|
|||
Еуразиялық одақ: болашақтың стратегиясыЕуразиялық одақ: болашақтың стратегиясы Еуразиялық одақ – бүгінгі күн мен болашақтың күрделі сынақтарымен өлшенетін мегажоба. Ол қалыптасуы тарихтағы ең күшті жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыстар ықпалымен басталған жаңа әлемдік архитектураның органикалық бөлшегі болудың барлық мүмкіндіктеріне ие. Бұл үшін еуразиялық интеграцияға қатысушылардың барлығында іс-қимылдың анық та нақты стратегиясы болуы қажет. Бірінші. Еуразиялық одақ әуел бастан бәсекеге қабілетті жаһандық экономикалық бірлестік ретінде құрылуы тиіс. Бізді тек «модернизацияны қуушы» қағидаттарындағы дамушы елдер жиынтығы болудың тар шеңберлі перспективасы да, өзге әлем үшін мәңгілік табиғи ресурстардың үлкен перифериялық экспорттаушысы болып қалудың пешенемізге жазылуы да қанағаттандыра алмайды. Әлем жаңа технологиялық төңкеріс табалдырығында тұр. Бүгінде Қазақстан үдемелі индустриялық-инновациялық даму жолын бетке алды. Біз болашақ ұлттық инновациялық экономиканың негізі ретінде заманауи өндірістік күштердің жаңа құрылымын құрудамыз. Мұндай міндеттер Ресейдің, ТМД-ның өзге де елдерінің алдында тұр. Сондықтан біздің Біртұтас экономикалық кеңістігіміз инновациялар мен қуатты технологиялық серпінділіктің аумағы болуының маңызы зор. Бұл үшін біздің елдерімізді дамытудың модернизациялық және инновациялық ортақ алгоритмін түзу қажет. Мен 10-15 жылдық перспективаға есептелген Еуразиялық инновациялық-технологиялық кооперацияның бірлескен бағдарламасын жедел жасап қабылдауды ұсынамын. Бұл тұрғыда сонау 1970 жылы-ақ аса ірі «AIRBUS» халықаралық авиажасау консорциумын құрған Франция, Германия және Ұлыбританияның үлгісі айшықты болып табылады. Кейін оларға Испания қосылды. 2010 жылдың қорытындысы бойынша «AIRBUS» жаңа ұшақтар сату мен оларға тапсырыстар қабылдау саны жөнінен Американың «Боинг» және «Локхид» компанияларынан айтарлықтай озып кетті. «AIRBUS-тың» жыл сайынғы табысы 30 миллиард еуроға жақындап келеді. Бүкіл Еуропа бойынша орналасқан компанияның кәсіпорындарында 53 мың адам жұмыс істейді. 2006 жылдан бастап «AIRBUS-тың» барлық акциялар пакеті өз кезегінде ЕО елдері үкіметтері мен ұлттық компаниялары қаржыландыратын EADS Еуропа аэроғарыш консорциумының иелігіне өткен. Дания мен Швеция Сканеде бірлескен инновациялық орталық – «медиконовалық аңғар» құрды. Бүгінде бұл – лабораториялар, коммерциялық құрылымдар, өндірістік кәсіпорындар шоғырланған Еуропадағы аса қуатты кластер. Мұнда құрамына 300 компания, 14 университет, 26 медициналық клиника кіретін 7 ғылыми парк жұмыс істейді. Мұндай жолмен жаңа технологиялар жасаудың бірлескен жекелеген аспектілері бойынша екі жақты келісімдер түзетін халықаралық инновациялық орталықтар құруды ынталандыратын бірқатар елдер жүріп келеді. Екінші. Еуразиялық одақ дамудың еуроатлантикалық және азиялық ареалдарын қосатын мықты буын ретінде қалыптасуы тиіс. Экономикалық тұрғыда біз Еуроодақтың, Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азияның ырғақты экономикаларын байланыстыратын көпір бола аламыз. Бүгінде «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі жобасы жүзеге асырылуда. Уақыт өте келе осы маршрут бойына Еуропа және Қытай рыноктарына тауарлар жеткізу мерзімін 3,5 еседен астамға қысқартуды қамтамасыз ететін заманауи көліктік-логистикалық жүйе түзілетін болады. Трансеуразиялық жүрдек темір жол желісін құрудың болашағы да зор көрінетіні сөзсіз. Бізге Біртұтас экономикалық кеңістіктің Еуропалық Одақпен, Қытай Халық Республикасымен, Жапониямен, Үндістанмен арадағы ынтымақтастығын кеңейту өзара тиімді. Үшінші. Еуразиялық одақ жаңа жаһандық валюталық-қаржылық жүйенің бөлшегі болатын бақуатты өңірлік қаржы бірлестігі ретінде қалыптасуы тиіс. Еуроодақ тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, ортақ төлеу жүйесін, содан кейін ортақ валюта құру – интеграцияның заңды кезеңі. Қазіргі жағдайда бұл үдеріс сондай-ақ әлемдік дағдарыс салдары үрдістерін есепке алуы тиіс. Қазір ЕО мен еуроаймақ қаншалықты сыналса да, олар өздерінің тіршілікке қабілеттілігі мен дағдарыстарға беріктігін көрсетіп отыр. Біз ЕО-ның ауыр халде қалған елдерге қандай қуатты қолдау жасап отырғанын көріп отырмыз. Үш жыл бұрын мен күшті өңірлік резервтік валютаның алғашқы негізі ретінде еуразиялық ұлтүстілік есеп бірлігі – ЕҰЕБ-ні енгізу туралы мәселені талқылауды бастауды ұсындым. Бүгінде салдары қазіргіден де салмақтырақ соғатын жаһандық рецессияның жаңа толқыны ықтималдылығын есепке алатын болсақ, бұл идея жай ғана көкейкесті болып қалмайды, ол практикалық шешуді талап етеді. БЭК шеңберінде валюта одағын құру – еңсеру арқылы біз интеграцияның Еуропалық одақтың қазіргі жаңа деңгейіне өкшелей жақындайтын рубикон болып табылатын шеп екенін ерекше атап өткім келеді. Біздің басты мақсатымыз – көршілерімізге одақтың іс жүзіндегі маңызы мен тіршілікке қабілеттілігіне сендіру. Сонда санымыз үш мемлекеттен де айтарлықтай арта түсетін болады. Төртінші. Еуразиялық интеграцияның геоэкономикалық, ал болашақта геосаяси жағынан буыны бекуі тек эволюциялық жолмен және ерікті түрде жүруі тиіс. Оған жасанды жеделдетудің ешқандай пішіні мен жекелеген елдерді қамшылау жат болуы шарт. Біртұтас еуропалық рынок 40 жылға жуық уақыт құрылғанын ұмытпайық. Бүгінде еуразиялық интеграция тұғырнамасы айтарлықтай кең. Оның құрамына пішіні, мақсаты және міндеті түрлі болып келетін мемлекетаралық бірлестіктер – ТМД, ЕурАзЭҚ, ҰҚШҰ, Кеден одағы – Қазақстан, Беларусь және Ресей мен басқалардың БЭК-і кіреді. Басқа құрылымдардың пайда болу ықтималдығы да зор. Мен, мәселен, Орталықазиялық одақ құрудың жақтасы болып қала беремін. Одан, бірінші кезекте, проблемаларды бірлесіп шешу мен өңірдегі барлық мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуы теңелісінің үлкен мүмкіндіктерін көремін. Бұл Орталық Азия елдеріндегі барлық азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға септігін тигізіп, өңірдегі күрделі проблемаларды шешуге көмектесер еді. Түрлі өңірлік ұйымдарға қатысу әр мемлекетке интеграцияның аса тиімді жолын таңдауға жәрдемдеседі. Сондықтан барлық еуразиялық бірлестіктердің әлеуетін өрістетіп, бірте-бірте олардың пішіндері мен мазмұндарын жақындастыруға ықпал ету маңызды. Бесінші. Еуразиялық одақ құру тек жұртшылықтың кең қолдауы негізінде ғана мүмкін. Қазірде біздің елдерімізде өзіміздің «еуразо-оптимистер» мен «еуразо-скептиктер» бар екені заңдылық болып табылады. Олардың арасындағы пікірталастар тек қана интеграциялық үдерістердің кемшіліктерін көруге және оларды дәйектілікпен аластауға жәрдемдесетіні анық. Мен жақын болашақта олардың дебаттары Еуразиялық Ассамблея – біздің елдеріміз парламентарийлерін біріктіретін ұлтүстілік құрылым мінберінен жүреді ғой деп ойлаймын. Сонымен бір мезгілде, еуразиялық интеграцияның халықтық вертикалін нығайту маңызды. Бұл жерде әңгіме еуразиялық қоғамдық бірлестіктердің санын арттыру туралы болып отыр. Мәселен, ЕурАзЭҚ Іскерлік кеңесінің арқауында Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлердің еуразиялық конгресін құруға болады. Кеден одағы елдерінің үштігі пішінінде Еуразиялық сауда-өндірістік палатасын құру орынды. Олардың офистері Астанада орналаса алар еді. «Еуразия-24» тәуліктік жаңалықтар арнасын құру жөніндегі жұмыстарды бастау қажет. Бұл біздің елдеріміздің азаматтарын интеграцияның басымдықтары мен барысы туралы объективті және толық ақпараттандыру тұрғысынан маңызды. Мен Еуразиялық экономикалық кеңістіктің атқарушы органдарын Астанада – Еуразия субматеригінің географиялық кіндігінде тұрған қалада орналастыруды ұсынамын. Бұл жерде ешқандай шамшылдық жоқ. Бұл біз үшін айтарлықтай жүктеме болар еді. Сонымен бірге, Еуразия интеграциясы идеясының бастамашысы ретінде Қазақстанға әділетті ризашылықтың көрінісі болар еді. Орталық офистің Қазақстанда орын тебуі жаңа интеграциялық бірлестікті біздің елдеріміздің ішіндегі, сондай-ақ бірлестіктің сыртындағы күдіктерден арылтады. Бұл енді тәй-тәй басқан біздің ұйымымызға үлкен сенімділік туғызады. Кезінде біздің ТМД-ның штаб-пәтерін Минскіде орналастыру туралы шешіміміз нақ осыған байланысты болатын. Еуропалық одақ штаб-пәтерінің Брюссельде орын тебуі де кездейсоқ емес.
|
|||
|