Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 9 страница



Еркіннің қызып, бірінін артынан бірін түйдектете жосылт- қан сөзіне дәу шал аса риза болды. Айтқандарының зәредей өтірігі жоқ, алғаш көрген адамға сыпайы, ұрда-жық мінезі жоқ, биязы жігіт болып өскенін бұрыннан да білетін. Бір сәт өз ұлы Дарханмен салыстырып көрген, шынында да түрлері болмаса, мінездері екі басқа секілді. Пішіндегі ұқсастық дегенде мұрындарының дөңестеу болып бітуі мен жарланып біткен қабақтары, қою қастары ғана еді. Ұзынқұлақ, қаңқу сөз болмаса, мынау ерні-ерніне жұқпай сайрап отырған Еркінді дәл менің кіндігімнен деп ең салып, иемдене алмас еді. Рас, жаңадан келін болып түскен Рахияның құлпырған бір шағында көңіл жақындықтары болды, болғанмен де болыстың алдында ары таза, өз басына қауіп төніп, қайраны сарқылған соң сұлу әйелдің ырқына амалсыз көніп еді-ау. Онда қылшылдаған жас, әлі үйленбеген кезі-тін. Қаладан кіре тартып келе жатып, төркініне ере барған Рахияның сұрқия қылық, зәндемі айласы жендеп өзін әлдеқайда дәрменсіз, жыланның алдындағы көжектей бейшара сезінген. «Қатынға жолама қарасы жұғады» деген нақылдың керегін де, керегі жоғын да сол жолы жыға ұғып, зердесін мықтап түйіп еді. Мынау жалпақ жаһанда озінің аз ба, көп пе өмірінде иісі ұрғашы атаулына сөз салғанды қойып, көз қиығыш салмастан, білектің күші, найзаның ұшына


ғана сеніп, ат үстінде құрбекер далақтап келген Таңатар алғаш рет осы Рахияны көргенде, әр күн сайын тірлігінің дәнін теріп жеп жүрген мынау өмірден жоғын тапқандай, барын жоғалтқандай мәңгірген күй кешіп әрі қуанды, әрі өкінді. Сұлу келіншектің өзінде көңілі барын біле тұрса да кашқалақтап, әлемнен жаңа ғана тапқан әдемі затын сындырып алармын деп жанұшыра қорыққан. Өзің құлай ұнатқан нәрсеге жақындаудың соншалықты қиындығын ол сол сапарда ұққан-ды. Төркініне баруды сылтауратып, қалаға Таңатармен бірге еріп кетуі, әрине, Омардың көңіліне күдік салған жоқ. Жымсымалықтан Таңатар да беймағұлым еді. Айдалада арбамен селкілдеп келе жатқанда, байдың жас әйелі сыр сандығының қақпағын ашып, ағынан ақтарылды. Өлердей сүйетінін, онсыз тұра алмайтынын, Омарға тек Танатарды күн құрғатпай көріп жүру үшін тигенін ыстық тілек, үмітті ниетпен жеткізген. Солқылдап жылап, мойнына асылды. Шашынан сипап жұбатқаны болмаса, одан әріге бара алмаған жігіт әккі келіншектің алдында тәжірибесіздігін танытты. Сонда сел болып аққан көздің жасын тыйып, долданған Рахия бұған «ынжықсың, жігіт емессің, қауқайған қаңбақсың» деп намысына тиді. Әлі есінде: «Егер,

– деді келіншек, – айтқаныма көніп, айдағаныма жүрмесең, осыдан барған соң, Омарға айтып, бұл жерден қараңды мәңгіге батырамын, жол үстінде зорлады мына жаман құлық, қойныма қол салды деймін, білдің бе... Ендеше соны өзің істе...»

Ат жалын тартып мінгелі қатыннан мұндай зор күтіп көрмеген Таңатар сол күннен бастап бәйбішенің байлаулы бұқасы болды. Әрине, оған деген таза сезімі сол күні жолда қалың шилі далада келмеске кеткен, әлемде мұндай сұлу перизат жоқ деген пайымын, әлемде бұдан асқан мыстан әйел жоқ деген байламмен ауыстырды. Бұл пәледен құтылудың жалғыз жолы – үйлену шығар деп осы ауылдағы қойшының жалғыз қызы Жамалға қосылып еді. Рахияның өзі де Еркіннен соң араға біраз жыл салып егіз қыз тапты. Таңатар да ұлды болды, бәрібір үлде мен бүлдеге бөленген әйелдің желігі басылмай, желкесіне мініп алып еді, ұлы өсіп, ел қатарына қосылған соң арғы бетке өтіп кеткен. Оған Омар да себепкер болып, қуанбаса өкінген жоқ-ты. Ел құлағы елу емес, жүз болып тұрған мынау апай-тұпай заманда біреу болмаса біреу біліп, бетіне басар деп


сескенген. Міне, сол сандалбай жылдардан бері де талай су ағып, ағаш басы бүрлепті-ау...

Отырғандар әр нәрсенің басын шалып, көп талқылаған секілді: Құлағына күңгір-күңгір дауыстары естілгені болмаса, не айтып, не қойғандарын жыға ұққан жоқ.

– Тәке, қалғып отырсыз ба, шаршағансыз-ау, – дегенде «а» деп көзін ашты.

– Кеше түні бойы жол жүріп, ұйқым шала болып еді, – дей салды.

– Жуықта тәргі басталады, – деді Еркін. – Мынау азын- аулақ малды ит пен құсқа жем қылғанша, жартысын арғы бетке сізден айдатып жіберсек дегенге бәтуаластық. Әкемнің жылқысы – сіздің жылқыңыз. Аман-есен арғы бетке алып өтсеңіз, таңдағанын мінесіз, таңдайыңызға татитын семізін ұстап соясыз, қолыңыздан ешкім қақпайды. Көп ұзамай бала- шағасын ертіп бұл кісі де барып қалар артыңыздан. Шекараға дейін Долдаш және тағы бір сенімді де сіңірлі жігітті тауып қосып береміз, айдасып барады. Арғы жағын дегеніңіз білсін.

– Мен қасыма жылқышы жігіт Батиды ертем ғой. Оның астына от жағып, терісін тірідей сыпырсаң да ешкімге жұмған ауызын ашып, сыр ашпайды, тек анау шекара жағы қалай екен? Кауіпті емес пе? – деді Долдаш.

– Мылтығы шошайып бес-алты солдат жүреді. Хабарасудың қай жыртық-тесігіне тұлға болар дейсің. Мен бергі бетке тура үстерінен басып өттім, қаперсіз ұйықтап жатты. Тіпті, өздері қайнатып ішкен шәугімдеріндегі шайдан ұрттап, шөлімді бастым. Мұншалықты саппас болар ма.

– Ұйықтағаны жақсы – деді еркін күліп. – Жолбарыс ұйықтап жатқанда, мысық ойына келгенін істейді. Сіздің мекен еткен жеріңіз қалай, малға жайлы ма?

– Бағана айтпадым ба, кейінгісін кім білсін, қазір мал тұяғы тимей тусып жатқан жері мол, құйқалы. Ақшоқы арқылы арғы бетке жетеміз. Содан Хабарасудан алқұлымдап асып кетсек, алдымызда түгін тартса майы шығатын Ойжайлау және Балажайлау деген, көк майсалы шалғынынан құлынның сауыры көрінбейтін жасыл жазық жатады. Өнебойы саулаған бұлақ, қара жерін қазып қалсаң шұғынық, бек шығады, отқа көміп, сүтке пісіріп жей бер, әсте ашықтырмайды.


– Бұл әлгі, – деп қопаңдады Долдаш, – ерте бас жарып қып- қызыл гүлі бар, басы он күнде ұшып кететін өсімдік қой. Ол жарықтық осы Тарбағатайдың да әр жеріне үркіп-үркіп өседі.

– Иә, сол, – деді дәу шал. Кепешін алып басын сүртіп қайта киді. – «Ой, Ойжайлау, жаман қатын қол байлау» деп ән салып қалың қазағым жүр сонда. Ар жағында Қараүңгір деген ауыл бар. Оның жанынан күркіреп үлкен өзен ағады. Ал өкпе тұсында ана жылы қашып барған орыстардың поселкесі отыр. Ол жерді Қыз бейіті деп атайды. Содан әрі Шәуешек түсіп, Шәуешектен әрі шүлдірлеген қытайдың қойнына кіресің де кетесің. Өздері жеп қоймаса, ешкімге бере қоймас, қолына бір түссең.

– Онда бәрібір екен ғой, – деді Долдаш өкінгендей. – Көлден қашып, шөлге түсіп жүрмесек.

– Қайда барсаң Қорқыттың көрі екені рас, – деді Омар қабағын кере түйіп. – Баяғыда анау шығыстағы Алтай жағында Мәметек деген атақты адам болған екен. Орыстардың боданы болмаймын деп жүріп, жүз жігіті жер іздеп, қытай асырып жіберіпті. Он жыл өткен соң сол сайдың тасындай жүз жігіттің он шақтысы ғана оралған екен. Жер тауыпты, тіпті сол тапқан жеріне апарар картасын ала келген көрінеді. Ұмытпасам, тапқан жерлері Дайлант-ау деймін. Содан Маметек би Қаратай деген бүтін бір елді келер жылында көшіріп әкетемін деп сайланып отырғанында аяқ астынан ауырып дүние салған екен.

– Апыр-ай, – деді Долдаш аузының суы құрып.

– Мүмкін емес, – деді Еркін көп оқып, көп білетініне сеніп.

– Қазақтардан ондай өнер шығады, – дәу шал. – Басқа келмесе де, қаңғу қазақтардың қолынан келеді, балам.

«Балам» деген оқыс сөзді естігенде Еркін селк ете түсті. Сөзікті елден бұрын секіреді дегендей жан-жағындағы жағалай жайғасқандарға жалт-жалт қарап еді, бәрі де маужыраңқырап, көздерін ашып-жұмып бейқам отыр екен. Әншейін, сөз сырал- ғысымен айтыла салған дәу шалдың «балам» дегеніне есі қалмай сасқалақтағанына жыны келді білем.

– Ақсақал, – деді үні қатқыл, ұрсатын адамдай бөтен шықты.

– Бүгін еру болып, күні бойы демалып, ертең түнгі салқынмен атқа қонуға шамаңыз жете ме? Жігіттер жылқыны бүгін сонау Ақшоқыға дейін маңғыстатып апарады, ары қарай бір Құдай, сонан соң өзіңізге тапсырдық.


– Түн қатып, түсі қашып алты күн бойы аттан түспей, талай жортуылдарға шыдаған сартақым кәрі тарлан бұл. Кәрілігім не, Құдай-ау, Тәкеңдер әлі алпысқа келген жоқ. Тоқал алып, жас иіс иіскейтін бапты жаста, –деп Омар өз сөзіне өзі риза болғандай шалқалай отырды. Ыдыс-аяқ жинастырып майтаңдай басып, жымын білдірмей көлбеңдеп жүрген Рахия шалына жақтырмай қарап, теріс айнала беріп ернін шығарды. Дәу шал сол мізбақпаған қалпында шойыннан құйғандай жақ сүйегі оқта-текте бір бұлтылдап нақ төрде қасқаяды жайсаңың.

– Осы ауылдағы малыңның қақ жартысын мен айдап әкеліп беріп едім, – деді сол сом қалпын бұзбастан.

– Оның рас, Тәке, – деді Омар бай. – Ендеше сол өзің баққан, барымталап әкеліп көбейткен малыңды өзіңе қайтарайын деп отырмын.

– Тақымымдағы ардакүреңнен басқа қыл құйрықтыға жоламайтынымды біле тұра әдейі күйдірейін деп айтасың-ау, байеке, – деді Таңатар қоңырлап қана.

– Білем ғой, Тәке, бәрін де білем. Жылы бірге жолдасым болмасаң да, тай құлындай бірге өскен  замандасымсың,

«бес жас – бел құрдас» деген сол, дәу шалым. Сонау бір ел басына күн туған тар кезеңде Тарбағатай тауқырандары деген әпербақандардың қолынан өзің суырып алып едің. Екі дүниеде де сол жақсылығыңды ұмытпаймын, күні бүгін,

«оққағарым» деп бес уақыт намазымнан  қалдырмаймын.

– Омар ақтарыла айтты. Шүленсіп, ешкімнің есесін жемейтін аса үлкен дархандықпен өз-өзінің мәрттігіне сүйсінгендей рахат сезіммен айтты. – Ақ пейілдің аты арып, тоны тозбайды деген, дәу шалым. Жағың түскенше жамандық көрме! Түу ит арқасы қияннан басын қауіпке тігіп сен болмасаң, қай екі туып, бір қалғаным іздеп келеді, – деп желдей есті. – Жүйрікке де біртомар, жаны патшалық қанша шыдас берер дейсің. Қайуана қазақты анау Оспан соқыр билеген соң не жорық. Әлі-ақ, әлі- ақ қиқулы дәурен, қызығы мол күндеріміз қайтіп туар. Біз болмасақ та, ей, Тәке, біздің ұрпақтарымыз көрер сол өмірді.

– Бізден кейін есі бар ұрпақ туады дегенге сенбеймін, әке,

– деді Еркін ширығып.

– Мүмкін, ең бір есі жоқ ұрпақ біз болатын шығармыз, – деді ақсарлау Долдаш. Бұдан соң ол төрде сол малдас құрған қалпында былқ етпей қатып отырған дәу шалға ықылас білдірді.


«Апыр-ай, мына шалдың шыдамының берігі-ай, құйрығымыз- ға шиқан шыққандай екі жамбасқа кезек ауысып, қипақтап әрең отырмыз. Ал бұл болса, тас болып қатып қалған». – Тәке, менде де мал басы бар, құралақан емес екенімді білесіз, Омекеңмен жағаласып, қоспай-ақ қояйын, қайыруға қиын тиер. Ешкімнен ұрлап алғам жоқ, адал малым. Жалшы және ұстағаным жоқ, табан ет, маңдай терім. Көктен Құдай, жерден шұнай келсе де мықтаса жартысын алар, қалғанын қалдырар. Тіпті болмай бара жатса, Тәке, сізден арғы бетке асар жолдың жөн-жосығын сұрап қалайын, тықыр таянса жылқымды алдыма салып құйынменен өте шығайын.

– Сол өте шыққаның ақыл болар, – деді Еркін есіней керіліп,

– Долдеке, сізден қыстақ жайынан қанығып, Құландыдағы қосшы, артель боламыз деп тырбанып жатқан жатақ тірлігін сұрамаппыз-ау.

– Ой, оның несін сұрайсың, шикі өкпе, ши борбай, сүзбебуаз желөкпе ел баяғы... қанды көген қарғадай улап-шулап жүрген. Омыкеңнің қыстағы дін аман, қорс етіп кіріп кетуге сақадай сай. Тәке, оу Тәке, ояу отырсыз ба? – деп дәу шалға  бұрылып,

– сіздің жер тамыңыз да жатыр-ау жарықтық, жер бауырлап...

– Әлі қирамаған-ау байғұс, жатсын... өз отымды өзім сөндіріп кеткендей болып едім... киесі ұрар да...

– Дарханыңыз бар ғой, Тәке. Өйтіп таусылмаңыз. Тіпті, сіз арғы бетке көшпегеннің өзінде бұл жақтағы жаңа өкімет кұрығынан құтыла алмас едіңіз. Партизандарға оқ атқан тап жауы деп арбаға салып алып кетер еді, – деп Долдаш жұбатқан болды.

– Алланың әмірінен қашып құтыламыз ба, шырақ. Әуеден не жаумайды, қара жер не көтермейді. Шыдайсың, шыдайсың. Жалғыз ұлдың өлі-тірісін біле алмай, қайраңға қамалған кемедей болып отырған жоқпын ба?

– Тірі дедік қой, ақсақал, тірі.

Дәу шалдың орынсыз сарыуайымы Еркінді шаршатқан-

ды.

– Тірі болмаған күннің өзінде де әкесін баласына ағасын

інісіне айдап салып, айызы қанып отырған зауал шаққа обал- сұуабыңыз. Егер осындай кер заман болмаса, айрандай ұйыған қазақ өмірінің оты өшіп, қазаны қирар ма еді. Бұл дүниеде талай қатыгездіктер, жауыздықтар мен сатқыңдықтар болған,


бірақ халық, ұлт бір-біріне оқ атып, өзін-өзі бауыздаған масқаралықты оқыған да, естіген де емеспін. Жеңіске жетудің жолы осы, деп мұқым халықты қарулы көтеріліске шақыру деген не сұмдық?! Бұдан басқа да жолдары бар еді ғой. Енді міне, киіздей ұйысқан елді торғайдай тоздырды.

– Мүмкін, олардың да ойлағаны бар шығар... Әйтпесе, бәрі теріс, сен айтқандай құрбекершілік болса, тамам халық соңдары- нан еріп, оқ пен отқа түспес еді ғой, балам. – Таңатардың, бұл сөзі Еркінге тағы да ұнаған жоқ, «баладан садаға кет, – деді ол ішінен. – Әттең, оқыстан бір партизанның қанына ортақ болып амалсыз кетіп отырсың арғы бетке, әйтпесе нағыз қызылкөз большевиктің өзі болар едің».

– Жатып дем алыңдар, түннің бір уағы болды ғой, – деді бағанадан бері кіріп-шығып жүрген бәйбіше. – Ертең де күн бар, қалған-құтқанын сонда айтарсыңдар.

– Бәйбішенікі жөн, – деп Омар тоңқаңдап тұра бастады.

– Әй, Долдаш, бұрынырақ шығып болжашы, маңайда ешкім көрінбей ме екен, әсіресе, әлгі Қамбар деген сумақы тың тыңдап жүрмесін. Тәкеңнің жұрт көзіне түспегені жөн.

– Бүгін аңдимыз-ау, ертең күні бойы далаға шықпай қалай отырады, – деді Долдаш.

– Ертеңгіні маған қалдыр. Тіпті Рахияның өзі-ақ жорғалаған тышқанды кіргізбес-ау бұл үйге.

– Тәкеңді үйге отырғызып, тосып алатындай-ақ айтасыз-ау, аға, – деп шыға жөнелді Долдаш.

– Өз жерімнің тұтқыны болдым ақыры. – Дәу шалда көңілсіздік бар еді. Бағанадан бергі әңгімеден көп жайдың мән- жайын байқаған. – Басқа-басқа, Кеңес өкіметінің кеңсесінде оң қолы болып үлкен қызмет жасап отырған Еркіннің өзі астынан су шығып, арғы бетке өтуді армандайды, арғы беті жетісіп тұрғандай... Түйені жел тербесе, ешкіні аспаннан көр деген осы...

Далаға шыққан. Сарыатамыздың ең соңғы жылымығын таудың түнгі салқыны айдап, қуып, етекке қарай әкетіп, бой қалтыратар салқындық үстемдік алған екен. Ай жарықтық та жарты кештене бастаған. Көп ұзамай өліара мезгіл, содан соң... тағы да жаңа ай туады. Желбегей жамылған шапанын қаусырына түсіп, үй айналғанда Таңатардың құлағына улап- шулап алтыбақан басынан қайтқан жастардың әрі көңілді,


әрі ессіздеу күлкісі шалынды. Баяғысы, өзінің де жас шағы, алаңсыз, бір күндік тоқтыққа семірген мәз-мәйрам күндері есіне түсті ме, ауыр күрсінді. Адам өмірінің бір қайырымға келмейтін қысқа күндей қысқалығына, адам өмірінің бірде құлдырап, бірде аспандап өтер баянсыздығына өкінгендей болды. Елудің бесеуіне жаңа келсе де, жалғыз-ақ түн қас- қағым сәтте жүз жылға бір-ақ қартайып кеткендей, өз-өзінен қорынып, жасына жетпей шау тартуы – көмбеге ілінбей жол ортада ақсап, жайылып қалған бәйге атынан айырмасы кәне? Бұл тіршілік атты жарысқа қатыспау керек шығар, қатысқан екенсің, екінің бірі – не өл, не бірінші болып кел...

Мынаужаңаөкіметтіңнебілгенойыбар,кімдергебақ,кімдерге сорәкеледі, олтуралы Таңатар зердеге салып, салмақтап ойелегі- нен өткізбеген-ді. Жалғыз-ақ қателік жасады: Омарды көздеген мылтықты қағып жіберді. Ол мылтықтың иесі кім бағамдаған жоқ. Иесін қапқалы ұмтылған итке қарсы атылғаны ұшін айыпты ма? Адал қызметім деп ұққаны ғой... Егер, менің орнымда Омар болса, сөйтер ме еді? Дәу шал осы сұрақ төңірегінде ешқашан ойланбапты-ау.

Алыстан, сонау Ақшоқы жақтан жылқы кісінеп еді, Таңатардың ардакүреңі оқыранды, үйірін сағынғаны шығар.

– Әй, Долдаш, – деген Омардың дауысы шықты. – Тәкеңнің атын жабулап тастаңдар, бұл жорғаны танымайтын кісі жоқ бұл өңірде.

«Апыр-ай, ардакүреңнен де, менен де қасиет кетейін деген екен, – деп күбірледі дәу шал. – Қай қазақ жақсыны жасырып ұстаушы еді». Бұл шақта әкелі-балалы Кенжиндер де өзара сырласып, үй сыртында шошайып көп тұрды. Қазіргі түннің салқынына да анау ұлардай шулап өрістен қайтқан мал секілді алтыбақаннан оралған қыз-қырқын, жігіт-желеңдердің дабыра үні бұл әлемде ештеңеде назарын аударып, елең қылмады. Кеуделерін кере дем алып бой жазғандай толқып, бір-бірін бе, мынау жаралғалы мекен болған Ақжайлауды ма, әлде ішкені алдында, ішпегені артында майды майға құйып сүрген дәуренін бе – әйтеуір қоң етін кесіп алғандай қиналыспен бұл дүниені қимағандары рас. Онысын жасқана жасырғанымен, тілсіз түсініп, ыммен ұғысқандай еді.

– Сақ бол, ұлым, – деді Омар сусылдай соққан салқын желге жонарқасын беріп, Еркінді денесімен қалқалай тұрып. – Егер


дәу шал ертең кешке дейін айнып қалмаса, малдың ең жалды, майлы дегендерін айдап әкетер, ол жағын өзіміз реттейміз. Тәргісін не болса да Құландыдағы қыстақта қарсы алармын. Өзіңнен хабар келгенше арғы бетке өтпеймін. Семейдегі азын- аулақ тиынды өзің ала кел, сырты түк, іші боқ хайуан қолдың кірі секілді, келді-кетті, заманның пұлына жарамайды екен.

– Оны мен сізге әлдеқашан айтқанмын, әке. Мендегі үміт- тенген тиын-тебеннің көбі Николай мен Керенскийлердің ақшасы – патшалық Россиямен бірге құрыған... Ал, өз табысым совет ақшасы, шайлығымыздан да аспайды, асқан күннің өзінде, арғы бетке өткен соң от тамызуға да жарамайды.

– Сонда қалай, салт басымыз, сабау қамшымыз қалғаны

ма?

Омар ұлынан дәл осындай жауап күтпеп еді, іші қара мысық

тырнап алғандай шоршып түсті. Енді Еркін жел жақта, өзі ық жаққа көшкен.

– Малыңыз бар ғой. Он шақтысы қалса да қара басыңыздың қорегіне жетер, Таңатар жалғыз атымен-ақ жарты ғасыр жасады ғой. Сарыала сандықтың түбіне буып-түйіп тастаған асыл тастарыңыз бар секілді еді. Оның өзі Қап тауын асып кетсеңіз де әжетіңізге жарай береді. Алтын ғана мәңгілік.

Еріп бітуге айналған айдың бозамық сәулесі ала-көленке- леп, Еркіннің бет-пішінін айқын көрсетпей, қанша әккі болса да Омар ұлының сырын ұстай алмады. Бірақ, осы түннен бастап жан дүниесінде, былайғы аз ба, көп пе ғұмырында қыр соңы- нан қалмай серік болар қара мысық жүрегін тырналап, мияулай бастап еді... «Менің қаным емес екен,– деді қалшылдап. Күннің салқындығы шалдың өлердей ыза болған халін білдірмей жіберді. – Менің қаным болса...»

– Әке, жаурадыңыз ба, дірілдеп кеттіңіз ғой?

– Иә, иә, тоңғаным рас, – деді тісі сақылдап. – Мені қойшы, асарымды асадым, жасарымды жасадым, екі қозыма обал- ау. Телмеңдеп кімнің қолына қарайды, тек қана тоқшылық теңізінде жүзіп үйренген қос аққу секілді еді, жоқшылыққа төзе алар ма, айналайындар.

– Сонда мені құрбандыққа шалғаныңыз ба, атымды аузыңызға алмадыңыз-ау... Қалжың ғой, әке. Сіздің кінәңіз не, тарихтан көрсін, мезгілсіз туған тағдырдан көрсін.


– Оларды тағдыр да емес, тарих та емес, менмін ғой тудырған... Қатты екенсің, ұлым, қатты екенсің.

– Жұмсақ едік, заман азғанына салды да, сарқ-сұрқ қайнатты. Ал, жас еттің қатты қайнағанда қасаң болып пісетінін білесіз...

– Құдайым, басқа салғаны да. Еркек тоқты құрбандық демей- мін, дәулетімнің тасып тұрған шағында қанаттыға қақтырмадым, тұмсықтыға шоқытырмадым, жаман әкеңді ерттеп мініп, Меке- Мәдинеге барам десең де, міне менің арқам, өзегім өртеніп, дәрменім кеткенше құлдығыңмын. Ойлап тұрсам, қыздарымның жөні бір басқа – қанжығаға байлап жүрген жанторсық емес, жат-жұрттық. Мен жаққан отты өшірмесең болды, одан артық бақ-дәулет, одан озық үміт пен тілек те қалмады менде. Қайда жүрсең де сақ бол. Анау Оспан деген бұралқы иттен бүгін шошынайын дедім. Ертеңгі науқанды бүлдіріп жүрмесе...

Әкесінің адал көңілмен ақтарыла айтқан шыншыл сыры Еркінді толқытқандай болды. Осы шыны ма? – деп не нәрсеге болса да күмәнмен қарайтын адвокат, басқа-басқа, мынау қарсы алдында сақалын жел жұлмалап, жанын пидалап тұрған әкесіне сенуге керегін, сеніп қана қоймай, қолтығынан сүйеп, демеу керегін көкірегіне түйді. Қартайғанда адамда аса қауіпті қулық қалмасын, мүжіліп барып, таусылып қаларын алғаш рет ұқты-ау, әйтеуір.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.