Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Бүйір қарыншалар



Бүйір қарыншалар

Соңғы мидың (үлкен ми сыңарларының) қуысы бүйір қарыншалар, ventriculi laterales, деп аталады. Бұрынғы кездері сол жақтағы ми сыңарының қуысы – бірінші қарынша, оң жақтағысы – екінші қарынша деп аталатын. Бүйір қарынша сүйелді дененің астыңғы жағында, ми сыңарының төрт үлесінің ішінде орналасады (31 - сурет).  Осыған сәйкес оның: маңдайлық үлесте орналасқан – алдыңғы (маңдайлық) мүйізі, cornu anterius (frontale);  шекелік үлесте орналасқан – орталық бөлігі, pars centralis; шүйделік үлестегі – артқы (шүйделік) мүйізі, cornu posterius (occipitale), және самайлық үлесте жататын – төменгі (самайлық) мүйізі, cornu inferius (temporale), деп аталатын төрт бөлігі ажыратылады.

Алдыңғы мүйіздің латералды қабырғасын мен төменгі қабырғасының бір бөлігін құйрықты ядроның басы түзеді. Медиалды қабырғасы – мөлдір қалқа, septum pellucidum, оның артқы жағында, таламус пен күмбез діңінің (сабауының) арасында, қарыншааралық тесік, foramen interventriculare, (Монрой тесігі) орналасады. Осы тесік арқылы ми - жұлын сұйықтығы бүйір қарыншадан үшінші қарыншаға өтеді.Алдыңғы мүйіздің алдыңғы, жоғарғы және төменгі қабырғаларын сүйелді дене құрайды.

 Бүйір қарыншаның орталық бөлігінің жоғарғы қабырғасын немесе төбесін – сүйелді дене түзеді. Төменгі қабырғасын (түбін) құйрықты ядроның денесі мен таламустың жоғарғы бетінің бөлігі құрастырады. Медиалды қабырғасында күмбездің денесі орналасады.Орталық бөліктің төбесі мен түбі латералды жағында бір – бірімен үшкірленіп, тұтасып кетеді.

Төменгі мүйіздің медиалды қабырғасында  гиппокамп орналасады. Оның медиалды жиегінде күмбез аяқшасының жалғасы - гиппокамп шашағы, fimbria hippocampi, жатады.Төменгі мүйіздің жоғарғы және латералды қабырғаларын сүйелді дененің талшықтары құрайды. Төменгі қабырғасында үлкен ми сыңарының төменгі бетінде орналасқан коллатералды жүлгеге сәйкес келетін коллатералды дөңес, eminentia collateralis, жатады.

Бүйір қарыншаның орталық бөлігі мен төменгі мүйізінде өте маңызды қызмет атқаратын: ми – жұлын сұйықтығын бөліп шығаратын бүйір қарыншаның тамырлы өрімі, plexus choroideus ventriculi lateralis, орналасады.

Бүйір қарыншаның артқы мүйізінің медиалды, жоғарғы және латералды қабырғаларын сүйелді дененің жамылғы, tapetum, деп аталатын талшықтары құрайды. Төменгі қабырғасы шүйделік үлестің ақ затынан түзілген. Медиалды қабырғада екі дөңес орналасады, олардың төменгі, үлкендеуі - құс топшысы, calcar avis, деп аталады. Құс топшысы шүйделік үлестің медиалды бетінде орналасқан топшылық жүлгеге сәйкес келеді. Бұл жүлгенің түбінде, жоғарғы және төменгі жақтарында көру анализаторының қыртыстық орталығы орналасады.

                   

            31 – сурет. Соңғы мидың  бүйір қарыншалары,горизонталды кесіндісі.                     

           1 – мөлдір табақша; 2 – мөлдір табақшаның қуысы; 3 - шекаралық жолақ; 4 - бүйір қарыншаның орталық бөлігі; 5 – күмбез аяқшасы; 6 – күмбез дәнекері; 7 – құс топшысы; 8 – бүйір қарыншаның артқы (шүйделік) мүйізі; 9 – сүйелді дене буылтығы; 10 – гиппокамп; 11 -  бүйір қарыншаның төменгі  (самайлық) мүйізі; 12 – таламус; 13 – қарыншааралық тесік; 14 – құйрықты ядроның басы; 15 – бүйір қарыншаның алдыңғы (маңдайлық) мүйізі.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.