - ), иық артериясының жанында орналасады. Иықта осы артерия және  орталық нервпен бірге төмен түседі де v. basilica-ның иық шандырын тесіп, иыққа өтетін жерінде нерв - шандыр астынан шығып, білектің алдыңғы медиалды бетінің терісін нервтендіреді.

 Кәрі жілік нерві, n.radialis, иық өрімінің  ( - ) артқы будасынан басталып, қолтық артериясының артында орналасады. Қолтықта кәрі жілік нервінен иықтың артқы терілік нерві, n.cutaneus brachii posterior, кетеді. Ол артқа жүріп, делтатәрізді бұлшықеттің сіңірі деңгейінде иық шандырын тесіп өтеді де, иықтың артқы латералды бетінің терісін нервтендіреді.  Кәрі жілік нерві иықтың терең артериясымен бірге тоқпан жіліктің артқы жағында орналасқан кәрі жілік нервінің өзегі арқылы өтіп, иықтың төменгі бөлігінің латералды жағында аталған өзектен а.collateralis radialis - пен бірге шығады. Нерв алдыға жүріп  -  латералды бұлшықетаралық қалқаны тесіп өтіп -  иық және иық-кәрі жілік бұлшықеттерінің аралығынан шығады. Шынтақ буынның деңгейінде кәрі жілік нерві беткей және терең тармақтарға бөлінеді.    Кәрі жілік нерві иықтың артқы бетіндегі бұлшықеттерді:  иықтың үш басты бұлшықетін, m.triceps brahii, мен шынтақ бұлшықетін, m.anconeus, және иық буынын нервтендіреді. Сонымен қатар осы жерден білектің иық-кәрі жілік бұлшықетін, m.brachioradialis, және білезікті бүгетін кәрі жіліктік ұзын бұлшықетті, m.exstensor carpi radialis longus, нервтендіретін  rr.muscularеs, кетеді. Иықтың кәрі жілік нерві өзегінде, кәрі жілік нервінен білектің терілік артқы нерві, n. cutaneus antebrachii posterior, кетеді. Ол иық – кәрі жілік  бұлшықетінің, m.brachioradialis, латералды жиегінде иық шандырын тесіп өтеді де, білектің артқы бетінің терісін нервтендіреді.   Осы аймақта кәрі жілік нервінен кететін иықтың терілік латералды төменгі нерві, n.cutaneus brachii lateralis inferior, иықтың төменгі бөлігінің латералды бетін нервтендіреді.

 Кәрі жілік нервінің беткей тармағы, ramus superficialis  n.radialis,  төмен жүріп,білектегі кәрі жілік жүлгесінде, кәрі жілік артериясының латералды жағында орналасады. Білектің төменгі үштен бір бөлігінде, ол  иық – кәрі жілік бұлшықеті мен кәрі жілік аралығы арқылы, білектің сыртқы бетіне өтеді де, бес – саусақтардың артқы (сыртқы) нервтеріне, nn.digitales dorsales, бөлінеді. Олар қол басының артқы бетінің кәрі жіліктік бөлігін және екі жарым саусақты нервтендіреді. Атап айтқанда бас бармақтың екі жағы мен артқы бетін нервтендіреді. Сұқ саусақтың проксималды бунағының екі жағы мен артқы бетін; атаусыз саусақтың проксималды бунағының артқы бетінің кәрі жіліктік бөлігін нервтендіреді.

Кәрі жілік нервінің терең тармағы, r. profundus n.radialis,супинациялық бұлшықет арқылы өтеді де кәрі жілік мойнын латералды жағынан айналып, білектің артқы бетіне шығады.Нерв білектің артқы бетіндегі барлық бұлшықеттерді нервтендіреді. Атап айтқанда: білезікті жазатын кәрі жіліктік қысқа бұлшықетті, m.extensor carpi radialis brevis, саусақтарды жазатын бұлшықетті, m.extensor digitorum, шынашақты жазатын бұлшықетті,m.extensor digiti minimi, білезікті жазатын шынтақ жіліктік бұлшықетті, m.extensor carpi ulnaris, супинациялық бұлшықетті, m.supinatorius, бас бармақты әкететін ұзын бұлшықетті, m.abductor pollicis longus, бас бармақты жазатын қысқа бұлшықетті, m.extensor policis brevis,  бас бармақты жазатын ұзын бұлшықетті, m.extensor pollicis longus, және сұқ саусақты жазатын бұлшықетті, m.extensor indicis, нервтендіреді.                        Сонымен, n.radialis иық пен білектің барлық артқы бұлшықеттерін және иық-кәрі жілік бұлшықетін, m.brachioradialis, нервтендіреді. Терең тармақтың жалғасы артқы сүйекаралық нерв, n.interosseus posterior,  артқы сүйекаралық артерияның қасында орналасып, білектің артқы бетінің терең бұлшықеттерін және білезік, білезік-алақан сүйектері буындарын, бунақаралық буындарды нервтендіреді.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.