Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 14 страница



– Тфу, атаңа нəлет! Пышағым ет жеген жерімде қалып қо- йыпты, – деді бұлқан-талқан ашуланып.

– Садаға, менікін алыңыз... – деп, алтауы бірдей шошаң қағысып пышақтарын ұсынып еді, қай бұрынын алып, қо- лындағы жаңқаны үшкілдеп ұштады. Тісінің арасын шұқы- ды. Тілге жаңа келді.

– Сендер мені осы жерден күтесіңдер.

– Сіз қайда барасыз?!

– Керейден тігерге тұяқ алмай кері оралу – туасымда жоқ ырым.


– Біз де барамыз. «Аузы күйген үріп ішер» деген. Енді берік болармыз, Садаға, – деп əлденеден құр қалатындай жа- мырасты жігіттер.

– Жоқ. Үйірімен жылқы алдырмайды олар. Сақ отыр. Мен күзетшінің шідердегі атын ұрлаймын, – деді тісін шұ- қыған күйі.

– Апыр-ай, Садаға. Біз де ерсек қайтеді, – деп үздіге та- қымдаған жігіттерге:

– Қауқарларың қатындарыңа жетпейтіні бар, құйрықта- рыңды қыспаймысыңдар. Қайта шабу не теңіміз, – деп қатты қайырып тастады. Өзі атқа қонды.

Күзгі аспан сынаптай толықсып, аумалы-төкпелі боп тұ- рады. Əлгінде ғана балық көз бұлт жоқ əуе əп-сəтте-ақ тұлан тұтып, түнере қалған. Құбыладан жел тұрды. Қарағай басы сусылдап, дүние əлем-тапырық күйге көшті. Жел тулатқан айнакөлдің толқыны жағалауды былш-былш ұрғылайды, бі- рін-бірі қуып жарысады.

Садақбай баранды қарағай түбіне байлап, шідеріде тұр- ған аттың қарасын көздей сақ аяңдап келеді. Тың тыңдап еді, құлаққа ешбір дыбыс шалынбаған. Толқынның шолпы- лы, желдің ызыңы ғана меңзеп тұр. Ат қайыру бермей, бір- талайға дейін бөксесін тақап, қиястанып əбігерін шығарды. Бұлайша қашанғы байырқалауын күтіп жүргенде, уақыттан ұтылатынын сезген соң, атты қыл құйрығынан шап беріп ұс- тай алды да, тұқыртып баса қойды... Ат теппек боп құйым- шағын бұлғаңдатып шыжбалақтағанымен, бөксесін көтере алмады. Шідерін асығыс ағытып, жайдақ міне берген. Міне бергенде, мұның жауырына басқа біреу қона берген. Қайдан сап ете қалғаны белгісіз. Садақбай басын оқыс бұрды. Адам. Адам екеніне көзі жетті білем, оң жақ қолын қайырып əкеп


ту сыртындағы пендені қапсыра қысып, арқасына таңған күйі атқа қонды. Əлгі бейбақ тырп ете алмай, көкжалдың са- уырындағы тоқты-торымдай-ақ салақтап кете барды. Былай ұзап шыққан соң, арқасындағы олжасын жұлқа тартып, жай- дақ аттың шоқтығына əкеп сұлатты.

– Еліңе айта бар. Садақбай деген қамшыгер мен бола- мын. Уай, зəу-затыңды!.. Мұншама лақтай салмағың жоқ, жылбысқы жетесіз болармысың! – Сілкіп тастады сонадай жерге. Өзі қосағында аты бар, сыпыра құба жонмен сыдыр- тып барады түн жарып...

 

* * *

 

Олар қара обаның кезеңіне ілінгенде, қар аралас жаңбыр жауды. Əмбесінде көзге түртсе көрінбейтін тас қараңғы. Оң мен солдан тандырып сарсаңға салған түн алпауыты сарын- сыз, сандалбайға салатын бұлыңғыр; бұлтартпайтын меңі- реу мекиен. Қар аралас жаңбырдың аяғы жаяу борасынға ұласты. Қарсыдан соққан өкпекке қасқая тартып, омыраулай алмай, ықтай береді аттары. Өңменнен соққан ызғырық қо- йынға кіріп, етек-жеңді емін-еркін қуалап, жағаны жұлқиды. Жол қиындай түсті. Жол дейміз-ау, бағыт-бағдарсыз, осы маңда-ау деп топшыланған жүріс мандымайды. Ең алда бір атты мініп, бір атты жетелеп алған Садақбай барады. Садақ- байдың далдасымен ұшып-жығылып алты азамат ереді. Іш- тей қыпылдап, мынау жөн-жосықсыз сапарларына иланба- ғандай. Сүрлеудің сорабынан бағана айрылып қалған. Ендігі жүрістерінің нəшіні не? Сенбейді. Сезбейді. Шыдаспады білем:


– Садаға, бұл қай бағыт?! Адасып өлетін болдық қой, –

деп дауыстады.

– Шатастық. Ермейміз бұдан əрі!

Ұлардай шуласып ошарылып қалған жігіттерге Садақбай:

– Ендеше, Керейдің иті жесін! – деп, жорта тақымды бір қысып, алға қарай тарта берген. Қолдан келер қайраты жоқ жігіттер қайта салпаңдасты. Боран үдеп салды. Бет қарат- пайды. Ақ тұман қапасқа айналды. Ет пісірім мезгіл жүрген соң ат басын ірікті Садақбай. Ат басын ірікті де:

– Уай, бірің бері келші. Мына жерде менің пышағым бар ма екен, – деді. Жігіттердің бірі аттан домалап түсіп, Са- дақбай құрығымен түртіп тұрған жерді сипалап еді, пышақ сабы қолына ілікті. Бұл – бері келе жатқанда төстік қақтап жеген Түйетастың иығы еді. Адаспағандарына көзі əбден жеткен дірдектеген топ қамшыгердің піріне мінəжат етіп, айқұлақтана шапты ілгері. Бірақ алда тік құз барын сезген олар Садақбайды тағы да ілгері оздырып жіберіп, артынан ерген.

Қамшыгер қалың ойда келеді. Жан дүниесі көкпар тар- тып жатқандай ию-қию; жан дүниесінде ит ұлып, ел көшіп бара жатқандай – ырымы жаман. Алты сан алаштың алдын- да бас имеген қажыр-қайраты өзгеше бір тəлімді пайдаға емес, қара қазанның қамы үшін ғана сарп етіліп, бор кемік- теніп құрып, өз-өзінен мүжіліп жатқанын ойлаған. Жортып өткен жылдарын зерде таразысына сап салмақтаса, толағай бастың көргені көбік шашқан көрікті һəм ерікті күйлі жыл- дар емес-ті: бір өңкей жарау құрсақ, тас түйін, жоқ-жұтаң күндер екен. Бəрі де бүгінгі суішеліктің, ертеңгі көрер таң- ның қалжауланған қалтыраңқы қам-қарекеттері де. Сылаң қаққан мынау қамшының бүлдіргесі жаңарып тағылған са-


йын, соқталы шайқастан сəттілік сағаты үзіліп, ұтылыс тап- са, анау бүртік өрімдей сандаған адамдардың бас-арқасынан судай боп қан аққан.

Ал енді өйтпесе – шекіспесе, талшығынан айырылып қалмай ма? Бірақ Садақбай күні бүгінге дейін нағыз қаскөй жаудың кім екенін ажыратқан жоқ, көрген де емес.

Мүмкін, мынау қазақтың салқар сахарасында зіл-зала- сыз торалғы тартыстар болғанымен, жау-дұшпан дегендер кезікпейтін шығар...

Ол ат үстінде əлі де қалғығандай мүлгіп келеді.

Бұдан былай тозақтың қыл көпіріндей жалғыз аяқ жол басталады. Төменінде Түйетастың құзары – Суықшат. Бұ- лар аттан түсіп, жетекке алды. Боранның арыны əлі де қай- та қоймаған-ды. Аса бір сұңғыла сақтықпен дəлдеп баспа- са, бұлт ете қаласың. Бұлт ете қалсаң, қия тастан домалап, сонада – Шарықтыбұлақтың суында жатарсың. Осы өңірдің тұрғындары Түйетастың қабырғасын жырып салған сүрлеу- ді «Қыл көпір» деп атасатын. Егер жазатайым құлап кетуші- лер болса, «күнəһар екен» деп жоритыны бар.

Алда терте бойы озық келе жатқан Садақбай жолдың сілемінен жаңылып, оқта-текте қамшысымен түрткілеп алады. Бопсаланған күпсе қарды дəу табанымен басып қалғанда, күрт омырылып тайқи жөнелді. Садақбайды іле кетті...

– Байқаңдар, жігіттер! – деген жалғыз үнді Алтайдың заңғарлары ғана үздік-создық қайталаған. Сонсоң бұл пəни- ді тыныштық басты... «Қыл көпірден» арттағы алты бейбақ қана аман-есен өтіп шықты-ау...


* * *

 

Садақбайдың жарасы ауыр болса да, өз көңіл күйі сергек- тін. Жарқаштана жарылған басын ырғайлы жібіттіріп құр- саулап тастады. Бес-алты қабат шыттың сыртынан буылса да, шекесін қысып, шыбын жанын шырқырататын. Самай тамыры оқтаудай боп, білеуленіп, көгеріп шыға келген. Қам- шыгер бас жарасын сезбес те еді, сол жақ ортан жілігі быт- шыты шығып, жəнеки оңбай мертіккен-ді. Сынықшы ша- қырттырмады. «Пайдасыз болар, олардың қолынан келе қояр шаруа емес», – деген. Жаңа сойған тоқтының шелілі терісі арасына қанжапырақ салып орап, құр жіп түгесілгенше, тыр- тыстырып шандып тастаған. Ауыл арасын алыс демей, аға- йын-туғандары, Қаратайдың ат аяғы жетер жердегі ақсақал, қарасақалдары мен жорық дəмін бірге татқан көңілдес жігіт- тер түгелдей кеп көңіл сұраған. Түйетастың енді мекен бола алмайтындығын, жапан тауда жалғыз жата бермей, есі барда елін тауып, іргеге көшіп баруын сабақ еткен. Туасы бір бет- кей, тағы боп өскен қамшыгер азғырындыға оң ықыласын бермеді. Намысына басып:

– Өлсем орным – Түйетас болсын, – деп, бөтен қыр аң- ғартқан соң, сырқат апшысын тарылтпайын деп, шолақ қа- йырысты бұл əңгімені.

Садақбайдың тəні жаралы болса да, көкірегі сайрап жа- тыр. Жас шамасы өзінен үлкен ақсақалдар келсе, басын кө- теріп, сынған аяғын бұлғаңдатып əкеп, малдас құрып оты- ратын. Малдас құрып мəжіліске көшкенде, сынған санын бармағымен қысып-қысып:

– Атаңның аузын ұрайын. Өзі уақ боп сынған-ау, мыжы- сам күтір-күтір етеді, – деп қарқ-қарқ күлетін. Ауырсынып


отырғанын қаншама білдірмейін, сездірмейін деп сүйекке қарысса да, жазық маңдайына шағаланың қанатындай сы- зат түсіп, тері бұршақ-бұршақ сорғалайтын. Шалдар есіктен шыға бере, ес-түссіз талып қалушы еді-ау. Қамыққан Қамқа- ның көзінде таңғы шықтай мөлдіреген жас, ал керегеде ілулі жетім қамшы тұратын мұңайып. Өмір мен өлім арасындағы асқаралы күрестің куəгері – осылар ғана.

Қамшыгер ит қорлығын тартып ұзақ жатты.

Садақбайдың көңілін арғы беттегі Керей азаматтары да сұрап қайтқан.

Біреулер қуанған. Біреулер мұңайған.

 

* * *

 

Ымырт жамылғанда, сусын жұтты. Қамқаның ұзын қара шашын сипалады. Еркелетті. Қош көңілмен балаша ерігіп, жоқтан басқаны айтып, Қамқаны күлкіге батырды:

«Сені тастап, Керейден қыз ұрлайын деп жүргенімде, мертігіп қалдым».

Қалжың айтқан. Сонсоң, мызғып кəдімгідей түшіркеніп ұйықтап кетті. Қамқаның ақ құба бетіне қан жүгіріп, торыны арқандауға тысқа шықты. Жұлдыздың аққанына, меңірей- ген сақау тауға қарайды, əлденендей жақсы үміттің сəулесі жүрегін кезді, торының кекілін тарамдап: «Құтпаным!» – деп, мойнына оралды...

 

* * *

 

«...Керегеде ілулі тұрған он екі таспа қамшының ұшынан бір жылы су ағып тұр. Қамшыгердің көзіне тырс-тырс тама-


ды. Нұрлы қаяттың суындай мөлдір өзі. Кеберсіген ернін өзі тосты қамшыға. Ындыны құрып қомағайлана жұтып-жұтып жіберіп еді. Тым-тым удай ащы, кермек татиды. Көздің жасы екен...».

Садақбай кіресілі-шығасылы есін жиды. Өңі емес, түсі болғанына қуанған жоқ. Қамықты. Күлге аунаған қотыр бу- радай халді басынан кешіріп жатқанына алғаш рет налыды. Мұрны пысылдап, Қамқа да көз шырымын алған екен. Сыб- дырын білдірместен ұмтылып барып маңдайынан иіскеді; ұмтылып барып бас жағындағы қамшыны алды. Бөстектің шеті ашылып қалып, қоң еті күлімсі сасып, қолқаны қапты. Бетін тыржита аз-кем жиіркеніп біраз отырды. Біраз отыр- ған соң, қамшысын таянып жүреледі. Тағы да тынысы лақат- та қалғандай тарылып, деміге берді. Кеудесі сырылдайды. Қамқа тəтті ұйқыда.

Садақбай керегені сықырлатып сау аяғына тұрды. Ақ- саңдай басып шығар есікке беттеді. Бар қуатын жиып, жар- ма есікті ашып қалғанда, қарашаның салқын ауасы төрге ұмтылды. Киіз үйдің белдеуінен ұстаған күйі, сынық жам- басын бұлғаңдатып, ауырғанына қарамастан, əр жерде ша- шылып жатқан өгіздің терісін жиды. Бір жылда ғана барым- талап əкеп пышаққа іліндірген өгіздің қатып-семіп қалған тулақ-терісін аса ықтияттықпен бірінің үстіне бірін қаттады. Үстіне əнейімен отыра кеткен. Жаралы санын шешіп, ала- қанымен қысып қалғанда, илеген қамырдай былп етіп, бе- тіне саусақтарының ойдым-ойдым табы түсті. Басын шай- қап жымиды. Атына қарады. Баран иесіне қарады. «И... и... жануар-ай!». Ендігі сəтте ол жылан шағып алғандай атып тұрған. Əйтеуір, бір тылсым дүлей күш мұны жерден көте- ріп алып, құлатпастан демеген, дем берген-ді. Тісін шақыр-


шұқыр от шығара қайрап жіберді. Сонсоң білемдей ұстаған қамшысымен қабат-қабат өгіз терісін пəрменімен тартып жіберді. Терілердің қамшы тиген тұсы балтамен шапқан- дай кесіліп қалған. Садақбай теңселген күйі əлі тұр. Əлі тұр теңселіп. Алысқа, тым-тым алысқа, марқажонданған адыр- ларға, құба жондарға қарайды. Бір төбенің шаңын бір төбеге қосқан наркескен жылдарын есіне алғаны ма, екі ауылдың арасын қиқулатып, бұғалықсыз асауды құр-құрлатқан жи- ырма бесім, қайдасың деді ме, тіршіліктің мынау қолында- ғы қамшының сабындай келте, сабындай жылпылдақтығын əрі ермен шөптей ащылығын ойлады ма, құйрық-жалсыз жалғыздығын енді ғана сезді ме... Ол ішек-қарны ақтары- ла, қатты... аса қысастықпен еңкілдеп жылап жіберді. Жы- лап тұр. Сыңар аяғына ғана сүйеніп еңіреп тұр... Еңіреп тұр. Сонсоң дауыл қопарған бəйтеректей гүрс етіп сұлап түсті. Бұл не деген ит өлім. Не деген бұл ит өлім. Қамшыгер енді жоқ...

Машырықтан сарғайып таң атып келеді... Ол – Садақбайдан өзгелердің таңы...

 

* * *

 

Садақбайдың қарысып қалған күрзідей жұдырығын Қа- ратайдың мұқым жігіті болып аша алмаған. Қамшысын бі- лемдеп ұстаған күйі, көкпеңбек болып қатып жатыр. Жұ- мылған жұдырықтың түбіне тақалған тұсынан кесіп, қам- шының былайғы жағын алайық деп еді, Қамқа рұқсатын берген жоқ.

– Артында қалған баласы бар ма, қамшы ұстау қатынның ісі емес. Жан досы ғой, бірге əкетсін өзімен, – деді.


Шариғаттың заңы бұзылып, Садақбайдың қамшысы ақи- ретке өзімен бірге оралды.

 

* * *

 

Ай астында: Қан жылап жетімсіреген қараша үй қалды; қара жамылған жесір əйелдің мұңдықты басы қалды.

Ай астында: Марғауланып ер мен елдің осыншама ерке- лігін, осыншама қайғы мен қасіретін мамырстан кеудесіне сыйғызып, қазақтың күреңселі даласы жатты.

Бірақ осы аңғал-саңғал Алтай тауында өткен уақиғаның бəрі-бəрі де баяғының садағасы еді...


 

 

БУРА

I

Бура Қазақбай ауылын талақ тастап, қашып шықты.

 

* * *

 

Хайуан да аңсап, ұзақты түн телміріп, сарғая ататын таң- дай сазды сағыныштың бесігінде тербеле алады екен. Хай- уан да егіздің сыңарындай кеше ғана тілерсек тістесіп, бұла боп өскен келесінен бір-ақ күнде көз жазып, айырылып қал- ғанда, қысастана шайпауланып, албатыға лағып кетеді екен. Бура өткенін – сол өкінішсіз өтпелі өткенінің қимас қым- ғуыт шақтарын іздеп, ұзақты күні салқар сахараны кезетін- ді. Шудасы желпілдеп, маң-маң басып, белгісіз бұлыңғыр да буалдыр үлпілдек үміттің жетегінде шеру тартатын. Алпам- садай алып сыртқы пошымына қарап, дүние өртеніп кетсе де, елең етіп ескеріп санаққа да, санатқа да парықтамайтын төрт аяқты күйіс қайырғыш түлікті ғана елестете алар едің көз алдыңа. Бірақ Бура тіпті де кəперсіз, дүңген мақұлық емес. Ол иісі жануарға тəн тілсіз əрі түсініксіз қиналысты басынан қысқа күнде қырық рет кешер еді. Түйе атаулы жы- лауық деген ұғымға сайып, Бураның тостағандай бұлтиған мөлдір көзіне тесілсеңіз, кешкі алаудай шапақтанған шара- сының жиек-жиегі тым құрыса шыланғанын да байқай ал- майсыз. Бура «ағайындарынан» айырылып думанды шақта-


рын толастатқанымен, не жылаған, не боздаған емес. Қара- ған басы бүрлеп, көк тебінденгеннен бері, саяқсып ауылға жоламай жүр. Ауылға жоламай жүргені – осынау тəй-тəйлап аяқтандырып, үкілеп өсірген туған ауылын менсінбегенді- гі ме. Жо-жоқ. Ол бұл ауылдай жаннатты жерді дүниенің қай-қай түкпірінен де таба алмақ емес. Бура бұл ауылдан тек соңғы кезде ғана əбден түңілген. Түңілмес еді – екі кө- зін мөлдіретіп қойып, енесі – інгенді сойып жеді. Түңілмес еді – ауылда бір шоқ үркердей қараң-құраң болып жүрген ағайын-туғандарын Бұқтырмадан өткізіп, арғы ауылға айдап жіберді. «Осыншама бақандап қуып, босқындататын, те- лім-телімдерін шығарып алапестей аластағандай, не жазды адамдарға; жазығы ғасырлар бойы табанынан таусылып тір- шілік жүгін арқалап келгені ме; сырты жүн, іші боқ хайуан аталатын түйенің бұл пəниден көрмегені бар ма еді; əттең- ай, олардың тілі жоқ, адамдай жетілген ойы жоқ... əйтпесе... əйтпесе жалпақ жаһаннан көріп-білгенін тау бұлағындай тасқындатып сырғып шертер ме еді; ақыл мен ар-ожданды адамдарға-ақ берсінші; қышыма жегізіп Жаманашының бөк- теріне емін-еркін қоя берсе етті; тіпті əжетке жараудан қал- сын-ақ, топандай тоздырып, заман желіне ұшырмай қара ба- сын қалдырса етті». Бура бұлайша əсте де сезінген жоқ өзін. Егер дəл осылайша ойлап бағамдаса, түйсігіне түйсе, бұл күйге душар болмас қой. Өкініштісі де сол ғой, момындығы ғой, есінің жоқтығы əрі дəрменсіздігі ғой. Ендеше, есі бар- ларға не жорық...

Хайуан екеш хайуан да аңсап сағына алады екен... Алты ай қыс ауыл қайдасың демеген Бура, жаз туып, көк шыға, əдепкі əдеттерінше тауға тартқан.


Алтайдың етегін табиғат кең, молынан пішкен. Қырық рудың елі жиналса да, қойын-қоншы мен қойнау-қойнауы жым-жылас қылғып қоятын. Ұшар басынан ағараңдаған қары мен ақ түбіттенген бұлты арылмайтын асқар Алтайдың етегі жайсаң, жадыраңқы, Арқаның даласынша еркін көсі- ліп жататын. Тау бөктеріндегі қалың нөпір қарағай да қаптай қаумалай келіп, кілт көмкерілетін; соңғы бір жылдары жуық маңдағы ағаш атаулы мінтеліп, құйрық-жалдан айырылған жылқыдай-ақ таудың қапталына қарай үрке қашып кетіскен. Ойда тұрып тау төскейіндегі орманға көз тастасаң, бағзыда- ғы сыпыра жыныстың іріген сүттей бөлек-салақ қалған ірім- тігін аңғарасың.

Алтайдан ызыңдаған жетімек жел үзілмейтін. Желемік ессе болды, ақселеу жамылған дала төсі қыбырлап, орама- лын бұлғап тұрған сансыз қыз-келіншекке тым ұқсап кетуші еді. Кей ретте бұл дала асау толқынды алтын ағысқа, асығыс ағысқа ұқсайтын. Алтайдың осынау бір жалпақ қойнауы да көбінесе бостан-бос, иесіз иен-тегін мелшиіп жатар еді. Жаз шығып, ел жайлауға көшкен сəттерде ғана бойына қан жүгі- ріп, серпіліп сергитін. Оқта-текте кезігетін шоқаттар болма- са, тау етегіне ілінгенше мынау дала тұлдырсыз, бедірейген бетпақ. Анда-санда ескі тамның, не обашықтың омырайған орны ғана көзге тиек болар. Əйтпесе тоқтының жабағысын- дай, тіпті жауыр аттың қапталындай ағараңдап, ойдым-ой- дым боп сортаңданып кететін қылығы да бар бұл өлкенің.

Туған жерінің осы іспетті бірде жайсаң да жасаң, бір- де кенезесі кепкен аңырақай дидары Бураны жалықтырып, мезі етіп көрген жоқ. Кең даланың суығына тоңып, ыстығы- на көнген хайуан тіршілік кешкен жерін сүреңсіз сұсты күй жайлап, жұтынған жұрттың тықыры таянған сайын шиыр-


шық атып, жауынға тиген қыл арқандай ширап алатын. Қазір де құтын қашырмай жапырайған жотаны табанының астына тастап, маң-маң басып барады.

Төр жайлауға қарай суыртпақтанып кете барған соқтыр- масы көп соқпақ пен Бураның тұңғыш рет жүруі емес-ті. Жалғыз, құрбы-құрдассыз жүруі ғана. Ол бұдан бұрынғы от-оттап, су ішіп өткен жылдарында бұл жолмен тек жай- раңдай басып, тайраңдап қана өткен. Көк шыға, мұқым ел жапа-тармағай жайлауға көшкенде, бұлар да тобын жазбас- тан аттанысатын. Көшке көніккен кəрі кəнікті атандар бол- маса, бура-тайлақтарға көбінесе тиіспейтін еді. Ал бұлар қа- йыру-қолды қажетсінбей-ақ, бұта-қарағанның басын шала, Өскелеңге лыпып өздері жетіп баратын. Сосын қоңыр күз туып, ел ойға ауа көшкенде, тағы да келген соқпағымен ыр- ғала басып, қайтқан тырнадай ауылға шұбатылатын. Ал жаз- дай жонның сонысын жеп тойынған түйелердің басы көз кө- рімнен мен мұндалайтын. Жүк арта-арта əбден ығыр қылып, мылжа-мылжасын шығарып тастаған атан мен інгендердің өркешіне дейін жауыннан кейінгі жауқазындай едірейісе қа- латын. Ол да бір дəурен екен-ау.

Бура Тасшоқының асуына келгенде, жүрісін ірікті. Осы тұсқа енесі де аялдап, мұны бір дем емізіп алатын. Əлде сол бота шағы есіне түсті ме, əлде күні бойғы изең-изең жүріс ерқашты етіп шаршатты ма, ұзақ аялдады. Бұйда жырым- жырымын шығарған танауы саңырайып, əр шөптің басын бір шалғаны болмаса, бірде-бірін сүйсініп жемеді. Құрық- тай мойнын созып, ендігі асатын алып асуға ұзақ телмірді. Сосын басын самарқау бұрып артына қарады. Тасшоқының қамшылар жақ ықтасынында ескі қыстау бар. Қыстыгүні мұнда бір қора қой қыстайды да, жер қарая, таудың арғы


бетіне асып кететін. Енді Бура осы қораға беттеді. Бір отар қойдың қыстайғы қиы тау болып үйіліп жатыр. Əр тұста ша- наның шанағы мен қанаты, түбі ойылған бөтелке мен ескі шелек, керзі етіктің қонышы жоқ басы шашылып, онсыз да иесіз қаңырап тұрған қыстауды сұрқайландырып жіберген. Сарсыған саздаудың сасық иіс-қоңысы қолқаны қабады.

Бура маймаңдай басып теректен ырып жасаған науаға барады. Күн көзінде қалып, əбден қаңсып, ырсиып-ырси- ып айырылып кеткен екен. Түндегі нөсердің сарқыны бо- лар, сүтсіз шайдай тобылғы түсті су бір жақ басында іркіліп тұр. Науаның екінші жақ басында ескіден ери-ери əбден қақ болып қатып қалған тұздың жұрнағы бар. Ащылаған түйе мойнын былқ еткізіп босатып, басын науаға тастай салды. Қара май сіңген бе, əйтеуір, сапасызданып бұзылған ащы Бу- раны түшіркендірмеді білем, ернін жыбырлатып, басын ыр- ғап-ырғап жіберді де, пысқырды-ай кеп. Бұдан соң үңірейіп саңырайған қораға бет алды. Түндегі жауын қойбатпақтап тастаған көңнің бетінде қара құрым боп қаптай қонып отыр- ған сарбас шыбындар түйенің жалпақ табаны былш-былш тигенде, жау қуғандай ызың етісіп, екінші бір жерге барып қонысады. Қораның үстіне қалың алабота мен шабата өсіпті. Қыстан қалған сабанның сояулары жатыр. Бура түк таппа- ғандай уықтай мойнын созып, əлгі сояу-сояу сабанды күрт- күрт шайнап біраз аялдады. Енді бір мəурітте желқом қажай- қажай ақ жемін шығарып, артынша ақшулан жүн өсіп, оттың орнындай ойымданған қапталын ағаш үйдің бұрышына үй- кеп-үйкеп алды да, Тасшоқының басына бет түзеді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.