Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 18 страница




– Мына жігіт шешен екен, – деп сыбырлады Дүрия.

– Ақылды да, – деді Гүлия.

– Жирен биеге арба жегіп аттандырып жібер, – деді мили- ционерге.

– Жол-жосығын білесіздер ғой, апа, – деп сұрап еді, Рахия:

– Білеміз, білеміз, – деп құрақ ұшты. Пәуескеге мінер ал- дында Рахия Долдашқа бұрылып:

– Қош, қайным, – деді.– Қайда жүрсең де аман жүр. Қыздар ағасымен құшақтасып қимай қоштасты да, амалсыздан арбаға мінді.

Айдала. Сусылдап соққан күзгі жел – ақсақ құлынын ертіп, арба сүйреген мама биені шу-шулеген әйел мен бір-біріне тоңған торғайдай жабысып, бүріскен егіз қыз Семейді бағытқа алып жолға шықты. Анау алдарында ирелеңдей қашып, солтүстік көкжиекке сіңіп кеткен жалғыз аяқ соқпақпен Рахияның өз тізгінін өзі алып, арбакешсіз, ермек қылар еркексіз алғаш рет жүруі осы. Басқа түссе баспақшыл деген осы да, шойнаңдап, ілби ерген құлын алыстап қалса оқырана артына қарап, жирен бие жүрмей тұрып алады. Шықпыртып жіберер азаматтың қарулы қолы жоқ, әспенсігенкөлікті айдайалмай әуреге түсті. Долданып, қасқыр жегір деген лағынет сөзді қанша боратқанымен, құлағын қайшылаған хайуан тыңдамады. «Қырау, қыраулап» құлынды шақыра-шақыра тамағы қарлықты. Дүрия мен Гүлияның ой-қия- лы алыста, сонау қыраттың ар жағында тас қопарып, көпір салып, арпалысып жүрген Дархан мен Қамбарды іздеп отырған. Екеуі де үнсіз.

– Тілеуіңді бергір өкіл жігіт болмағанда, Оспан соқыр сойылға жығып, екеуіңді бірдей қатындыққа алар еді, – деді Рахия.

– Қойыңызшы, әни, қайдағыны айтпай.

– Қайдағы емес, бұл – шындық. Анау өкілдей асыл жігіт сен- дерге бұйырушы ма еді. Енді бұдан былай жаңа өкіметтің осы секілді атқа мінерлерінің етегінен ұстау керек, – деп Дүрияға дүрсе қоя берді. Қыздар шешесімен қарсыласқан жоқ. Ертеңгі күндері белгісіздеу, әлі өше қоймаған болымсыз үміт, болашағын ойлаудан гөрі өткенін еске алуы басым, таңдайда қалған тәтті әсер тамсандыра берді, әлдилей берді, ұшығын ұстатпайтын ұзақ жол жетелеп, туған жер, өскен елден ұзай берді, ұзай берді. Енді қайтіп орала ма, оралмай ма


ол жағы тұманды, әйтеуір, алдарынан ашық аспанды күндер, алтыбақанды түндер күтіп тұрғандай – тесіле қарайды. Бұл жолмен баяғыда, Семейдегі қыздар педучилищесін тәмамдап елге қайтарда Гүлия мен Дүрияны Қамбар алып өткен. Сонда екі жас тұңғыш рет сырласып, айрылмастай табысып еді. Иә, ол да бір дәурен екен-ау. Әкесінің бозжорғасы жайтаңдап жортқанда арбаның солқылын, жолдың ұзақтығын сезбей де қалып еді. Қайран сол күндер, тек елес қана, елес... Дүрия осы жасына келгенше көрген азапты сапары, ауыр мұңы... егер созыла берсе төзімі жетер ме?

Жүріс маңдымады, түс ауа жирен бие де, өздері де қажыды.

Ақсақ құлын қара терге шомылып, жүруден қалды.

– Текке әуре қылмай байлап кету керек еді, – деді Дүрия ыза болып.

– Онда мен де қалар едім.

– Алты мың жылқыдан алғаның ақсақ құлын болса, екеуіңді де ен далаға тастап кетемін, – деді Рахия.

– Оған да көнейін, әни, ашуланбашы, – Гүлия бұл сөзді шын көңілімен айтты.

Осы кезде арттарынан аттың дүбірі естіліп еді, жирен бие кісінеді.

– Біреу келе жатыр, әни.

– Көзім бар, көріп отырмын.

– Кім екен?

– Қуғыншы болмасын.

– Кім болса да тосайық. Жүрісі қатты екен. – Гүлия шошына айқайлады.

– Басы жоқ бітеу.

– Астафралла, жын ба, шайтан ба...

Ағызып келе жатқан құлақ-мұрны жоқ бітеу бас адам арбаның қасына келіп, атын әрең байырқалатты. Басына жаңа сойған қойдың қарнын кептеп киіп, тек көзін ғана жылтырата ойып  тіліп  қойған.  Қыздар  шыңғырып  жіберді.  Рахия  да

«біссімилла, біссімилла» деп арбаға жығыла берген. Астындағы сүмек болып терлеген ат шиыршық атып, ауыздығымен алысып тоқтамаған соқ қарғып түсіп, жетелеп жаяу жақындады. Бәйбіше талып жатыр. Екі көзін тас қылып басқан қыздарға бір істеген айласы жер-көкті аядай қылып шыңғыру. Басына қарын кептеген адам қарғып арбаға шықты да қынынан кездігін жалт


еткізіп суырып алып, Гүлияның аппақ әдемі бетін айғыздай сара тіліп жіберген. Оң жақ беті ұшындағы тарыдай меңді баса тіліп жіберген сызықтан шып-шып қан шығып, иегіне ақ торғын тамағына қарай асығыс ағып барады. Қарын басты адам атына шапшаң мініп, кейін қарай қайта шапты.

– Ойбай өлтірді, Гүлияны бауыздап кетті, – деп ботадай боздаған Дүрия ес-түссіз сұлық жатқан шешесін жұлқылай бергеннен басқа ештеңе жасай алмады. Алақанымен бетін басқан Гүлияның саусақ-саусағының арасынан қан сорғалап, қызыл-жоса боп өңіріне тамшылады. Қайсысына ұмтыларын білмей безектеген Дүрия құр бекер жылаудан басқа қолынан келер дәрмен жоқ, өз шашын өзі жұлып жанталасқан.

– Мені қой, – деді Гүлия қарақаттай көзі қанталап ауыр- сынған да, ойбайлаған да жоқ, салқын сазарып, удай ашып жанын шығара ауырған бетін жібек орамалымен сүрткіштеп.

– Әниімнің бетіне су бүрік.

– Суды қайдан аламын, ойбай-ау.

– Ендеше жанторсықтағы қымызды бүрік, – деді зекіп. Қос доңғалақты пәуескенің қобдиынан торсықты алып, аузынан ұрттап бүрке берді. Ет қызуымен бетінен қан сауғалаған Гүлияны да ұшықтап өтіп еді. Рахия қатты шошынып қалса керек, көзін ашты. Көзін ашқанда көргені – қызының қанжоса беті, екінші қызының былаудай болып жылаған көзі.

– Не болды? – деді ернін әрең жыбырлатып.

– Гүлияның бетін тіліп кетті.

– Құдай-ай, көрсетерің көп екен-ау. Кім екен?

– Кім деріңіз бар ма, кісі ғой, әйтеуір... Таныдым, атын атап керегі не? Оның тасқайнат шыдамдылығы Рахияны қайран қалдырды. Басын көтеріп торсықтың аузынан сусын жұтты. Маңдайынан жел өтпесін деп, жіңішкелей бүктеп таңған шағын орамалымен алып Гүлияның қанын сүртті, қымызбен жуды, бірақ тоқтар емес.

– Қансырап өлетін болдың-ау, ботам. Енді не істедік?

– Киіз күйдіріп басайық, – деді Дүрия. – Мен сіріңке ала шыққанмын.

Рахия бешпетінің қалтасынан кішкентай кездік алып, қорапқа төселген киіздің шетінен бір кесіп ұсынды. Шырпыны әрі үрлеп, тұтана қоймаған соң Дүрия қойнынан жайдақ-сойдақ жазуы бар үш бүктелген шұбар ала қағаз шығарды.


– Бұл не? – деді шешесі.

– Қамбар жазған хат еді.

– Тұтат ендеше. – Гүлияның қарсылығына қарамастан хатты жағып барып, киізге от тигізді. Бықсып, түтіндеп жана қоймады. Әйткенмен, дәтке қуат жасап, жараға басып еді, құрбекер күйелегештегені болмаса саулаған қанды тыйып жарытпады.

– Қалай, ауыра ма? – деді Дүрия көзінің жасын көл ғылып.

– Ауырады ғой, ауырады.

– Жақын маңда ел жоқ. Бетпақтанған далада бетімен ұлыған жел өтінде атамыздың құны қалғандай қалай ғана мекен етіп, жан сақтап келгенбіз. Бәйбіше қазақ сахарасының қаталдығын алғаш рет сезінді.

– Бәрі де әкеміздің арқасы екен ғой, – деді Гүлия қабағын шытып.

– Тағы да бір атты көрінді, – деді Дүрия елегізіп. – Бағанағы кісі болмасын.

– Айда атты, ойбай! – деп бажылдап делбеге жармасқан шешесін Гүлия тоқтатты.

– Бәрібір қашып құтыла алмаймыз, келсін, – деді өжеттеніп,

– келіп көрсін. Оның бетін мен тілейін, кездігіңді берші, әни.

– Жоқ, оған ұқсамайды, басқа біреу... Ой, Дархан ғой...

Дархан аға ғой. – Дүрия арбадан түсе алдынан жүгірді.

– Сезіп еді жүрегім, бәсе неғып кешікті деп едім.

– Гүлияның бота көзінен енді ғана быршып шыққан жас жарыса ағып, қанға қосылып былғанды. Жо-жоқ, ауырсынып емес, қуаныштан жылады. Атылып арбаға шыққан Дарханның алып кеудесіне басын қойып армансыз бір еңіреді, мауқын баса алмай ұзақ солқылдады. Қой деп айтуға ешкімнің де батылы бармаған.

– Ағатай-ай, аттың терін аяйтындай не жазып едім сізге, жазығым – жақсы көргенім бе? Енді міне... Енді менде сізге қарар бет қалмады... Менде бет жоқ, Дархан аға...

– Маған бетің емес, өзің керексің, Гүлайым. Айтшы, кім, қай оңбаған сенің ақ дидарынды аямай тілгілеген. Қуып жетіп қуырдақ жасайын, тау асып кетсе де іздеп табайын, айтшы.

Қалш-қалш етіп тісін қайраған Дархан алғаш рет ашудың асауына мықтап тұрып мініп еді, ешқайсысы да танымаған


болып шықты. Гүлия неше рет оқталып айтқысы-ақ келген, бірақ көрдім бе, көрмедім бе дегендей сүйген жігітінен айрылып қалам ба деп қауіптенген-ді.

– Танымай қалдық, – деді бәйбіше. – Басына қойдың қарнын кептеп алыпты. Албастыдай біреу. Түгел бауыздап кетпегеніне тәубе, тәубе!

Жел ызыңдай соғып тұр. Ақсақ құлын тырайып жатып қалған.

Шардағы көпір салу жұмысы аяқталып, әредік болған соң Гүлияны іздеп шыққан Дархан сүйген қызын мұндай қансыраған халде көрем деп ойлаған жоқ-ты. Кеше аттанып кетейін деп оқталғанда, аяқ артар көлік таппай бүгін ілдалдамен әрең шығып еді. Шаппай желген көңілмен аңыратып келе жатқанында мынандай оқиғаға душар болды. Кім екен? Әзірше жұмбақ. Гүлия біледі, бірақ айтпайды, Дархан үшін айтпайды.

– Гүлияны қансыратпай аттың басын Шарға бұрайық, – деді Дархан. – Күн кешкірмей бараққа барып түнеңіздер, ертең ерте шығарып салармын. Ал, Гүлия менімен қалады, мүлдем қалады.

– Мен оған көне алмаймын, – деп Рахия ыршып түсті.

– Тірідей шалымнан айрылдым, ендігі қалған екі қызымның бірін қаңғыртпаймын.

– Қаңғыртпайсыз, апа, ұзатасыз.

– Дәмеңнің зорын, алпыс мың жылқыға айырбастамайтын баламды қайла ұстаған қайыршыға беріп...

– Әни деймін, азаматтың басын қорламаңыз, – деген Дүрияға:

– Сенің де сырың белгілі, Қамбар деп жүргенің ол да бір диуана, – деді.

– Бүгінде қайыршы жоқ, апа, одан құтылғанымызға он жыл болған. – Дарханның мейлінше сыпайы сөйлеуге тырысқан әрекетін бәрібір тістене сөйлеген ашуы білдіріп қойды. – Қамбар қазір Семейде, сонпартшколдың оқуына кеткен.

Дүрия елеңдей құлақ түріп, кәдімгідей қуанып қалды.

– Маған десе Меккеге молданың школына кетсін. Бұрынғылар бекер айтпаған: «бақсыны байым бар деме, бұқаны малым бар деме» деп.


– Әни, – деді Гүлия ауырсына жарасын басып. – Бетіңізге келіп көрген жоқ едім, көргенсіз деп қарғама, батаңды бер, мен бұл кісіні ұнатамын, ендігі қалған аз ба, көп пе өмірімде Дархан ағаның етегінен ұстап өтемін.

– Бермеймін батамды, емшек сүтімді көкке сауамын, қар- ғаймын.

– Бермесеңіз де кетемін. Қайтейін енді...

– Құдай-ай, қыз асырадым десем, қысырақ баққан екенмін-

ау.

– Апа, – деді Дархан: «Екі бай құда болса, арасында тай-

палған жорға жүреді, екі кедей құда болса, арасында бұл- тыңдаған дорба жүреді, егер бір бай, бір кедей құда болса қыржыңдасып зорға жүреді», – деп отырушы еді Омар ақсақал. Қазір соның бірі де жүрмейді жоралғыға, екі жастың махаббаты ғана жүреді.

– Сен де әкеңе тартқан тақуа екенсің. Айда атты! Гүлияның жарасы жазылсын, содан соң көрерміз.

Жолға шықты, бет алыстары – Шарда жатқан түркісібшілер жатағы. Дүрия салт атқа мінді де, делбені Дархан ұстады.

Ақсақ құлын ілби еріп қалмай келеді байғұс.

Ойы онға, санасы санға бөлініп келе жатқан Рахия бәйбішені қинаған Дарханның соқа басы, қайласынан өзге байлығы жоқ қу кедейлігі емес еді. Оны қойшы, жас өспей ме, жарлы байымай ма, заман осылардыкі, әлі-ақ қарағайдай қаратаяқ болып шыға келер. Бәйбішені мазалаған ой – дәу шал Таңатармен арада болған аз жылдық тән дәмдестігі, көңіл жарастығы. Рас, Гүлия Омардың өз кіндігінен туған баласы, оған құдай куә, әкесімен көңілдес бола тұрып, мандайға басқан қызын сол Дәу шалдың ұлына қалай ғана қатындыққа бере алады?..

– Құдай-ай, көрмегенім көп екен-ау, – деп күрсінді. – Сол қабағым тарта береді, тағы да қандай зауал күтіп тұр. Омар бір пәлеге ұшырады ма?»

Аспан бұлтты, жер қаракүрең болған соң ба, күн батып, қараңғылық ерте түсті. Азанда жауған аз-маз қырбақ еріп таусылғалы қашан. Белеске шыққанда алдарынан жарқырап Шардың самаладай шамдары көрінді.

– Қандайәдемі,– деді Гүлия арбаданеңсесінкөтеріп.– Бейне- бір жердегі жұлдыздар секілді. Ол не, Дархан аға?


– Түркісібшілер жаққан от.

– Күндіз де дәл осылай жарқырап, сөнбей тұра ма?

– Сөнбеуі – сөнбейді, бірақ дәл осылай жарқырамайды.

– Жарқырамаса да жанып тұрса екен.

– Жанып тұрады, қалқам. Ол отты енді ешкім де өшірмек емес, қазір жылынамыз сол отқа.

– Олай болса атты айдай түсіңізші, тез жетейік. Жоқ, қатты айдамайық, ақсақ құлынға обал болар.

– Ақсақ кұлын ерткен жолаушы алысқа барар дейсің бе,

– деді Рахия екіұштылау. – Баяғыда Еркінжаным да дәл осы жерде арбадан ауып, мертігіп еді... Қорқамын...

– Қорықпаңыз, апа, енді ешкімнің де арбасы аумайды. Өйткені, бұл жермен бұдан былай атарба емес, отарба жүретін болады.

– Шырағым, сол отарбаң, тезірек аунап қала ма деп қорқамын-ау... Жүрісі қатты ғой кәпірдің. Ал алысқа барар адам ешқашан да асығыс жүрмеуі керек.

– Есесіне барар жерімізге тез жетеміз ғой, апа.

– Тез жетсең – тез қайтасың...

– Арбамен қоян алатын жайбасар заман емес бұл, асығу керек!

– Асығыстық сайтанның ісі, шырағым. Қызымды өлтіріп алмасаң болды...

– Апа, бұл бізге берген батаңыз ба?

– Иә, батам. Бақтарың ашылсын. Бірақ асықпаңдар, қазаққа ат пен арба да жетер. Отарбаны қайтесіңдер.

– Алғашқы поезға мен мінемін, – деді Гүлия көзі жайнап.

Шешесі үндеген жоқ.

Түркісібшілер жаққан от бірте-бірте жақындай берді. Ақсақ құлын әрең еріп келеді. Қараңғылық қоюлана түсті.


ҮШІНШІ САЛА

 

Бүгінде:

...Кеңгірдің жотасындағы моланың құрылысы күн шыға қайта басталды. Елең-алаңнан тұрып келсе де жұмысы маңдымады. Ерте келгендегі мақсаты – күн қызғанша, таңғы салқынмен тәмамдап тастау-тын. Алғашында қолына шырт түкіріп, қызу-ақ кіріскен. Осы қарқынмен кірпішін екі-үш айналдыра қалап шығар ма еді. Қас қылғандай, бүгін Дүрия да ерте тұрыпты. Қызметінен қалып, асыққандай дорбасын арқалап Кеңгірдің биігіне өрмелеп келе жатты... Дархан оны көргенде тыржың етіп теріс қарады. Әйелдің онда тіпті де шаруасы болған жоқ.

– Қамбар, сен мұнда отыр, – деп елес адамға жанынан орын берді.

– Әй, қақбас, – деді молашыға саңқ етіп, – көмер көбейсін.

– Сонсоң қарқылдап екі мықынын таянған қалпы шек-сілесі қатып күлді. Күлкісін пышақ кескендей тыйды да: – Бейшара, сенің күнің менен де сорлы-ау, – деді. Дорбасын шешіп ішінен бір шөлмек суды алып тығынын тістеп жұлып тастап, қалтасынан алған қырлы стаканға лықылдата құйды.

– Кел, Қамбар, сенің аман-есен оралғаның үшін ішіп қоялық. Ана қақбас бәрібір, ораза ұстағандай ұрттамайды, – деп қағып салды.

Дархан бұл шақта моланың арғы қабырғасын айналып барып, демалып отырған. Жынды әйелдің сандырағын естігісі келмеді. Дүрия суды және толтыра құйды. Сонан соң:

– Қамбар-ау, Қамбар, сен түнде теріс қарап жатып алғаның не? Жаныма келе ме деп көп тостым. Сағынбапсың, жаным. Сағынсаң сөйтер ме едің? Отыз жыл бойы Алла Тағаладан

«мың бір пәле, жүз бір қатерден сақта» деп тілеуіңді тіледім. Ал сен... теріс қарап жаттың-ай-й...

Сыңсып жылады.

– Мен не көрмеді дейсің, ей, Қамбар, алдыңдағы арақты неге ішпейсің? Кел, алып қоялық (соғыстырды да өзі ішіп салды). Сен секілді мен де соғыстым ғой. Бес жыл емес, мен отыз жыл соғыстым. Кіммен дейсің бе? Елмен, қала берді өзіммен өзім майдандастым. Мені ешкім жеңе алмады. Тек анау мола салып жүрген қақбас қана қорғанымды бұзған...


Әйел көзінің жасын етегімен сүртті де, босаған шөлмегін дорбасына салып орнынан тұрды.

– Жүр, Қамбар, үйге барып шай қойып ішейік. Түстен кейін пенсиямды береді, – деп әлдекімді қолтықтағандай қаздаңдай басып жөнелді.

Дархан ауыр жүктен азаттанғандай харекетіне қайта кірісті.

Дүрияның есінен ауысуына өзін ешқашан да кінәлі санап көрген жоқ. Сондықтан да жұмысын алаңсыз істей берген. Тек, сай-сүйегін сырқыратар сөзі жаман албастының...

Әттең жалған, Дүрия қыз кезінде даланың қырмызы гүліндей емес пе еді?!

«...Жалғыз Дүрия ғана ма еді қырдың қырмызы гүліндей. Жер қандай еді сол бір жазда... Аңқау да адал, жас балаша саусағын жайып, болашағына талпынып, тәй-тәй басып өспеді ме. Кісі деген қартайған сайын өткенін неге ғана көксей береді екен. Бүгінгінің бәрі ішіне қонбай, ертеде ертекті ғұмыр кешкендей аңсайды. Өзі де біліп, сезе бермейтін ғажап дүниені сағынады, сағына жүріп жарық әлеммен бақиға қоштасарын байқамай қалады-ай... Адам дегенің сол, анау мөңіреп өтіп баратқан поездағы жолаушы, біреуі мінеді, біреуі түседі, әркімнің өз разъезді бар-ды».

«...Құдай ақылымнан адастырмай алса екен».

Түс ауғанша мардымды жұмыс болмады. Әр ойдың басын бір нысаналап дел-сал отырды. Кеңгір бабасының моласын айналып жүрді, ішіне кіріп шақырайған күннің ыстығынан қорғалады.

Моланың, ішіне кіргенде аса қызық сезімді басынан кешті. Баяғыда жанынан жай өткенде жүрегі тарсылдап қолқасына тығылушы еді, қазір әкесінің үйінде отырғандай рахатты хал биледі бойын. Дүниенің бар шуынан қағаберіс, мақшар сәтін- дей әрі қорқынышты, әрі әдемі, жанына саумал боп құйылар, шаршаған жалғыз да жетім жүрегіңді әлдилеп тербетер самал ескендей. Кеңгірдің үзіліп-үзіліп соғар аптап желі моланың ішіне үйіріле суып кіріп, жалын шарпып, ысып-суынған денеңе шипа нәрін сепкендей болады. Кейде әлгі Кеңгірдің үзіліп соғар ыстық желі сыбызғылы күй салса, кейде иесіздіктен жүдеу тартқан мүрдехананың даңғарасын кеулеп, уілдеп мұңды шермен сыңсығандай үн келеді құлаққа. Дархан дәл осылай мол


ләззатты әсердің жетегіне еріп, өлім сапарына аттанып Гүлия- ның жанына барғысы-ақ келді. Тағдыр соққысын көп көрген көне шал, еркелікпен жылаған күндерімен ат құйрығын кесісе алмай, тоңған, әрі тойынған жылын қия алмай қиналды... Осылайша өлі мен тірінің екі ортасында есеңгірей балқып отырғанында моланың сыртынан:

– Ақсақал, қайдасыз? – деген дауыс естілді. Дархан оқыс үннен селк етіп, көңілдің рахат көлінде жүзген шүрегейін үркітіп жіберген «қай әкеңнің аузын ұрайын» дегендей тысқа атып шығып еді, Солтан екен. Ол да «астапыралла, астапыралла» деп жағасын ұстап шошынып шалқалай берді.

– Апыр-ай, ақсақал-ай, Кеңгір бабам тіріліп кеткен екен десем, сіз бе едіңіз? – Солтанның өңі құп-қу, қаны қашып тұр.

– Иә, менмін, – деді шал. – Кеңгір бабаң тірілсе де біздің мына сықпытымызды көріп, біраз таңданып тұрар еді.

Екеуі де күліп барып лай тиіп былғанбаған тақырлау таза жерге шошайыса отырды. Солтанның семіздеу ірі денесі быршып терлеп, көйлегінің арқасы, екі қолтығы суланыпты. Қырдың басында шыбын аз, әйтпесе мың, миллион шыбын- шіркей қаптап талап жеп қоярдай. Ойдан осында қашып келуінің себебі де сол жан сая іздеп шыққаны секілді, шалда арнайы шаруасы жоқтай. Омырауын желпіп отырып сөз бастады. Даусы әдеттегідей қоңырланып шықпады, ауыр денемен жоғары өрлегендей демігуінен бе, әлде жаңағы моладан атып шыққан Дарханнан шындап шошып қалғандықтан ба, жарқаштанып отыр.

– Ақсақал, тамырдәрі ішкендей жалғыз жортасыз, жалғыз отырасыз, жалғыз жүресіз... Неге деймін өзімнен? Неге? Бүл фәни жалғанда «неге?» деген сұрақтың бәріне жауап таба аласың ба? Сондықтан да «негелеп» өте шығамыз. Бірер сағаттай поездан толас болған соң өзіңізбен әңгіме-дүкен құрайын деп келген бетім.

Сөзі бұрынғыдан гөрі бәсең, баяғыдай ожар емес, мұңдылау.

– Құландыға көшіп келгеніме біраз уақыт болды, шьнымды айтсам сөз қадірін білер, ұғынар, түсінер деген жалғыз адам таныдым. Әрине, жұмысшыға шешендік жараспас та. Елу жылға жетпей елдіктен айрылғанымыз ба? Мен де ес біліп, етек жапқалы осы шойын жолмен алысып келемін. Құдайға


шүкір, дәстүрлі салт-сана, ескілік әңгіме, қисынды сөзден жаңылғаным жоқ. Әкем Төленнің көп-көп қателігі болды. Менен үлкен ұлы кісіден қашып, соғысқа жасы жетпей кеткенін де білемін. Оны өзіңіз де білесіз... Мен сол қателікті қайталамауға тырыстым. Арман-мақсатым, ұшар биігім, қонар тұғырым бұдан әлдеқайда шоқтықты сықылды еді, қатты жүрмей, қарап тұрмай кешер тірліктен қаншалық қашқалақтасам да тізгінін үзіп кете алмадым, ақсақал...

Ойлана Қызылегіздің емшектенген қыратына қарады... Қалтасынан темекісін алып көзін жіпсіте отырып асықпай тұтатты. Дархан жанына келген разъезд бастығына таңданыс- пен, жаналық ашқандай тамсана қарады; көлденең сөз жүгіртіп жүйелі әңгімесін бұзған жоқ, іштей ризашылықпен басын шұл- ғи тыңдады. Қанша қатыбастанғанымен, көңіл шіркін осындай бір оқыста айтылар көшелі әнгімені құлындап іздегендей екен. Бұл күнде жұмысшының көбі туралау сөйлейтін; бри- гадир, мастер дегеңдерің дауыстап жұмсағандайтын. Бақса бәріне үрке қарап, күйе жағуға болмайтынын көкейіне түйді.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.