Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 16 страница




Осы кезде өң-түстен айрылған Бати да келді шапқылап. Астындағы құлақасқа ақ көбігі шығып терлеген, танауы пырыл- дап, екі өкпесі солқылдап ентіге демалады. Аттан қарғып түсіп, Омардың үйіне тура беттеп, оны жолдан Оспан бөгеп қалды.

– Қайда асықтың, батыр-еке, жау қуды ма?

– Боз айғырдың үйірінен айрылып қалдым.

– Бекер! – деп шәңк етті Оспан. Қолы сумаң етіп тапанша- сына таяп барып қалды. Әдеті осы.

– Жердің жарығына түсіп кетті ме, көкке ұшып кетті ме білмеймін. Із-түзсіз жоқ, кеше кешке дін аман еді.

– Өзің, өзің құрттың! – деп айғайлады Оспан. – Өзіңнен басқа ешкім емес.

Даладағы шаң-шұң дауысты естіп, өкіл жігіт және Омарлар тобы шықты. Байды көрген Бати ұмтыла түсті:

– Қара басты, Омеке, қара басты мені. Он бес жыл шашау шығармаған жылқыдан жалғыз-ақ түнде айрылып қалдым.

– Қаншасы жоқ? – деді Омар немкеттілеу.

– Боз айғырдың үйірі.

– Табылар, қайда кетер дейсің, – деп киіз үйге қайта бұрыла беріп еді, оны Оспан тоқтатты:

– Ым-жымдарың бір, ұры өздеріңсіңдер. Кеше анау көктастың түбінде шүңкілдесіп отырғандарында-ақ ішім бір палені сезген еді.

– Әй, Оспан, күнәға батырма нақақтан-нақақ. Өз малымды өзім ұрлап не басыма күн туды. Егер ондай теріс ниетім болса ала жаздай етегіме намаз оқығаным жоқ, қыл құйрық қалдырмай көзін құртар едім.

– Сенкәрі иттің қулығына найза бойламайды Әттең, барбилік менің қолымда емес, егер менің қолымда болса, шыныңды шың- ғыртып тұрып айттырар едім.

– Әй, Оспан! – деп саңқ етіп қалды Бати. – Үлкен кісіге тигізбе тіліңді.

– Қашаннан бері Омардың жетелеген тазы иті бола қалып едің.

– Қора күзетіп, көрінгенге абалар иттік сеннен қалған қу соқыр. Маған күлер артың жоқ! – деді Бати тілін тартпай. Тірі жаннан қорқу-үркуді білмейтін момын да қайсар жігіт қапелім- де «атайын да құртайын» деп бажылдап, әдетінше тапаншасына жармасқан Оспаннан сескенді. Тапаншасы шошайып өзіне


көзделгенде де саспаған қалпы, мамырлай басып қарсы жүрді. Не шүріппені басарын, не болмаса тұра қашарын білмей сасқалақтаған Оспан жалғыз көзі жыпылықтап, көткеншегі бар аттай шегіншектегенін өзі де байқамады білем. Былғары киген жігіт қолынан қаруын жұлып алғанда ғана әзірде жұтып қойған тілін әрең тауып алғандай быдықтап:

– Сеніңде сырың белгілі, – деді бастығына.

– Сенен келген зауалды көріп алдым. Бір емес, екі емес қоразданып болмадың ғой. Аудандық комитеттің рұқсатынсыз, сотсыз, прокурорсыз кісі атуға праваң жоқ, қайтқанша саған қару ұстатуға болмайды екен. Егескен адамның бәрін қыра берсең адам қалмас.

– Ал қойдық. Сіздікі жөн. Менен бір қателік кетті. Жаздық, жаңылдық. Енді қайтейін, тілі мірдің оғындай.

– Жігітім, – деді Батиға, – сенікі де жөн дей алмаймын. Кон- фискелеу комиссиясының мүшелеріне тіл тигізуге, қол жұм- сауға қақыңыз жоқ, ол үшін жауапқа тартыласыз.

– Әзірше менің өз құқым өзімде. Намысыма шапқанның қай-қайсысымен де қарсыласып өлемін.

– Жә, жігіттер, – деді Омар оң қолын көтеріп. Баяғысы есіне түсті ме, аспандай қарап, абыздана шіреніп басу айтты.

– Жоғалған мал жоғалды. Несіне кеңірдектесесіңдер. Ендігі барына қуат берсін деп бастаңдар. Едіреңдеп келіп қалған екен, мынау елді көп күттірмеңдер енді.

Жиналған топ Омарға аңтарыла қарады.

Мысқылды сөздің астарын кейбіреулер ұқты, кейбіреу ұқпады. Ұқпағандары «есіл ерім-ай» деп қимас көңілмен көздеріне жас алды. Өкпеге қиса да, өлімге қимайтындай...

– Омекең бұрынғыдай емес жүдеп қалған екен.

– Мал ашуы – жан ашуы емес пе.

– Қаладағы ұлы үлкен төре деуші еді, неғып рұқсатын берді екен.

– Ой, оның өзі де түрмеге қамалған көрінеді.

– Анау тері жарғақ кигені бастықтары білем.

– Оспаның да осал емес, одыраңдауын қарашы.

– Малды түгел бөліске салар ма екен, мініс атын қалдыратын шығар.

– Мойынсеріктің соқасына жегетін көлік жоқ еді, жақсы болды-ау.


Қоғамдаса иіріліп, екеу-үшеуден сыбырласқан халықтың осы тақылетті әңгімесін өкіл жігіттің:

– Ал, бастайық! – деп саңқ еткен үні жымдай қылды.

– Әй, Бати, сен жылқыны қайырып тұр. Бес-алты жігіт ұстап бұғалықтап маған жетелеп әкеле берсін.

Ертіп келген милиционер жігіттің бірі теректен ойып жасаған дәу келіні домалатып келді де төңкерді. Енді былғары киген бастық сол келінің үстіне шығып тұрды. Сұмдықты көргісі келмеген Омар үйіне қайта кіріп, ал кебістің басын іле шыққан Рахия бәйбіше айызы қанғандай рақаттана күлімсіреп жақындаған. Отау үйлерінен Омардың егіз қызы да үркектей шығып еді. Шешесін жанасалай, қолын оңды-солды сермеп саңқылдаған келбетті жігітке көздерінің астымен қарай береді. Бұл іспен Оспан айналыспады. Ол екінші бір жақта Долдаштың малын тырқыратып қуып әуре.

– Әй, нәшәндік, – деді Долдаш сақ-сақ етіп. – Менің малым кәмпіскеге жатпайды. Барлығын қосқанда жүз қаралы, адал малым, жалшы да, жылқышы да ұстағаным жоқ, өз еңбегім – өз несібем, айт анауыңа. Талапайын доғарсын.

– Конфиске – ортақ, – деді өкіл. – Кімнің бағып-қаққанын бұл жерде тергеп жатпаймыз. Малыңыз ортаға түсу керек.

– Кұдай-ау, жүзге де толмайды дедім ғой. Мен орта ша- руамын.

– Болмайды, ағасы, қандай шаруа болсаңыз да, малыңыз қазынаныкі. Мына тұрған артель мүшелеріне арзан бағамен сатамыз.

– Бұларың зорлық.

– Сіздің елге істегеніңіз зомбылық емес пе? Қаншама адамның маңдай тер, табан етін жедіңіз.

– Әй, нәшәндік, босқа күйдірме, білдің бе, бір лағымды қаңыртқан болсам, сұра мына жұрттан, құдайшышығын айтсын. Егер сен ойлағандай шіріген бай болсам, тінті үйімді, жалба-жұлба сырмақ пен жалғыз сабадан өзге дүние тапсаң,

«түу қара бет!» деп бетіме түкір. Бұтыма кигенім тері шалбар, кеудемде сырған шапан, кедейден қай жерім артық.

– Байғұс, жарғақ құлағы жастыққа тимей мал соңында жүріп тойып тамақ ішпегені, бүтін киім кимегені рас, – деді таяғына сүйенген жалбағай тұмақты арса-арса шал.

– Оған біз кінәлі емеспіз, өзінің қараулығы. Конфискеден босата алмаймын! – деп кесіп айтты өкіл.


– Қатал екен, – деді Гүлия көзі жаудырап.

– Қатал болса да әдемі, – деді Дүрия сүйсініп. Сонымен Омар мен Долдашты тәргілеу екі жерде жүріп жатты. Алдына ойнақтатып алып келген жылқыны: «Бес сом, он сом, он бес сом қане кім алады, артық баға қосатындар бар ма?», – деп дауыстап жамбасына шыжғырып таңба басып жөнелтіп жатты. Не бір үстінен су төгілмес жорғалар, жаясы жайындай құлынды биелерді арзан бағаға алып, мәз болып жетелеп бет-бетіне тарап жатқан жаяулар ойда-жоқта олжаға кенеліп, «айналайын Совет өкіметі» деп алып барады.

Күн түстен ауғанда Омардың бар малы таусылып, ең соңында ақсақ құлынын ерткен жирен бие қалды. Дәл осы тұста «аға- тайлап» жүгірген Гүлия өкіл жігіттің алдына барған.

– Ағатай-ай, ақсақ құлынға тимеңізші. Менікі еді, қалды- рыңызшы! – деп зар еңіреді. Алғашында сасыңқырап қалған жігіт аяқ астынан шыға келген қыздың сұлулығына көзі карыққандай сілейіп тұрып қалған. Кеше түнде көрген қызға қаншалықты ұқсағанымен, ол емес, одан гөрі шашы әлдеқайда ұзын, әлдеқайда көрікті екеніне көзі жетті. «Апыр-ау, мұндайда періште адам жаратылады екен-ау. Омар байдың жылқысы ғана емес, қыздары да керемет екен» деп шын көңілімен ризалыққа кенелді.

– Ағатай-ай, аясаңызшы, ақсақ құлын менікі еді, менікі еді... –өрімталдай жас қыздың шырқыраған даусын жаңа ғана естігендей, «ал, айналайын, ала ғой» деді бәйек болып.

– Бати аға, құлынды алып қалыңызшы, – деді енді жылқы- шыға жалынып.

– Өзі жарымжан, енесінен айрылған соң қалай күн көреді, қалқам.

– Енесімен алсын, – деді былғары киген жігіт үлкен бір тәуекелді мәрттікпен. Ол өзін осыншама бос, боркемік санап көрген жоқ еді. Азамат соғысының от-жалынында шыңдалған, талай-талай қан сасыған қырғынды көрген, атқан, атысқан, сан рет ауыр жараланған, оң жақ шекесіндегі тағалы ат тепкендей тыртық сол сойқанды жылдардан қалған белгі. Бірақ, оның бәрі түк емес екен, әлемдегі ең сұлу қыздың жас кемтар құлынды аяп, зар еңіреп, зар жұтқан мұңлы да көркем келбеті көз алдында мәңгілікке қатып қалғандай, «ағатайлаған» үні құлағында бақилыққа сіңіп қалғандай дел-сал күй кешті.


– Есімің кім, қарағым? – деді.

– Гүлия.

– Тотыдай екенсің, қарындасым, бағың ашылсын.

– Рақмет, ағатай. Жақсылығыңызды ұмытпаспыз. Қатал екен деп ғайбат сөз айтып едім, қайтып алдым.

– Қатал емес едік, қатал болдық, – деді күліп. – Артық кеткен жерім болса айып етпессің, бәрі де жұмыс бабы, заман талабы.

– Түсінем ғой, ағасы, түсінем.

Шойнаңдап басқан ай маңдай құлын Гүлияны танып оқырана иіскеледі. Қыз кеңсірігінен сипап, жал-құйрығына жабысқан ошағанды жұлып алып тастап тұр. «Жарасады екен,

– деп ойлады өкіл жігіт қызыға қарап. – Екеуі де табиғаттың еркесі ғой. Оспанның мені қаралауына тағы бір себеп табылды. Не болса да көріп алдым, қайтейін».

Оспан мен Долдаштың айғайласқан дауысы әдемі әсеріне қасақана тас лақтырғандай болды.

Тәргілеу енді Омардың ордасына ауысты. Бай бұған да қарсылық жасаған жоқ, тек Рахия ғана қалы кілем, торғын- торқамен тыстаған көрпе-жастық, күмістеген ер-тоқымдарды бір-бірлеп шығарып тізімдей бастағанда жан дауысы шыға жылады. Өзінің иіс-қоңысы сіңген, тірнектеп жиған-тергенін тал түсте талапайлап жатқаны тоқшылықтың майында үйректей жүзген, қаздай қалқыған бәйбіше үшін ақырзамандай азалы көрінді. Қолынан келер дәрмені жоқ, әр затқа бір жабысып, шашын жайып, бетін тырнап қарғап-сілеп жұр.

«Осымыз артық емес пе өзі? – деп ойлады былғарылы жігіт.

– Кейбір байларға үш-төрт рет жүргізілген конфиске Омарға жалғыз рет келіп отыр, оның өзінде кешіріммен қарап, құлынды биесін қайтарды, әйелі мен екі қызының бас бостандығын берді, осы қылығы үшін аудан алдында жауап берерін біледі. Мен де адаммын ғой, ет жүрегім, азаматтық борышым бар, шаш ал десе бас алатын әпербақандыққа ұлы көсемнің өзі де үзілді-кесілді қарсы болатын. Орыс интеллигенциясы мен офицерлерінің қаншасына кешіріммен қарап, сенім артты».

Милиционер жігіт үйдегі сарыала сандықты ақтарып алтын табақ, асыл тасты алқа-жүзіктерді ботырата шығарып жатқанда осындай ойда тұрған еді. Көз алдындағы жарқыраған байлыққа назар аударып, мүлік-дүние екен деп алымсымбаған.


– «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деп бұрын- ғылар бекер айтпаған, – деген Омардың даусы қияңдап кеткен қиялын атып түсірген-ді.

– Не дедіңіз?

– Баяғыда осы малтыкөл елінде Құлаша атты дәруіш шал бар еді, сол жарықтық өлгенінше аузынан тастамайтын ән бар еді, Асасын сермеп:

Сіздің ауыл Ақшиде, Біз жолаушы бұл үйде, Кімге жолдас болады, Опасы жоқ сұм дүние,

Аспанның асты қуыс, дүние – боқ.

Ер жігітке қайда барса таң атар, – деп өлеңдетіп, қара жолды шаңдатып жортып бара жататын. Соның жел қуған қаңбақтай күйіне күлуші едім, енді міне, шырағым, қызығып отырғаным.

– Дұрыс айтқан, – деді өкіл жігіт. – Терең шал екен, тірі

ме?

– Өлген, – деді Омар күрсініп. – Өлген, бірақ күні кешегідей

тірі, оның тереңдігі де осында шығар.

– Мен сізге қайран қаламын, – деді жігіт байдың жанына жүрелей отырып, – осыншама мол байлықты тәргілеп, суыртпақ жібіңізге дейін тізімге іліндіргенде қабағыңызды шытпадың- ыз. Адам нанғысыз салқын қандылық қайдан жұққан?

– Құлашадан, – деді Омар. Содан соң: – Әй, бәйбіше, әкел жаңа өлгендей өз шашыңды өзің жұлғанша сусын бер, жігіттер шөлдеген шығар. Қымыз құйған саба кәмпіскелене қойған жоқ қой әйтеуір. Қорына дейін қопарып, сарқып құйып әкел. Енді бұл ауылда желі тартылып бие сауылмас, армансыз бір ішейікші жарықтықты.

Рахия бәйбіше отыз жылдан астам отасқан күйеуінің, ең ақырғы тапсырмасын қалтқысыз орындады. Бағанағыдай емес жылау-сықтауды азайтып, көндімге көшкендей. Ол ер- теңгі қалаға тартар жол қамына кесірі тимес үшін жасаған қулықсымағы еді.

– Долдаш байғұстың дауысы қаттырақ шыға берді-ау, – деді Омар қымызды сыңғыта ішіп. – Соқырдың қолына түспе, саңыраудың астына түспе деген сол... Өзі де бір малын екеу етем деп өз жанын өзі жеген соры ашылмаған бейшара еді, Оспанға бұйыруын қарашы! Қаққанда қанын, соққаңда сөлін алып жатқан шығар.


– Оспан да заңнан аспас, ақсақал.

– Әй қайдам, бала кезінде елге қыдырып келген адам болса, атының айылын түгел босатып қоятын, не болмаса аттарының құйрығына байқатпай түбі түскен шелек, қауға, қатып қалған тері байлап ауылды алатайдай бүлдіретін қусоққанның нағыз өзі еді. Теңдік тек өзіне ғана тигендей тепсініп-ақ жүр. Алғаш селсәбет болғанда үш күн аттан түспей теңселгені әлі есімде.

Былғары киімді жігіт үндеген жоқ. Құптап не құптамағаны белгісіз бейжайлықпен шаңыраққа қарады. «Биік екен, – деді ішінен. – Бұзуы да қиынға түсер». Мұндай әшекейленген киіз үйді тек есейіп, революция ісіне араласқанда ғана көрді. Өзі Семей қаласындағы жүкші қазақтың семыясында дүниеге келді де, Ертіс бойын жағалай қоныстанған қалың жатақ ауылында өсті. Әкесі Көкпекті жағындағы бір болыстың ұлын таяққа жығып, қашып келген сіңірі шыққан кедей әрі момын кісі еді. Пароходқа жүк тиеп жүріп суға кетіп өлді. Жастайынан жетім қалған бала татар көпесіне жалға тұрған. Сол саудагер татар Рахия бәйбішенің әкесі екенін білген жоқ. Күйеуге тым ерте тиіп кеткен, тіпті көрмеген де еді. Ал Омардың анда-санда қатынап жүретінін көзі шалғаны бар, кешеден бері сұрайын деп қанша оқталса да реті болмаған соң, өткен-кеткенді казбалап қайтемін деп жабулы қазанды жабуымен қалдырған. Енді, міне, есіне еріксіз тағы оралды.

– Ақсақал, – деді малдас құрып, ең соңғы тізімге алынбай қалған от киіздің үстінде отырған шалға: – Семей шаһарындағы саудагер, әрі имам болған Ғабдолламен жекжаттығыңыз жоқ па? Сол үйден көрген кісім секілдісіз?

– Ол шал – қайынатам. Мен де сені шырамытып, кешеден бері сұраудың ретін таппай отыр едім.

– Мен ол үйде екі жылдай жалдап тұрдым. Сауатымды сол үйден ашқанмын.

– Ескіше, жаңаша ағып тұрған адам еді-ау. Қартайып барып, Құдайдың ажалынан өлді. Ұлдары да осал емес.

– Иә, шежіре кісі болатын.

– Біздің бәйбішенің қалаға кетем-кетем деп қиғылық салып отырғаны да сол бауырларына арқа сүйегені ғой.

– Ол кісінің қайтыс болғанын естімеген едім, иманды болсын, – деді өкіл жігіт.


Сол жақ іргедегі керіскедей болып жиналған жүкті тізімдеп болып, қозының жүнінен жұмсақтап басқан ақ киізге келгенде Омар орнынан тұрды.

– Әй, шырағым, – деді милиционерге. – Оған тиме. Өлгенде астыма төсесін деп әдейі бастырған ақырет киіз ғой. Оның сендерге керегі болмас. Бұл үйден маған қалдырған жалғыз нәрселерің сол болғай. Тастап кетіңдер.

– Қалдырыңдар, – деді былғары киген жігіт. – Тағы да қандай өтінішіңіз бар?

– Ғұмырым аз қалды ма, көп қалды ма білмеймін, шырағым. Әйтеуір атар таңым, көрер қызығым алдымда емес, артымда қалғанын сеземін. Адамның өмірі ақша қарға басқан ізің іспетті. Бүгін бар, ертең жоқ – күн қыза еріп кетеді екен. Саған ризамын, шырақ, қорқытып, үркітіп, бас-көзге сабалап берекемізді алсаң да – шыдар едік. Сен өйтпедің. Ойлап келсем, кемпірімнің кешегі сөзі ақыл екен. Өзімді итжеккенге айдасаң да еріктерің.

– Сізді Ақтөбе жағына жер аударар, ал Долдаш ініңіз әлі жас, оны Беломор-Канал деген құрылысқа жөнелтетін шығар,

– деп Омардың сөзін бөлді.

– Мейлі, мені қойшы, қарадан хан болған Хан Қисық та бұл дүниеден өткен, байлықты баз кешкен Көкебай да итше ұлып қалды. Өтінерім, анау екі қызым мен бәйбішеге ертең өзің қайырып беріп отырған жирен биеге пәуеске жегіп, Гүлияның ақсақ құлынын ертіп қалаға аттандыру ғана. Рұқсатыңды бер, мен үшін күймесін, жаңа заман десе жандары қалмайды қарақтарымның. Сүйген жігіттері де батырақ, осы ауылдың арыстандай азаматтары.

Өкіл жігіттің көзі тұманданып айықты. Бір-бірінен өтетін ай мен күндей жарасқан егіз аруды танымайтын, өмірі көрмеген жігіттерден қызғанады. «Қандай қазақтың асығы алшысынан түсіп тұр екен», – деген іштарлық билеген бойын.

– Ойнағынан айрылған оларға да оңай емес, қиын тиеді білемін. Барсын, бағы ашылсын, – деді шал.

– Ондай батаны балаңызға бағана мен де бергенмін, – деді өкіл жігіт. Жүзі сынық, әлденеге өкінгендей ме...

– Бәрекелді, жорытқанда жолың болсын.

– Айтқаныңыз келсін, ақсақал, – деп үйден шығып кетті. Омар «нені бүлдіріп алдым» дегендей әрі-сәрі күйде отырды да ақырет киізді шиыршықтап бүктей бастады.


Байдан алынған мүлік тай-тай болып буылып іргеде жатты. Ақшам жамырап, көз байланған екінді уақытта Омар жылқы- шы жігітті шақырып алып көп сыбырласты.

Шалдың жылы-жылы сөзі, ақылды әңгімесі былғары киген жігіттің көкейінде әбден қалған. Бақылау, күзет қоймай күні бойы малмен алысып шаршаған милиционерді қосалқы үйге қайтарып жіберді де, өзі киізі мен сырмағын сыпырып алған төрге бір жамбастан, керегеге басын сүйеп мызғып жатқан-ды. Тіпті, Омардың кіріп-шыққанын санап, ізін бағып аңдуды көргенсіздік санаған өкіл шын көңлімен сеніп еді. Қыр қазақтарының қай қулығын әшкерелеп тауысады. Сиырдың жалбыршақ қарны секілді бұқпа, қалтарысы қисапсыз, бір жынынан арылтсаң, екінші жыны мүңкіп шығып жатар мінезіне сыралғы емес, қалада өскен жігіт тіпті тіл тістеп, сан соға өкінерін, осы осалдығы үшін оңбай таяқ жерін қаперіне алмады. Сал боп болдырған денесі босап, түшіркене көз ілдіріп еді. Ұйқы – арсыз, күлкі – қорсыз деген сол...

«Жылы-жылы сөйлесең жылан да інінен шығады» деген аталы сөз Омар байдыд өмірбойғы ұраны, мойнынан тастамас тұмары-сынды, тағы бір тығырнақтан арашалап алып қалайын деп тұр.

Ел орынға отырып, абыр-сабыр басылған соң Батиды шақырып алған. Біртоға, айтқанынан қайтпайтын еңгезердей жігіттй аусарлығын ақырғы рет пайдаланып қалуға бел байлады. Батыр, аңқау, ергүдік жылқышы Омардың басына түскен ауыртпалыққа қабырғасы қайысып, пенделік ізетпен жаны ашығандай. Иесінің бұл жолғы тілегін де орындауды міндетім, қысылғанда қол ұшын берер парызым деп ұқты.

– Бати шырағым, – деді көзі жіпсіп кемсеңдеген бай. Жігітке Омар жермен-жексен болып, шау болып мүлдем шөгіп кеткендей аянышты көрінді. Кеудесін қайта-қайта дамылсыз уқалай береді. Баспа ауруынан тұрғандай үні қарлығыңқырап, бөтен естіледі. – Маған бұл елде орын жоқ енді. «Өлсең бейітіңе жеті рет түзге отырар» деп еді Құлаша шал. Сүйегімді орыстың жерінде де, бергі беті – қазақ даласында қалдырғым келмейді. Тіріде түтіп жегелі тұрған қазақ көрімде тыныш жатқызар деймісің, жатқызбас. – Ешкім жоқ па дегендей қауіптеніп, жан- жағын шолып әңгімесін жалғады. – Неге екенін білмеймін, екі жұма болды жүрегім шанша береді. Бұрын-соңды аурудың


қай ел екенін білмей, көбенденің кеткен шыбын жаным шыдас берер түрі жоқ. Таңатар дәумен ара ағайын едіңдер, шырағым, оның да жақсылығы бір кісідей өткен. Ол мені арғы бетте күтіп отыр. Сен қайдан тапсаң да жүріске мықты ат тап. Ел- жұрттың алдында арбаға байланып, айдалып кеткенше қашып құтыламын. Жақсы ит өлімтігін көрсетпейді деуші еді, арғы бетке өткізіп жібер, қарағым. Қалағаныңды ал да құтқар мені мына пәледен.

– Ақсақал, маған түгіңіздің керегі жоқ деп айтпадым ба кеше. Бар байлығым – бас бостандығым. Сізді ғана емес, тамам жылқыдан айрылған соң өзім қоса тәргіленгендеймін. Жануарларды үйірлеп бағып, шұрқырата қайырудан үлкен ләззат, дәтке қуат алғандай болушы едім, енді міне, құрыққа мініп, қу бас мүжіп қалғанымыз. Жаңадан құрылып жатқан артельдің он шақты малы өздерінен де артылмайды, маған сеніп тапсырар дейсіз бе. Төрт түліктің быт-шытын шығармай- ақ жайып жүре берсем, керегін бір-бірлеп санап алмас па еді. Әкетті әне, бір-бір теңгеге сатып алып, ертең-ақ сойғанын сойып, сатқанын сатып, көзін құртады. Содан соң талап алар бай, таласып мінер қыл құйрығы жоқ шойын жолды кеміре ме? Мен, ақсақал, осы жайға қанық емеспін. Нәумез болып жүргенім де сол. Маған (даусы қаттырақ шығып кетті) бағатын мал керек, ақсақал, мал!



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.