Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





I. Арысын тосып əлі отыр 13 страница



– Аға, ертегі айтыңызшы.

– Бала кезде көп білуші едік. Бірде-бірі есте қалмапты, құрғыр.

– Бірақ осының өзі ертек сынды емес пе, ертек. Амал не, соңының қалай бітерін білмейміз.

– Ертегі ылғи жақсылықпен аяқталмай ма?

– Рас-ау. Дегенмен, ол үшін басы қорқынышты басталуға керек еді. Сіз бен біз кешіп жүрген ертектің басы тым тəтті... (мен сөзіңді бөлдім).


– Баяғыда... ерте-ерте ертеде, ешкі жүні бөртеде, қыз бен жігіт болыпты.

– Екеуі де ғашықтықтан өліпті, дегіңіз келеді ғой. Жо- жоқ, мені мұндай ертек қызықтырмайды. Одан да үнсіз, тым-тырыс жатайық...

Біз үнсіз тым-тырыс жаттық. Осынау қоңыр үнсіздікті кім бұзды, білесің бе? Өзің.

– Аға (соншалықты ақырын, ұрлыққа түскендей сыбыр- лай айттың).

– Ау.

– Бетіңізден сүйейін бе? (Сенің ернің тимей-ақ, оң жақ бетім күйе бастаған).

– Жанар.

– Ау.

– Көзіңнен өбейін бе? (үнсіздік).

Таң атып келе жатқан. Атып келе жатқан таңмен бірге аспандағы жұлдыздар да бірсін-бірсін еріп біткен. Ағараңда- ған ақ көйлек – тек таңның ақ көйлегі ғана дүниені жайлай бастаған. Айтып-айтпай не керек, сен сол сібірлеп атқан таң- ның таң-тамаша сұлулығын, анау жер мен көктің түнгі құ- шағы жазылып, күн нұры түртіп оятқан соң, қимай қинала қоштасқанын көре алмадың. Сен сонда ертеңгі шақтың уыз ұйқысында жатып, қадала қарағанымды сезе алмадың. Қара- мауға дəтім жетпес еді. Енді үш-төрт сағаттан кейін аттана- сың. Мен соншалықты əдемі түс өмірімнен айырыламын.

Күні бүгінге дейін ойлаймын: көзіңе қамшы тиген жас ботадай боздап жүрген шағыңда, қуанышың демейін, жұба- нышың бола алдым ба? Мен осы жасымда көр соқырды да, көзі бар соқырды да көп көрген жан едім, солардан талай тар кезеңде таяқ жеген ағаң, адалдықтың арқанына буынып өлуді


мақсұттаған. Кейде томсарған жүзіңе қарап тұрып, құдайым- ау, екі құлағын, тілін қол-аяғын ал, бірақ көзінде не құның қалып еді деп іштей қынжылушы едім. Бақсам, оным – сені аяудан туған мантырақ ойлар екен. Егер сенің көзің сау бол- са, табиғат бір басыңа осыншама сұлулық пен асқан ақылды үйіп-төге салмас еді-ау. Бұл жалғанда мұңы жоқ пенде бар ма, қайсысының дерті сыртында, қайсысынікі ішінде. Кейде сенің жаныңда отырып, тағдыр бұйрығына ырық бермеген қайратты ажарыңнан оқта-текте елес беріп өтер – өлім елесін аңғарып қалып, алаңсыз көңілім мұздап сала беретін. Іле сенің жарық əлемге ынтызар күлкің-ақ əлгі сескеншек ойым- ды санамнан қызыл табан қылып айдап шығатын. Бірақ өзің туралы мəрмəрдан қаланған сыңғыр пікір – ниет маған жа- зып қалдырған хатыңның құрмалдығында кетті. Сені поезға шығарып салып, сол бір баяғы қара қостың есік алдында оты- рып, ауыр да ақылды хатыңды оқып шыққаным əлі есімде.

Тағы да жылымық! Қара қос. Бұл  жолы жалғызбын.

«…Сонымен, аға, сізбен де қоштасып барамын. Отыз жыл- ға бергісіз отыз күн өте шықты. Сіз ойлағандай, бұған дейін жүдеген жүрегім түлеген жоқ, қайта өзімді-өзім ескі, мың жыл бұрын қирап қалған қорғанның арасынан тауып алған- дай, мəңгірген күйде аттандым. Сіз, аға, өзіңізді тым жақ- сы, ережедегідей тəртіпті ұстадыңыз, бұл сіз үшін үлкен сынақ сықылданғаны рас: артық сөз, оғаш қимыл жасамай, өз-өзіңізді тура бір ай тұтқында ұстадыңыз. Шынымды айта- йын, дəл осы ғадетіңізге жат мінез-құлқыңыз тіпті де ұнаған жоқ. Алғашында аң-таң қалған басым артынша айнығандай еді. Неге? Мен сізді соңғы бір аптада жек көріп кеттім. Ма- ған сіз өзгенің жоғын өлең айтып жүріп іздейтін көнтерілеу болып көріндіңіз. Ең өкініштісі сол – он екі мүшесі сау адам


жалғанда мүгедектің шын сырын, шын қайғысын түсінбейді екен, түсіндім дегені – аяу сезімінен аса алмайды екен. Ал біздерге тіпті де өзгенің мүсіркеуі мен жанашырлығы қажет емес-ті. Оны мен талай рет ескерттім де. Ең өкініштісі сол – мені бəрібір мүгедек деп қабылдағаныңыз, ой-санаңызда осы ұғым нардай шөгіп басып жатты. Сондықтан да тау басын- да тұрғанда немесе дачада оңаша жатқанда, тым болмағанда ерніме ерніңізді тигізуден жасқандыңыз, жоқ дегенде жас ба- лаша еркелете алмадыңыз. Естияр адам болсаңыз да менен, яки соқырлығымнан қорықтыңыз. Ағымнан жарылайын – ағымнан жарылайыншы, ұстаған жерінен ағаш та сынбайды ғой, соншалықты сақтанғанда мені сақтап қалам дедіңіз бе? Əттең, шіркін, екі көзім шырадай жанып тұрса, құлым бо- лып қолымнан ұстап өтер едіңіз, бас салып аймалар едіңіз, жабысып қалатындай құтылғанша асыққаныңызға қайран қаламын. Жұрт не десе де, мен де екі аяқты, жұмыр басты пендемін. Көлденең өткен көп аттыға болмаса да, мыңнан бірдің құрбаны, садағасы болуды тілемейді дейсіз бе? Сіз мені, аға, басқаға, сіздің қолға су құя алмайтын жатқа қор қылдыңыз, сондықтан да суық сезіммен аттандым. Шыным- ды айтқаныма кешіріңіз, əйтпесе табиғат бізді неге жарат- ты? Егер менің қолымнан өзіңіз емес, тым болмаса сізден туған балаңыз жетелеп жүрсе – одан артық бақыт бар ма еді, аға! Міне, сондықтан да дені сау адам əрқашан да өзін ар- тық санайды, аялауының артында аяуы тұрады, тіріде серік болудан тайсақтайды. Иə, сонымен өз рөліңізді өте тамаша образға кіріп ойнап шықтыңыз. Дініңіз берік екен. Бұл менің өкпе-назым ғой. Ал, айтпағым: сіз, аға, маған елітіп көңілім- ді қимай өтірік армандадыңыз, өтірік қиялдадыңыз, өтірік күрсініп, өтірік күлдіңіз. Неге? Сіз аға, үлкен ресторандар-


ға өте мəдениетті, сыпайы қызмет көрсеткен даяшы секіл- ді болдыңыз. Неге? Өйткені өз жүрегінің əміріне бағынбай, үйретілген маймылша секіріп билеп, жағына беру, жақ- сы көрінбекке əрекеттене беру – аққа қара басқандай оғаш көрінеді екен. Əрине, мен сізді қысқа да қиын ғұмырымда əнге қосып өтпесем де, қиялымда əлдилеп өтермін. Сіз құр атқа мініп, тым асыға желіп бара жатқан жолаушысыз. Ме- нің жанымнан да зу етіп өте шықтыңыз. Сонда қайда, қайда асығасыз, соншама асыққанда асар асу, шығар биігіңіз бар ма? Білем, оған кінəлі тіптен де сіз емессіз, қазіргі ғасыр- дың өзі асығыс. Сонда менің есіме: «Жолаушы, атың семіз желе-тұғын, көз бар ма мен байғұста көре-тұғын», – деген халық өлеңі оралады. Осы əнді сан-сан қайталап тұрып, сізге тек ұзақ сапар тілеймін. Бəлкім, менің бұл хатым ауыр тиер. Ал маған жеңіл дейсіз бе? Сонымен, аға, мені мəңгі түнек, мəңгі түн ажал аралына қайта апарып тастадыңыз. Басқа- ға қызық үшін айтар əңгімеңізге арқау бола алсам жарады да. Тууы мен өлуі бірдей адамның бір-бірінен артықтығы кəне, тек осыны ұқсаңыз болды. Сондықтан да соқырлар өлім мен өмірге жасқанбай тура қарай алады. Əлдеқайда жамандық пен жақсылықты бұрын көрер еді. Мен сізді аяй- мын, аға. Сау соқырлығыңыз үшін, тым-тым романтикаға берілгіш, шындықтан бұғып қалар жуастығыңыз үшін, өз тəбетіңізге өзіңіз жем тауып бере алмайтұғын осалдығыңыз үшін аяймын. Сіз менімен бірге Тасбөгеттің басында жы- лымыққа шуақтап қалғып-шұлғып отырғаныңызда, талай- талай есеңізден құр қалдыңыз емес пе? Жылымық деген жақсы, егер бұл табиғаттың бораны соғып, жаңбыры жау- май тұрса, бірақ одан да жалығар едік қой. Асылы ер адамға жылымықтан гөрі ақырған аяз, ақ нөсерлі өмір жарасар. Егер


енді бір ай бірге жүрсек, бір-бірімізден қашып əрең құтылар едік. Дүниеде құнын жоймайтын нəрсе жоқ, сондықтан да бəрінің құны бірдей. Тағы бір байқағаным, қазіргі тұрмыс- халіңіздің асығы алшысынан түсіп тұрмаған-ау деймін... Сіз- дің жаны ашыған сезіміңізден екі есе артық аяушылық сəле- мімді жолдаймын. Көзіңізге қараңыз, аға! (Жанар)».

Бұл сөзді қайдан естідім деп көп ойландым. Қырсыққа толған хатыңды қара қостың жапсарына қыстырып кетпек- ке бекіндім де, іле бұл ойымнан қайтып, төрт бүктеп қалта- ма салдым. Сол аспан, сол күн, сол тау, сол жылымық. Бі- рақ бəрі-бəрі басқаша, өзгеше жат, өзгеше суық, жек көре, жиіркене қараймын. Ғажабы сол, мен осы күннен бастап

«Жылымық» атты суретке деген сүйіспеншілігімді жоғалт- тым. Мүлдемге жоғалттым. Қабырғада қағулы, санаторийдің бөлмесінде қалды. Түнде қала бейнесіне қарап тұрып, мы- нау жарқыраған қазанда адам қайнап жатқандай, сен айтқан адамның иісі содан шыққан қоңыстай сезілді. Иə, сұлулық, тазалық туралы ұғым, түйсігіме төңкеріс жасаған хатыңды бойтұмар ғып əлі тағып жүрмін. Бір қызығы, дəл сенің ха- тыңды оқыған күннен бастап, бұрынғы бойымды өзектеген босаңдық пен ынтызар көңілдің ынжықтығын сылып таста- дым да, бұрынғыдан көш ілгері тұрмыс құрып, мəре-сəре ғұ- мыр кешудемін. Мені байлыққа – бақытқа бастаған өзің едің.

Япыр-ау, көзіңе қара деген сөзді тағы бір рет естіп едім ғой. Е... е... есіме түсті.

Мен сені поезға мінгізіп тұрғанда, темір баспалдақтан көтеріле берем деген қара бұжыр, май желке ағаңның аяғын басып кеттің. Сонда ол бұлқан-талқан ашуланып:

– Ей, қыз, соқырмысың! Көзіңе қарасаңшы! – деп еді-ау! Мүмкін, нағыз адам сол шығар...




  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.