|
||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
III. ҮЙГЕ БАРЫП ҚАРАУ КЕЗІНДЕГІ ДАМУ МОНИТОРИНГІIII. ҮЙГЕ БАРЫП ҚАРАУ КЕЗІНДЕГІ ДАМУ МОНИТОРИНГІ
Туылғаннан бастап, 2 жасқа толғанға дейін бала физикалық тұрғыдан өсу мен дамудың маңызды кезеңдерінен өтеді. Осы бейнематериалда негізгі даму кезеңдері атап көрсетіледі, патронаж қызметкері ретінде сізде және ата-аналарда туындауы мүмкін алаңдаушылыққа қатысты ұсыныс-кеңестер беріледі.
Баланың дамуына мониторинг жүргізу және «алдын алу ұсыныс-кеңестері», яғни, ата-аналарға баланың даму барысында әрі қарай не болатынын және әрі қарайғы даму қадамдарына септесуде ата-аналар қандай рөл ойнайтынын түсінуге көмектесу – үйге барып қарау кезінде жасайтын жұмысыңыз. Осының барлығын бала мен ата-ана үшін таныс ортада жасаған дұрыс. Зерттеулер нәтижелерінен бізге баланың денсаулығы мен дамуы арасында тығыз өзара байланыс бар екені белгілі. Үйге барып қарау және медициналық мекемелерге бару баланың дамуына әсер етуі мүмкін медициналық жағдайлар немесе дұрыс тамақтанбау (соның ішінде, артық салмақ және семіздік) немесе құнарлы микроэлементтер жетспеушілігі сияқты денсаулыққа қатысты қауіп-қатер факторларын анықтауда көмектесе алады. Үйге барып қарау кезінде сіз де бала әртүрлі даму салаларында қалай әрекет ететіне, сонымен қатар, баланың ең жақын және одан алыстау ортасындағы қауіп-қатер факторларына және қорғаушы факторларға (мысалы, қоғамдық қызметтердің бар-жоғына) қарайтын боласыз. Ата-аналармен қарым-қатынасыңыз және сіз оларға қоятын сұрақтарыңыз, олардың баламен қарым-қатынасын бақылау, сонымен қатар, олардың сіз беретін ұсыныстарыңызға көзқарасы сізге баланың қандай жетістіктерге жетіп жатқанын көруге мүмкіндік береді.
Үйге барып қарау кезінде бала дамуына мониторинг жүргізу үшін сіз жасай алатын негізгі қадамдар осындай: 1. Баланың дамуы туралы сөз еткенде, ата-анаға нені меңзеп тұрғаныңызды түсіндіріңіз –сізге тілдің дамуы және тілдесу, танымдық даму, моториканың дамуы, әлеуметтік-эмоциялық даму, өз-өзін реттеу, ойнау және өз-өзіне көмектесу дағдылары сияқты түрлі даму элементтерін түсіндіру қажет болуы мүмкін. Көбінесе ата-аналар «даму» және «өсу» терминдерін бір ұғым деп санайды. Сіздің оларға даму салалары деген не екенін және барлық салаларды есепке алу қажет екенін түсіндіру керек. Түрлі даму салалары өзара байланысты болып табылатынына қарамастан, баланың бойында тек бір (мысалы, сал ауруына шалыдққан баланың моторика дағдылары) немесе бірнешеуінде ғана ауытқушылық байқалуы мүмкін. 2. Ата-аналарды не алаңдататынын анықтап біліңіз –ата-аналардың баланың дамуына қатысты алаңдаушылығы даму мониторингының ең маңызды элементі болып табылады. Балаларына қамқорлық көрсететін басты адамдар бола отырып, балаларын олардан жақсы білетін ешкім жоқ және сіз оларға үрейлерімен бөлісу мүмкіндігін бере отырып, олардан құны жетпес ақпарат ала аласыз. Сіз келесідей ашық сұрақ қоя аласыз: «Баланың дамуы туралы сөз қозғағанда, мен балаңызды қалай тілдесетінін, түсінетінін, әңгімелейтінін, ойнайтынын, көретінін, еститінін, қозғалатынын, үйренетінін және өзі үшін не істейтінін білгім келеді. Балаңыздың осы салалардың қайсысында болсын даму барысы алаңдатпай ма?». Баланы тәрбиелеушінің алаңдаушылығын тудыратын тұстарды білу сіз үшін баланың дамуына мониторинг жүргізуге және ата-аналарды кері байланыспен қамтамасыз етуге жол ашатын маңызды қадам болып табылады. Осы сұраққа алынған жауаптар да сізге ата-ананың баласының даму үдерісін қалай қабылдайтынын түсінуге көмектеседі. Бірақ, айта кеткен жөн, осы сұрақ аса маңызды жолашар болса да, алаңдаушылығын білдіре алмайтын немесе баланың бойында болуы мүмкін даму ауытқушылықтарын түсінбеуі мүмкін күтім көрсетушілер болады. Оған қоса, ана мен әкенің пікірі қарама-қайшы болуы мүмкін, сондықтан, ортақ пікірге келіп, әрі қарай қалай әрекет етуге қатысты келісіп алу маңызды.
3. Мониторинг жүргізіңіз, экспрессивті (бейнелі) және рецептивті (түсіну) тілді дамытуға септесіңіз.Тіл дамуындағы бөгелістер ең жиі кездесетін және даму ауытқушылықтарының ең бірінші белгілері болып табылады. Үйге барып қарау сізге баланың тілдесуге деген ниеті және тілдесу тәсілі (ым-ишара, дыбыс, сөз) туралы ақпарат алу мүмкіндігіне ие боласыз. Сіз тілдік дағдыларды ынталандыруға бағытталған тәрбиелеушілердің әрекеттерін бақылай аласыз және оларды құптай аласыз. Сіз, сондай-ақ, тәрбиелеушілерге баланың тілдік ортасын қалай байытуға болатынын көрсете аласыз. Сіз бала мен ата-ана қарым-қатынасының маңыздылығын және телебағдарламалар мен компьютерлік ойындар баланың ерте балалық шақта дамуына кедергі келтіретінін түсіндіре аласыз. Ата-аналарды балаларына алты ай толғанға дейін сөйлесуге, оларға суреттер көрсетуге және кітап оқуға итермелеу қажет. Сіз сәбилерге лайықты және жергілікті мекеннен табуға болатын балаларға арналған кітаптардың тізімін дайындап, ата-аналарға бере аласыз.
4. Қимыл-қозғалыс мониторингін жүргізіңіз және демеу білдіріңіз.Сіз бала қол-аяғын, денесін (ірі моторика) және білегі мен саусақтарын (ұсақ моторика) қалай пайдаланатынын, мысалы, баланы жамылғының үстіне жатқызып, қимыл-қозғалыстарын бақылай аласыз. Егер қимыл-қозғалысқа қатысты қандай да бір қиындықтар болса, бұлшық ет тонусы төмен не жоғары екенін анықтау үшін баланы тексеріп шыға аласыз. Егер қимыз-қозғалыс қабілетінде бөгелістер және/немесе неврологиялық мәселелерден көрініс беретін белгілер болса, баланы дереу маманға жіберу қажет. Баланы тәрбиелеушілермен бірге үйде және үйден тыс қимыл-қозғалыс мүмкіндіктерін зерттеңіз және қолдау көрсетіңіз.
5. Баланың өз эмоцияларын басқару қабілетіне мониторинг жүргізіңіз және демеу білдіріңіз.Баланың әлеуметтік және эмоциялық дамуының маңызды белгісі өз эмоцияларын жалпы және, әсіресе, жабырқаулы немесе ренжулі күйінде басқару қабілеті болып табылады. Үйге барып қарау сізге баланың өз эмоцияларын басқару қабілетін және ата-анасының осы үдеріске қалай қолдау көрсететінін бақылауға көп мүмкіндік береді. Сіз көңіл қуантар мысалдарды байқап, көрсетіп бере аласыз, себебі, осы маңызды даму бөлігі ата-аналардың назарынан тыс қалады. Мысалы: «Ренжіп қалғаннан кейін қалай жақсы тынышталатынына қараңыздар. Сіздің әрекеттеріңіз шынымен көмектесті» деуге болады.
6. Баланың қалай қарым-қатынас орнататынына мониторинг жүргізіңіз.Қарым-қатынас орнату баланың өзгелермен өзара әрекеттестікті және тұлғааралық қарым-қатынастарды қалай бастайтыны болып табылады. Баланың адам көзіне қалай қарайтынына, эмоцияларын білдіретініне, өзге адамдармен өзара әрекеттестікті қалай жүзеге асыратынына және ата-анасымен, өзге отбасы мүшелерімен және бейтаныс адамдармен (сізбен немесе басқа қызметкерлермен) қарым-қатынасқа қалай түсетініне бақылау жүргізіңіз. Баланың жансыз заттарға, мысалы, ойыншықтарға және басқа да бұйымдарға қалай қарайтыны да маңызды. Көзбен терең, ұзақ байланыс орнатпау, өзара әрекеттестікті және бірлескен ойынды алып кете алмау, «бірлескен зейіннің» жоқтығы (яғни, сәби немесе кішкентай бала басқа адамдардың істеп жатқан ісіне немесе өзінің іздеген нысанына қызығушылығын жоғалтуы) маңызды бақылау нәтижелері бола алады, мұндай нәтижелер негізінде баланы әрі қарайғы бақылауға жіберу қажет болуы мүмкін. Қарым-қатынас орнатуға талпынбау аутизмнен туындауы мүмкін, аутизм кең таралған және 100 баланың ішінде шамамен бір балада кездеседі. Мұның себебі бауыр басуға қатысты қиындықтар немесе баланы қараусыз қалдыру немесе қатыгездік көрсету сияқты күшті стресс тудыратын факторлар да болуы мүмкін. Егер қауіптенсеңіз, баланы дереу бағалаудан өтуге жіберу керек. Баланың қарым-қатынас орнатуға ниетін арттыру үшін сіз жасай алатын әрекеттерге жататындар:
· Алаңдаушылығыңызды ата-анамен талқылау · Балаға қарамау немесе қатыгездік көрсету белгілері бар-жоғын тексеру · Баланың ата-анасымен, оған күтім көрсететін басқа адамдармен және отбасы мүшелерімен қанша уақыт өткізетінін көру және сапалы өзара әрекеттестік және әлеуметтік ойын санын қалай арттыруға болатынын қарастыру · Отбасы мамандарға бару туралы кеңесті орындайтынына және баланы бағалаудан өткізуге кеңес берілсе, сондай бағалаудан өткізетініне көз жеткізу.
7. Ойын және өзара қатынасуға мониторинг жүргізіңіз. Отбасылар әлеуметтік ойынның балаларының дамуына қаншалықты маңызды екенін түсінбеуі мүмкін. Отбасына түсіндіріңіз: «ойын – шындығында баланың жұмысы» (Бала тәрбиелеу өнері – сүй, сөйлес, ойна, оқы модулін де қараңыз). Оған әлеуметтік-эмоциялық даму, танымдық даму, тіл игеру, моториканы және өз-өзін реттеуді дамыту сияқты барлық даму салаларында дағдыларды жасап шығару кіреді. Баланың ойыны туралы көбірек білу үшін ата-анадан/тәрбиелеушіден баланың күнделікті не істейтінін сұраңыз: рахаттану үшін не істейтінін анықтаңыз; бала және отбасы мүшелері қандай ойыншықтармен ойнайтынын және баламен кім ойнайтынын қараңыз. Баланың даму деңгейіне және отбасына ұнайтын істерге қарай сіздің ойыңызша бөгеліс бар немесе теріс әсерге шалдығатын даму салаларындағы жағдайды жақсарта алатын жаңа істер ұсыныңыз. Егер отбасы араласу шаралары бағдараламасына қатысып жүрген болса, оның қалай өтетінін сұраңыз және көңілді ойындарды және өзара рахаттануды күнделікті жаттығуларға қалай кіріктіруге болатынын қараңыз. 8. Қорғаушы факторларға, соның ішінде, тәрбиелеушілер көрсететін қолдау түріне мониторинг жүргізіңіз.Бала мен ата-ана/тәрбиелеуші арасындағы өзара әрекеттестікті бақылаңыз. Өзара әрекеттестік жылы және қамқор ма, әлде шиеленісті және дүрдараз ба? Ата-аналар баласы және оның дамуы туралы қалай әңгімелейді? Ана басқалардан қолдау көре ме? Әкенің рөлі қандай? Бала күтіміне және дамуына қатысатын өзге тәрбиелеушілер бар ма? Үйдегі және тысқары ортадағы қорғаныс факторларын білу сізге отбасының баланың дамуын демеуге бағытталған еңбегіне мақтау жаудыру мүмкіндігін де береді. Кәсіби тәжірибеңізді пайдаланыңыз және тағы не істеуге болатыны туралы кеңестер, сонымен қатар, келесі даму кезеңдеріне жетуге арналған алдын алушы ұсыныс-кеңестер беріңіз.
9. Даму үдерісіне қауіп төндіретін қауіп-қатер факторларына мониторинг жүргізіңіз.Сіздің ата/анамен немесе тәрбиелеушілермен қарым-қатынасыңыз баланың дамуына әсер ететін өзге факторларды, мысалы, ата-аналардың аман-саулығын (ана немесе әке депрессиясы, алаңдаушылығы және т.б.) – (Ата-аналардың аман-саулығы модулін қараңыз), отбасындағы физикалық немесе психикалық денсаулығындағы мәселелерді, қаржылық қиындықтарды, ішімдік немесе есірткі қолдану немесе отбасында зорлық-зомбылық көрсету жағдайларын, сонымен қатар, үйдегі орта қамтамасыз ететін даму мүмкіндіктерін де талқылау мүмкіндігін тудыра алады. Тиісінше ынталандырмау өздігінен немесе жоғарыда аталған кез-келген факторлармен бірге даму үдерісіне қауіп тудыра алады. Сіз ата-аналарды жанашырлықпен тыңдауға дайындығыңызбен, олар қол жеткізе алатын ресурстар мен қызметтер ұсына отырып, аталған факторлардың балаға тигізетін әсерін мейлінше азайту қажеттілігін ерекше атап өту арқылы ата-анаға және отбасыға қолдау көрсете аласыз. Оған қоса, баланы дамыту үшін қымбат ойыншық алу міндетті емес екенін айта аласыз және отбасына үйде бар заттарды және істер ойынға пайдалануға көмектесе аласыз.
10. Отбасы қолданатын қауіп-қатер факторларын мейлінше азайту стратегияларына, қосымша қызметтерге мұқтаждыққа және әрі қарайғы әрекеттер жоспарын жасауға мониторинг жүргізіңіз.Егер баланың мүмкіндіктері шектеулі болса немесе дамуында айқын бөгеліс болса, осындай қатер факторларын жоюдың тиімді стратегияларын табуға көмектесу үшін отбасымен бірге жұмыс жасау керек. Ол үшін сізге жергілікті қоғамда бар және отбасы мен балаға пайдалы болуы мүмкін ресурстар туралы білу қажет, сонымен қатар, қажет болса, баланы маманға жіберу керек. Баланың дамуын демеу жоспары жасалғаннан кейін, жоспардың орындалуына мониторинг жүргізу және қосымша қолдауға мұқтаждықты бағаау мүмкіндігі болуы үшін келесі келгенде отбасымен жұмыс жасауды жалғастыру маңызды. Егер отбасы осындай қызметтерді алу кезінде немесе жаңа қызмет көрсетушілермен жұмыс жасау кезінде қиындықтарға тап болса, сіз отбасының құқықтарын қорғаушы ретінде әрекет ете аласыз.
Нақты жағдай Сіздің клиенттеріңіздің қатары жаңа отбасымен толықты – кішкентай екі қыздары бар жалғыз басты ана. Ана – орта тап өкілі, жақында күйеуімен ажырасқан және сіз жұмыс жасайтын ауданған көшіп келген. Үлкен қызы – 4 жаста. Ол – дені сау, бақытты және өте белсенді кішкентай қыз. Кішісі – 11 айлық. Ана – әлі жүктілік демалысында, бірақ, кіші қызы бір жасқа тола сала, жұмысқа оралуына тура келетінін ойласа, стресс алқымынан алады. Кіші қыз құрсақішілік даму бөгелісімен шала туылған, бірақ, анасының пікірінше, жақсы дамып келеді. Ана – өте қамқор, бірақ, көмектесетін ешкімі жоқ.
Сіз кішкентай қыз әлі еңбектей алмайтынын және сенімді отыра алмайтынын байқайсыз. Анасы қыздың өте сабырлы екенін, көп ұйықтайтынын, көнбіс және өзін қоршаған ортаға қызығушылық білдірмейтінін айтады. Ол қызының мінезі салмақты деп санайды және соған қуанады. Оған кіші қызы үлкен әпкесі сияқты белсенді және талапшыл болса, жағдай қандай болуы мүмкін екені қызықты.
Ойланып, талқылаңыз Төменде көрсетілген қадамдарды пайдалана отырып, не байқағаныңызды және естігеніңізді, тағы нені анықтап білуіңіз керек еді, тексеріңіз.
Кейбір идеялар:
|
||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||||
|