Түгендеуді жүргізудің тәртібі
3. Түгендеуді жүргізудің тәртібі
6. Түгендеу жүргізу үшін мемлекеттік мекеме басшысының бұйрығымен тұрақты жұмыс істейтін комиссия құрылады, түгендеу жүргізудің бастау және аяқтау мерзімдері белгіленеді. Комиссия бас бухгалтердің тікелей қатысуымен мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасынан құрылады. Түгендеу комиссиясы бас бухгалтерді қоса алғанда, мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің арасынан кемінде 3 адам құрамында құрылады. Түгендеу комиссиясын мемлекеттік мекеменің басшысы немесе оның орынбасары басқарады. Мемлекеттік мекеменің басшысы белгіленген мерзімде есептеу объектілерінің іс жүзінде болуын толығымен және нақты тексеру үшін жағдайлар қамтамасыз етеді. Үлкен номенклатуралық құндылығы бар мемлекеттік мекемелерде аралық түгендеу кезеңінде мемлекеттік мекеме басшысының өкімі бойынша материалдық құндылықтарды оларды сақтау және қайта өңдеу орындарында таңдаулы түгендеу жүргізіледі. 7. Орталық түгендеу комиссиясын құру, орталықтандырылған бухгалтерия қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелерде түгендеу жүргізу, түгендеу жүргізудің күнтізбелік жоспарын бекіту, сондай-ақ қызметшілердің түгендеу комиссияларына қатысуы үшін бөлу мемлекеттік мекеме басшысының бұйрығымен бекітіледі. Осы бұйрықтың негізінде орталықтандырылған бухгалтерия қызмет көрсететін мемлекеттік мекемелердің басшылары өздерінің түгендеу комиссияларын тағайындайды. 8. Түгендеу комиссиясы материалдық құндылықтар мен ақшаларды түгендеуді олардың сақталған орындары бойынша материалдық жауапты тұлғалар бойынша жеке жүргізеді. Мүліктің іс жүзінде бар болуын тексеру материалдық жауапты тұлғалардың тікелей қатысуымен жүргізіледі. 9. Түгендеу комиссиясы түгендеуді барлық мүшелердің міндетті қатысуымен ғана жүргізеді. Материалдық жауапты адамдар түгендеу комиссиясының мүшесі болып табылмайды. Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 20.10.2015 № 523 (01.01.2016 бастап күшіне енеді) бұйрығымен. 10. Материалдық құндылықтардың іс жүзіндегі санын тексеруге кіріспестен бұрын түгендеу комиссиясы: қосалқы бөлмелерді, жер асты қоймаларын және кіретін және шығатын жеке есіктері бар құндылықтар сақталатын басқа да орындарды мөрлеп бекітуді; салмақ өлшейтін барлық аспаптардың дұрыстығын тексеруді; түгендеу сәтіне материалдық құндылықтар мен ақшаның қозғалысы туралы соңғы есептерді алуды жүргізеді. Түгендеу басталғанға дейінгі күні құндылықтардың кірісі мен шығысы бойынша барлық құжаттарды өңдеу аяқталуы тиіс, талдамалы есеп карточкаларында (кітаптарында) тиісті жазбалар жүргізілуі және қалдықтар шығарылуы тиіс. Материалдық жауапты тұлғалар, түгендеу бастағанға дейін түгендеу басына құндылықтардың кірісі мен шығысына жатқызылатын барлық құжаттардың және олардың жауаптылықпен сақтауына келіп түскен барлық құндылықтардың бухгалтерлік қызметке тапсырылғаны, ал есептен шығарылғандарының шығысқа жатқызылғаны туралы қолхат береді. 11. Қоймаларда және басқа сақтау орындарында материалдық құндылық атаулары, сұрыптары, өлшемі және өзге параметрлері бойынша сұрыпталуы және орналастырылуы керек. Материалдық құндылықтарда олардың санын, массасын (салмағын) және өлшемдерін көрсете отырып, осы құндылықтарды сипаттайтын мәліметтер бар белгі болуы тиіс. 12. Түгендеу кезінде материалдық құндылықтардың болуы міндетті түрде есептеу, салмақтау, өлшеу жолымен айқындалады. Өнім берушінің бүлінбеген орауында сақталатын материалдар мен тауарлар бойынша бұл құндылықтардың мөлшері ерекше жағдайларда осы құндылықтар бөлігінің іс жүзінде болуын міндетті тексеру кезінде құжаттар негізінде айқындалады. Төсек материалдарының массасын (салмағын немесе көлемін) анықтауды көлемін өлшеу және техникалық есептеулер негізінде жүргізуге рұқсат етіледі, ол туралы тізімдемеде тиісті белгі қойылады. Егер қоймаларда немесе басқа да жабық үй-жайларда орналасқан материалдық құндылықтарды түгендеу сол күні аяқталмаса, үй-жай түгендеу комиссиясы кетер алдында мөрленіп бекітілуі тиіс. Түгендеу кезінде мөр түгендеу комиссиясының төрағасында сақталады. Түгендеу комиссиясының жұмысындағы үзілістер (түскі үзілістер, түнгі уақыт, басқа да себептер бойынша) кезінде тізімдемелер түгендеме жүргізілген жабық үй-жайда (шкафта, сейфте) сақталуы тиіс. Есеп объектісінің іс жүзінде болуы туралы мәліметтер түгендеу тізімдемелерінде (салыстырма ведомостер) немесе түгендеу актілерінде (бұдан әрі мәтін бойынша «тізімдемелер») жазылады. 13. Тізімдемелер материалдық құндылықтар мен оларды сақтау үшін жауапты материалдық жауапты тұлғалардың орналасқан жері бойынша жеке екі дана жасалады. Бір данасы бухгалтерлік қызметке беріледі, ал екіншісі материалдық жауапты тұлғада қалады. Тізімдемеге түгендеу комиссиясының төрағасы мен барлық мүшелері қол қояды. Тізімдеменің соңында материалдық жауапты тұлғалар түгендеу комиссиясының олардың қатысуымен мүлікті тексергенін растайтын, түгендеу комиссиясы мүшелеріне қандай да бір шағымның жоқтығы және тізімдемеде санамаланған мүлікті жауапты сақтауға қабылдағаны туралы қолхат береді. Жарамсыз болып қалған құндылықтарға бөлек түгендеу тізімдемесі жасалады. Түгендеу комиссиясының хаттамасында олар жеке бөлініп, олардың бүліну себептері және/немесе бұған кінәлі тұлғалар көрсетіледі. 14. Тізімдеме қолмен немесе компьютерлік техниканың көмегімен, өшірусіз және түзетулерсіз толтырылады. Тізімдеменің әрбір бетінде жазбаша түрде материалдық құндылықтардың реттік нөмірінің саны таратып жазылып көрсетіледі және осы құндылықтар қандай өлшем бірліктерінде (данада, кг, метрде) көрсетілгеніне қарамастан, осы бетте жазылған табиғи көрсеткіштерде құндылықтар санының жалпы қорытындысы беріледі. Қателерді түзету дұрыс емес жазуларды сызып тастау және сызып тасталған деректердің үстіне дұрыс жазуды жазу жолымен тізімдеменің барлық данасында жүргізіледі. Түзетулерді түгендеу комиссиясының барлық мүшелері және материалдық-жауапты тұлғалар келіседі және оған қол қояды. Тізімдемелерде толтырылмаған жолдарға қалдыруға жол берілмейді. Тізімдеменің соңғы парақтарындағы толтырылмаған жолдарға сызу сызылады. Тізімдеменің соңғы парағында бағаларды, бағалауды тексеру және қорытындыны есептеу туралы белгі осы тексеруді жүргізген тұлғалардың қолымен жасалуы тиіс. 15. Есептеу объектілерінің іс жүзінде бар екенін тексеру кезінде материалдық-жауапты тұлғалар ауыстырылған жағдайда тізімдемеде құндылықты қабылдаған тұлға, оларды қабылдағаны туралы, ал тапсырған тұлға - оларды тапсырғаны туралы қол қояды. 16. Түгендеуді аяқтаған соң ресімделген тізімдемелер мемлекеттік мекеменің бухгалтерлік қызметіне тізімдемелердің нәтижелерін тексеру, анықтау және есепте көрсету үшін тапсырылады. Тізімдемеде жазылатын бухгалтерлік есептің деректері мемлекеттік мекеменің бас бухгалтерінің қолымен расталады. 17. Барлық материалдық құндылықтар, сондай-ақ баланстан тысқары шоттарда есепке алынған жалдамалы ұзақ мерзімді активтер баланста есептелетін құндылықтар үшін белгіленген тәртіппен және мерзімдерде түгенделеді. 18. Түгендеу аяқталғаннан кейін түгендеу жүргізудің дұрыстығын белгілеу мақсатында бақылап тексерулер жүргізіледі. Түгендеменің бақылау мақсатындағы тексерулері түгендеу комиссиясы мүшелерінің және материалдық-жауапты тұлғалардың қатысуымен түгендеме аяқталған соң, бірақ міндетті түрде түгендеме жүргізілген қойма (сақтау орны, секциялар) ашылғанға дейін жүргізілуі тиіс. Түгендеменің бақылау мақсатындағы тексерулерінің нәтижелері осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес актімен ресімделеді. Жүргізілетін бақылау мақсатындағы тексерулерді есептеуді бухгалтерлік қызмет осы Қағидаға 2-қосымшасына сәйкес арнайы кітапта жүргізеді. Түгендеу нәтижелері осы Қағидаға 3-қосымшаға сәйкес ведомосте көрсетіледі. Түгендеу комиссиясының жұмысы хаттамамен ресімделеді. Түгендеу хаттамасында сондай-ақ-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы № 393 бұйрығымен бекітілген, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6443 болып тіркелген Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу ережесіне сәйкес активтердің құнсыздануына тест өткізу туралы ақпарат көрсетіледі. Туындау себептерін түсіндіре отырып, активтердің құнсыздану фактісінің болуын тәуелсіз сарапшы растайды, мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органмен келісе отырып, бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі бекітеді.
|