Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бақылау сұрақтары



Бақылау сұрақтары

1. Тондық – мех шикізатының түрлері

2. Қысқы мех шикізатының сипаттамасы

3. Көктемгі мех шикізатының сипаттамасы

4. Мех қоян терісінің сипаттамасы

5. Құлын мех терісінің сипаттамасы

6. Жас бұзау мех терісінің сипаттамасы

7. Жас қозы мен лақтың мех терілерінің сипаттамасы

8. ГОСТ 21276 – 75 айтып беріңіз

9. ГОСТ 20959 – 75 сипаттаңыз

 

6.2 Тондық қой терісінің тауарлық қасиеттері

   Сабақтың мақсаты. Студенттерге тондық қой терісінің тауарлық қасиеттерімен таныстыру

 

Қой терісін өндірістік мақсатына қарай былғарылық, тондық деп бөледі. Бұлайша бөлу тері ұлпасы мен жүн жабынының құрылымдық ерекшелігіне және қой терісіне қойылатын өндірістік стандарт талабына негізделген.

Сапалы тон әзірлеу үшін тері ұлпасы тығыз, берік, жүні жылу сақтайтын, кию кезінде ұйыспайтын терілерді пайдаланады. Тонды кию барысында ол механикалық, атмосфералық, температуралық және басқа да факторлар әсеріне ұшырайды. Сол себептен де терінің беріктігіне, тығыздығына және тері ұлпасының бүтіндігіне жоғары талап қойылады. Жүні ішіне қаратылған қой терісінен тігілген киімді кигенде үйкеліп, қажалудың әсерінен тозады.

Жылулық және ұзаққа шыдамдылық қасиетін қамтамасыз ету үшін тондық қой терісінің белгілі бір морфологиялық ерекшеліктері мен кейбір арнайы қасиеттері болуы тиіс.

Үлпек жүнді қой терісіне қарағанда, тондық қой терісінің морфологиялық құрылымының басты айырмашылығы – жүні әркелкі, жүн жабынының құрылысы тұлымды, едәуір мөлшерлі қылшықты талшықтардан тұрады.

Ұяң жүнді қой терісінде де аралас талшықтары болады, алайда олардың тондық теріден өзгешелігі – қылшықтан гөрі түбіт анағұрлым басым, қылшық талшықтары біршама жұмсақ, әрі жүн жабынының тұлымды пішіні онша айқын емес.

Тондық қой терілері жүн жабынының тұлымды құрылысы және тері ұлпасының қалыңдығымен ерекшеленеді. Мұндай сапалық айырмашы лық тондық қой терісін өндірісте пайдалануға мүмкіндік береді. Жүн жабыны жұмсақ, түбіті қою, бұйралы тондық шикізаттар көбінесе жағаға, ал жүні ірі терілер – жүні ішіне қаратылған киімдер тігуге пайдаланылады. Тондық қой терісі шикізаттары мен жартылай өнімдерінің тұтынушылық тұрғыдан құндылығы жоғары болатын себебі олардан тігілген киімдер адам денесіне аса қолайлылығымен, жұмсақтығымен және жылу сақтағыштығымен ерекшеленеді.

Өлі талшығы мен ірі қылшығы көп болатын қой терілері тон тігуге онша жарамайтындықтан былғары өндірісіне жіберіледі.        

Республикамызда тондық терілер көптеген қылшық жүнді қой тұқымдары мен олардың бірінші ұрпақтағы будандарынан өндіріледі.   

Қазіргі кезде өнеркәсіп үшін тондық қой терісі шикізаттарын тапсыру көлемі жеткіліксіз болып отыр. Оның негізгі себебі елімізде тері шикізатын дайындау жұмысы қазіргі нарықтық жағдайға сәйкес мемлекеттік көлемде бір жүйеге келтірілмеуінде.

Тондық қой терісінің тауарлық сапасы олардың жүн жабыны мен тері ұлпасының қасиеттеріне ғана емес, қойдың тірі және сойылған кезіндегі теріде пайда болатын ақауларға да байланысты. Сонымен қатар тондық қой терілерінің аумағы, салмағы, қалыңдығы, тығыздығы, жылу және су өткізгіштігі т.б. табиғи қасиеттері олардың аса маңызды сапалық сипаттамасын айқындайды.

Қой терісінің аумағы мен салмағының экономикалық және тұтынушылық тұрғыда айрықша рөлі бар. ГОСТ 28509-90 бойынша өңделмеген қой терілерінің ең кіші аумағы 24дм2–тан кем болмауы тиіс.

Кейбір қой терілерінің аумағы 100 дм2-тан да асып түседі, мұның өзі аумақ көрсеткіштерінің едәуір ауытқып тұратындығын көрсетеді. Жүні ішіне қаратылатын келте тондар тігу үшін ең ыңғайлысы аумағы орташа (60-80 дм2) терілер.

Өте ірі терілерден әдетте ұзын тон тігіледі. Шикізатты пайдалану жөніндегі стандарт бойынша өңделмеген тондық қой терісінің орташа шартты аумағы 73 дм2, ал өңделгені – 63 дм2 болуы тиіс.

Тондық қой терісі өндірісі үшін неғұрлым жарамдысы жеңіл терілер, олардан шағын киімдер тігуге болады. Ең жақсысы тері ұлпасы біршама жұқа, бірақ тығыз терілер, одан жеңіл, берік, әрі жұмсақ киімдер тігіледі. Мұндай қой терісі жүнінің нығыздығы мен ұзындығы тері ұлпасы қалың қой терісімен бірдей болғанымен, едәуір жеңіл келеді.

Терінің аумағы мен салмағы қойдың ірілігіне байланысты. Қылшық жүнді қойларда жас терінің салмағы қойдың сояр алдындағы тірілей салмағының 8-10%-ын құрайды. Тері салмағы жүн жабынының биіктігіне, ірілігіне, нығыздылығына, оның ластануына, сондай-ақ тері ұлпасының қалыңдығы мен майлылығына байланысты. Жүн жабыны мен тері ұлпасының қой терісінің жалпы салмағына қатынасы процент есебімен мынадай аралықта ауытқиды:

Терінің жүн жабыны                            Тері ұлпасы

Жүндес                      45-35     Жүндес                    55-65

Жартылай жүндес              35-25     Жартылай жүндес  65-75

 

Терінің аумағы мен салмағы оның өндірістік тобын таңдауда айрықша маңызды. Қой терісін топтау арқылы теріні кәсіпорында өңдеу кезінде құрылғыға жүктелетін жұмыс көлемі мен теріні жуып тазартуға, өңдеуге жұмсалатын ерітінділердің, химикаттар мен материалдардың нормасы анықталады. Өңдеуге әртүрлі әдіспен консервіленген терілер жіберілген жағдайда технологиялық процестің дұрыс жүрілуі үшін әр түрлі әдіспен консервіленген тері аумағы мен салмағының жас тері аумағы мен салмағына қатынасын есептеу арқылы нормалық көрсеткіштерді анықтайды.

Тері ұлпасының қалыңдығы мен тығыздығы қойдың жасы мен жынысына байланысты өзгереді, мысалы саулыққа қарағанда қошқар терісі едәуір қалың. Ал еркек қойларда бұл көрсеткіш аралық шамада.

Қойдың жасы ұлғайған сайын терісі қалыңдай түседі.

Тері ұлпасының қалыңдығы оның құрылысының ерекшелігіне байланысты. Тері ұлпасының қалыңдығы бірдей болғанымен, оның беріктігі тығыздығына тәуелді.

Тондық қой терісінде тері ұлпасының эпидермисі оның жалпы қалыңдығының 1,5-2,5%-ін құрайды да, тері ұлпасының беріктігіне ешқандай ықпал етпейді, өйткені ол механикалық қасиеті төмен келетін қасаңдаған жасуша элементтерінен тұрады.

Иленбеген және иленген қой терілерінің беріктігі дермаға байланысты. 

Тондық киімдердің тозуға беріктігі жүн жағының да, тері ұлпа жағының да үйкеліп, қажалуға төзімділігіне байланысты. Тонды киген кезде жүн жағы әр түрлі әсерге ұшырайды, яғни тонды кию барысында жүн талшығының біраз бөлігі ұйпаланып, механикалық әсерлерден қажалады. Сондықтан қой терісінің неғұрлым жұмсақ, оңай ұйпаланатынынан жаға тігеді, өйткені ол механикалық әсерге аз ұшырайды. Әсіресе үлпек жүнді терілердің жүн жабынын негізінен түбіт құрайтындықтан тез ұйпаланады, ал аздаған жіңішке қылшық талшықтар оны механикалық әсерлерден жеткілікті қорғай алмайды.

Қылшық талшықтардың көбеюі (белгілі бір шамаға дейін) жүн жабынының тозуға беріктігін арттыра түседі. Өте қатқыл қылшықтар, құрғақ және өлі талшықтар сынғыш келетіндіктен тез тозады.

Жүні ішіне қаратылған киім әзірлеуге пайдаланылатын шикізаттың тері ұлпасының серпімділік, созымдылық қасиеттеріне жоғары талап қойылады. Қой терісінен тігілген киім тым созылғыш болса формасы мен сыртқы пішіні оңай бұзылады.

Терінің жылу сақтағыштық қасиеті мен ауа өткізгіштігі өзара тығыз байланысты. Ауа өткізгіштік киімнің ішкі қабатындағы ауа алмасуды қамтамасыз етеді. Ауа алмасуының тым көп болуы жылу сақтау қасиетін кемітеді. Әр түрлі тондық қой терілерінің ауа өткізу көрсеткіші әрқилы болып келеді. Әдетте едәуір тығыз теріге қарағанда (романов қойы) тері ұлпасы едәуір болбыр терінің (далалық қой) ауа өткізкізгіштігі жоғары келеді. Пленкамен қаптағанда терінің ауа өткізгіштігі едәуір кемиді.

Құйрықты, тәжік және майқұйрықты сараджы қойларынан тондық тері өндіріледі. Бұл категориядағы тондық қой терілері өзінің тауарлық және технологиялық қасиеттері жағынан романов қойынан кейін (тондық шикізат ретінде) екінші орын алады. Орыс, тәжік және сараджы қойларының терісі тығыз, тері ұлпасы қалың, әрі майы азырақ болса жоғары сапалы деп есептеледі. Мұндай терілердің аумағы орташа, салмағы жеңіл келеді, олардың арасында аздап жүні өте қатқыл, тері ұлпасы қалыңдары кездеседі.

Май құйрықты қойлардың терісі де тондық жақсы шикізат болғанымен, сапасы солтүстіктің қысқа сабау құйрықты қойларының терісінен төмендеу, себебі олардың терісі біршама қалың, едәуір майлы, әрі жүні қатқылдау.

Еділбай қойының тері ұлпасы қалың, болбыр, құрамында 12-ден 30%-ке дейін май бар. Терісі майлы болғандықтан өңдеу қиынға түседі. Қаракөл қойының терісінің жүні едәуір қатқыл, тері ұлпасы жұқа, кейде майсыз келеді де, әрі жүнінде де, тері ұлпасында да ақаулар көптеп кездеседі. Осы аталған себептерден далалық, әсіресе қаракөл қойларының тері ұлпасының беріктігі орыс қойларына қарағанда төмен.

Терінің тауарлық сапасына қойдың жасының, жынысының, сою маусымының, азықтандыру мен күтіп-бағу жағдайларының әсері де айтарлықтай. Қылшық жүнді қойлар ересек тарта келе қылшығы қатқылданып көбейе түседі. Жас қой терілерінің негізгі ерекшеліктері оның аумағы мен салмағында және тері ұлпасының қалыңдығында. Сол сияқты саулық терісіне қарағанда, қошқар терісі ірірек, ауыр, жүні біршама қылшықты, әрі тері ұлпасы қалың келеді. Бұл әсіресе романов қойының қошқарында айқын білінеді. Оның жота жүні күшті жетілген, өте ірі, әрі ұзын қара қылшықтан тұрады, кейде мойын жауырын және арқа тұстары да осындай болып, терінің басқа тұстарындағы жүнінен ерекшеленіп тұрады. Қойды сою маусымы да тері сапасына біршама ықпал етеді, әсіресе жүннің түлеу кезінде сойылған қой терісінің сапасы өте төмен болатындықтан жарамсыз етіледі.

Алайда теріде жүннің босай бастауы және де теріден бөлініп түсуі тек түлеуге ғана байланысты емес. Мұндай құбылыс кейбір жағдайда қойдың ашығуынан немесе ауруға шалдығуынан да болады. Дер кезінде сойылмаған немесе жөнді азықтандырылмаған қойлардың тері ұлпасы жұқа, әрі онша берік болмайды.

 

 

Бақылау сұрақтары:

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.