Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Кезбе нерв (Х жұп)



Кезбе нерв (Х жұп)

       

 Кезбе нерв, n.vagus, аралас нерв,  оның сопақша мида орналасқан үш сезімтал, қозғалтқыш және парасимпатикалық ядролары бар.

1.Сезімтал ядросы – жеке ядро, nucleus solitarius, VII, IX және X жұп нервтерге ортақ болады.

2.Парасимпатикалық ядросы – кезбе нервтің артқы ядросы, nucleus dorsalis nervi vagi, деп аталады.

3.Қозғалтқыш ядросы – қос ядро, nucleus ambiguus, IX және X жұп нервтерге ортақ болып келеді.

    Кезбе нерв 5-10 түбіршікпен сопақша мидан, оливаның артындағы артқы латералды жүлге арқылы шығады. Түбіршіктер бір-бірімен қосылып, мойындырық тесіктің  алдыңғы бөлігі арқылы IX, XI жұп нервтермен бірге бассүйек қуысынан шығады. Мойындырық тесігінде жоғарғы түйін, ganglion superius, ал тесік астында төменгі түйін, ganglion inferius, (сезімтал), орналасқан. Мойындырық тесігінен шыққан соң кезбе нерв ішкі мойындырық вена мен ішкі ұйқы артериясының артқы жағында, олардың арасымен төмен жүріп, осы вена мен жалпы ұйқы артериясының  арасында орналасады. Олар ортақ дәнекер тіндік қынапта орналасып, тамырлы - нервтік буда құрайды. Кеуде торының  жоғарғы тесігі, apertura thoracis superior, аймағында кезбе нерв   бұғанаасты артериясы мен венасының аралығынан өтеді (51-срет). Сол кезбе нерв кеуде қуысына еніп, қолқа доғасының алдыңғы бетінде орналасады. Кеуде куысында кезбе нервтер өкпе түбірлерінің артқы жағымен өтіп, өңешке келеді. Оң кезбе нерв тармақтары өңештің артқы қабырғасымен, сол кезбе нерв тармақтары өңештің алдыңғы қабырғасымен төмен түсіп тармақтарға бөлінеді де, өңештің отаңғы бөлігі деңгейінде өзара қосылып  өңеш өрімін, plexus esophageus, түзеді.

Көкеттің өңештік саңылауы аймағында өрімнен алдыңғы және артқы діңдер, trunci vagales anterior et posterior, түзіліп өңешпен бірге іш қуысына өтеді де, асқазанның алдыңғы және артқы беттеріне келеді.

 

 

51 – сурет. Кезбе нервтің кеуде қуысындағы топографиясы.

1 – оң жақтағы кезбе нерв; 2 – сол жақтағы кезбе нерв; 3 – сол жақтағы жалпы ұйқы артериясы; 4 – сол жақтағы бұғанаасты артериясы; 5 – қолқа доғасы; 6 – сол жақтағы көмейлік қайырылма нерв; 7 – артериялық байлам; 8 – өкпелік дің; 9 – сол жақтағы басты бронх; 10 – кеуделік қолқа; 11 – кезбе нервтің алдыңғы діңі; 12 – өңеш өрімі; 13 – көкет; 14 – оң жақтағы басты бронх; 15 – сыңар вена; 16 – жоғарғы қуыс вена; 17 – иық-бас діңі; 18 – оң жақтағы бұғанаасты артерия; 19 – кеңірдек; 20 – сол жақтағы жалпы ұйқы артериясы; 21 – оң жақтағы көмейлік қайрылма нерв.

 

 

  Кезбе   нервтің сезімтал талшықтары  жоғарғы және төменгі түйіндерде, ganglion inferius et superius, орналасқансезімтал жасушалардың шеткі өсінділері болса, ал осы жасушалардың орталық өсінділері сопақша миға кіріп, VІІ, ІХ және Х – жұп бассүйек нервтеріне ортақ жеке ядрода, nucl.solitarius, аяқталады.

   Нервтің қозғалтқыш талшықтары, ІХ, Х-жұп нервтеріне ортақ, қос ядро, nucl.ambiguus, жасушаларының аксондарынан түзілген.

  Кезбе нервтің парасимпатикалық талшықтары артқы ядродан, nucl.dorsalis n.vagi, басталады. Бұл талшықтар сезімтал және қозғалтқыштарға қарағанда кезбе нервтің негізгі бөлігін құрайды.

     Нервтің топографиялық орналасуына байланысты: бастық, мойындық, кеуделік және  іштік 4 бөлігін ажыратады.

Кезбе нервтің бастық бөлігі сопақша мидан жоғарғы түйінге дейін созылады. Осы бөліктен екі тармақ шығады:

1)Қабықтық тармақ, ramus meningeus, сезімтал, жоғарғы түйіннен шығады, бассүйектің артқы шұңқырындағы мидың қатты қабығын нервтендіреді.

2) Құлақтық тармақ, ramus auricularis, сезімтал, құлақ қалқанының және сыртқы есту өтісінің артқы қабырғасының терісін нервтендіреді.

                       Кезбе нервтің мойындық бөлігінің тармақтары.

  Олар төменгі түйін мен көмейдің қайырылма нервтерінің аралығынан кетеді.

1) Жұтқыншақтық тармақтар, rami pharyngei, аралас, құрамы сезімтал, қозғалтқыш, парасимпатикалық талшықтардан тұрады. Олар тіл-жұтқыншақ нервінің жұтқыншақтық тармақтарымен және симпатикалық діңнен кететін қөмей-жұтқыншақтық тармақтармен бірігіп, жұтқыншақ өрімін, plexus pharyngeus, түзеді. Осы өрімнің қозғалтқыш тармақтары жұтқыншақтың қысқыштарын және таңдай пердесін керетін бұлшықеттен, m.tensor veli palatini, басқа, таңдайдың барлық бұлшықеттерін  нервтендіреді.

2)Көмейлік жоғарғы нерв, n.laryngeus superior, аралас нерв, оның қозғалтқыш тармақтары жүзік-қалқанша бұлшықетін, m.cricothyroideus, ал, сезімтал тармақтары көмейлік жоғарғы артериямен, a.laryngea superior, бірге  қалқанша-тіласты жарғағын тесіп өтіп, көмейдің дауыс саңылауынан жоғарғы бөлігінің шырышты қабығын, тіл түбірінің бөлігін және көмей қақпашығының шырышты қабығын нервтендіреді.

3) Жүректің мойындық жоғарғы тармақтары, rr. cardiacі cervicales superiores, саны 1-3-ке дейін, сезімтал және парасимпатикалық талшықтардан тұрады. Олар симпатикалық жүректің  мойындық нервтерімен қосылып жүрек өрімін, plexus cardiacus, қатысады.

4) Қайырылма көмейлік нерв, n.laryngeus reccurens, сезімтал, қозғалтқыш және парасимпатикалық талшықтардан тұратын аралас нерв.

Оң көмейлік қайырылма нерв, кезбе нервтен оң бұғанаасты артериясының деңгейінде басталып, оны астынан артқа қарай айналып өтіп, кеңірдектің латералды жағымен мойынға көтеріледі.

Сол көмейлік қайырылма нерв, кезбе нервтен қолқа доғасының үстінде басталады да, доғаның алдыңғы бетімен түсіп, оны астынан айналып өтеді де, өңеш пен кеңірдек арасындағы жүлгемен жоғары көтеріледі. Көмейлік қайырылма нервтің тармақтары:

1) Кеңірдектік тармақтары, rr. tracheales, кеңірдекті нервтендіреді. Кеуделік бөліктің тармақтары:

2) Өңештік тармақтары, rr.esophagei, өңешті нервтендіреді.

3) Жүректің мойындық төменгі тармақтары, rr.cardiaci cervicalеs inferiores, жүректі нервтендіреді.

4) Көмейлік төменгі нерв, n.laryngeus inferior, көмей қуысының дауыс қатпарының астындағы бөлігінің шырышты қабығын және жүзік-қалқанша бұлшықетінен, m.cricothyroideus, басқа бұлщықеттердің бәрін нервтендіреді.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.