Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Мамық жүнді бағалы аңдардың терісінің тауарлық қасиеттері



3.5 Мамық жүнді бағалы аңдардың терісінің тауарлық қасиеттері

 

Сабақтың мақсаты. Студенттерге мамық жүнді аңдардың жүн жабынының тауарлық қасиеттерімен таныстыру.

 

Мамық жүнді терілер де басқа тауарлар сияқты көптеген тұтыну қасиеттеріне ие. Алайда тауардың сапасына баға бергенде тек маңызды белгілеріне назар аударады, мысалы эстетикалық, жылу сақтау, төзімділігі т.б., ал олар жүн жамылғысының, тері ұлпасының, жалпы терінің физика-механикалық қасиеттеріне байланысты болады.

Жүн жамылғысының негізгі тауарлық белгілеріне келесілері кіреді, олар: ұзындығы, қалыңдығы, жұмсақтығы, тығыздылығы, серпімділігі, шағылысуы, түстілігі, сәулеттілігі, жібектілігі т.б.

Тері ұлпасының негізгі тауарлық белгілеріне қалыңдығы, мықтылығы, ауданы, салмағы, жылу сақтағыштығы, тозуға төзімділігі кіреді.

Терінің топографиялық бөліктері. Терінің топографиялық бөліктері деп жануар денесінің белгілі бір бөлшектерін атайды. Дененің әр бөлігі жануардың тірі кезінде әртүрлі қызмет атқарады және қоршаған орта факторларының әртүрлі әсерлерінде болады, сондықтан жануар денесінің әр жерін жауып тұрған топографиялық бөлшектердің құрылымы сапасы бойынша әртүрлі болып келеді және әртүрлі атауға ие болады. Әртүрлі мамық жүнді жануарлардың анатомиялық ұқсас жерлерін бір атаумен атайды.

Кең тарағаны келесі атаулар:

Сурет 27. Түлкі терісінің негізгі топографиялық бөліктері. а - терінің арқа-жоны б - құрсақ жағы  

 

1 - мұрны – бас терісінің мұрын бөлігі; 2 - тұмсығы - бас терісінің көз қуыстары мен мұрын аралықтары; 3 - көзаралығы - бас терісінің көз қуыстарын қосып тұрған сызық бойы; 4 - маңдай - бас терісінің құлақтар мен көз қуыстары аралығы; 5 - құлақ - құлақ терісі; 6-мойын - мойнының жоғарғы жағын жауып жатқан терінің бас, иық және желке аралықтары; 7 - кеңірдек - мойынның алқымы (ішкі) жағынан алынған тері бөлігі; 8 - желке (шоқтық) - терінің иық аралықтары, мойыннан арқаға дейін; 9 - жаурын - иықтан жотаның алдыңғы шетіне дейінгі бөлігі; 10 - алдыңғы пұшпақтар - алдыңғы сирақтан алынған терілер; 11 - бүйір – арқа мен құрсақ аралығы; 12 - жотасы - терінің орта бөлігі, жануардың омыртқа жотасын жауып тұрған жері, желкесі мен иығынан сегізкөзге дейін; 13 - құрсақ – бүйірлердің ішкі жақ аралығы, кеудеден бастап артқы шаптарын қосатын сызыққа дейін; 14 - жамбас – сегізкөзден артқы сираққа (тізеге) дейінгі бөлігі; 15 - шап – екі жамбастың ішкі аралығы; 16 - құйымшақ – құйрықтың түбі; 17 - артқы пұшпақтар - артқы сирақтан алынған терілер; 18 - құйрық - құйрықтан алынған тері; 19 - құйрық типі - ашық түсті түлкі құйрығының ұшы.

Жүн жамылғысының ұзындығы - физикалық қасиеттерінің ішіндегі ең бір маңыздысы, бұл қасиеті арқылы неше түрлі үлпекті өнімдер шығаруға және жалпы терінің бағалылығын анықтауға болады.

Мамық жүнді терінің сапасына баға беруде тәжірибеде кең тарағаны ұзындығын жүн жамылғысының ең жоғарғы ярусымен (бағытталған жүн талшықтары мен бірінші және екінші қатардағы ең ұзын өзекті жүн талшықтары) анықтайды. Негізгі учаскелеріндегі (сегізкөз, жотасы, бүйірі) жүн жамылғысының ұзындығы бойынша әр түрлі мамық жүнді терілерді бес топқа бөледі:

1 Өте ұзынжүнділері - негізгі учаскелерінде өзекті жүн талшық-тарының ұзындығы 90 мм-ден астам терілер;

2 Ұзынжүнділері - өзекті жүн талшықтары 50-90 мм аралығындағы терілер;

3 Орташажүнділері - 25-50 мм;

4 Қысқажүнділері - 15-25 мм;

5 Өте қысқажүнділері - 15 мм-ге дейінгілері.

Жүн жамылғысының эстетикалық қасиеттерін бағалау барысында маңыздысы болып ұзындығы әр категориялы жүн талшықтарының ара қатынасы саналады. Ең жоғарғы эстетикалық қасиетімен белгіленетін-дері ұзындығы әр түрлі жүн талшықтары біртіндеп бірін-бірі жалғастырып отыратындығымен ерекшеленеді. Бұндай сурет мысалы, бұлғын және сусарлар терілеріне тән. Егерде түбіт жүн мен жамылғы жүндер ұзындығының аралығы өте үлкен болса (мысалы, құндыз және сазқұндыз терілерінің жон жағында) бұндай терілер эстетикалық тұрғыда әлдеқайда төмен саналады.

Жүн жамылғысының қалыңдығы (қоюлығы) терінің жылу өткізгіштігін және әсемділігін белгілейді. Бұл көрсеткішті анықтау үшін тері ұлпасының аудан бірлігіндегі жүн талшықтарының санын есептейді. Бұл көрсеткіш әр теріде әртүрлі болады, және де аңның бір түрінде де жынысына, жасына, мекендейтін жеріне байланысты, сондай-ақ өңдеу ерекшелігіне байланысты өзгергішті болады. Әсіресе, жүн жамылғысының қалыңдығы аңның ауланған мерзіміне байланысты.

Аңдардың басым көпшілігінде қыс мезгілінде терісінің белгілі бір ауданындағы жүн талшықтары жазға қарағанда 2-3 есе көп болады.

Сегізкөз, жота, бүйірдің 1 см2-де орналасқан жүн талшықтар санының орта көрсеткішімен терілер келесі топтарға бөлінеді:

1 Өте қалыңжүнділері - жүн талшықтар саны шамамен 20 мың данадан астам терілер;

2 Қалыңжүнділері - шамамен 12-20 мың дана;

3 Қалыңдығы ортажүнділері - 6-12 мың, дана;

4 Сирекжүнділері - 2-6 мың дана;

5 Өте сирекжүнділері - 2 мың данаға дейінгілері.

Жүн жамылғысының жұмсақтығы - бұл жалпы жүн жамылғысының кешенді көрсеткіші. Бұл белгіні органолептикалық әдіспен анықтайды, яғни терінің жүн жамылғысын қысып немесе жүн жамылғысының серпімділігін сезіну нәтижесімен анықталады. Жүн жамылғысының жұмсақтығы жүн талшықтарының микроқұрылым ерекшеліктеріне, тері ұлпасының белгілі бір аудан бірлігіндегі түбіт және қылшық талшықтарының сандық ара қатынасына және әр категориялы жамылғы жүн талшықтарының ұзындығы мен қалыңдығына байланысты.

Талшықтардың микроқұрылымы жағынан маңыздысы қабыршақты және өзекті қабаттардың дамуы. Қабыршақты қабат неғұрлым жақсы дамыған болса, талшықтың қаттылығы мен серпінділігі соғұрлым жоғары болады. Түрі бір аңдардың әр категориялы талшықтарында қабыршақты және өзекті қабаттардың ара қатынасы біркелкі болатындықтан бұл белгі әртүрлі аңдар терісін салыстырғанда қолданылады.

Жамылғы талшықтар түбіт талшықтарына қарағанда жуандау және серпінділеу келеді. Түбіт жіңішке және нәзік келеді, сондықтан жүн жамылғысында жамылғы талшықтар неғұрлым көп болса, ол соғұрлым қатты және серпінді келеді.

Жеке талшықтардың жұмсақтық деңгейін сол талшықтың мкм-мен өлшенген жуандығын (диаметрін) мм-мен келтірілген ұзындығына бөліп табамыз, бұл көрсеткішті талшық жұмсақтылығының коэффициенті деп атайды. Бұл коэффициент неғұрлым жоғары болса, сол талшық соғұрлым қатты және серпінді болады.

Талшық жуандығы - бұл жүннің физикалық қасиеттерінің бірі, ол жүн жамылғының жұмсақтығына, мықтылығына басқа да қасиеттеріне әсерін тигізеді. Талшық қалыңдығы дегеніміз оның диаметрі (талшықтың ең алыс нүктелер аралығы). Бұл көрсеткішті микроскоппен анықтайды да микрометрмен (мкм) өлшейді. Аңдардың басым көпшілігінде бағытталған талшықтарының диаметрі 40-150 мкм, түбіт жүндерінде 10-40 мкм.

Талшық сәулеттілігі - бұл жүннің сыртқы (қабыршақты) қабаты көрнектілігінің көз арқылы сезілу белгісі. Бұл жүннің физикалық қасиеттерінің бірі, яғни жүннің бетіне түскен сәулені шағылыстыру деңгейі. Қабыршақты қабат жасушалары неғұрлым тегіс орналасса талшық сәулеттілігі соғұрлым айқын да біркелкі болады. Жалпы талшық пен мамық жүнді терінің эстетикалық қасиеті тығыз байланыста болады. Мысалы бұлғынның күңгірт түсті терілерінің сәулеттілігі төмен болса, өзіндік тартымдығынан, көрнектілігінен айырылады, ал айқын білінген сәулеттілікте бұлғын терісі жайнап шыға келеді.

Талшықтың қабыршақты қабаты қоршаған орта факторларының әсерінен (температура, ылғалдылық т.б.) өзгере бастайды, жасушалардың пішіндері бұзылып, орындарын өзгертеді. Мұндай жағдай талшық және жалпы жүн жамылғысының сәулеттілігін өзгертеді. Сондықтан, қыс аяғында және ерте көктемде ауланған аңдар терілерінің сәулеттілігі күз соңы мен ерте қыста ауланған аңдар терілеріне қарағанда төмен немесе сәулеттілігі мүлдем болмайды.

Әр түрлі мамық жүнді терілерге сәулеттілігі жағынан баға бергенде келесі топтарға бөліп қарауға болады:

1 сәулеттілігі дұрыс, жұмсақ, айқындылығы жеткілікті деңгейде, біркелкі сәуле түсіп тұрғанда жібектің сәулеттілігіне ұқсас;

2 сәулеттілігі күшті – айқындылығы күшті, бірақ жұмсақ, сәуле түскенде жібек сәулеттілігіне ұқсас ойнап тұрады;

3 сәулеттілігі төмен – жұмсақ, біркелкі, бірақ айқын емес, қараңғыда жібектің сәулеттілігіне ұқсас;

4 күміс сәулетті - дұрыс сәулеттіліктің бір түрі, бұл ақ және қара талшықтар аралас жүн жамылғысына тән, күміс талшықтар араласқан терілерде болады;

5 метал сәулетті - айқындылығы жеткілікті, біркелкі, металл сәулеттілігіне ұқсас;

6 шыны тәрізді сәулеттілік - айқындылығы мол, біркелкі емес, сәулеті шыныға түскен сәуле тәрізді болып көрінеді;

7 сәулеттілігі күңгірт - айқындылығы төмен, жоқпен тең.

Жүн жамылғының жібектілігі - қабыршақты қабаттың құрылымдық ерекшеліктерімен айқындалады. Жүн талшықтарының жұмсақтылығын сипап сезу әдісі арқылы анықтайды. Терінің жүн жамылғысының жібектілігі оның тауарлық қасиетінің ең бір маңыздысы. Бұл қасиетті органолептикалық әдіс арқылы терінің жүн жабынын жібек матасымен салыстырып анықтайды. Бір терінің жүн жамылғысының өзінде оның құрамындағы талшықтардың жуан-жіңішкелігі мен жұмсақтығына байланысты жібектілігі әр түрлі болуы мүмкін, сонымен бірге ол терінің эстетикалық көрсеткіші де басқаша болады.

Мамық жүнді теріге жібектілігі жағынан баға бергенде келесі топтарға бөлуге болады:

1 Жібектілігі дұрыс - жүн жамылғысы иілімді, жұмсақтылығы орташа, айқын жұмсақ сәулетті, сипағанда біркелкі;

2 Жібектілігі айқын - жүн жамылғысы жұмсақ, иілімді, серпінділігі төмендеу, сәулеттілігі айқын жұмсақ;

3 Жібектілігі айқын емес - жүн жамылғысы серпінді, иілімділігі төмендеу, қылшықтылау, сәулеттілігі төмен, сипағанда біркелкі емес;

4 Қылшықты - жүн жамылғысынің иілімділігі төмендеу, қылшықты, сәулеттілігі шыны тәрізді немесе күңгірт, сипағанда құрғақ, біркелкі емес.

Жүн жамылғының тығыздылығы - терінің белгілі бір ауданындағы барлық жүн талшықтарының саны мен жуандығы көрсететін жалпы мамық жүнді аң терісінің кешенді қасиеттерінің бірі. Терінің әртүрлі ауданында жүн талшықтар саны бірдей болғанымен талшықтардың диаметрі (жуандығы) әртүрлі болатындықтан тығыздылығы терінің барлық бөлігінде біркелкі болмайды.

Жүн жамылғысының тығыздылығы есеп бойынша, барлық талшықтардың көлденең қимасының жиынтығы мен алып жатқан ауданының ара қатынасы бойынша анықталады.

Жүн талшығының түсі - бұл жасушалар құрамына кіретін пигменттердің беретін оптикалық қасиеті. Пигмент түсі меланиннің екі типіне байланысты: қоңыр-қара және сарғылт-қызыл. Олардың концентрациясы, екі типтің ара қатынасы және жүн талшығының ұзына бойына тарауы жүн талшықтарының түсіне әсерін тигізеді. Түсі бойынша жүн талшықтары келесі топтауға бөлінеді:

1 Бір түсті - талшықтар ұзына бойы бір түсті;

2 Түсі біркелкі емес – талшықтар түсінің интенсивтілігі ұзына бойы әр түрлі;

3 Әр түсті - талшықтар ұзына бойы біртіндеп бір түстен екінші түске көшіп отырады;

4 Зональді - талшықтар белгілі бір жерінде мүлдем басқа түсті болады;

5 Күміс түсті - граннасында айқын білініп тұратын ақ сақинасы бар талшықтар;

6 Платинді - талшық негізі ақшыл - сұр немесе ақшыл, ал граннасы күңгірт түсті;

7Ақшыл түсті - түгелімен немесе жартылай пигменті жоқ талшықтар.

Жүн жамылғысының түстілігі - әр категориялы жүн талшықтарының табиғи түсі, түсінің айқындылығы және сәулеттілігі бірігіп көрсететін оптикалық қасиеті. Бұл да бір эстетикалық жағынан маңызды көрсеткіш. Көрікті, өзіне тән түстілікке ие терілер басқа терілерге қарағанда әлдеқайда қымбат болады. Түстілігі өзгергішті терілер категорияларға бөлініп, бағасы әр түрлі болады. Ал кемшіліктері бар терілерді жартылай фабрикат шығарғанда бояп, жақсартады.

Жүн жамылғысының серпімділігі - қысқаннан кейін алғашқы күйіне немесе сол күйіне жақын жағдайға қайта оралуы. Серпімділігі неғұрлым төмен болса, ол формасынан соғұрлым тез арылып текеметтеніп кетеді.

Тұрақтылығы- бұл жүн жамылғысының және жеке жүн талшықтарының қысымнан кейін сол қысыңқы күйінде қала тұруы. Сонымен жүн жамылғысының серпімділігі мен тұрақтылығы бір - біріне қайшы келетін қасиеттері болып табылады.

Жүн талшығының беріктігі – талшықтың үзуге қарсылық білдіретін қасиеті. Беріктілік Ньютонмен өлшенеді, абсолютті және салыстырмалы болады. 

Әр түрлі аңдарда немесе жүн талшығының әр жерінде бұл көрсеткіш әр түрлі болады. Жеке талшықтардың беріктігі оның диаметріне және қабыршақты қабат пен өзекті қабаттың ара қатынасына байланысты.

Талшықтың қабыршақты қабаты неғұрлым қалың болса, ол соғұрлым берік келеді. Жүн талшығының беріктілігі жалпы үлпекті өнімнің төзімділігіне әсерін тигізеді.

Жүн талшығының пішіні жүннің физика – механикалық және эстетикалық қасиетіне біршама әсер ете алады. Жүн талшықтары сабағының проекциясы, иілу жағдайы және көлденең қимасының пішіні әрқилы болып келеді.

Сурет 28. Жүн талшығының көлденең қимасының пішіндері:

1 -дөңгелек; 2 - сопақ; 3 - жалпақ; 4 - бұршақ тәрізді; 5 - гантел тәрізді.

 

Жүн сабағының көлденең қимасының пішіні бойынша дөңгелек, сопақ, жалпақ (ондатра, нутрия), бұршақ тәрізді (суыр), гантел тәрізді (қоян) болып келеді. Жүн сабағының көлденең қимасының пішіні оның қаттылығына және майысу деформациясына әсер етеді.

Жүн талшығының сабағы ұршық тәрізді, цилиндр пішінді, конус тәрізді және қандауыр тәрізді болып келеді. Жүннің ұршық тәрізді пішіні жиі кездеседі. Ондай жүнді төрт бөлікке бөліп қарастыруға болады: жоғарғы ұшы, гранна ең жуантық жоғарғы бөлігі, мойыны жіңішкерген бөлік, негізгі бөлік – цилиндр тәрізді немесе толқынды иілген болып келеді.

Сурет 29. Жүн талшығы сабағының формалары:

а - ұршық тәрізді; б - цилиндр пішінді; в - конус тәрізді; г - қандауыр тәрізді.

 

Жүн сабағының иілу пішініне қарай жүн талшықтары түзу, иілген, майысқан, толқынды, спираль тәрізді болып бөлінеді. Жүннің бұйралығы оның жуан – жіңішкелігіне байланысты. Жүн жіңішке болған сайын оның бұйралары көп болады.

Сурет 30. Жүн сабағының қалыптары (түрлері):

а - түзу; б - иілген; в - майысқан; г - толқынды; д - бұранда тәрізді; е - спираль тәрізді.

 

Жүннің ұзындығы. Жүн талшықтарын олардың сабағының ұзындығы бойынша табиғи және шынайы ұзындық деп бөледі. Жүн қанша бұйраланған болса оның сабағының шынайы және табиғи ұзындығының айырмашылығы соғұрлым көп болады.

Жүннің санаттары (категориялары). Мамықты – үлпек жүнді терілердің жүн жабынындағы жүн талшықтары олардың атқаратын қызметіне қарай бірнеше санатқа бөлінеді; вибристер, бағыттаушы, қылшық, аралық және жылу реттеуші (түбіт).

Вибристер – ұзын, жуан немесе аздап иілген жүн сабақтары. Сақинаға ұқсамайтын кутикула шеттері бір–бірімен тиісіп қана тұратын көп жақтаулы немесе дөңгеленген жасушалардан тұрады. Вибристер көп емес, аңдардың басында, үстіңгі ерінінде (мұрт), астыңғы ерінінде, көздің үстінде, қабақта, кейде аяқтарда болады. Вибристердің жүн қалташығына қан тамырларының қою тарамдары еніп, көптеген нерв талшықтары таралған. Сондықтан вибристер кез – келген әсерлерді сезіне алады. Алайда терінің жүн жабыны сапасының қалыптасуына әсер етпейді.

Бағыттаушы жүндер – ең ұзын да жуантық, көбінесе ұршық тәрізді пішінде болады. Олардың кутикулярлы қабаты сақинаға ұқсамайды, өзекшесі көп қатарлы. Мұндай жүндер онша көп емес (1см2 – де 5 – 20 жүн талшығы). Олардың ұштары жүн жабынының сыртына шығып өзіндік рең беру арқылы мамықтың сыртқы түсін әсемдеп, оның нығыздығын арттырады.

Қылшық жүндер бағыттаушы жүндерден қысқа және жіңішкерек. Олардың көпшілігінің жоғарғы бөлігі нығыздалып, жіңішке бұйраланған негізгі бөлікті құрайды. Қылшық жүннің кутикуласы сақиналы емес, өзекшесі көп қатарлы. Қылшық жүн бағыттаушы жүндерден көп (1см2 – де 50 – 200), нәзік түбіт жүндерді механикалық зақымданудан жәнеде киізденуден қорғайды. Олар мамықты терінің жүн жабынының сапасын қалыптастыруда маңызды рөл атқарада.

Аралық жүндер көптеген белгілері бойынша қылшық жүнмен түбіттің аралығын иеленеді. Олар қылшықтан қысқа және жіңішке, алайда түбіттен ұзынырақ, жуандау келеді. Түбіттен айырмашылығы ұш жағы қалыңдап келген, бірақ айқын емес, кутикула сақина тәрізді.

Түбіт жүндер жіңішке, қысқа және саны көп (1см2 – де 0,5 – 50 мыңға дейін). Олардың сабағы негізінен толқын тәрізді иілген, ал жуандығы жүннің барлық ұзына бойына бірдей дерлік. Түбіттің кутикуласы сақина тәріздес, ал өзекшесі біркелкі немесе жоқ. Түбіт жүн жабынының төменгі ең нығыз бөлігін құрай отырып жануарлардың денесін механикалық әсерден қорғайды жәнеде оның температурасын реттейді. Қыс кезінде мамық жүнді жануарлардың барлық жүнінің 94 – 98 % түбіттің, 1-6 % қылшықтың, 0,1 – 0,6 % бағыттаушы жүннің үлесіне тиеді.

 

     

Сурет Мамық жүнді бағалы аңдардың жүн талшықтарының санаттары

1 – бағыттаушы жүн; 2, 3 – қылшық жүн (ІІІ); 4, 5 – аралық жүн (ІІ);

6, 7 – түбіт жүн (І)

 

 

Жүндердің орналасуы. Жүн талшықтары теріде бір – бірден немесе шоқ – шоқ болып өседі.

Бір – бірден өскен жүн талшықтары көртышқан терісінде кездеседі. Олар бір – бірінен бірдей дерлік қашықтықта орналасады (а). Басқа мамықты аңдар мен үй жануарларында топтасып бір қылшық немесе бағыттаушы жүннің айналасына белгілі бір тәртіппен орналасады. Осылай орналасуды қарапайым, шоғырлы және күрделі топтарға бөлінеді.

Қарапайым топ көптеген кеміргіш аңдарда кездеседі. Мұндай топта жүн талшықтары қатарласа орналасады. Топтың (қатардың) ортасында қылшық немесе бағыттаушы талшық, оның екі жағында түбіт талшықтары орналасқан. Онда бірнеше талшықтар бірге өседі, бірақта теріден жеке-жеке шығады (б).

 

Сурет 31. Жүн талшықтарының орналасуы :

а - бір-бірден орналасқан;   б - қарапайым топ;  в  - шоғырланған топ;  г - күрделі топ

 

Шоғырланып орналасу саршұнақ, зорман, қосаяқ терілерінде болады. Бір қылшық және бірнеше түбіт талшықтың тұратын жүн шоғыры бір тесіктен шығады, бірақта олардың түбірлері жеке-жеке болады (в).

Күрделі талшық топтарында бір қылшық және бірнеше түбіттен тұратын топтар өзара жиналып, бір бағыттаушы талшықтың айналасына күрделі топ құрайды (г). Мұндай орналасу мамық жүнді жыртқыш аңдарға тән, сондай-ақ қоян, тиін терілерінде кездеседі.

Бағыттаушы жүндердің түбірлері дермада қылшық жүннен терең орналасқан, ал қылшық жүндер түбіттен тереңірек орналасқан. Жүннің түбірлері тері жасушасының тереңіне бойлап сыртқы бетке біршама бұрыш жасай орналасады. Сондықтан көптеген жануарлардың жүн жабыны қиғаштап өседі. Әдетте арқаның жүндері төбеден құйрыққа қарай бағытталған, бүйірде құйрыққа жәнеде қарынға қарай қиғаштап, қарында орта сызыққа және төменге бағытталады.

 

Бақылау сұрақтары:

 

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.