Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 54 страница



– Көпшілік, Саузыдауянның мына сертін естідіңіздер ғой?– деп жоғары дауыспен мен сұрау тастадым. – Бұл әтіретте қалпақты Саузыдауян жасап кигізе ме, иә, әркім өз қылмысымен кие ме?... Егер, барлық күш, барлық расхот Саузыдауяннан шықса, ондай қалпақты мен кимеймін. Мен өзім туғызбаған бала менің балам болмақ па! Ертең-ақ өз әкесі шыға келіп, «кімнің баласы екендігін көзінен де танымаймысың» деп аузыма бір қойып, тартып әкетпей ме! Ондай пәледе нем бар менің!

Алдағылар түгел тұқырып алыпты. Бұл теңеуіме булыға-тұншыға күлді. Саузыдауян өзіндей қыли қырсық пайда болған семьяны тездетіп қайтарғанына енді толық қанағаттанса керек. Сөзімді шыбын шаққан құрлы көрмегендей, жүнін қампитып, түксиген такаппарлық қалпын бұзбай шықты.

Әділетті тергеушім, астындағы тайы тулай берген бір баланың «осы тайдан жығылмай көзім ашылмайды екен» дегені сияқты, қылмысымды сізге соңына дейін жазып тапсырмай менің де көзім ашылмайды екен. «Қашпақ болсаң зымыра» дейді, сіз бұл жерде болмасаңыз да жиған-тергенімді жаза берейін. Саучыңсау сынды мына асыранды бүгелектеріңіз түбінде мені сіздің көріңізге дейін қуалап апарып қамамай қоймас. Гуансайыңызды[123] да қылмысқа толтырамын-ақ!

 

VI

 

Бұл майданның әрбір күні жатқан-тұрған пәле-қазасының барлығын егін өнімімен бірге жиын-терін, күшіне жететін. «Жаз бойы істеген еңбектеріңді бағалап, жақсы істегендеріңе жиым-терім бітісімен кеңшілік кешірім жариялаймыз» деп жар салып, күшеп істетіп келгендіктен сол кешірім уәделеріне қарсы кесір дайындамаса, өсиеттері өтірікке шығып қалмай ма. Мына «зор мәдениет төңкерісі» тұншықтыра түспесе өздерінің шынсың деп атаған «жын-шайтандарының» тынысын кеңітпек емес қой. Сондықтан, әсіресе күзгі жиын-теріннің соңы қылмыстың да жиын-теріміне айналып кететін.

«Зор секіріп ілгерілеудің» екпінімен еңбек толқығанда аршылып жатқан тоғанның лайы да, қырманда соғылып жатқан астықтың дәндері мен сабан-топандары да толқымай ма. Жұмыс майданына бізбен бірге барып қыдиып тұрып алатын болған Маужуши мен Лиңфужушидің суреттеріне де шашырайды. Бізге келетін кесірлер көбінесе сол шашырандылардан келеді: «пәлен күні сағат пәленде пәлен деген кері төңкерісші Маужушидің бетіне лай шашты», «Лиң фужушидің бетіне жүгері атты», «...күрек лақтырып құлатты», «топанмен бастырып тастады», «...жүгері соғатын таяғымен артында тұрған көсемнің мұрнын бұзды»  дейтін қанды ауыз қылмыстар дәптерлерге тізіліп жатады.

Күз соңына таман бұл дәптерлер сайрай жөнеледі де қойдан қасқыр туғызып, конфет қағазынан бомбы суырады сөйтіп. Шілдеқананы аз жиынына айналдырғандай бағалау жиындарын күрескен тарту-жағалау жиындарына айналдыра салады. «Қыстық тәлім-тәрбие» деп аталып, қыс бойы тоқтамай бас үйітетін нағыз қызылшеке күрес осылай басталатын болған.

Саучыңсау маған қалпақ тауып кигізе алмаған жылдың күзі де осы дәстүрмен түксиіп келе жатты. Түксигенімен түк таба алмай, жұмысқа жым-жырт жүгіртіп, көлге сүңгіте берді. Ал, басқа әтіреттерде күрес құйыны үйріліп, шаң көтере бастағаны естілді. Көрші су құрылысы әтіретінде тіпті үдей көтерілді. Ыңғай оқыған шынсыңдарды соғып жатқаны, оның ішінде Қапас, Асылбек сияқты менің заңшыл белсенді бауырларым алдымен ауланғанын естісем де қарақұйынның әдеттегі амалына санап, қаперсіз жүре беріппін.

Суық хабар естіле берген соң бір күні ақшамда жыңғыл арасымен жүгіріп барып, біреуінен анығын біліп қайтқым келді. (Кешкі тамақ уақыты сәл үзіліп қалған болатын). Жақындап барғанымда су құрылысы әтіреті майданға түгел тізіліп, зыдауянның сөйлеп тұрғаны естілді. Қоршау жыңғыл іргесіне бұғып жетіп жата қалып тыңдадым. Сөз Уаңнымау турасында екен.

«Осындағы кері төңкерісшілер Уаңнымау тамақтан құлайтын болды десіп, күлкілерін жия алмай жүріпті. Айтып қояйын, мен Лизыдауян соның қолында өскен жауынгерімін, бар ахуалын білемін. Уаңнымай шужиды құлататын ешқандай құдірет жаралған жоқ,. Көздеріңді ашып жүріңдер!... Білесіңдер ме оның туысқан қарындасы қандай қызметте тұрғанын?.. Білесіңдер ме деймін, жауап беріңдерші!... І...і... білесіңдер құйрықтарыңды қырт қысып жүріңдер! Уаң бикеш Маужушидің күтушісі, дәл қасында. Ағасына титтей хауіп сезілсе, күндіз болсын, түн болсын ұлы қолбасшысының құлағына сол минутта сыбырлай салатын орында тұр!... Қане, Уаңнымауды кім құлата алмақ! Жын-шайтандар не десе о десін, жауы оның бір тал қылышын да жыға алмайды!... Ұқтыңдар ма, өз бастарыңа сақ болыңдар!...»

Ауру-сырқау шалығынан құлан таза, салауаты сан атқа жүк болғандай жуанбас Ли зыдауянның бұл «философиясынан» жүрегім тіпті айныды. Туфит деп жыңғыл түбіне түкіре сала жөнелдім. Қайта жүгірер уақытым да жеткен екен.

Ертеңінде кешкі тамақты жей салып тағы жеттім. Қоршау шетінен үй алып, жақында ғана ұйғыр әйелмен үйленген, саяси шыдері кеңірек, белсенді бір қазақ жігіттен сұрап, ахуал иелемек едім. Ол әлі аман деп естіген соң аңқалаңдап сыртқы терезесіне жетіп барыппын. (Кешкі тойда осы терезесінен ғана тойлығымды ұсынып, құттықтау айтып қайтқанмын. Тіпті, бірер стакан қағыстырып та жібергенмін ғой. Достармен жамырасып, сол арақ қағыстырған жерімде жан алар жау тұратынын қайдан білейін). Терезе көзінің жарымын далдалап кешегі Ли зыдауяны тұр да бірнеше сақшы жаңа отауды астаң-кестең қопарып, тінтіп жүр! Бұға қалдым да еңбектеп барып бір түп жыңғылды далдалана тыңдадым. Келін үн сала жылады да, інім тоқтау айтты. Үнінің ыңырси естілуіне қарағанда қатты байланған. Бұлай қолға алып, тінту болып жатқан семьяның сыртына күзет қойылатындығы белгілі. Бұл маңнан мен көзге түссем, «кері төңкеріс» түгел қолға түскен болып құритындығым да беп-белгілі. Із тастай жылжып барып, қалың жыңғыл арасына кірдім де бұғыша зыттым. Өз әтіретімнің сырттағы дәретханасынан шықтым сөйтіп.

Әтірет істерімнен маған ешқандай секемді көзқарас сезілмеді. Тіпті кадрлар да көзінің ағын көрсете қойған жоқ. Күрес бұрынғыдай өз нысаналарына қаратылып жүре берді де мен босағаға отыра бердім. Күндізгі жұмыс майданына да аңдысу сезілмеді. Сонда да көрші әтіретке тың салуды тоқтаттым.

Биылғы күреске тартылып жатқан ханзу шынсыңдар қамалмай, белсенді шынсыңдардың режимінде істеп жүреді. Жаңа жылға төрт-бес күн қалған шақта зыдауян аспаз жатағының қатарындағы кішкене кілетті босаттырды да терезесін кірпішпен бекіттіріп мықтап сылатып тастады. Қараңғы абақтыға айналдырғаны еді бұл. Режимде істеп жүргендерді жаңа жыл мерекесінде қамамақ шығар деп мөлшерледік. Қараңғы абақтыға айналдырып болған соң табалдырығына дейін толтыра су төгіп, мұз қатырды. Мұны көріп режимдегілер тіпті сұрланып, сүмірейе бастады. «Бізді бұлай қамайтындай неғып едік?», «мұздатып өлтірмек пе?» деп күңкілдесетін болды. Кадрларға араласып, еркінірек жүретіндер де жауап таба алмады бұған. Бұл таңданысқа қылқараның да қосылып сұқтануынан, оның да бейхабар екендігін сездім. Жұмбақ тажалдың есігі күндіз құлыпталып, түнгі аязда ашық тасталып жүрді.

Ертең жаңа жыл деген күні жұмыстан кешірек қайтып едік. Әр күнгі әдетімізше Маужуши суретіне ісімізді мәлімдеп шығып, жуынбай-ақ тамаққа ұмтылдық. Майдан штабынан екі ханзу, екі ұйғыр кадр келген екен. Асханадан тамақтанып отырғандарында алдынан өте шықтым. Көздерінің астымен үңірейіп, аса суық қарады маған. Бұрынғы көзқарастарына балай салдым. Тамағымды жатаққа апарып, енді жей бастағанымда терезеден әтірет бастығы шақырды: «тамағыңды тезірек жеп, менің бөліміме келіп қайт!» деді. Оның жұп-жуас бұйрығынан секем алмаппын. Жүгері момыны екі-ақ асап, жарты шыны сумен айдай сала жөнелдім. Үрімжіден хат келіп қалды ма екен деген үміт асықтырып еді.

Әтірет бастығының жұмыс орнында әлгі төрт аяз, бір столды қоршай отырыпты. Кіріп барғанымда біреуі ханзуша «тұр солай!» деп зірк ете түсті. Тұра қалдым. Бір ұйғыры боқшасынан бірдемесін шаңғырлатып суыра түрегелді. Жапонша тісті құрсау екен. Екі қолымды артыма айқастыра қайырып алып, құлыбын сақ еткізді. Майдан басшылығының қолға алу бұйрығын сөйтіп байлап алып бірақ оқыды: «Биғабіл Жаппардың кері төңкерістік әрекеті үшін бүгіннен бастап қолға алынсын!» деген ғана сөз жазылыпты.

– Кері төңкеріс?... Қайдағы кері төңкеріс? –төртеуіне кезек-кезек қарап, бірінен де жауап ала алмадым. Жауап орнына ұйғыр кадрдың бірі құрал сұрады.

– Жасырған құрал-жарақ, аспаптарыңды қазір өздігіңнен тапсырғаның жақсы!– деп насихаттайды.

– Бәкі де жоқ!– дегенімше екеуі екі жағымнан тінте жөнелді. Төсқалтамдағы ақшаны алған соң бас киімнен, тіпті, шашымның арасынан бастап, ұлтарағымның астына дейін ақтарды.

– Жүр!– деді сонсоң әтірет кадрлары кіріп, жатағыма қарай жетектеді. Сау зыдауян бастатып алты тінтуші төсек-орнымды әр жаққа лақтырып шашып болған екен. Кіріп барсам, екі-екіден отыра қалып көрпе-төсенішім мен, қалың сым–бешпеттерімді жыртып, мақталарын түтіп отыр!

– Бит іздеп отырсыңдар ма?– деп сұрай сала айқайлап жібердім. – Мақтасын соншалық түтіп, мына қыста киетін киім қалдырмайтындай не құрал іздейсіңдер менен?... Қолға алып тексеру емес, үстіп өлтірудің амалы ғой мыналарың!

Майданнан келіп қолға алушылардан арыз айтуыма ешқайсысы көнбеді. Артыма қайрылып, қолға алған ісханаға қайта ұмтылып едім. Жендеттер жібермей, мұзды абақтыға жетектеді. Айқайлап, қолға алушыларымды шақыра барып кірдім. «Қолға алуды мақсаттарыңыз, тексермей болмаса, қамаған мына абақтыны көріңіздер!» деген сөзді есік жабылғанша анықтап үш рет айқайлап үлгердім.

Қолға алушылардан ешқайсысы көрінбеді. Әтірет бастығы ғана ар жаққа жалтақтап жүгіріп жүріп, үш тақтай әкеліп төседі мұз үстіне. Тақтай үстіне сырмағым мен жыртылған көрпемді жайып жатқанда сырттан оны Саузыдауян шақырып шығарды. Әтірет бастығы онымен біраз қаттырақ күбірлеп сөйлесіп, кілтін әкелді де қолымды артыма қайырып салған қыспақты алдыма келтіріп, қайта бекітіп шықты. Үлкен замокты есік сыртынан Саучыңсаудың өзі салғанын естідім. Киімімді түгел беруін сұрағаныма ешқандай жауап қайтармай зыта жөнелді.

Тағы да айқайладым. Енді есікті шарқылдатып тебе айқайладым. Алғашында қолға алушыларды шақырып, қамалған абақтымның ауруханадағы өлік сақтайтын үйден де қатерлі екендігін көре кетулерін қайталап сұрап айқайлап едім. Дауалдас үйде жатқан аспаз олардың әлдеқашан қайтып кеткенін ұқтырған соң, Сау соқырды шақыра бердім, шақылдата бердім. Әрине одан үн шықпады. Шаршағаныма қарап тақтай үстіне жата қалсам–ақ, лезде сірестіре салатындай, мұз ызғары бүріп барады. Есік тепкілеп тұрып таң атырдым. Сілем қатып, мағдырым құрығанда құлай кеткенімді сезбей де қалыппын.

Шалқамнан, өз үйімде ауырып жатқан сияқтымын. Шешем мен Мақпал екі жағымда маңдайым мен қолымды уқалап отырғандай. Мойнымнан құшақтап Асқар жатыр. «Әке, әке, енді кетпе, кетпе!» деп жалынып жатқандай. «Осындайда қағаздарыңды жиып ал, балам!» деп шешем күбірледі де, Мақпал егіле жылады. Әкемнің үні естілді сырттарынан: «аққа Құдай жақ, құлыным, ештеңе етпес, тұрып кет орныңнан!» деп саңқылдаған дауысынан оянып кеттім. Денем мұздап, аяғым сіресе қалыпты. Орнымнан зорға түрегеліп, зорлап әрекеттендім. «Осы елге не жазығым бар, әке?»– деп қалғанымда көзімнен жас парлай жөнелді. – «Өлсек те өз отанымызда өлгеніміз жөн екен!..» Селкілдеп кеткен иегім мен сақылдап кеткен тісімді басып, шақыр еткіздім де секіре жөнелдім. Мұз үстінде бұлай машықтанғаным аз емес қой, қарғылақтап жүріп аяғыма жан кіргіздім де есікті тепкілей бердім.

Қайырымды аспаз майға қуырып суытып қойған балығынан үйіме бір тегеші, ақ ұннан жасалған момыдан бірнешеуін әкеліп, ойыма тесіктен асыға өткізді. Артылғанын бұрыштағы қазандықтың астына тығып, мықтап жасыруымды тапсырды да, дәретке пеш артындағы қуыста бір шелек тұрғанын айта кетті. Момыны ауыз толтыра асап тұрып тепкіледім есікті. Барлық киім-кешегімді әкеліп бергенше әтіретке де өзіме де маза бермеуге бекідім. Бұл кәсіптен титтей болсаңсысам-ақ өлетіндігім белгілі болды.

Тәулігіне зыдауян бұйырған екі уақыт тамақтың бірін түске жақын әкелген аспаздан басқа ешкім көрінбеді. Анда-санда бір айқайлап қойып, есікті үздіксіз тепкілеу мен кеш батырып едім. Әтірет адамдары түгел жиналып болған шақта бар дауыспен айқайлап тепкіледім. Кадр түгел жүз шақты шынсыңнан да бір жауап жоқ. Бұл маңға келуден бәрінің де шектелгенін түсінген сайын соққыладым есікті. Қалың тораңғы тақтайдан жасалған қима есіктің жоғарғы бөлігі қолымдағы шойын құрсаудың соққысынан жарылып кетті. Бұл жарық ұлғайып, көрініп қалса, есікті енді темірмен қаптатуы мүмкін. Осалдау есікті сақтай тұрудың қажеттігін ескеріп, сонан соң тұтас сом тақтайлы орта бөлігін сақылдата бердім. Менімен бірге жататын Сүн фамилялы бір жуан летчик жүгіріп келді есікке, «не талабың болса да айт, басшылыққа мен жеткізейін! дегенінде аула ортасындағы «үзінді мұнарасының»[124] далдасынан Саучыңсау зекіре шақырды оны. Далдадан тыңдап тұрыпты. Күзетшілерге оны да байлап қамауды бұйырды. «Мына қозғалаңшы бандылар бастығымен не байланысың барлығын айтқаныңша жатасың!» дегенін ести сала мен айқайладым.

– «Қозғалаңшы бандылар бастығы» болсам, үкімет тексеріп анықтау үшін қамады, менен материал алмай өлтірмекші емес. Үкіметке менің қылмыс материалым қажет. Ал, олардың тексеруіне жеткізбей үсітіп өлтірсең, өзің зор қылмыскер болып шығасың, зыдауян! Менің қалың киімдерімді кіргізіп бер! Үкімет саған өзің өлтіре сал деп бұйырмайды! Мені өлтіру емес, сақтау міндетің бар, саяси қызметкерсің!..

Осы мазмұнда қайталап-қайталап сөйлеп тұрып, үнім біткенде отыра кеттім. Тамағымды ішіп, сәл демалып алып қайта тепкіледім есікті.

Қамалғаныма үш күн өтіп, төртінші күні таңертең әрең ашылды есік. Саучыңсау аша салып шегініп, алыстап барып тұрды да, аспаз дәрет шелегін көтеріп, дәретке шығарды. Қайтып келсем, барлық мүлкім бір-ақ кіріпті мұз қамаққа. Аспаздан естуімше летчик екі тәулік қамалып тергеліп, менің талабымды заңдастырып шығыпты.

Есік қайта құлыпталысымен суыққа далда боларлық ескілі-жаңалы киімдерімді аяғым мен беліме орап әрең үлгердім. Орныма шалқалай беріп қор ете түсіппін. Осы үш тәулік ішінде шаршаудың ең шегіне жетіп болған екенмін. Қалжырасам да қатып қалудың хаупі тез-тез оятып тұрды. Аспаз Ли арқылы ескі киізбен тері тауып, асты-үстіме қабаттай бердім.

Басқа әтіреттердегі хат танитын ұйғыр мен есі дұрыс қазақтың түгел қамалғанын естідім. Қылмысымыздың не екендігінен дерек табылмады.

Түсімде шешемнің «қағаздарыңды жиып ал» дегені есіме түсе берді. Кейінгі, Маузыдұң шығармаларының жол араларына жазғанымды Саучыңсау жиып әкетіпті. Оны ешкім танып оқи алмағанымен қайтарылмасқа кетті. Ал, қоймадағы шығармаларым қазірше қар астында жатқанында хауіпсіз. Бірақ, жер қарая бастағанда топырақтың жұмсауымен шошқа қопарып ашып тастайтындығы қорқытады. Тергеушілердің әліге дейін бір келіп, сұрақ жүргізбегені, әрине менен қолға ілінерлік мәселе таба алмай жатқаны болса керек. Қолдарына сол жазбаларымнан бірдеме іліне қалса, жанымнан айырмай, ол сылтаудан айрыла қоймас. Көсемдерінің қатардағы екі аяқты адам категориясында екендігін жазсаң да бассалып жегелі тұрмай ма!... Сонда да мына тыныштық, барлық қасірет-қайғы, ыза-ашуымнан ауыр тиетіндіктен есіктің жарық саңлауын сәл кеңітіп алып, қатеріне қарамай жаза бердім.

Мұрныма сырттағы ауадан жаз иісі келсе де абақтының мұзы жылт етіп жібір емес. Дала жыли бастағанда абақты алдынан түн бойы күзет кетпейтін болғаны, сол мұз ызғарын күшейте түсті. Тергеу жүргізілетіндей өзгеріс күтіп, сығалай бердім саңлаудан.

Жоғары жағынан мейман келгендегі қошаметшілік өнер көрсету әдетінше жалаңаяқ-жалаңбас зырылдап жүгіріп жүрген Сау зыдауянды көргенде тіпті елеңдей сығалаймын. Өзі қорқатын бастықтары келгенде тіпті сорлы жұмысшы бейнесіне түсіп, балшыққа санына дейін малшынып алып жүгіреді. Қаншалық оқыған бастық келсе де Маужуши суретіне табынар да сол балшығымен өзі «имам» болып, алдыға тұра қалады. Ондай ғибадат жиынында саналырақ басшылар имам болудан әрине арланатын болса керек. «Намаз сүресін» оқығанда біздің соқыр үлкен қарилық салауат тауып, мүлт жібермей, кідіріссіз заулатады да мінажат өлеңін айтқанда режиссор болып тағы да өзі баст айды. Тек, ұран шақырғанда ғана қолын құшынаш кемпірше шошаңдататыны бар. «Маужуши шексіз жасасын, шексіз жасасын, шексіз жасасын» дегендегі дауысы, әлде бір ауруды ұшықтап, жын-шайтаннан аластап» жүрген құшынаша шәңкілдеп кетеді.

Сонан соң асханаға тағы да өзі жүгіріп, қонағасы тамағын тасиды. Тәрелке, сақпы, стакан, шыны, тіпті үлкен-үлкен тегенелерді көтере жүгіргенде қап-қара балшықта аяғы жерге тимейді.

Сол қонақтары талтаңдап-кердеңдеп шығып, көліктеріне беттегенде ғана мені тергейтін міндетпен келмегенін біліп түңілемін. Ендігі үміттенетінім, тек солардан қалған тамақта ғана. Ымырт жабыла арақтан басқасынан, ұрланып маған да жететіні бар.

Ондай қорқынышты қонақ келмейтін күнді Саучыңсаудың өзінің кердеңдеген жүрісінен, киім киінісінен білемін. Әсіресе өзінен әлдеқайда биік, арғымақтың боз байталындай бұғалтыр әйелдің май құйрығына түртіп, оның мүлде жақтырмайтын тепкісіне қарамай қуалап ойнап жүрген күндері маған бейбітшілікті аңғартады. Гримделіп, жасанған келіншектер мен үйірлестік жасап, кір жуғызып жүрген күндері тіпті тыныш өтеді. Мұндай күндерде мен абақтының есік көзінен тері төсеніп отырып алып мүлде алаңсыз жазамын.

Апрель туып, осы абақтыдан басқа жер толық жібігені белгілі болғаннан-ақ даладағы көмулі қағаздарымды жиып, сенімдірек жерге көму қамы алаңдатып еді. Түнгі абақты күзеті жарыместеу ұйқышы хұйзу жігітке тигенін білген соң әрекеттене бастадым. Қолымдағы шынжырлы құрсау, екі қолымды бір-біріне жиырма сантиметрдей алыстатып жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Қазандықтың маңдайшасына қойылған қарғаша темірді жұлып алдым да, онымен астымдағы тақтайдың біріндегі қайрылып қалған жуан көршегені суырып шығардым. Сол екеуімен қима есіктің астыңғы бөлігіндегі тігінен желімделген үш тақтайды бір-бірінен ажыратып, суырылмалы кішкене есікке айналдырып алуға болатын көрінеді. Бақытыма жарай іргелес үйдегі аспазды да, күзетші дүңгенді де ұйқышы қып берген ғой. Бұл екеуі қатар қорылдағанда зеңбірек атсаң да қарсыдағы Саучыңсауға естілмейтіндігін білемін. Жалғыз-ақ қиын мәселе, ағаш желім ұстап қалған тақтайларды күндіз көріп отырып ажыратпаса болмайды. Көршегенің үшін таскірпішпен ұрып жалпайтып егеп, қашауға айналдырдым да тақтай арасына дәлдеп ырғап отырып өткізіп қойдым. Күндіз аспаздың жатағынан шығып кеткен кезін байқап отырып, шегені бір жағына бұрап кеп қалғанымда екі тақтай шарт ете түсіп айрылды. Дауысы не дәуір қатты шықты. Қорқыныштан әсіре сезімтал болып кеткен құлағым қоса айрылғандай сезілсе де сығалап отырып, ешкімнің сезбегенін біліп қуандым. Сөйтіп, қима есіктің астыңғы бөлігіндегі үш тақтайды желімнен бір күнде ажыратып болдым. Ол тақтайларды ұстап тұрған жақтаудың астыңғы бір шетінен жиырма сантиметр дейін өлшеп жарып алған соң желімнен ажыраған тақтайлар есік ішіне қарай бір-бірден суырылатын жасырын есікке айнала қалды. Жақтаудың жарып алынған бөлігін дауалда қалған ұсақ шегелермен қайта шегелеп, іліндіре салдым. Керегінде жұлып алу да қайта сұғындыра салу да оңай. Қараңғы үйде қыли зыдауянның қолшырағына да көріне қоймайтын қылмысы болды.

Ертеңіне іңірде ұйықтау қоңырауы соғылысымен күзетші дүңген Сау зыдауянның терезесінен бір сығалап, қол арба сүйреп келді де соның үстіне құлай кетті. Тұмсығын тон жағасына ол сұғысымен есіктің астыңғы тақтайларын мен суырдым. Еңбектеп шығып алған соң үш тақтайды сыртынан өзді-өз орындарын дәлдеп сүйеп салдым да асхананың күл шығаратын күрегін ала жөнелдім.

Барсам, қойма қойған жерім тап-тақыр. Белгі еткен түпті жыңғылым да, жас тораңғым да жоқ. Өткен күз соңында-ақ су құрылысы әтіреті түгел қырқып алған екен. Дұрыс хауіптеніппін, шошқа, дымды топырақтың қорс-қопасын шығарып тастапты. Қысылыс теріне малшына жүріп мен қопарып, ештеңе таба алмай отыра кеттім. Қайта тұра сала тағы қопарып, жас тораңғының түбін әрең таптым. Қағаз көмген жерімді алғашында-ақ дәл тауып қазған екенмін. Маңайын тағы да қазып, таба алмай, тағы да шоңқидым. Көмген жерімнен табылуынан үміт үзілді. Не болғанымды білмей сенделектеп абақтыма беттеп бара жатып, қайта оралдым. Шошқа қазып үйген топырақтарды ақтарып жүргенімде бар қазынам бумасымен бүп-бүтін күйінде күрек екпінімен домалай жөнелді. Бассалып құшақтап, көкірегіме баса түстім. Мұның ішінде өмірге келгелі өткізген, өзімнен әлдеқайда қымбатты қылмыстарым да бар ғой!...



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.