Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бесінші кітаптың соңы. 53 страница



Бүгін іңірдегі күрес аса қатал тиді оған. Бүйіше түксиген Саучыңсау қақ төрдегі орындыққа, Маужуши мен Лиңбяудың дәл астына келіп отырысымен күрес жиыны тіпті сақылдай жөнелді. Төбедегі жуан бөренеге арқанмен екі рет асылып шырылдап, екі рет түсті жауапкер. Ешкіммен бірлеспегенін, дара өткізген «қылмысы» екенін әрең айтып еді. Желкесіне қайрылып байланған қолынан асылып үшінші рет көтерілгенде жауырыны иығымен айланып алдына шықты да үнсіз-демсіз бүктетіліп түсті. Байланған арқанды босатып, су бүркіп, қол-аяғын сілкілеп жүрген үш-төрт емкөстен басқамызға зыдауян бастап, Маужушидің «халық үшін істелік» деген шығармасын оқытты. Жауырыны орнына түсірілгенде жауапкер ыңырсып, тірі екендігін білдірісімен жатқызбай көтеріп сүйеп тұрды емкөстер. Саузыдауян сол оқығаннан қайталап түсінік айтып, осы жиынға байланыстырды.

– Шын жүрек, шын пейілімен халық үшін істеген адамның өлімі «Тяншан тауынан да қадірлі». Ал халықпен – партиямен қарсыласып өлгендердің өлімі «сарала қаз қауырсынынан да қадірсіз». Бұл, осы ұлы шығарманың негізгі түйіні. Уаңжүншің осы жәйілділігімен өлсе, өле бермей ме!... Ол өтірік талып жығалғанда жанашырлық қып үдірейіп, сонымен бірге өлетіндей көздері аларып, мелшие қалғандар бар. Мұндай екі жүзділердің өзгеріп, төңкеріс сабына қосыла алуы мүмкін бе, қырағы болыңдар!...

Уаңжүншіңнің жауырыны айланып алдына шыққанда көпшілік түгелімен-ақ үдірейіп еді. Осы сөз шығысымен дереу із жасырып, түгел шақылдай жөнелді.

– Мойындаймысың, мойындамаймысың?», «жайылдығыңмен өлемісің, ақиқатқа қайтамысың?», «қайта байлансын!», «асыңдар аспаққа!»– деседі.

Бірнешеуі ыршып барып, жансыз қолын қайта қайырып байлай бастағанда дәрменсіз Уаңжүншің ыңырсып жылай қарады жан-жағына.

– Енді асылсам өлемін ғой!... Мойындайын!... Мойындайын!.. Мен бұрыннан Люшауши жақта тұрып келген элементпін!... Мен.. мен... оның «өндіріс құрал-жабдықтары мен жерді көтереге беруіне» шужыңжуишылдығына... бәріне де алдымен қосылған оппортониспін!... Бұл әтіретте маған сырлас-сыбайлас болып келгендер... оны өзім есімді жиған соң бірін қалдырмай айтып, әшкерелеп берейін!...

Өндіршектеп отырғандардың бірнешеуінің жүзі ісініп, сұрлана қалды да, бірнешеуі тіпті өршелене түсті.

– Қазір әшкерелесін!... Осы жерде айтсын!...

Саузыдауян жауапкерден бірнеше рет уағда алып, байлаудан босатты. Бір клетке апарып қаматты да кілтін өзі алды. Ең күрескер сүйеніші қылқара да Уаңжүншіңнің маңайын баса алмады мұнан соң. Бірнеше күн өткенде анықталды, ол кілт әтірет бастығының қолына да бір тимепті. Уаңжүншыңға доқтыр кірсе де, тамақ кірсе де зыдауянның қисық көзінің алдынан бұраңдай өтіп жүрді.

Жалғаса берді күрес жиыны. Уаңжүншаңның көрсеткен адамдары бір-бірден байланып, аспаққа бір-бірден асыла берді. Бірақ, Уаңжүншіңше асылса жұмысқа мүлде жарамай, жатып ішер болып қалатындықтары тез көрінді де кейінгілерінің қолдарын қайырмай, бармақтарынан, иә аяқтарынан асуға ауысты. Бұл қинаулары өтірікке мойындата алмай қалғандарының ғана астыларынан темір пеш қойып, от жағып мойындатады. Аспаққа әсіресе аяғынан асылғандардың басы, астындағы таскөмірдің жалындап тұрған шоғына тиер-тимес жақындағанда тез мойындайды екен: басы «ойнақтап» шорши бастағанда шырылдайды да, халі бітіп, шоршуға шамасы келмей бірраз жатқанда «шындығына» келе қалады. Бұл еңбек майданына бас емес, қол қажет қой. Аспақтан құтылған соң мәңгіре жүріп-ақ істей береді жұмысын.

Жиында осы жұртшылық қатарында сөйлей алмағаныммен жұмысты алдыңғы қатарда тындырып істеп мен жүрдім. Күз суығына қарамай көлге түсіп, қамыс-қоғаны мен де ордым. Бастары отқа үйітіліп жатқанда суықтан болған ауырым бар деп сылтау айту қиын ғой. Басқаларынан жалғыз-ақ парқым, түнде ұйқының уақытынан пайдаланып, бірнеше тас кірпішті қыздырамын да табаным мен белімнен ыстық өткізіп жатамын. Мұны «буржуазиялық әйеншектік, жан қорғаушылық» дегендеріне мойындамаймын. «барлық жақсы қасиетті буржуазияға беріп қоймаңдар» деп дауласамын ондайда. – «Денсаулық деген ең алдымен еңбекшілерге керек шығар!... Социализм ісіне денсаулық тіпті қажет!»

Ал, басқа бұйрықтарына дауым жоқ, істей бердім. Қолымнан іс келетін жуас мылқауға қожайын көп, күндізгі жұмыстан шаршағанда мойныма артыла қалатын түнгі жұмыстан да тартынбадым.

Менімен бірге түнгі жұмысқа жегілетіндер, осында сұлу әйелі бар шынсыңдар ғана. Саузыдауян өзі сияқты салпауыз кемпірі мен қыли қыздарын Корла қаласына қалдырып, мұнда өзі салт тұрып істейді екен. Сұлу әйелдерін өз қастарына келтіріп алған шынсыңдардың «зор секіріп ілгерілеп» түнде де жұмысқа шығатын болған себептерін Саузыдауянның сол мұқтаждығынан екенін сездім. Тарым бойына да қыли ұрпақ шашқысы келген «ізгі ниеті» бар сияқты. Әсіресе әтірет доқтыры мен техник шынсыңдарға маза бергенді қойды. Ол бейшараларға техник болғандықтан сұлу әйел біткенін, иә, сұлу әйел біткендіктен техник болғанын түсінбеймін...

Су қоймасы бітісімен жаңа дүйжаң балық ұрығын шашып, балықты көлге айналдырған екен. Таязырақ жерлерін қалың қамыс басып алса да, бұрынғы өзек-жыралы ояң жерлері қамыс-қоға баса алмайтын тереңге айланып, балықтың қыстық мекені, жиналатын мұз құрсаусыз өріс-жымы болып қалыпты. Сондай терең үш қылығына бірнеше жерден мұз ойып, көлденеңінен ау құрамыз да екі-екіден бөлініп, түн бойы соларды күзетеміз. Маңымыздағы коммуна ұрыларынан қорғаймыз. Таңертең ауларды тартып, түскен балықты шығарып болған соң ғана қайтамыз. Ал, күндізгі қамыс орудың, көлде қалған құрлысқа қажетті тораңғыларды жығып, жағаға тасудың, су тышқанға қақпан құрудың қарбалас жұмыстары бізді тағы да қағып әкете береді.

Жаз шыға, әсіресе дәрияға тасқын келер шақтан бастап жұмыс тіпті көбейді. Көлімізге су келетін тоғамдарды өрлеп қырық-елу шақырым алысқа, дәрияның үш иіннен алынған үш көмейге кетеміз. Құмайт сортаңдағы жүгенсіз құтырық тасқынды дәрияны ноқталау үшін, бұл шақта әлденеше мың «бақсы» қажет. Майданның еркек кіндіктілерінен ешкім қалмай дәрия мен тоғамдарды күзетуге міндеттеледі.

Майдан кадрларын жыл бойы балықпен, сутышқан терісімен қамдап тұратын Саузыдауянның «қамқорлығы» осы маусымда өз әтіретінің әйелдеріне молынан жетеді екен. Ондай құдіретін, ала жаздай ерін көрмеген бір пәк әйелдің қыс өте келе ойламаған жерден қыли қыз саңғыта қоюынан түсіндім. «Техник» ері ішінен таусылып, желкесі қырдай, сирақтары шидей болса да үнсіз қалып еді. Арлы әйелі сонда да өліп алуға ұрына бергендіктен әтірет бастығы жағынан оны күзетуге бес әйел міндет алды.

Ері әйеліне, әйелі еріне қарай алмай, жазықсыз жаңа қылиды бағатын ешкім шықпай, өлім халіне жетіп қалғандықтарына жаным удай ашыды. Саузыдауянның жаны тіпті мұрнының ұшына келіпті: пәледен құтылу үшін сол «технигін» парткомға бір апта мақтап, байланысты басшыларын тышқан терісімен баптап жүріп, бұрынғы орнына жаңа қылиын көтертіп қайтарды.

Осы зұлымдықты көрген соң Мақпалым мен Асқарым көзіме ыңғай қатер мен елестеп, ішімді өртей берді. Бірақ лаж не, осы майдандағы басқа бауырлардың атымен Ақияға үш-төрт рет жазған хатыма да жауап келмей қойды. Қолдан келмейтін арманмен қолқаға пышақ салғандай ащы ойдан аулақтауға тырыса бердім. «Болмайтын қасіретке болаттан берік бол!», «дүниеде тоқтаусыз өзен де жоқ қой, бұл мәдениет» лайсаңның қара тасқыны тоқтауға қанша қалды дейсің, су алуына тұралап шоңқиуына күн жақын-ақ шығар!» деп күрсінемін. Аяғым тыныштық көрмегеннің үстіне басыма да тыныштық бермей, жаза жүруді басқа ойды ұмытудың құралына айналдырдым. Еңбек айықтырушы күш екендігіне сенімім толықтанған сайын «секіріп ілгерілей» бердім. Жүріп бара жатып та ешкімге сездірмей жазудың әдісі табыла берді. Сүңги бердім творчество қиялына. Барлық медеуім – тиянағым, осы еңбектерімді халық керегіне жаратуда ғана...

Бұл әтіретте мені аңдымайтын, бөле қарамайтын екі-ақ адам бар көрінді. Бірі – Шынжаңда өскен Тянжындық семіз сары аспаз – Лисыпу. Жерліктерден, әсіресе қазақ халқынан көп жақсылық көргенін айтып жүретін. Ол, менің жұмыстан қиналып қайтқан шағымда асхананың майға қуырған балығын жасырып беріп тұрады да, тынығатын шағыма төрт кірпіш қыздырып дайындап қояды. Екінші бірі –  әлгі қазақша тілге жетік Жаңдали.

Жаңдалиды мен танымай қалыппын. Өзі айтқанда есіме түсті: Бейжиндегі ұлттар институтының қазақша тіл класын 55-жылы бітіріп, Шынжаңға келген. Мен оның мектеп бітірер жылы жазғытұрым Бейжінге барып, студенттерден оқулық жайында пікір алғанымда танысқанмын. Жазында Үрімжінің оңтүстік тау жайлауындағы қазақ ауылдарына солардың бір тобы практикаға келгенінде тұрмыс орналастыру, үйрену жағынан менің бір сыпыра көмегімді көрген. «Стиль түзету» науқанында ол да «оңшылдық» жақта болып, үкіметті тілдеп қойғандығынан бес жылға кесіліп, осы майданға лаугай болып айдалып келіпті. Саучыңсаудың түрмесінен шыққанымда Жаңдалидің мені қорғаштап, күбірлеп сақтандырып жүрген себебі сол таныстығы екен.

Су басқару пунктіне осы келгенімнен бастап ол менімен оңашада әңгімелесіп, ахуалдасып тұрды. Лаугайдағы уақытында менен де қатерлі қашқын болғанын айтады. Қазақстанға үш рет қашыпты. Бірінші ретінде осы майданның қуғыншылары жағынан ұсталып қайтыпты да, екінші рет қашқанында бұл жақтың шекара қорғаушы әскерлері жағынан ұсталыпты. Үшінші рет қашқанында ары өтіп кетсе де үш айдан соң Совет үкіметі қайтарып беріпті. Сол себептерден кесім мүддеті бес жылдан он жылға ұзартылып, былтыр әрең бітіріп шыққан екен. «Көзір ұлттан шыққандығым болмаса, әлдеқашан атылып кететін едім» деп күлді өзі.

Жаңдали менің басқа әтіреттердегі достарымнан хат-хабар, сәлем сауқат әкеліп бере жүріп, көмегі тиген сайын көсіле сөйлейтін болды. Қазақстанда, тіпті, шекара бойында да мені көп адамның сұрағанын, радиода жоқтайтындығын әлі де естіп жүргенін айтты. Күреске түсе қалса, мұның да миы қыза келе Уаңжүншыңша көкуі мүмкін ғой. Бұл хабарларына сұрау да қоймай, рай да білдірмей қойып едім. Жаңдали осы позициямнан-ақ бұрыннан хабардар екен деп білгендей, өзінің ендігі сырын ашық айтты.

– Мен Совет одағына қашып өтетін төте жолымды жете тексеріп біліп қайтқанмын, Биғабіл жолдас, көзімді жұмып та тауып бара алатындығыма сеніңіз! Сізді ешкімге көрсетпей өткізуге кепілдік бере аламын. Сізбен бірге барсам, Совет үкіметі мені де сіңіріп алып қалатындығына сенемін. Осы жаз өтпей, тезірек жүріп кетелік!– деді.

Бұл сырынан үсті ашық тұрған пештегі қып-қызыл шоққа басым түсіп кеткендей сезіммен төбемнің шыж ете түскеніне күліп жібердім өзім.

– Дали, сен маған мұны айтпа!... Мен Үрімжі маңындағы бала-шағамды тастап, ешқайда қашпақ емеспін. Ал, мені ертіп апарғаныңда Совет үкіметінің сені сіңіріп алып қалатындығына да сенім бере алмаймын! – Азарда-безер болдым бұл талабынан. Қайталап өтінген сайын қайталап тойтара бердім. Пештегі шоқтан қорыққандығым да емес, Мақпал мен Асқарымның ол жаққа өтіп кеткен-кетпегені анықталғанша шыдап күтуім шарт. Үрімжідегі Ақия мен таудағы Әнуарға, олардың әдрісі табыла қалса, хабарын маған қайткенде де жеткізулерін көп өтінгенмін.

– Олай болса, менің адалдығыма ол жақты сендіретін бір естелік жазып берсеңіз!– деп өтінді Жаңдали.

– Тағы да қолға түсе қалсаң Саучыңсау мені сол естелікпен байлап, басымды пысырып жемей ме!

– Немесе қолжазба шығармаңыздың бірін маған беріңіз, ұрлап әкеткен болайын!...

Бұғанда көнбей, үміт үздіретін жауап айта бердім.

Осы сөйлесуіміздің ертеңіндегі кеште-ақ Жаңдали жоғалды. Кінешкемнің арасында жүретін бір сұңдық қана фотосуретім қоса жоғалды.

Үстінен материал түсіп, әтіреттегі күрес нысанасына айналғандар азайған шақта Саучыңсау мені тағы да айландыра бастады. Мені бұрыннан-ақ қанша иіскелегенімен қылмыс таба алмай жүргенін білетінмін. «Социализм – үздіксіз төңкерістік күрес дәуірі» деген нұсқау шығып, қалпақшылардың әр жарым айда бір рет өзін тексеріп, идеялық өзгерісінен доклат жазатын тәртіп орнасымен Саучыңсау күйентай маған мықтап төнді. Өзінің әр күні шықылықтағанында қалтырай түсетін қалпақты тышқандарының қатарына қосып алмақ болды.

– Өзіңнің идеялық ахуалыңды сен де тексер!– деді бір күні кабинетіне шақырып алып, ұйғырша сөйледі.

– Өзіңізге мәлім, мен осында қайтып келгеннен бері ешқандай мәселе тудырмадым. Сондықтан тексеріп жазарлық ештеңем жоқ!– деп әдеппен ғана жауап қайтарып едім, көз қарашықтары тағы да атуға дайындалған мергенше тұмсығын далдалана қалды.

– Басқа қалпақтылар жазып жатқанда сен неге жазбайсың, қайтсең де жазасың!

– Мен де қалпақ жоқ, зыдауян, деломды көріңіз! –тағы да әдеппен сөйлеп, қалпағымның 64–жылы мартта алынғандығын анықтап сөйлеп бердім. –Егер деломнан пәлен қалпағы бар деген таңбалы қағаз табылса, қылмыс өткізбесем де шартсыз жазуға борыштымын. Қалпағы жоқтығын біліп отырып, сіздің бұйрығыңыз бойынша жаза берсем, мұның өзі де бір үлкен қылмыс. Олай болатыны, «қалпақ» деген қазіргі ең үлкен саяси мәселенің бірі. Саясатпен ойнауымызға рұқсат жоқ. Деломнан іздеп, қалпағым болса, өзіме көрсетіп отырып бұйырыңыз мұндай істі!

– Сенде қалпақтың тіпті үлкені бар, уақыт шығарып іздесе сөзсіз табылады! Оған қарамай жуастықпен жаза бергенің жақсы! – Саучыңсау тағы да насихаттап қалды да, мен сол документті көрмей жазбайтындығымды тағы да айтып шықтым.

Содан екі күн өтіп, үшінші күні таңертең Маужушиға доклат бере салып, жұмысқа шығып бара жатқанымызда  алдымнан тоса қалды:

– Жазып болдың ба, әкел!

– Документіңіз қане?

– Ертең таңертеңге дейін өздігіңнен жазып тапсырмасаң, алып қалып, көзіңе шұқимын. Бар қалпағыңды жасырмақ болғаның үшін қатал күреске тартыласың!

– Қалпақ фактін көрмей жазбаймын. Маужушиден қалпақсыз-ақ қалпағым бар деп жаза бер деген нұсқау жоқ!...

Ертеңіне таңертең Саузыдауян алдымнан тұнжырай келіп тосты.

– Жаздың ба?

– Жоқ, жазбадым!

– Не үшін?

– Қалпағым жоқ! Сіз менің деломды әлі көрмепсіз, айтқанмын ғой! Қалпақсыз адамға қалпақ кидіру үшін ең кем болғанда осы майданнан бір дәреже жоғары орынның бекіткен таңбасы қажет!... Онда да қалпақ киюшінің өзіне уақытында көрсетіп, ұқтырып қоюы шарт!... Бұл заңды білетін саяси нұсқаушы, мені орынсыз–фактсіз қинамаңыз! –Осыны айта салып бұрылып жүре беріп едім.

– Көресіңді дәл бүгін кеште көріп, күреске тартылмай тұрғаныңда дереу жаз!– деп жүріп кетті кабинетіне. Тыңдап тұрған әтіреттестерім оған жарамсақтанып түгел шулады: «өзіңе-өзің мәселе таппай, зыдауян бұйырған соң, сөзсіз жазуың қажет!»– деп еседі.

Оларға түсінікті жауап айтып, бірге кете бердім. Сол күні кешке дейін қылқара да қылилана қарады маған. Бірақ, кеште қайтып келіп, Маужушиға жұмыс доклатын беріп болған соң да, бір сорлыны күреске тартып шырылдатып болған соң да, ұйықтау қоңырауы соғылған соң да маған төнген күрес түгіл зыдауян көрінбеді.

Ертеңіне таңертең «Маужушиға» күнімізсің деп өлең айтып, жұмысқа шығатындығымызды мәлімдеп, тағы да жөнеле беріп едік, Саучыңсау есігінің сыртында тұр екен.

– Жазып болдың ба?– деп тағы сұрады менен.

– Қане, қалпағымның барлығына факт көрсетіңіз, доклатымды қазір-ақ жазып берейін! – қарсы алдына барып тұра қалдым.

– Ей сен оны күтпей-ақ жаза бер деген соң жаза бер!– деп зекіді зыдауян. – Қалпағыңның барлығын зыдауян тұрып мен білмеймін бе? Менен документ сұрайтын не құқығың бар сенің?

– Маужуши бізге мына нұсқауын әлдеқашан берген,– деп жымия қарадым жүзіне. «Тексеріп білмеген адамның пікір беру құқығы жоқ». Сіз менің деломды мүлде көрмегенсіз, білмейсіз. Ол сіздің шкабыңызға да келіп түспепті. Демек, тексеріп білмеген сізге өз жайымды толық білетін менің жауап қайтару құқығым толық! Осы фактымды енді мен көрсетіп сізге, неше күннен бері қанша айтсам да қыр соңымнан қалмадыңыз, енді айыпқа бұйыра алмайсыз. Өз ісімді алдымен өзім білем бе, сен білемісің? Қане қалпақ факт көрсет! –Алқымына екі алақанымды жая ұмтылдым. Түсім бұзылып кеткен сияқты. Саузыдауян шегінгеннен шегініп кабинетіне кірді, мен қуа кірдім. – Қане көрсетіңіз документті. Көрсетіп тұрып «көзімді шығарсаң» да, басымды үйітіп жесең де құқықтысың! Қане, тап фактыңды, әкел! – Зыдауян столын айлана шегінді де мен айлана қудым. Басқа шынсыңдар сыртта дабырласып жатты. Аңыздағы әулиенің жатын орнына жын-шайтанның жолай алмайтыны тәрізді, шынсыңдар бұл кабинетке рұқсатсыз кіре алмайтын. Ол менен қалпақ табылмағандығын қашқан сайын түсіндім, түсінген сайын алқымдадым. – Әкел, тап қалпағымды, көрсет көзіме!...

Менің енді құтқармайтындығымды білгендей, босағадағы велесипетін жетектей жөнелді сыртқа.

– Асықпа, қазір-ақ көрсетемін саған!– деді де секіріп мініп майдан ортылығына қарай зыта жөнелді. Басқалардың қорқынышты көздерін алартып алдыларына түстім де кете бердім егіс атызына....

Ертеңіне таңертең кабинетінің алдынан зыдауянның велесипеті көрінсе де өзі көрінбеді. Кетпен мен орағымды сыртқа қоя сала «баугау!» деп кіріп бардым.

– Әнзің[121] ертең келеді!– деп төмен қарай берді.

– Ертең түгіл ендігі жылы да келмейді зыдауян. Кеше әнзімнен ештеңе таба алмай қайтқаны түсінікті. «Бар нәрсе жоқ болмайды, жоқ нәрсе бар болмайды!» Бұл материализмнің түп принципі. Мұнан соң маған мұндай саяси қалжың айтпаңыз!... Егер мұныңыз саяси жала болмаса, сізге қарсы тұрудан қорқар едім. Кеше құтырудан әрең сақтап қалдым өзімді. Менде қалпақ та, мәселе де жоқ. Бастан-аяқ осындай жаладан сорланып келе жатқан адаммын. Ойлап көріңіз, төңкеріс сабынан өмір бойына шеттеп көрмеген бір адал азаматтың жаладан ғана «жын-шайтан» қатарына қосылып кетуі, нервті қаншалық халге түсіретіндігін түсінерсіз...

Көзімдегі ызаның жасын осы сөзбен сүрте сала жөнелдім жұмысқа. Үнсіз қалған Саучыңсаудың көнтек ерні салпиып, көгілдір ызғармен шаңытып тұратын қалың қара терілі жүзі тіпті қарая түсті. Көз қарашықтары «акоптарына» кіріп алғаны белгілі.

Осыдан соң маған қалпағым жөнінде аузын ашпады. Доклат сұрау түгіл қарауды да қойды. Мен оған қарамадым. Қалпақты шынсыңдар маған сүйіне түсті де қалпақсыздары қодыраңдамай, теңдікпен қарайтын болды. Тек, қылқара ғана өктемдік дектатурасын күшейтіп, ауыр жұмысқа айдай берді. Онысына мойымадым. Қандай жұмыс болса да оның өзінен алысырақ жүрсем жеңіл сезіледі. Тек, жөнсіз тиіскенінде ғана «қалжыңдап» желкесінен мытып-мытып қоя беремін. Ол ойыныма шыдамай шайпаулық тілдері шыға қалған күндерде әтірет бастығына мәлімдеп қоямын да ертеңіне өзіне ескертемін. «Енді мұндай жолсыздық істесе, майдан штабының тәрбиелеп басқару бөліміне борбайынан сүйреп апаратындығымды» жариялаймын. Бірақ бұл мәлімдемем, бір-жар күн ғана күшін сақтай алады...

Әтірет бастығы оны төте тежей алмай, зыдауянға айтыпты бір күні. Саяси нұсқаушы тәрбие беріп түзеткені сол, аулада қылқара мен қолтықтасып, қарқылдап күлісе өтті алдымнан. Түскі демалыс уақыты еді. Маған қыр көрсеткендері екен. Әтірет бастығының оларға тыжырына қарап тұрғанын байқадым. Мен күле қолшапалақтадым сонсоң. Әтіреттегі кадр-шынсыңдары түгел ұқсын деген оймен ханзу тілінде сөйледім.

– Ей зыдауян, «шынсың» дегендердің «люгүй шесің»[122] екендігін ең алдымен сізден естіп едік. Сол «жын-шайтанмен» саяси жетекшінің қолтықтасып-құшақтасқанын да сізден көріп қуанып тұрмыз, құттықтауға рұқсат етіңіз!

Оған наразы шынсыңдардың бірнешеуі маған қосылып қолшапалақтағанда кадрларда бір-біріне қарасып күліп кетті. Саузыдауян қараса да елемегенсіп, Қылқарасын қолтықтаған күйі өте берді.

Сол күні кешкі жиын соңында сөйлеген Саузыдауян «қалпақты албастылардың жүні өсіп, күлетін болып бара жатқанын» айта келе маған барлық кегімен шындап, ашық жауап қайтарды.

– Биғабіл дейтін бұзық элемент, өзінің қалпағын жасырып жоғалттым деп әлінен асып алды!– деп жіберіп, қолапайсыз ернін салпита кіжінді. – Саған қалпақ кигізе алмасам, Саузыдауян болмай кетейін!...



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.