Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Тілжұтқыншақ нерві (ІХ)



                             Тілжұтқыншақ нерві (ІХ)

         

Тілжұтқыншақ нерві, n.glossopharyngeus– сезімтал, қозғалтқыш және парасимпатикалық (секреттік) талшықтардан құралған  аралас нерв. Осыған сәйкес, нервтің сопақша мида:

1) сезімтал VІІІ, ІХ және Х жұп нервтерге ортақ –жеке ядро, nucleus solitarius;

2) қозғалтқыш  қос ядросы, nucleus ambiguus;

3) парасимпатикалық – төменгі сілекей бөлетін ядро, nucleus solivatorius inferior, деп аталтын үш ядросы бар.

        Тіл жұтқыншақ нерві 5-6 түбіршіктер түрінде сопақша мидан - оливаның артында, кезбе және қосымша нервтердің жоғарғы жағынан шығады. Аталған нервтермен бірге латералды жаққа жүріп, мойындырық тесіктен, foramen jugulare, шығады. Осы аймақта тіл-жұтқыншақ нервінің сезімтал нейрондардан түзілген жоғарғы және төменгі екі түйіні бар. Жоғарғы түйіні, ganglion superius, мойындырық тесіктің ішінде, төменгі түйіні,ganglion inferius, тесіктен шыққаннан кейін самай сүйек пирамидасының астында орналасады (50-сурет).

 

 

50- сурет. Тіл – жұтқыншақ, кезбе және қосымша нервтер.

1 – үштік нервтің түйіні; 2 – тіл – жұтқыншақ нерві; 3 - қосымша нерв; 4 – кезбе нерв; 5 – мойындық жоғарғы түйін; 6 – мойын өрімі; 7 – көмейлі төменгі нерв; 8 – мойын ілмегі; 9 – көмейлік жоғарғы нерв; 10 – тіласты нерві; 11 – тіл нерві.

 

 

Тілжұтқыншақ нерві мойындырық тесігінен шыққаннан кейін ішкі ұйқы артериясының артқы жағымен,одан кейін  осы артерия мен ішкі мойындырық венаның арасында төмен жүреді. Сонан соң доғатәрізді иіліп, алдыға жүріп, біз-тіласты және біз-жұтқыншақ бұлшықеттері арасымен өтіп, тіл түбіріне кіреді де соңғы тілдік тармақтарға,rami lingualеs, бөлінеді. Бұл тармақтар тілдің  артқы үштен бір бөлігінің шырышты қабығын нервтендіріп, оның жалпы және дәм сезімталдықтарын қамтамасыз етеді. Дәм сезу талшықтары науатәрізді бүртіктерді нервтендіреді. Тілжұтқыншақ нервінің тармақтары:

1) Дабыл нерві, n.tympanicus, сезімтал және парасимпатикалық талшықтардан  тұратын аралас нерв, ол тілжұтқыншақ нервінің төменгі түйінінен басталып, самай сүйектің дабыл өзекшесі арқылы дабыл қуысына кіріп, шырышты қабықта дабыл өрімін, plexus tympanicus,түзеді. Бұл өрімге ішкі ұйқы өрімінен симпатикалық ұйқы  – дабыл нервтері, nn.caroticotympanici қосылады. Дабыл өрімінің сезімтал талшықтары дабыл қуысы мен есту түтігінің шырышты қабықтарын нервтендіреді. Құрамында төменгі сілекей бөлетін ядроның парасимпатикалық түйінгедейінгі талшықтары бар, дабыл өрімінің тармағы тастық кіші нерв, n.petrosus minor, деп аталады. Ол дабыл қуысынан аттас саңылау арқылы шығып, самай сүйегі пирамидасының алдыңғы бетіндегі аттас жүлгемен жүреді. Сонан кейін, тастық кіші нерв сына-тастық саңылау, fissura sphenopetrosa арқылы бассүйек негізінің сыртқы бетіне шығып, екінші парасимпатикалық нейрондардан түзілген құлақ түйінінде, ganglion oticum,аяқталады. Түйіннен кететін түйінненкейінгі тармақтар құлақ-самай нервінің, n.auriculotemporalis, құрамында шықшыт безін нервтендіреді.

2) Жұтқыншақтық тармақтар, rami pharyngei, сезімтал нервтер. Олар кезбе нервтің тармақтарымен, симпатикалық сабаудың жоғарғы мойындық түйінінен кететін көмей-жұтқыншақтық  тармақтарымен бірігіп жұтқыншақ қабырғасында өрім түзеді.

3) Біз-жұтқыншақ тармағы, ramus stylopharyngeus, қозғалтқыш, біз-жұтқыншақ бұлшықетін нервтендіреді.

4) Бадамшалық тармақтар, rami tonsillares, сезімтал, таңдай бадамшаларын және таңдай доғаларының шырышты қабықтарын нервтендіреді.

5) Дәнекер тармақ (кезбе нервтің құлақтық тармағымен), ramus communicans (cum ramo auriculari nervi vagi) , кезбе нервтің құлақтық тармағымен қосылып, сыртқы есту өтісін және құлақ қалқанының артқы бетін нервтендіруге қатысады.

6) Қойнаулық тармақ, ramus sinus carotici, сезімтал. Жалпы ұйқы артериясы айрығында орналасқан ұйқы қойнауын, sinus caroticus және ұйқы шумағын, glomus caroticum (хеморецептор) нервтендіреді.

      Сонымен тұл-жұтқыншақ  нерві  тілдің артқы үштен бір бөлігінің,  жұтқыншақтың, таңдай доғаларының, бадамшалардың, дабыл қуысының, есту түтігінің шырышты қабықтарын және ұйқы қойнауын сезімтал талшықтарымен нервтендіреді.

Оның қозғалтқыш тармағы біз-жұтқыншақ бұлшықетін, ал парасимпатикалық тармағы шықшыт безін нервтендіреді.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.