|
|||
Тақырыбы: XI-XV ғғ. Батыс Еуропадағы халықаралық қатынастардың дамуы.№20-лекция Тақырыбы: XI-XV ғғ. Батыс Еуропадағы халықаралық қатынастардың дамуы. Жоспары: 1. XI-XV ғғ. кезеңіндегі халықаралық қатынастардың сипаты. 2. Халықаралық байланыстардың өріс алуы. Шығыстың Батысқа тигізген ықпалы. 3. Монгол шабуылы. Батыс Еуропа және Русь. XIV-XV ғғ. халықаралық аренадағы күштердің арақатынастарының өзгеруі. 4. Неміс агрессиясына қарсы Польша және басқа да славян халықтары күресінің халықаралық маңызы. 5. XIV ғғ. Чехия. Әлеуметтік, діни және ұлттық қайшылықтардың өршуі. Гусшілер соғысы және оның халықаралық маңызы. Лекция мәтіні. 1. Алғашқы орта ғасырлар кезеңіне қарағанда XI-XV ғғ. Еуропада әр түрлі елдер айтарлықтай берік эканомикалық, саяси, және мәдени қарым-қатынастар біртіндеп орнай бастады, бұл қарым-қатынастар дау-жанжалдардың, соғыстардың салдарынан әрдайым үзіліп қалып отырғанына қарамастан қалпына келіп, одан әрі дамып жатты. XI-XV ғғ. ішінде Еуропада халықаралық қатынастардың белгілі бір жүйесі қалыптасты дегенмен бұл кезеңде халықаралық қатынастар әлі де тұрақты сипат ала қоймаған болатын. Тұрақты елшілер мен дипламатиялық елшіліктер жоқ болатын, әлі де халықаралық құқықтың қалыптаспаған кезі еді. Осы кезеңдегі халықаралық қатынастардың дамуында мыналар шешуші фактор болды: 1) феодалдыққа өту процесінің аяқталуына, өндіргіш күштің өсуіне, қалалардың пайда болуына, әсіресе халықаралық және мемлекеттердің өзара жақындасуына себеп болған ішкі және сыртқы сауданың кеңеюіне байланысты. Еуропада экономика өсті. Екінші жағынан, сыртқы сауда көп жағдайларда сауда бекінісінен өршіген олардың өз ара қарама-қайшылығын туғызатын, ал бұл қайшылықтар кей кездерде ұрыс-жанжалдар, тіпті соғыстарға апарып соқтыратын. 2) экономиканың өсуі, оған байланысты шаруашылықтардағы өзгерістер. Осының салдарынан Еуропаның өз іші де және одан тысқары жерлер де сан алуан соғыстарға ұшырады (Мысалы: крест жорықтарын, Неміс феодалдарының Италияға қарсы жорықтарын). 3) көптеген Батыс Еуропа елдері феодалдық қоғамның саяси өмірінде бір орталыққа бағыну тенденциясының Артур король өкіметінің күшеюі, сөйтіп феодалдық бытыранқылықтың біртіндеп жойыла бастауы. Еуропада халықаралық қатынастардың дамуына халықтардың құралу процесі мен ұлттық мемлекеттердің қалыптасу процесінің басталуы үлкен әсер етті. Бұған сыртқы факторларда, алдымен шығыс тайпалары мен халықтарының қозғалысы, ХІ ғғ. - Кіші Азия мен Шығыс Жерорта теңізінде түрік-сельджүктердің жаулап алғандары және т.б. әжептеуір ықпал етті. 2) тек қана Еуропа елдерінің емес, тіпті Батыс елдері мен Шығыс елдерінің арасындағы экономикалық саяси және мәдени қатынастардың ХІ-ХІІІ ғғ. өсіп, нығаюы Батыс елдер мен шығыс елдерінің ішкі әлеуметтік-экономикалық дамуына арқау болды. Халықаралық қатынастардың дамуына крест жорықтарының да белгілі әсері тиді. Осы кезде Батыс Еуропа мен Шығыстың арасында тауар алмасу ісі едәуір өсті. ХІІ-ХІІІ ғғ. Жерорта теңізі саудасында Барселона, Марсель, әсіресе крест жорықтары кезінде Шығыс Жерорта теңізінде өздерінің факторияларын құрып алып, Араб және Византия көпестерін ығыстырған итальяндық республика - қалалар Венеция, Генуя, Пиза үлкен рөл атқарды. Шығыспен жүргізілген экономикалық, дипламатиялық және мәдени қатынастары, оның ішінде саяси, діни және сауда мәселелерін жүргізу мақсатымен еуропалықтардың Шығыс елдеріне ұйымдастырған саяхаты, тауар қолөнер кәсібі және егін шаруашылығы өнімдерін алмастыру, Батысқа төтенше жақсы нәтиже берді. Шығыс елдерінен еуропалықтар бұрын өздерінде болмаған кейбір ауыл шаруашылық дақылдарын: күріш, қара құмық, лимон, шабдалы тұқымдарын алып өсірді. Сириядан Еуропаға алып келінген қамыс қант ХІІ ғғ. бастап тағамдар қатарына қосыла бастады. Шығыс мәдениетінің ықпалы және Шығыс халықтарының табыстарының үлгілері Батыс Еуропаға тек крестшілер арқылы Шығыс Жерорта теңізі елдерінен ғана келіп қоймай, олар арабтың Сицилиясы арқылы да, Испаниядағы арабтар арқылы да келіп жатты. 3) Батыс Еуропа феодалдары өзінің Сирия мен Палестинадағы тұрақсыз жағдайын үсті-үстіне крест жорықтарын ұйымдастырып, дәрменсіз нығаюға тырысып жатса, Орталық Еуропаға қаһарлы монғол басқыншылары қаупі төнді. 1237-1240 жылдары орыс жерін жаулап алған Бату ханның қалың қолы 1241 жылдың көктемінде Полша мен Венгрияға бет бұрды. Негізі поляк неміс отрядтарынан құралған қалың әскер Силезиядағы Лигница қаласының түбінде татар-монғол шапқыншылықтарына тойтарыс беруге әрекет жасады. Сондай-ақ құрамында 60 мың адамы бар Венгр әскері де талқандалынды. Татар- монғол отрядтарының алдыңғы шебі Адриатикаға дейін жетті. Крест жорықтарынан және мемлекет аралығындағы дау-жанжалдардан әлсіреген Батыс Еуропа төніп келе жатқан қаһарлы қорқыныш алдында дәрменсіз еді. Бірақ күтпеген жерде, татар-монғол басқыншылары Шығысқа бет алды да, Қара теңіз жағалауы мен Волга сыртындағы жазыққа тартып тұрды. Мұндай өзгерістің негізгі себебін алдымен Русьтың үш жылдан астамға созылған қаһарман шайқасы деп түсіндіруге болады. Татар-монғол басқыншылары Батыс Еуропадағы қауіп туғызып тұрған кезеңнің өзінде, Рим папасының қолдауымен, неміс рыцарлары Швеция, Норвегия және Даниямен одақтасып алып, орыс князьдерінің басына түскен қиын-қыстау жағдайды өз пайдаларына шешпекші болды. Олар Солтүстік Батыс Руське қарсы крест жорығын ұйымдастырды (1240). Папалықтың Руське жасамақшы арамза рөлін, оның татар-монғолдармен одақ құруға тырысқан әрекетінен айқын көруге болады. XIV-XV ғғ. халықаралық майдандағы күштердің ара қатынастары бірсыпыра өзгерді. Гогенштауфендер күйреуге ұшырағаннан кейін (1254) орнаған патша аралық кезеңде Герман империясы терең саяси құлдырау жағдайында болып, халықаралық саясатта ешбір белгілі рөл атқарудан қалды. ХІІІ ғғ. аяқ кезінде, XIV ғғ. бас кезінде папалықтың да саяси құдыреттілігі бәсеңдеді. Халықаралық саясаттың негізгі салмағы ауысты. Енді қатынастар мен қақтығысуларда басшы орынды бір орталыққа бағына бастаған Англия, Франция, және Испания тағы басқа сол сияқты батыс еуропалық мемлекеттер ала бастады. Батыстағы феодалдық монахтардың саяси бірігуінің аяқталу және нығаю процесі шиеленіскен мемлекетаралық қақтығысуларды туғызып отырды. Сондай қақтығыстардың ішінде ең ірісі Франция мен Англия арасында болған (1337-1453) жүз жылдық соғыс еді. Еуропа тарихында славян халықтарының неміс агрессиясына қарсы күресінің үлкен маңызы бар. Неміс агрессиясына тойтарыс беруде Польша маңызды рөл атқарды. Неміс феодалдарының славян жеріне жасаған агрессиясы ХІІ ғғ. күшейе бастады. ХІІ ғғ. 60-70 жж. немістер полаб-балтық теңізі жағалауындағы славян жерлерін басып алды. Осыдан кейін Батыс теңіз жағалауы Герман империясына тәуелді болды. Ал ХІІІ ғғ. 30 жж. ортасында Тевтондық орден 1237 ж. семсершілер орденімен бірігіп алып Польшаға қарсы қарақшылық шабуылын бастады. Олар шабуылын Балтық теңізі жағалауындағы территорияға жасады. XIV ғғ. басында Тевтон ордені Польшаның Шығыс теңіз жағалауы мен Гданьскіні басып алды. Немістердің Польшаны жаулап алу қауіпі төнгеннен соң, елде тәуелсіздікті сақтап қалу, Польша жерлерін біріктіру ісі мейлінше күшейе түсті. Кіші және ұлы Польшаны біртұтас Польша мемлекеті етіп біріктірген князь Владислав Локетек, 1320 жылы Краковте корольдік таққа отырды. Бірақ Шығыс теңіз жағалауы Тевтон орденінің қармағында болды. Польша корольдігінің құрамына Польшаның басқа жерлері де кірмей қалды. Немістердің шабуылына қарсы жүргізілген күрес Польшаны көршілес, құрамында украиндардың, беларустардың және орыстардың кейбір жерлері бар, Литвамен жақындастырды, сөйтіп 1385 жылы олардың үндестігі құрылды. Бірлескен Польша-Литва мемлекеті 1409 жылы Тевтон орденіне қарсы “Ұлы соғысқа” кірісіп кетті. Шешуші шайқас 1410 жылдың 15 шілдесінде Грюнвальд түбінде болды. Шайқас Тевтон ордені әскерлерінің толық талқандалуымен аяқталды. Орден жойылмағанмен оның күші күйреді. 1411 жылы жасалған бірінші Торунь бейбітшілік келісімі бойынша, орден Балтық теңізі жағалауындағы жерлерден бас тартып, көптеген соғыс шығынын төлемек болды. 1466 жылғы Торунь бейбітшілік келісімі Тевтон орденін Польшаға тәуелді болуға және Шығыс теңіз жағалауы мен Гданскіні және тағы басқа да польяктардың байырғы жерлерін қайтарып беруге мәжбүр болды. Грюнвальд шайқасының халықаралық маңызының ерекшелігі соншалық, Герман феодалдарының Шығысқа көз алартуына көп уақытқа дейін тыйым салды. 4) ХІІІ ғғ. бастап халықаралық қатынастарда Чехия үлкен рөл атқарды. Еуропаның әлеуметтік және саяси тарихында оның беделі XIV-XV ғғ. тез өсе бастады. Чехия Герман империясының құрамында есептелінгенмен шын мәнінде ол ХІІ ғғ. ортасынан бастап дербес мемлекет болатын. Өздерін көзге ғана Герман императорына тәуелдіміз деп санайтын, ал кейде тіпті Чех корольдері Чехияда болып жатқан неміс ықпалына қарсылық жасамай оларды қолдап отыратын, бұның өзі келе-келе елде әлеуметтік, саяси және діни қайшылықтарды туғызды, Чехия Герман империясымен ауыр қақтығысуларға жолықты. ХІV ғғ. ортасында Чехияда әлеуметтік қайшылықтар шиеленісе түсті. Тауар-ақша қатынастарының дамуын, шаруашылығын жаңа жағдайға икемдеп жүргізе алмаған көптеген ұсақ және орташа феодалдарды азып-тоздырды. Тірі феодалдар өз меншігін шаруалар мен кедейленген дворяндар есебін ұлғайтуға тырысты. Халықтарының басым көпшілігі бюргерлерден-қолөнершілерден, ұсақ және орташа саудагерлерден, демек негізінен чехтардан тұратын қалаларда, бар байлыққа иелік еткен ат төбелінбей қаланың жоғары топтары оның ішінде немістер қалалар ішіндегі қайшылықтарды үдете түсті. Төменгі топқа жататын қала кедейлерінің көпшілігі чехтар еді. Қалалардағы әлеуметтік күрес көбінесе чех бюргерлігі мен плебсінің неміс патрициаты озбырлығына қарсы сипатта болып отырды. Сөйтіп көп жағдайларда қалалардағы әлеуметтік қайшылықтар ұлттық қайшылықтармен қабаттасып жатты. Папалықтың саясаты бүкіл чехтардың наразылығын туғызды. Шіркеу алым-салықтарының көбеюі, чех шіркеуінің папаға бағыныштылығы қатты наразылық туғызды. Неміс католик басшыларының жасаған қиянатына қарсы жүргізілген күрес, әр түрлі әлеуметтік сатыдағы адамдары - бюргерлікті, шаруаларды, қала мен деревнялардың плебейлерін, әсіресе ұсақ және орташа феодалдарды, біріктірген кең қоғамдық қозғалысқа айналды. Бұл қозғалысқа басшылық еткен Прага университетінің профессоры Ян Гус еді (1369-1415 жылдар мөлшерінде). Ол католик дін басшыларының кесірлік істерін әшкереледі, шіркеу байлығына қарсы шығып, шіркеу мүлкін секуляризациялауды талап етті. Гус католик шіркеуінің папа Иса пайғамбардың жердегі елшісі деген қағидаларын жоққа шығарды. Римге бағынбайтын чехтардың ұлттық шіркеуін құруды мақұл деп санады. Гус қарапайым халыққа жаны аши уағыздады. Ол өз шығармаларын чех тілінде жазды, сол тілдің граматикасын жасады, чех тіліне Інжілді аударды. Католик шіркеуі неміс дін иелері Гуске қарсы қиян-кесті күрес жүргізді. Ең әуелі ол дінсіз ретінде шіркеуден аластатылды, сөйтіп Прагадан көшіп кетпекші еді (1412) бірақ біраз уақыт өткеннен соң оны папа Констанц қаласындағы шіркеу соборына шақырып алды. Осы жерде Густі өзінің нанымы үшін еретик деп тауып соттап, 1415 жылдың 6 шілдесі күні отқа өртеп жіберді. Густың қазасы Чехияда адам айтқысыз, ашу-ыза туғызып, оның идеяларының одан әрі кең тарауына мүмкіндік берді. Католик шіркеуімен күреске бүкіл Чех халқының барлық топтары көтерілді. 1419 жылы Чехияда гусшілердің соғысы басталды. Бүкіл Чехия екі лагерьге – феодалдар-католиктер және гусшілерге бөлініп алды. Бірінші лагерьге жоғары дін иелері, чехтардың ірі-ірі феодалдары - пандары және төменгі дваряндар жатты, екіншісіне - шаруалар, қала қолөнершілері, ұсақ және орташа саудагерлер, жалдамалы жұмысшылар, орташа және төменгі дін иелері жатты. Чехияда гусшілер қозғалысы 1420 жылы Рим папасының гусші-еретиктеріне қарсы крест жорығын жариялауға мәжбүр етті. 1420-1431 жылдары папа және Герман императоры гусшілерге қарсы бес рет крест жорығын ұйымдастырды, бірақ солардың барлығы да кресшілердің жеңілуімен аяқталды. Гусшілер қозғалысына тіпті Чехиядан алыс жатқан басқа да көптеген елдер (Англияда, Францияда, Испанияда), сондай-ақ Балкан түбегіндегі славян елдері, Византия т.б. үн қосты. Гусшілер қозғалысының үлкен халықаралық маңызы болды. Бұл орта ғасырлық Еуропадағы ең қуатты антифеодалдық қозғалыстардың бірі болды.
|
|||
|