|
|||
Бесінші кітаптың соңы. 52 страницаАлты камералы абақты да күз түсе бір ханзу, бір мәнжу лаугай мен үш адам ғана қалған екенбіз. Есік оймасынан қарап тұрып, қарсымдағы камераның маңдайшасы жарылып кеткенін көрдім. Маған іргелес камераның аралық дауалы соның ертеңіне жарылды. Жарып жатқан мәнжу көршім екен. Аралық дауалды іргесінен кірпіш суырып жарыпты. Сол жарыққа тұмсығын сұғып тұрып менен темекі сұрады. Ар жағындағы көршісінде де темекі жоқ екен. Менен де таба алмай, мүштегімді сұрап алып, ішіндегісін иіскеп-иіскеп жіберді де айқай салды. – Баугау бәнжаң, үй құлады, үй құлады!.. Үшеуіміз қатар бақырдық сонсоң. Ақырзаманды төндіріп екі сағат бақырғанымызда құралды күзет бастығы әрең кірді. Жарықтарды көре сала лаугай әтірет зыдауянын шақыртып көрсетіп, екі көршімді шығарып әкетті де мені сол түнге еру қалдырды. Бүтіндеу бір бұрышқа тығыла отырып таң атырдым. Жарылған аралық дауалдың жарымы ертеңіне түс ауа күс ете түскенде соның дауысын естіп келді бірнеше кадр. Әйтеуір бір жақсысы, лаугай әтірет зыдауянның Саучыңсауды тілдей кіруі болды: адамыңды алып кет деп, абақтының құлап жатқанын хабарласа да мәселемді толық тапсыратын болғанымша келмейтіндігін айтыпты. Абақты түгел құлауға айналғанын көріп, мені лаугай зыдауянының өзі айдап шықты. Өзіне қарасты әтіреттегі екі группа арасында артылып қалған бір иен үйге апарып қамады. Есігіне абақтының үлкен замогын салды да, бұл маңға ешқандай лаугайдың келмеуін, ақырып тұрып тапсырды. Сол күні кеште келіп бір тергеді Саучыңсау. Тағы да «шекарадағы таудан» ұсталғандығымды мойындатпақ болып шұқшиды. Мен, Шынжаңың дәл ортасынан, адам жаралудан бұрын жаралған» Үрімжі тауынан, «бала-шағам тұрған ауылдың» дәл қасынан ұсталғандығымды тағы айттым. Лаугай мекемесіне хабарлауға ақы беріп адам жіберген өзім екендігім де айтылды. Үрімжі тауынан осы майданға дейінгі тергеушілердің ешқайсысы тексеріп таба алмаған қылмыс, осы су қоймасында жатқан сіздің көзіңізге ыңғай шекарадан көрінетіні қалай?– дедім сонсоң. – Сөйтіп сенде мәселе жоқ па, мәселе жоқ па?–Саузыдауянның екі қарашығы мұрнының астына тағы кіріп кетті. – Мәселе бар, ол, тек, үйіме барып келуіме рұқсат бермегенің үшін қашып шығуым ғана! Сол үшін ғана, мына әтірет зыдауяны болмаса, мені құлаған абақтының астында қалдырып өлтірмек болдың! Зыдауян екі жұдырығын түйе ұмтылғанда кісен мен қолымдағы шынжырлы қыспақты шаңғырлатып мен де түрегелдім. Бұл майданда қалпағы жоқ адамды ұрудың шектелгендігін естігенмін. Қыли қарақшы есік сыртынан бірнешеудің тыңдап тұрғанын біліп, шақ-шұқ басып шыға жөнелді. – Тұрып тұр, мойындамағаныңды көріп алайын сенің!– деп зекіре шықты. Ымырт түсісімен жабықтағы жалғыз көзді терезеден бір дорба махорка мен сіріңке топ ете түсті. «Аспаннан сығалап тұратын» сиқыр күштің өзі тастағандай қуандырды мені. Мұнарадағы әскери күзеттен басқа, түнде қорған ішін күзететін лаугай күзетші де бар еді. Бұл күзетшінің маған таныстығы жоқ сияқты болатын. Темекінің төрт айлық кегін енді қайтарып, кере қарыс қып орап тартып отырғанымда сол тесіктен енді ауыр бір дорба әрең өтіп түсті. Шабдол екен!... Жарылқаушыларымның кім екенін білмегеніммен сол түнде-ақ жарылқанып болдым. Қауын да түсті, жүзім де түсті. Лаугай бишаралардың өздеріне коммуна кенттеріне бармай табылмайтын қымбатты ырыздық, абақтыдағы маған жауды. Мұншалық дәулет екі-үш, тіпті он шақты лаулагайдан да табылмайды. Бұл және олардың өлім халіне жеткен бір тұтқынды тіршілікпен қамдауы ғана емес, жігер-рухыңды аспанға қыранша баптап ұшыратын адамзат шапағаты!... «Адамзат жасасын!»– деп күбірлеп қалдым да, бұлардың қатарына оқыста тағы да адамзат мүсіндес азғындар кіріп алмасын деген хауіппен «Жаубасар, Саучыңсау сындылардан басқа адамзат жасасын!» деп күліп жібердім. Мұны қашанға дейін дін сопыларынша шұбыртып-сурелетіп отырамын. –«Адамгершілік жасасын!»– деп қорттым соңында. Үрімжідегі лаужяулар түрмесінде Гүлниса арқылы Мақпалға жазған хатымда айтылған шығармаға енді ерекше шабытпен кірістім. Жазуға қолайлы мұндай абақты табыла берер ме, тек мұндағы соқырлардың көзіне түсіріп алмасам болғаны. Сондықтан Маузыдұң шығармаларының жол араларына өте ұсақтап, басқалар танығысыз етіп жаза бастадым. Қазіргі кезде Маузыдұң шығармаларынан басқа кітаптар шектеліп-өртеліп болған.. Күз күңгіреніп суи келе бұл әтіреттің су қоймасындағы міндеті біткен екен. Қорған-құрылыстарын күз етіп, шошқа бағатын бір группадан басқалары түгел көшіп кетті. Ертеңіне таңертең талпақ танаулардың қорсылынан ояндым. «Абақтымның» есігі ашық қалып, екі шошқа кіріп алыпты. Ойшылдау мінезді біреуі табалдырықтан маған аңтарыла қарап тұр. Сумақы мегежіні иіскелеп-тімтініп, менің дүниелігімді зерттеуге кірісіпті. Мені Саучыңсаудың қайтарп әкетпегеніне ерегесіп, бұл әтіреттің зыдауяны есіктегі құлбын да алып кеткен екен. Бұл жайтты бір бүйірдегі шошқа бағушылардан қайнақсу алуға барып естідім. Мен кеткенше тамақ беріп тұруды осы группаға тапсырып кетіпті. Сырттың тамағы мұнан соң тіпті еркін келе бастады маған. Дәмелқан, Еділбайлар Лопнордан Шаяр Тарымға келгеннен бері қой бағуға шығып кетіп еді. Лаугайдан кейін босаған Ысқақ шал мен басқа қазақтардан да бірқаншасы малшылдық әтіретіне шығып, бәрі де осы су қоймасының маңында мал бағып жүр екен. Ал, осы қорғанның ішкі, лаугай күзетшісі Үрімжілік, бұрын маған сырт таныс аспаз дүнген болып табылды. Бәріне сол күзетші хабарлап, осы әтіреттегі ұйғыр, ханзу лаугайларды көмекке ұйыстырып жүрген де сол екен. Көшіп кетерінде әр тоғайдың арасында жүрген малшыларға жатқан жерімді айтып кетіпті. Олардың қамдауы тіпті көбейді. Бұл абақтым байлық ордасы болып алған соң есікті ішінен қос тіреумен тіреп қойып, жазатынымды жаза бердім. Өшіккен саучыңсаудың қашқын тұтқынын бұлай еркіне тастауында сұмдық барын да сезгендеймін. Тым болмағанда ұры етіп ұстауы, тіпті, «қайталап қашқан жолында оқ тиді» деп өлтіріп тастауы да мүмкін ғой. Қалай да бір сылтау табуды ойластырып жүргені сөзсіз еді. Бұрынғы жазылған шығармаларымды суляумен орап, түнде қорған сыртына шығарып көмдім де, ет-май мен жеміс-азықтарымды басқа иен үйлерге орналастырдым. Келетін достар болса күндіз түскі демалыс уақытында сақтықпен келуін хабарлап қойдым да кеш бата абақтымды мықтап бекітіп жатып жүрдім. Түнде біреулердің келіп, сырттан торып жүргені байқалған сайын мықтап бекіне түсуім қажет болды. Тіпті, икемді шоқпар да тауып, дайындап қойып жаттым. Түнде келіп есік қаққандарға бар екендігімді, бірақ, кім болса да уақытсыз келгендіктері үшін есік ашпайтындығымды айта жаттым. – Неге ашпайсың, ей, Саузыдауян тергеуге келді, аш!– деп зекірді бір түні, екеу-үшеуі келіпті. – «Бір Саузыдауян кеше түнде де келіп кіре алмай кеткен!– дедім әдейі, жеңер сөз үшін өтірік айттым. – Рас Саузыдауян тергеуге түн ортасында келмейді сендер басқа адам, есік ашпаймын! – Аш, Саузыдауян – мен!– деді өзі ұйғырша тілде зекіріп. – Кеше түнде келген де сен болатынсың, дәл осы дауыспен, осы сөзбен ақырғансың ғой, енді тіпті де сенбеймін!... Ей, сендер абақтыда жатқан адамнан не таппақсыңдар!– осы сөзден мен де зекідім. –Мұндай уақытта келетіндей Саузыдауян ұры емес, біліп отырмын. Шырақ жоқ, қараңғы үйде қандай тергеу болатындығын білмейтін кішкене бала емеспін! Егер, абақты бұзып кірмек болсаңдар, кем болғанда біреуің өлесің!... Қараңғыда бастарыңа ненің тигенін де білмей өлесіңдер! Кеше түнде Саузыдауян болып келіп, кіре алмай кеткен тағы да сендер. Алдыңғы түндерде мені құтқармақ болып, Советке кетсең де шығарып саламыз деп уағда беріп текелегенсіңдер! Советіңнің де, Америкаңның да, гомендаңыңның да керегі жоқ маған, кетіңдер! Есікті үшеулеп үнсіз итеріп қымырлата алмай кетуге бет алғандарында тағы сөйледім. – Ей, сен рас Саузыдауян болсаң, бұзудың орнына абақтыңды мықтап құлыптап кетпеспе едің! Абақты есігін сыртынан итеріп құлатпақ болғаның кімнің ісі? Бұл жүрісіңнен қарақшы екендігің тіпті анықталмады ма!... Саузыдауян тісінің арасынан өз тілінде күбірлеп тілдеп, жауапсыз кетті. Ертеңіне таңертең әтіреттің екі кадры келіп, абақтыма тінту жүргізді. Жер еденді тексеріп те ештеңе таба алмады. Түнде «қарақшылар» келіп, қатер төндіріп тұрғанын мәлімдедім оларға. – Аяқ-қолы кісенделіп абақтыда жатқан адамнан қарақшының не іздейтіндігін түсінбеймін. Қашып шығуыма көмектесетін адам болып та, Саузыдауян болып та келді. Өзім ішінен тіреу тіреп қорғанып жатырмын. Құлыпсыз, күзетсіз абақты бола ма? Иен қоршауда жатқан, қараңғы үйдегі қылмыстыға түн ортасында тергеуші келе ме?... Егер сырттай байқап қайту үшін келсе, абақты есігін үшеулеп итеріп құлатпақ болғаны қалай?... Демек, зиянкестік істеу мақсатымен жүргендіктері анық. Қол-аяғымдағы мына кісендер мені қашудан қорғағанымен жаудан қорғай алмайды! Мәселе анықтау үшін қамап отырған болсаңдар, мені қатерден де қорғап, мықты құлыппен, күзетпен қамаңыздар! Әтіреттің кіші кадрлары бір-біріне аңтарыла қарасып алып, біреуі жауап қатты: – Бұл талабың дұрыс, басшылыққа жеткізейік! Бірақ, өзің де бар мәселеңді тапсырып, тездетіп шығып кетуге тырыс! – Тергеушінің қай уақытта келсе де шектелмейтіндігін түсінемісің?– деп біреуі суықтау қарап жүріп кетті. Мен желкелеріне жауап беріп қалдым. – Мен түнде қараңғыда есік құлатып кірмек болатын «тергеушілерден» қауіптенетін себептерімді мәлімдедім, естеріңізде болсын! Абақтым осыдан соңғы екі тәулікте де құлыпталмады. Бірақ, түнде шабуылшылар тиылды. Менің қылмыс тудыруымды, иә, қашуымды күтіп, сырттан күзет қойғандығын сезіп жаттым. Үшінші күні күндіз келіп тергеді Саучыңсау. Осындай жақсы абақтыда жата тұрғым келіп, қырсықтана қарадым жүзіне. Жауап беріп болғанымды, енді куәға тартқан адамдарымнан анықтаудан басқа іс қалмағанын айттым. – Сен өз мәселеңді ойламай, бізден мәселе іздеп жатыпсың, мәселе тапсырмай шыққаныңды көріп алайын!– дей сала әкелген шойын замогын есік сыртынан сақ еткізіп жауып кетті. Абақты есігінің ішінен мен тіреп тастап, жазуыма отырдым. Азық, түс уақытында жасырынып келетін малшылар арқылы терезеден түсіп тұрды. Бірақ бұл жақсы отырысым ұзаққа бармады. Он шақты күн өтпей-ақ жуастау кадрларының бірі темірші ертіп әкеліп қол-аяғымды кісенмен құрсауды алдырды. «Хош!» деді жалғыз-ақ. «Көш» дегені шығар деп түсініп, нәрселерімді жиыстыра бастағанымда құйрығымнан теуіп кеп қалды. Тосын ызаның көзімнен от шашып жібергенін көрген темірші басын шайқап қалды да қолымнан тарта жөнелді. «Жауас» кадрдың «хош» дегені – жүр дегені екен. «Қазір тәртіп өте қатал, үндемесең ғана құтыласың» дегенін темірші ханзуша күбірлеп ұқтырды. Саучыңсаудың «су басқару әтіретінде» ыңғай ханзу шынсыңдар ғана қалыпты. Жерлік ұлттықтарды түгелімен «су құрылысы әтіретіне» бөліп, тоған қазу жұмысына жөнелткен екен. Мені қоймадағы су қақпасының күнбатыс жағына қоралап салынған кірпіш үюлі «су басқару пунктіне» айдап апарды. Саучыңсау түнектей түнеріп өте шықты алдымнан. Басын қара жыланша қақшитып ызғармен қараса да ысқырмай өтті. «Пункт бастығының бөлімі» делінген жазулы есік алдынан адам бейнелі біреу қарап тұр еді. Жаңа келген әтірет бастығы екен. Бөліміне шақырды мені. – Сен осында қалдың,– деді, табалдырығынан аттасыммен, тұра қалдым. – Саған қойылатын ең негізгі шарт, көрші әтіреттердегі ұйғыр мен қазақтың ешқайсысына сөйлемейсің, сөйлегеніне жауап бермейсің. Біреуінің маңайына бармайсың, маңайыңа келтірмейсің. Оларға жақындаса қалсаң, күреске тартыласың!... Ұқтың ба? – Ұқпадым дүйжаң,– дедім аңыра қарап. Ханзуша білетін сөздерімді де әдейі бұза сөйлеп, ұйғырша, қазақша аралас қойыртпақтата сөйледім. – Мен ханзуша тіл білмеймін, бұл әтіретте тұруға шартым толмайды екен! Екінші, менің ұйғыр–қазақтармен бірге болғанымнан ешқандай мәселе туылған емес. Үшіншіден менің мұншалық шектелетіндей қалпағым жоқ. Сондықтан мені ұлттық әтіретке шығарып беріңіздер! Үйренуге де, сын-пікірге, күреске қатынасуыма да, қызмет көрсетіп, еңбек сіңіруіме де тілім жететін әтіретте болуым шарт! – Сені біз осында жоғары жақтың бұйрығымен қалдырып отырмыз. Жергілікті ұлт халықтарына сенің реакциондық ықпалың күшті екен. Сондықтан олармен байланыспайсың! – Басқаларға реакциондық әрекет жүргізу түгіл өз ісімде де реакциондық істеген емеспін. Мен нахақ жазаланып, 64–ші жылы толық ақталған адаммын. Деломменен ешқандай таныстықтарыңыз жоқ екен!... – Буржуазия атаулы бәрің де маған әрине таныссыңдар! Азаттықтан бұрын завот иесі, капиталистің, қанша мың жұмысшыны езіп-қанағансың. Делоңды білмейме екенмін, қане?– деп әтірет бастығы үстемси қарады маған. Қалжыңдап отырма дегендей аңыра қалыппын. Шынымен-ақ жазғыра қарайды. Жуан қасқа басты, қызғылт қоңыр мол денелі, орта жасқа келген, маңдайындағы әжімінен талай өмір көргендігі, мінезділігі байқалып тұратын адам, осыншалық ақымақ па еді дегендей мен де жазғыра қарадым. Мұнысына не айтуым керек? – Сіз мүлде білмейді екенсіз дүйжаң, мына шашым өтірік жаладан ағарған!.. Менің білетін, дело-материалдарым тұрған жерге жолдап беріңіз! Нервім енді үзілу шегіне жеткенде, маған обал болмасын!– деп өтіндім сонсоң. – Ауыстыру ісін Саузыдауян біледі!– деді бастық. Кексіз-дықсыз үнмен сөйледі енді. – Мен осы жердегі тізім бойынша басқаруды ғана білемін. Ханзу тілін жақсы білмейтіндігің үшін үйренуді өз тіліңде үйрене бересің, саған басқа талап қоймаймын. Көп қамалғандығың – денсаулығың үшін де көңіл бөліп тұрмын. Мен жұмысшымын, жұмысты жақсы білемін. Тамақтарыңды біртіндеп жақсарта аламын! Әйтеуір сырттағы адамдармен сөйлеспесең болғаны!... Ал, сенің алдыңғы жылы қашқанда қалған мүлкің кілетте тұр екен. Запхозға айтып соныңды жиыстырып алып, осы қарсыдағы анау үйге жатып тұр, қалғанын кейін ұғысып алармыз, бүгін жайласып ал!– деп шығарды. Қашқанымда Қапасқа тапсырып кеткен мүлкім соның өз қолымен дәріленіп, мықтап таңылған екен. Қалың сырмақ, көрпе-жастық, киім-кешегім, тіпті чемодан, сумкаларым да түп-түгел тұрыыпты. Төрт-бес адам ғана жатқан кең үйге ағаш кереует құрып жайластырып болысыммен көмулі қағаздарымнан басқа абақтыда қалған керек-жарақ, азық-түліктерімді қол арба апарып, түгел жеткізіп алдым. Менің ендігі әтіреттес, группаластарым жұмыстан күн бата қайтты. Әр группа әр түрлі міндетте екен. Бірнеше группа бақша көгеріп, тарбиып, судан шығыпты. Лайдан, сабан-топан арасынан шығып келгендер де өзді-өз кәсіптерінің лас жұғынды батпақ қоқсығын ала келді де, жуынбай-ақ жиын залына жүгірді. Семізшелеу қараторы ханзу жігіт таза қазақ тілімен күбірлеп, мені ерте кетті жиынға. – Сіз залдағы намазға күліп қоймаңыз!– деп томсарып қана күбірледі. Жиын залының төріне Маузыдұңның үлкейтілген суреті Люшаушисіз жалғыз асылыпты. Астыңғы жағында оның қызыл кінешке болып шыққан «үзіндісін» басынан асыра көтерген Лиңбяудың суреті тұр. Үстіңгісі аспанға адырая қарап тұр да астыңғысы мекер күлкімен төмен қарап тұр. «Аспаныңызда бүйімтайым жоқ. Бәсекелесіңіздің басын кесіп берген еңбегім үшін меншігіме осы жершарын ғана бере көріңіз» деп тұрғандай. Осы екі сурет кескінінен мен тауда ұсталып қамалғаннан бері талай қанды оқиға туылып, қара құйынның талай абзал бастарды жұтып болғанын ұқтым. Люшаушиды жаркемдеп, орнына әскери бастығы Бяуды орынбасар етіп алғаны, Жұңгодағы адал коммунизм теорияшыларының қасапталып болғаны сияқты көрінді маған. Әтірет мүшелері сол екі суретке қарап намазға тұрғандай ізетпен тізіле қалыпты. Ешкі бас жіңішке қара жігіт (дазужаңымыз екен) залға көлденең тізілген әтіреттің алдында дара тұр. Әтірет мүшелері түгел жиылып болғанын артына қайрылып санап көре сала кәдімгі имамдық бейнемен сарнай жөнелді суретке қарап: «Ұлы ұстаз, ұлы көсем, ұлы қолбасшы, ұлы реошы Маужуши, біз бүгінгі міндетімізді негізгі жағынан жақсы орындадық. Екі шынсың ауырып, таңертең рұқсатпен қалған. Үш шынсың аурумыз деп жұмыс майданында жатып алды. Ауруларының рас-өтірігін, өзіңізге, тексеріп анықтап мәлімдейміз. Шынсың Уаңкай су жүзе білмейтіндіктен көлге шөгіп кетіп, қалпақты Жаңлиңсан құтқарды. Басқадай мәселе өтілген жоқ». Дазужаң күнделікті жұмыс ахуалдарын осылай мәлімдей сала, жанқалтасынан қызыл кнешкені суырып алды. Ресми дауыспен «ең жоғары нұсқау» деді де Маузыдұң сөздерінен бірнеше үзінді оқыды. Ол бір сөйлем оқығанда оны қайталап «ұюшылар» оқиды екен. Соңында «Маужуши шексіз ұзақ жасасын!» деген ұранды үш рет қайталап айқайлатып таратып еді. Саузыдауян есік көзіне келіп тұра қалып тоқтатты көпшілікті. – Неге асығасыңдар? ...Маужушиға доклат ету жиыны соншалық ойыншық болды ма сендерге! –деп зекіріп бұқтырып алды да тізілуге қайта бұйырып, екі-үш тапсырмасын ұзақ сөйлеп түсіндірді. – Мұнан соң мен үйреткен тәртіпті мүлтіксіз орындайсыңдар! Және айтып қояйын, Маужушидың өз сөзін өз алдында өз кітабынан оқып беруден ұялмайсыңдар ма?... Түгел жаттап алып, бәрің бірге оқитын болыңдар! Бос уақыттарың, жұмысқа бару-қайту, тамақ жеу, дәретке бару уақыттарың түгелімен жаттауға берілсін, алдымен «лаусәнпиянді»[118] жатқа оқыңдар! Маужушиден бір сиконттарың да айрылмасын, онсыз тіршілік жоқ екендігін Ляң фужуши[119] ұқтырмадыма! «Теңізде парахот ролшімен ғана жүзеді. Тіршілік күн нұрымен ғана жасайды» демеді ме! Маужушиға арналған әрқандай құрмет жиынында «шығыс қызарды» мен Ляңфужушидің осы ұлы өлеңі алдымен айтылсын!... Саузыдауяннің сурет алдында қайта тізіліп алып сөйлеген сөзі ымырт үйрілгенде әрең тоқтап еді. «Шынсыңдар» тамақ асығысынан жуынуларына тағы да мұрса таба алмай, бір-бір момыларын капуста жапырақтарына орап жұта-жұта сала тағы жүгірді залға. Енді бір–бір құйрықтық аласа орындықтарын ала жүгірді. Жиынның кереметі іңірде екен. Әлгі қылдырықтай дазужаң сақылдай жөнелді. «Ең жоғары нұсқаудан»[120] екі-үшеуін оқыды да нақтылы кері төңкерісші қалпағын қосып бір шынсыңның атын атады. «Кері төңкерістік қылмысының бір шетін әлі де ашқан жоқ» деп қалғанында-ақ ақырысты. Өң-түсі қашып, бұрышта отырған отыз жастар шамасындағы жігіт орнынан түрегеліп барып, көпшілік алдына тоқтады. Шақылдап-шапшуырлай көтерілген «жоғалсын» ұрандары жиын басқарушы қылқараның көтерген қолымен тоқтай қалды да сөз жауапкердің мәселе тапсыруына берілді. Саналылығы қас-қабағы мен жазық маңдайынан білініп тұратын бұл жігітке ең қырсықты қылмыс Люшаушидің суреті Маужушидің қатарынан алынған шақта жабысқан екен: бір жиын үстінде Саузыдауяннің күбірімен қылқара түрегеліп барып, Люшаушидің суретін жырта жұлып лақтырғанда ышқынып қалыпты биғабар жауапкер. «Үй енді Маужушидің қасында кім қалды?» деп жібергенін өзі де сезбей қалыпты. Саучыңсаудың қисық көзі оған жылт ете түскендей ғана бір көрініпті де қыдырыстап көпшілікті аралай жөнеліпті. Онымен бірге ышқынғандар көп екен. Бәріне бірден қарап үлгере алмай адасып қалған күйкентай айлана ұшып барып, сөйлей қалған жауапкердің төбесінен қайта түсіпті. – Тағы қандай пікірлерің бар, қане сөйлеңдер!– деп сұрапты да ешкімнен үн шықпаған соң столды шарт еткізіп ұра түрегеліпті орнынан. – Маужушидің қасында сегіз жүз миллион халық бар! Пролетарияттың қыран өкілі маршал Лиңбяу бар!... Бұларға қарсы пікірлерің болса, сөйлеңдер қане! Уаң жүншіңнің жаңағы сөзі – осында отырған, өзгеруге қарсы кері төңкерісші – оңшылдардың ортақ пікірі. Онымен бірге жаңағы ышқынғандар – оппортонизмнің жоқтаушылары! Ревизионизмнің мүриттері жүректері қожаларының жүрегімен бірге соғатындығын жаңа көрдіңдер!... Бұлардың мәселелерін ашып, жүректерін жұлып алатын құдірет бізде бар ма, жоқ па? – Бар, бар, бар! – Залдағылар шулай көтеріпті жұдырықтарын. Люшаушидің суреті жұлынғанда Уаңжүншіңмен бірге ышқынып қалғандар қорққандықтарынан тіпті жініге көтеріліп ұрандап, алдыға түсе жөнелісіпті... Уаңжүншің аталған жауапкердің өзі де лаугайдан шынсың болып осында келгеннен бері белсенді екен. Белі тосыннан үзілгендей жылап, қиралаңдай шығыпты алдыға. Содан бері кері төңкерісші аталып, күреске алынып келе жатыпты. «Люшауши жаңа Жұңго төңкерісінің екі көсемінің бірі еді. Мұның қашан, қалай қетелескенінен хабарым жоқ. Сондықтан суреті тосын жұлынғанда ашынғаным рас!» деген шындығын айтып, құтыла алмай, бұлқынған сайын торланыпты да, «мақсатын», «идеялас серіктерін» атап бере алмай, шыбынша быжылдай беріпті.
|
|||
|