Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





аракөл елтірілерінің жүн жабындысын зерттеу



3.4 Қаракөл елтірілерінің жүн жабындысын зерттеу

 

   Сабақтың мақсаты. Қаракөл елтірілерінің жүн жабындысының тауарлық қасиеттерін зерттеу, бұйраларының пішіндеріне, сапалық тьиптеріне, бұйраның еніне, ұзындығына, биіктігіне байланысты ерекшеліктерімен танысу.

 

Жұмысқа қажетті: Әртүрлі таза тұқымды қаракөл елтірілері (ақ, қара, көк, сұр, қоңыр), микроскоп, үлкейткіш шыны, штангенциркуль, сызғыш, ланометр, кішкентай қысқыш (пинцет), мемлекеттік стандарттар.

 

ГОСТ нөмері Стандарт атауы
ГОСТ 10225-75 Өңделмеген елтірісі (смушка невыделанная)
ГОСТ 10327-75 Бұдан-қаракөл барлық түсті өңделмеген қаракөл елтірісі (Каракуль-метис всех цветов невыделанный ТУ)
ГОСТ 10701-63 Таза тұқымды және бұдан қаракөлше елтірісі Каракульча чистопородная и метисная невыделанная. (каракуль-каракульча, каракульча и голяк) ТУ
ГОСТ 11124-65 Таза тұқымды түсті өңделмеген қаракөл елтірісі (Каракуль чистопородный цветный невыделанный. ТУ)
ГОСТ 11577-65 Өңделмеген яхобаб (Яхобаб невыделанный)
ГОСТ 2565-68 Таза тұқымды сұр түсті өңделмеген қаракөл елтірісі (Каракуль чистопородный серый невыделанный. ТУ)
ГОСТ 8748-70 Таза тұқымды қара түсті өңделмеген қаракөл елтірісі (Каракуль чистопородный черный невыделанный. ТУ)

 

Тапсырманы орындау.Қаракөл елтірісі қаракөл қойларының қозыларынан алынады. Қаракөл қой тұқымы елтірілі тұқымға, ал морфологиялық белгісі бойынша, яғни құйрығының пішіні мен көлемі негізінде ұзын құйрықты майлы қой тобына, ал жүнінің сапасы бойынша қылшық жүнді топқа жатады. Қаракөл қойлары Қазақстанда, Өзбекстанда, Туркменстанда, Тәжікстанда, ауғанстанда, Пәкістанда, Ресей Федерациясында және Оңтүстік пен Оңтүстік-Батыс африка елдерінде өсіріледі.

Қазақстанда (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда Оңтүстік Қазақстан) қаракөл елтірісінің көптеген түрлері өндіріледі. Олардың негізгі түстері - сұр, қара, көк, қоңыр т.б. және елтірілік типтері – жакет, жазықгүл, қабырғагүл, кавказ және қаракөлше.  Олар өздерінің түсімен, жылтырлығымен, тығыздығымен, бұйраларының түстілігі және басқа да қасиеттерімен ерекшеленеді.

Қара түсті қаракөл қойлары. Қаракөл қойларының ішінде ең көп тарағаны қара түсті. Олар қара түстің қанықтылығы бойынша қарқынды-қара, қалыпты- қара және әлсіз-қара болып бөлінеді.

Көк түсті қаракөл қойлары. Қаракөл қойларының көк түсі ақ және қара түсті талшықтардың аралас орналасуымен және олардың ұзындықтарының әртүрлі қатынасымен пайда болады. Қара түсті талшықтың қарқынды пигменттелуіне, сондай-ақ ақ қара талшықтардың сандық қатынасына байланысты көк түсті қозыларды мынадай реңктер болады: ашық-көк, орташа көк және қою-көк (серая окраска темно-серого оттенка).

Көк түсті ашық-көк реңкті (серая окраска светло-серого оттенка) қаракөл қойлары. Ашық-көк реңкті қозылар 70%-дан жоғары ақ талшықтардың мөлшерімен сипатталады.

Көк түсті орташа-көк реңкті (серая окраска средно-серого оттенка) қаракөл қойлары. Орташа-көк реңкті қозылар 45-70% ақ талшықтардың мөлшерімен сипатталады.

Көк түсті қою-көк реңкті (серая окраска темно-серого оттенка) қаракөл қойлары. Қою-көк реңкті қозылар ақ талшықтардың 45%-ға дейінгі мөлшерімен сипатталады.

Сұр түсті қаракөл қойлары. Сұр түс, талшықтың ұзына бойындағы пигменттің әртүрлі орналасу есебінен пайда болады: талшықтың түбі барыншы қара, ұшы ақшыл. Бұл аралықтың контрастылығы (кереғарлығы) және біркелкілігі жоғары болған сайын, сұр түсті қаракөл барынша көрікті және құнды көрінеді. Сұр түсті қаракөл қойларының төрт тұқымішілік типі бар: қазақ, бұхарлық, қарақалпақ және сұрхандариялық.

Қаракөл қойларының сұр түсті бұхарлық тұқымішілік типі. Бұхарлық сұр түсті қойлардың реңдері: алтын реңді – талшық түбі қою-қоңыр, ұшы ашық-алтын түсті; күміс реңді – талшық түбі қою-түтін түстес немесе қара, ұшы күміс реңді; алмас реңді – талшық түбі қара, ұшы алмас түстес.

Қаракөл қойларының сұр түсті қарақалпақ тұқымішілік типі. Сұр түсті қарақалпақ қойларында мынадай құнды реңдер кездеседі: болат рең – талшық түбі қара, ұшы болат түстес; шамшырақ гүл – талшық түбі қара, ұшы ақ; өрік гүл – талшық түбі қара немесе қою-қоңыр, ұшы алтын-қоңыр түстес.

Қаракөл қойларының сұр түсті сұрхандариялық тұқымішілік типі. Сұрхандария типті қойлардың бес реңі болады: қола реңді – талшық түбі қола-қоңыр, ұшы ашық-қола түстес; платина реңді – талшық түбі қою-кофе немесе толық қара түстес, ұшы ашық-кремді немесе ақ; кәріптас реңді (янтарь) – талшық түбі қоңыр, ұшы кәріптас түстес; сары – алтыннан сары-қызыл сары; антрацит реңді – талшық түбі қара, ұшы ақ; құм реңді – талшық түбі ашық-қоңыр, ұшы ашық-сарғыш.

Ақ түсті қаракөл қойлары. Ақ түс, жүн жабынының пигментсізденген түрі, қозылардың мұрынында, құлағында және аяқ жақтарында қара дақтар кездеседі.

Қоңыр түсті қаракөл қойлары. Қоңыр түс түстер категориясында бірыңғай түске жатады. Ол қолданыстағы қаракөл шаруашылығында асылдандыру жұмыстарын жүргізу нұсқасы бойынша үш реңкке бөлінеді: ашық-қоңыр, орташа-қоңыр, қою-қоңыр.

Қызғылт түсті қаракөл қойлары. Жиі жағдайда гулигаз деп аталатын қызғылттүс, өзгеше, кремет және болашағы бар түс болып табылады. Қызғылт түс қоңыр және күлгін түстерді анықтайтын гендердің өзара үйлесімділігі арқасында пайда болады, сондықтан талшық жамылғысы араласқан қоңыр және ақ талшықтардан тұрады. Осы түстердің қатынасына, қоңыр талшықтардың пигменттену дәрежесіне байланысты гулигаз қаракөлінің реңктері ашық түстен, қою-қызғылт көк түске дейін және толық қоңыр түске дейін жетеді.

Қаракөл елтірісінің тауарлық қасиетіжүн талшығының бұйрасы мен терісінің сапасы бойынша анықталады. Бұйрасының сапасын бағалаған кезде бұйраның пішіні мен түрі, ені мен ұзындығы, жүннің тығыздығы, бұйра шиыршығының орналасуы, елтірідегі әртүрлі бұйраның ара қатынасы ескеріледі. Талшық сапасын сипаттау үшін оның жібектілігін, жылтырлығын, тері бояуын, түгінің қоюлығын, жіңішкелігін және ұзындығын ескереді.

Бұйраның негізгі қасиеттері. Қаракөл бұйрасын сапа көрсеткіштері бойынша жіктеу ерте заманнан бастап қолға алынған. Қазіргі кезде осы сала мамандары мен ғалымдарының ортақ пікірлері бұйра түрлерін жіктеу бойынша бір жүйеге келтірілді деп айтуға болады.

 

Сурет 25 . Қара көл бұйрасының түрлері:

а – толқынды бұйра;

б – сопақша бұршақ бұйра;

в – жал тәрізді бұйра;

г – шығыршық бұйра;

д – моншақ бұйра;

е – бұранда бұйра;    ж – ұлу тәрізді бұйра;

з – ұйпаланған бұйра;

и – жапырылған (киізденген) бұйра.

 

Бұйра түрлерінің бағалануы келесідей:

1 Бағалысы: толқынды бұйра және бұршақ бұйра;

2 Бағасы шамалылауы: жал тәрізді бұйра (енсіз, орташа);

3 Бағасы төмен: енді жал, шығыршықты және жартылай шығыршықты бұйра;

4 Ақаулысы: моншақ тәрізді, бұранда тәрізді, ұлу тәрізді, ұйпаланған және киізденген бұйралар.

Жалпы бұйраның құрылысы, пішіні мен түрлерін келесі сұлбалардан көруге болады.

 

Сурет 26. Бұйралардың пішіндері

 

Толқынды бұйралар тері бетінде түзу, әрі параллель орналасады. Жүн талшығы толқынының өзіндік құрылысы, ирегі болады, жартылай шеңбер немесе шеңбер түзіп, тері бетіне перпендикуляр орналасады. Толқын бұйраны қарағанда талшық ұшы көрінбейді, ал толқын аралығында жіктер тері ұлпасына параллель жатқан жылтыр қылшықтармен көмкерілген.

Толқынды бұйраның формасы тұйық шеңбер түзеді. Оны жабатын талшықты бүркеме бөлігі деп атайды. Олар толқын түзуге қатысатын талшық санының шамамен 55-60%-ы құрайды да, мұның өзі де бұйраның жоғары сапалылығын қамтамасыз етеді. Бір түзулікте орналасқан жабын талшықтары сыртқы сақина тәрізді цилиндрлі иректің тегіс қабатын құрайды. Мұндайда жабын талшықтар ұзындығы мен жіңішкелігі жағынан неғұрлым біркелкі болса, бұйра ирегі де соғұрлым көрікті, әдемі бола түседі.

Бұйра ішіндегі жүн талшықтары орақ тәрізді формада болады. Олар бұйра құрылысының дұрыс құрылуын қамтамасыз етіп, бұйра тығыздығы көбінесе соған байланысты болады.

Жартылай шеңберлі толқын. Бұл бұйрадағы талшықтың жібектілігі, жылтырлығы, пигментінің қоюлығы бойынша сапасы жақсы болып келеді . Құрылысының пішіні бойынша жартылай шеңберлі толқын бұйраның мынадай түрлері болады: жартылай шеңберлі бұйра, биік, енді, жатық, қабырғалы, айдар тәрізді.

Бір елтірідегі жартылай шеңберлі толқын бұйраның мұндай алуан түрлі формасы бұйраның басқа түрлерімен қоса (қабырға, жазық толқын) оның өрнегін әдемілендіре түседі.

Қабырғалы толқын. Дәлме-дәл жарты шеңбер құрамайды, бұйра талшықтары біркелкі шиыршықталмаған, аздап бұйра жасап тұрады, ол толқынның көлденең қимасы малдың қабырғасын еске салады.

Талшық әуелі тік өсіп, содан кейін иіліп, алғашқы бұрыш (бүгіліс) құрады, содан кейін тері бетінде тік бұрышты параллель бағытта өскен талшық ұштары екінші бұрыш түзеді, содан кейін тері бетіне қарай ойысады, бірақ бұйралар тұйықталмайды.

Иілімнің осы екі бұрышы толқынға қабырғалық тип береді. Жабын талшықтары бұйра түзуге қатысатын барлық талшықтың 63-75%-ын құрайды.

Жүн талшықтарында орақ тәрізді иілім болмайды, олар сәл бүгіліп, біразы тік талшықтан тұрады. Жік арасының кеңдігі елтірі өрнегіне айқындық береді.

Қабырғалы толқын жартылай шеңберлі толқынмен немесе қысқа жал аралас жазық толқынмен бірге кездеседі. Мұндай елтірілер жібектілігі мен реңділігі (пигменттенуі) бойынша – жылтыр болады. Оларда бұйраның ашық жағы басқа қарай бағытталған. Алайда, қабырғалы толқын да көбінесе жал толқынмен түйіседі. Мұндайда елтірінің жібектілігі жеткіліксіз, реңі мен жылтыры солғын келеді. Қабырғалы толқын енді жал толқынмен үйлескенде талшығы іріленгендігі, оның құрғақтығы және жылтырының шыны тәрізді болатындығы байқалады.

Иректіктің классикалық формасының бұзылуы, жартылай шеңберлі орамның, сақинаның жоқтығы, бұйраның сүйірленуі ақаулы деп есептеледі.

Жазық толқыншығыршық тәрізді бүгілісі жойылған біркелкі жабын талшықтарынан (90-94%) түзіледі.

Талшықтар тері бетінен қылтиып шығысымен доға тәрізді бүгіліп, тері жабынына параллель орналасады. Бүркеме талшықтардың ұшы өсінен иіліп, келесі бұйраның бетіне тіреледі. Сондықтан да бұйра аралығындағы жік білінбейді. Жазық толқынның сәл ойыс болуы бұйраның сиректігіне және тым жұмсақтығына (жібектілігіне) байланысты.

Жазық толқын, әдетте, жартылай шеңберлі немесе қабырғалы толқындармен қоса (таза күйінде өте сирек) кездеседі. Жазық толқын қысқа жазық жалмен үйлескенде елтіріні әдемілендіре түседі.

Жазық толқын, сондай-ақ қабырғалы толқын жартылай шеңберлі толқынның классикалық пішінінің ауытқуы болып саналады. Алайда, оның талшығы өте жұмсақ (жібектілік), жылтыры күшті, пигменті көп болатындықтан ұнамды типке жаткызады.

Иректі толқын. Құрылысының пішіні бойынша жартылай шеңберлі толқынға жатады, тек айырмашылығы – бүкіл ұзындығы бойына ені біркелкі емес.

Қаракөл елтірісінде бұл бұйралар барлық ұзындығында сынық иректі өрнек түзеді. Бұйра енінің әркелкі таралуы мен ұлғаюы, басқа да бұйраларман қосыла отырып теріге әдемі түр мен өң береді. Иректі толқын жүн талшығының сапасы өте жоғары әрі жұмсақ, жылтыр, пигментті болғанда түзіледі.

Ұшы сүйір толқынның құрылысы жартылай шеңберлі толқынмен бірдей. Ұшы сүйір толқын (кейде биік немесе тарылған деп атайды) ирек және жал тәрізді толқындармен, кейде жартылай шеңберлі, сүйір жалды толқындармен бірге үйлеседі.

Ұшы сүйір толқын жүн талшығының сапасы жақсы болғанда түзіледі.

Жал тәрізді толқын онша жетілмеген жартылай шеңберлі толқынға немесе бір жағына қайырылған жалға ұқсайды; түрі жал тәрізді. Жал тәрізді бұйраны түзетін жабын талшығы бұйра осіне перпендикуляр иілмейді, бұйра бойына қиғаштала иіледі. Талшықтарының ұштары бұйра төбесіне қарай ойысып, оның екінші жағына түседі. Талшығында біршама бұрышты иректер болады да, олар биік шиыршықпен аяқталады. Кейде талшық ұштары сорайып, аздап ұйпаланып тұрады.

Жал тәрізді бұйра жұмсақ, қалыпты жылтырлықты және пигментті талшықтарда толқынды және жал бұйралармен үйлесе отырып түзіледі. Бұл бұйралар көбінесе қозының жая тұсында орналасады.

Толқын-жал - бұл жартылай шеңберлі иректі толқынды бұйра, олардың екі жақ ұшы жалданып аяқталады. Ондағы жабын талшықтары 1/3 айналым ирек түзеді, әрі қарай толқын ұзындығының бағыты бойынша жан-жағына жайылып, жалды елестетеді. Мұндай бұйраның бағасы шамалы болады. Талшығының сапасы нашарлау, біршама қылшықты, пигменті мен жылтыры әлсіз. Қабырғалы бұйраның тауар тобында кездеседі.

Шығыршықты толқын сұр қаракөлде кездеседі. Біршама жуан даған, ұзарған және сирек талшықтардан түзіледі. Ирегінің шығыршық тәрізді доғасы болады. Біршама ірі, жалпақ, жапырылған толқындар бір-біріне қатарласа орналасқан шығыршықты бұйралардан тұрады. Бағасы шамалы. Қара елтіріде мүлде дерлік кездеспейді.

Ұзын және ұзындығы орташа толқынды бұйралар жая мен арқада, аздап бүйірі мен жотасында кездеседі, ал құрсағында, жауырында және мойынында толқынды бұйралар қысқа, әрі бұршақ бұйра мен жал аралас болады.

Бұршақ бұйра толқынды бұйрадан кейін бағалы типтердің біріне жатады. Өзінің морфологиялық құрылысы жағынан жартылай шеңберлі толқыннан ешқандай өзгешелігі жоқ, оның ұзындығы еніне жуықтау. Көп жағдайда бұршақ тәрізді бұйраның жекелеген жабын талшықтары толық доғалы бүгіліс жасамайды да, олар барлық бағытта бүгілетін сияқты болып көрінеді. Жабын талшықтары бұйрадағы барлық талшықтардың 50-55%-ын құрайды. Бұршақ көбінесе толқындау бұйрамен бірге кездеседі.

Жал тәрізді бұйра бағасы шамалы топтарға жатады. Әдетте жалдың пішіні орта сызықтан екі жаққа қарай кетіп жататын қырлы немесе мұқалып, ұшы екі жаққа ажыраған, талшығы тарақ түріндей, кейде аздап шыршаға ұқсайды. Жал сызығының ортасында біршама ойық пішінді болады.

Жал ені бойынша енсіз, орташа, енді, ал ұзындығы бойынша – ұзын, орташа және қысқа болып бөлінеді.

Енсіз жал. Көп жағдайда шырша түрінде екі жағына, кейде – бір жағына тарамдалады, кейбіреуі жетілмеген бұйра түріне ұқсайды.

Ол жамбаста, қыр арқада, бүйірінде, шоқтығында орналасады.

Орташа жал – мөлшері орташа, оның ұзындығы 10-20 мм-ден аспайды, әдетте, олардың ені біркелкі емес: енді бөлігінде - 8-9 мм, енсіз бөлігінде - 6-7 мм. Орташа жалдар көбінесе талшық сапасы жақсы, жұмсақтығы, жылтырлығы мен пигменті жеткілікті болғанда түзіледі.

Енді жал – осы типтегі бұйраның бағасы төмен бөлігі. Оның ені ұзын бойына біркелкі емес, түбі жалпақ, ұшы сүйір, әрі сына тәрізді пішінге ұқсайды. Біршама жуандаған, іріленген, әрі құрғақ талшықтардан тұрады. Қозының құрсағында, кеудесінде, кейде қыр арқасында орналасады.

Шығыршықты бұйра бағасы төмен бұйра тобына жатады. Талшықтары тұлымшасына шоғырланып, толық тұйықталмаған шығыршыққа ұқсайды. Талшық ұзындығы 16,5 мм, яғни бағалы бұйра қалыптасатын деңгейден сорайып тұрады. Шығыршықты бұйраның ирегі екі доға түзеді де, оның астындағысы тері бетіне тік, ал үстіңгісі – көлденең орналасады. Талшықтары тым ұзын болатындықтан, одан пайда болған шығыршықты бұйралар көбінесе ұйпаланып, өрнегін жоғалтады.

Жартылай шығыршық – құрылысы жағынан бұл типтегі бұйра шығыршықты бұйраға ұқсас, тек айырмашылығы – доғасы иректі болады.

Бұранда бұйра – ақаулы бұйраға жатады. Көбінесе біраз жуантық немесе жіңішкелігі орташа, 16 мм-ден жоғары ұзындықтағы жүн талшықтарынан түзіледі де, ұшы қауырсын тәрізді тұлымданып бұрандаға ұқсас шиыршық бұйра түзеді.

Бұйраның барлығы тері бетіне параллель орналасады.

Моншақ бұйра да ақаулы бұйраға жатады. Аздап бұранда бұйраға ұқсас, бірақ көбінесе жіңішкерген, ұзындығы 16 мм-ден жоғары әртүрлі талшықтардан түзіледі. Олар ұшы шиыршықталған тұлымшаға жиналып, теріге тік бағытталған көп доғалы ирек түзеді де, жоғарғы доғасы (ирегі) тұйықталып, моншаққа ұқсайды.

Ұлу тәрізді бұйраақаулы типке жатады. Тұлымша түзетін, жіңішкелігі мен ұзындығы әркелкі жүн талшықтарынан қалыптасады. Бүйраның табаны кеңейіп, ұшы тарылады да конус немесе ұлуға ұқсайды. Мұндай бұйра қара елтіріде кездесе бермейді. Көбінесе сұр және ашық сұр қаракөлде, әсіресе шығыршықты және моншақ тәрізді бұйрада кездеседі.

Тақыр тері – мұндай терінің жүн талшығы бұйрасыз, тегіс немесе аздап қана бұйраланған қысқа түк шығып, тері бетіне белгілі бір бұрыш жасай орналасқан. Тақыр бұйраның екі түрі бар: биік және аласа.

Биік тақыр – елтірі бағасын төмендеткенімен, ол жазық толқынды, жақсы жұмсақ, жылтыр, талшықты жалмен үйлессе, әсіресе қаркөлше тобында жоғары бағалы жібек түрін түзеді.

Мұндай бұйра жал бұйрамен, сирегірек – толқын бұйрамен қоса қаракөлше елтірінің бүйірінде, жауырынында, шоқтығында және жамбасында кездеседі.

Аласа тақыр – бұйрада жүн талшығы жуандаған, әрі қысқа, құрғақ болады да, ақаулы топқа жатады. Бұйрасы осындай пішінсіз қозылардың пайда болуы қаракөл қойларында асылдандыру жұмыстарының дұрыс жолға қойылмағандығын аңғартады.

Пішінсіз бұйра ақаулы бұйраға жатады. Мұндай бұйраның айқын пішіні болмайды. Пішіні бұзылған бүйралардың мынадай түрлері болады: киізденген, ұйпаланған, жапырылған талшықтар.

Бұйра мөлшері. Қаракөл қозысының елтірісіндегі бұйра мөлшері селекциялық асылдандыру жұмыстарындағы және елтіріні бағалаудағы маңызды көрсеткіштердің бірі.

Көптеген зерттеушілер қаракөл қозысындағы бұйра мөлшері іштегі төлдің даму жағдайына, қозысының конституциясына, олардың туғандағы салмағына, бір құрсақтан туатын қозы санына, қозының енесіндегі бұйра мөлшеріне, ата-енелерінің жүндестік-конституциялық типіне және басқа да көрсеткіштеріне тікелей байланысты екендігін анықтайды. Дұрыстап жұптаған жағдайда бұл белгілер тұқым қуалайды. Демек, селекционерлердің тек бұйрасы әдемі қозы ғана емес, бұйрасының мөлшері біркелкі келетін елтірі алуға да толық мүмкіндігі бар.

Бұйра мөлшері – бұйраның биіктігі мен ені, ал толқын және жал бұйраларда ұзындығының өлшемдері болып табылады.

 

 Бұйра мөлшерлері

 

Бұйралардың түрлері

Талшығының ұзындығы,

мм

Бұйра мөлшері, мм

Биіктігі Ені Ұзын-дығы Жік ені
Жартылай шеңберлі толқын 8,7 4,8 5,5 29,7 2,8
Қабырғалы толқын 8,2 5,6 7,7 42,6 2,6
Жазық толқын 7,7 2,2 8,8 1,3
Иректі толқын 8,4 4,5 6,5-10 46,7 2,6
Ұшы сүйір толқын   4,9 3,4 32,3 2,5
Жал тәрізді толқын 7,5 5,4 4,3 36,6 2,5
Толқын жал 7,7 3,8 5,0 26,1 2,6
Шығыршықты толқын 8,7  

 

Бұйра енін штангельциркульмен, үлкейткіш шынымен, миллиметрлік үлкейткіш шынымен немесе миллиметрлік бөлігі бар қарапайым әйнек сызғышпен өлшеуге болады. Бұйра биіктігін миллиметрлік сызғышпен, ал ұзындығын циркульмен және сантиметрлік сызғышпен өлшейді.

Бұйраның биіктігі мен ені арақатынасына қарай былайша бөлінеді: биік толқын, оның биіктігі енінен үлкен (6 мм, 4мм); жартылай шеңберлі толқын – бикітігі енімен бірдей (6-8мм, 5-8мм); енді (жазық немесе жапырылған) толқын - биіктігі енінен қысқа (3-4 мм, 8-12мм).

Бұйраның ұзындығы елтірінің әдемілігі мен бағалығын айқындайтын басты белгілерінің бірі.

Пішіні мен типіне қарай толқынды бұйраның мөлшері түрліше болып келеді.

 Бұршақ бұйраның ені біршама үлкен болады, бірақ олар да мөлшері бойынша бөлінеді. Сондықтан оларды былайша бөледі: ұсақ – ені 8 мм-ден кем, орташа - 8-10 мм және ірі - 10 мм-ден жоғары.

Жал бұйра да мөлшеріне қарай бөлінеді: қысқа – бұйра ені 2-4 мм, орташа 5-7 мм және ірі 8-15 мм.

Ұзындығы бойынша толқынды бұйра мен жал бұйра былайша бөлінеді: қысқа 12-ден 20 мм-ге дейін, орташа - 20-дан 40 мм-ге дейін және ұзындығы 40 мм-ден жоғары.

Қаракөл елтірісін бұйрасының мөлшері бойынша жіктеу елтіріні сату, әсіресе экспортқа шығару үшін сұрыптағанда өте қажет. Бұйрасының мөлшері бірдей елтірі жоғары сұрынысқа ие, өйткені одан тігілген киім сәнді көрінеді.

Бұйра иректігі. Талшық иректігі бұйра сапасының маңызды көрсеткіші болып саналады. Толқынды-бұйраның бір бөлігін жабатын талшық ирегінің дәрежесі бұйраға ерекше әдемілік, тығыздық және құндылық береді.

Талшықтағы иректіктің көбірек байқалатыны жая мен қыр арқасында. Қыр арқасынан шоқтығы мен мойынына және бүйіріне қарай жүн талшығы едәуір ұзарып, сирейді, ирегі азаяды, бұйрасы сиреп, ұйпаланады.

Орташа мөлшерідегі толқынды бұйрада талшықтың ирегі толық, ал басқа мөлшердегі бұйрада – азырақ болады.

Талшық ирегі толық болған жағдайда бұйра тығыз, серпімді болады. Мұндай бұйрасы бар елтіріні өңдегенде әдемі өрнегі толық сақталады. Талшықтың ирегі жеткіліксіз болған жағдайда бұйраның серпімділігі нашарлайды.

Талшықтың ирегі шамалы болғанда, әсіресе құрғақтай тұздалған елтірілерде, бұйраның көрінуі онша айқын болмай, олар ұйпалақтанған сияқты болады.

Толқынды және бұршақ бұйраларда жүн талшығының иректік дәрежесін анықтағанда оның ашық жағын инемен немесе түйреуішпен көтеріп анық байқауға болады.

Жік ені. Жік ені деп іргелес бұйралардың ара қашықтығын айтады. Оның шамасы жүн талшығының ұзындығына, оның қалындығы мен қоюлығына байланысты. Қысқа талшықта жік арасы айқын болып, өрнегінің айқындығын қамтамасыз етеді. Талшық неғұрлым ұзын болса, бұйра ірірек, жік жиірек келіп, өрнегі нашар көрінеді. Ал толқынды бұйрада жақсы көрінетін жік ерекше бедерлік беріп тұрады.

Жік енін бұйра енімен бірге салыстыра қарастыру қабылданған. Ұзын әрі қою талшықты және тығыз бұйрада жік ені бұйра енінің 1/4 немесе 1/5 шамасына тең болады. Мұндай жағдайда бұйра онша айқын көрінбейді де, өрнегі біршама жоғалады.

Талшықтың ұзындығы мен қоюлығы қалыпты, бұйрасы тығыз болғанда жік ені бұйра енінен 1/3-ге дейін кем болады. Жіктің мұндай енділігі елтірідегі бұйра өрнегінің әдемі орналасуын қамтамасыз етеді.

Егер жүн талшығы сирек, бұйрасы болбыр болса, онда жік аралығы мүлде байқалмайды да, бұйра онша әдемі көрінбейді.

Жікті: тар 1-2 мм, орташа 2-3 мм, кең 4-5 мм деп бөледі және оның енін миллиметрлік шыны сызғышпен немесе миллиметрлік бөлігі бар лупамен өлшейді.

Бұйра тығыздығы. Бұйраның тығыздығы немесе серпімділігі дегеніміз оны механикалық жолмен бұзған кезде ол өзінің бастапқы қалпына қайта келіп, алғашқы күйін сақтай алу қабілеті. Сонымен қатар бұйраның тығыздығы елтірінің маңызды қасиеті болып табылады. Ол төлдің құрсақта даму жағдайына, бір құрсақтан туған қозы санына, қозының туған кездегі салмағына, олардың тауарлық типіне және саулықтың жасына байланысты болады.

Сонымен қоса бұйра тығыздығы оның құрылымдық ерекшеліктеріне және талшық сапасына да байланысты келеді. Толқынды және бұршақ бұйралар едәуір тығыз келеді. Бұйрасы нашар болса тығыздығы да шамалы, болбыр келеді. Талшықтың жіңішкелігі мен ұзындығы да тығыздығына әсер етеді. Талшық неғұрлым ұзын болса, бұйра соғұрлым болбыр және керісінше болады. Егер талшық жіңішкелігі (биязылығы) біркелкі болса бұйрасы соғұрлым тығыз келеді. Тығыз бұйралар механикалық әсерден онша бұзыла қоймайды.

Бұйраларды құрғақтай тұздап консервілегенде бөгде заттар кездесетіндіктен оның серпімділігін анықтау өте қиынға түседі. Сондықтан, жүн талшығының қоюлығын, жік енін, тері ұлпасының тығыздығын ескеру қажет. Тығыз бұйраның талшықтары өте қою, жік ені тар, тері ұлпасы тығыз болады.

Бұйраның орналасуы. Елтірідегі бұйра ешқашанда тік сызықта орналаспай, өзіндік өрнек түзеді. Өрнектің қалыптасуында толқынды және басқа бұйра типтерінің бірге орналасуының маңызы өте зор. Бұйра толқыны неғұрлым ұзын болса, елтірі өрнегі соғұрлым әдемі болады.

Бұйрадағы өрнектің орналасуын тірі қозыда арқасынан бастап, ал сыпырылған елтіріде – кез келген тұсынан бағалайды.

Ең бағалы елтіріге бұйрасы лира тәрізді және параллель шоғырланып орналасқандары жатады, ал бұлардың түзілуіне көбінесе ұзын, жартылай шеңберлі толқынды бұйра қатысады. Бұйралары құрамалы орналасқан елтірілердің сапасы төмендеу, олардың өрнегі орташа, ішінара ұзын толқынды бұйра және ұзындығы орташа жал бұйра кездеседі. Ал сапасы өте төменіне қысқа, орташа толқындардың, бұршақ бұйра және қысқа жал бұйралардың аралас орналасқандары жатады.

Қаракөлді өңдеу процесінде бұйрадағы өрнектің орналасуы мүлде дерлік өзгермейді, оны көзбен анықтауға, суретке түсіруге және суретін салуға болады.

Бұйраның ашық жағының орналасу бағытының да маңыздылығы үлкен. Бұйраның ашық жағы дегеніміз, оралатын талшықтар ұшының иілген, яғни ішіне кіретін жағы. Елтірідегі бұйраның ашық жағы басына қарай бағытталса, ол өңдеу процесінде жақсара түседі, ал құйрығына қарай бағытталса керісінше нашарлай түседі.

Тері илеу өндірісінде, әсіресе қаракөл елтірісінен қысқа тон тіккенде бұйрасының ашық жағы басына немесе құрсағынан арқасына қарай бағытталған елтірілерді таңдайды. Қаракөл қойын асылдандыру жұмыстарын жүргізгенде осы белгілерге айрықша көңіл бөлінеді.

Қаракөл қойларының елтірілік өнімділігі.Қаракөл қозының елтірісі туылған кезіндегі бұйрасының түрі мен пішініне қарай бес елтірілік типке бөлінеді. Қаракөл елтірілерінің кереметтілігі және көріктілігі елтірілердің әдемі суретін құрайтын бұйралардың типі мен орналасуына байланысты.

Жакет елтірілік типі (жакетный).Жакеттік – қозылардың құйымшағы мен жон арқасында ұзын және орташа толқынды (қаламгүл) бұйралар (валек), бүйірінде ені әр түрлі орташа және қысқа толқынды бұйралар немесе жон арқасы мен құйымшағында ұзын және орташа толқынды бұйралар, бүйірінде орташа және қысқа және бұйраға өтіп, ірі бұршақ пен арзымайтын көлемде жал бұйра араласуы мүмкін.

Қабырға елтірілік типі (ребристый). Қабырғалы толқынды бұйралар мен жал бұйралар қозылардың құйымшағы мен жон арқасында тығыз, серпімді, ені әр түрлі ұзын және орташа ұзындықта жартылай шеңберлі (қырлы) толқын және жал, бүйірінде орташа және қысқа жартылай шеңберлі толқынды бұйра мен жал тәрізді бұйраға ауысады, арзымайтын көлемде толқынды бұйралар мен ірі бұршақ бұйраның қатысуына рұқсат етіледі.

Жазық елтірілік типі (плоский).Жазық толқынды бұйра – қозылардың бұйрасының ені екі түрлі, арқасы мен құйымшағында ұзын және орташа ұзындықтағы жазық бұйралар, жазық жал аралас, бүйірінде орташа және қысқа жазық бұйра мен жалға өтеді.

Қаракөлше елтірілік типі (каракульчевый). Қаракөлше (жал тәрізді бұйралар) – қозылардың жүні қысқа (5 мм дейін), бұйралары жал тәрізді, суретті (әшекейлі) муар тәріздес, жабынының (түгінің) сапасы қарқынды пигменттелген, жібектілігі мен жылтырлығы күшті, қозының өсіп дамуы әдеттегідей.

Кавказ типі (өсіңкі) – қозылардың бұйрасының ені әртүрлі, жабыны едәуір өсіңкі, құйымшағы мен арқасында онша тығыз емес, орташа және қысқа толқынды бұйралар басым келіп, қысқа толқынды бұйра мен ір бұршаққа өтіп, арзымайтын көлемде жал бұйра араласады.

 

Тапсырма 1. Арнайы әдебиеттерді, мемлекеттік стандарттарды оқып, үйреніп, қаракөл елтірісі, қылшық және ұяң жүнді қойлардың қозы терілерінде кездесетін бұйра түрлерін үйрену.

Қаракөл елтірілерінің тауарлық қасиеттері елтірінің бұйрасының тауарлық қасиетіне және жүн жабындысының тауарлық көрсеткіштеріне байланысты.

Бұйралардың тауарлық қасиеттері төмендегі көрсеткіштермен тығыз байланысты:

- бұйраның пішіні және оның типі; бұйраның ұзындығы, ені; бұйра аралық жік, жік ені; бұйра тығыздығы, серпімділігі, бұйраның өрнекті болып орналасуы; бұйраның елтірі көлеміндегі ара қатынасы, олардың бір-біріне деген үлес салмағы.

Жүн жабындысының тауарлық қасиеттері:

- түсі мен реңі

- жібектілігі (жұмсақтылығы) (өте жібекті, жібекті, жібектілігі жеткіліксіз);

- жылтырлығы (өте жылтыр, жылтыр,жеткіліксіз, күнгірт);

- жүннің бояуның қоюлығы (пигменттенуі)

- талшықтың қалындығы (өте қалын, қалын, сирек)

- талшықтың жіңішкелігі және ұзындығы.

Тері ұлпасының қасиеттері:

- тығыздығы (тығыз, болбыр, өте жұқа, жұқа, қалындау, қалын, созылыңқы, жұмсақ) бойынша анықтайды. Осы көрсеткіштерді жеке жеке қарау қажет.

Тапсырма 2 &



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.