|
|||
Кіреберіс– ұлу нерві (VІІІ)Кіреберіс– ұлу нерві (VІІІ)
Кіреберіс – ұлу нерві,n.vestibulocochlearis, – естуді және тепе-теңдікті сақтау жағдайы туралы ақпаратты орталық нерв жүйесіне жеткізетін арнайы сезімтал нерв, ол ұлу және кіреберіс бөліктерінен тұрады. Бұл нервтің ромбтәрізді шұңқырдың кіреберістік алаңында орналасқан 2 ұлулық және 4 кіреберістік – барлығы 6 сезімтал ядросы бар. Ұлулық алдыңғы ядросы, n. cochlearis anterior, мен ұлулық артқы ядросында , n. cochlearis posterior, есту сезімталдығы қабылданады. Кіреберістік ядролары: медиалды ядросы, n. vestibularis medialis, кіреберістік латералды ядросы, n. vestibularis lateralis, кіреберістік жоғарғы ядросы, n. vestibularis superior, және кіреберістік төменгі ядросы, n. vestibularis inferior, дене қалпының өзгеруі туралы ақпараттарды (нервтік импулстерді) қабылдайды. Ішкі құлақтың жарғақты ұлу түтігіндегі, ductus cochlearis, эндолимфаның дыбыстық тербелістері осында орналасқан иірмелі ағза, organum spirale, рецепторлары арқылы қабылданып нервтік есту импулсіне айналады. Сезімтал нейрондар біліктің иірмелі өзегінде, canalis spiralis modioli ,орналасқан ұлу түйінінде (иірмелі түйінінде), ganglion cochleare (ganglion spirale), орналасады. Бұл түйіннің жасушаларының шеткі өсінділері иірмелі ағза жасушаларынан басталады, ал орталық өсінділері көпірде орналасқан ұлудың артқы және алдыңғы ядроларына бет алып, VІІІ жұп нервтің ұлулық бөлігін, pars cochlearis , құрастырады. Кіреберіс – ұлу нервінің кіреберістік бөлігі, тепе-теңдік сақтау анализаторының бастапқы бөлігін құрайды, ол ішкі құлақтағы жарғақты лабиринттің эллипстік қапшасынан, utriculus, дөңгелек қапшасынан, sacculus, және ампулаларынан, ampulae membranaceae, басталады. Эллипстік және дөңгелек қапшадағы рецепторлар (түкті сезімтал жасушалар түрінде болады) ақшыл түсті дақтар, maculae, түзеді. Дақтарда эндолимфаның тербелісі арқылы дененің қозғалмай тұрған (статикалық) қалпы мен тура жүрген қалпы қабылданады. Жарғақтағы ампулалардағы рецепторлар қырлар, cristae ampullares, түзеді. Оларда эндолимфаның тербелісі арқылы дененің әртүрлі бағыттағы (оңға, солға, еңкею және т.с.с.) қимылдары туралы ақпарат қабылданады. Аталған рецепторлардын келетін нервтік импулсті қабылдайтын сезімтал нейрондар ішкі есту өтісінің, meatus acusticus internus, түбінде орналасқан кіреберіс түйінінде, ganglion vestibulare, жатады. Кіреберіс түйінінің биполярлы жасушаларының орталық өсінділері VІІІ-жұп нервтің кіреберістік бөлігін, pars vestibularis, құрастырып, көпір–мишық бұрышы аймағында бет нервінің латералды жағынан ми көпіріне енеді. Ол көпірдегі кіреберіс ядроларында аяқталады.
|
|||
|