Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Шығыршық нерві (IV)



Шығыршық нерві (IV)

         Шығыршық нерві, n.trochlearis, қозғалтқыш  нерв, ортаңғы мидың – орталық сұр затында төменгі төбешіктердің деңгейінде орналасқан қозғалтқыш ядро жасушаларының аксондарынан түзілген. Нерв дорсалды бағыт алып, ортаңғы мидан жоғарғы ми желкені жүгеншігінің латералды жағынан шығады да, ми аяқшасын латералды жағынан айналып өтіп, ми негізінде пайда болады. Шығыршық нерві бассүйек нервтерінің ішіндегі – мидың негізінен емес, ми дінінің дорсалды бетінен шығатын – жалғыз нерв. Одан кейін алдыға жүріп, көзұяның жоғарғы саңылауы, fissura orbitalis superior, арқылы көзұяға кіреді. Нерв көз алмасының жоғарғы қиғаш бұлшықетін нервтендіреді.

 

Үштік нерв (V)

 

     Үштік нерв, n.trigeminus, сезімтал және қозғалтқыш талшықтардан құралған аралас нерв. Бұл нервтің : үш сезімтал, бір қозғалтқыш – төрт ядросы бар. Оның сезімтал ядролары:

1.Үштік нервтің ортаңғы милық ядросы, nucleus mesencephalicus nervi trigeminalis, ортаңғы мида орналасқан.

2.Үштік нервтің көпірлік ядросы, nucleus pontinus nervi trigeminalis, көпірдеорналасқан.

3.Үштік нервтің жұлындық ядросы, nucleus spinalis nervi trigeminalis,жұлында орналасады.

 4.Үштік нервтің қозғалтқыш ядросы, nucleus motorius nervi trigeminalis, көпірдің (ромбтәрізді шұңқырдың) жоғарғы бөлігінде орналасқан.

 

   Үштік нерв ми негізіне сезімтал, radix sensoria, және қозғалтқыш, radix motoria, – екі түбіршікпен шығады. Бұл нервтің шығатын жері мишықтың ортаңғы аяқшасы мен көпірдің шекарасы болып табылады. Нерв алдыға жүріп, самай сүйек пирамидасының алдыңғы бетіндегі үштік батыңқыда орналасқан үштік түйінге, ganglion trigeminale, келеді. Бұл түйін ( Гассер түйіні) сезімтал нейрондардан түзілген. Үштік нервтің сезімтал түбіршігін – Гассер түйініндегі сезімтал нейрондардың орталық өсінділері (аксондары) түзеді. Олар жоғарыда аталған сезімтал ядроларда аяқталады. Үштік нервтің қозғалтқыш түбіршігін – қозғалтқыш ядроның аксондары құрайды.

  Үштік түйіндегі сезімтал нейрондардың шеткі өсінділері (дендриттері) үш тармақ түзеді: 1 тармақ – көз нерві; 2 тармақ – жоғарғы жақсүйек нерві; 3 тармақ – төменгі жақсүйек нерві (46-сурет).Үштік нервтің тармақтарының ерекшелігі олардың жүру жолында парасимпатикалық түйіндер орналасады. Осы түйіндердің жасушаларында басқа бассүйек нервтерінен (VІІ және ІХ жұптар) шығатын парамсимпатикалық түйінгедейінгі  тармақтар, rami preganglionares, аяқталады. Осы парасимпатикалық түйіндерден – түйінненкейінгі тармақтар, rami postganglionares, шығып, үштік нервтің тармақтарына қосылады да - бездерді нервтендіреді. Үштік нервтің әр тармағының басталатын жерінен мидың қатты қабығына – қабықтық (менингеалдық) тармақ, ramus meningeus, кетеді.

 

                                           

                                            46 – сурет. Үштік нерв.

1 – үштік түйін; 2 – төменгі жақсүйек нерві; 3 – тастық үлкен нерв; 4 – бет нерві; 5 – құлақ – самайлық нерв; 6 – тіл нерві; 7 – ұрт нерві; 8 – төменгі ұяшықтық нерв; 9 – иек нерві; 10 – қанаттәрізді өзек нерві; 11 – қанаттәрізді түйін; 12 – түйіндік тармақтар; 13 - жоғарғы ұяшықтық нерв; 14 – көзұяасты нерві; 15 – бетсүйек нерві; 16 – көзжас нервіне дәнекер тармақ; 17 – көзжас нерві; 18 – көзұяүстілік нерв; 19 – маңдай нерві; 20 – қысқа кірпіктік нервтер; 21 – кірпіктік түйін; 22 – мұрын – кірпіктік түбіршік; 23 – көз нерві; 24 – жоғарғы жақсүйек нерві

 

 

Көз нерві, n.ophthalmicus,  Гассер түйінінен басталып ІІІ және ІV - жұп бассүйек нервтерімен бірге көзұяның жоғарғы саңылауы арқылы көзұяға өтеді. Бұл нервтен көзұяға дейін мишықтың шатырын нервтендіретін қабықтық тармақ,   r. meningeus, кетеді. Нерв көзұяда үш тармаққа: мұрын – кірпіктік, көз жас және маңдай нервтеріне бөлінеді (47 – сурет).

47 – сурет. Көз  нерві және басқа нервтер.

1 – маңдайлық нерв; 2 – көз жастық нерв; 3 – әкететін нерв; 4 – көз нерві; 5 – жоғарғы жақсүйек нерві; 6 –төменгі жақсүйек нерві; 7 – үштік түйін; 8 – көз қозғалтқыш нерв; 9 –көру нерві; 10 – шығыршық нерві; 11 – мұрын кірпіктік нерв;

 

    1. Көзжас нерві, n.lacrimalis,  көзұяда ең латералды орналасқан нерв, ол көзжас безінің және көздің латералды бұрышының терісі мен конънюктивасының  сезімтал нервтенуін қамтамасыз етеді.

 Қанат - таңдай түйінінде орналасқан екінші парасимпатикалық нейрондардың аксондарынан түзілген түйінненкейінгі тармақтар – осы түйіннен кететін  түйіндік тармақтардың, rr. ganglionares, құрамында жоғарғы жақсүйек нервіне қосылады. Одан кейін бетсүйек нервінің, n. zygomaticus, құрамында көзжас нервіне қосылады.  Бұл парасимпатикалық тармақтар көзжас безінің қызметін қамтамасыз етеді.

    2. Маңдай нерві, n.frontalis, көзұяның жоғарғы қабырғасының астымен жүріп,  екіге бөлінеді. Бірінші тармағы, көзұяүстілік нерв, n.supraorbitalis, көзұяүстілік тілік арқылы шығып медиалды және латералды тармақтарға бөлінеді де, маңдай терісін нервтендіреді. Екінші тармағы, шығыршық үстілік нерв, n. supratrochlearis, жоғарғы қиғаш бұлшықет шығыршығының үстімен өтеді де мұрын түбірінің, маңдайдың төменгі бөлігінің терісін,  көздің медиалды бұрышының терісі мен конюктивасын нервтендіреді.

   3 Мұрын – кірпіктік нерв, n.nasociliaris, көз алмасының медиалды тік және жоғарғы қиғаш бұлшықеттерінің арасында орналасады. Оның тармақтары:

  1) Артқы және алдыңғы торлы нервтер, nn. ethmoidales posterior et anterior - торлы сүйек ұяшықтарының шырышты қабығын және мұрын қуысының алдыңғы бөлігінің шырышты қабығын нервтендіреді;

2) Кірпіктік ұзын нервтер, nn.ciliares longi, – көз алмасының ақ және тамырлы қабықтарын  нервтендіреді;

3) Шығыршықастылық нерв, n. infratrochlearis – көздің жоғарғы қиғаш бұлшықетінің астымен жүріп, көздің медиалды бұрышы мен мұрын түбірінің терісін және көзжас қабын нервтендіреді;

4) Кірпіктік түйінге баратын дәнекер тармақ, ramus communicans cum ganglio ciliari, арқылы нерв талшықтары  кірпіктік түйінге келеді де, одан шығатын 15 - 20 кірпіктік қысқа нервтердің, nn.ciliares breves, құрамында көз алмасын сезімтал нервтендіреді.

     Кірпіктік түйін, ganglion ciliare, ұзындығы 1,5 мм шамасында, көзұяның артқы бөлігінде, көру нервінің латералды жағында орналасады.

   Бұл түйін екінші парасимпатикалық нейрондардан түзілген. Ал, бірінші нейрондар ортаңғы мидағы көз қозғалтқыш нервтің қосымша (Якубович)  ядросында жатады. Түйіннен шығатын кірпіктік қысқа нервтер, nervi ciliares breves, көз алмасының қарашықты тарылтатын бұлшықеті мен кірпіктік бұлшықетін нервтендіреді (аккомодацияны қамтамасыз етеді).

     Жоғарғы жақсүйек нерві, n.maxillaris, үштік түйіннен шыққаннан кейін қабықтық тармақты, r. meningeus, береді. Ол бассүйектің ортаңғы шұңқырындағы мидың қатты қабығын нервтендіреді. Жоғарғы жақсүйек нерві бассүйек ішінен дөңгелек тесік арқылы қанат - таңдай шұңқырына еніп: көзұяастылық нерв, бетсүйек нерві және түйіндік тармақтарға бөлінеді.

  1. Көзұяастылық нерв, n. infraorbitalis, жоғарғы жақсүйек нервінің одан түйіндік тармақтар кеткеннен кейінгі жалғасы болып табылады. Бұл нерв көзұяның төменгі саңылауы арқылы көзұяға кіріп көзұяастылық жүлгеде, одан көзұяастылық өзекте орналасады да,  көзұяастылық тесік арқылы жоғарғы жақсүйектің алдыңғы бетіне шығады. Көзұяастылық нервтенен жоғарғы ұяшықтық нервтер, nn. alveolares superiores, кетеді. Бұл нервтердің үш тобы ажыратылады: а) жоғарғы ұяшықтық артқы тармақтар, rr. alveolares superiores posteriores, көзұяастылық нервтен қанат-таңдай шұңқырында кетеді. Олар жоғарғы жақсүйек төмпесіндегі аттас тесіктер арқылы өтіп, жоғарғы үш үлкен азу тістерді нервтендіреді;

ә) жоғарғы ұяшықтық ортаңғы тармақ, r. alveolaris superior medius, көзұяасты нервіненкөзұяасты жүлгесінде кетеді де жоғарғы кіші азу тістерді нервтендіреді; б) жоғарғы ұяшықтық алдыңғы тармақтар, rr. alveolares superiores anteriores, көзұяастылық нервтен көзұяастылық өзектің алдыңғы бөлігінде кетеді де жоғарғы күрек тістер мен ит тісті нервтендіреді.

      Жоғарғы ұяшықтық нервтердің тармақтары бір-бірімен қосылып, жоғарғы тістік өрімді, plexus dentalis superior, түзеді. Олардан тістер мен қызылиекті нервтендіретін жоғарғы тістік тармақтар,rr. dentales superiores және жоғарғы қызылиектік тармақтар, rr. gingivales superiores, кетеді.

Нерв көзұядан жоғарғы жақсүйектің алдыңғы бетіне көзұяастылық тесік арқылы шығып ит тістік шұңқыр аймағында бірнеше тармақтарға бөлініп, төменгі қабақтың, мұрынның және жоғарғы еріннің терілерін нервтендіреді.

  2. Бетсүйек нерві, n. zygomaticus,жоғарғы жақсүйек нервінен қанат-таңдай шұңқырында басталып, көзұяның төменгі саңылауы арқылы көзұяға кіреді. Осы жерде көзжас нервіне дәнекер тармақ береді. Бұл тармақтың құрамында қанат-таңдай түйінінен көзжас безіне баратын парасимпатикалық түйінненкейінгі тармақтар өтеді. Одан кейін бетсүйек нерві самай, бетсүйек пен ұрт аймақтарының терісін нервтендіреді.

  3. Түйіндік тармақтар, rr. ganglionares, жоғарғы жақсүйек нерві мен парасимпатикалық қанат-таңдай түйінін байланыстырып тұрады. Бұл тармақтадың құрамында n. maxillaris-тен сезімтал талшықтар ganglion pterygopalatinum-ге, ganglion pterygopalatinum-нан парасимпатикалық түйінненкейінгі тармақтар n. maxillaris-ке өтеді.

Қанат-таңдай түйіні, ganglion ptreygopalatinum, қанат-таңдай шұңқырында, жоғарғы жақсүйек нервінің астында орналасады. Түйінді екінші парасимпатикалық нейрондар құрайды. Жоғарғы сілекей бөлетін ядроны, n. salivatorius superior, түзетін бірінші парасимпатикалық нейрондардың аксондарынан түзілген түйінгедейінгі тармақтар, тастық үлкен нервті, n. petrosus major,түзеді. Тастық үлкен нерв қанат-таңдай өзегінде ішкі ұйқы өрімінен бөлінетін симпатикалық тастық терең нервпен, n.petrosus profundus, қосылып,  қанат-таңдай өзегінің нерві, n. canalis pterygoidei, деп аталады. Осы нервтің құрамындағы парасимпатикалық түйінгедейінгі тармақтар қанат-таңдай түйініндегі екінші нейрондарға синапс арқылы нервтік импулсті береді. Жоғарғы жақсүйек нервінен келетін сезімтал талшықтар түйін арқылы үзілмей өтіп, қанат-таңдай түйінінен шығатын тармақтар құрамында жалғасады.

      Сонымен, қанат-таңдай түйінінен кететін нервтердің құрамында сезімтал, парасимпатикалық және симпатикалық нерв талшықтары өтеді. Түйіннің тармақтары:  

1) Мұрындық артқы жоғарғы медиалды және латералды тармақтар, rr. nasales posteriores superiores mediales et laterales, сына-таңдайлық тесік арқылы мұрын қуысының шырышты қабығын және бездерін нервтендіреді.

2) Мұрын-таңдай нерві, n. nasopalatinus,  сына-таңдайлық тесік арқылы мұрын қалқасының шырышты қабығына өтеді, әрі қарай күректістік өзек арқылы қатты және жұмсақ таңдайлардың шырышты қабығына енеді.

3) Таңдайлық үлкен және кіші нервтер, n. palatinus major et nn. palatini minores, аттас өзектер арқылы қатты және жұмсақ таңдайлардың шырышты қабығын және бездерін нервтендіреді.

4) Мұрындық артқы төменгі тармақтар, rami nasales posteriores inferiores, таңдайлық үлкен өзек арқылы мұрын қуысы түбінің шырышты қабығын нервтендіреді.

        

Төменгі жақсүйек нерві, n.mandibularis – аралас, үштік нервтің ең ірі тармағы. Үштік түйінге баратын сезімтал және үштік нервтің қозғалтқыш ядросынан шығатын тармақтардан түзілген. Бассүйек ішінен сопақ тесік арқылы шығып бірден қабықтық тармақты, r.meningeus, береді, ол қылқанды тесік арқылы бассүйек қуысына еніп, бассүйектің ортаңғы шұңқырының қатты қабығын нервтендіреді.

Төменгі жақсүйек нервінің тармақтары қозғалтқыш және сезімтал болып, екі топқа бөлінеді.

   Қозғалтқыш тармақтары:

1) шайнау нерві,n.massetericus – аттас бұлшықетті;

2) самайлық терең нерв, nn.temporales profundi – самай бұлшықетін;

3) латералды  және медиалды қанаттәрізді нервтер, nn.pterygoidei lateralis et medialis – аттас бұлшықеттерді нервтендіреді.

Сонымен қатар :

4) таңдай пердесін керетін бұлшықет нерві, n.musculi tensoris veli palatini – аттас бұлшықетті;

5) дабыл жарғағын керетін бұлшықет нерві, n.musculi tensoris tympani – аттас бұлшықетті нервтендіреді. 

 

      Сезімтал тармақтары:

1) Ұрт нерві, n.buccalis, ұрт бұлшықетінің сыртында орналасып, ұрттың терісі мен шырышты қабығында және езудің терісінде тармақталады;

2) Төменгі ұяшықтық нерв, n.alveolaris inferior, аралас, төменгі жақсүйек нерві тармақтарының ішіндегі ең ірісі. Төменгі жақсүйек өзегінің алдында одан  жақсүйек-тіласты нерві, n.mylohyoideus, шығып аттас бұлшықетті және қос қарыншалы бұлшықеттің алдыңғы қарыншасын нервтендіреді. Нерв foramen mandibulae ,арқылы a.alveolaris inferior - мен бірге төменгі жақсүйек өзегіне енеді. Өзектің ішінде оның тармақтары төменгі тістік өрімді, plexus dentalis inferior, құрайды. Өрімнен төменгі қызыл иектік тармақтар,rr.gingivales inferiorеs, пен төменгі тістік тармақтар, rr.dentales inferiores, кетеді. Олар төменгі тістер мен қызыл иекті нервтендіреді.

Төменгі ұяшықтық нерв төменгі жақсүйектің өзегінен иек тесігі арқылы шығып иек нерві, n.mentalis, деп аталады. Иек нерві иек пен төменгі еріннің терісін нервтендіреді.

     Тіл нерві, n.lingualis, аралас нерв (48-сурет), оны үш түрлі: жалпы сезімталдық пен дәм сезуді өткізетін және парасимпатикалық талшықтар құрайды.

48 – сурет. Тіл нервтері.

1 – тіл нерві; 2 – тіл; 3 – тіласты безі; 4 – тіласты нерві; 5 – төменгі жақсүйекасты безі; 6 –төменгі жақсүйекасты түйіні; 7 – тіл-жұтқыншақ нерві; 8 – төменгі жақсүйек тармағы.

 

        Тіл нерві төмен жүріп латералды және медиалды қанаттәрізді бұлшықеттердің арасынан өтеді. Осы жерде оған құрамында дәм сезу талшықтары мен жоғарғы сілекей бөлетін ядродан шығатын парасимпатикалық түйінгедейінгі тармақтары бар, дабыл ішегі, chorda tympanі, келіп қосылады.

        Тіл нерві одан кейін төменгі жақсүйек тармағының ішкі бетімен өтеді де, доғатәрізді иіліп төменгі жақсүйекасты безінің үстімен жүріп, тілге төменгі беті жағынан енеді. Ол көптеген тілдік тармақтарға, rr. linguales, бөлініп тілдің алдыңғы үштен екі бөлігін жалпы және дәм сезімдерімен қамтамасыз етеді. Тіл нервінен оның астында орналасқан төменгі жақсүйекасты түйініне, ganglion submandibulare, және тұрақсыз тіласты түйініне, ganglion sublinguale, түйіндік тармақтар, rr.ganglionares, барады. Бұл тармақтардың құрамында парасимпатикалық түйінгедейінгі тармақтар  және жалпы сезімтал талшықтар өтеді. Парасимпатикалық тармақтар аталған түйіндердегі екінші нейрондарда аяқталады. Сезімтал талшықтар түйін арқылы үзілмей өтеді де, түйінненкейінгі тармақтармен бірге бездік тармақтар, rr.glandulares, түрінде төменгі жақсүйекасты және тіласты бездерін нервтендіреді.

  Тіл нервінің ауыз қуысы түбіндегі тармақтары:

Тіласты нерві, n.sublingualis, ауыз қуысы түбінің шырышты қабығын және төменгі қызыл иектің алдыңғы бөлігін және тіласты безін нервтендіреді.

Аңқа қылтасының тармақтары, rr.isthmi faucium, – таңдай - тіл доғасын және таңдай бадамшасын нервтендіреді.

 

    Құлақ-самай нерві, n.auriculotemporalis,  аралас нерв, төменгі жақсүйек нервінен екі тармақпен басталады, олар артқа жүріп ортаңғы қабықтық (менингеалдық) артерияны қоршап өтеді де, өзара қосылып бір тармақ түзеді. Құлақ-самай нерві төменгі жақсүйектің айдаршықтық өсіндісінің ішкі жағымен артқа және жоғары жүріп шықшыт безін тесіп өтеді, одан кейін самайлық беткей артериямен қатар жүріп, сыртқы есту өтісінің алдында орналасады. Одан жоғары көтеріліп, өзінің соңғы тармақтары - самайлық беткей тармақтар, rr.temporales superficiales, түрінде самай аймағының терісін нервтендіреді.

   Құлақ-самай нерві сезімтал тармақтарымен құлақ қалқанының алдыңғы бөлігін, сыртқы есту жолын, дабыл жарғағын және шықшыт буынын нервтендіреді.

Төменгі жақсүйек нервінің медиалды жағында, сопақша тесіктің астында – парасимпатикалық құлақ түйені, ganglion oticum, жатады. Бұл түйін екінші нейрондардан түзілген. Тіл-жұтқыншақ нервінің төменгі сілекей бөлетін  ядросынан (бірінші нейрондар) шығатын түйінгедейінгі тармақтаралдымен – дабыл нервінің, n.tympanicus, одан кейін тастық кіші нервтің, n.petrosus minor, құрамында құлақ түйініне келеді. Құлақ түйінінен шығатын секрециялық  түйінненкейінгі тармақтар, құлақ-самай нервінен кететін шықшыт бездік тармақтар, rr.parotidei, құрамында өтіп шықшыт безінің қызметін қамтамасыз етеді. Бұл тармақтардың құрамында сезімтал тармақтар да өтеді.   

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.