Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Ассоциативтік нервтік орталықтар.



Ассоциативтік нервтік орталықтар.

 

Бұл орталықтар проекциялық орталықтарға қарағанда кеш дамиды және атап өтілгендей, жоғары нервтік қызмет атқарады яғни, саналы түрде ойлау, сөйлеу қызметтерін қамтамасыз етеді. Сөйлеу қабілеті тек адамдарға тән, осыған байланысты бұл орталықтар тек адамдарда ғана қалыптасады. Кейбір ғалымдар нашар дамыған кейбір ассоциативтік орталықтардың жоғары сатыдағы жануарларда да болуын жоққа шығармайды.

1.Заттарды ұстап білуге бейімделген тері анализаторының ядросы (стереогнозия ядросы), шекелік жоғары үлесшеде (7 алаң) орналасады. Бұл ядро жалпы сезімталдықтың ядросынан келетін (орталық артындағы қатпар – прекциялық орталық) нервтік импулстерді қабылдап талдайды. Мысалы, көзді жұмып тұрып, қолға алынған зат - бұрын кездескен зат болса, адам оны таниды.

Оң жақтағы ми сыңарындағы орталық сол жақтағы қол басымен (сол жақтағы - керісінше) байланыста болады.

Шекелік жоғары үлесше зақымдалған жағдайда көзбен көрмей тұрып, заттарды ұстап білу (тану) қабілеті жоғалады.

2. Күрделі үйлесімді қозғалыстар анализаторының ядросы (праксия орталығы), шекелік төменгі үлесшенің жиекүстілік қатпарында, gyrus supramarginalis, (40 алаң) орналасады. Белгілі бір күрделі қимылды көп  рет қайталау нәтижесінде - ол үйреншікті, үйлесімді қимылға айналады. Мысалы: домбырада ойнау, компьютерде жұмыс істеу, хирургиялық операциялар жасау, гимнастикамен айналысу және т.б қимылдар.  Осы үйреншікті қимылдар праксия (praxis-практика) орталығы арқылы іске асады. Праксия орталығынан ақпарат орталықалдындағы қатпарға барады, ол жерден пирамидалық жол басталады.

  Бұл орталық зақымданғанда адам қозғалыс қабілетін сақтайды бірақ күрделі, үйреншікті қозғалыстарды жасай алмайды.  Бұл жағдай апраксия деп аталады.

 

      3.Көргенді есте сақтау анализаторының ядросы (көрудің ассоциасивтік орталығы), шүйделік үлестің медиалды бетінде орналасқан көру анализаторы ядросының (17 алаң)  үстінде жатады (18 -19 алаңдар). 18 - ші алаң зақымданғанда көргенді есте сақтау қасиеті жойылады, адам  таныстарын танымай қалады - көру агнозиясы. 19 - алаң зақымданғанда адам үйреншікті емес, жат жерде бағдарлау, бейімделу қабілетін жоғалтады, қоршаған ортадағы заттар басқаша болып көрінеді, сондықтан науқас оларды танымайтын болады.

Ми  қыртысына  анализаторлар  арқылы  организмнің  ішкі  және  сыртқы  ортасынан ақпараттар (сигналдар) келеді. Бұл көру, есту және басқа  рецепторлар арқылы қабылданатын  әртүрлі  көрініс,  дыбыс, әсерлер түрлеріндегі нақтылы ақпараттар - бірінші сигналдық жүйені  құрайды. Бірінші  сигналдық  жүйе жануарларда да болады. Адамның нерв жүйесінің ерекшелігі, онда екінші сигналдық жүйенің қызметін  қамтамасыз ететін орталықтардың болуы.  Екінші  сигналдық  жүйе  – тек  адамдарға тән ойлау қасиеті, оны  сөз    арқылы   жеткізу  қабілеті. Екінші сигналдық   жүйе бірінші сигналдық  жүйенің  негізінде  жұмыс   істейді, «сигналдардың сигналы»  болып табылады. Бұл орталықтар адамдар  арасындағы түсінікті сөйлеу арқылы жүретін қарым – қатынасты қамтамасыз етеді. Қарым – қатынас ауызша ( артикуляция ) және жазбаша сөз ( графика ) арқылы қамтамасыз етіледі. Екінші сигналдық   жүйенің дамуы үшін қоршаған  ортаның маңызы өте зор. Баланы оқуға , жазуға жалпы білімге үйретпесе, талпындырмаса, ол өмір  бойы сауатсыз, жалқау болып қалады.

Ми қыртысында екінші сигналдық жүйе қызметін қамтамасыз ететін  –  акустикалық, оптикалық ,  артикуляциялық   және графикалық сөйлеу орталықтары  –  дамып, қалыптасады. Бұл орталықтар өмір  бойы даму үстінде болады.

 

4.  Ауызша сөйлеуді естудің ассоциативтік орталығы ( сөйлеудің акустикалық орталығы, Вернике орталығы) , самайлық жоғарғы қатпардың артқы бөлігінің жоғарғы бетінде, латералды жүлгенің тереңінде орналасқан (42 алаң). Акустикалық орталыққа нерв импулстері есту анализаторының проекциялық орталығынан келеді (жоғарғы самайлық қатпардың ортаңғы бөлігі.) Бұл орталық туғаннан кейін 2-3 айда қалыптаса бастайды. Верника орталығы адамның өз сөзін және басқаның сөзін түсінуін қамтамасыз етеді. Ол зақымданғанда дыбысты есту қабілеті сақталады, бірақ сөзді түсіну қабілеті жоғалады. Басқа адамдар түсініксіз, басқа тілде сөйлеп тұрғандай болып көрінеді. Сондықтан науқас дұрыс сөйлей алмай, сөз сандырағы сенсорлық афазия пайда болады.

5. Ауызша сөйлеудің ассоциативтік қозғалтқыш орталығы (сөйлеудің артикуляциялық  орталығы, Брок орталығы ),  маңдайлық төменгі қатпардың артқы үштен бір бөлігінде орналасады (44 алаң).  Бұл орталық туғаннан кейін үшінші айда дами бастайды..  Орталықта сөйлеуге қатысатын бұлшықеттерден (тілден, көмейден, еріннен, ұрттан, жұтқыншақтан) келетін ақпараттар қабылданып, талданады.  Ақпарат бұл жерден орталық алдындағы қатпарға беріледі, одан қыртыс – ядролық (пирамидалық) жол басталады да сөйлеуге қатысатын бұлшықеттерді нервтендіреді.

Бұл аймақ зақымданғанда науқас сөйлеуге қатысатын бұлшықеттерден дұрыс ақпарат ала алмайды, сондықтан сөз айту қабылетін жоғалтады да  қимылдық афазия дамиды.  Науқастың айтқан сөздері бір-бірімен байланыссыз,  түсініксіз болады,  бірақ ол дыбыстар  шығарып, тіпті өлең айта  алатын болады.

    6.  Жазбаша сөзді көрудің ассоциативтік орталығы немесе  лексия орталығы , шекелік төменгі үлесшенің бұрыштық қатпарында,  gyrus angularis, орналасады (39 алаң).  Бұл орталыққа көру импулсі шүйделік үлестің медиалді бетіндегі топшылық жүлге маңайында орналасқан (17 алаң) көру анализаторының ядросынан келеді. Лексия орталығы үш жастан дамиды бастайды, орталықта әріптерге, сандарға талдау жасалынып, мағынасы түсінікті болады.

Бұрыштық қатпар зақымданғанда науқас жазылған мәтіндегі әріптерді,сандарды және басқа да белгілерді танымайды, яғни оқу қабілетін жоғалтады - алексия.

7. Жазбаша сөздің ассоциативтік қозғалтқыш орталығынемесе графия орталығы, маңдайлық ортаңғықатпардың артқы бөлігінде (40 алаң)орналасады.  Даму барысында адамзат сөйлеумен қатар жазуды да үйренді. Жазу үдерісі нәзік, шебер, үйреншікті қимылдарды қажет етеді. Сондықтан да ақпарат бұл ядроға праксия орталығынан (gyrus supramarginalis) түсіп тұрады. Нервтік ақпарат графия орталығынан орталық алдындағы қатпарға, gyrus precentralis, беріледі, одан қыртыс – ядролық (пирамидалық) жол кетеді де, қолдың нәзік, дәл қызметін қамтамасыз етеді.

Графия орталығы бес-алты жастан қалыптаса бастайды.

 Бұл орталық зақымданғанда әріптерді, сөздерді және басқа таңбаларды жазуға қажет нәзік және дәл қимылдар жасау қабілеті жоғалады –аграфия.

     Екінші сигналдық жүйе анализаторлары бір ми сыңарында: оңқай адамда – сол жақтағы ми сыңарыда, солақай адамда – оң жағындағы ми сыңарында дамиды.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.