Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 8 страница



«Баяғының батырлары осындай-ақ болар», – деп ойлады Еркін.


Содан соң ертеректе, бала кезінде уақиға сылаң етіп есіне оралды.

...Осы Оспанмен асыққа таласып, төбелесіп қалды. Шыбық тимес шынқ етер көкдолы. Оспан баж-бұж етіп жеті атасына түсіп қиянаттаған. Еркін серейтіп жығып салып, екі бүйірінен тепкілесе де тілін тартпай: «Сен Таңатардың баласысың, шатасасың»,–деп қайдағы-жайдағысын қопарып, ата-тегін тексеріп еді. Бұл сөз артынан байдың, құлағына жетіп, көкірегі қарс айрылып үш күн үйден иімікпей сұлап жатып алған. Жүрегіне шер боп батқан шерменде он жылдан соң жарылды. Ақыры ебін тауып Оспанның көзін ағызды. Таңатарды азғырып арғы бетке көшіріп жіберген. Ал, Рахия жұмған аузын ашқан жоқ, төркініне есен-сау табыс етейін деп бекінсе де мұқым Семейді бір шыбықпен айдап, аюдай ақырып отырған саудагер атадан сескенген. Тек, ішінде кесек мұзға айналып, бақилыққа қатқан кекті мұң кешірім таба алмай бұлқынып анда-санда тондыратын, шілденің ыстығында да қалтырататын-ай. Әлгі уақиға, терең қазып, тепкілеп көмген қасіретті уақиға келмеске кеткендей еді, енді міне, араға жылдар салып, Таңатармен бірге еріп келіп отыр. Жол ұрып шаршаған қалың сақал, қара мұртты алып адамның даладай жалпақ бетіне әкелі-балалы екеуі бірдей көз астынан ұрлана қарап еді, ол жайын жүз, суық кайратпен қалғыңқырап, жанарын ашып-жұмып кәперсіз отыр екен. Омар қызғана, Еркін қызыға үңіліп, үнсіз тілдескендей болды.

– Ақсақал, арғы беттің жаңалығын айтпадыңыз ғой, – деді Еркін, бұдан әрі тым-тырыс отырудың жөн-жосығы жоқ екенін сезгендей. Жарланып біткен қалың қабағын сілке көтеріп, көзін бағжаң еткізіп, ашып жіберген Таңатар, аузын түйенің табанындай алақанымен далдалай есінеп алды да, бет-аузын уыстай уқалап ұйқысын ашты.

– Арғы бетте тыныштык, шырағым, – деді кеудесін көтере отырып. –Желісі үзіліп, желбауы қиылмаған мамыражай өмір. Құртын қайнатып, өресін жайып отырған қазақтар; саумал аңқыған, тұнығы шайқалмаған ескіліктеміз. Дұңған, ұйғыр, ілеуде бір қытайды көреміз. Ептеп баяғыда өтіп кеткен орыс көпестері де тұрады. Қашанға барарын кім білсін, әйтеуір қой үстінде бозторғай жұмыртқалап тұр ғой.

– Апыр-ай, ә, – деп тамсана таңдайын қақты Оспан.


– Ол жақтың өз Оспаны бар ғой, – деді Таңатар босаған жақта тыпыршып отырған ауылнайға қарап, содан соң оған менсінбей иегін қағып:

– Төрелігің құтты болсын, шырақ! Атқа мініп, ел билігін қолға алыпсың, естіп жатырмыз.

– Үні қаншалықты қоңыр, байсалды болғанымен ұққан адамға ашутастай мысқыл барды. Дәу шалдың бұл ілтипатын кекесін деп түсінбеген Оспан екі езуі құлағына жетіп рахатқа батты.

– Рақмет, ақсақал, япыр-ай, сіздер де естіп қалғансыздар ма, жақсылық жатпайды екен-ау. Жаңа өкімет сеніп тапсырған соң талаптанып жүрміз, әйтеуір.

– Бұл жігіттің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болып тұр,– деді Долдаш насыбайын атып.

– Ауылдағының аузы сасық, деп бекер ғайбаттап келіппіз.– Омар қарқ-қарқ күлді. – Баптап салса барымтаға түспейтін азамат бар ма? Арқандаулы аттай ширығып, қыран құстай іштей түлеп жүріпті батырың. Жүген-құрықтан құтылған соң өзіңіздің ардакүрең жорғаңыздай майтаңдай жөнелді. Тек ұзағынан сүйіндірсін...

– Әумин, айтқаныңыз келсін, Ом-е-ке, – деп жетісті Оспан. Ауылнайдың астарлы сөзді түсінбейтін осыншалық аңғал, жетесіздігі Еркіннің бағанағы бір сескенісінің уытын қайтарғандай еді. Бірақ қулығына құрық болмайтын монтаны Оспанның сан қырының бірі ме деп тағы айныды.

– Ол жақтағы Оспан да екі аяқтыға жеңістік бермей тұр. Ғайыптан зулап келіп, Құдайдың ажалынан сақтаса түбінде өзін хан сайлайтын түрі бар. Алтайдың арыстаны секілді, бет алысы арынды,– деп еді, дәу шалдың бұл мақтауын осындағы Оспан ұнатпай қалды.

– «Ит жоқта шошқа үреді қорада» деген ғой, ақсақал. Егер әкім мынау отырған Омекең мен Ерекеңдер алқұлымдап сол арғы бетіңізге бір өтіп алса, сіз бөстірген Оспан бұл кісілердің қолына су кұюға жарамай калар еді.

Отырғандар оның беті бүлк етпей айтқан бұл сөзін естігенде төбелеріне жаумай жасын түскендей әрі-сәрі әсерде болды.

«Айтқаным айнымай келді, – деп ойлады Еркін, – қалай-қалай орағытады. Біз емес, мұның өзі мазақ етіп отыр екен-ау, сақтану керек екен, сақтану...»


– Не нәрсеге де сақтық керек қой, ақсақал,– деп бір жамбастады Оспан.

Еркіннің есі шығып кетті. Рас шығып кетті білем, көзілдірі- гін қайта-қайта алып сүрте берді.

– Қазір заң жаман, біреу болмаса біреу сезіп қалса, жоғары жақ хабардар болып інімізге су құйып жүрмесін. «Бергі бетке өтсін» деген рұқсат қағазыңыз бар ма, ақсақал?

– Әй, суырдың айғырындай аңқиттаған неме! – деп ақырып жіберді дәу шал. – Мені тергейтін дәрежеге қашан жетіп едің?! Бай лақтырған сүйекке итпен қоса таласып жататын күшік, не маңырап отырсың?! Арғы бет, бергі бетті қойып, арғы дүние мен бергі дүниеде де мені қорқытатын адам жоқ! «Шабаннан

– желмес, сараңнан – бермес туады» деген, әкең екі итке ас бөліп бере алмайтын ынжық еді, балта сабынан озар деймісің, тәңірім.

Үй іші дүр сілкінгендей болды. Ертеден, тым көп уақыттан бері саңқылдаған асқақ үнін ести алмай, маужырап тұрған әдемі ыдыс-аяқ салдырлап, ақ отаудың түңлігі желпінгендей дүмпиіп, айызы қанды-ау. Булыққан ашуын зорға-зорға ақылға жеңдірген дәу шал, кісесіндегі сары ала сапты пышағын суыра жаздап барып, сап-саппен мықынын таянды.

– Сабыр, сабыр сақтаңыздар, – деді Еркін құрақ ұшып. Бұл Оспанды аяғаны емес, жіңішкелеп басталған жуан жоспарды бүлдіріп алмаудың амалы-тын.

– Жоқ-ау, тіпті, осы үйдің абызы осы секілді. Босағадан аттағаннан бері ауызы өрге шыққан өгіздің көтеніндей бүл- кілдеп бір тыным тапсашы.

Алқа-қотан отырған жұртты шарасыздықтан құтқарған Таңатардың соңғы сөзі болды. Мырс етіп бәйбіше бастады да қалғандары қағып алып ұзақ күлкіге басты. Ал, Оспан болса қыңған жоқ, ұялмады да, әсіресе қарқылдап, біресе шиқылдап, мәз боп күлген өзі болды.

– Япыр-ай, тіліңіз тотяйын-ау, Тәке. Қандай тауып айт- тыңыз... Қарағайдың қарсы біткен бұтағы едіңіз, өзгермепсіз дәушалым. Сізге дауа жоқ,– деді қарнын басып. – Түу, ішегім түйіліп қала жаздады-ау. Көптен бері Рахия жеңешемнің де көңілденіп, көсіле күлгенін көргенім осы...

– Әй, ит-ай, – деді Долдаш шыт орамалмен көзін сүртіп,


– саған да дауа жоқ екен ендеше. «Қыртты езген жеңеді, езгенді Құдайдан безген жеңеді» деген осы-ау.

Осы сәтте есік сықырлап ашылып, күң әйел самар астауға салған етті буын бұрқыратып дастарқанға қойды. Бүгін азанда сойылған тайдың төңкеріле аударылған жас қазысы, жал-жаясы мен кеңсірігі сара тілінген қазақы қойдың езуі ырсиған басы

– әлде өтірік, әлде шын басталған көңілді қозғалысқа жарастық қосқандай ажар таныта келді.

Бата жасалып, жапатармағай асқа кірісті. Дәу шалдың Оспанға сілтене жаздап, қынында қалған қайраулы пышағы жүзі жарқырап, қара қойдың басын жәукемдей жөнелді. Омар мен Еркін ет кескен жоқ, шуатылған қазы-қартаны Долдаш кершеулеген. Бір-екеуін дөңгелете ойып алып таңдайына тастап та жібереді.

– Осеке, сен де қарап отырма, – деді Омар кең пейіл танытып. – «Бұтақсыз ағаш июге жақсы, бұлтақсыз сөз күлуге жақсы» деуші еді атам қазақ. Аузын ашса жүрегі көрінген адал азаматсыз ғой, дәу шалдың ұрысқаны өзіңе майдай жақты білем.

Итаяққа аузы жетпей қыңсылаған байлаулы иттей, сілекейі шұбырып отырған Оспан «қатқанының басы» деп, шіренген байды ішінен келістіріп балағаттап алды да, туралып жатқан жамбасқа жабысты. Сөйлеп үйренген аузы бұл ретте де шыдам таба алмаған.

– Әлгі... Омеке деймін, сіз айта беретін атам қазақта мынандай бір сөз бар екен:

Ел арқанын көп тарттым, Қане қолымның жарасы. Ел бақырын көп астым,

Қане қолымның қарасы, – деген екен... Әбден дұрыс айтылған сөз, – деп өз уәжін өзі қуаттап, бісмілласын ұмытпай бір кесіп ет асады.

«Дегенмен мынауының түбі тесік тегене болды», – деп ойлады Таңатар. Тіпті, ішінен сүйсініп те қалған.

«Бәрібір іштен шалып отыр, – деп ойлады Еркін. – Атан ұрласа да айыбын мойнына алмайтын безбүйрек екенін кім білген. Дүниежүзіндегі бүкіл дипломатия мен мемлекеттің заңын жақсы білсем де, мына соқырды соттар статья табылмас, әй табылмас. Дәл мына алаяқты жазалайтын заң жазылмайтын


да шығар-ау. Иә, адам жанын, жалбыршақ қарындай қатпарын ашар әдіс ойлап табылмайды-ау. Қайдан табылсын... Дегенмен, үлкен іске іріткі салмас үшін бұл зымиянды қалаға жөнелту керек екен».

Ет үстінде бөтен әңгіме болған жоқ. Әркім өз ойымен алысып, үнсіз отыр. Құрт қосқан жас сорпаны өз қолымен сораптай сапырып, суытып отырған Рахия сонау бір келмеске кеткен қызық дәурен, қылықты кешті сағынғандай, мұңды жанармен анау екі ұртын бұлтылдатып ет шайнаған дәу шалға жаудырап, әлсін-әлсін қараумен болды. Бәйбішесінің осы жарысын іштей ымдасқан әлсіз әрекетін Омар да байқап, лақса биенің ышқына оқыранғанымен үйірге түсіп жарытпайтынын еске алып, қызғанышын бұғалықтады. «Қағынан қағынып туған албастының жыны әлі басылған жоқ па, бәтір-ау», – деп тағы ойлады. Не дегенмен ажарын тоздырмаған Рахияның қарулы қол, қатқыл тізені ұмытпағаны, күні кешегідей бар қуатымен, өне бойын шарпып жадында сайрап жатқаны рас-ты. Омардың байлығына қызығып бақай есеппен бұл үйдің табалдырығын таза аттаса да сонау Семей қаласында бұлғақтап жүрген бек матур қыз Таңатарды алғаш көргенде жүрегіне шоқ түскендей аса бір қызығыспен, дәл бүгінгідей мөлдіреп қараған. Алғаш рет Омардың шабарманы, ауыл мен қала екі арадағы кірешісі болған, саудагер әрине, талай барған көрікті жігітті құлай ұнатты да. Амал не, сүйекке сіңді әдет: дүниеқорлық, ашкөзділік, жемі бардың шырқ айналған тауығы болуға жаралған мінез өз дегенін істеп тынды... сүйгенін сүйекке айырбастап кетті. Шын ықылас білдіріп, аңсары ауса, әйелінің дегеніне көнбей осы Таңатарды етегінен ұстап өтуге батылы жетуші еді; жалындап басталған махаббатың күйеуінің көзіне шөп салумен дәлелдеген. Омар қалаға аттанған сайын қылымсып қыздай қылық көрсетіп, дәу жігіттің мойнына асылатын келіп. «Құнажын көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейдінің» кері болып, маза бермеген еркетотай қатынды тояттатып тынды. Рас, Таңатар Құдайдай сыйлаған замандасы Омарға обал жасағысы келген жоқ, тортасын айырған майдай толықсыған Рахия қыр соңынан қалмаған соң, еркектің намысына тиісе берген соң, Омардың әкесі Кенжеге кеткен әкесінің кегін ала алмаған соң адалдықтың ала жібін аттағаны рас. Рас, оны адамнан да, Құдайдан да жасыра алмас


еді. Бірақ, анау көзілдірігі жылтырап, қасы қиылып отырған бұйра шаш, аппақ сазандай Еркін менің ұлым-ау деген ой өліп, қайта тірілсе де қаперіне кірмес еді... Ол сырды Малтыкөл ішінде үш-ақ адам біледі: Омар, Рахия, содан соң Оспан-ау. Ал Еркіннің әлде де күмәні бар, көре алмаған елдің қаңқу сөзі шығар деп иланбаған. Әйтпесе, ұл таптыратын қуат әкесінде де жоқ емесін біледі.

Ет желініп, сорпа келгенде Еркін бас қатырар саясаткер- лікті қойып, осындай бір адамзат арасында болатын ауыс-күйіс, дәлелденуі мүмкін емес, өзі көп қолданатын «интимдік» қарым- қатынас, адамгершілік қағидалар, отбасылық сырсандықты ақтарып отыр еді. Оспан соқыр оның ойын дәл тапқандай:

– Апыр-ау, адам адамға ұқсай береді екен-ау, – деп бықсытты. Сорпаны сораптай ұрттап балқып отырған былайғы жұрт елең етісті. – Осы Тәкеңнің ұлы Дархан мен анау қамшысын қанжығасынан тастамайтын Қамбар соққан егіз қозыдай еді. Кішкене кезімізде тамам бала ойнап жүріп, екеуін ауыстырып алатынбыз. Ол да бір дәурен-ау... Енді міне, отызға келіп, орда бұзатын жастамыз. Бітірген түгіміз жоқ. Қыртып ауылнай болғанға мәз болып жүрміз.

«Қамбарды көздеп, мені атты», – деді Еркін іштей ар- палысып. Сорпа құйып орнықты отырған бәйбіше екі беті ду етіп «шәй қамдауды ескертемін» деп сылтауратып далаға шыға жөнелді. Соқырдың нені меңзегенін сезсе де сырбаз маңғаздығын бұзбаған Омар қолын сабырмен сүртіп:

– Қырыққа келгенше қыртып жүргенің рас, бірақ, бұл әңгіменің ұшығын ұстай алмадық қой, – деді. Арша істікті төс қалтасынан асықпай алып тісін шұқыды.

– Әншейін, балалық шағым есіме түсіп, – деп мәймөңкілеп, түлкі құйрыққа басты Оспан.

– Сенің есіңе естелік ет жегенде ғана түседі екен. – Бұл сөзді Еркін қанша салқынқанды айтқанымен зілін басуға шыдамы жетпеді. Ал дәу шалға бір-бірін астарлы сөзбен шымшылаған қысыр әңгіме әсер еткен жоқ, рақаттана кекіріп, керегеге арқасын қайта тіреді.

– Еркін шырақ, – деді бөренедей мойнын әрең бұрып, – қаладан шыққаныңа көп болды ма?

– Жоқ, ақсақал, еру болғаныма екінші түн. Кеше осы мезгілде келдік. Көп уақытым жолда қалды.


– Иә, Семей алып, – деді дәу шал, – баяғыда кіре тартып жүр- генімде құр атпен шығып араға төрт қонып лау жалдап әрең жететінбіз. Бағанадан бері сұрайын деп отыр едім, біздің жаман ұлдан хабарың бар ма?

– Ертіс үстінде көпір салып жүргенін екі-үш рет көрдім.

Ханға сәлем беретін сыңайын байқай алмадым-ау...

– Одан шығады, – деді Таңатар сүйсінгендей күліп, – бала кезден дала безер еді... Қайда жүрсе де аман жүрсін, түтінімді сөндірмесе, соған ризамын.

– Ол орыстан қатын алып, ата-енесінің қолында тұрады деп естідім. Сондықтан, Тәке, артық айтсам айыпқа бұйырмаңыз, Дархан шығаратын түтінге күмәнім бар, орыстікі ме, қазақтікі ме. Солай емес пе, Ереке, – деп ыржиып Еркінге қарады.

«Соқыр ит-ай, өзгені көздеп, тағы да мені атты-ау, жоқ, бұл жыланқұртты қалаға апарып көзін құрту керек екен».

– Қан өлмейді ғой, – деді дәу шал. – Қанның өлгені – жақсы- дан оттың сөнгені ғой.

– Асылдың астары да асыл болса жарасар дегенім еді, ақсақал. Рас айтасыз, аман жүрсе болды, сізден қалған жалғыз тұяқ еді, көк көпірді бандылар жарып, үлкен шығын болды деп естіп едім...

– Әй, тағы нені бықсыттың! – дәу шал шаңқ ете қалды.

– Оттайды, – деді Еркін, – мен Дарханды көпір жарылған соң да екі-үш рет көрдім, ақсақал.

Бұдан әрі сөзбұйдаға салып Оспанмен тәжікелесіп отырудың, жөні жоғын білген Омар тыңдаушы қалпын бұзып, ыңырана ырғатылып алды да тамағын кенеді.

– Ал ағайын, түннің бір уағы болған шығар, ас қайырып, демалайық. Алыстан ат терлетіп келген жолаушылар бар, аяқ- қолын жазып, демін алсын. Оспан екеуміздің әңгімеміз мың бір түн секілді айтқан сайын балалап, жуыр маңда таусыла қоймас. Сен, – деді Оспанға қарап, – алтыбақан құрған жастарға бар. Әлгі біздің қыздар қызды-қыздымен қыр асып кетіп жүрмесін. Аузы қышып отырған ауылнайдың ең осал жерін тапты білем. Анау «аллахуәкпар» деп бетін асығыс сипап орнынан

атып тұрды.

– Мақұл, Омеке, мақұл. Алтыбақаншыл албастылардың көкесін көзіне көрсетіп, ортекедей ойнақтап қайтпасам бол-


мас, – деп шыға жөнелді. Жармалап жасалған есік сақ етіп жабылғанда:

– Уһ-уһ, – деді Еркін үлкен бір пәледен құтылғандай қуанып, – ішкенімізді – ірің, жегенімізді – желім қылды-ау өзі. Осыншалық көкезу, серкенің дауын атан өгізге сатып алар пәлеқорлығын білсемші.

– Ол сондай, – деді Омар, – жыланның жусағанын білетін сұмның нағыз өзі. Әкесі, есі бар жұрт егін өсіріп жатқанда, ол құдайдың қу даласына тұз егіп, оны алажаздай суарып, ата- бабасының сүйегіне таңба болып еді.

– Ол жалғыз Оспаның әкесі ғана емес, исі Малтыкөл ежелден аңқаулығымен аты шыққан қожанасыр руы ғой, қайта бұл жігіт қияндағыны көзі шалатын қырағы ма деп қалдым, – деп дәу шал Омар сөзіне келіспейтінін аңғартты. – «Осы күннің баласы аласа туады, үлкендермен таласа туады» деп отырушы еді жарықтық Малтыкөл атамыз. Соның кері де. Ел ішінде бір тентек жүре берсінші.

Сырттан жалшы әйелге үлкен жез самауырды көтертіп, бағана шығып кеткен бәйбіше қайта кірді. Шадырағы жоқ керосин шамының, әлсіз жарығы есік ашылып-жабылған сайын бірде өртейтіндей болып өршеленіп, енді бірде өшетіндей болып өлімсіреп қыпышықтайды. Алакөлеңке сәуле киіз үй ішіндегі әр заттың ашық ажарын аша алмай, құр нобайын шұбарлап көрсетеді. Шам білтенің көмірленген басын қайшымен қиып, қайта тұтатқандай ғана лып жанған сымақ болды. Осы жалпылдап жанған жалғыз шам үй-ішіне болымсыз күңгірт, жұқалтым қызғылт сәулесін таратқан сайын, түн баласындағы отырыстың өзін өзгеше бір қоңырлыққа, күбірлеп қана әңгіме айтар жуастыққа шақырғандай. Бірақ үнсіздікті араға салып барып, бір-бірін жолықтыруды тағатсыз тосқан, жеме-жемге келгенде сөзді неден бастарын білмей қаңтарылған үшеуі бірдей, үндемес ойнағандай бұл отырысымыз қай отырыс дегісі келіп, қозғалысқа көшті.

– Ұзын арқан, кең тұсаудың заманы емес. Бүгінде ымыртшының есінде, күзетшінің көзіндегі қияс шақ, Тәке, – деді Еркін нығыздана отырып. Үлкен арналы әңгіме бастарда өстетін әдеті.– Оспан оттаубайы талай уақытымызды ұрлады. Сондықтан, әр сөздің бас жібін жеке есіп, сөзбұйдаға салмай тоқ етерін айталық. Менің ең әуелгі білгім келіп отырғаны,


ақсақал, арғы беттен өріс, жанға қоныс табыла ма. Жаман айтпай жақсы жоқ, сіздің ізіңізді ала біз барсақ, қытайыңыздың қолтығына сияр ма едік?

– Түбі не боларын кім білсін, шырақ, қазір тыныш,– деді шал.

– Мұнда да қырып-жойып, өртеп-өлтіріп әкетіп бара жатқан ешкімді көре алмадым-ау.

– Мен де соны айтамын. Астымыздан су шыққан жоқ, «сен тимесең мен тимен бадырақ көз деп отыра берсек, осы советтің бізде әкесінің құны жоқ шығар», – деп сөзге енді бағанадан бері маужырап, қалғып-мүлгіп зауықсыз тыныш отырған Долдаш араласты. Қызу қанды, беті бар, жүзі бар демей турасын кесіп айтатын, асып бара жатқан байлығы, қанап, талап келген озбырлығы жоқ, өзімен өзі жүрген азамат еді. Омардың туған інісі бола тұрса да, ағасының көп-көп іс әрекеттерімен ымыраға келіп, келісе бермейтін. Өрт мінезді, батыр қылықты Долдаш осы бай үйімен іргелес отырады. Әйелі осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығып қазан-ошағын ұстасып жүр.

– Совет өкіметі бізді, мені қойшы, өз қотырымды өзім қасып көтермін, – деді Еркін. – Мына екеуіңізді тайраңдатып қоймайтын түрі бар. Осыдан үш күн бұрын бай-кулак, игі- жақсыларды тап ретінде жойып, мал-мүлкін конфискациялау жөнінде қарар шықты. Енді біраз күнде сізден де, әке, сізден де, Долдаш аға, қылқұйрық қалмайды, өздеріңізді жер аудартады. Мені түу ит өлген жерден асығыс келіп отырғаным

– осы шаруа; сіздерге ескерту, қамсыз қалмасын, бір амалын ойлап тапсын деу еді. Сіздер келмей тұрған кезде әкеме осы жағдайдың егжей-тегжейін түсіндіріп айтып едім.

– Менің асып бара жатқан байлығым жоқ. Ірісінің өзі екі жүзден аспайды. Кәмпіскесі болмақ түгіл, көктен Құдай, жерден шұнай келсе де айылымды жимаймын, – деді Долдаш шақшасын етігінің басына қағып.

– Оп-оңай құтылып кетейін деген екенсіз, өкіметтің құрығы ұзын. – Еркінді долылық қысып, тістене сөйледі. – Конфискация туралы әлі ешбір хабарыңыз жоқ, оның тармақ, пункттерімен таныспай тұрып байбалам салуыңызға жол болсын. Егер өзіңіз білмейді екенсіз, онда өзгені тыңдаңыз, аға. Ол заңда былай деп атап көрсетілген: көшпелі аудандарда малы төрт жүзден асқан, ірі қараға шаққанда; ал жартылай көшпелі аудандарда малы жүз


елуден асқан адамдар яғни хандар мен сұлтандардың, ел билеген болыстардың ұрпақтары жатады. Біріншіден, сіздің малыңыз үш жүзге жуық, ал өзіңіздің Құландыдағы қонысыңыз Аягөзге қарайтындықтан жартылай көшпелі ауданға кіресіз. Екіншіден, сіздің әкеңіз, аға, яғни менің атам, жиырма жыл болыс болып аз рулы Мұрын-сыбанды қаққанда қанын, соққанда сөлін алған озбыр адам болған. Жасырып керегі не, мынау отырған менің әкем, болыс болған бес жылда тізесін батырмаған адам қалды ма, бұл өңірде. Кеше Аягөзге революция дүмпуі келіп, ақ пен қызыл қанды сотын ашқанда осы қойдай еріп, жылқыдай жусаған қаймана халық өкіметті көзіне жас алып қарсы алды. Көшпелі ел Тарбағатай тау қырандары деп аталған қызыл партизандарға қосылып кетті. Бұл ел, біле білсеңіз, дәл қазір де түтіп жер еді, тек советтің кеңсесінде қызмет істеп жүрген менен сескенеді. Енді, мынау тәри туралы заңды құлақтары шалды бар ғой, тігерге тұяқ қалдырмай пышақ үстінен үлестіріп әкетеді. Оған имандай илана беріңіздер.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.