|
|||
Мамықты-үлпек жүнді мал, жануарлар терілерінің жүн жабындысының және тері ұлпасының өзгергіштігі3.6 Мамықты-үлпек жүнді мал, жануарлар терілерінің жүн жабындысының және тері ұлпасының өзгергіштігі Сабақтың мақсаты. Мамықты-үлпек жүнді терілерінің жүн жабындысының және тері ұлпасының өзгергіштігі.
Жануарлар терісінің тауарлық қасиеті әртүрлі жануарлармен қатар бір түрлі жануарларда да өзара айырмашылықта болады. Мұндай айырмашылықтың негізі жүн мен тері жабынының биологиялық ерекшелігі, сондай-ақ сыртқы орта әсерінен болатын өзгерістерге байланысты. Мамықты және үлпек жүнді жануарлардың жүн жабынының биологиялық өзгергіштігі ең әуелі олардың мекен еткен ортасына, сондай-ақ тіршілік еткен географиялық ауданына (географиялық өзгеріс), жыл мезгіліне (мезгілдік өзгеріс), жынысына (жыныстық өзгеріс), жасына (жастық өзгеріс) және жеке бастың ерекшеліктеріне байланысты болады. Үй жануарлары жүн жабынының өзгеруіне олардың тұқымы, жемдеу, бағып-күту жағайлары айтарлықтай әсер етеді. Мекен еткен ортадан болатын өзгергіштік. Жануарлардың мекен еткен ортасы мамық жүнді аңдардың жүн жабынының құрылысы мен қасиетінің қалыптасуына көптеп әсер етеді. Жануарлардың мекен ету ортасы жер үсті, жер асты және жер-су (қос мекенді) болып бөлінеді. Жер үстінде тіршілік ететін мамық жүнді аңдардың (бұлғын, түлкі, сусар, қара түлкі т.б.) жүн жабыны аса үлпілдек, денесінің жекелеген бөліктерінде мамықтану деңгейі бойынша көп айырмашылықта болып келеді. Олардың жон арқасы, жаясы мен бүйірі жақсы мамықтанған, ал іш жағының (қарын бөлігі) мамықтануы нашар. Жер үсті аңдарының жүн талшығының өзекшесі үлкен (50-94%). Тері жабыны жон арқасы мен жаяда ең қалың, бүйірде жұқалау, ең жұқасы бауырында. Жер астында тіршілік ететін, яғни өмірінің көп уақытын жер астында өткізетін жәндіктердің жүн жабыны қысқа, қою, топографиясы бойынша біркелкі болып келеді. Бағыттаушы және қылшық жүндер түбіттен аздап қана ұзын, жүн жабынының түсі біркелкі. Тері жабыны бауырында жон арқадан қалыңырақ. Жер-суда өмір сүретін (қос мекенді) мамық жүнді аңдардың (камшат, қара күзен, құндыз, ондатр, теңіз мысығы) жүндері аласа, жон арқа мен бауыр жүндері бірдей жақсы мамықтанған. Бұлардың жабын жүндері өте ұзын, нығыз пішінді. Жүннің өзекшесі жүн талшығы жуандығының 50%-нан төмен. Мамықтың түсі біркелкі. Жемдеу, бағып-күту жағдайынан болатын өзгерістер. Жемнің жеткіліксіз болуы жануарлардың тері және жүн жабынының өсіп, жетілуіне кері әсер етеді:мамығы нашар,терісі босаң болуына себепкер болады. Мысалы орманда тіршілік ететін тиін терісінің сапасы сол жылғы самырсын жаңғағының өнім көлеміне (түсіміне) тікелей байланысты,яғни жаңғақ көп болса тері сапалы болмақ. Аң шаруашылығы тәжірибесінде жемдеу мәселесіне үлкен мән беріледі. Терінің жүн жабыны жақсы болу үшін жануарға май, фосфор, дәрумендерге бай әртүрлі азық қажет. Жемге кальцилі қоспаларды қосу жүннің өсуіне ықпал етеді. Жануарларды бағып-күту жағдайы да мамықтың тауарлық қасиетіне әсер етеді. Мысалы сыртта ұстаған аң жақсы мамықтанады. Алайда аңдарды тікелей күн көзінде ұзақ уақыт ұстау олардың жүн жабынының түссізденуіне әкеп соғады. Географиялық өзгергіштік. Мамық жүнді терінің сапасы жануардың мекен ететін ауданына көптеп байланысты келеді, яғни географиялық тұрғыда өзгермелі болады. Мысалы солтүстік түлкісі онтүстік түлкісінен үлкен және жақсы мамықтанған. Бір ауданда мекендейтін әртүрлі жануарлардың терісі ұқсас сипатта болады. Географиялық өзгермеліктің жалпы заңдылықтарын қарастыратын болсақ: Бірінші кезекте аң терісінің географиялық өзгерулігі оның тіршілік ету ортасына байланысты. Бұл жайт жер үсті жануарларында нақты байқалады (бұлғын, сусар, тиін, қара түлкі т.б), қос мекенділерде (ондатр, кәмшат, құндыз) азырақ, ал жер асты аңдарында өзгеру үрдісі төмен. Негізгі климаттық факторға қоршаған ортаның температурасы жатады. Ол терінің мөлшері, мамықтануы, жұмсақтығы және жүн жабынының бояуы (түсі) сияқты қасиеттеріне әсер етеді. Әдетте солтүстіктің аңдары оңтүстіктің аңдарынан үлкен. «Климаттық интервал» ережесі бойынша қоршаған ортаның температурасы төмендеуінен жануардың денесі үлкейеді. Бұл жануар ағзасының жылу реттеу механизмімен түсіндіріледі,яғни жануардың денесі неғұрлым үлкен болған сайын денеде жылу энергиясы соғұрлым көп өндіріледі де оның салыстырмалы шығыны аз болады. Жануардың әрбір түрінің өзінің «климаттық интервалы» болады. Мысалы ақ тиінда ол интервал 12-ден 250С аралығында. Географиялық күрт өзгергіштікке байланысты мамық жүнді аң терілерін түр ішінен кряж (өңірлік түрлерге) бөліп қарастыруға болады. Кряж дегеніміз мекен еткен географиялық өңірлеріне тән тауарлық ерекшеліктерді (белгілерді) өздеріне сақтаған мамық жүнді аңдардың түр ішіндегі жиынтығы. Кряжға көбінесе сол аңның мекен еткен яғни терісі дайындалған географиялық өңірдің аты беріледі, мысалы амур тиіні, якут тиіні, алтай тиіні т.б. Солтүстік аңдарының жүн жабыны қою және жақсы мамықтанған, жүн талшықтары жіңішке әрі жұмсақ. Суық және құрғақ өңірлерде (мысалы якутияда) аңдардың жүн жабыны мамықты, қою, жібектей жылтыр, жұмсақ, жіңішке, терісі нығыз келеді. Күрт ауыспалы, суықтау климатты шөлейт аудандарда (Қазақстан, Орта Азия) тіршілік ететін аңдардың жүн жабынының мамықтылығы, қоюлығы мен жұмсақтығы төмендеу. Суық және ылғалды теңіз климаты жануарлардың жүн жабынын мамықты, айқын өңді, бірақта қатқыл болдырады. Тері жабынының қалыңдығы мен тығыздығы орташа болып келеді. Жылы өңірді мекендейтін жануарлардың жүн жабыны аласа, сирек әрі қаттылау болады. Тері жабыны салыстырмалы түрде қалың және болбыр келеді. Жүн жабынының реңі де географиялық өзгеріске ұшырайды. Солтүстік өңірлердің жәндіктері неғұрлым ашық реңді, орманды өңірлердікі өте қаныққан, далалық және шөлейт өңірлердікі сұрғылт (құм тәрізді) болып келеді. Географиялық фактор теріге де әсер етеді. Жүн жабыны қою боп келетін солтүстіктің терілері оңтүстікке қарағанда жұқа, әрі нығыз болады. Мезгілдік өзгергіштік. Аң терілерінің сапасына оларды аулау мезгілі де әсер етеді. Жүн және тері жабынының жыл мезгілдеріне сай өзгеруі жануар ағзасының сыртқы орта жағдайының өзгеруіне, әсіресе температураның өзгеруі арқылы айқындалады. Мұндай құбылыс жүн жабынының мезгілдік ауысуы (түлеуі) мен тері жабынының қалыңдығы және тығыздығының өзгеруіне байланысты. Түлеудің сипаты мен жиілігі мынадай көптеген факторларға байланысты: жануардың түрі мен жасы, тіршілік (азықтану) жағдайы, температураның мезгілдік өзгеруі т.б. Мамық жүнді терілерді жаздық және қыстық деп бөледі. Жаздық терінің сапасы қыстыкінен төмен. Әдетте жаздық терінің жүні сирек әрі қысқа болатындықтан мамықты бұйымдар жасау үшін сапасы қыстық терілерге жетпейді. Жүн жабыны реңді (пигментті) жануарлардың тері жабыны қыс, жаз мезгілдерінде ақшыл болады. Жүннің өсуі кезінде (көктем, күз) тері жабыны күңгірт (баран) түске енеді. Бұл көрініс терінің жалпы аумағын алып жатуы мүмкін, немесе жекелеген топографиялық бөліктерде орын алады. Бұл жерлерде тері жабыны күңгірттенеді, себебі жаңадан өсіп келе жатқан жүн талшықтарының түбірі жақсы пигменттелгендіктен тері ұлпасының түсін өзгертеді. Бұл көріністі терінің астыңғы жағынан да байқауға болады. Жүн жабыны қаншалықты күңгірт болған сайын тері жасушасының түсі де соншалықты күңгірттенеді. Жүн жабыны ақшыл болса тері жасушасы да ақшыл болады. Жүн жабыны түсінің қалыптасуы аяқталған кезде тері жасушасы да соған ұқсас реңді болып келеді. Терідегі дақтардың пішіні мен түсіне терінің шел жағынан қарап, көру арқылы түлеу барысын, яғни жүн жабынының жай-күйін білуге болады (25-сурет) және осы тәсілмен көптеген мамық жүнді аң терілерінің сұрыпын анықтайды. Сурет 32. Тиін терісінің мезгілдік өзгеруі (түлеуі) Мұндағы: 1,2,3….айлар реті: 1 - қаңтар, 2 - ақпан, 3 - наурыз т.с.с. Жоғарғы (1) сұрыптық терілер желтоқсанның соңғы жартысынан ақпанның бас кезіне дейінгі терілер. Күздің соңы мен ерте көктемдегі терілер 2 - сұрыпқа, қалғандары 3 - сұрыпқа жатқызылады.
Әртүрлі жануарлар терісінің түлеу саны жыл бойына бірдей емес. Көптеген мамық жүнді аңдар (бұлғын, сусар, сасық күзен, қара түлкі, түлкі, қоян, ақкіс т.б) жылына екі рет түлейді. Көктемде қыстық мамық жаздыкімен, ал күзде жазғы мамық қысқымен ауысады. Көртышқан жаз, күз, көктемде түлейді. Қысқы ұйқыға кететін аңдар (сусар, борсық, шұбар тышқан т.б) бір рет түлейді. Олардың түлеуі көктемнен бастап күздің соңына дейін созылады. Жаздық мамық өспейді. Жазда тек қана сиреген, өңсіз, негізінен қылшықтан тұратын қысқы жүн қалады. Түлеу кезінде жүн жабынының ауысуы терінің барлық аумағында бірден жүрілмейді. Жануарлардың әрбір түрі өзіндік топографиялық бөліктердің түлеу кезегімен ерекшеленеді. Кейбір жануарларда түлеу үрдісі басы мен алдыңғы аяқтарынан басталып, мойын бөлігі мен артқы аяқтарына, сосын жон арқасының алдыңғы бөлігі, бүйір, қабырғаға жалғасып, жон арқаның артқы бөлігі, бөксе құйрықпен аяқталады. Басқаларында түлеу керісінше жүрілуі мүмкін, яғни құйрық бөкседен бастап басымен аяқталуы мүмкін. Түлеу уақыты жануардың түріне байланысты, сондай-ақ жасы, жынысы, климаттық жағдайға да байланысты болады. Кейбір аңдарда (тиін) қысқы жүн жабыны ерте жетіледі (25 - сурет). Ал кейбіреулерінде (ондатр) біршама жайырақ. Ұрғашы буаз аңдардың көктемгі түлеуі біршама ертерек басталып, тезірек аяқталады. Кешірек туған төлдің түлеуі ересек аңға қарағанда жайырақ жүріледі. Түлеудің жүрілу уақытына климаттық жағдай айтарлықтай әсер етеді. Қысы ұзақ өңірлерде көктемгі түлеу жайырақ басталады. Ал қысқы мамықтың жетілуі қысы қысқа өңірлерден ерте аяқталады. Бір өңірдің өзінде температураның өзгеруінен түлеу үрдісі ерте немесе кеш жүрілуі мүмкін. Ерте түскен аяз қыстық мамықтың жетілуін жеделдетеді. Аңдардың түлеу уақытын күн жарығын ұзарту арқылы реттеуге болады. Үй жануарларында түлеу үрдісі тұрақты емес. Дененің кейбір бөліктерінде жүннің ауысу үрдісі мүлде жүрілмеуі де мүмкін.
Бақылау сұрақтары:
1. Теріде жүн талшықтарының өсу, алмасу үрдісі қалай жүріледі? 2. Мамықты-үлпек жүнді терілердің гистологиялық құрлысының негізгі ерекшеліктері қандай? 3. Мамық жүнді аң терілерінің (мысалы түлкінің) топографиялық бөліктерін атаңыз? 4. Мамық жүнді аң терілерінің жүн және тері жабынына мекен еткен ортасы және азықтандыру, бағып-күту жағдайы қалай әсер етеді? 5. Географиялық өзгергіштікке сипаттама беріңіз. Кряж туралы айтыңыз. 6. Мамық жүнді аң терілерінде жүрілетін мезгілдік өзгергіштік туралы не білесіз? Аңдардың түлеуі қалай жүріледі?
Ұсынылатын әдебиеттер: 1. Қ.С.Сәбденов., Т.К. Бексейітов және т.б. Қой шаруашылығы. Алматы, 2011. 2. К.Е.Елемесов., М.Д.Закиров т.б. Қаракөл елтірісі, аң терісі және тондық қой терісі шикізаттарының тауартануы. 1-2 кітап. Алматы, 1993. 3. С.Қ.Шауенов, Ж.Құржықаев, С.Нарбаев. Тері, мех, бағалы аң шикізатының технологиясы мен тауартануы (практикум). Астана, 2008. 4. А.Н.Беседин, С.А.Каспарьянц, Товароведение и экспертиза меховых товаров. Москва, 2007. 5. З. Сайт, Ж.Сейітқажы. Мал және аң терілері шикізатының тауартануы. Астана, 2014.
|
|||
|