Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 6 страница



Жер шұқығандай болып өзгеше бір қамықты пішінмен үнсіз отырып қалды. Одан кейін әлдене есіне түскендей мырс етіп күлді. Күлді де айтты:

– Баяғыда бір сорлы айтқан екен: «Жұлқынғанда қолымнан не келеді, еңкейгенде артымнан жел еседі» депті.

– Сенің шалбарыңның құйрығы жыртық емес, бүтін секілді еді, ұлым? – деді Омар сыңар езулеп, таудан да, тастан да қайт- пай жағаласып, жанұшырып жүретін ер мінезді жалғыз ұлы- ның мұншалық мүжіліп, салы суға кете омырылуы қытығына тиді білем, қырсықтана сұрады.

– Шалбары бүтіндердің емес, әке, шалбары жыртықтардың заманы бұл.

– Оны өзім де білем. Менің білмей отырғаным, кәмпіске деген заңды әбден бауыздауға тақағанда ғана естірткенің. Енді қалған бір жұмада не қайла, қандай тосқауыл жасап үлгіреміз?..

– Ол заңның шыққанына, біздің құлаққа тигеніне екі-үш-ақ күн болды, әке. Ести сала құс болып ұшқаным осы. Одан артық өл дейсіз бе? Жазықсыз күйдіресіз-ау тіпті кейде.

– Сенбеймін. Жаман күйеу қайынсақ деп, әтиің мен әниіңнің ыстық самсасын қиып кете алмадың ба деп күдіктенем. – Омар баласының ең босаң жерінен ұстадым-ау деп еді, өзінің де сіркесі су көтермей, түлен түтып отырған Еркін шарт кетті. Өмірі бетіне келмеген әкенің орынсыз шымшылауы шымбайына батқан.

– Әти мен әни деген әнді сізден көп айтпаған шығармын... Менікі сол сіз бастап берген әннің қайырмасы ғана... соны қайталау ғана.

– Мен татардан қатын алсам – ол сенің шешең, Құдайға шүкір үш баланың анасы. Келінім секілді пұшпағы қанамаса да кердең қағып, кепиетсіз жүрген жоқ. Шүкір, біздің бәйбіше қазір қайдан шыққанын да ұмытып қалды. Мен болсам, сен құсап Ратима деген бізаяқтың үйіне кіріп алғаным тағы  жоқ.

«Қайындағы күйеуден қарғыбаулы тазы артық» деп  айтқан


айналайын аталарым не деген әулие. Аттай бір жылдан бері ат басын бұрып отырғаның осы. Не ескіге, не жаңаға пайдаң жоқ, соншалық мол біліммен сандалып, далада қаласың ба деп қорқамын, ұлым.

Ойына не түскенін кім білсін Еркін үн-түнсіз әке сөзін қарымтасыз қалдырып шаңыраққа қарады. Бұл қылығы көлденең көзге су ішкен тауықты еске салғандай. Жалғыз ұлы мен екеуарадағы әңгіме ушыға жаздап барып байыз тапқанын және бітімге шақырған өзі емес, баласы екенін Омар енді аңдап, өзінің артық айтып қойғанын іштей мойындаған да еді.

«Қызық-ау, – деп ойлады Еркін ішінен, – қызық-ақ, шаңы- рақтың айқұш-ұйқыш күлдіреуіші христиандардың кресіне қандай ұқсайды». Осы оқыс ұқсастықты жаңа осы отырысында ғана байқағанына қайран қалды. Осы ой жеңген ол әкемен арадағы кикілжің әңгіме ұмытылғандай, бой-бойы босап сергігендей болды. Ұлының анау шыбықтары шабысқан шаңырақтан не іздеп отырғанын білмей, немесе ұлының көмейінде тұншығып жатқан сыры мен шынын дөп баса алмай дал болды. Әуестік жендеп, өзі де жоғары қарап еді, көкпеңбек аспанды төртке бөлген күлдіреуіштен өзге ештеңе көрмеді. Өзінің өрескел қылығын кеш, енді ғана түсінген Еркін меңірейіп төбеге қараған көзін төмен түсіріп жіберді. Жалт қараса, қызық, әкесі де шаңырақты арбап отыр екен. Үндеген жоқ, «не көрдің» деп сұрамады да. «Қарасын, – деді ішінен,

– қарай берсін, қарап қалсын, қоштасқаны шығар».

– Әуеден не жаумайды, қара жер көтермейді... – деді Омар.

Күрсініп таусыла айтты.

– Ол не дегеніңіз, әке? – деді Еркін. – Құдай салды, мен көндім дегеніңіз бе?

– Өгізім көзіңе айтам, мен сені соямын деп тұр-ау бұл советің. Қара мойын құлыңмын, қанды қолды ұрыңмын деп аяғына жығылғаннан өзге амалды көре алмай отырмын. Бәрі де бір Алланың жазуы да.

– Құдай жан алған емес, – деді Еркін көзілдірігін сұқ саусағымен көтеріп. Бұл – негізгі әңгіме енді ғана жүйесін тапты деген ыңғайы сынды. – Қайта адам бойына жан салған. Ал сол Алла тағала берген жанды жаһаннамға жіберетін адамдардың өздері. Баяғыдан қалған қазақтың бір аңыз сөзі бар екен.


– Алла дегенді ауызға алмаушы едің, Семейдің бас имамдығына сайланғаннан саумысың, – деп және қиқарлана қалды. Бірақ ұлының бүгінгі мінезіне таң қалып, мүлдем танымай отырғаны рас-ты. Тек онысын сездірмегенсіді. Дәл қазір анау төрдегі малдас құрып отырған жігіт күні кешегі қара қаттау киіп, қара таяқ ұстаған, Керенскийдің өзімен айтыстым деп мол пішіп, кесек турайтын өз ұлы Еркін емес, қойнындағы құранын ұрлатып алған шала сауатты қожа-молда десе иланатындай жатсынған сезімде. «Апыр-ай, – деді ішінен,

– апыр-ай, кісі дегенің заманға қарай түлейді екен-ау». Осы кезде сықырлауық есік сыңсып ашылды да, ит қабатындай сып етіп Оспан ауылнай кіріп келді. Ежелгі әдетімен:

– Тайын ерткен танадай боп жарасып отырыстарыңыз-ой, пах-пах! – деді арсалаңдап.

Еркін күліп жіберді. Бай жақтырмай тыржың етті де:

– Албасты басып жүр ме, танада тай болушы ма еді... Қайдағыны оттайды екенсің! – деп зекіп тастады. Онысы ә дегенде бетін қайтармаса, мыжып отырып алар деген жымысқы ойы еді.

– Бәрібір емес пе, – деп ырсың қақты Оспан.

– Бәрібір болса ары тұр, жарқыным. Бір жылда бір-ақ рет көріп отырған ұлыммен сөйлесуге мұрша беріңдер.

– Ой, ақсақал-ай, өзімсініп келіп қалып едім, жарайды... жарайды... Ойбай-ау, жеңешемнің қымызы мөлдіреп сол қал- пында тұр екен-ау. – Тостағанға толтырып қымыз құйып, басына төңкере салды да тілімен ернін бір жалап, жеңімен ауызын сүртті. – Ал аттанайын, ауданнан өкіл келді деп еді,Омеке, сіздіңүйге түсірсем қарсы емессіз бе?

– Мен бүгін Құдай келсе де қабылдай алмаймын. Анау кім еді әлгі... әлде бақсы, әлде жын...

– Қамбарды айтасыз ба, Омеке?

– Иә, сол сойқанның үйіне апарасың. Актеб болып, ауылды алатайдай бүлдіріп жүр ғой.

– Ол итті орнынан түсірдім, аға, – деп жалп етіп қайта отыра кетті де, тағы да бір тостаған қымыз құйып алды: – Түу, таңдайымда бір жабысқақ шел бар еді, рахат болды-ау.

– Қалайша? – деді Омар елеңдеп.

– Сельсоветтің хатшылығына жарамайсың дедім, бойында


феодализмнің қалдығы бар дедім, аға. Ескілікті көксеп, алтыбақан құрдың, ақ сүйек ойнадың дедім, аға... пиғылың жат, комсомол мүшесі деген атқа лайық емессің дедім аға. Сонымен... (тағы бір тостаған қымыз құйып сіміріп салды).

– Құры! – деді айғай салып Еркін. – Жоғалт көзіңді осы жерден. Қайран қазақтың ендігі қалған тұлғасы сен болсаң, ақырзаманның орнағаны да... – Қолы дір-дір етіп, өңі бозарып кеткен. Көзі қанға толып, ойы сарқылғандай өз санын өзі мытып-мытып жіберді.

– Үйбай-ау, Ереке-ау, бай болғанда бақырып бола ма деп, жазығым не, жер-жебіріме жететін?..

– Маза берші, жарқыным, алатыныңды ал да, маза берші.

– Ойбай-ау, Ереке-ау, мен әншейін сөздің сыралғысы...

– Ертең кел, – деді Оспаннан оңай-оспақ құтылмасын сезген соң, – өзім шақыртып алам.

– Әттең адвокаттығыңыз болып тұр ғой, әйтпесе, сізді мен шақыртып алар едім. Енді бұдан былай есігіңнен сығаласам атымды басқа қойыңыз, – деді де және бір тостаған қымызды шалқалап тұрып тартып жіберіп, сарт-сұрт шыға жөнелді.

– «Тоқым салғанға – тоқым сал, сырмақ салғанға – сырмақ сал», деп дүниеде бір кісінің бетіне келмей-ақ ел басқарып еді марқұм әкем, – деді Омар өзгеше қоңыр үнмен.

– Ал, менің әкем, – деді Еркін. – Сізді айтамын, «Осекеңнің басына бір тал үкі тақсақ далаң қағып кетеді» деп мысқылдап отыратын.

– Дегенмен, ұлым, тарылып, ашуланшақ болып кеткен екенсің.

– «Домбырам-ай, шерте берсе қу тақтай болдырады-ай» деп айтатын тағы сіз. Менің жаным екеу емес, әке. Айтысқанмен айтыстық, алысқанмен алыстық, қазақ деп айғайладық, алаш деп ұран тастадық. Соңымыздан қылаяғы ит екеш, ит те ермеді. Ақыры міне, бұзауы өлген сиырдай тұлыпқа мөңіреп босқа қалдық. Жаңа өкіметке қазір керегім болғанмен, күні ертең-ақ жалаңаяқтары оқып, білім алған соң майын сығып алған бүйендей күресінге тастайды. Енді бұл қызыл деп келген қызылкөздерге дауа да, тосқауыл да жоқ! «Түркісіб, Түркісіб» деп жарғақ құлақтары жастыққа тимегендеріне жылға таяп қалды.


– Естігем, – деді ұлын мұқият тыңдап отырған Омар. – Көк- жасыл жайлау, көделі даланы көк түтіні будақтаған паровоз тапалайды деші.

– Тапалайды, әке, тапалайды. Ең сұмдығы сол – Құланды- дағы сіздің қыстақтың тура жүрегін басып өткелі тұр.

Омар елегізген аттай басын селтең еткізіп көтеріп қалды.

– Бекер шығар, – деді. Үні біртүрлі қарлығыңқырап бөтен шықты. – Баяғыдағы орыстар жасаған жоспарда олай емес еді ғой. Бекер шығар...

– Енді, әке, маған да сенуден қалдыңыз ба?

– Мен тіпті өзім де сенуден қалып барам, ұлым.

– Что же, – деді орысша араластырып Еркін. – Бәрі де заманның азғанына саяды, қазір мен де ешкімге иланудан қалдым. Кейде өз саусағымды өзім санап отырып соның бесеу екеніне, екі бесті қосқанда он екеніне күмәнданамын.

– Шойын жолдың Құландыны басып өтетіні рас болса, ойға оралудың өзі бекершілік шығар. Күзеу біткен соң, аз күн Ақшиға ықтырмалап алып көшем бе деп отырғанмын. Алдыңғы күні «қыстақтың жайын біліп қайт, қора-қопсы бүтін бе екен», деп Долдашты аттандырып жібергенмін.

– Ендеше, осы шаруақойлығыңыздың керегі жоқ боп тұр. Күзеу де болмайды, өйткені енді аз күнде малыңызды түп- түгел өкіметке санап бересіз.

– Немене, табалағаның ба? – деп шамданды Омар.

– Жоқ, әке, сөздің расы сол. Сіз бен бізге жалғыз-ақ жол қалды – арғы бетке өту.

Бай өз тізесіне өзі өшіккендей, жұдырығымен ұрғылап отырып қалды. Әке мен бала арасында сәл үнсіздік орнағандай еді, есік ашылып, бұл тығырықтан сәл де болса да сүйреп шығарғандай болды. Кірген Рахия бәйбіше екен. Бағанағы аудыны басылған, именіп келді де тегенеге үңілді.

– Е, қымызды ішіп отыр екенсіңдер ғой, – деді әлде қуанғаны, әлде сараңданғаны белгісіз үнмен.

– Ауыз да тиген жоқпыз. Оспан ғой сыңғыта ішіп, тегенені басына қопарып кеткен, – деді Омар.

– Ой, сол сүмелектің де сұғынбайтын жері жоқ екен. Тамағыңа тас тығылғыр, – деп ортайып қалған тегенені түбінде қалған қымызын шайқақтата ала жөнелді.


– Сонымен не істейміз, ұлым? – деді Омар әйелі шығып кеткен соң. Қайранға ұрынған қайықтай лаж таусылды-ау.

– Сіз бен менің арамыз қандай жақын болса соншалық алыс, әке. Алыс болатын себебі – сіз қамыңызды жейсіз, ал мені қинайтын – қаймана қазақтың болашағы, ертеңі қандай күйге ұшырар деген қауіпті ой. Мен осыны уайымдаймын.

– Ел қамын жеген Едігемін деші. – Бірақ бұл мысқылының орынсыздау шыққанын өзі де сезді д: – Мен малқор болсам, қара басымның ғана қамы емес еді ғой. Жақсы атаның аруағы жаман баланы қырық жыл асырайды деген. Бұл дүниеден кімдер өтпеген. Ерте ме, кеш пе ажалдың арбасына отыра қалсақ, мына саған, анау қос қызым – Дүрия мен Гүлия тарықпасын дегенім де. Қазақтар малды өзі үшін жинайды дегеннің аузы қисайсын. Қазақтар малды – өзгелер үшін бағып-қағып келген. Қане, сол сайын далада мыңғырып жатқан малдың аш-арықтар үшін, мынау жалаңаяқ, жалаң бас келген жанды өкімет үшін керексіз болып қалғаны, қане?! – деп әңгімесін жуасытқан болды.

– Оныңыз рас, әке, өте орынды сөз. Сіздерден тартып алған малды сіздерше бағып-қаға ала ма? Менің күмәнданатыным осы тұс... Әлде қолды болып, қызыл сирақ күйде күлге аунаған түйедей қасынып қалып қоя ма? Сіз бен бізді қойшы, күні ертең көздеріне күйік болмай күн көрер жолын табармыз.

– Сол жолыңды айтшы, жарқыным, созбаламай. Түсейін де безейін. Алды-артыма қарамай зымырайын егіз қызым мен жаман кемпірімді ертіп алып. Ал, өзің бастайсың ба, ересің бе, жоқ-ау тіпті қалып қоясың ба, еркің білсін.

– Сізге жөн көрсету, сізді бастау қандай оңай болса, жұртқа жол көрсету сондай қиын, әке. Дәл қазір сізге ере алмайтыным рас.

– Ендеше, өз қотырымызды өзіміз қасиық. Мен де қамсыз емеспін. Айтпағың арғы бет болса, онда да менің жұртым бар. Не бүгін, не ертең сол арғы беттен Таңатар келіп қалар деп отырмын.

– Сіздің де есебіңіз түгел-ау, әке. Егер ертерек еуропалық білім алып, әлеуметтік мәселеге аралассаңыз, үлкен бір саяси қайраткер болып кетер едіңіз,– деді Омардың алыстан ойлайтын, кеңінен толғайтын ақылды қулығына еріксіз сүйсініп.

– Оқығандарды көріп отырмыз ғой... Жылқының ерінен жығылып қалайын деп отырып, енді бүлінген елді басқарудан,


орысқа жалданып, шошқа бағу анағұрлым жеңіл шығар. Ал, балам, арбасып болсақ, алдағы күннің қамын ойлайық.

Шаңырақтан қиғаштай түсіп тұрған күн Тарбағатай тауына қарай құлдап кеткен секілді. Киіз үйдің іші біртіндеп алакө- леңкелене бастаған; үй сыртынан маңыраған қой, боздаған бота, кісінеген құлын, тебіскен айғырдың үні еміс-еміс естіле бастады. Мал қайырып, бие сауғызып айқайлаған кісілердің даусы да бағанағыдай емес, айқын да, ажарлы шығады. Жайлау кешінің қоңыр тіршілігі біртін-біртін айшықтана түскендей. Даладағы салқындық енді ептеп үйге көшіп, намаздыгер, намазшам арасында алдарына жер шарының картасын дастарқанша жайып тастап күбірлесіп отырған әкелі-баланы да жауратқан сыңайда, иықтарына жамылған тайжақты ішікті қаусырытады. Шал мен ұлының өзгені қойып, өзін суқаны сүймей оңаша отырыстарын сезген бәйбіше қайтып қайрыла қойған жоқ. Дәл осы кеште үлкен бір шаруаны түйіндеп жатқандарын ойша топшылады да қонақасы қамымен жүрді. Ымырт үйіріліп, көз байланған соң, Омар жер таяна тұрды да, ұлы Семейден әкеліп берген білтелі шамды жақты. Үй іші ала көлеңке сәуле тінте бастады. Төрдегі керегеге тұтқан қалың кілем үстінде күмістен шегелеп, қасында алтын жалатқан қазақы ер ілулі тұр еді. Шамның жарығымен қоздап ол да қоса жанды.

– Міне, мынау жер шарының картасы, әке, – деді Еркін алдарындағы жайнамаздай жайылған картаның бетін сипап.

– Бүкіл дүниежүзі осы тоқымдай ғана қағазға сыйып жатыр. Ал, біздер ұзындығы үш мың, көлденеңі екі мың шақырым ұлан-байтақ қазақ даласынан қонатын қоныс, жайлайтын өріс таба алмай отырмыз. Және бір сөзіңізде арғы бет жайын қозғап қалдыңыз. Әрине, жалғыз түнге жалын деп жым-жырт ауып кету сіз үшін түкке тұрмайтын шаруа екенін де білемін. Бірақ, дәл қазір ерте секілді. Сол конфискацияны ұндемей қарсы алсаңыз қайтер еді, әке. Онан арғысын көре жатармыз...

– Қызылтабан қылып итжеккенге айдап салмай ма?! Ар- тымда қалған егіз қызым мен бәйбішемді, көзіңе айтайын, сен асырай алмайсың. Ана айдаһар Ратимаң бір күн шыдатпайды.

– Жоқ, әке, сіз мені әлі де түсінбей отырсыз. Арғы беттен Таңатар, Құландыдан Долдаш келген соң бұл мәселені түпкілікті шешуге болады. Айталық кәмпіске қазір басталғанымен


қарашаға дейін ию-қиюымен созылады және ол науқан ең әуелі қалаға жақын болыстардан басталуы мүмкін. Қиыр жайлап, шет қонып кеткен жұрттың ойға, қыстаққа оралуын тосады, демек ит арқасы қияндағы Құландыға тек қыркүйекте орталатып барып әрең жетуі мүмкін. Осы тәуекел деп тас жұта кіргелі отырған ісімізді біржола түйіндеп, ертең еру болып бүрсігүні қалаға қайтамын. Сіздерге келер конфискация комиссия- сынбарәлімшекешіктіруге әркетжасармын.– Қызыпұзақсөйле- гендікі ме, Еркін сөзінің аяғын ентіккендей шаршаңқырап барып бітірді. Шамның өлімсіреген жарығына тесіле қарап отырған Омардың тостағандай ала көзі алаулап, «әр сәулені жанарына көшіріп алғандай боздап тұр еді.

– Тәргі деген итіңнің ерте қапқаны не, кеш қапқаны не бәрібір емес пе?! – деді сол шамға қадалған қалпын бұзбай, тек бар үмітім тағдырда қалды. Арғы беттің ыңғайын да, бастап барар жолды да тек сол Малтыкөлден шықкан есі бүтін жалғыз адам Таңатар біледі.

– Мұндағысы да осалмын деп жүрген жоқ. Большевиктер қатарына өтіп алған, – деді Еркін.

– Кімді айтасың?

– Таңатардың арғы бетке бармай қалған ұлы Дарханды айтамын. Таңертең өзін осы сіздің ауылдан көрдім. Сәлем беруге жарамай аяғының басын қайқайтып жатып алды, енеңді ұрайынның...

– Ертістің үстіне көпірді жалғыз өзі салғандай шалқақтап жүргені рас. Осы үйге де басын сұққан жоқ. Әкесіне тартқан тәкаппар неме көрінеді. Өзі жарылысқа ұшырап, мәңгіріп қалған дей ме немене...

Еркін әкесіне жалт қарап еді, ештеңеден хабары жоқ қаперсіз отыр екен.

– Иә, ондай уақиғаның болғаны шын... Егер әкесі арғы беттен келсе екеуін жолықтырмауға мейлінше күш салыңыз. Әйтпесе, барлық жоспарды бүлдіруі мүмкін.

Сықырлауық ептеп ашылып, ар жағынан Гүлияның қолаң шашы көрінді; табалдырықтан оң аяғымен жұмсақ аттап өтті де, өте майда нәзік үнмен:

– Әниім тамақ әзір болғанын хабарла деді, рұқсат етсеңдер әкелсек, – деп төмен қарады.


– Аздап аялдай тұрсын, өзім айтармын, – деді Омар. Қыз есікті ептеп жауып, шығып кетті.

– Сонымен, әке, менің ойым мынадай: қазір сіз Тарбағатай сілемінің арғы бетке өтер ең бір өкпе тұсында, ұрымтал аузында отырсыз. Анау Ақшоқыға созған қолыңыз жетіп тұр. Ал, Ақшоқының ар жағын мен біле бермеймін, Таңатар келсе өзі түсіндіріп айтар. Менің білерім, әке, арғы бет әзірше тыныш. Гоминдан өкіметі тым арыда, одан жетіп ел басқаруға мүмкіндіктері жоқ және қытай халқы да екі ұдай артыс-тартыс кезеңін бастан кешуде. Үрімжіде тек ұйғырлар, дүнгендер, қазақтар жүр тайраңдап. Егер, Таңатар бүгін түн келсе – ертең, ертең келсе – арғы күні түнде малыңыздың тең жартысынан көбін арғы бетке айдатып жіберіңіз. Шекара дейтін, қайбір жетіскен шекара бар. Қытай қорғаны емес, қалың жылқы әр жерден шошайып жүрген бірер солдатты тапап, жермен-жексен қылып өте шықсын, қуғынға түскен жылқының екпіні өрттен бетер екенін білесіз. Құланды- дағы қыстағыңызға бар болғаны жүз тұяқ қой, екі-үш үйір жылқымен түсу ләзім және бұл шаруаны қанын шығармай соятын, жүнін шығармай жұлатындай етіп, ың-шыңсыз атқарып жіберу керек. Таңатар мен Долдаш малды айдап арғы бетке өтті-ау деген шақта «барымта» деп айғай шығарсаңыз, милиция шақырып арыз айтып, тау-тасты қаңғып іздесеңіз, сонда ғана соттың сойылынан аман қаласыз. Әрине, сізге арғы бетке қазір-ақ өтіп кетуге болар еді. Оған еш мүмкіндігіңіз жоқ қой. Біріншіден, ол жақтың ау-жайын біліп түйіп үлгірмегенсіз. Екіншіден, менің естуімше Семейде де біраз қазынаңыз бар, оны да ебін тауып жинап-теріп алу керек. Үшіншіден (шаңыраққа қарап ойланып қалды), үшіншіден, мені тосуыңыз керек. Совет өкіметіне сия алатын түрім жоқ. Сыйдырса да сия алмаспын, әке. Егер ағымнан ақтарылсам, мен қытай жеріне де тұрақтай алмаспын. Бізсіз-ақ егізден, сегізден күшіктеп, алақандай жерді адамға толтырып жіберген ел құмырсқаша быжынап, енді аз жылда түрегеп тұруға жер жетпей қала ма деп қорқамын.

– Сонда қайда барып күн көресің? – деп бағанадан мүлгіп, ұлының әңгімесіне құлақ салып отырған Омар оқыс сауал қойды.

– Мен... мен Қытай арқылы Тайландқа жетіп, сол жерден кемеге мініп, Қызыл теңіз арқылы өзіңіңіздің тірідей арма-


ныңыз болып кеткен Мекке-Мәдинені көрсем, одан әрі Осман империясына өтіп кетсем бе деген ой мазалап жүр. Қалайда түріктер өз қанымыз, түсінер, түсінісерміз. Ал, Түркияға дәл қазір құрлықпен баруға жол жоқ. Тіпті түріктерге сыймаған күннің өзінде іргесінде иек тіреп Ауғанстан жатыр. Онда да біраз қазақтар бар...

– Үй-ішіңді қайтесің? – деді Омар.

– Үй-ішім деген немене, ол да бір ұя. Мен ұшсам басқасы келіп жұмыртқа салар, балапан басар. Етекке оралғы болар кішкентайымыз жоқ екені мәлім, қайта-қайта «тұяқсыз, ұрпақсыз қалдырасың-ау» деп құлақ етімді жей беретін өзіңізсіз. Ратиманың өзі де ере қоймас, жағулы оты, салулы төсегі бар, қысырдың тайындай бұлғақтаған әйел, менің кеткеніме қуанбаса қайғырмас. Арғы жаққа аман-есен өтсеңіз, мүмкін сізді де азғырып көрерміз. Меккеге барар одан басқа жол жоқ.

– Әттең, – деді Омар көзі лапылдап, – әттең-ай, сол Меккені жалғыз рет көріп жан-тапсырсақ не арман?! Екі қызым қолбайлау болып тұр ғой. Түріктерге қымыз сатып-ақ жан сақтар едім.

– Түркияға аман-есен жетсек аштан өліп, көштен қалмас едік. Әсіресе, орыс, араб, түркі, ағылшын тілін бес саусақтай білетін мен үшін суға жіберген балықтай жүзетін бостандық туар еді-ау, – деп, Еркін де бір сәт көзі жасаурап армандап кетті.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.