Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Иіс сезу нервтері (І). Көру нерві (ІІ). Көз қозғалтқыш нерв (ІІІ)



Иіс сезу нервтері (І)

   Иіс сезу нервтері, nn.olfactorii, сезімтал нервтер, мұрын қуысының жоғарғы мен ортаңғы кеуілжірлерінде орналасқан иіс сезу аймағының шырышты қабығындағы иіс сезу жасушаларының орталық өсінділерінен құралған. Иіс сезу нервтері біртұтас сабауға жиналмай, торлы сүйектің тесіктелген табақшасы арқылы бассүйек ішіне өтетін бірнеше будалар (15-20) түзеді. Иіс сезу нервтері иіс сезу буылтығының жасушаларында аяқталады. Бұл нервтер алдыңғы мидың өсінділері болғандықтан, оларда түйіндер болмайды.

 

Көру нерві (ІІ)

Көру нерві, n.opticus, сезімтал нерв, торлы қабықтың соқыр дақ (көру нерві дискісі) аймағында мултиполярлы нейрондардың  аксондарының бірігуінен түзілген. Ол көз алмасының тамырлы және ақ қабығынан шығып, көзұя арқылы өтеді. Көру нерві көзұяда ішкі және сыртқы қынаптармен қоршалған, олар мидың қатты және жұмсақ қабықтарының жалғасы болып табылады да ақ қабыққа ұласады.

Көзұядан көру өзегі, сanalis opticus, арқылы шығып, бассүйек қуысына кіреді де, ми негізінде оң және сол көру нервтері бір-бірімен жақындасып, көру қиылысын, chiasma opticum, түзеді. Көру қиылысында көру нервтерінің тек медиалды бөліктері ғана қиылысады, ал латералды бөліктері қиылыспай, өз жағымен өтеді.Көру нерві қиылыстан кейін көру жолына, tractus opticus, жалғасады.

 

Көз қозғалтқыш нерв (ІІІ)

Көз қозғалтқыш нерв, n.oculomotorius, аралас нерв. Ол қозғалтқыш және парасимпатикалық ядролардың аксондарынан түзілген.Оның: көзқозғалтқыш нервтің ядросы, nucleus nervi oculomotorii, (қозғалтқыш ядро) және парасимпатикалық  - көзқозғалтқыш нервтің қосымша ядросы (Якубович ядросы), nucleus oculomotorius accessorius, деп аталатын екі ядросы бар. Олар ортаңғы мида – суқұбырдың астында, жоғарғы төбешіктердің деңгейінде орналасқан. Көз қозғалтқыш нерв ортаңғы мидан, ми аяқшасының медиалды жиегі арқылы шығады да, үңгірлі қойнаудың бүйір бетімен өтіп, көзұяның жоғарғы саңылауы арқылы көзұяға енеді. Көзұяға кірмес бұрын нерв, жоғарғы және төменгі тармақтарға бөлінеді.

Жоғарғы тармақ таза қозғалтқыш, ол көз алмасының жоғарғы тік бұлшықеті мен жоғарғы қабақты көтеретін бұлшықетті нервтендіреді.

Төменгісі – аралас тармақ. Қозғалтқыш талшықтар көз алмасының төменгі және медиалды тік бұлшықеттерін және төменгі қиғаш бұлшықетін нервтендіреді.

Төменгі тармақтан шығатын парасимпатикалық талшықтар көз қозғалтқыш түбіршігін, radix oculomotoriа, құрап, кірпікті түйінге, ganglion ciliare, келеді. Бұл түбіршікті көз қозғалтқыш нервтің қосымша ядросының түйінгедейінгі тармақтары, rami preganglionares, түзеді.

Кірпікті түйінді барлық вегетативтік түйіндер сияқты екінші парасимпатикалық нейрондар құрайды. Кірпікті түйін жасушаларының түйінненкейінгі тармақтары, rami postganglionares, - қысқа кірпікті нервтерді , nn. ciliares breves, түзіп, көз алмасының кірпікті бұлшықетін, m. ciliaris және қарашықты тарылтатын бұлшықетін, m. sphincter pupillae, нервтендіреді. Кірпікті бұлшықеткөзбұршақтың дөңестігін өзгерту арқылы аккомадацияны (көздің анық көруін) қамтамасыз етеді.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.