|
|||
азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 17 страница– Көңіл жүйрік, алыстан ойлайтын зерек екенсің, балам. Менің де, Еркінімнің де шыж-пыж болып жүргені осы ғой. Сен қуаттап отырсың, әттең енді бес-алты жылдан соң битін сығып, қанын жалап аш-жалаңаш отырғандарын қайта айналып келіп көрер ме едім. – Табалар ма едіңіз? – Жоқ, табаламас едім. Өз елім, өз жұртым ғой, мүсіркеп аяр едім. Аяп тұрып айтар едім: ата жауың мен ғана едім, малым емес еді, деп... Сонымен ат табатын болсаң қазір аттанып кетейік. – Ат табу қолдан келер. Өзіңіздің бозжорғаңызды әкеліп алдыңызға тартамын. – Күзет жоқ па? Көзге түсіп қалып жүрмейік. Бұлардың ішіндегі ең сағы Оспан соқыр. – Ол жым-жылас, кештен бері көре алмадым. – Әй, сол иттің жүрісі бекер емес, мен үй-ішіммен қоштаса берейін, сен тез орал, күтемін. Жылқышыны былайырақ шығарып салып, қыздарының отау үйіне кіріп еді, бәйбішесі де осында екен. Су тиген торғайдай әр бұрышта бүрісіп, кетеуі кете сүртиіп отыр. Әкесі келгенде Гүлия мен Дүрия именіп, ысырылып орын бергендей болды. Рахия қабағын ашпаған қалпы ертеңгі жол қамына дайындалғаны ма, теріс қарап түйіншектерін түйе берген. – Мен сендермен қоштасқалы келдім. – Омар мәймөңкеле- мей турасын бірақ айтты. Ешкім үндеген жоқ. – Жаман-жақсы болсын отыз жылдан аса бірге өмір сүрдік, бәйбіше, үш баланың анасысың. Бәрімізде екі аяқты пендеміз, қателескен, қатты кеткен кезім болса кеш. Сенің көп-көп қылығыңды мен де кешіргенмін... Екі қыз сыңсып жылады. Рахия басын көтеріп, шалының бетіне тура қарады. – Жүріп өткен отыз жылғы жол екіге айрылайын деп тұр ғой, әйелдікпен жасаған кателігім болса арғы бетке де, арғы дүниеге де ала кетпе өзіңмен. Адамға ақыл алпыс жасында келеді деуші еді, сенің арқаңда тайраңдадық, тайпалған жорға міндік, майды майға құйдық. Дәл осылай қоштасам деген үш ұйықтасам ойымда болды ма? Қайтейін... Бәйбіше жібек орамалымен бетін басып жылады, өксігі қаттырақ шыға бастаған соң Омар басу айтып, маңдайларынан алма-кезек сүйді. – Әкеден тірідей айрылу, әрине, қиын екенін білемін, айна- лайындар. Қанаттыға қақтырып, тұмсықтыға шоқыттырмай, он сегізге толтырдым. Көл жағалай біткен көкшіл құрақтай қос қарағым, қош болыңдар енді, шыбын жаным сендердің жолыңа сауға еді, қал-қадірім қалмады. Ендігі медет сендердің аман- дықтарыңды екі дүниеден бірдей Алладан тілеп өту ғана. Ертең Оспан соқыр алдына салып айдап бара жатса, әкелерің үшін тірідей көрге кемілу емес пе, ал мен екі рет өлгім келмейді. Қарқарадай қасқайып етінен ет кесіп алсаң қан шықпайтын Омардың мол пішілген ақшыл беті жыбырлап, иегі кемсеңдеді. Алғаш рет, әлде мүмкін ақырғы рет, көңілі босап, сақалы тұштаңдап көзіне жас алды. Күйеуінің қарағайдың қарсы біткен бұтағындай қайсарлығы мен туған әкесін оққа байлап беруден тайынбайтын ежелден білетін Рахия бәйбіше шошына ұмтылып жанына барды. – Әй, Омеке, босама балаларды шошытып. Саздауға біткен сапы ағаш едің ғой, не көрінді әйелдер құсап. – Қыздары да ұлардай шулап, әкелеп келіп мойнына оралып еді, Омар еңсесін тез көтеріп, көзінің жасын тыйды. – Өлетініме көрінген шығар, – деді ауыр күрсініп. – Жаман сөз айтпа, әтиі, айтпа, әкесі. Ер емес пе едің, бек мықты болуың керек. Жаның тірі болса бір хабарыңды берерсің. Еркінге не сәлем айтайын? – Арғы беттен тосамын деп айтты де. Оның да құйрығына шала байланған-ау, жым-жырт жатып алды. Тек аман болғай, ауырады деп еді. Бұл бір біздің тұқымда болмаған сергелдең уақытқа тап келдік қой. Алланың әмірі шығар, сене алмай, сендіруге жан таба алмай аттанып барамын. Адамға дәйім жақсылық қайдан дарысын... Осы мезетте ергенек ашылып, үйге Бати кірді. Бәрі үрке қарап қалған. Омар ғана орнынан үш ұмтылып әрең тұрып, желбегей жамылған ішігін киіп, белін буа бастады. – Ат дайын, ақсақал, – деді жігіт есік көзінен озбай. – Аттанайық. – Ендеше мен де әзірмін, азаматым. – Бәйбішесі мен қыздары жапатармағай тұрып Омарға жабысты. Олармен бір-бірлеп құшақтасып, беттерінен сүйіп қоштасты. Бойына алабөтен ширақтық біткендей сергек. – Мына жігіттің аты – Бати, – деді сонан соң, – естеріңде болсын, әкем жасамаған жақсылық жасады. Өтеуін сендер өтемесеңдер менің қолымнан келетін емес. Ал, Алла тағала жар болсын. Қаладағы қайын-жұрттың өлісіне иман, тірісіне сәлем айтыңдар. – Артына қайтып қайырылмастан сарт- сұрт шыға жөнелді. Отау үйде ботадай боздап қыздары мен бәйбішесі қалды. Түн айсыз, аспан бұлтты – қараңғы еді. Құлақ етіңді жеп ызыңдай соққан сайқал жел ғана дүниенің билігін өз қолына алғандай ырбаңдап, қойны-қоншыңа кіреді. Бөтен дыбыс жоқ, әлдебір алып күш кеудесінде жаны бардың барлығын тұншықтырып тастағандай. Жер-ошақтың оты сөнген, су құйып өз қолдарымен өшірген... желден қорыққаны болар; бай үйінің оты таңнан бері жағылған жоқ, жағылмайды да... Өз отын өзі өшірген... Жылқышы жігіт алдына кесекөлденеңдей тартқан бозжор- ғаның ер-тұрманы сайлы екен. Ұстап, тексеріп көріп еді, айылы мықты, құйысқан берік, риза болды. «Адал жігіт. Азапты көп тартарсың» деді ішінен. Бұдан соң, қолтығына қыса келген ақ киізді үш бүктеп астына салды, «біссімілла» деп атқа қонды. Ауыл шетіне дейін өгізаяңмен барды да, әудем жер қашықтаған соң аттарына қамшы басты. Қашып барады... Қайда? Біраз сілтеп алған соң, Омар тізгінін тартып, артына қарады. – Мен қашып бара жатқаным жоқ, туған жер! – деді дауыстап. – Сендер қуып барасыңдар. Ата-баба жерінен екі құлаш көр бұйырмағанына өкінем, қош! «Бозжорға, жорғаңа бас, алдыңда ел жоқ», – деп әндете айқайлап, тақымын қысып қалды. Үзеңгілес келе жатқан Бати ақсақал есінен ауысып кетті ме деп шошыған. Екі жолаушы таң атқанша суыт жүріп, жер бетіне жарық түсе асудың етегіне ілінді. Аттары ұзақ та қатты жүріске шыдамай, сауырынға қаспақ қатып, кібіртіктей бастаған. Бати «Көлік болдырып қалды, аздап шалдырып алайық», – деп еді, «Не болса да жиһаз жасырған бұғылы тасқа жетіп жығылайық», – деп көнбеді бай. Артта қуғыншы жоғына да сене алмаған; әсіресе, тіміскілеп жеті қат жердің астындағыны сезетін Оспаннан қауіптеніп келеді. Өлдім-талдым дегенде бұғылы тасқа жетті. Жол сыпыра қияға айналып, тау биіктеген сайын жүріс өнбеген. Бұл бір жер науаны, қуыс-қуысы, жасырынбақ тасы, ұры сайы мол Тарбағатай сілемінің шұрайлы пұшпағы-тын. Тарбағатай жоталарының әсіресе жоталанып, шоқтығы өскен, еңсесі көтерілген шырқау тұсы осы. Арғы бет тепсеңге ұласып кетер малға жайлы, қонысы кең – жерұйық деп көп естіген. Сол сөздің растығын құптағандай, алдарынан сойдақ-сойдақ қарағай-шыршалар шығып, бұта-қараған ептеп жапырағынан айрылып сидаңдаған терек, ақ балтырлы қайыңдар ұшыраса бастады. Алыстан қарағанда әлгі қарағай-шыршалары асудан асып түсіп келе жатқан сап түзеген солдаттар сынды. Қос жолаушы бұғының суреті қашалған тасқа тарбаяқтап жаяу көтерілді. Аттар етектегі ағашқа байланып, қурай басын шалуға тұмсықтары жетпей, жер тартып тықыршыды. Омар қартайып қалғанына дәл осы қияға өрмелегенде көзі жеткендей еді. Ентігіп, үлпершек майы аузына тығылып, алқына демалып әрең шықты. Маңдайынан сорғалаған терді жеңімен сүртіп әуре болды. Жылқышы жігіт сезгенде жоқ, алқынбады да, біз қайда келдік осы дегендей жан-жағын шолып тұр. Қырат- ойпаттың барлығын қырау қабыршықтары басқан, жұқалаң қар жауып қалғандай ағарып сұлу көрінеді. Желдің беті қайтқанмен ауада ызғар бар. Қараңдаған адамды қарғалар қарқылдап, тым жақыннан сауысқан шықылықтайды. Бұта-бұтаны қорғалап бүріскен торғайлар әлсіз шырылдап, тағатсыз ұшып-қонып жем іздейді бейшаралар. Айнала суық – өлім құшағына кіргендей бой ұрғандай суық тартады. Осынау қарап тұрып жалғызсырап жылағың келер тау көрінісі сананың саздау тартқан нәзік қылын шертіп, өгейсітеді екен. Жүрегінің мұң шалып, күннің нұры, айдың сәулесін сағынасың. Бұл жер Батиға таныс, жылқы қарап сан рет келген. Ол шақта осындай жат көңілмен жатырқап қарамаған-ды. Көзге жыл ұшырап көрінетін бетінде бұдыры жоқ сайын дала, көле жота, бел-белестер әбден көзқашты қылып келгенде, жүндес таудан сая тапқандай рахаттана дем алатын. Қазір олай емес, мүлдем жанға жат, тәнге салқын. Шалға қарап еді, тастың қуысына қол жүгіртіп Бати тыққан түйіншекті өзі-ақ тауып алып отыр екен. Жасқанып қалмасын деп жанарын тайдырып әкетті. «Жо-жоқ, бұлармен бірге туыссаң да қатар өмір сүруге болмайды екен» деп ойлады. Тағы да көзін дүрбілеп алысқа қараған... Сонау асудың тас қамалында бір үйір жылқыны енді ғана байқап, таң қалды. – Ақсақал, – деді қуана дауыстап. Кеше жоғалған боз айғырдың үйірі, әне, тас қамалда қамаулы тұр. – Қане, қане? – деп бай орнынан ұшып түрегелді. Бати нұс- қаған жақа күнсала қадала қарап барып, балаша мәз болды. – Бұйырған екен жануарлар, жақсы болды, арғы бетке айдап өтем. Құдай біледі, Оспан-ау ұрлап әкеп жасырған. Науқанның ыстық-суығы саябырсыған соң иемденіп алмақ қой. Боқты, сен соқыр итке сымбал да жоқ, өзім айдап өтемін. – Апыр-ай, – деп жағасын ұстады Бати. – «Қабан шошқа өлгелі жатса да қорс еткенін қоймайды» деуші еді, қандай дәл айтылған сөз. Омар түйіншекті қойнына тығып: – Ал кеттік! – дей беріп, аяқ жағын «алла-алла» деп айтуға да, айтпауға да шамасы келмей жүрегін басқан күйі тәлтіректей берді. – Не болды, ақсақал? – деп ұмтылған жігіт сүйеп үлгергенше, шоғыр-шоғыр тарғылданған тастың үстіне шөккен нардай шөке құлады. Аспан аунап жерге түскендей, жер аспанға атып шығып кеткендей астан-кестең болған дүниенің ортасында қақпақылға айналып, қауырсындай қалқыды. Омар өзі өз болғалы ес-түсінен айрылып, кескен теректей құлаған жоқ еді. Төтеден келген, оңдырмай тиген кесел атандай адамды кірпік қаққанша алып ұрды. Бір ысып, бір суыған қан, баяулап соққан жүрек, мұздай бастаған аяқ-қол, енді қайтіп икемге келуі мүмкін емес дене – бәрі-бәрі жарық әлеммен қоштасар алдында жанталасып сыңар сәт болса да өмір әнін шырқап қалғысы келгендей, өмір нұрын ақырғы рет таусап қалғысы келгендей, ей... ей... бәрібір үнсіздік, құлаққа ұрған танадай тыныштық, мәңгілік толастыққа жетелеген өлім атты суық та ыстық абзал Ана бірте-бірте жақындай берді; әне қолын созып, қойнын ашты. Омар жанұшыра ышқынып, шегінгісі, атып тұрып алды-артына қарамай қашқысы келді-ақ. Амал не, елден қашсаң да өлімнен қашып құтыла алмайды екенсің, тырп етуге дәрмені жоқ, суынып барады. Жылқышы жігіт басын сүйеп, кеудесіне құлағын тосып еді, көкірегінде сырыл бар екен. Ендігі сәтте сол сырыл біртіндеп жоғарылап, кеңірдек тұсына өрлей берген; иманын айтып, кебірсіген ерні жыбырлап қана жатты. «Енді мал болудан қалды» деп ойлады Бати. Бірақ, Омардың бұл қиналысы оны қорқыта алмады. Жалпақ жаһанды белшесінен басып, құр аттай желіп кел- ген Омар бай өлім сапарына дайын емес еді. Бар ғұмырын базармен өткізген бақытты адамдардың жарық дүниеден қайтуы соншалықты қорқынышты боларын Батидың тұңғыш рет көруі. Егер Омардың орнында өзі болса, дәл осылай ышқынбасын сезді, сезді де: – Ақсақал, елге не айтасыз? – деп сұрады. Омар үндеген жоқ. Көзін ептеп ашып, тілге келді. Өлім-ана жақындап келіп аңдығандай, мұның жанында аялдап тұрған. Көзін баяулап ашқанда қайтып туғандай нәрестелік хал кешті. Күн шығып, тау-тас алтын шуаққа шомылған; жарықтық аспан өте аласа тартып, тура төбесінен төніп тұр. Баяғыда заңғар секілді еді-ау. Қош, қошын айтар ақырғы сәтінде жер бетіндегі барлық заттың қол созым тұсқа жақындау сырын ұға алмады. Шыр етіп осынау жалғанға келгеннен бергі алпыс бес жыл жасаған күнәсінен ақталғысы, кешірім өтініп арылғысы келді-ақ, бірақ кеш еді, бәріміз де кешірімді кеш сұрайтынымыз сықылды... Адам тек жаңа туған кезінде: содан соң тек өлер сәтінде ғана бар күнәһарлықтан таза, ақ, адал сезімнің айдынында жүзе алады екен-ау. Білсекші, бірақ... иә бірақ... Көктен көзін алмай жатқан Омардың қарашығы қатып қалған секілді еді, әлгі құрықпен түртер тұстан ғана телміре төнген аспан шыр айнала бастады. Шалдың тілі жас балаша былдырлап қайта шықты. – Дүние өтеріңді шыл айналдың, шыл айналдың... – иегін қағып, ымдап Батиды шақырды. Қаны қашып, көгере дірілдеген саусақтарын әрең қимылдатып, соншалықты қорлықпен қолын қойнына тықты. Кеуде тұсында томпайған түйіншекті ала алмай көп әуреленген соң, Бати көмектесті. – Ал, – деді сыбырлап Омар. – Сен ал, келегі болал... – Жышқышы жігіт басын шайқады. – Бекел алмадың, бекел... талай өкінелсің... – Керек емес, – деді Бати. – Енді маған еш нәрсенің керегі жоқ. Осыған дейін керек еді... – Құлаша да алмаған, – деп жанарын қайта жұмды. Жанарын қайта жұмғанда қап-қара түнектің ар жағыннан асасын сермеп, аяңдай бара жатқан ақ киімді Құлаша дәруішті көрді, айғайлап шақырғысы келіп еді, үні шықпады. Соңынан ерейі деп ұмтылып, қозғала алмады. Көзін қайта ашты: сол аспан, сол күн, сол тау, сол адал да аңқау жылқышы жігіт. «Осылар ғана мәңгілік шығар, тек осылар...» – Кең дүние маған тарылды, дауысы баяғыша анық естілген соң тәуір болып кетер деген үмітпен басын көтере түсті. – Егер көре қалсаң Еркініме айт, жаққан отымызды сөндірмесін; Алла тағаладан, сонан соң жамиғи пайғамбарларға шапиғы келтіріп, әулиелерден медет-мұрап тілеп, ғайып ерен, қырық шілтенге аманаттарым – жалғыз ұлымның амандығы. Мен қазір өлем, ат байлаған ақ теректің түбіне терең тепкілеп, көм. Менің осында жерленгенімді тек Еркінге ғана айтарсың. Ал саған, жарығым, мың да бір рахмет, жалғыз өзіңнен ғана топырақ бұйыратын болды. Заман сенікі, бар, бар өзің бармасаң, керегіңді алмасаң, заман саған келмейді. Соңғы айтарым: жау... мен емес. Ендігі жау – Оспан, содан сақтаныңдар... р... р... Тілін жұтып қойғандай болды. Қарашығы қатып қалды, мәңгілікке қатып қалды. Қарғалар қалбақтап ұшып, сауысқан шықылықтады. Бати «ақсақал, ақсақал» деп дыбыстады. Амал не, Кенженің ұлы Омар оның бірін де естіген жоқ. Ол енді ешнәрсе естімейді. Жақын маңдағы ауылдан күрек тауып әкелген Бати бұл елдің ең соңғы байын ақтеректің түбіне жерледі. Ақырет киізге орап, көрге түсіріп, «Қул-қул Алласын» үш қайырып бетін сипады. Артында қалған ақырғы байлығы – шүберекке түйілген алтын- күміс ақшасын басына жастап, қабырды топырақпен толтырды. Бетін дөңестеген жоқ, ел көзіне елеусіз болсын дегені шығар, қына басқан тастың екеу-үшеуін аунатып әкеліп, үстіне қойып кетті. Бұл көрден тұрып кетпесін деген қаупі емес еді. Арғы бет пен бергі беттің екі ортасындағы дүбәрә да елсіз йен жерде жерленген Омар осылайша өз иманын өзі айтып өлді, жаназасыз көміліп, мәңгілікке көз жұмды. Мыңғыртып айдаған мал асудың екі жағында әлдекімдердің қолында қалды шұрқырап. Тас қорада қамалған боз айғырдың үйірін айдап, Құландыға бет алған Батидың алдында әлі басталмаған, әлі тапталмаған ұзақ жол, көсіле құлазып кең дала жатты. Шар жағында шойын жол салып, жер қопарған дүмпу еміс-еміс естіледі. Қатқақтана бастаған күзгі даланың қақ тұнған жонарқасы дірілдейді. Осы күні кешке алғаш рет биылғы жылдың қырбақ қары жауған. Биыл тым ерте жауды. Жер-дүние аппақ...
* * * Өз түсінен өзі шошып оянған былғары киімді жігіттің әуелгі іздегені Омар болса, жер жұтып, аспанға ұшып кеткендей үйден де, түзден де таппады. Ұйқыдан көздері домбығып кеткен милиционерлер білмеген, көрмеген болып шықты. Өкіл жігіт оңбай алданғанын білді және қуғыншы шығарған жоқ, бекер боларын сезді. Пәленің үлкені алда, үлкен қателік жібергенін ойлап іштен тынған. Ал, Оспан болса мойнына қара тақта ілген Долдашты сүйрелеп әкеліп, аю атып алғандай әкілене сұрады. – Омар қайда? – Қашып кетіпті. – Қашырып жіберген шығарсыз... Терісіне сыймай ашуланып тұрған бастық айғай салды. – Қысқарт! Мені тергейтін сен емессің. – Маған бәрібір, – деді Оспан саспай. – Өзіңіз жауап берерсіз. Мен мына інісін аман-есен жеткізсем болғаны. – Жеткіз, – деді өкіл жігіт түнеріп. – Бірақ анау мойнындағы қара тақтаны алып таста. – Ал деп бұйырсаңыз алайын. Бұл итке қара тақта қарғыбаудай жарасып тұр еді. – Әттең, басым аман оралмайды-ау, – деп тістенді Долдаш шөкелеп отырған күйі айбаттанып. – Қара басым егер есен-сау оралса, әуелгі жауым сенсің, сенсің, Оспан. Сендей сұрқиямен қатар өмір сүріп, жаңа өкіметті жандандырам дегендерде ес жоқ. Сендей жауызбен қатар өмір сүргенше қарсы қарап тұрып атысу керек. Сол әлдеқайда жеңіл болар еді. – Оттапсың. Қайтып оралғаныңша, ешкінің құйрығы – көкке, түйенікі – жерге жетер. – Оны бір Құдай біледі. Дүние – кезек. Асқанға бір тосқан шығар. Әй Мұрат, – деп айқайлады сонадай жерде екі көзі бұлау- дай жылап тұрған ұлын шақырып. – Әкең арманда кетіп барады. Егер тірі болып ержетсең, мына соқыр иттен кегімді ал. Бұл кекті ұлыңның ұлына, қызыңның қызына жеткіз. – Ха-ха-ха, – деп Оспан екі санын сабалап күлді. – Кек алатын кісің мына тұрған күшік болса, басына бақанмен бір салғаннан қалмас. Рас айтасың, сен астың, мен тостым. Енді міне, шынжырлаулы иттей үріп отырғаның. Киіз үйден екі қызын ертіп Рахия бәйбіше шықты. – Міне, осылардан сұрау керек Омардың қайда кеткенін – деді Оспан, ендігі сәтте үйден шыққан қыздарға алара қарап. – Егер шындарын айтпаса қосақтап айдап кетеміз, немесе... – Сұрамасаң да айтайын мен саған. – Бәйбіше ырғала басып келіп, Долдаштың арқан батқан білегінен ұстады. – Қайным ағаң айтты: қамықпасын, қашам деп әрекеттенбесін, – деді. Кенжеден қалған екі ұл едік, біреуіміз арғы бетте жүрсек, біріміз бергі бетте қалайық, жазасы ауыр емес, үш-төрт жылда босатар деді. Сендерге айтарым да осы. Омар түнде анау таудан асып кеткен. Енді оны жалғанда ұстай алмайсыңдар. – Кіммен қашты, атты қайдан алды? – деп сұрады өкіл. Бәйбіше жылқышы жігітті ұстап бергісі келмеді. – Арғы беттен Таңатар құрдасы келіп алып кетті. – Өтірік! – деп ысылдады Оспан. – Дәу шалдың Қытайдан өтіп келуі мүмкін емес. Құс болып ұшса да үлгере алмайды. – Таңатар құстан ұшқыр, арыстаннан алғыр. Оның кім екенін білмеуші ме едің? Айғай-ұйғай десе елеңдеп тұрар ел жиналып-ақ қалған екен. – Ой, одан шығады. Дәу шал Құдай да емес, Құдайдан былай да емес – деп даурықты. – Қайным, ант ұрған анасының қойнын ашады деуші еді, қатты сөйлеп, қаматып тастасаң да сенікі жөн емес деп айта алмаймын. Омардың қылығын ақтайтын қарсы дауым және жоқ. Саған қиын тиерін білемін, – деді өкіл жігітке жақындап. – Ер жігіт екі сөйлемейді деуші еді, кеше бас бостандығымызды беріп едің, рұқсат болса қалаға аттанайын. Керек болып қалсақ, тауып аларсыңдар. Ғабдолла деген саудагер шалдың қара мекенін білмейтін адам жоқ Семейде. Біз сол үйде боламыз. – Бара беріңіз, – деді былғары киген жігіт қабағын ашпаған қалпы. – Аттана беріңіз. – Бұл – заңсыздық! – депбажетеқалды Оспан. – Бай-кулактың өзінқашырып, семьясынбосатып жіберукәмпескетуралы қарар- ды жүзеге асырмау деген сөз. – Әй Оспан, – деді бастық. – Семейде оқыған жиырма күнде бүкіл заңды жаттап үлгергендей лепірме. Егер біле білсең, сенің істеп жүргенің де бассыздық... «Асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын» деп қоқақтайтындар – олар да халықтың жауы. Кешеден бері істеген қылығыңның бәрі қылмыс. Конфискация туралы заңды елді қорқытпай-үркітпей, байбаламға салмай байсалды түрде жүзеге асыруды партия бізден талап етіп отыр. Рас, Омар байдан айрылып қалдым, ол кінәмды мойындаймын және Совет өкіметі алдында жауап берем. Кәмелетке толғаннан бастап революция жеңісі үшін жан-тәнімді арнадым. Жарақаттанбаған жерім жоқ, мынау маңдайдағы тыртық бандиттер салған белгі. Енді келіп, көлденеңнен қосылған көк атты келімсек сенен ығар жайым жоқ. Естісін, білсін мына халық, шаш ал десе бас алатын әумесер әлдекім емес, көрмегенді көріп, көн тулақты сүйреп өскен өздері секілді кедей екенімді, Совет өкіметін өз қолыммен орнатысқан большевик екенімді. Ал сен болсаң партия қатарына әлі кірген жоқсың, жаңа өкіметтің ішкі, сыртқы саясатынан да хабарың шамалы. Енді келіп шалқаясың.
|
|||
|