Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Экономикалық жағдайдың сараптамасы



Экономикалық жағдайдың сараптамасы

Дағдарыс жағдайында елдегi өндiрiс орындары қаржылай көмекке мұқтаж болды. Осы тұста мемлекет қол ұшын созды. Атап айтсақ, екiншi деңгейлi банктерге, шағын және орта кәсiпкерлiкке, сондай-ақ құрылыс саласындағы компанияларға қаржылай көмек бердi. Себебi дәп осы салалар халықтың әлеуметтiк әл-ауқаты мен мүддесi үшiн қызмет етедi. Дағдарысқа дейiнгi жағдайды қайта қалыптастыру үшiн республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлiнiп отырғаны айқын.

Бүгiнде жаңа жұмыс орнын ашу және қазiргi жұмыс күшiн сақтап қалу, шикiзаттық емес саладағы аймақтық кәсiпкерлiктi қолдау мақсатында "Бизнестiң жол картасы – 2020" бағдарламасы жұмыс iстеп келедi. Оған сәйкес банктiң сыйақысын тағайындау арқылы шағын және орта кәсiпкерлiкке субсидия беру мына бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

жаңа бизнес-бастамаларды қолдау;

кәсiпкерлiк секторды сауықтыру;

экспортқа бағдарланған өндiрiстердi қолдау бағыттары бойынша банктiң сыйақы ставкасын субсидиялау арқылы шағын және орта бизнес субъектiлерiне қолдау көрсетiледi.

Қалыптасқан ахуал банктерге бұрын мемлекет көрсеткен қолдауға қарамастан олардың несие қоржынына, сондай-ақ облигациялық қарыздарға қызмет көрсетуге және салық мiндеттемелерiн орындауға терiс әсер етуi мүмкiн. Бұл кәсiпорындардың көпшiлiгiнiң Қазақстан экономикасы үшiн маңызды мәнi бар екенiн, сондай-ақ Қазақстан Республикасын Үдемелi индустриялық-инновациялық дамыту жөнiндегi 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламаны iске асыруға қатысатынын атап өткен жөн.

Дүниежүзiлiк тәжiрибеге сүйенсек, қаржы-экономикалық дағдарыс салдарын жоюда мемлекеттiң қомақты қаржы бөлiп, қолдау көрсетуi жиi кездеседi. Мәселен 2001 жылы Түркияда орын алған экономикалық дағдарыс 1990 жылдардағы жағдайдан өте ауыр болды. Түркия экономикасын сұлатып түсiрдi десе де болады. Нәтижесiнде мемлекет 21 жеке меншiк банкке интервенция жасап, 4 iрi мемлекеттiк банктi қайта құрылымдады. Бұл iстердi атқару үшiн қыруар қаржы жұмсалды. Түркия үкiметi реформа қабылдар тұста түрiк лирасы девальвацияға ұшырап, шетелдiк валютамен қарызы бар корпорациялар күрделi жағдайға тап болды.

Мәселенiң оңтайлы шешiмiн табуда түрiк мемлекетi ерiктi қайта құрылымдауға жол бердi. 2001 жылы қайта құрылымдаудың ерiктi бағдарламасы қабылданып, бұл – Стамбұл әдiсi деп аталды. Ол өз кезегiнде Лондон әдiсiне сүйендi. Осы тәсiл Шығыс Азиядағы дағдарыс салдарын жоюға бағытталғанмен қазына мен қаржы министрлiгiнiң көмегiн қажетсiнгенiн айта кетуiмiз керек.

Жоғарыда айтылғандардың негiзiнде үздiк әлемдiк тәжiрибенi ескере отырып, Қазақстанның орта және iрi кәсiпкерлiк субъектiлерi болып табылатын кәсiпорындардың төлем қабiлеттiлiгiн және жұмыс орындарын сақтау мақсатында оларға қолдау көрсеткен жөн.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.