Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Тәуелсіздік және шетел қазақтары



Тәуелсіздік және шетел қазақтары

Дүниежүзі қазақтарының Құрылтайы қарсаңында

Әлемнің қырық мемлекетінде тіршілік етіп жүрген бес миллионнан аса қазақтар бар. Қазақ диаспораcы өзге елдердің диаспорасынан өзгешелеу. Бұл мәселенің себеп- салдары жүйелі түрде тәуелсіздік алған жылдардан кейін зерттеліп келе жатыр. Асылы, қазақтар әлемнің көптеген елдерінде тарыдай шашылып жүргендері, өздерінің қалауы емес. Қазақтар өйткені ата - жұртына бауыр басқан халық.

Ислам Жеменей,
шығыстанушы- ғалым, филология ғылымдарының
докторы, С.Демирел университетінің профессоры

Шет мемлекеттердің ішінде Қытай Халық Республикасында қазақтардың тұрған аймағы өздерінің ежелгі қонысы болғандықтан, қазіргі тілмен айтқан­да, оларды «ирридент» деп атайды. Бұрын­ғыша айтар болсақ, ондайлар сол елдің «көне тұрғыны» делінеді.
Қытайдағы қазақтардың саны әр түрлі мәліметтерге қарап қорытқанда екі миллионға жуықтайды. Іле, Тар­бағатай, Алтай аймақтарында тұрады. Кейінгі жылдары қазақтардың саны Үрімжі қаласында да артып келе жатыр. Қытайдағы қалың қазақтың тілі мен ұлттық салты қазірге дейін сақ­та­лып келгендігі жалпы қазақ үшін ұлт­тық олжа болып есептеледі. Сондай-ақ, кеңестік солақай саясаттың ке­сірінен Қазақстанның өзінде ана тілі мен ұлт­тық салтынан айрылып бара жатқан қазақтар үшін де ұлттың құнарлы нәрі бола алады. Оған дәлел – 1955-1963 жылдардағы елге оралған үш жүз мыңға жуық қазақтардың қазіргі уақытта саны бір миллионнан асып тіліміз бен діліміздің өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқаны.
Аталған жылдардан кейін Қа­зақстан Тәуелсіздігін жариялаған соң, Қытайдан мыңдаған қазақ қуаныш туын желбіретіп елге оралып жатты. Олардың ішінде көптеген ғалымдары, ақын-жазушылары, өнер майталмандары, кәсіпкерлері Қазақстан Республикасының ғылымына, ұлттық мәдениетіне, әдебиет пен өнеріне, экономикалық нарығына өлшеусіз үлес қосты. Сондықтан елдің тәуел­сіздігі қандас бауырлардың қабілетін аспандатқан дәуірі болды деп айта аламыз. Өйткені, Тәуелсіздік қазақтарға шын мәнінде бір-бірімен табысып, тұтас ел болып қалып­тасуларына мүмкіндік тудырды.
Шетел қазақтарының атамекенге оралу идеясының жүзеге асыру туын ұстап тұрған Қазақстан Респуб­ли­касының тұңғыш Президенті Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаев болды. Ел­басының Қазақ халқының бірлігі мен ынтымақтасу жолында парасатты да салиқалы саясат ұстанып келе жатқаны ел үшін үлкен табыс, бақыт.
Қытай қазақтарының бір бөлігі қырқыншы жылдары Оспан батыр бастаған ұлт-азаттық күреске қатысып, жеңіліс тапқан соң Пәкістан мен Үндістан елдері арқылы Түркияға өтіп, сонда тұрақтады. Олар көбінесе Стамбул, Анкара, Измир қалалалары мен аудандарында тұрады. Жалпы саны нақты емес. Дегенмен, қырық-елу мың­нан асады деген болжам бар. Дәл сол көштің ұрпақтары XX ғасырдың жетпісінші жылдары Түркияның эко­номикалық-әлеуметтік қиын жағда­йы­на байланысты Еуропа елдеріне барып жұмыс істей бастады. Осылайша бір топ қазақтар Түркия мен Еуропаның диаспорасына айналды. Олардың әу­леттері қазіргі заманда Германия, Англия, Франция, Голландия, Америка, тағы басқа Батыс елдерін мекендейді. Түрік елі оларды бауырым деп, қар­сы алды. Өйткені, түріктердің де Ана­долыға қоныс аударған түпкілікті жері Сырдария бойы, қазіргі Қазақстан терри­ториясының бір бөлігі болатын. Қандас бауыр, Түркия елі Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігін жария­лаған сәтте отыз төрт минут ішінде елі­міздің Тәуелсіздігін ресми түрде та­ныған тұңғыш мемлекет болды. Бұл – басқа елдер тарихында бұрын-соңды болмаған ғажап тарихи оқиға еді.
Түркия саясатының түріктектес халықтарға құшағын айқара ашуы қашан да басты ұстаным болып келеді. Сол үшін түрік дүниесі саяси дағда­рысқа ұшыраған жылдары түркі зиялыларына Түркия екінші Отанының ролін абыроймен атқарып келді.
Түрік елінің тілі, діні, ділі қазақтар­мен бір түбірден шығып, тамырлас болғандықтан сол елді паналап барған қазақтар түрік тіліне бейімделе баста­ғаны соншалық, түрік тілін ана тіліндей тез арада меңгеріп алды. Сол үшін қазақтардың екінші буыны ана тілін тү­рік тілімен ауыстыра бастады. Сон­дықтан болар, қазіргі Еуропадағы олар­дың ұрпақтары ағылшын, неміс, француз, тағы басқа еуропалық тілдермен қо­са, түрік тілінде тамаша сөйлей алады да, қазақ тіліне келгенде шорқақ­тай­ды.
Қазақстанның тәуелсіздігінен ке­йін­гі жылдары Түркиядан бірнеше жүзге жуық қандастарымыз Алматы об­лысына көшіп келді. Олардың басым бөлігі облыстың Нұралы ауылы мен Қарасай батыр ауданында тұрады.
Түркиядан Еуропа елдеріне жұмыс іздеп барғандар дамыған Батыс ел­дерінің қоғамдық тәртіп, заңды жұмыс режиміне бойы үйреніп қалғандықтан атамекенге оралулары Қазақстанның ерекше қарқынмен дамып, алға шы­ғуы­на байланысты болып тұр. Қа­зақс­тан ұлттық идеологияны мықтап қол­ға алар болса, бүкіл әлемдегі диаспора қазақтарымен қатар, ішкі орыс тілді қа­зақтар да тез арада қазақ тілін үйре­ніп, Қазақ болуды мақтан тұтары анық. Әрі Қазақстан тәуелсіздігінен кейін ұжмақ өмір іздеп шетелдерге кеткендер де пұшайман халге түсіп, туған елін аңсап қайта оралады. Әйт­песе диаспора қа­зақ­тары өз мәйегінен алыстай береді.
Моңғолия еліне қазақтардың Алтайдан көшіп барғандарына шамамен 150 жылдай болған. Олардың саны 1991 жылға дейін 120000 адамнан асып түсетін. 1991 жылы қарашаның 18 күні «Басқа республикалардан және шет- елдерден Қазақстанның ауылды жерлерінде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ республикасына қоныстандыру тәртібі мен шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің № 711 қау­лысы жарық көрді. Аталған қаулының негізінде алғаш болып Моңғолиядан еңбек шарты бойынша 60000 қазақ азаматтары атамекенге оралды. Олармен бірге түрлі сала бойынша елге танымал болған жоғары деңгейдегі мамандар да болды. Осылайша Моңғолия қазақтары жаңадан тәуелсіздігін жа­рия­лап, еңсесін тіктей бастаған Қазақ­стандағы халық саны мен демог­ра­фиялық ахуалын көтерсе, білікті ма­ман­дары, ұлттық бояуға қанық салт-дәстүрімен де қазақ халқының са­палық өрісін де кеңейте түсті. Ал, түрлі себептермен Моңғолияда қазірге дейін тұрып жатқан қазақтардың тууының жоғары болуына байланысты осы уақытта Аллаға шүкір, саны әжептәуір өсіп, көштен бұрынғы санына жақын­дап қалғанын айтуға болады. Олар Моңғолияда 21 аймақ пен елді мекендерде тұрып жатқанымен, басым көп­шілігі Баян-Өлгей, Қобда аймақтары мен Моңғолияның астанасы – Ұлан­батыр қаласына шоғырланған. Сон­дықтан көп болып шоғырланған ай­мақтарда қазақ тілі мен ұлттық мә­­де­ниеті жақсы сақталып келеді.
Орыстың патшалық империясы да, коммунистік билігі де қазақ халқының тағдырына кері ықпалын тигізгені рас. Оған Ауғанстанға барып қоныс тепкен қазақ ағайындардың тарихы куә. Ол елге қазақтар үш кезеңде барған. Әр кезеңнің өзіндік тауқыметі мол болды. Бірінші кезең – 1865 жылы Ресей патшалығынан қысым көрген бір топ қазақтар әуелі Тәжікстанға өтеді. Одан ары бір мың шаңырақты құрайтын қазақтар Ауғанстанға барып орнығады. Екінші көш – 1917 жылғы Ақпан төң­керісінен кейінгі тарихи зұлматтың беттерін парақтайды. Бұл көш қазақтың екі мың шаңырағын Ауған елінде сергелдеңге салды. Үшінші кезең – тарихта кәмпескелеу және қолдан жа­салған ашаршылық деген анық­тамасымен мәлім болып келе жатқан 1929-1932 жылдары іске асты. Осылайша олар Ауғанстанның диаспорасына айналды. Үш кезеңде Ауғанстанды паналауға мәжбүр болған қазақтар ол елдің Құндыз, Мазар Шәріп, Пол Құ­мыра, Герат, Кабул, тағы басқа өңір­лерінде тұрды. Олардың саны туралы түрлі мәлімет айтылып жүрді. Шын­дығына келгенде қазақтар арасында орташа бала саны сегіз болғандықтан үш кезеңнің төрт мың қазақ шаңы­рағының есебін шығару демограф ғалымдарымыз үшін қиын емес.
Қазақтар Ауған елінде мал шаруа­шылығы, сауда-саттық және тігіншілікпен айналысты. Ұл-қыздарын көбінесе діни курстарда оқытты. Заманауи білім алуға бірен-саран ұл балалары ғана ықылас танытты. Соның ішінде бар-жоғы екі азамат Кабул уни­­вер­ситетінде оқып, жоғары білім алды. Оның бірі – Нұрмұхаммед деген аза­мат, әкесінің аты Молла Серікбай болатын. Ол Кеңес Одағының әскері Ауғанстанның ішкі оқиғаларына араласып, елдің ішіне бүлік шығарған 1980 жылдарында саяси тартыстардың құрбаны болып, Кабулда қаза тапты. Екіншісі – Мұхаммед Рафиһ атты азамат БҰҰ-ның босқындар бөлім­шесінің тізіміне ілігіп, алған маман­дығы бо­йынша Дания мемлекетінде қоныс­танып, отбасы мүшелерімен тыныш өмірге қауышты. Аталары небір тау­қыметті бастарынан өткерген ұр­пақтың әулетінің бірі болған оған бағы мен берекесі мол тіршілік еткей деген тілегіміз бар. Кеңес әскерінің 1980-1989 жылдар аралығында лаулатқан соғыс оты талай шаңырақты күйретті, мил­лиондаған ел азаматтарын жан-жаққа тарыдай шашыратып әуреге салды, оның кесапаты сол елде тұратын қа­зақтарды да айналып өте қойған жоқ. Ауғанстан қазақтары 1980 жылдардан бастап босқын ретінде Пәкістан, Иран, Сауд Арабиясы және Түркия мемлекеттерін паналады. Олардың басым көпші­лігі оқымысты маман болмағандықтан, тұрақтанған елдерде алыпсатарлық сауда, тігіншілік және аяқ киім жөндеу жұмыстарымен айналысып жүрді. Олар тігіншілік саласында Түркияда мемлекеттік экономикаға әсер етерліктей тері құрақтарынан күрте тігуді дамытты. Босқында жүрген олардың өмірі өте қиын болды. Барған елдің толықтай тілін меңгеру, заңдарына үйренісу, адамдарының мінез-құлқын тани білу, тіршілік қағидаларына қа­нық болу, тағы басқа қырларының байыбына бара білу оңайға соқпайтын. Босқында жүрген бауырларымыз тау­қымет иірімінде жарқыраған үміт сәу­лесіне тап болды. Ол Қазақстанның тәуелсіз ел болғанын әлемге жариялау еді. Небір өмір азабын көрген олар елінің Тәуелсіздігін естігенде жү­ректері қуаныштан жарыла жаздады.
Тәуелсіздік – философиялық, пси­хологиялық, саяси мәні зор, қастерлі ұғым. Тәуелсіздік адамының адам болып өмір сүруіндегі және дүниеауи өмірден илаһи өмірге жету жолындағы негізгі фактор. Тәуелсіздік – ұлттық сананы жетілдіріп, ұлттық болмысты сақтап қала алатын басты қайнар.
1991 жылғы 28 қыркүйекте Қа­зақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркияның Стамбул қаласында қазақ диаспора өкілдерімен кездесіп, оларды көшіріп алуға уәде еткендігі шетте жүрген диаспора қазақтарының жүрек­терінде мәңгі жасайтын бақыт сыйлады. Әсіресе, Ауғанстаннан босқын атауына ие болған қазақтардың келешек тағдырын біржолата айқындап берген сол күн – Тәуелсіздік ұғы­мы­ның қанша­лықты сүйкімді ұғым екендігін шеттегі қазақтарға дәлелдеді. Сол жылдың бір шырайлы күні Қазақстан Рес­публикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Стамбул қаласының қақ ортасы Таксим алаңында орналасқан Қазы-Антеп қонақ үйінің зәулім залында қазақ диаспорасының өкілдерін қабылдады. Сол кездесуде Елбасынан «Бірінші кезекте жедел түрде Ауғанстаннан Пә­кістан, Иран, Сауд Арабиясында және Түр­кияда босқындар қатарында тұрып жатқан қазақ бауырларымызды елге қайтаруға қол ұшын беруді» өтіндік. Президент екі етпей өтінішімізді қабыл алды, әрі көпке созбай тәуелсіздігіміз жария болғаннан кейінгі аз уақытта босқын қазақтарды елден арнап жіберген ұшақтармен аталған мемлекеттерден атамекенге жеткізді.
Бүгін таңда бір кездері тағдыр тәл­кегіне түсіп, Ауғанстаннан пана тапқан қазақ бауырларымыз Жетісай, Түр­кістан, Шымкент, Алматы және Ақ­төбе об­лысы, тағы басқа өңірлерде Отан құ­шағында еңбек етіп, ұрпақ жайып, ба­қытты болашағының іргетасын туған халқымен бірге қалап келе жатыр.
Бұрынғы Кеңес Одағы құрамын­да­ғы Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, тағы басқа республикалардағы қа­зақтардың атамекенге оралуы онша қиын болған жоқ. Өйткені, орыс тілін үйреніп, саяси-қоғамдық ортақ орта­ның ортақ психологиялық жүйесінде, құқықтық праволары бар азаматтары ретінде өсіп-өнді. Сондай-ақ, ашық шекаралары болғандықтан, оларға елге оралу жеңілдеу болды. Олар бар-жоғы жақын шетелдердің қазақтары деген атауға ие болды. Дегенмен, олар үшін Қазақстанның тәуелсіз ел болуы ерекше қуаныш болғаны рас.
1991-ші жылдың 16-шы желтоқ­са­нында Қазақстан Тәуелсіздігін жа­риялаған күн Иран қазақтары үшін де Алланың берген үлкен сыйы іспеттес бол­ды. Өйткені, соның арқасында Қа­зақстан Республикасы мен Иран Ислам Республикасы арасында дип­лома­тиялық байланыс орнатылды. Көпке ұзамай 1992-ші жылдың 29-қара­ша­сында Иран Президентінің шақы­руы­мен еліміздің тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Иран еліне бірінші ресми сапары жүзеге асты. Аталған сапардың жан-жақты игі та­быстарының бірі – Елбасының сол кезде­гі Иран Президенті Әли Акбар Һашеми Рәф­сәнжани мырзамен арасында болған әңгіменің қорытындысы ретінде Иран қазақтарының ата­жұр­тына өз қалауы бойынша еркін көше алатын келісімі еді. Бұл – Қазақ халқы үшін теңдесі жоқ табыс болды. Ол табысқа қа­зақтар Елбасының үлкен көре­ген­ділігі мен парасаттылығының ар­қасында қол жеткізді. Соның нә­тижесінде 1995-ші жылдың күзінде Иран қазақтарының алғашқы тобы Каспийдің Иран жағындағы Әнзәли портынан Қазақстан жағалауында орналасқан Ақтау қаласына кемемен жеткізілді. Бұл көшке сол кездегі Қа­зақстан Республикасының еңбек министрі Саят Бейсенов мырзаның ерен еңбегі сіңді.
Адамзат өміріндегі әралуан тәжі­рибелерге қарап, психологиялық тәуел­сіздікті сезе білген адам өмір жолында жаңа идеяларды, ірі жобаларды іске асыруға батыл кірісетінін аңғарасыз. Сондай-ақ, психологиялық тәуелсіздік адамның философиялық өрісін кеңейтіп, дүниетанымының кеңістігін ай­қындай түседі. Сол үшін тарихта, ғылымда, әдебиетте, өнерде шығар­машылықпен айналысатын тұл­ғалардың материалдық, қоғамдық тәуел­сіздігін қамтамасыз ете алған ел­дердің саяси билігі сол елдің ғарыштап дамуына жол ашып берген. Есесіне, адамның психологиялық тәуелділігі оның құлдық психологиясын қалып­тастырады.
Адамзаттың өмір салты оның пси­хологиялық ахуалына әсер ететіндіктен Қазақ халқының көшпенділік табиғатына байланысты еркіндікке бейімділігі оның қоғамдық қаты­настардағы заңдар мен ережелерге бағынуын кешеуілдетіп келе жатыр. Адам психологиясын өзіне тән қо­ғам­дық ережелерге тәуелді болуы да адам­ның еркіндік сүйгіштігімен үйлесуі керектігі анық. Адам пси­хо­логиясының бұндай қайшы­лық­тарын үйлестіру адам санасының кең өрісіне тікелей қатысы бар. Тарихи жазба деректерде «Қазақ» сөзі еркіндікті, азат­тықты, тәуелсіздікті сүйген топтарға арнап айтылады. Сол себепті, кең далада еркін өмірді аңсаған түркінің түрлі ру-тайпалары топтаса бастап, халық сипатына лайық атала келе ұлт ретінде қалыптасты. Сондықтан тәуелсіздік ұғымы қазақ өмірінің салтымен ұш­тасқан, қайнасқан ұғым. Сол үшін 1991-ші жылғы 16 желтоқсанда Қа­зақстан Республикасының Тәуел­сіздігін жариялау Қазақ тарихында оның ғасырлар бойы аңсаған саяси жеңісінің биік шыңы болып саналады.
Қорыта айтқанда, Қазақстан Рес­публикасының саяси тәуелсіздігі елі­міздің саяси, экономикалық, ғылыми, тағы басқа салаларында айтарлықтай көптеген табыстарға қол жеткізуіне жол ашты. Соның бірі Қазақ диаспорасы мен шетте қалған қандастардың ру­хани бірлігін қамтамасыз етумен бірге, оларды атамекенге көшіріп алу еді.
1992 жылы бүкіл әлемнен қазақ диаспорасының өкілдері дүниежүзі қазақтарының алғашқы Құрылтайын­да Алматы қаласында бас қосты. Артынша Дүниежүзі қазақтарының Қа­уым­дастығы мен Көші-қон Комитеті құрылды. Сонымен бірге, қазақтардың атамекеніне оралуына негіз қаланды. Осы тұста айтарымыз, Қазақ диаспора­сының арасынан шетте жүріп, қа­зақ­тың салт-дәстүрін қорғаштап, олар­­дың атамекеніне қайта оралу қа­­­же­т­ті­гін насихаттап, әрі атсалысып жүрген азаматтар аз емес. Елде де, шетте де қазақтардың ахуалын, көшу тарихы мен мәдени жағдайын жазып жүрген ғалымдар мен қаламгерлер де бар­шы­лық. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте отырған талай шенеуніктер қатарында да үлкен жанашырлықпен қазақ диаспорасына қол ұшын беріп жүрген абзал жандар молынан табылады. Олар туралы жазу келешек ұрпаққа ел үшін күрес жолындағы аға буынның тарихи өнегесі болмақ. Сон­дықтан да бұл тақырыптың жүгі ерекше.
Тәуелсіздігіміздің өміршең бо­луы­ның басты кепілі қазақ халқы екендігін ұмытпай, ел билігінің саяси, эко­номикалық, қоғамдық мәйегіне ай­­на­лайық дегім келеді. Мемле­кеті­міздің баянды болуы әрбір қазақтың, әрбір Қазақстан азаматының бағы мен берекесі болары анық. Ендеше, бойы­мыздағы қуатымызды, жүрегіміздегі сүйіспен­шілігімізді мемлекетіміздің тәуелсіз­дігінің мәңгілік болуына аямай жұм­сайық деген тілек.

 



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.