Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 14 страница



– Осы жылқының ішінен таңдағаныңды ұстап мін, – деп қадап айтты шүленсіген бай. – Еңбек – сенікі. Күні ертең


кәмпіскеге түскенде мынау Малтыкөлдің шиебөрідей шулаған өңшең арамтамақ аш-арықтары ту-талақайын шығарар. Менің шөбімді шауып, отынымды жарыға берген солардай- ақ жеңдерін түріп, пышақтарын сайлап кірісер... Жылқыны сен емес, солар баққандай-ақ жетектеп кетер... Айтып-айтпай не керек, дүниенің боқ екенін, қолдың кірі екенін білдік пе, жарқыным?! Енді міне, салт басты, сабау қамшылы сенің бас бостандығыңа, тіпті қызыл сирақ кедейлігіңе қызыға қарап тұрғаным.

Байдың толқи айтқан сөзі шындап әсер етті ме, көңілі босап жанарына жас үйірілді. Жұбату айтып, басынан сипар бала емес, алпамсадай ақсақал, бір елдің төбедей төңкерілген атақты адамы. Әбден жасыған, дүниенің бәріне қол сілтеп, түңіліп дала кезіп, қарсақ боп жүрген қожайынның бабын таба алмай қатты қысылды. Не дер мұндайда. Қандайлық жол нұсқап, ақыл берер. Өмірбақи да ешкімге ақыл айтып, көшелісіп көрмеген жылқышы жігіт құрығымен жер шұқылап төмен қарады. Мейлі аш жүрсін, жалаңаш жүрсін – әйтеуір осы Омардың малын бағып жанын сақтады ғой. Тіршілігінің дәнін осы Омекеңнің малынан терді. Өзі су ішкен құдыққа түкірсе азаматтығына лайық па. Азаматтың  мықтылығы

– аттан құлағанды сойылдап, жеңілген иттей желкелеу емес, қайта жауың болса да жаралы жатқанында қансыратпай қол ұшын беруде емес пе. Ендеше, Омарды табалып, шоқ-шоқтың астына алып, дәл қазір қолындағы қатып-семген сойылмен қақ бастан салып өтсе кім қолынан алар, қайта жаңа заң осы Батидың мінезін қуаттамай ма, қорғамай ма. Жоқ, Бати ондай көргенсіз қылыққа бара алмайды. Бара алмайтын себебі – бұл қарнын ашыртқанмен, қадірін қашырмаған қазақ. Байдың жазығы – бай болғаны ғана емес, елге көрсеткен қысастығында ғой. Ал Бати бұл кісіден құдайшылығын айтса, екі өкпесінен тепкілеген соншалықты азабы мол теперіш көрген жоқ. Анау жылы қалың қар жауып, қатты боран соққан жұтшылықта бір айғыр үйірінен айрылып, зымзия жоғалтып алғанда да айылын жимап еді. Бай атаулының бәрі озбыр, қатыгез еместігіне алғаш рет көзі сонда жеткен, сол уақыттан бері ішіне сәуле жүгірген.

– Пейілідізге рақмет, ақсақал,– деді тілге келіп. – Құла ат бұйырса да Құдайға шүкір деймін. Қайда бет алдыңыз?

– Құландыдағы қыстақты көріп қайтпақ едім.


– Ой, онда бармай-ақ қойыңыз, – деді Бати. – Үйіңіздің астан-кестеңін шығарып, темір-терсекке толтырып тастапты. Шойын жол салатындардың жатақ үйі болатын көрінеді.

– Солай ма еді... – Қанын ішіне тартқандай сұрлана сілейіп қалған Омар сол жақ кеудесін баса жел шайқаған бәйтеректей теңселіп кетті. Жүрегі шаншып, басы айналса да сыр білдірмеді, не аттан аумады. Мелшиген қалпы көзін жұмып, қайраңдап қалған шабақтай ауаны қарпи ауыр дем алған.

– Ақсақал, не болды сізге? – деп сүйемекке жақындаған Батиға керек емес дегендей қолын сермеп ишара жасады. Бұдан соң сәл есін жинағандай шекесін үнсіз ысқылап тұрды да, тік жаға көйлегінің түймесін ағытты. «Бекер-ақ айттым, – деп өкінді жылқышы. – Өз көзімен көргені дұрыс еді. Оқыс хабар болды-ау. Бірақ, осыншалық ес-ақылдан айрылатындай ауыр сөз болатынын білді ме. Тірі малға емес, балшықтан құйған төрт қабырғалы тамға қабырғасы қайысатындай суық хабар естіртем деп ойлады ма.

– Аттан түсейікші, – деді бай қамданып. – Анау тастың ығына аздап демалайық.

Екеуі де аттан түсіп, жетелей аяңдап, сыртын қына басқан үлкен шұбар тастың қалқасына барды. Шылбырды білектеріне іле қатарласа жайғасты. Алғашында сөзді қайсысы бастарын білмей аз-маз іркіліп қалды. Тастың далдасы шынында да ысылдай соққан суық желдің бетін қайтарып, түбінде отырғандарға қалқан боларлық қауқары бар. Жел өтіне артын бере, құйрықтары желмен желбіреген тамам жылқы күзгі даланың қуаң тартып, қураған шөбін тістелеп қаперсіз жайылып жүр. Әріректе Қызылегіз деп аталар төбенің қосөркеш айыр төбесі қарауытады. Дәл жанында тізелес сонау Қызылегізге қадала қараған жылқышының тікенектенген без беті бүлк етпестен жағына жабысып қалған. Омар бай көз қиығымен Батидың қорасан дағы бар әлпетін шолып, анау боз даламен салыстыра келіп, үлкен ұқсастық тапты... «Мықты, қайратты,

– деген сөз оралды көкейіне. – Бірақ... Не бірақ? Қатыгез, қатты болуы керек. Оны қазір сынап көрейін». Жүрегін әлгіндей ат үстінде пайда болған уытты біз піскілей жөнелді. Тағы да қойнына қолын тығып уқалады. Екі тізесі серейіп ұйып қалған екен, аяғын жазып көсіле отырды. Астарындағы көк тастың ызғары өтіп, бір жамбастап, құйрығына сыздауық  шыққандай


тыныштық таппаған. Жайсыз жайғасқанын сезген Бати атып тұрып атының ерін алып, тоқымын төседі.

– Рахмет, – деді бай. Бұл – Батидың жиырма жылда естіген алғашқы алқа сөзі еді, кәдімгідей адамдық көңілмен қуанды.

– Осындай жігіт екенсің-ау, – деді бай да жұмбақтау риза- лықпен.

– Иә, баяғыдан осындаймын, ақсақал, – деді жылқышы.

– Рас, осындай екенсің, байқасамшы...

– Сіздер биіктесіз ғой, кішкентай адамдар көздеріңзге іліне бермейді.

– Ол рас, шырағым. Көп дүниені көре бермейді екенбіз. Биікте жүргендерге көріну үшін, өздерің де биіктеуге құл- шынуды білмейсіңдер, мал баққанның бәрі мал болып кетсін деп қай пайғамбар айтқан екен. Аузына алты алашты қаратқан Біржан сал мен Ақан сері де сіңірі шыққан жалғыз атты кедей емес пе еді. Баяғыда аяғына кілем төсеп, қарсы алайық деп арнайы адам жіберіп шақырғанда біздің ауылға бұрылмай анау Шыңғыстаудағы Құнанбайдың еліне кеткен. Оны былай қойғанда қарадан хан болған Қисық ше...

– Олардың жөні бір басқа, – деді Бати күрсініп. – Құдай берген өнер мен пысықтық бар. Жұрттың бәрі Біржан мен Хан Қисық болып кетсе сіздің жылқыңызды кім бағар еді, ақсақал?

Омар жалт қарады. Ақсұр тартқан бетінен бір түйір қан тайдай шауып өтті де, кеңкілдеп күлді-ай.

– Оның да жөн-ау, мал бағатын адам қай-қай заманға керек- ау. Менің қайран қалып отырғаным, сенің де сау сиырдың боғы емес, ақылды азамат екенің. Жылқы баққан жиырма жылда қалай ғана жұмған аузыңды ашпай келдің?

– Басқа түссе баспақшыл деген емес пе, ақсақал. Сол жиырма жылда жалғыз рет бүгінгідей жақын келіп сәлемімді алып, аттан түсіп, әңгімелессеңіз, талантымды ертерек таныр едіңіз. Адамның жаманы бар ма, тек түсінбейміз, не болмаса бағаламаймыз. Төменде жүргендердің бәрі ынжық, ақымақ көрінетіні де содан да. Әйтпесе, астына арғымақ мінгізіп, аузына сөз салса, бұл жұрттың қайсысы, кімнен кімі артық дейсіз. Тууы бір адамның, өлуі де бір.

Омар ойланып қалды. Зерделілік тек қана оқыған, қолында билігі, қотанында малы бар әлділерде ғана болуы керектігіне имандай сеніп, есікте жүрген құл-кұтандарға пысқырып та


қарамаған қарақан басы әңкі-тәңкі, ауыр соққыға ұшырағандай әрі-сәрі. Кедей-кепшіктен шыққандардыі ішінен тек Таңатарды ғана таңдап, кісі деп санасып, тіпті сол дәу шалдан жеңіліс тапқанында, ол ерекше жаратылған ілуде бір туар жойқын күштің иесі деп қана білетін еді. Бақса, ондайлық оқшау бітістер көп екен-ау. Сол Таңатардан мына жылқышы жігіттің қай жері кем. Сөз десе – сөз, күш десе – күші бар тасқұдай. Қалай-қалай орағытады десеңізші. Сонда деймін-ау, Оспан қу қайдан жаратылған. Жоқ, кедейдің де бәрі бірдей емес, олардың да Оспаны мен Батиы, ақылдысы мен алаяқ сұмы бар. Жаңа өкімет сонда осылардың қайсысын жарылқайды екен. Қайсысын?..

– Биылғы қыс қатты болайын деп тұр-ау, – деген қаңылтыр бет жігіттің қодыр дауысы ойын бөлді.

– Енді маған бәрібір, – деді Омар маңдайын ысқылап отырған күйі. – Даланың бетін саудыраған қаңқа басқан ақсүйек жұт болса да бәрібір қыңбаймын.

– Елге қиын болады ғой.

– Ел қалды ма бүгінде, бөрінің боғы, бөкеннің сирағы болып тозып кетпеді ме бет-бетіне.

– Олай демеңіз, ақсақал, көпке топырақ шашу ерлікке саймаса керек. Елдің аты – ел. Еңіресең де, еркелесең де бәрібір есігінен кете алмайсың. Су ағады, тас қалады...

– Топырақ шашайын деген жоқ едім, өздері емес пе көзіме құм құйған.

– Әйтсе де тарылмаңыз, ондай шолақ мінез сізге жараспайды, Омеке.

«Апыр-ай – деп ойлады Омар, – мына жігітті баяғыда бау- лып, шабармандыққа алу керек екен-ау. Енді бәрі кеш».

– Жарығым, мен саған үлкен іс тапсырайын деп отырмын. Бәлкім, бұл саған айтар ақырғы сырым, ақтық сөзім, азаматтығына артар соңғы сенімім шығар...

– Алғашқысы да осы ғой.

– Оның рас. Қарсы болмассың.

– Атып кел, шауып келден өзгесін айта беріңіз. Ондай жаналарлыққа жаным әуелден қас, суқаным сүймеуші еді.

– Құдай сақтасын, ініме кіре алмай жүріп, құйрығыма қал- жуыр байлап нем бар. Тыңда, жарығым, менің қазіргі жүрісім

– желдиірмен-сынды. Қашан, қай жақтан жел соғады деп


қапалағым арбайып тұрғаным. Баяғыда ақ, қызыл болып дүрбелеңге түскен қиқулы заманда босқан елмен бірге жалғыз түнді жамылып арғы бетке ауып кетсем, көшетін көлік таба алмай омалып қалғаным жоқ. Елмен көрген ұлы той деп жылы орнымды суытпай отыра бердім. Енді, міне, жаңа өкіметтің жағасына жармаспасам да, қуғын-сүргінге ұшыраған бейшара түрім осы. Халықтың маңдайындағы мең секілді едім, көзге шыққан сүйел болдым. Сен тимесең, мен тименің заманы емес екен бұл. Екінің бірі: не арғы бетке, не бергі бетке – екі жағалаудың біріне шықпасаң, ағыс айдап алып кететін түрі бар. Бар сенгенім жалғыз ұлым, маңдайға басқан Еркінім болса өз басымен әуре, екі кештің арасында арбадан құлап төсек тартып жатыр. Көзімнің қарашығындай екі қызымның ертеңгі тағдыры ғана қинайтын. Әйтпесе, мен деген немене, басын кескен қу молақпын, асарымды асадым, жасарымды жасадым. Төрт құбыласы тең жалғанды жалпағынан басқандар мың жасар болса, мен жасар едім. Дұрыс айтасың, шырақ, тууы бір пенденің елуі де бір екен. Өмір ауылынан кейбіреулер бұралаңы ұзақ азапты жолмен барады, ал енді біреулер қысқа да қызықты даңғыл жолмен барады. Бірақ, шыққан жері де, баратын жері де біреу ғой. Ол – өмір мен өлім сапары. Қалған қарекетің – алдамшы дүние, бекершілік, иә-иә, бәрі де бекершілік.

Көзінің асты жыбырлап сұғына сөйлеген Омар жерден асықпай екі тас алды да ақырындап бір-біріне ұра бастады. Әлсіздеу шықылдаған үннен өзгенің бәрі жым-жырт болғандай еді. Анау етекте өскен топ-топ шилердің басын жел жұлмалап, сыңсыған мұңлы әні талып естіледі. Жүдеулік меңдеген айдала көктемдегі өлі жүні түспеген көтерем сиырдай кеспірсіз еді. Қазан айының осы ұсқынсыз басталуы көп күттірмей келер қыстың қаһарын танытар алғашқы хабаршылары реуіштес. Бұдан бұрынғы жылдарда маужырап тұрар мейірімді күні бар қоңыр күздің биылғы сыңайы үрейлі, зәрезеп қылар мазасыз. Бұрнағы күні жауған қара нөсердің арты ери жауған жылбысқа қарға айналғанда Бати жаман ырымға жорып ішін тартып қалған-ды. Осыдан он жыл бұрынғы күз дәл осылай сылбыраң басталғанда қыстың беті қатты болып, Омар байдың бір айғырлы үйірлі жылқысын қырып алып еді.

Омекеңнің тым арыдан орағытып не айтқысы, қандай бұйымтай тапсырғысы келгенін бағамдай алмай әуре болды.


Әңгіменің соңын тосуға шыдам жасаған. Ал байекең айтар ойын ал дегенде тарқатпай қазықбаулап асығар емес.

– Бекершілік емей немене, мен айдаған мыңғырған мал, мен шайнаған қазы-қарта, жал-жая қайда? Бәрі де әр бұтаның түбінде қиға айналып, адыра қалды. Қатықсыз қара көжені талшық еткен құл-құтан, жалшы-малшылар озды бүгінде. Тіпті, озбайтын да шығар-ау, бірақ біздерден гөрі уайымсыз, біздерден гөрі батылырақ бара алады арғы дүниеге. Оларға атқа мінуден гөрі аттан құлау әлдеқайда оңайырақ. Өйткені олар біздерден гөрі қара жерге бір табан жақын екен. Әлгінде сен, жарығым, «сіз тым қол жетпейтін биікте ұшып жүрдіңіз» дедің-ау ұмытпасам.

– Иә, айтқаным рас.

– Ендеше сол биікке ұшқанның биіктен құлауы да оңай әрі қауіпті: не өліп түседі, не жанып түседі.

Алақанына салып аударыстырып отырған тасты да бір- біріне шақылдатып от шығарардай ұра бастады. Үнемі бір төр алдында дөңкиіп отыратын, үнемі бір ат үстінде күмпиіп келе жатар Омарды еш нәрсені парықтамайтын пасық, ішіне тезек толтырған қап секілді кеуек адам деп ойлаушы еді, қателескен екен. Тегін адам таз бола ма, ақылсыз, ақымақ адам бай бола алмайды. Бүгінгі күздің суық та сұрқайы күнінде бай мен жылқышы бір-бірінің көңіл сарайына кіріп, осы оңашада отырыстарында ғана шындап танып, бағалағандай, тіпті ұлы жаңалық ашқандай таң-тамаша болысты. Дегенмен, төрткүл дүниедегі жаңалықтардың не ерте, не кеш жасалатынындай бұл екеуінің де бір-бірін танып, білуі тым уақсыздау емес пе?

– Дүниенің қызық атты қызыл түлкісі жеткізбей кетті, енді өзіміз қашып көретін шығармыз.

– Дұрыстап сайланып, жеткізбейтіндей боп қашудың өзі

– өнер ғой, ақсақал, – деп Бати әңгімеге араласты. – Не қуа алмадық, не қаша алмадық, озбадық та қалмадық, өгізаяң тірліктің соңында тентіреп жүргеніміз.

– Сенің күнің енді туды, Бати шырақ, енді туды.

– Қандай күн туса да жылқы бағудан асқан өнер қолымнан келмес-ау.

– Сен бағатын жылқы қалмас. Бірақ, осы жарықтықты бағып, мінген адамның мұратқа жеткенін және көргенім жоқ. Саған айтар ақылым, құрығыңды тізеңе салып сындыр да,


қолыңа балға мен қайла ал. Әне, сонда ғана бүгінгі заманның көрігін баса аласың. Күн – балғашыларға ауып барады.

– Жоқ, ақсақал, менен ұсташы шықпайды, темір-терсекке о бастан-ақ жаным қарсы еді. Малмен бірге тудық, сол малмен бірге өлеміз. Жылқы жарықтық жаңа өкіметке де керек шығар.

– Әй қайдам, – деп Омар қабағын түйіп басын шайқады. – Ал, шырақ, күн еңкейіп қалған-ау, негізгі шаруаға көшелік. Менің саған тапсырар аманатым: Құландыдағы үйімде жасырған азын- аулақ дәулетім бар еді, дәулет дегенде немене, тыққыштаған қағаз ақша, бірер түйір жылтырауық асыл тас. Сол қазынаның да құны кетіп барады-ау. Қазекем «арпа-бидай ас екен, алтын- күміс тас екен» деп бекер айтпаса керек. Соның жайы қинап отыр мені. Өзім көзге түсіп қалармын, сен барып алып қайт. Жан адамға сездірмессің, төргі үйдің астынан қазған жертөле шұңқыр бар еді, терезе жақ іргеден сана да бесінші тақтайды қопар. Темір қобдидың ішінде ораулы жатыр: Түркісібшілердің қайласы әзірше оған жете қоймаған шығар.

– Мақұл, ақсақал, – деп келісімін кесіп айтты. – Соншалықты ауырсынатындай үлкен іс емес екен, әкеліп берейін.

– Әп бәрекелді, тусаң ту, менікі де сол суға кеткен тал қармайдының кебі ғой. Өзіңнен басқа сенерім қалмай барады.

– Қармаған талыңыздың мықтылығына сене беріңіз.

– Мың жаса, ер екенсің, шырағым!

Осы сәтте бір-біріне ықтай тұрған аттар құлағын тіге елеңдеп, батысқа қарап оқыранды. Тағалы аттың тасқа шақ- шұқ тиген дүбірі естілді. Екеуі де орындарынан атып тұрғанда тура қыр желкелеріне төне мінбелеп келіп қалған төрт-бес атты жолаушыларды көрді. Түстеп танығандары Оспан ғана. Жалғыз көзі жалтылдап, оқшырая қарап тұрды да:

– Іздеп шыққан байымыздыд өзі жол торып жүр екен ғой. Мәледес, – деді Семейде болған бір айлық оқудың бекер кетпегенін танытқысы келгендей орысшасын араластырып.

– Оқу өтіп кеткен бе, сәлем неге бермейсің? – деді Омар сұрланып.

– Сәлем алып үйреніп қалған құлағың қышып тұр-ау, пәмешік. Енді сен бересің сәлемді. Қане, үшке дейін санаймын,

«ассалаумағалейкүм, Осеке» деп қолыңды қусыр. Бір! – Тапаншасын суырып Омарды көздеп, үңірейте ұстап ақырды.

– Екі!


– Қойыңыз, ондай әпербақандықты! – деді былғары киім- ді қара қазақ. – Ақсақал, атыңызға мініңіз де алға түсіңіз, малдарыңызды конфискелеуге шыққан комиссия мүшелеріміз.

– Жөн-жөн, қош келіпсіңдер, қарағым. Іздегендерің мен емес, мал болса оған да тәуба. Әне, жүр ғой жануарлар жайылып. Алдарыңа салып түгел айдап кетіңдер.

– Әй, әкеңнің... – деді Оспан оқшантайына қайта жарма- сып. Бірақ бұл ретте жалаңдатып қабынан суырып алған жоқ.

– Сен өйтіп түлкібұлаңға салма, білдің бе, анау жатқан жыл- қыларыңның бестен бірі ғана, қалғаны арғы бетте. Дабай, қолын артына қайыра байлап тастау керек бұл иттің. Әйтпесе қашып кетуі ғажап емес.

– Асықпа, – деді қара былғарыдан пенжак киген жігіт.

– Саған салса табанда атып тастағың келіп, шошаңдап тұрсың- ау. Кеңес өкіметінің заңында сұраусыз, сотсыз адам ату жоқ.

– Жау болса да ма? – деді Оспан осқырынып.

– Иә, жау болса да тергемей, тексермей тұрып жазалауға хақымыз жоқ.

– Қойдық онда, – деп ығыса мүләйімсіді.

– Сен кімсің? – деді былғары киген өкіл Батиға.

– Омекеңнің жылқышысымын.

– Әкеңнің... – деп қалды Оспан. – Баймен ауыз жаласа қалғанын. Мұны да байлап алу керек.

– Әй, Оспан! – деді күркіреген ажарлы үнмен, Батидың ұйықтаңқырап қалған арыстан ашуы ояна бастаған еді, өзін- өзі әрең ұстады. – Тіліңді тарта сөйле, мені байлау, басқаны білмеймін, дәл сенің қолыңнан келмес.

– Қойдық ендеше, қойдық, – Оспанның, лыпылдап, құйрығын ұстатпайтын сынаптай мінезіне тұрғандардың бәрі таңқалды. «Омар байдың жасырған малын менен өзге ешкім тауып бере алмайды», – деп қояр да қоймай сұранған соң бағана ертіп шығып еді, енді, міне, суырдың айғырындай берекелерін алатынын кеш сезінген өкіл алая бір қарады да:

– Сен араласа берме, жігітім, бұл жерде бастық мына – мен. Ал, сен болсаң, комиссияның бір мүшесі ғанасың, оның өзінде де өзіңнің сұрауың бойынша ертіп шықтым, – деп қадап айтты.

– Мақұл. Білем ғой. Мен қойдым. Айып етпеңіз.


– Аты-жөнің кім? – деп былғарылы жігіт жылқышыға қайта қарады.

– Бати.

– Батиханның, тұқымымын деші...

– Қайдан білейін, әйтеуір әкеміз солай деп қойған соң.

– Жаман иттің атын Бөрібасар қояды, – деп тағы да қағытып қалған Оспанға жылқышы жігіт арыстандай атылып барды да, көзді ашып-жұмғанша аттың үстінен жалғыз-ақ ырғап жұлып алды. «Мынау қайтеді-ей, құтырғаннан сау ма», – деп бажылдаған Оспанды өкіл жігіт әрең арашалап алды.

– Әй, жігітім, – деп жекіді, – комиссия мүшесіне қол көтергенің үшін сотталасың.

– Ит талаған терідей илектегенше сол сотыңа жіберші, – деді түтігіп.

– Ол күн қашпас, ал қазір ана жылқыларды ауылға қарай айда. Атыңызға мініңіз, ақсақал. Конфискацияға түсетін тек малыңыз ғана емес, үй-мүлкіңіз де.

– Қыздарыңыз да, – деп қалды Оспан атына қайта қонып алған соң күшіне мініп.

– Сен осы жерден кері қайт, үлкен істі бүлдіретін түрің бар,

– деді былғары киген жігіт Оспанға.

– Қайта алмаспыз. Мені сіз ертіп шыққан жоқсыз. Исполкомның решениесі бойынша келе жатырмын. Ендеше, тәргі аяқталмай қайта алмаспыз.

Өкіл жігіт сөзден тосылғандай сәл үнсіз қалды да:

– Ал, кеттік, – деп астындағы бұқпа қара атын тебініп қалып, жортақтата түсті алға. Кейіндеп қалған Омар Батиға жанаса жақындап:

– Жылқыны айдап апара сала әлгі шаруаны тәмамдап қайт,

– деп сыбырлап үлгерді. Дал осы кезде сауысқаннан сақ Оспан да бұларға сезіктене тақалып еді. Ендігі сәтте Омармен үзеңгі қағыстыра қатарласып ауылға бет түзеген. Соңдарында мылтық асынған екі-үш жігіт, олар да үнсіз ере жөнелді.

Бұл шақта күздің бозамықтанған күні ұясына қонып, қазанныңқаражеліүдейтүсіпеді.Суық.Тәргілеукомиссиясының өкілдері екі үйге бөлініп түсті. Кеш болып, ымырт жабылып кеткен соң конфискелеу науқанын ертеңге қалдырған. Оспан сақтықты бұл жерде де көрсетіп, Омар менен Долдаштың үйіне түнемей, жалшы-малшылардың біріне ат басын тіреген. Ешбір


ымыраға келмейтін қаттылығы былғары киімді жігітті аздап сескендірген-ді. Аудан арнайы қосып берген соң, амалсыз санасатын болды. Түнде аттарды арқандап отқа қоярда Оспан тағы бір қырағылық танытып, «байлардың беті жаман, сенуге болмайды. Күзет қоялық», – деп ұсыныс жасап, онысын өткізе алмады. Алыстан жол соғып шаршап келген милиционерлер ыңғай білдірмеген; «Кісі танитыным рас болса, осылар ешқайда бармайды, өз жауапкершілігіме аламын», – деп, бастап келген бастық жігіт көнбеді. Әйтсе де, күдікшіл көңілмен Омарды бай деген жоқ, соның үйіне түнеп шығуға тәуекел жасаған. Бірақ Оспан өкілдің бұл әрекетіне де шамасы келгенше қарсылық жасап бақты. Жанын жай таптырмай жүрген Гүлияны қолға түсіру жайы болса, осы ретте мықтап қимылдан қалмақ ойы және бар. Осындай жеке басының жымсыма есебімен құйрығы қоныс таппай бір кіріп, бір шығып сенделіп жүріп алды. Содан ақыры үлкен үміт жеңдеп ел орынға отырған, абыр-сабыр басылған әредікте бие сауатын қатпа қара қатынды жіберіп қызды шақыртты. Гүлияның келгісі келмеп еді, Дүрия: «Әкеме зияны тиіп жүрер, жеп қоймас сені, бар» – деп ұрысқан соң сатуға жетелегендей тартыншақтап қараша үйге кірді. Төр алдында жалғыз көзі май шаммен шағылысып жамбастай жатқан Оспан, әуелі көрсеткен қыры ма, әлде шынымен сасып қалды ма, жалма-жан тапаншасын суырып ап алдына қойды. Қатпа қара әйел Гүлияны тастай беріп ойбайлап тұра қашты. Осекең тырқылдап күліп, басын қақшаңдата көтерді де:



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.