|
|||
Ми қабықтары. Бұл қойнауларда мидан шығатын веналық қан және торлы қабық астындағы кеңістіктен келетін ми-жұлын сұйықтығы ағады.Ми қабықтары Ми қабықтары, meninges,жұлынның үш:торлы, жұмсақ қабықтарының жалғасы болып табылады. Мидың қатты қабығы, dura mater encephali, тығыз, дәнекер тінді қабық, бассүйекке тікелей жанасып жатады да, оның сүйек қабығы (periosteum) болып табылады (35 – сурет). Сондықтан жұлындағы сияқты қатты қабықүстілік (эпидуралды) қуысыболмайды.Қатты және торлықабық арасында аз мөлшердегі ми-жұлын сұйықтығы бар саңылаутәрізді - қатты қабықастындағы кеңістік, spatium subdurale, орналасады. Қатты қабық кей жерлерде екі жапырақшаларға бөлініп, үш бұрышты қуыстарды – мидың қатты қабығының қойнауларын, sinus durae matris,түзеді. Бұл қойнауларда мидан шығатын веналық қан және торлы қабық астындағы кеңістіктен келетін ми-жұлын сұйықтығы ағады. Мидың қатты қабығынан төрт өсінді кетеді: 1. Үлкен ми орағы, falx cerebri, үлкен ми сыңарларын бір-бірінен бөліп тұрады. 2. Мишық шатыры, tentorium cerebelli, горизанталды жазықтықта орналасып, үлкен мидың шүйделік үлестерін мишықтан бөліп тұрады 3. Мишық орағы, falx cerebelli, мишық сыңарларын бір-бірінен бөліп тұратын кішкене өсінді. 4. Ертоқым көкеті, diaphragmа sellae, түрік ертоқымын горизонталды жазықтықта үстіңгі жағынан жауып тұрады. Көкеттің астындағы гипофиздікшұңқырда, эндокриндік без – гипофиз жатады. Көкеттің ортасындағы тесік арқылы гипофизді гипоталамуспен (аралық ми) жалғастыратын құйғы, infundibulum , өтеді.
35 – сурет. Мидың қатты қабығы. 1- үлкен ми орағы; 2 – тік қойнау; 3 – мищық шатыры; 4 – түрік ертоқымының көкеті; 5 – ішкі ұйқы артериясы мен көру нерві. Мидың қатты қабығының қойнаулары. Қойнаулардың веналардан айырмашылығы: қабырғалары қатты керілген қуыс болып табылады, сондықтан кескен кезде веналар сияқты жабысып қалмай, үшбұрышты пішінін сақтап тұрады.Олардың бұл ерекшелігі бассүйек ішіндегі қысым өзгергенде қанның еркін ағуын қамтамасыз етеді. Қойнаулардың веналар сияқты қақпақшалары болмайды.
36 – сурет. Ми қатты қабығының қойнаулары. 1 – үңгірлі қойнау; 2 – тастық төменгі қойнау; 3 - тастық жоғарғы қойнау; 4 – сигматәрізді қойнау; 5 – көлденең қойнау; 6 – шүйделік қойнау; 7 – жоғарғы сагитталды қойнау; 8 – тік қойнау; 9 – төменгі сагитталды қойнау
Ірі қойнаулар (36-сурет): жоғарғы сагитталды қойнау, sinus sagittalis superior, үлкен ми орағының жоғарғы жиегінде, sulcus sinus sagittalis superioris-те орналасады. Бұл қойнаудың бүйір жақтарында латералды қуысшалар, lacunae laterales, орналасады. Олар бір жағынан қойнаумен, екінші жағынан диплоикалық веналармен байланыста болады. Жоғарғы сагитталды қойнау артқы бөлігінде көлденең қойнауға құйылады. Жоғарғы сагитталды қойнауға мидың, қатты қабықтың (37 - сурет), мұрын қуысының веналары, сонымен қатар диплоикалық және эмиссарлық веналар құйылады.
37 - сурет . Мидың беткей веналары. 1 - веналардың жоғарғы сагитталды қойнауы құйылатын жері; 2 – мидың беткей веналары; 3 – сигматәрізді қойнау.
Төменгі сагитталды қойнау, sinus sagittalis inferior, үлкен ми орағының төменгі жиегінде өтеді. Ол артқы жағында тік қойнауға құйылады. Тік қойнау, sinus rectus,үлкен ми орағының мишық шатырына бекитін жерінде орналасып, көлденең қойнауға құйылады. Оған төменгі сагитталды қойнау және үлкен ми венасы құйылады. Көлденең қойнау, sinus transversus, мишық шатырының шүйде сүйектегі көлденең қойнаудың жүлгесіне бекіген жерінде орналасқан. Көлденең қойнауға - жоғарғы сагитталды, тік және шүйделік қойнаулардың құйылатын, кеңейген жері - қойнаулық науа, confluens sinuum, деп аталады. Ол шүйделік ішкі шодырға сәйкес келеді. Шүйделік қойнау, sinus occipitalis, мишық орағының – шүйде сүйектің ішкі қырына бекіген жерінде орналасады. Ол төмен жүріп, шүйде сүйектің үлкен тесігінің артқы жиегіне келіп, осы тесікті екі жағынан қоршай орналасатын екі тармаққа бөлінеді. Бұл тармақтар сигматәрізді қойнауларға құйылады. Сигматәрізді қойнау, sinus sigmoideus,бассүйектің артқы шұңқырындағы аттас - сигматәрізді қойнаудың жүлгесінде жатады. Бұл қойнау көлденең қойнаудың жалғасы болып табылады. Сигматәрізді қойнау мойындырық тесікте ішкі мойындырық венаға, v. jugularis interna,жалғасады. Сонымен, мидан веналық қанды ішкі мойындырық вена шығарады. Жоғарыда аталған ірі қойнаулардан басқа, мидың қатты қабығында орналасады: Үңгірлі қойнау, sinus cavernosus, жұп, бассүйектің ортаңғы шұңқырындағы түрік ертоқымының екі бүйір жағында орналасады. Қойнау арқылы ішкі ұйқы артериясы және бассүйек нервтерінің ІІІ, IV, VI жұптары, V жұп нервтің І тармағы өтеді. Бұл қойнау бір- бірімен айқасып жатқан үңгір тәрізді қуыстардан түзілгендіктен – үңгірлі - деп аталып кеткен. Оң және сол жақтағы үңгірлі қойнаулар өзара - гипофиз құйғышының алдыңғы және артқы жақтарынан өтетін екі көлденең - үңгіраралық қойнаулар, sinus intercavernosi,арқылы байланысады. Үңгірлі қойнауға көздің жоғарғы венасы құйылады. Сына - шекелік қойнау, sinus sphenoparietalis, сынатәрізді сүйектің кіші қанаттарының артқы жиегінде орналасқан. Тастық жоғарғы қойнау, sinus petrosus superior, самай сүйек пирамидасындағы тастық жоғарғы қойнаудың жүлгесінде өтеді де, үңгірлі қойнауды сигматәрізді қойнаумен қосады. Тастық төменгі қойнау, sinus petrosus inferior, пирамидадағы аттас жүлгеде орналасып, үңгірлі қойнауды және шүйде сүйектің негіздік бөлігінде орналасқан негіздік өрімді, plexus basilaris, сигматәрізді қойнаумен байланыстырады. Мидың қатты қабығының қойнаулары диплоикалық және эмиссарлық веналармен байланыста болады. Диплоикалық веналар, vv.diploicae,бассүйек күмбезінің кемік затында орналасады. Олар қойнауларға және бастың сыртқы веналарына құйылады. Эмиссарлық (шығарғыш) веналар, vv. emissariae, шеке, самай және шүйде сүйектерінде орналасқан тесіктер арқылы өтеді. Олар қойнаулар мен бассүйектің сыртқы веналарын өзара қосады. Бассүйек негізінде сопақ тесік, ұйқы және тіласты өзектері арқылы өтетін веналық өрімдерді ажыратады. Осы өрімдер арқылы қойнаулар бассүйектің сыртқы веналарымен байланысады. Сонымен, мидан шығатын веналық қан негізінен ішкі мойындырық вена арқылы, одан кейін эмиссарлық , диплоикалық және бассүйек негізіндегі веналық өрімдер арқылы ағады. Мидың торлы қабығыarachnoidea mater encephali , жұқа, мөлдір, тамырлары жоқ, қатты қабықтың ішкі жағында жатады. Бұл қабықтың ерекшелігі - ми жүлгелеріне кірмей, асып өтеді. Қатты қабық екеуінің арасындағы капиллярлы саңылау - қатты қабықастындағы кеңістік , spatium subdurale , деп аталады. Торлы және жұмсақ қабық арасында - мөлдір, ми-жұлын сұйықтығына толы торлы қабықастындағы кеңістік, cavitas subarachnoidalis, - орналасады. Кейбір жерлерде бұл кеңістік кеңейіп - цистерналар түзеді. 1.Мишық-ми цистернасы, cisterna cerebellomedullaris, ең үлкен кеңістік, сопақша ми мен мишықтың артқы жиегі арасында жатады. 2.Үлкен мидың латералды шұңқырының цистернасы, cisterna fossae lateralis cerebri, үлкен мидың латералды жүлгесінің алдыңғы бөлігіндегі аттас шұңқырда орналасады. 3.Аяқшаралық цистерна, cisterna interpedincularis, ми аяқшалары аралығында жатады. 4.Қиылыс цистернасы, cistern chiasmatis, көру қиылысының алдында орналасады. Бұл цистерна екі жағынан латералды шұңқырдың цистернасымен байланысады. Торлы қабықастындағы кеңістік шүйде сүйектің үлкен тесігі арқылы жұлынның торлы қабықастындағы кеңістігіне жалғасады. Ми-жұлын сұйықтығы ІV қарыншадан оның артқы қабырғасындағы үш тесік арқылы мишық-ми цистернасына өтеді. Торлы және жұмсақ қабықтарды көптеген дәнекер тінді будалар байланыстырып , бекітіп тұрады. Торлы қабық құрылымының ерекшелігі - қатты қабық қойнауларының маңында өсетін кішкене өсінділерінің болуы. Торлы қабық (Пахион) түйіршіктері, granulationes arachnoidales, деп аталатын бұл түйіршіктер веналық қойнауларға және бүйір қуысшаларға ашылады. Олар жоғарғы сагитталды қойнауды бойлай жақсы дамыған, басқа қойнауларың маңында аз кездеседі. Олардың кейбіреуі бассүйекке батып өседі, соның нәтижесінде түйіршіктер шұңқыршалары, foveolae granulares, пайда болады. Пахион түйіршіктерінің қызметі, олар арқылы – субарахноидалық кеңістіктегі ми-жұлын сұйықтығы – мидың қатты қабығының қойнауларына өтеді. Мидың жұмсақ (тамырлы) қабығы, pia mater encephali, мидың ішкі қабығы, миға тығыз жанасып жатады да, оның барлық жүлгелері мен саңылауларына енеді. Бұл қабықта көптеген қан тамырлары өтеді. Жұмсақ қабық ми қарыншаларының қуысына еніп, олардың тамырлық өрімдерін, plexus choroidei, түзеді.
Ми-жұлын сұйықтығының айналымы Жұлын-ми сұйықтығының, liquor cerebrospinalis, негізгі бөлігі бүйір қарыншалардың тамырлық өрімінде, қалған бөлігі ІІІ және ІV қарыншалардың тамырлы өрімдерінде түзіледі. Сұйықтық бүйір қарыншалардан қарыншааралық тесік, foramen interventiculare, (Монрой тесігі) арқылы ІІІ қарыншаға, одан ортаңғы ми суқұбыры, aquaeductus mesencephali (cerebri), арқылы ІV қарыншаға өтеді. Бұл қарыншаның төменгі қабырғасындағы үш: орталық тесік (Можанди тесігі) және жұп латералды тесіктер (Люшка тесіктері) арқылы ми-жұлын сұйықтығы торлы қабықастындағы кеңістікке (мишық-ми цистернасына) өтеді. Ми-жұлын сұйықтығының басты бөлігі торлы қабықастындағы (субарахноидалық) кеністіктен, торлы қабық (Пахион) түйіршіктері арқылы мидың қатты қабығының қойнауларына өтіп, веналық қанға қосылатыны жоғарыда айтылды. Ал, оның аз бөлігі ми қабықтарының жалғасы болып табылатын нервтер қабықтары арасындағы кеңістіктер арқылы лимфа жүйесіне қосылады. Тамырлы өрім құрылымының ми-жұлын сұйықтығына кейбір заттарды жібермей ұстап қалатын қасиеті - гематоэнцефалдық тосқауыл - деп аталады. Оның миды зиянды әсерлерден қорғаудағы маңызы зор. Ми-жұлын сұйықтығының қызметі: 1. миды, жұлынды механикалық қорғайды; 2. орталық нерв жүйесін қоректендіру (трофикалық) қызметін атқарады; 3. орталық нерв жүйесінің оңтайлы қызмет атқаруын қамтамасыз етеді.
Ми қабықтарының жастық ерекшеліктері Мидың қатты қабығының өсінділері нашар дамыған. Қойнаулары салыстырмалы түрде кеңдеу болады. Ересектерге қарағанда қойнаулар көлемдерінің асимметриясы жақсы білінеді. Қойнаулардың құрылымы 10 жастан кейін, ересектердікі сияқты болып қалыптасады. Торлы қабықастындағы кеңістік және цистерналар салыстырмалы түрде үлкен болады. Сонымен қабықтардың жасқа байланысты айта қаларлықтай ерекшеліктері болмайды.
|
|||
|