Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





кететін нерв (VІ). Бет нерві (VІІ)



Әкететін нерв (VІ)

     Әкететін нерв, n.abducens –  қозғалтқыш, ол ми көпірінде орналасқан қозғалтқыш ядроның, nucleus n.abducentіs, нейрондарының аксондарынан түзілген. Нерв мидан көпір мен сопақша ми пирамидасының арасындағы көлденең жүлге арқылы шығады да алдыға жүріп,  үңгірлі қойнау ішінде - ішкі ұйқы артериясының  латералды жағында орналасады. Әкететін нерв көзұяға көзұяның жоғарғы саңылауы арқылы кіреді де, көз алманың латералды тік бұлшықетін невртендіреді.

 

Бет нерві (VІІ)

      Бет нерві, n.facialis – аралас нерв (49-сурет), ол сезімтал, қозғалтқыш және парасимпатикалық талшықтардан тұрады. Осыған сәйкес бет нервінің көпірде орналасқан сезімтал, парасимпатикалық және қозғалтқыш үш ядросы бар. Сезімтал ядросы – жеке ядро, nucleus solitarius, парасимпатикалық ядросы – жоғарғы сілекей бөлетін ядро, nucleus salivatorius superior, және қозғалтқыш ядросы – бет нервінің ядросы, nucleus nervi facialis, деп аталады.

 

49 – сурет. Бет нерві және бас пен мойынның басқа нервтері.

1 – бет нервінің самайлық тармақтары; 2 – бет нервінің көзұя үстілік тармақтары ; 3 –; бет нервінің бетсүйектік тармақтары; 4 – көзұя астылық нерв; 5 – бет нервінің ұрттық тармақтары; 6 – бет нерві; 7 – иек нерві; 8 – төменгі жақсүйектің жиектік тармағы; 9 – бет нервінің мойындық тармағы; 10 – мойынның көлденең нерві; 11 – бұғана үстілік нервтер; 12 - қосымша нерв; 13 – құлақтық үлкен нерв; 14 -  шүйделік кіші нерв; 15 – шүйделік үлкен нерв; 16 – құлақ-самайлық нерв.

 

Бет нервінің сезімтал талшықтары дәм сезу қызметін атқарады да жеке ядрода аяқталады. Парасимпатикалық талшықтары жоғарғы сілекей бөлетін ядродан шығады. Сезімтал дәм сезу және парасимпатикалық талшықтары қосылып, бет нервінің бір бөлігі – аралық нервті, n. intermedius, түзеді. Ал, қозғалтқыш ядро нейрондарының аксондары меншікті бет нервін, n.facialis, құрайды.

   Бет нерві аралық нервпен және кіреберіс - ұлу (VIII) нервімен бірге ми негізінен көпірдің артқы жиегінде, оливаның латералды жағынан (көпір- мишық бұрышы) шығады. Одан кейін олар ішкі есту өтісіне, meatus acusticus internus,енеді. Бұл жерде меншікті бет нерві мен аралық нерв өзара қосылып, беттік өзекке, canalis facialis, өтеді. Беттік өзектің иінінде, geniculum canalis facialis, бет нерві  иін, geniculum n.facialis, түзеді. Осы жерде сезімтал нейрондардан құралған иін түйіні, ganglion geniculi, орналасады.  

  Бет өзегінде бет нервінен үш тармақ шығады:

1. Тастық үлкен нерв, n. petrosus major, парасимпатикалық нерв. Оны жоғарғы сілекей бөлетін ядроны түзетін бірінші парасимпатикалық нейрондардың аксондары түзеді. Тастық үлкен нерв, бет нервінің иіні тұсында басталып, тастық үлкен нерв өзегінің саңылауы, hiatus canalis nervi petrosi majoris, арқылы пирамиданың алдыңғы бетіне шығады. Одан әрі аттас жүлгеде, sulcus n. petrosi majoris, орналасып, жыртық тесік арқылы бассүйек негізінің астында (сыртында) орналасқан қанаттәрізді өзекке енеді. Өзекте ішкі ұйқы өрімінен, plexus caroticus internus, бөлінетін симпатикалық, тастық терең нервпен, n.petrosus profundus, қосылып, қанат-таңдай өзегінің нервін, n. canalis pterygoidei,түзеді. Бұл нерв қанат-таңдай шұңқырында орналасқан аттас түйінге енеді. Нервтің құрамындағы парасимпатикалық түйінгедейінгі тармақтар, түйінді түзетін парасимпатикалық екінші нейрондарға нервтік импулсті жеткізеді. 

  Қанат-таңдай түйіні жоғарғы жақсүйек нервімен түйіндік тармақтар, rami ganglionares,  арқылы байланысады. Бұл тармақтар арқылы жоғарғы жақсүйек нервінен келетін сезімтал талшықтар түйін арқылы үзілмей өтіп, түйіннен кететін тармақтар құрамында жалғасады. Ал, қанат-таңдай түйінінде орналасқан екінші парасимпатикалық нейрондардың аксондарынан түзілген түйінненкейінгі тармақтардың бір бөлігі түйіндік тармақтар арқылы жоғарғы жақсүйек нервіне барып қосылады да, одан кейін бетсүйек нервісінің құрамында көзжас нервісіне барады. Екінші бөлігі түйіннен кететін нервтердің құрамында таңдай және мұрын қуысының бездерін нервтендіреді.

2. Дабыл ішегі,  chorda tympani, дәм сезу және парасимпатикалық талшықтардан тұратын аралас нерв.   Дабыл ішегі беттік өзектің төмендеген бөлігінде бет нервінен бөлініп, дабыл қуысына енеді де, дабыл қуысынан тастық-дабыл саңылауы, fissurа petrotympanica,  арқылы шығады. Дабыл ішегі төмен жүреді де тіл нервімен қосылып (төменгі жақсүйек нерві тармағы), оның құрамында тілдің алдыңғы үштен екі бөлігінен дәм сезімталдығын өткізеді, ал парасимпатикалық түйінгедейінгі тармақтары тіл нервінің түйіндік тармақтарының, rami ganglionares, құрамында төменгі жақсүйекасты және тұрақсыз тіласты түйіндеріне барады. Бұл түйіндерде орналасқан екінші парасимпатикалық нейрондардың түйінненкейінгі тармақтары - бездік тармақтар, rr.glandulares, түрінде төменгі жақсүйекасты және тіласты бездерін нервтендіреді.

3) Үзеңгі нерві, n.stapedius, қозғалтқыш, үзеңгі бұлшықетін нервтендіретін жіңішке нерв.

Бет нервінің беттік өзектен біз–емізіктәрізді тесік, foramen stylomastoideum,арқылы шыққаннан кейінгі тармақтары:

1) Құлақтық артқы нерв, n. auricularis posterior, – құлақтың артқы және жоғарғы бұлшықеттерін, бассүйекүсті бұлшықетінің шүйделік қарыншасын нервтендіреді;

2) қос қарыншалық тармақ, ramus digastricus, – қос қарыншалы бұлшықеттің артқы қарыншасын нервтендіреді;

3) біз–тіластылық тармақ, ramus stylohyoideus, – біз – тіласты бұлшықетін нервтендіреді.

Сонан соң бет нерві шықшыт безіне кіріп бір – бірімен қосылып, шықшыт өрімін, plexus parotideus, түзеді. Бұл өрімнен қозғалтқыш тармақтар жоғары, алдыға және төмен қарай шашырай таралады:

1) самайлық тармақтар, rami temporalеs, бассүйекүсті бұлшықетінің маңдайлық қарыншасын, құлақтың алдыңғы және жоғарғы бұлшықеттері мен көздің дөңгелек бұлшықетін нервтендіреді;

2) бетсүйектік тармақтар, rami zуgomatici, көздің дөңгелек бұлшықетін және бетсүйектік үлкен бұлшықетті нервтендіреді;

3) ұрттық тармақтар, rami buccales, – бетсүйектік үлкен және кіші бұлшықеттерді, жоғарғы ерінді көтеретін бұлшықетті, ұрт бұлшықетін, езуді көтеретін бұлшықетті, күлкі, мұрын және ауыздың дөңгелек бұлшықеттерін нервтендіреді;

4) төменгі жақсүйектің жиектік тармағы, ramus marginalis mandibulaе, езуді түсіретін бұлшықетті, төменгі ерінді түсіретін бұлшықетті, иек бұлшықетін нервтендіреді;

5) мойындық тармақ, ramus colli, – төменгі жақсүйек бұрышының артымен мойынға өтіп, мойынның теріастылық бұлшықетін нервтендіреді.

   Сонымен, бет нерві барлық мимикалық бұлшықеттер мен мойынның кейбір бұлшықеттерін, үзеңгі бұлшықетін, тілдің алдыңғы үштен екі бөлігіндегі дәм сезу бүртіктерін, төменгі жақсүйекасты және тіласты сілекей бездерін, мұрын қуысының және таңдайдың шырышты бездері мен көзжас безін нервтендіреді.            

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.