Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 11 страница



– Неге үндемей қалдың? – деді Дүрия қадала қарап. – Әлде әлсіздік көрсетіп алдым ба?


– Жо-жоқ, – деді сасқалақтаған Қамбар. – Әлсіздікті мен көрсетіп тұрмын. Сен алыстап барасың менен.

– Адам жақындау үшін де әуелі алыстауы керек шығар. Семейдегі әйелдер училищесінде оқып жүргенде бір мұғаліміміз айтушы еді: «Жақсы көрген дүниеге жанаса берсең қадірі кетеді», – деп. Десе де сенен алыстағанда барар жерім, қонар тұғырым қайсы. Кейде осылайша қиялдап, сандырақтап кетерім рас. Екі аяқ жүруге жаралған, өмір-бақида да ұша алармыз ба? Тіпті, ұшқан күннің өзінде қайта айналып сен жайған торға қонармын. Мен оны сеземін. Жетекте – жетектей алсаң, ердім соңыңнан.

– Сенің соңыңнан мен ерсем деймін, Дүрияш... Әлгі Семейдегі мұғалімдерің еркек пе, әйел ме?

– Қауіптенбей-ақ қой, – деді күліп. – Ол жиырмасыншы жылы түрмеге қамалыпты. Алаш болып аласталып кетсе керек.

– Қара танитын ғана қауқарымыз бар, ендеше менің ұста- зым өзің боласың.

– Ол қолдан келеді енді. Бірақ, сен тілімді ала қойсаң...

Тәртіпсіз, кержалқау оқушы болатын түрің бар-ау.

– Әйтеуір молдалар секілді көзіме көк шыбын үймелетіп шыбыртқылап сабамасаң болды.

– Талапты қаттырақ қойған кезде сен мені таяққа жығып жүресің бе деп қорқамын. Екі сөздің біріне келмей жұдырығын ала жүгірер әдет қазақ жігіттерінің ұлттық өзгешелігі...

– Қатын сабау, мәңгілікке хош-хошын айтқан шығар.

Екеуі де бір-біріне еркелей күліп, ауылға қарай аяңдады. Дүниені меңдеген тыныштықты анда-санда иесіне жағына үрген иттің еріншек маңқылы тесіп өтеді. Құмыққан түннің ауыр демалысы қорғасындай басқан тұманнан булыққандай сырылдаған дімкәс дем шығарады. Сырылдаған үн – бұлақтың кеңірдегінен шығып, қой бауыздағандай қырылға айнала ма қалай? Олар өзектен өрлеп қырға шыққанда ғана барып білді, мақталанған тұман тек тоғай ішін ғана жайлаған екен. Кеуде жағы ашық, сұрмұнарланып сұлық жатыр. Алыстан, тым алыстан, алқаланған Тарбағатай жоталарының солтүстік батысынан зіркілдеген, дүниені дүр сілкінткен дүмпу естіледі. Сұлама даланы жаңғыртып, зыңылдап жеткен сілкініс, асықпай


жер сыза аяңдаған қыз-жігітті селк еткізді. Қапелімде жер сілкінді ме деп ойлап қалған олар, қалт тұрып, тағы да құлақ түрді.

– Тағы да соғыс басталған-ау, – деді Дүрия шошынып.

– Соғыс емес, – деді Қамбар. – Түркісіб деген шойын жол салынбақ. Тас қопарып, жол түсер жерді аршып жатқан шығар.

– Жеті түнде ме?

– Күн-түн деген жоқ олар үшін. Дарханның айтуына қарағанда кезектесіп істеп, тәулік бойы дамыл таппайтын көрінеді. Енді міне, Шарға да жақындап қалғаны ғой.

– Онда тым жақын келген екен, – деді Дүрия.

– Енді біраз күнде сол Шар өзені үстіне көпір салу үшін Дархан да аттанады. Ол өзі атақты көпірші болып алған көрінеді.

– Ол кісі тағы да кетеді деші, – қыз өкіне күрсінгендей мұңая қалды. – Біртүрлі қызық жігіт. Келбеті қандай келісті, бірақ мінезі сәби секілді. Ол кетіп қалса, Гүлияға обал да. Өлердей ғашық екенін білемін, уайымдап жүреді-ау байғұс қыз.

– Иә, ол мықты жігіт, – деді Қамбар ішкі қызғанышын әрең басып. – Шойын жол салуға мені де азғырды. Сен қалай ойлайсың, Дүрия, барайын ба?

– Жас емессің ғой қызға ақыл салатын. Азу тісі шыққан жігітсің, өзің біл.

Жапанды жаңғыртқан дүмпу тағы да естілді. Жайлауда бейқам отырған ауылдың тамам иті жер тарпып, жарыса ұзақ үрді... Осы түні Ақжайлауда отырған мұқым ел тынышсыз ұйықтады.

Олардың, яғни Дархан мен Гүлияның қаперінде еш нәрсе жоқ еді. Түткен жүндей болып шудаланған тұманды жамылыға, осы алғашқы оңаша күйлерін өздерінен де қызғанғандай, тұңғиық ойға беріліп, ұзақ тұрды. Жанындағы енгезердей жігіттің жаңағы бір сөзінде «жалғызбын» дегені жанашыр тілегені емес, сыңарын іздегені, қол ұстасып қатар жүрер құрбысын тапқанына еңіреп қуанғаны екенін Гүлия да сезген. Әйтпесе аяқ-қолы бүтін, тепсе темір үзетін өндірдей азаматқа жалғыздық деген не тәйірі. Қайтаылықдан иттей топырлағаннан, арландай айбатпен жападан-жалғыз жортқанның өзі озық- ау. Өзінің мықтылығына сенген хас батырлар ғана осылай


жеке-дара шығып, қара үзіп оқшау лағады. Саяқ жүрген адам әрқашанда сақ келеді, – сенетін серігі жоқ.

– Жалғыздық Құдайға ғана жарасады, – деді қыз өз ойына өзі қарсы келіп. – Кісі болып жаратылған соң, жан жолдассыз бола ма? Онда ол алысқа ұша алмайды, бір қанаты жоқ құс секілді.

– Екінші қанатым жоқ болғандықтан да сені іздеп таптым, – деді Дархан қыздың тауып айтқан мүбәрәк сөзіне тәнтілікпен.

– Анттаспай-ақ қоялық, дегенмен бұдан былай кездесе аламыз ба, жоқ па бір бұйрық білер. Аюдай ақырған әке-шешең бар, қолында қайласынан басқа түгі жоқ, сіңірі шыққан жұмысшыға сені қимас, қарсыласар, әңгіменің түйіні шыр айналып өзіңе тірелгендей болса, айнып кетпейтін сертіңді естігім келеді, қалқам. Айып болмаса «мен сендікпін» деген бір ауыз сөзіңді естіп тоқ көңілде берік байламмен аттансам ба деп едім.

– Сонда... сіз бір жаққа жүрмексіз бе? – Қыз елеңдей сұрады.

– Иә, қалқам, ертең дәм тартса Шар жағына кетсем деген ой бар. Ризамын елге, жаз бойы өз үйім, өлең төсегімдей жаттым, аунап-қунап демалдым. Малмен бірге менің де жілігіме май жүгіріп, қоңайып, ет алдым, – деді күліп. – Енді судың да сұрауы бар, өз кәсібімді өзім іздеймін. Тіпті, мынандай тұрған заманда қол қусарып, елге еркелеп жатып алу азаматтың атына лайық емес.

– Шарда кіміңіз бар еді?

– Екі туып бір қалғаным жоқ, Гүлия. Жол жүрген адамға жолдас әрқашан да табылады. «Түркісіб» деген темір жол сол Шарға келіп тірелген көрінеді. Енді біраз күнде өзеннің үстіне көпір салу жұмысы басталмақ. Ал, көпір салу – менің кәсібім. Дәм тартып... Иә, дәм-тұзымыз жарасқандай болса, пролетариаттың, қолында қайласынан басқа байлығы жоқ жұмысшының қосағы боласың. Егер сондай күн туса, күн туса деппін-ау, басыңа мен айтқандай қиын іс түссе шыдар ма едің, қалқам?..

– Адамның бар бақыты тек байлық болса, оны да бір кісідей көрдік, аға. Қап тауын асып, мойныңызға қоржын іліп кетсеңіз де біргемін сізбен. Маған керегі дүние-мүлік емес, сіз, ендеше бүгін ертіп кетсеңіз де әзірмін.


– Ризамын, – деді Дархан жүрек толқынан баса алмай. – Бәсе, бір бардың – бір жоқтығы, бір аштың – бір тоқтығы бар деуші еді. Атар таңымның алда екеніне сенуші едім, үміт жібін үзбей сарыла іздеуші едім, таптым. Шарға барып орналасып алған соң мүлдем алып кетуге келем...

– Әкемдер енді біраз күнде күзеуге түседі. Сол кезде келіңіз. Оған дейін бұл құпиямызды тірі жан білмейтін болсын, аға. Әсіресе, анау Оспан деген ауылнайымыздың құлағына тисе маза жоқ.

– Ол иттің өзі сенен дәмелі ме? – деді Дархан. «Ит» дегенді қыжылмен айтып қалса да өз дөрекілігіне қатты қысылды.

– Әкемнің ол кісінің оң көзіне мені айырбастаймын деген уәдесі бар көрінеді.

– Омекең ондай ұсақ айырбастың адамы емес, алдап жүрген ғой.

– Не дегенмен, сол кісіден қорқамын, аға.

– Қорғаның мен, қорықпай-ақ қой. Қолынан келген кереметті көріп алдық.

Осы сәтте әлемнің әйнегін сындырардай болып думпу естілді. Қыз селк етіп, шошына Дарханның қойнына қалай кіріп кеткенін байқамай қалды. Қырғидан үріккен балапандай бүлкілдеп жүрек тұсына жабыса қорғалаған Гүлияны бауырына басқан жігіт сасқан жоқты. Ол үшін бұл дүмпу әбден құлағы үйренген, сиырдың мөңірегеніндей ғана жәй жарылыс еді.

– Қорықпа, – деді қыздың арқасында шұбатылған бұрымын жинастыра ұстап, Түркісібшілер Шарға келген екен. Дәрі қойып тас қопарып жатыр. Ондайдың талайын көргенбіз. Бұл дүмпу.

– Қайдам, – деді дірілдеп қыз. Жерді жара бергеннің несі жақсы дейсіз. Мен тіпті у-шудың қайсыбіріне де үйрене алмаймын-ау деймін, аға. Семейде оқыған бір жылда жынданып кете жаздап едім. Маған осы тұман басқан жым-жырт түн, әнмен бөлген аспанға ұшыратын алтыбақан, жайлауға шұбатыла көшкен ел, шұрқырап жатқан мал, мынау жұлдызды аспан, анау бүлкілдеп аққан бұлақ, міне осылар ұнайды, аға. Тезек теріп жүрсем де осылардың ортасында жүрсем деймін, аға...

Қыз булыға жылап тұр еді. Сәбилік... әлі лайланбаған таза сезімге беріліп, әлде, айтқандарының бәрін, әлгі оқыстан естіген дүмпу күл-паршасын шығара бүлдіріп тастағандай


өксіді. Ертекті дүниемен мүлдем хош айтысып, асығыс ағысқа түсіп, ағып бара жатқандай жанұшыру бар еді. Құшағында өксігін баса алмай боздаған Гүлияны жұбатар сөз таппаған Дархан:

– Қой, қалқам, қой, – деп қасаң алақанымен ебедейсіз сипалай берді.

– Біз тіпті де сен айтқан қалада тұрмаймыз. Біз Құландыдан ешқайда көшпейміз де.

– Мал ұстаймыз ба? – деді қыз солқылдап. Дархан еріксіз күліп жіберді.

– Ол жағын білмеймін. Әйтсе де, бірер қараға рұқсат етер.

– Ендеше, әкемнен ақсақ құлынды сұрап аламыз, – деді балалық қылықпен.

– Қайдағы ақсақ құлын?

– Жылқыда оң жақ артқы аяғы шолақ құла құлын бар, көктемде жаңа ғана туып, шаранаға оранып аяқтанбай жатқанында енесімен екі жыл құлындамай бедеу жүрген бие таласып, аяғын басып кеткен, әлі бекімеген шеміршек сүйек шорт үзіліпті. Мал болмайды бауыздап тастау керек деп әкем сан рет оқталғанында мен көнбедім. Аядым жас нәрестені. Сол сыңған жіліншектен оташы шал шорт кесіп, қанжапырақ тартып орап тастаған, жас қой, тез бітті... Содан бері бір аяғы жерге тимей салақтап қалған, үш аяғымен шойқаңдап жүреді. Сондай аянышты, алғашында қарауға дәтім бармады. Ақырын жүрсе кібіртіктеп құлап кетердей баса алмайды екен. Ал қызып алғанда секіріп-секіріп шапқылай жөнеледі. Бірақ сүмек болып терлейді байғұс, жүргенінен жатқаны көп.

– Расында да обал екен. Өйтіп қинағанша бауыздағаны озық еді. Мен тіпті осы жасыма дейін, малдың арасында өссем де бір аяғы шолақ, ақсақ құлын көрмеппін-ау. Тіпті ала жаздай осындамын ғой, көзіме түскен жоқ.

– Желі басына жылқышылар тек сауын биелерді ғана қуып келеді, қайдан көресіз, – деді Гүлия. – Анда-санда өріске өзім барып, ит-құстан аман ба екен деп өлі-тірісін біліп қайтамын. Әзір аман, есейіп алыпты. Ақсақ аяғы суалған да екінші бүтін саны сондай толық, мықты.

– Әрине ғой, – деп құптады әңгімеге еліге түскен жігіт. – Оспанның да жалғыз көзі жақсы көреді.


Онан соң екеуі де мәз болып күлді. Кездесуге шыққаннан бері рахаттана күліп, көңілдеріндегі қоламталанған шоқты көсегендері-тін.

– Ендеше, – деді Дархан. – Әкеңнен алған жалғыз жасауың осы ақсақ құлын болсын.

– Өзім де одан артық дүние дәметпеймін.

– Әкең тым сараң адам емес. Бірақ, құла құлынды берсе де, батасын бермес.

Айналаны шарбылаған мамық тұман дым бүркіп тоңазытқандай. Құлаққа ұрған танадай тыныштықтың ендігі қалған бүлдірушісі бұлақ қана: өзінен басқа әнші жоғына мәз болып, сылдыр-сылдыр үн шығарады. Бұлардан бөлініп кеткен қыз бен жігіттен хабар жоқ. Тағы да жаңғырық естіліп, дүние дірілдеп барып басылды. Әлдеқайда, алыста соғыс болып, күркіреп зеңбірек атылып жатқандай. Мұнарта тұншыққан тау жақтан жайлаудың мақпал түнін қоңыраулата жылқының кісінегені естілді.

Жер-көкті солқылдатқан жарылысты хайуан да сезіп елегізеді білем.

– Пай-пай, пай, жарасып тұруларын-ой, – деген дауыс екеуін бірдей селк еткізді. Өзімізден басқа тірі жан жоқ деп қаперсіз тұрғандарында жер астынан шыққандай болып естілген үнге жалт қарасқан. Жансыздай жарбайып тоғай арасынан шыққан Оспан екен, жүректері орындарына түскендей болды.

– Қайда жүр десем, тоғай арасына тығылып алып, ғашықтық сырын шертіп тұр екен ғой, – деді мысқыл аралас кекесін үнмен. Бұдан соң өзі алшаңдай басып келді де үн-түнсіз Дарханды ықтай қалшылдаған Гүлияның білегінен тартты. – Жүр, әкең шақырып жатыр, әдейі іздетіп жіберді. Ал сен найсаппен кейін есептесем.

– Тіліңді тарта сөйле, ауылнай, – деді Дархан. Оспанның қапсыра ұстаған қолынан құтыла алмай тартыншақтаған қызға қыр көрсеткісі келді ме, жалғыз-ақ қағып еді, шығып кетті. – Қолыңды сұмаңдата берме, Осеке, айрылып қаларсың.

– Қашаннан бері қамқоршы бола қалғансың. Байдың асын байғұс қызғанады деп, жалғыз-ақ түнде жар қылып алтандай кердеңдейсің ғой, – деді Оспан Дарханға шамасы жетпейтінін білсе де тілін тартпай. Оп-оңай беріле салуға, оп-оңай жеңіле салуға қыз алдында намыс қылып, не болса да тайынбай


жағаласып өлмек. Гүлияны жанындай жақсы көретіні рас-ты. Үстінен кұс ұшырмай қызғанатын. Адамдық ет жүрегімен елжіреп, осынау тотыдайын таралған қара көз, қолаң шаш қызды арман ететін. Омар бай бір көзін ағызып жіберсе де кегін қумай, ыңғайына көшкен, Гүлияға деген адал махаббаты үшін өзін-өзі құрбандыққа шалуы, сүйген қызына өзін-өзі садақалауы еді. Бұған дейін иемденіп, зор дәмеғып келген арман қызын әлдекім аймалап тұрғанын көргенде, әттең, кірерге тесік, атарға оқ таппады. Содан соң жігіттің Дархан екеніне көзі жетіп, жармаса кетсем, жазым қылар деген қауіппен тілін безей келген беті еді.

– Бұл қыз менің боданым. Көзімді беріп алған құныкер қызым. Сулы жерде асып, сусыз жерде куырып жесем де қолымнан қақпаймын деген әкесі.

– Барымтаға қарымта деп жетектетіп жіберер мал ма екен? Әлде әйел заты сүйгеніне қосылады деген Ленин декретін білмеуші ме едің. Өзің осы ауылдың кеңесісің, қалтаңда үкіметтің мөрі бар, айтқаным айтқан, жан керек болса енді бұдан былай Гүлияға қарап мөңрегеніңді қой, білдің бе! – Дархан өз қадетіне жат мінезбен булығып барып ашуын зорға басты.

– Күшейіп тұрсың ғой. Кімді-кім жеңерін ертеңгі күн көрсетер. Ендігі жауым – сенсің, Таңатардың қаңғыбас ұлы, сенсің! Қанжығада көріселік!

– Ағалар!– деді Гүлия қоңыр дауыспен. – Менің бір басымды дауға салсаңдар, жігіттіктеріңізге сын. Анығын естігілеріңіз келсе, мен ескінің етекбастылығына да, жанның қошаметіне де көне қоймаспын. Маңдайыма кімді жазды, жүрегім кімді қалайды соның соңынан еремін. Оспан аға, сіз ренжімеңіз, қарақан басыңызды бір кісідей сыйлаймын, сүрінгенде сүйеу тұтар жанашырым, ағайым деп медет етуден басқа айтарым жоқ. Бекер әурелеп қайтейін, мен Дархан ағаны сүйемін. Алдымнан жеті басты айдаһар шықса да осы кісіге созған қолымды кесе алмас. Шешімім – осы! Сіздерді сүзістіріп қойып тұра берудің жөні жоқ шығар. Мен кетейін. Әйел арашашы болып, соқталдай екі жігітті бітімге шақырып тұруы жараспас.

Асықпай аяңдап қаздай қалқыған қалпында тоғайды мендеген тұманға сіңіп жоқ болды. Текетірескен екі жігіт не істерге білмей, аңтарылған күйі қалды.


Бағанағы жер мен көкті шайқаған дүмпу тағы да естілді. Тіпті жақындап, сәуірдің бұлтындай төңіректеп іргеге келді. Табан астынан жарылғандай қатты естіліп еді. Оспан шошына құлақ түрді. Ал, Дархан сасқан жоқ.

Ертеңінде Еркін пәуескеге қос ат жегіп, Семейге қайта аттанды. Асығысаттанды. Делбесін Оспанға ұстатып суытжолға шыққан. Бүгін кешегіден гөрі аспан ала шабыр, терістіктен ескен суық желі бар еді. Өліара жақындап, күн райының бұзылу қаупі тақап келе жатқан. Бұрынғы жылдардағыдай емес, жарықтық табиғатта да өзгеше өзгеріс бар, қысы барған сайын, ұзарып, жазы жаңбырлы болмай ашық өткенімен, екі-үш рет бұршақ соғып, таудың шалғынын жалғыз-ақ күнде жапырып кеткен. Биыл қыстың да ерте түсетін сыңайы аңғарылады. Ағаш жапырағы уағына жетпей мінтеліп, шөп ерте қуарған. Шіркін, құстар да жауын-шашынға ұрынып қалмау қаупімен, бір күйсіздікті сезгендей, балапанын ерте баулып, әне ала бұлты аспанда қиқулап сап түзеп, бой жасап жүргендей.

Пәуескеде шананың қымтана үнсіз қалқалап, көк жүзіне телмірген Еркін сүйірлеп ұшқан тырналар тырауына құлақ салады. «Күз, – деді күбірлеп, – күз...» Көзімен сол бейбіт ұшқан, Балқаш жағынан тізіле күншығысқа ағылған тырналар керуенін барлап, арпалысқан ойын байырқалатты. Әсіресе, соңғы кезде адвокаттың көңілі ел көшкендей құлазып, жоқтан өзгеге елегізе беретін. Үлкен орда – өскен ұясында еру болған екі күн Еркінді төтенше бір іске үлкен тәуекелмен бастағандайтын. Шынында да арғы бетке аласапыран жылдары өтпей қисайып жатып алған әкесі, ел аяғы басылғандай мезгілде құйысқан, өмілдірігін салып «арғы бет» деп адырап отыруы әрі қуантатын, әрі қайран қалдырған. Елмен көрген ұлы той, туған жерден бір күрек топырақ бұйырса болды деп тыртысып отырып алса қайтер еді. Иә, Еркін онда да өлмес. Салт басы шу қарақұйрық деп тарта бермес пе еді. Ел үшін еңіреп туған ұлмын деп сезінетін Еркіннің бүкіл қазақ деген жұрттың тағдырына араласпақ арманы адыра қалғаны ма. Алаштың азаматтары болып, халқымыздың ақ туын жеке көтере- міз деп бозқасқаның қанымен анттасқан күндер қайда? Быт-шыт, бөрініңбоғы,бөкенніңсирағыболыпту-талақайышықты,шілдің боғындай пышырлады. Атақтысы абақтыға түсті, белгісіздеуі міне, бас сауғалап жүр. «Ойбай, жаздық, жаңылдық» деп Кеңес


өкіметінің аяғына бас ұрып кешірім сұрап, сандалып кеткендері қаншама. «Ұрып-ұрып саймен жүргенше, ұрғызып-ұрғызып қырмен жүрейік», – деген принципке көшкен бәрі де... «Иә, деп күрсінді Еркін шайқалған қос доңғалақты арбаның жақтау темірінен ұстап. Әлгіндегі сүйірлеп ұшқан тырналар үні семген, көзден де, көңілден де шеттеп кеткенге ұқсайды. Түйе өркештенген адырлар бітіп, алдарынан далиып кең жазық ашылды. Даланың өңі қуқыл тартып, мәңгілікке тілі кесілгендей томағатұйық жатыр. Бетеге бурылданып, көде сарғыш тартқан құла жон, адырлар артта қалған соң арбаның жүрісі жеңілдеп, солқылдақ жүрісі майда ырғамға айналған. Адвокат аспанға қайтадан көз салғанда әлгінде ғана тырналары қиқулаған көк төсінде қарғалар жүр еді қалбақтай ұшып...

– Иә, – деді Еркін қабағы кіреукелендіріп. – Бұл елге келген лаңның ылдиы ғана, өрі алда».

– Ереке, маған бірнәрсе дедіңіз бе? – Оспан шүңірек көзін қатарында ойға беріліп отырған адвокатқа қадады.

«Кәпірдің жанары қандай суық еді» деді ішінен.

– Жоқ-а, әншейін өзім ғой. Абайдың өлеңдерін жатқа оқып отырмын.

– Абай деген кім, Ереке, болыс болған біреу ме? – Оспанның кещелігі жынына тиді білем.

– Жоқ, шырағым, – деді мысқылмен. Оспан қос қаракерді шаужайлап.

– Айласы ма, ақылы ма, әлде байлығы ма, әйтеуір бір нәрсесі жетпеген ғой. Әйтпесе, астында ақсақ аты жоқ мына біздер білдей ауылнаймыз. Әйт шу, жануар! – деп қолындағы шыбыртқышен қос қаракерді сауырлап сабалады. Оқыс тиген соққыдан сасып, жұлқа тартып жөнелгенде бейқам отырған Еркін арбаның арқалығына жауырынын оңдырмай әнейімен ұрды. Басындағы қара қалпағы ұша беріп еді, оны әрең басып қалған.

– Ақырын, пәтшағар, ақырын айда! – деді Еркін зілмен.

– Қайын-жұртыңа асығып барамысың.

– Қайын-жұртымнан қашып барамын. – «Әй, бір тақырға отырғыздым-ау мардымсыған қаратаяқты» деп қосып қойды ішінен. Адвокат қанын ішіне тартып үндемей  құтылды.

«Тапаншамен атып салып, таспен бастырып кетейін бе» деген жаман ниет жылт етті де жоқ болды. Оның есіне тапаншасын


дәу шалға сыйлағаны түскен. Мұндай сүмелек иттің бабын қаладан да табуға болушы еді, бірақ, бұл Еркін үшін ата жау емес, ауылдың жуындыға семірген қайқы құйрық төбеті секілді. Осының өзін кейбір іске ептеп пайдалану жөн шығар»,

– деп бір түйді.

Жол ұзақ, өте ұзақ. Дала далиған, тым-тым кең еді.

«Кеңдігінен не пайда, аяғыңды етігін қысса егер, не пайда?» Арбаның ырғағы тағы да қайдағы-жайдағы өткен-кеткенге итермелеп көзін жұмды. Жанарында жамырап тұрған мұқым көрініс жым-жылас жоғалып, қара түнекке айналғанмен сол қап-қара тұңғиықтың ортасынан, Құдайдың кұдіреті, Оспанның бейнесі жарқырап өшпей-ақ қойғаны. Еркін таң  қалды:

«Тегінде, қазақтың түбіне осындай жігіттер жетер» деп ойлады. Мұндайлық шаш ал десе бас алатын қасапшы жігіттерді азды- көпті ғұмырында талай рет көргенді. Олармен мәмлеге келіп, ақылды іс бітірем деудің мүмкін еместігіне көзі әбден жеткен. Жан жолдасын жалғыз атым насыбайға сатып кету оп-оңай еді. Жанары суырып ашығандай болған соң, қамасқан ұзын кірпіктерін қайта көтерді. Тау етегінің тастақты жолы бітіп, ыдғай ақселеуі желкілдеген жазада басталған екен. Оң мен солдан анда-санда әлі де қыр соңдарынан қалмай ереуілдеген төбелер қапталдасады. Сол сұламаланған бедерсіз далаға сұғынған сайын көкжиек қашып, жердің дидары сұрғылттана түседі. Тамыздың аяғы нөсерсіз құрғақ еді, қылаяғы шидің түбіндегі селкеу-сілкеу жасылтым алқа да қуқылданған.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.