Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 15 страница



– Бикеш, отырыңыз, ұялмаңыз, – деп қызға орын нұсқады. Есік көзінде селтиіп тұра беруге Гүлияның да зауқы жоқ еді, кіре беріс он жақтағы аузын бүрістіре буған сабаның түбіне бір тізерлей иіліп, төмен қарап жайғасты.

– Жүдеп қалыпсың, Гүлия, – деді үнін мейлінше жұм- сартып.

– Сізді сағынғаным шығар, аға... – деді қыз көзін жерден көтермеген қалпы. Бұл сөзді мазақ деп ұқпаған Оспан кәдімгідей қутың қаға қуанып, жымиды.

– Мен де, мен де санамен сарғая сағындым, – деп салды.

– Көзімнің құнын даулап жүргенім жоқ әкеңнен. Сенің бір ауыз ықыласты жылы сөзің үшін сонау ит арқасы қиян алыстан, ат арылтып іздеп келген бетім. Сұлу қызды жақсы көруге менің де правом бар ғой. Осы жаңа өкіметті осындай әділ праволары үшін орнатпадық па.


– Әрине, – деді Гүлия бетін шұңқырайта жымиып. – Жолыңызға қарай-қарай менің де көзім төрт болды. Алты алаштан, тіпті бүкіл малтыкөл руынан сақинадай таңдап алғаным сізсіз...

Оспанның екі езуі екі құлағына жете мәз болды. Бір жамбастай жылжып қызға қарай жақындай түсті.

– Екі дүниеде де ризамын саған, Гүлайым. Қайта туғандай болдым-ау. – Үні толқып, дірілдеп шықты.

– Ол үшін мен де қайта тууым керек-ау, ағасы. – Оспан қыздың астарлы сөзін тағы да түсінбей қалды. Ынтықшыл көңілдің жел тұрмай желіккен көбік нәпсісі меңдеп, Гүлияның талдырмаш білегінен қыса ұстады. Именген әлсіз қарсылық- пен қолын әрең ажыратып алған қыз кейін ысырыла отырды да:

– Аңқау екенсіз, ойын мен шынның арасын ажыратпадыңыз. Мен тірідей сіздің үйдің табалдырығын аттай алмаспын, аға. Дәл қазір атып тастасаңыз да көне алмаспын ырқыңызға, сүйгенім бар, – деді аққұба беті дуылдап.

Оспанның соқыр көзі бағжаң етіп, жанарынан шоқ ыршып түскендей болды. Мұриттенгенін енді ғана сезіп, өз деміне өзі тұншығып, қылғына ашуланды. Бірақ өрескел қылық көрсеткен жоқ. Тапаншанын жанына тоңқаңдай еңбектеп қайтып барды. Оған осы екі кездей ғана арақашықтықты соншалықты ұзақ жүрелеп жүріп өткендей өзін шаршаңқы сөзініп, аһ ұра күрсінді, өкпесі өше ауырлап дем алды, өз тілін өзі шайнап жұтып қойғандай үндемеді.

– Сіз ренжімеңіз, шыным да, сырым да осы, ағасы. «Дархан» деп соққан жүрегім бөтен біреуге алаңдамақ емес. Сол кісі мені мәңгі ұмытпастай етіп сиқырлап қойғандай. Бұл жайды сізге сонау алтыбақан басында сездірген де едім.

– Ол енді қайтып қайырылмай қойса қ... қ... қа... қайтесің,

– деді тілге әрең келген, Оспан. Оңбай қапаланған көңілі әлі де орныға қоймаған-ау. Сөзін үзіп-үзіп кекештеніп зорға айтқан- ды.

– Бәрібір тосамын. Қара жер қойнына алғанша күтермін.

– Қара жер емес, мына мен, мен қойныма аламын! – деп жындана ақырды. Қатты шошынған Гүлия орнынан атып тұрып, ор қояндай зыта жөнелген.


Аузынан ақ көбік ата айқайлаған Оспанның аю талағандай қорқынышты үнінен үріккен екі милиционер жігіт «что, не болды» деп есіктен ентелеп кіріп еді, оларды «кетіңдер, кетіңдер» деп ізінше айдап шығып жалғыз қалды. Жалғыз қалған соң төрдегі қырық жамау көнетоз сырмаққа етпетінен сұлап түсіп, жас балаша солқылдап ағыл-тегіл жылады-ай.

«Ұят-ай» деп айтар, жұбатар тірі адам жоқ, ботадай боздады, өксіп-өксіп еңіреді байғұс. Сүйгеніне қосылу үшін заманды мың рет аударып, төңкерсе де, қой үстіне бозторғай ұялаған қоғам орнатсақ да, көңіл жарастығы, жүрек туыстығы болмаған жерде бәрібір күштеп байлап, матасақ да болмайтын баянсыздығына налыды. Бұл өмірде Оспан үшін ата жау күштілер, беделділер мен атағы аспандағандар ғана емес, сұлулар мен көріктілер екенін көкейіне тағы-тағы таңбалай түсті. Өзінен бедел-бағы екі елі асқандарды иттің етіндей жек көретін өшпенділік оты лапылдап, өз бармағын өзі шайнап ашуланғаны соншалық, тізерлей отырып, екі алақанын көкке жайып қарғанып-сілене жөнелген:

– О Құдай, бармысың, жоқпысың. Бар болсаң мені неге қор қылып жараттың. Ей, Алла тағала, не көрік бермедің, не алшайта киер бөрік бермедің, кәріңе ұшырайтындай не жазып едім, жазығым жан сақтаудың амалын іздегенім бе? Елге күлкі, дұшпанға таба қылмай алсаң еді. Желдей есіп, тасың өрге домалап тұрмаған соң, жер басып жүргеніңнен не пайда? Бүйтіп көзге түрткі, сұлуларға күлкі болғанша өлейін-ай, мен үшін тап жауы – бөріктілер ғана емес, көріктілер.

Тапаншасын оқтап, шықшытына тіреп тұрды да:

– Жоқ! – деді саңқ етіп. Аядай қараша үйдің ішінде толғақ қысқандай теңселе жүрді. – Мұным ерлікке де, еркектікке де жатпас. Күресіп көрейін әлде де.

Ол абзал өліммен өле алмайтынын сезді де, әрі өзі кетсе мұқым қаймана қазақ қараң қалып, жер бетін көңілсіздік басатындай, үлкен ұрысқа аттанардай ширақ та сергек. Жалпақ жаһандағы сұлулық пен ізгілік атаулыға кектенген. Идея, саясат, әлеуметтен тысқары жеке басының мұң-кайғысы, болымсыз қуанышы үшін тау мен тастан қайтпайтын жігермен орнынан шапшаң тұрған Оспан дүниежүзіндегі ең қауіпті жаулардың бірі секілді еді. Бірақ, ол өзі әсте де адамзаттың жауымын деп ойлаған жоқ және жалғыз емес, кең дүниенің әр бұрышында


жақсылықтың, жаназасын оқуға құштар, өзі сияқты жандардың көп екенін саналай алмады. Өйткені, ондай ішінде ит кұшіктеп жататын адамдар бір-біріне қосылмай, жарғанаттай түн жамылып жеке-дара майданға шығатын. Сондықтан да не жеңбей, не жеңілмей мәнгібақи өмір сүре бермек. Әлемдегі ең қауіпті жау – осылар екенін адамзаттың өздері де бәлкім, ұға бермейді-ау.

«Адамзаттың жауы» есікті ептеп ашып, түн түнегіне сіңіп жоқ болды. Қайда аттанды? Ешкім білмейді!

Бұл түні Гүлия да төсегіне жете жығылып жылаған, тұңғыш рет екі көзі бұлаудай болып егіле еңіреген. Дүрия қанша айналып-толғанып жұбатса да уанбады. Сүйген жігітін сағына қыстыққан жүрегін көз жасымен армансыз жуып тазартты. Қызық, тарқамас кұмарлықпен рахаттана жылағаны несі. Сүйгенін іздеп зарлаған көлеңкесіз көңілін, міне, алғаш рет наланың бұлты басты. Айығар ма? Кең дүниенің біртін-біртін тарыла бастағанының бастамасы ғана еді. Еліктің лағындай еркелеп, табиғатананың сыршылдығынан өзге мәңгілік күйді білмеген, айлы түн, ашық аспан – жылқының жусағанындай тыныш өмірге ғашық қыздың қоғамдық апалас-төпелестен еш хабары жоқ, күнәдан пәк, азанда жауған ақшақардай ар тазалығын сақтаған; сырлы аяққа су құйып тұндырғандай мөлдірлік пен бар жақсылықты, бар махаббат пен бақытты ертеңінен күткен; шашын он күн тарап, бес күн өретін кербездік енді бүгінгі кештен бастап келмеске кеткендей; Гүлия-қыз үшін зұлматтың қияпат жолы – бүгіннен басталғандай ма. Кім білсін...

«Ертеңгі күнін, не болар екен, қарағым-ай?» деп басынан сипар шын жанашыр іздеп, құлындаған көңілі көктемгі қардай көбесі сөгіліп, еріді-ай... ағыл-тегіл; мұндайлық нәзік жанды, мамық сезімді, егіннің жаңа шыққан көгінде қазақы қызды тек қана үкілі тақиясы бұлғақтап, дүрия көйлегі желбіреп, батқан күннің шапағына шомылып, қыр асып бара жатқанын ғана көріп ақтық рет қол бұлғап қалғың келер. Мүмкін қазақ үшін ең ақырғы Ақжүніс, ең ақырғы  Баян, ең ақырғы Жібек

– осы ма деп соңынан қимай қарап, қимас тілекпен шығарып салармыз; алысқа тартқан әйкерім, сені қайтарып алар күш қайда, қайда...

– Көп жылаудың басы ғана бұл, – деді Дүрия. – Жыласаң жылашы. Мауқың басылар. Оспан соқырдан мен де қорқамын. Сені алмай тыншымас.


– Қайдағыны айтпашы, – деп жалынды өксігін баса алмаған Гүлия. – Одан өлген артық.

– Қазіргі заң да, заман да Оспанның жағында. Кімге үйленем, кімді айдатамын десе қолынан ешкім қақдайды.

– Асқанға да тосқан. Оның үстінен қарайтын да біреу бар шығар.

– Қарға қарғаның көзін шұқымайды, – деді Дүрия. – Ертеңгі күні лақтай бақыртып алдына өңгертіп ала жөнелсе, қой деп айтар есі бүтін азамат тауып алшы бұл ауылдан. Бәрі де қоян жүрек қорқақ болып біткен. Дарханың жаныңда болса да Оспанға түк істей алмас еді. Соқырдың қолында күшті билігі бар.

– Қазір билік пен білектің әмірі жүрмейді. Әркім өз сүйгеніне қосылу үшін орнаған большевиктер үкіметі, – деп қасарыса дауласты Гүлия. Бағанағыдай емес, тас-түйін бекініп алғандай.

– Әлгі қайлашы жігітің саяси сауатыңды ашып үлгеріпті ғой, – деген Дүрияның сөзін елеместен қарына орамал іліп, қолына жез құман ұстап үйден шыға жөнелді. – Мұның да беті ашыла бастады, – деп күрсінді Дүрия. – Беті ашылмаған не қалды?!

Ауыл активтерін шақырып алған қара былғары киімді жігіттің бұйрығы қысқа болды: «Жан-жақтағы елге, ертең конфискациялау басталады, байлардың малы, үй-мүлкі бөліске түспек, арзан бағаға мал сатып алам дегендер болса келсін»,

– деген хабарды сүйіншілей айғайлап, жан-жаққа тасыр- тұсыр шапқылап жатты. Сонау бір шел Шардағы, ана жақтағы Құландыда шойын жол төсеп жүрген жұмысшыларға да кісі жіберткен. Ал, өзі қорыққан да үріккен жоқ, Омардың үйінде қонақасысын жеп, қымызын ішіп, ертеңгі бастамақ науқанның барлық мәселесін ашықтан-ашық шешіп, қәперсіз отырған.

Өкіл жігіттің бүкпесіз, жымсымасыз жалаңтөс қылығы Омарға бір есептен ұнап та қалып еді. Кетарысы жоқ, жат- сынып, жатырқамаған көңілмен барын аузына тосты. Мал сойды, күздің бесті қымызын да аямады, келімді-кетімді кісілердің бәріне ағыл-тегіл құйды-ай. Аста-төк мол тамақтың қысымдап, шым-шымдап келген саран аузы сөгіліп, ит басына іркіт төгілгендей думанды кеш болды. Осы түнде бұл үйге бас сұқпаған тек Оспан ғана еді. Екі-үш рет арнайы адам жібертіп


іздеттіріп еді, ешқайдан таба алмады, жер жұтқандай жым- жылас жоғалған.

Омар байдың емен-жарқын мінезі, ашық көңілі былғары киімді жігітке де қалтқысыз ұнаған-ды. Жазығы – шонжар екендігі ғана. Әйтпесе, көпті көрген, көпті білетін көшелі адам секілді. Шарт та шұрт мінезі жоқ, алыстан ойлайтын, сығалап өлшеп, сырбаздап пішетін манғаздықты байқады. Ақылсыз адамнын байып, дәулет жиып, сол мол дүниені шашау шығармай ұқсата білуі екі талай екеніне көзі жете түскендей болды. Төр алдына қатарласа малдас құрып отырған Омардың әлі де әжім әдіптей қоймаған келбетті жүзіне қарап отырып, сал-мақ пен сабырға лайық дидардан екінің біріне біте бермес, адамның пысын басар, дуалы қуат барын аңғарды.

Алғашында екі жақтан да әңгіме болған жоқ, әр нәрсенің жөнін біліскен сұрақ-жауаппен ғана қысқа тілдескен. Қымызға қызған соң бой жылынып, көз үйренісе келе ептеп түсініскендей-тін, бірақ ішкі сырын, көзқарастың дейміз бе, таптық дейміз бе-ау, өз мақсұттарын аша қойған жоқ, сынасқан салқындықпен жай ғана сөйлесіп отырды. Мықтылықты екеуі де сезіскен, енді сақтық қана керек болып қалыпты.

– Сіздерден басқа байлардың көбі түрмеде, конфискеленіп біткендері жер аударылып кеткен, – деді былғары киімді жігіт темекісін тұтатып.

– Білемін, – деді қымыз ұсынып. – Игілік пен өлімнің ерте- кеші бар ма, мен дайындалғалы көп болды, кешігіп келген өздерің.

«Осы шыны ма» дегендей бетіне қарап еді, аппақ сазандай сәулелі жүзі сәл сазарғаны болмаса, нұрын тайдырмаған.

– Сізді конфискелеу үшін Семейден рұқсат керек болды. Беделді юрист Еркін Кенжинмен бір ауыз тілдеспей бас салуға жасқандық.

– Заңды шығарып отырған сендер емес екендеріңді білемін, егер әмірді орындамасаңдар күндерің менен де төмен. Түрмеге елден бұрын қамалар едіңдер.

Жігіт күлді. Оқу-тоқуы жоқ байдың көрегендігіне, ақырын айтса да шымшылап астарлап айтатын шеберлігіне тіпті тәнті болды.

– Бұйрықты орындамауға хақымыз жоқ екені рас. Дегенмен бұл жоғары жақтың жорамалымен істеген ағаттығы емес,


ақсақал, өкіметті өз қолына алған кедейлердің талабы, Совет өкіметі орнаған он жылда бұрынғы бай-манаптар байып алмаса, дәулеті сарқыла қойған жоқ еді. Біраз еркелетті, енді өкпелеріңіз жоқ шығар.

– Өкпелейміз деп өкіметтің құзырына қарсы келгендердің сүйегіне қына шығып қалғалы қашан. Аман-есен отырғандар мына мен секілді қол қусырып, басын игендері ғана. Алым- салықтың қандай түрі болсын өтедік. Егін салығы деді – бердім, сиыр салығы деді – тайпалған жорғаны орыстың көтерем өгізіне айырбастадым. Біресе қолымнан, біресе жолымнан алмаған дүниесі қалды ма, сонда да ғайбаттап тіл тигізіп көргенім жоқ.

– Жылқыңыздың көбін арғы бетке айдаттырып жіберді деген не сөз, ақсақал? Бағана біз көрген малдың саны тіпті аз секілді.

– Ол қасқыр тұмсықты тіміскілеген Оспанның шығарып жүрген оттаубайы. – Омар алғаш рет тістене өз мінезіне жат сөз айтып қалған. – Қырық күн шілде, сарша тамызда үстінен құс ұшырмай бағып-қаққан адал малымды шүршіттің аш-арығын асырау үшін садақа қылады дейсің бе, қарағым. Одан да тістің суын сорған өз елім, өз ағайыныма бұйырғаны адал емес пе.

– Бәсе, – деді желпініп өкіл жігіт. – Сіз ондай кесірлікке бармайды-ау деп ойлап едім.

– Рас, малымның саны аз. Бұрынғы жер қайыстырар жылқымның қазір жартысы да жоқ, оны жасырмаймын. Көбін анау жылдары ақтар мен қызылдар бірін-бірі қуып жүргенде айдап кеткен. Қалғанын осы Малтыкөлдегі ағайындарға тараттым. Ал төрт-бес айғыр үйір жылқым жаз жайлауда отырғанда ит-құс пен барымтаға ұшырады. Қазақта басқа тыйылса да осы барымтаның тиылмайтынына көзім сол жолы жетті. Қызыл көрсе бөршай сілекейі шұбырып бөрлігетін қазақтың қай ұрлығын айтайын...

Үйге кіріп-шығып ас қамымен жүрген Рахия бәйбіше бір әредікте:

– Біздің ұлдан не хабарыңыз бар? – деп сұрады.

– Ол кісі ауруханадан әлі шыққан жоқ деп естідім.

– Осының бәрі Оспанның кесірі, – деді бәйбіше тұлан тұтып.

– Шыбын жанымызды сауғалап отырған жалғыз баламыздан айрылып қала жаздадық. – Бырсыңдап, жібек шылауышымен көзін сүртіп жылады.


– Оқыс болса быламыққа да тіс сынады деген, босамаңыз, әлі-ақ сауығып келер, – деп уатар сөз айтты өкіл. Осы кезде үйге секіре ойнақтап кірген Дүрия төрде отырған жігітке көзі түсіп, арбалғандай аз аялдап тұрды да шешесінің құлағына әлденені сыбырлап қайта шығып кетті. Былғары киімді жігітгің де назары бөлініп, жүрегі аунап қалып еді, ол сөзімін жасырғысы келді ме:

– Ақсақал, егер түрмеге қамамай жер аударсақ, қай жақты қалар едіңіз, – деген оқыс сауал тастады. Бай соншалық бір әдемі жымиыспен:

– Жердің жаманы бар ма, шырағым, адамның басы Алланың добы деген, нұсқаған жағыңа кетеміз де тентіреп, – деп жүрісінен танбайтын маң-маңгер қалпын бұзбастан жауабын қайырды.

– Сен қайда кетсең онда кет, мен екі қызымды алып, Семейдегі төркін жұртыма барам, – деді бәйбіше.

– Отыз жыл кісінесіп өтіп едің, қолыма кісен түспей-ақ жеріп шыға келдің бе?! – Омардың даусы зілді. Бәйбішесі ыққан жоқ, сүйекке сіңген адуын мінөзі билеп-төстеп ала жөнелер өктемдігіне басып, үйде қонақ барын ұмытып кетті білем, екіленіп екі иығынана демалып, шаптыға жөнелді. Омардың басы істі болу тықыры таянып, Еркін келіп кеткеннен бері іштей бекінген байлауын айтып салды.

– Отыз жыл қас-қабағыңа қарадым, отыз жыл үйіңнің шып- шырғасын шығармай ұстадым. Малмен жусап, малмен өріп, өзімнід де мал болып кеткенімді кеш сездім. Сырты түк, іші боқ хайуан жолдас емес, жалғыз-ақ жұттық, сатқанын сатып, сойғанын сойып пұлға айналдырып қалаға көшелік, бұл жер мекен болмайды, деп қақсағалы он жыл өтті, оқтау жұтқандай кекірейіп тыңдадың ба. Енді міне қылбұрау тақымыда түскенде де ақылың кірмей алжып отырсың. Көз көріп, құлақ естімеген жерге сенің соңыңнан салпақтар жайым жоқ. Кетсең – өзің кет. Қыздарымды қаңғырта алмаймын, оқысын, бағы ашылсын. Тірі болсаң іздеп табарсың. Айтарым осы.

Омар жер шұқығандай болып, екі беті қабара отырып қалды. Қандай уәж айтар. Бірыдғайдан осынікі де жөн секілді. Қаңғырмай қалаға барғаны да дұрыс-ау, деп ойлады.

– Шешей, – деді өкіл жігіт, – сіздердің үй-ішілік дау-шарла- рыңызға араласу әбестік мен үшін. Алайда, байларды


жер аударғанда олардың семыясы да қағыс қалмай бірге көшіріледі.

– Біздің кінәміз не? Айыбымыз – қатыны болғанымыз ба? Әкесі үшін баласы күйгенді қайдан көріп едің? Ендеше, Еркінді де мойнына қоржын іліп қосақтап айдаңдар, – деп шаптықты. Былғары киген жігіт сөзден тосылып қалған. – Қарағым, иман жүзді бала екенсің, түсі игіден түңілме деуші еді, маған жасаған жақсылығың болсын, бас бостандығымызды бер. Ертең екі қызымды алып, қаладағы төркініме аттанайын. Далаға тастамас. Ал, мынау шалды сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жесеңдер де өздерің біліңдер.

– Тағы да көкайылдығыңа бастың ба, – деп күңк етті Омар. Құр бекерге дауыс көтеріп, дауласудан әбден зәтте болғандай үні жуас шықты.

– Қолыңмен істегенді мойныңмен көтер. Одан зорғысын айтпай тұрғанда...

– Айт! – деді қажыған Омар. – Айтып қал, албасты. Өкіметтің құрығы емес, сенің құбылма құйын мінезіңнен қорқушы едім... Қайтейін... мына жігіт рұқсатын берсе бара бер, мен қарсы емеспін, сенен құтылғаныма қуанбасам, өкінер жайым жоқ... Осы күнді баяғыдан армандағандай да едім... Қос қызым болмаса... Сені ошағыма тас қылам ба?..

– Менің қарсылығым жоқ, – деп шешімін лезде шешіп айтты өкіл жігіт. – Мықтаса сөгіс берер, жұмыстан қуар.

– Өркенің өссін, балам, мың жаса. Өзің бір бек мәрт жігіт екенсің. Қымыз ішпей отырсың ғой, ішсеңші. Тамақ та дайын болып қалды, – деп бәйек болған Рахия екі бетіне қан ойнап, қалжаланғандай жадырап шыға келді. «Кәпір, мына қақпас енді бір байға тимей тыншымас» деген ойға күнәлі болса да барған Омар ішігін жамылып сыртқа шықты.

Ысқырына соққан күзгі жел үдей түскен. Әр үйдің түндігін сабалап, желбауын тартқылап құтырына соғады. Үй айнала бергенінде ербең еткен әлдекімнің сұлбасы көрінгендей болды. Әрі-бері елегізе тың тыңдап еді, ешкімді болжай алмады. Түзге таман ұзай бергенде «ақсақал» деп ақырын ғана үн берген соң тағы да аялдады.

– Ақсақал, бұл менмін ғой, жылқышымын. – Өзіне әбден тақалғанда ғана жыға таныды. – Әлгі тапсырмаңызды орындап едім...


– Қоя тұр, – деді бай сасқалақтап, – әзірше сенде болсын.

– Мұның маған түкке де қажеті жоқ, Омеке. Мә алыңыз.

– Жо-жоқ қоя тұр, шырағым.

– Қайда қоя тұрамын. – Қолы дірілден шүберекке ораған түйіншекті иесіне қарап тықпалай берді. – Алып кел дедіңіз, міне, тапсырмаңызды адал орындадым. Жылқылар ұзап кетер қайтайын, ақсақал.

– Мұны қоятын жер қазір менде жоқ, жарығым Бати. Ертең үйдің астан-кестеңін шығарғанда бәрібір тауып алады. Мойныңа алған іс екен, біржола тындыр. Арғы бетке асар асуда бетше бұғының суретін салған шұбар тас бар, соның шырғанақ өскен үңгіріне тығып таста, еңбегіңді жемеспін.

– Тық десеңіз тығайын, ақсақал, бірақ бір тиыныңызды алмаймын. Егер еңбегімді сатсам, жылқыңыздың тура қақ жартысы менікі еді.

– Білем, білем, жарығым, – деді бай дірілдеп. Әлде тоңазығаны, әлде қорыққаны ма...

– Ал, сау болыңыз, – деп қараңғыға сіңіп жоқ болды Бати.

«Бүгінде бәрі мықты, шетінен шешен болып шыға келді-ау.

Күбірлей сөйлеп дәрет алды да, сол жақ кеудесін уқалап үйге қайта беттеді.

Қызылегіз өңірінде тағы бір таң атты. Бұл бұрынды-соңды қалың сыбан, матай, малтыкөл руы көрмеген ерекше таң еді.

«Жеті атасынан бері түкірігі жерге түспей, ақтылы қой, мың- ғырған жылқы, маңғыстаған түйесінде есен жоқ, кердеңдеген Кенжениннің Омары жер аударылып, мал-мүлкі ел-жұртқа бөлініп беріледі екен; бір атты бір сомға сатып алуға болады екен; қалы кілем, ыдыс-аяқ, үй жиһаздарын қылдай етіп таратып береді екен», деген хабар еңбектеген жас, еңкейген кәріні дүр сілкінткендей болды. Ел болған соң «сол керек, сауап болды» деп табалағандар да, «обал болды-ау, зәруершілдік көрмеген кісіге қиын тиеді-ау» деп жаны ашығандар да табылды. Күн шықпай ойдан-қырдан аттылы, жаяулы ел қарағұрым болып қаптады дерсің. Көбін әуестік жеңдеп, есік-терезеден сығалап аңдығаны Омардың үй-іші, баққаны өсек-аяң, алып қашты сөз болды. Әсіресе, Оспан төре аса қатулы еді, келген елді қойдай иіріп, тәртіпке шақырып, басалқы болып жүрген жалғыз өзі. Былғары пенжакты жігіт Омар үйінен әзірге шыға қойған жоқ. Түні бойы ызім-қайым жоғалған Оспанның таң құланиектене қайдан салаң ете түскенін жан адам білмеді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.