Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бөлім. Сопылардың кейбір күмәндары және оларға жауап



3-Бөлім. Сопылардың кейбір күмәндары және оларға жауап

Әртүрлі сопылық тариқаттардың өкілдері өздерінің сенімдері мен амалдары көпқұдайшыл құрайштықтардың сенімдері мен амалдарына ұқсас дегенге келіспейді. Өздерінің ұстанымын дәлелдеу үшін олар көптеген дәйектер мен ой-тұжырымдарын келтіреді. Аллаһтың рұқсатымен, біз осы жерде олардың негізгі күмәндарын келтіріп, оларға жауап береміз:

1-күмән:Аллаһ Тағала Құранда үнемі Өзінің Раббылығы, Ұлықтығы және тек Ол ғана жарататындығы, басқаратындығы, ризықтандыратындығы т.с.с. туралы баяндайды. Мұның барлығы көпқұдайшылдардың Аллаһтың Раббылығын мойындамағаны себепті айтылған, сондықтан да кім Оның Раббылығын растаса, сол бірқұдайшыл болады да, Тозақ азаптарынан құтылады.

Жауап:

Иә, шындығында да, Аллаһ Тағала Өзінің Раббылығы туралы сан түрлі көріністерде үнемі айтады, әрі мұны ешкім де теріске шығармайды. Алайда мұның себебі көпқұдайшылдар Аллаһтың Раббылығын теріске шығаруында емес, бірақ мұның себептері келесідей: 

1. Аллаһ Тағала көпқұдайшылдарға Өзінің Раббылығы туралы үнемі айтатынының себебі – оларға «Егер сендер Менің Раббылығымды мойындасаңдар әрі Мен ғана сендерді жаратқанымды, барлық нәрсені басқаратынымды, ризық беретінімді және Маған осыда ешкім көмектеспейтінін мойындасаңдар, онда не себепті сендер осыны біле тұра, Менен басқа әлдебіреуді құдайлық сипатқа бөлейсіңдер де, сол құдайларға табынасыңдар?!» деген айқын ой қорытындысына келтіру үшін.

Мұны Аллаһтың Кітабындағы нақты аяттарға қарап түсінуге болады: 

«Әй, адамдар! Сондай сендерді де, сендерден бұрынғыларды да жаратқан Раббыларыңа құлшылық қылыңдар. Әрине, сақтанған боларсыңдар. Ол сондай Аллаһ, сендерге жерді төсек, аспанды төбе етіп жаратты, әрі көктен жаңбыр жаудырып, сол арқылы сендер үшін әртүрлі өсімдіктен ризық шығарды. Сондықтан, біле тұра, Аллаһқа ешкімді теңестірмеңдер»(«әл-Бақара» сүресі, 2:21-22).

Имам Ибн Кәсир бұл аят туралы былай деген: «Бұл аяттың мағынасы Аллаһтың Жаратушы, Ризықтандырушы, бүкіл болмыстың және осы болмыста өмір сүретіндердің барлығының шексіз Билеушісі екендігінде. Ендеше, солай екен, демек, Ол ғана сендер тек Оған құлшылық етулерің және осыда Оған серік қоспауларың үшін лайықты». Қз.: «Тафсир Ибн Кәсир» 1/99.

Осыдан кейін имам Ибн Кәсир былай деп жалғастырды: “«Сондықтан, біле тұра, Аллаһқа ешкімді теңестірмеңдер», - яғни Аллаһқа пайда да, зиян да келтіре алмайтын біреуді серік қоспаңдар, өйткені сендер өздеріңе ризық беретін басқа Раббыларың жоқ екенін білесіңдер ғой”. Қз.: «Тафсир Ибн Кәсир» 1/99.

Осы және осы сияқты аяттар арқылы Аллаһ Тағала көпқұдайшылдарды өздерінің ақымақтықтары мен зұлымдықтары тұралы ой қозғауға шақырады: олар өздеріндегі бүкіл бар нәрселерімен жалғыз Аллаһқа ғана міндетті, бірақ осыған қарамастан, жалғыз Оған ғана құлшылық етпейді.

Ханафи имамы әл-Әлюси (1342 һ/ж) былай деген: «Аллаһ Тағала Оның Өзінің ғана құдай деп танылуына және құлшылық етуге лайықты екеніне қалай дәлел келтіретіндігі туралы ойланшы. Көпқұдайшылдарға олар Аллаһтың Раббылығын және Ол осыда жалғыз екендігін, билік жүргізудегі, жаратудағы, басқарудағы және ықпал етудегі дербес (тәуелсіз) екенін мойындайтынын еске салып, Ол оларды Өзін құдайлық сипатқа бөлеуде және құлшылық етуде жалғыз екендігін мойындауға мәжбүрлейді. Әрі сен осының Құран салты екенін көресің: Ол осы бұлтарпас және айқын дәлелді үнемі қайталайды». Қз.: «Фәтх ул-Мәннан» 447-448, 452;

2. Аллаһ Тағала Өзінің Раббылығы туралы үнемі айтатындығының екінші себебі осы арқылы мүмін мұсылмандардың иманы көтерілетінінде. Бұл аяттар Аллаһқа деген үмітті, Одан қорқуды, Оған деген махабатты, жалғыз Оған ғана тәуекел ету сияқты жүрекпен жасалатын ғибадаттарын көбейтуге ықпал етеді. Өйткені әдетте өзінің Раббысын жақсырақ танығандар, оған жақсырақ, ықыластырақ және көбірек құлшылық етеді ғой. 

3. Көпқұдайшылдардың Аллаһтың Раббылығы туралы иманы мен білімі жалпы болатын, әрі олар Аллаһтың Раббылығы туралы идеологиясының кейбір жеке мәселелерін білмейтін. Айта кететін жайт, мұсылмандардың көбі де бұл тақырыптың кейбір нәзік мәселелерін біле және түсіне бермейді. Осыдан шыға келе, Аллаһ Тағала Өзінің Кітабында адамдарға осы туралы білімді жеткізеді. Алайда бұл жеке мәселелерді білмеу Аллаһтың Раббылығына деген жалпы иманның жарамдылығына зиян тигізбейді және оны бұзбайды.

2-күмән:Қабірлерге табынушы сопылар құрайштықтардың Аллаһтың Раббы екендігін айтпағанның өзінде, Оның бар екендігіне сенбегенін дәлелдеу үшін келесі аяттарды келтіреді:

«Аллаһқа қалайша күпірлік етесіңдер? Өлі едіңдер, Ол сендерді тірілтті. Тағы өлтіреді. Соңыра қайта тірілтеді. Сонан соң (Қияметте) Оның алдына қайтарыласыңдар»(«әл-Бақара» сүресі, 2:28).

«(Мухаммад,) Біз сені одан бұрын да көптеген халықтар өткен халыққа өзіңе уахи еткенімізді оқып беруің үшін жібердік, бірақ олар аса Мейірімдіге күпірлік етті»(«әр-Ра’д» сүресі, 13:30).

“(Мухаммад,) оларға: «Сендер жерді екі күнде Жаратқанғанға күпірлік етесіңдер ме?», - де”(«Фуссыләт» сүресі, 41:9).

Олардың қорытындысы:бұл аяттар құрайштықтар Аллаһтың бар екеніне сенбегеніне және Ол жерді екі күнде жаратқанына, яғни Оның Раббылығына сенбегеніне айқын түрде нұсқайды.

Жауап:

Бұл аяттар да тура одан алдынғы аяттар сияқты түсіндіріледі. Мынау – ханафи имамдарының осы аяттардың мағынасы туралы айтқан сөздері: «Аллаһқа күпірлік дегенде олардың Оған серік қосатындығы меңзеледі»[9], - сондықтан да «Аллаһқа қалайша күпірлік етесіңдер?»сөздерінің мағынасы, яғни «Сендер қалайша Онымен бірге тағы әлдебіреуге құлшылық етесіңдер?!» болады[10].

Сондықтан да аяттардың мәтінін соңына дейін оқып шығу керек. ”(Мухаммад,) оларға: «Сендер жерді екі күнде жаратқанға күпірлік етесіңдер ме, және Оған өзгелерді теңейсіңдер ме?», - де”.Аяттың «...және Оған өзгелерді теңейсіңдер ме?»деп аяқталуынан бұл жерде Аллаһқа күпірлік ету дегенде Оның бар екендігіне күпірлік ету деген меңзелмейтіні түсінікті болады. Алайда ”«және Оған өзгелерді»Раббылықта «теңейсіңдер ме», әлде Құдай деп тануда ма?” деген сұрақ қала береді. Сопылар: «Раббылықта», - дейді, ал біз: «Құдай деп тануда», - дейміз. Осы аяттан кейін Аллаһ Тағала Рабылық сипаттарының тағы бірнешеуін атап айтты да, сосын: “Сол уақытта оларға ілгері кейін елшілер келіп: «Аллаһтан басқа ешкімге құлшылық қылмаңдар», - деді”(«Фуссыләт» сүресі,41:14)», - деп айтты. Осыдан олар Аллаһпен бірге өзге құдайларға да құлшылық етіп және оларды құдай деп танып, өзгелерді Аллаһқа теңестіргені түсініледі, бірақ басқа кімді-болсын Аллаһпен қатар Раббы деп санағандығы емес. 

Ал Аллаһтың «Бірақ олар аса Мейірімдіге күпірлік етеді»деген сөздеріне келер болсақ, онда, шындығында да, олар Аллаһ дәнекерлер мен шапағатшыларсыз олардың тәубесін қабыл етпейді және оларға мейірім көрсетпейді деп санап тұрса, онда қалайша аса Мейірімді Аллаһқа иман келтірмек?!

Сондықтан да «Аллаһқа күпірлік етеді» деген сөздер адамның Аллаһ бар екендігіне және Оның Раббылығына сенбейді дегенді білдірмейді. Сіздер Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) көкесі Абу Талиб өзінің немере інісі Мухаммадтың пайғамбар, ал Аллаһ онымен жіберген дін ақиқат екеніне іштей, яғни жүрегімен сенгенін, бірақ, сонымен бірге, өз халқының жазғыруынан қорқып, Исламның куәлігін тілмен айтудан бас тартқанына қарамайсыздар ма? Сондықтан да ол туралы да: «Аллаһтың Елшісіне (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) күпірлік етті (иман келтірмеді)», - деп айтылады. Бұл сөздер ол Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) бар екеніне немесе пайғамбар екеніне иман келтірмеді дегенді білдірмейді.

3-күмән:Сопылар көпқұдайшылдардың Аллаһ Раббы екенін айтпағанның өзінде, Оның бар екендігіне сенбегенін дәлелдеу үшін сондай-ақ мына аятты да келтіреді: “Олар: «Дүние тіршілігі ғана бар. Біз өлеміз, туыламыз. Бізді заман ғана өлтіреді», - дейді”(«әл-Жәсия» сүресі, 45:24).

Сопылардың қорытындысы:құрайштықтар атеист-материалисттер болған және Аллаһтың бар екеніне сенбеген.

Жауап:

Бұл аятта құрайштықтар материалисттер болғандарына нұсқау жоқ. Бұл аят олардың Қиямет күніне және Аллаһ оларды қайта тірілтетініне сенбегеніне нұсқайды.  

Ал ханафи мәзһабының ғалымдарына келер болсақ, олар бұл күмәнға тағы да бір жауап берді. Оның мәні арабтардың арасында атеизм мен материализмді ұстанатын бір топ құдайсыздар бар болғандығында. Алайда, сонымен бірге, олардың материализмі тек тілдерінде ғана көрініс табатын, ал жүректеріне келсек, олар Аллаһтың бар екенін мойындайтын. Қз.: әл-Жәссас «Әхкам ул-Қур`ан» 3/478.

Бұған дәлел – Аллаһтың мына Сөздері: «Олар мұғжизаларға көңілдері сенген бола тұра, оларға зұлымдық, менмендікпен қарсы шықты. Бұзақылардың соңының қалай болғанын көр!»(«ән-Нәмл» сүресі, 27:14).

Бұл екі жауаптың екеуі де дұрыс әрі бір-біріне қайшы келмейді деп қосу ғана қалып тұр.

4-күмән:Адам Аллаһтың Раббылығын мойындаумен ғана мұсылман болатынын дәлелдеу үшін, сопылар «Рабб» - Раббы деген сөз кездесетін аяттар мен хадистерді келтіреді.

Аллаһ былай деді: ”Олар: «Раббымыз - Аллаһ», - деп айтқандары үшін ғана зұлымдықпен үйлерінен қуылды”(«әл-Хаж» сүресі, 22:40).

Ол сондай-ақ былай деп айтты: “«Ол әр нәрсенің Раббысы бола тұра, Аллаһтан басқа Раббы іздейін бе?», - де”(«әл-Әнғам» сүресі, 6:164).

Аллаһ тағы да былай деді: “Расында: «Раббымыз – Аллаһ!», - деп, сосын мықты тұрғандарға періштелер түседі де: «Қорықпаңдар, кейімеңдер! Сендерге уәде етілген Жәннат арқылы қуанышқа бөленіңдер!», - дейді”(«Фуссыләт» сүресі, 41:30).

Сопылардың қорытындысы:Осы және осы сияқты аяттар бірқұдайшылықтың мәні Аллаһтың Раббылығын мойындауда екеніне нұсқайды. Сондықтан да кім, жалғыз Аллаһ қана Раббы болып табылатынын мойындайтын болса, сол оған періштелер түсетін бірқұдайшыл болады...

Жауап:

Бұл күмәнға негізгі жауап қасиетті мәтіндерде өздеріне бірден бірнеше мағынаны қамтитын көптеген терминдердің бар екендігі болып табылады.

Мысалы, «иман» (сенім) және «ислам» (ислам) қасиетті мәтіндерде әрқайсысы өз мағынасына ие болып келеді. Егер «иман» мен «ислам» ұғымдары бір аяттың, хадистің немесе бір мәтіннің құрамында бірге келсе, онда «иман» сөзі адамның ішкі сенімін, ал «ислам» сыртқы құлшылықты білдіреді. Бірақ егер аятта осы екі ұғымның біреуі ғана келсе, онда екіншісінің мағынасы біріншісінің мағынасына кіргізіледі. Басқаша айтқанда, егер аятта тек «иман» сөзі келген болса, онда ол жай ішкі сенімді ғана емес, соның негізінде сыртқы құлшылық құрылатын ішкі сенімді білдіреді. Егер мәтінде тек «ислам» сөзі келсе, онда ол жай сыртқы құлшылықты ғана емес, ішкі сенімнен туындайтын сыртқы құлшылықты білдіреді. 

Біздің қарап жатқан жағдайымызда да тура осындай. «Рабб» (Раббы) мен «иләһ» (құдай) терминдері, олардың әрқайсысы өз мағынасына ие.

Сондықтан да Аллаһ Тағаланың: “(Мухаммад): «Адамдардың Раббысына, адамдардың Иесіне, адамдардың Құдайына ... сиынамын», - де”(«ән-Нәс» сүресі, 114: 1-3), - деген аяттарында Раббы дегенде барлық нәрсені Жаратушы және Басқарушы меңзеліп тұр, ал Құдай дегенде құдайлық сипатқа бөленетін және құлшылық етілетін (объект) аталып тұр.

Бірақ егер мәтінде тек «Рабб» (Раббы) деген сөз келіп тұрған болса, онда ол өзіне раббылықтың да, құдайлықтың да мағынасын қамтиды.

Бұл күмәннің осы түсіндірмесін Ибн Абил ‘Изз әл-Ханафидің «Шарх Ақида әт-Тахауия»(390-394 беттер) еңбегінде табуға болады.

Ал Аллаһтың: “Олар: «Раббымыз - Аллаһ», - деп айтқандары үшін ғана зұлымдықпен үйлерінен қуылды”(«әл-Хаж» сүресі, 22:40), - деген Сөздеріне келер болсақ, онда олардың түсіндірмесі бұдан да оңай.

Аллаһ Елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) мен оның сахабалары тек: «Раббымыз – Аллаһ!», - дегендері үшін ғана өз үйлерінен зұлымдықпен қуылғанына ешкім күмән келтірмейді. Алайда Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары «Раббымыз – Аллаһ!» деген сөздермен нені меңзегендеріне қарайықшы. Осымен құрайштықтар мұсылмандарды олар Аллаһтың Раббылығын мойындағаны үшін қуып, көшуге мәжбүрлегені, ал өздері оны мойындамағаны меңзеледі ме? Әлде олар Раббылары Аллаһ болып табылатынын, сондықтан да тек Ол ғана құлшылық етуге лайықты екенін айтып, Аллаһпен қатар басқаларға құлшылық етуден бас тартқандары, ал құрайштықтар мұнымен келіспегені үшін қуылды ма? 

Бұған жауап құрайштықтар мен Рим патшасы Ираклийдің арасында орын алған уақиғада қамтылған. Ираклий Абу Суфияннан, ол әлі көпқұдайшыл мүшрик болған кезінде: «Ол Мухаммад деген адам (яғни Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын)) сендерді не нәрселерге шақырады?», - деп сұрады. Бұған Абу Суфиян: “Ол бізге: «Жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар әрі Оған серік қоспаңдар, және сендерге әкелерің айтып жатқан нәрселерді тастаңдар», - дейді”, - деп жауап берді (хадис сенімді (сахих);Бухари 7; Муслим 1773, Абу Суфиянның сөздерінен).

Міне, Абу Суфиян өздеріне: “«Лә иләһа иллә-Ллаһ», - деп айтыңдар, сонда жетістікке қол жеткізесіңдер”, - деп айтатын Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) сөздерін осылайша түсінген болатын (хадис сенімді (сахих);Ибн Аби Шәйба 14/300; Ибн Хузайма 1/82; Ибн Хиббан 6562; Дәрақутни 3/44 т.б.).

Абу Суфиян Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) “«Лә иләһа иллә-Ллаһ», - деп айтыңдар, сонда жетістікке қол жеткізесіңдер” деген сөздерін қалай түсінгеніне, яғни Абу Суфиян: “Ол бізге: «Жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық қылыңдар әрі Оған серік қоспаңдар...»,- дейді”, - деп айтқанына назар бұрыңыздар.

Осыдан Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және оның сахабалары: «Раббымыз - Аллаһ»,- деп айтып, «Біз жалғыз Аллаһқа ғана құлшылық етеміз»дегенді меңзегені, әрі осы үшін зұлымдықпен үйлерінен қуылғаны түсінікті болады.

Басқа осы сияқты аяттар да тура осылайша түсіндіріледі.

Сондықтан да бұл аяттарда сопылардың жалған сенімдеріне ешқандай дәлел жоқ.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.