Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 12 страница



«Биыл күз ерте түседі-ау», – деп ойлады Еркін.

– Биыл күз ерте келеді, – деді Оспан саңырау адам бардай саңқылдай сөйлеп. – Талай-талай қанды сойқандар алда, – деді бұдан соң Оспан. – Ұлу жылы бітісімен ысылдап жылан жылы келеді, ал жылқы жылымыз содан соң... Ереке, осы сіздің жылыңыз не?

– Мешін.

– Менікі доңыз, – деді Оспан, әңгімеге айналып делбе босаңсыған соң, қос каракер де бірқалапты жұмсақ аяңға басқан екен. Құлақтарының түбі мен қолтық тұсы, әбзелдерді асты ғана терлеген аттар елден шыққалы онша қатты жүріс көрген жоқты. Жалғыз көзінің қиығын иықтас отырған адвокатқа тастап еді, әлде бір жанын кемірген ойдың шырмауына шатасып шыға алмай түнеріп, тура қарсы алдыға арбалғандай


қадалып қалған қабағында кірбің бар. «Сөнбейтін шаланы құйрығына байлаған-ау», – деп жорамалдады Оспан. Содан соң сапарласымен сұхбаттасып жарытпайтынын білді де, өз басының арманын аралап кеткен.

Көзі қайта-қайта жасаурай берген соң көзілдірігін алып жанарын сүртті Еркін. Көзі барған сайын нұры тайғандай сәл бір жел, не болмаса суық, болымсыз жарыққа өстіп өз-өзінен жылап, сулана беретін. Осы қыр қазақтарында сирек кездесетін мүкістігін көп оқыған кітаптан көруші еді. Семейдегі жебірей дәрігер жолдасы айтып отыратын: қиыр жайлап, шет қонып, мал қараған қазақтардың көзі көреген болады. Өйткені олар үнемі ат үстінде, таза ауада жүреді. Аспан мен көкжиектен алысты болжайды. Күнделікті табиғи тіршілігінің өзі жанарын дем алдыруға жаратылған. Сондықтан да, бұл халықта көз сырқаты өте сирек ұшырасады. «Иә, қазақтар бірінің көзін бірі шұқып шығармаса, аурудан кете қоймас». Осылайша таусылмас жолға шыққанында ойды мүжігеннен басқа ермек қыларың жоқ. Әңгіме айтысып, білім салыстырып дискуссия ұйымдастыратын мықты үзеңгілесің болса тағы бір сәрі. Оспанның түрі болса мынау сасық құлықты жебей сауғаннан басқа қолынан келері жоқ.

Талантты юрист, жетелі адвокат Еркін Кенжин дума мүшесі болып думандатпаса да, талай-талай додалы айтыс- тартыстарға қатысып, өз қатарынан қалмайтын. Үлкен білімге қоса тағдыр сыйлаған шешендігі бар, небір аузы алты қарыс адамдардың аузын аштырмай сілікпесін шығарған. Бәрі баяғының садағасы...

Алғаш Совет өкіметінің сыбысы шыққанда осы ұлы дүмпу әсіресе Еркінді үлкен ойға қалдырып еді. Өзін әрқашан демократиялық бағыттағы, жәбір көрушілердің қамқорымыз деп есептейтін ол, жекелеген адамның мұң-мұқтажы, мақсат- мүддесі хақында бас қатырып ойлаған емес. Ондай жекелеген адамның тағдырында ілуде бола беретін айырмашылықтар бүкіл халықтың рухани, мәдени жағынан өсіп-өркендеуіне, ұлттық сапаның дамуына ешбір қатысы жоқ, бөлек, назар аудар- майтын кішкентай дүниелер деп есептейтін. Еркіннің ұғымын- да: қанша рет революция жасалып, қоғамдық формация қаншалықты ауысса да бай, кедей деген салыстырмалардың жойылуы тіпті мүмкін емес нәрселер.


Оспанға қарап еді, мұрнынан ыңылдап әлдебір әнді айтып кәперсіз отыр екен. «Бұл қу, – деп ойлады Еркін, – байығысы келмейді деймісің, тек байи алмай жүр-ау».

– Табиғатта тасбақа деген жәндік бар, – деді Оспан, есіне не түскені белгісіз мырс етіп күлді.

– Иә, бар екені рас, – деді Еркін елеңдеп. – Не айтпақ едің?

– Сол тасбақа бейшара бармақтай басын жасыру үшін тоғыз қабат тас сауыт киеді. Тіпті сол қорғаштаған басының түкке керегі жоғын білмей киеді-ау тас сауытты. Сол жәндік іспетті, өзің дәрменсіздігін бүркеу үшін қағаздан тон киетіндер бар... Неге керек екен...

«...Мынау тағы да мені меңзеді, – деп ойлады Еркін. – Жо- жоқ, бұл осал жау емес».

Ұшы-қиыры жоқ көсілген дала бедірейіп, беті бүлк етпей жатыр. Ол мынау ішінде не жатқаны беймәлім жұмбақты дала мен Оспан арасынан бір ұқсастық тапқандай өз-өзінен күңірене күрсінді. Бұдан соң тағы да баяғыдағысына оралды.

...Алғаш рет жаңа заманның жобасы жасала бастаған кезде қазақтың оқыған жігіттерімен бірге, Еркін де қатты елеңдеп, үлкен бір өзгеріс күткендей еді. Революңия бұратана аталып келген халықтар үшін не әкелді? Россияда жасалған ұлы төңкерістің әлі де болса мешеулеу келе жатқан, капитализм сатысынан етпеген аз ұлттарға қаншалықты керегі бар тақылетті дау-дамайға бел шешіп араласқандардың бірі-тін. Әлі есінде, Семейдегі өткен беделді бір мәжілісте жылдар бойына жегідей жеп келген жан күйзелісін түнде ұйқы, күндіз күлкі бермей мазалаған ойын ортаға салып, ағыл-тегіл ақтарылып еді-ау. Онда көтерілген мәселе қазақ елін советтендіру мен қазақ даласында жүргізілетін аграрлық реформа жайы болатын.

«Қазақтар үшін ешбір реформаның қажеті жоқ, – деп пікірін тура айтқан. – Өйткені, бұл даланың ғасырлар бойына қалыптасқан моральдық, тұрмыстық, салттық, этникалық, психологиялық сипаттарды бірден күйретіп, талқандап тас- таумен пара-пар шаралар бұл. Мұндай төтенше реформаларға қазақ елі тарихи және рухани жағынан әлі дайын емес, яғни әлеуметтік қайшылықтары мен таптық сана-сезімдері пісіп- жетілген жоқ».

Осымен бар әңгіме тәмамдалғандай еді. Бірақ, Кежиннің беделі күн өткен сайын әлсіреп, айтқан пікірі күйреді...


Мұны алғашқыдай қолпаштамады, елеп-ескеріп губерниялық жиналыстарға шақырмайтын болды. Толқын шығарып тастаған жағалаудағы салынды ағаштай ұмтылып, қаңсып қаларын сезгенде, ішкі қарсылығы ісініп, жазылмас жараға айналған. Бар қолынан келгені, өзі іспетті жаңа заманға өкпелі азаматтармен тіл табысып, астыртын қимылға көшкен. Сол, әлсіз болса да әрекеттің бірі – Ертіс үстінде салынған көпірді қопару болды. Амал не, ол қастандықтарынан да пәлендей ештеңе өндіре алмады.

«Елім» деп еңіреген Кенжиннің, әсіресе шымбайына батқаны жуықта шыққан конфискация туралы қарар еді. Шірене тартылған шыдамның ішегі тарс етіп үзілгені де дәл осы бауыздау тұстан тиген жадалық. «Құдай-ау, былай істеуге болмайды ғой, – деп ертоқымын бауырына алып, таң атқанша тулаған. – Бояушы-бояушы дегенге сақалын бояғандары неткені. Байдың малы дегеніміз – ол да мемлекеттің меншігі ғой. Қашан алсаң да қашар ма. Бәрін жиып-теріп бір күнде айдап алды делік. Оған шын жаны ашып, бас-көз болатындай бұл қазақтың сана-сезімі өсті ме? Сен салар да мен салар деп жалғыз-ақ қыста қырып алмасына кім кепіл. Одан да салық түрінде бірте-бірте алмас па еді. Айталық әркімнің мал санына карай: он малы бардан бір бас, жүзінен – он, мыңынан жүз бас салық салып отыру арқылы байсалды түрде жүзеге асырса. Соншалықты мол малды жалғыз-ақ күнде жинап алғанда оны қалай бақпақ? Шаруашылықты шашыратпай ұйымдастыра алатын маман – қадрлары жоқ. Тіпті, ойлап қараған адамға әрбір бай өз малының иесі ғана емес, соның аман-есен болуын ұйымдастыратын басшы да. «Менің қимам неге қышиды осы»,

– деп сабасына түссе де, әкесінің мыңғырған малының тоз-тоз болып босып бара жатқаны көз алдынан кетпей-ақ қойғаны; құлындардың шыңғырғаны көз алдынан кетпей-ақ қойғаны.

Енді міне, енді әне... сол қызғыштай қорғаштаған даласы жетесіз ұлына мәңгілікке өкпелеген анадай, беті бүлк етпестен сыздана сұрланып жатқаны.

«Мені дала түсінбеген шығар, – деп ойлады Еркін. – Әлде мен даланы түсінбедім бе екен?»

– Екеуі де, – деген Оспанның сөзі селк еткізді. «Апыр-ау, мынаның көріпкелдігі бар ма?»


– Аттың екеуі де болдырайын деді, Ереке, не істейміз?

Жақын маңайда бел суытатын ел де жоқ-ау.

– Қас қарая Шарға жетеміз, – деді Кенжин ішіктің ішінде бүлкілдеп, тірі екенін білдіргендей. – Оған дейін шыдас берер, қатты жүрген жоқпыз ғой.

– Тоқжарау емес, көптен бері делбе көрмей көбеңсіп кеткен бе, майы еріп қатты шаршады. Жол жүретінді білгенде қамау терін де алып қоймаған екен.

Ат айдаушының шаруақойлығына сүйсінген Еркін:

– Оны ескерер пысық адам қайдан табылсын? – деп қомда- ныңқырап қоқайып отырды. Күн еңкейген сайын жел беті күшейіп, қойын-қонышты қуалай бастаған. Ақ көбік болып терлеген қос қарекер құтырына жұлқып тартқан әпігі басылып, бағанағыдай емес. Оспанның бишігінен де қорықпай сал бөксе аяңға басқан. Ұшқан кұс, жүгірген аң жоқ, тырналар әлдеқашан ұшып кеткен. Оқта-текте жалпылдап, қарқылдап қарсы алар құстың қоры – қарға мен селтең-селтең етіп шықылықтап отырар құстың сағы – сауысқан да мүлдемге қырылып қалғандай зым-зия. Еркін қайран қалды.

– Апыр-ау, бұл елдің аң-құсына дейін Түркісібке жұмысқа түсіп кеткеннен сау ма? – деді Оспанға естірте.

– Ол да мүмкін, Ереке. Жан-жануар адамның айналасына үйірсек болады, іздеп отырғаныңыз қарға мен сауысқан болса ол жазғандар әрине, қыбырлаған кісілерден жемтік дәметіп, Шар жағына ауысып кеткен рас шығар. Мынау азынаған ен далада не әкесінің басы бар. Ал, киік пен түлкі кешегі дүмпуінен үркіп, дәу шалдың соңынан арғы бетке өтіп кетті ме деп сезіктенем.

– Ендеше, сол арғы беттен атып жейтін шығармыз,–деді Еркін әзірге жадырағандай болған қабағын қарс жауып.

– Атып жейтіндер ол жақтан да табылар. Құмырсқадай қаптаған шүршіттер бірінің етін бірі жейді деуші еді бұрын- ғылар... Әңгімені бұдан әрі желілеуге екеуінің де зауқы соқпады да үнсіз отырды. Оспан бағана бастаған әнін мұрнынан қайта ыңылдады. Қос қаракердің тұяқ дүрсілі, қос дөңгелекті арбаның шиқылы, Оспанның жөн-жосықсыз ыңылы, – бәрі- бәрі жүйкесін одан әрі жұқартқан Еркін дүниенің бәрі-бәрінен түңілген сыңайда түйіліп отыра берген. Шыдады. Шыдап көрді. Шыдамады да...


– Әй, әнші, – деді Оспанға, – зорығып өлсе де атты айдаң- қыра.

– Құп, тақсыр! – Қолына шошайта ұстаған бишігін бұлғап- бұлғап, кібіртіктеп келе жатқан аттарды шықпырт тигендей сауырлата жөнелді.

– Атаңа нәлеттің малы...

– «Ит-ай, – деп ойлады Еркін, – тағы да тілі тиді-ау».

– Жол ұзақ. Дала кең. Қайда барсаң – қазақтар, қайда бұрылсаң – қазақ жері. Бірақ осының түгелі Кенжин үшін сон- шалықты жанына жат, тәніне салқын сезілді. Осыншалық қалың ел, қайран жерінен бір күрек топырақ бұйырмасына өкіне ме, әлде көзінен бұлбұлдай ұшып, келмеске кете барған – бал дәурен базарлы күндерін сағына ма, кім білсін, әйтеуір түнсіз құрдымға мойнына тас байлағандай шым батып бара жатқанда: жандәрмен бар даусымен айғайлағысы, әлдекімді дауыстап шақырғысы келеді. Үні шықпады, таскерең дүние, тасқа айналған адамдар, құлақкесті тыныштық. «Жаңаөкіметтіңжағасынажармасқанша, аяғына жығылып, сауға-сауғаласам сойылын соғар білдей қызметкері болар ма едім-ау», – деген ой дәміл-дәміл жыл- тыңдап мазалап жүргенді. Бірақ кешеді. Артқа қайрыларжолжоқ таеді.Осысәттебозаңдалаендішоқаттанып,бөртектөбешіктерге ұласа бастаған. Осы сәтте сол жыбырлаған төбешіктің бірінен қалбаңдаған кісінің сұлбасы көрінді де қол бұлғап айғайлағандай болды.

– Қайт! Кейін қайт! Өлесің!

Сонау төбенің басында бас киімін алып айғайлап тұрған адамның даусын жел қағып, бұларға естіртпеді. Алыстан қарағанда оның қайт деген сөзі қол бұлғап, бері кел дегені сықылданған. Еркіннің ең соңғы естігені, ат айдап отырған Оспанның: «Әкеңнің аузын не оттап тұр» деген былапыт сөзі болды да, мұқым әлем қақ айрылып, дүние шырқ айналып қоя берді. Тура іргеден естілген ғаламат дүмпуден шошыған аттар жалт бұрылып ала қашқанда Оспан арбадан қарғып түсіп қалды да бөксесі кептелген пәуескеден Еркін ұмтылып тұрам дегенше оқтай зымырған арба аударылып қалған еді. Одан арғысын білмейді. Құлағында ғаламат дүмпу. Бақилыққа қатқан жаңғырық. Қанша жатқанын білмейді, есін жиып,


көзін ашқанда қазбауыр бұлттары қарап бастаған аспанды, өзіне үңіле қараған қазақтардың сол аспан түстес жүздерін көрді. Көзін қайта жұмды, бәрібір соларды көрді: көзін қайта ашты – бәрібір соларды көрді, көргісі келмеді – көрді. Содан соң тұңғыш рет адал өліммен өлгісі, бас қатырып, кеңірдек жыртыспайтын ақ тілеулі арғы дүниеге аттанғысы келді. Өле алмады, құлағындағы қатып қалған жаңғырық тарс етіп жарылғанда естігені:

– Ойбай-ау, мынау Ерекең ғой, – деген жылы сөз болды.

«Жоқ, – деп ойлады ол, – қадірім кете қойған жоқ екен».

– Құдай-ай, Ерекеден айрылып қара басып қала жаздадық- ау сүйегі сау ма екен? – Шырылдаған Оспанның сөзін естімеді. Талықсып, ес-ақылынан қайтадан адасып, сандырақтай бастаған. Дүниені тағы да тыныштық меңдеді.

Шарға келіп қалған теміржолшылар қойған қопарылыс- тың үстіне андаусыз түсіп қалған адвокат Еркін Кенжинді жұмысшылар дереу Семейдегі ауруханаға жөнелтті. Оспан ере кеткен. Қандай ойы болғанын кім білсін: «Ерекеңнен айрылып қала жаздадық-ау», – деп безілдеп, басын сүйей еріп кеткен әйтеуір.

Бұл шақта ел-елде тәргі науқаны басталып, қазақ даласын советтендіру жұмысы қызу жүріп жатты.

Өліараның қою қараңғылығы, желді жаңбырмен басталған қыркүйек айы жайлауда жаз бойы масайрап отырған елдің тынышын алып, буынын-түйініп ойға асығыс көше бастаған күйі тайып, оты таусылған соң, тау басында омалып отыра беруді Омар бай да жөн көрмеді. Жалғыз ұлының жарақаттанып ауруханада жатқанын естігенде қатты күйзеліп еді. Қарайғанда не қалды, қамыс қалды дегендей, ендігі медеті, сүйеніші құйрық-жалынан мүлдем айрылғандай аһ ұрған әкелік сезіммен көзіне жас алып, бес уақ намазынан қалдырмай тілеуін тіледі. Барып қайтуға дәл қазір шамасының жоқтығына қапаланған.

Әттең баяғы заман болса... Ал, баяғы заманы Таңатар қуып кеткен жылқымен бірге арғы бетте жусап жатқанын білді ме екен... Жылайсың, жылайсың да шыдайсың, Омар...


ЕКІНШІ САЛА

 

Бүгінде:

Өрістен азан-қазан қайтқан малмен бірге Дархан да Кеңгірден төмен құлады. Таласып батып бара жатқан күнмен ойнап, алтын нұрға шомылған ауыл балалары «Рачок ата келеді» деп алақайлап, қарсы жүгіреді де қаз-қатар  тізіліп,

«ассалаумағалейкүм» десіп жамырай амандасады. Шаруа қамымен жүрген ауыл адамдары бұған назар аударған жоқ. Қойын қоралап, сиырын сауып, биесін тұсап әуре-сарсаң. Сонау бір жылдары қасқа құлыннан айрылғаннан бері оған мал біткен емес. Әсіресе, жаз шыға қиын. Таңдай шіркінді жабыскақ шөл басып шыдатпайтын. Ондайда ұят-намысты жиып қойып, ауылдастарының бие байлап отырғандарына қыдырып қымыз ішетін. Кеңгірдің моласы жанына жерленген әйелі – Гүлияға мазар тұрғызу қамына кіріскеннен  бермен

«Дәкең жынданған шығар» деп қырық үйден тыйым салғандай боп, үрке қарасқан елдің есігін ашқанды қойды. Ауыл арасында

«Дарханды салқын шалған екен, байғұс Дүрия көп қарғап еді» деген сықылды сыпсың өсек тарағалы күндіз далаға шығудан, азаматтармен әңгімелесуден қалған. Өзіне үлкен ермек тауып алған соң әншейінде тасбақаша жылжымайтын уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай жүрді. Дегенмен тапа-тал түсте ел ішінде жүріп жалғызсырау, бірге өсіп, біте қайнаған жұрттан аласталу жанға батпайды емес. Кей күндері өзінің адамдардан тым алыстап, адасып қалғанын қатты аза тұта уайым ететін.

«Пұшық мұрнын, пысық ісін жасырмайды» деген, қанша қашқалақтағанымен қартайып – арты ұзын, алды қысқа ғұмыры қалғанда кісікиік болып суына беруі қалған көңіл, шыққан жанның кебі емес, бұл жалғанның жаманы мен жақсысын сабақтамай, баяғыдай келіп таңдап алған ендігі тағдырының көрбілте соқпағы-тын. Бірақ, кім ұғып, кімдер ұқпайтын ішкі сырын, іш пікірін былайғы жұрт түсінбей, бекер ғайбаттап жүр-ау деген ой да сүмеңдеп қалмайтын.

Ешқайда бұрылмастан тоқал тамына кірді де, беті-қолын суық сумен шайып, жерошаққа от жақты. Үш болтты темір мосыға күйе-күйе шәйнекті су құйып іліп жатқанында көрші үйдің қара ұлы келді:


– Ата, сізге шай ішсін дейді әкем. – От тиген қу тезекті ұртын томпайта үрлеген қалпы.

– Әкең жұмыстан келіп пе еді? – деді.

– Иә.

– Ендеше қазір барамын.

– Тез келіңіз, етті түсіріп жатыр, – деп шынын айтқан қара бала жүгіре жөнелді.

Шәйді көршісінің үйінен ішетін болған соң, шәйнекті оттан алып тастады.

Көршісі расында да етті түсіріп, тосып отыр екен. Дархан келгенде:

– Ақсақал, төрге шығыңыз, – деп қалбалақтап орын берісті. Бөтен кісі жоқ, өздері ғана, қоңыр кеште төре табақ етті қаумалай орталарына алысқан. Кеңсірігі сара тілінген қара қойдың басы ырсиып Дарханға тартылды.

– Ақсақал, өзіңіздің өрістен талай қайырып келген ақсақ қара қойды алып соқтық, «Ақсақ қой жатып семіреді» деген емес пе, ішті екен. Бұйырған ғой, басын мүжісін деп әдейі шақырттым. Осы Құландыда өзіңізден басқа бас тартар шал да қалмады. Сақалы бар демесең көбісі шарап ішеді, дұрыстап бата жасап, ықылас білдіре алмайды, – деді үй иесі, қырықтан асқан денелі кісі. Ежелден тақуа, сөз десе құрттай қуалап қоймайтын, тағы да шұбырта самбырлай жөнелді. – Баяғыда атамыз қазақ «жалғыз бие саудырған кұпай ісі, жалғыз үйді қондырған қатын ісі» деген екен. Келініңіздің мінезі тік, сізден өзге ағайынмен араласқысы келмейді. «Ауыл үй қонайық, бірақ аяқ-табақ араластырмайық» дейтін нағыз көкбезердің өзі, – деп жанында отырған әйелінің арқасынан қағып, өзімсіне қарқылдап күлді.

Буы бұрқыраған бастың оң құлағын кесіп, өзін ет жеуге шақырған қара ұлға берді де жәукемдеп турап, дастарханды қуалай қаз-қатар отырғандарға үлкен-кіші демей ауыз тигізді.

– Құландыға көшіп келгендеріңе де көп уақыт бола қойған жоқ қой, араласа қоятын, – деді Дархан қоңыр үніне салып, әдеттегі асықпай, байыппен сөйлер мақамымен. – Сыралғы емес. Жаңадан келген нәшәндік разъездің есігіне ергенек, қазанына қақпақ болам дер жарамсақ ағайын табылар әлі.

«Нәшәндік» рахаттанып тағы күлді. Сонан соң шалдың тауып айтқан сөзінен қалайда бір тұтам артылтқысы келді ме,


әйтеуір, ұртындағы жадағы Дархан асатқан құйқаны асығыс шайнап, аузын сүртті.

– Рас айтасыз, ақсақал. Ел сырын мен де ала алмай жатырмын. Атам қазақ «жалғыз ағаш үй болмайды, жалғыз жігіт би болмайды» деген емес пе, халықтан асып хан тауып асар дейсіз бе, аяқтан хәл, бастан қадір кеткенше – өкімет сеніп тапсырған қызметке адал болармын, ет жеңіз, жеп кесіңіз, – деп аюдай алақанын ағаш табақка апара беріп еді, мұқым етті жауып қалды.

Шал Солтанның алты алашты басқарып отырғандай қомақтап сөйлеген сөзін ептеп мысқылмен тыңдағандай болып еді, бірақ не дегенмен «тілді жігіт» деп ойлады ішінен.

– Ақсақал, адал астың үстінде отырсыз ғой, шыныңызды айтыңызшы, менен бұрынғы начальник екі итке ас бөліп бере алмайтын ынжық, әрі қорқау еді деп естідім. Сол рас па? – деді.

Дархан ә дегенде не дерін білмеді. Сонсоң ішінен мұны не себептен сұрап отыр деген күдікті ой келді. Ежелгі сақтығы жалтақ жауапқа бұйдалап әкеткен.

– Қайдан білейін, қарағым, «халық – қалт айтпайды» деген, тегі рас та.

– Бәсе, мен де солай-ау деп едім, – деп кәдімгідей қуанып қалды.

«Осы неме мақтаншақ болып жүрмегей» деп ойлады тағы да. Ет желініп, сорпа келген тұста ретін тауып нәшәндік тағы бір сауал тастады.

– Ақсақал, атам қазақ «жамандық аяқ астында, жақсылық ағаш басында» деген екен. Тауып айтқан. Қырықжыл осы Құланды разъезінің отымен кіріп, күлімен шығыпсыз. Сол еңбегіңізді бағалап не бір медаль, не бір құрмет грамотасын бермеуін немен ақтауға болар еді. Әрине, сый-құрмет жолда жатқан жоқ, түсінемін. Мына жаман ініңіз Құрмет белгісі орденін алғанда Айғыржал разъезінің жұмысшылары тайлы- таяғы қалмай қырылып қала жаздаған. Мүмкін қызғанған шығар, ел емес пе; мүмкін қызыққан шығар, әйтеуір, үлкен бір ұлыстың ұлы күні болып еді. Адам дегенің сол кұрметті алғаннан кейін іштей бір түлеп, өсіп қалғандай елден еңсесі биік жүреді екен. (Ойланып барып сөзін қайта жалғастырды.) Әлде крушение жасап алдыңыз ба?


Әңгімеге пәлендей ықыласы болмай, зауықсыз манаурап отырған Дархан:

– Құдайдан жасырмағанды адамнан жасырамын ба, ондай оқыс оқиға ешқашан болған жоқ, – дей салды. Нәшәндік «ым- м» деп ыңырана ойланып қалды.

– Сонда неге? Түсінбеймін... Баяғыда, – деді сонан соң үшінші кесе сорпаны ішіп. – Менің бала кезімде әкем айтып отырушы еді. Аякөз бен Семейдің екі ортасында үлкен бір крушение болды деп естімедіңіз бе?

– Жоқ, естімедім. Қай қирауды айтып тауысамыз. – Дастар- ханнан ысырыла отырды. Екеуі де тоңтеріс үндемей қалды.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.