|
|||
Орыс диаспорасы және Ресей үкіметінің саясаты.49.Орыс диаспорасы және Ресей үкіметінің саясаты. “ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҰЛТ” САЯСАТЫНЫҢ ҚАЗАҚТАН БАСҚАСЫНЫҢ БӘРIНЕ ТИIМДI ЕКЕНIН ОЛАР ТҮСIНДI ӘРI ОНЫ ӨЗ МАҚСАТТАРЫНА ПАЙДАЛАНА БАСТАДЫ “Қазақстандық ұлт” саясаты түбiмiзге жетедi”. Дәл осы ой әрбiр ұлтжанды азаматтың түн ұйқысын төрт бөлiп, мазасын қашырғандай. Қазақтың есебiнен өзге ұлттардың қамын күйттегiсi келетiн билiктiң бұл саясаты халықтың ашу-ызасын қоздырды. Президенттiң өзi бас болып “орыс тiлiн дамытамыз, орыстың көңiлiн қалдырмаймыз” деп бұрынғы отарлаушыға бәйек қаққан сайын орыс ұлтының өкiлдерi тiптi тайраңдап кеттi. “Қазақстандағы орыс диаспорасының қоғамдық ұйымдары. Қазiргi күйi мен проблемасы” атты тақырыпта дөңгелек үстел өткiзген елдегi орыс зиялыларының сөзiн тыңдасаңыз, төбе шашыңыз тiк тұрады. “Ау, бұлардың көздегенi не сонда?” деген ойға ерiксiз қаласыз. Ендi жиында оқылған баяндамаға тереңiрек тоқталсақ.
Орыс ұлтшылдары қоғам назарына аты да, заты да беймәлiм ұйымның жүргiзген әлеуметтiк сауалнамасын ұсынады. Соның қорытындысына сенсек, елiмiздегi орыстың 56 пайызы “өз ұлтының мүддесi қорғалмай жатыр” деп қауiптенедi екен. Оның себебiн “орекеңдер” бiрнеше мәселемен байланыстырады: “…орыстiлдi ортаның тарылуы әрi туған тiлдiк қауымның өмiр сүру мүмкiндiгiнiң шектелуi; русофобияның азаймауы және тұрмыстық ұлтшылдықтың күшеюi. Орыс тiлiн қолдану мәселесi мен бiлiм алу проблемасы да кемiген жоқ. Бiрiншiден, орыс тiлiнде бiлiм алу мүмкiндiгi азайды”, “Конституция аяқасты етiлiп, iс-қағаздар тек қана қазақ тiлiне көшiрiлуде”, “Орыстiлдi көрерменге арналған радио және телевидение бағдарламалары барынша азайтылды, ал 2012 жылдан бастап көрсетiлiмге түскен кинофильмдердi қазақ тiлiне ғана аудару жоспарлануда”. Қазақстандағы орыс ұлтшылдарының өз жағдайына осылайша қатты алаңдаушылық бiлдiргенiне не түрткi болғаны түсiнiксiз. Орыстың жағдайын, орыстың мүддесiн бүгiнгi билiк қорғап, қолпаштап отырған жоқ па? Билiк “халық алдында тек қана қазақ тiлiнде сөйлемеуiмiз керек, бiзде басқа да ұлттар бар емес пе?” деп ресми жиындар мен кездесулердiң барлығын дерлiк орыс тiлiнде өткiзедi. Президент Н.Назарбаев сөзiнiң негiзгi бөлiгi тек қана орыс тiлiнде айтылады. Теледидар 24 сағат орыс тiлiнде сайрайды. Елiмiздiң Ресей ақпараттық “қолшатырының” астына өткелi қашан Жатсақ та, тұрсақ та, таңертең де, кешке де – орыстың мүддесiн қорғап, орыстың айбыны мен қуатына сүйсiнiп жүремiз. Осының бәрi де ресейлiк арналардың әсерiнен болып отырған жоқ па? Қазақстандық телеарналар да Мәскеумен бәйгеге түсiп, орыс тiлiнде хабар таратуда. Бiлiм саласындағы жағдай да орыстың қолайына жағып тұрғаны анық. Бiр қазақ мектебi ашылса, оның орнына екi орыс мектебi жарыса iске қосылады. Тарыдай шашылған әлемнiң түкпiр-түкпiрiндегi орыс ұлтына осынша “қамқорлық”, дәл осындай “жағдай” жасап отырған қай мемлекет, қандай президент бар? Балтық жағалауы елдерiндегi жағдайға қараңыз. Өзiнiң ұлттық, мемлекеттiк мүддесiн қорғап, Кремльдiң ықпалынан құтылу үшiн латыштар, эстондар мен литвалықтар бiлiм беру саласын толықтай мемлекеттiк тiлге көшiрдi, орыс мектептерiн қысқартты, жапты. Олардың көштен қалып, өркениеттен кенжелегенi қайсы? Қайта өзiнiң ұлттық мүддесiн тұғырға қондырып, оны ту етiп көтере алды олар. Грузиндерге қараңыз. Қазiр грузин жастарының iшiнен орыс тiлiн бiлетiн адамды май шаммен iздесеңiз де таппайсыз. “Ұлттық мiнез” деген түсiнiк бар ғылымда. Жоғарыда аталған халықтардың “ұлттық мiнезi”, ерiк-жiгерi мен күш-қуаты мол. Өзiнiң ұлттық мүддесiн, мәдениетi мен құндылығын қорғай алған ХАЛЫҚ бұлар. Өкiнiшке қарай, қазақта, оның билiгiнде “ұлттық мiнез” бен ар-намыс жағы кенжелеп тұр. Орысқа бар жағдайды жасап, өзгелер үшiн өз ұлтымызды құрбан етуге әзiр болсақ та, бұл орыс үшiн “аз” болып тұр. Қомағайланған қорқау қасқырша алды-артын, маң-маңайын түгел жайпап, жұтып қоймақ па сонда? Айтыңызшы, орыс ұлтшылдарының бұл мәлiмдемесiн қалай бағалайық? “Бiреу тоңып секiредi, бiреу тойып секiредi” деген осы, мiне. Ресейдегi жағдайды бәрiмiз де бiлемiз. Ұлттық азшылықтарды жойып, бiрыңғай орыс мемлекетiн құруға бет алған Кремль ешкiмдi де аяйтын түрi жоқ. Болар-болмас мерзiм аралығында Мәскеу 3 мыңға тарта татар, башқұрт мектебiн жапты, оның орнына орыс тiлiнде бiлiм беру ошағын құрды. Сұмдық емес пе? Бұл туралы бiз неге айтпаймыз? Билiк неге үнсiз?Аз ғана уақыттың iшiнде Ресейдегi 1 миллионға жуық қазақтың құмға сiңген судай болып жоғалары сөзсiз. Дәлiрек айтсақ, қазақтың бет-пiшiнi, түр-келбетi қалады, бiрақ олардың бiрi қалмай, өз ұлтынан, дiнiнен, ана тiлiнен безiнiп, орысқа сiңiп, жоқ болады. Бұған Ресейдегi қазақтар емес, осы елдiң саясаты кiнәлi. Оны тоқтатуға Ақорда неге күш салмайды? Ресей басшылығы тәрiздi Қазақстан билiгi өз қандастарының тағдырына неге алаңдаушылық бiлдiрмейдi?
Жер-жердегi қазақ қандастарымызға ара түсетiн ағайын Қазақстан емес пе едi? Сол сияқты татардың да, башқұрттың та жұлдызы бiрте-бiрте сөнiп, олар да ұлт ретiнде тарих сахнасынан кетуге бағыт алды. Бұған да татар мен башқұрт кiнәлi емес, олар қолынан келгенше қорғанып, өз ұлтын сақтауға тырысуда. Бiрақ Кремльдiң ұлтсыздандыру “машинасы” бұған мүмкiншiлiк бере қоймас.
Мiне, Ресей саясатына қатысты осындай жағымсыз жайттар орыс ұлтжандыларының назарынан тыс қалды. Ал iс-қағаздарды мемлекеттiк тiлге көшiрудi орекеңдер “конституцияны аяқасты ету” деп бағалайды. Сонда қалай? Қазақстанда мемлекеттiк тiл қазақ тiлi емес пе? Ендеше, iс-қағаз да, мемлекеттiк маңызы бар құжаттар да баяғыдан қазақ тiлiнде жүргiзiлуi керек қой? Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң ажырамас символы. Оған қарсы шығу, оны мойындамау – мемлекетке қарсы шығумен парапар! Сондықтан да бұл мәселеге орыс ұлтшылдарының аса сақтықпен қарағаны жөн шығар. Осы тектес ойды Ресейде айтып көрiңiзшi. “Ұлтшыл” деп айыптап, сотқа сүйреуi де әбден мүмкiн. Ресейдегi татар мен башқұрттың, қазақ пен қырғыздың аузынан осындай сөз шықсыншы, Кремльдiң не iстейтiнiн көрер едiк. Ал бiздiң билiк… Айтпаса да түсiнiктi. Жиынға қатысқан орыс ұлтының зиялылары билiктi сынап, оларды былай айыптады: “Бұл мемлекеттi басқарып отырған билiк элитасы көпұлтты мемлекетте басқа ұлттардың есебiнен бiрде-бiр ұлттың өз мүддесiн қанағаттандыруға құқы жоқ екенiн түсiнбейдi”. Әңгiмемiздiң басында “қазақстандық ұлт” саясаты жөнiнде айттық. Бұлардың меңзеп отырғаны да осы саясат. “Бәрiмiз “қазақстандықпыз”, бәрiмiз теңбiз” дейдi олар. Яғни ,“бұл елде ұлттық мемлекетке жол бермеймiз!” деп мәлiмдейдi орыс ұлтшылдары. Көрдiңiз бе, билiктiң қазақты қандай бейшара, кембағал күйге түсiргенiн! “Жаман үйдi қонағы билейдi” дейдi. Мiне, осы өзiмiз айтқан “жаман үй” мен “босбелбеу” қазақ болып отырған жоқ па? Әйтпесе, орыс дегенiңiз Қазақстандағы көп диаспораның, ұлттық азшылықтың бiрi емес пе? Қазақ 67 пайыз болса, орыс 20 пайызға да жетпейдi. Сонда өзiмiзден саны үш есе аз, көп “қонақтың” бiрiн неге осынша басқа шығардық? Көресiз, билiк орыстардың бұл “жанайқайына” мәймөңкелеп жауап қатып, ақталады әлi. “Кiм айтты сiздерге Қазақстанда қазақтың орны бөлек деп? Бәрiмiз бiр-ақ ұлтпыз! “Қазақстандық ұлтпыз”!” демесiне кепiлдiк бар ма? Сонымен бiрге орыс ұлтының өкiлдерi қоғамдық тiршiлiктiң әр саласынан, билiк тармақтарынан “орыстар шеттетiлуде” деп дабыл қағады. Бiздiңше, олардың бұған да “жаситын” себебi жоқ. Орыстың қамын, мүддесi мен мақсатын қорғап отырған бүгiнгi билiктен артық оларға кiм керек?
Орыс зиялыларының ерекше қадалған проблемасы – Қазақстандағы орыстардың саяси күшке айналу мәселесi. “Қазiрдiң өзiнде ел аумағында 100-ге тарта орыс ұйымы қызмет етедi” дейдi олар масаттанып. Орыс партиясын құру мәселесiне де ақырын тоқталады. “Сонда бұлардың бәрi немен айналысады?” дерсiз. Расында да, осынша ұйымның бiзге не керегi бар? Өз елiнде, өз жерiнде отырған қазақтың мүддесiн қорғайтын ұйымның жүзi тұр ғой, бес-алтауы да жоқ. “Бiз бұдан да күштi болар едiк, әттең… Оппозициялық ұйымымызды әлсiретiп, оны ыдыратып жiбердi” дегенге саятын пiкiр де айтады. С.Терещенко мен әйгiлi ұлтшыл Ю.Захаровты билiктiң сойылын соғады деп те айыптайды. Орыстардың “оппозициялық” ұйымына жiк салып, оны ыдыратумен айналысып жүр деп Ұлттық қауiпсiздiк комитетiн де қатаң сынайды. Осыған қарап ойланасыз. Елiмiздегi орыстың көздегенi не? Олардың түсiнiгiндегi “оппозициялық” ұйым дегенiмiз не? Кiмге “оппозиция” болмақ орыстар? Әлде ұлт мәселесiн көтерiп, шыр-пыр болып жүрген тұлғаларға қарсы шықпақ па? Мүмкiн, билiкке ықпалын күшейтiп, үстемдiгiн жүргiзiп, қазақты бiржолата Ресейдiң боданына айналдырғысы келе ме? “Потенциал соотечественников за рубежом должен работать на Россию!” – дейдi олар. Осыдан-ақ орыстың пиғылын байқай берiңiз. “Бiздiң жанымыз да, тәнiмiз де – Ресей, жүрегiмiз Мәскеу деп соғады” дегенi емес пе бұл? Осыны көрiп, бiлiп әрi естiп отырған билiк тiлiн жұтты ма? Түбiнде орыстың бiзге мәңгiлiк дос болмайтынын түсiнбегендей сыңайды неге танытады? “Жақсылықты бiлмейдi екенсiң, ал керек болса” деп қазаққа неге бұрылмайды? Бұл билiк өзi кiмдiкi? Шынымен, қазақтiкi ме, әлде «Ресей отандастарынiкi” ме? Осыны анықтайтын кез жеттi.
Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқы ассамблеясында сөйлеген сөзiнен кейiн орыс ұлтшылдарының ерекше серпiлiске түскенi аян. Тiптi оны сынап-мiнеп, оппозиция қатарында жүргендерi де президенттiң “қазақстандық ұлт” идеясын жапатармағай қолдады. Соның бiрi С.Дуванов мемлекет басшысының сөзiне қолдау бiлдiрiп, былай деп жазды: “…Қазақстанда АҚШ, Бразилия, Австралия тәрiздi азаматтық мемлекет құрылады, бiрақ ұлттық мемлекет атымен болмайды”; “Назарбаевтың түсiнiгiнде бүгiнгi Қазақстан – қазақ пен орыс, азиялық пен еуропалық, мұсылман, православ, католик немесе протестант болып бөлiнбейтiн бiртұтас халық. Елде тұратындардың бәрi де – АЗАМАТТАР, сондықтан да қазақстандықтар. Назарбаевқа деген сыни көзқарасымды былай қойғанда, мұның өте мықты әрi сауатты қадам болғанын мойындамау қиын…”. Н.Назарбаев режимiн сынап жүрген демократтардың бұлайша өзгеруi тегiн емес. Олар да “қазақстандық ұлт” саясатының қазақтан басқасының бәрiне тиiмдi әрi қолайлы екенiн аңғарып отыр.
Қалай десек те, орыс ұлтшылдары қатты сiлкiндi. Билiктiң қазақтың емес, орыстың мүддесiн қорғап отырғанын сезiнген тәрiздi. Десек те, бұл жағымсыз үрдiстiң қандай жағдайға апарып соқтырарын алдын ала ойлағанымыз жөн шығар. Қазақтың ұлтжанды тұлғаларымен күресiп жүрген билiк орыс ұлтшылдарын ауыздықтай алмай жүрмесiн, әйтеуiр. “Жар астынан жiк шықты, екi құлағы тiк шықты” деп бүгiнгi билiктiң сауатсыз саясатынан елiмiз опық жеп жүрмесiн…
|
|||
|