Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 7 страница




ған танадай тыныштық орнады. Мен кəперіме алғаным жоқ, есіл-дертім картошка, мұрнымды қорс еткізіп тартып қойып, етпеттей жатып, қомпаң-қомпаң етемін. Апам елегізе құла- ғын түріп, əрі-бері отырды да:

– Балам, шам жақшы, біреу «ас...салау...» дегендей болып еді, қайда жоғалып кетті, – деді.

– Жоқ, апа, «ассалау»... деген жоқ, «ас»... – деді.

– Тілің мен жағыңа сүйенбей шам жақ. Атып тұрып май шамды тұтаттым.

– Жертөленің қақпағы ашық қалыпты ғой, жаба сал, – деді апам бұдан соң. Май шамды пеш иығына қойып, под- валдың қақпағын жабайын деп еңкейе бергенімде, зəрем зəр түбіне кетті.

– Ойбай, апа! – шоршып түсіп артына тығылдым. – Шұң- қырда бірдеңе жатыр, ешкінің басы ғой деймін, сақалы бар.

– Өтірігіңе береке берсін, – деп апам сене қоймады.

– Оллай-биллай, апа, мен сізді алдамаймын ғой. Текенің басы...

Апам қолын таяна орнынан тұрды да, май шамды алып подвалға жақындады. Мен де етегіне орала баспалай ердім. Жаңадан ғана төгілген картошканың үстінде сақалы шоша- йып, көзі бақырайған ешкібас шалдың серейіп жатқаны рас еді.

– Құдай-ау, мынау Құлаша ғой! – деді апам сасқалақтап. Бірақ қорқыныштың нышаны да білінбеді. – Өліп жатпасын пəле болғанда, қалай құлап қалып жүр?

– Өлгем жоқ, – деді сұлық жатқан шал қимылдап. – Демеп жібер қолтығымнан. Ауырсынып қалған секілдімін.

Апам подвалға қарғып түсіп, Құлашаны сүйрелеп шұң- қырдан шығарды. Содан соң өзі подвалдың қақпағын мық-


тап жауып тастады. Еңкеңдеп барып төрге отыра берген Құ- лаша:

– ...мағалайкүм, – деп бағана бастаған сəлемінің соңын айтты. Апам мырс етіп күліп жіберді. Сөйтсем оқиға былай болыпты. Көз байлана біздің үйге келіп, əдетінше есіктен кіре сəлем бермек болып: «Ассалау...» деп созақтата аяғын табалдырықтан аттай бергенде, күмп етіп қақпағы жабыл- маған подвалға түсіп-ақ кеткен. Бұдан соң біз елеп-ескер- генше, бұлданып жатып алған. Қираған, бүлінген еш жері жоқ, қырсық шалдың алдында мінді болып қалыппыз. Төрде апам əкеліп берген жастыққа бір шынтақтай ыңқылдап жа- тып алды. Ыңқылға ыңқыл қосылды, өйткені төргі бөлмеде əкемнің қарындасы – Күлəми ұшынып ауырып жатыр еді. Кеше фермадағы шешем беріп жіберген ешкінің бірер жілік етін апам ырықсыздау жуып қазанға салды. Құлаша көзінің астымен апамның қимылына ақырын қарап қойып, ыңырана түсті. Майшамның жарығы қайбір мардымды. Өлеусірей жа- нып, апам əрі-бері өткен сайын, шалқып жалп-жалп етеді. Төргі бөлмеден əпкемнің үні шығады. Сол жаққа құлақ түріп елеңдеген Құлаша:

– Шұңқырға менен басқа тағы біреу құлап кетіп пе еді? –

деп, монтанси сұрады апамнан.

– Жоқ-а, құдай! Күлəми ғой ұшынып, екі күн болды, ауы- рып жатыр.

– Үй-бай-ау, онда ұшықтап жібермейміз бе?

– Сіз жақсы келдіңіз, – деп кəутектеді апам. – Ораза-нама- зыңыз бұзылмаған Қыдыр адамсыз ғой, дем салып беріңіз.

– Күн таласып батып бара жатқанда, ұшық жақсы дару- шы еді, түк етпес, тұрғызыңыздар баланы.


Апам кесеге су құйып, оған аздап сүт тамызып, пештен алып үш шымшым күл салды. Сонан соң Құлашаның қолы- на ұстатты. Безгегі келгендей тісі-тісіне тимей отырған əп- кемнің аппақ жүзіне шамның нəзік сəулесі түсіп, боталаған мөлдір жанары шипа дəметкендей шалға жасаурай қарады. Ұртын толтыра ұрттаған суды əлгі əп-əдемі бетке бүркіп- бүркіп жібергенде, əпкем қатты тітіркене сескеніп қалды да, жүзін тайдырып əкетті. Құлаша шатты-бұтты бірдемесін ай- тып, зікір сала тағы ұшықтады. Бұдан соң ойқастап əрі-бері жүрді де, апама айғай салды:

– Баланы жылы жауып төсегіне жатқыз!

Қазандықтағы еттің бүлкілдеп қайнағанын естігіміз кел- гендей, сəл үнсіздік билеген. Құлаша сақалын саумалап отырды да, орнынан лып етіп тұрып, басын тас бүркеніп, бүк түсіп жатқан əпкемнің бетін ашты.

– Қалай, тəуірсің бе, қалқам?

Ұшықтағалы бес минут өтпей жатып, көңілін сұрағанға əпкем шындап ашуланды білем: «Тəуір емеспін!» деп, көр- песін қайта қымтанып алды.

– Сырқаттың беті бері қарапты, үні қатты шықты, – деді ол саспай.

Апам дастарқан жайып, ет түсірді. Буы бұрқырап, ағаш табаққа салынған ешкінің еті алдына келген соң, қынынан пышағын алып:

– Мə, шайып əкелші, балам, – деп маған берді. Жүзін бас бармағыммен байқап көріп едім, ұстарадай лыпып тұрған өткір екен. Құлаша қолын жайып бата берді:

 

Əумин десең, міне, бата, Дарысын Қыдыр ата.


Қыдырың қиялап, Періштең ұялап. Дерт иесі Лұқпан, Денге саулық, Басқа байлық беріп,

Құдайың жарылқасын, Уызың арылмасын, əумин!

 

Бəріміз «əумин!» – деп, жарыса бет сипадық. Апам əп- кеме сорпа апарып беріп, кершеулеп ет турап отырған Құ- лашаның (біз жақта етті қонақ кеседі) табаққа тастағаннан аузына «бісміллə» деп салғаны көбейіп бара жатқан соң, маған қабырға ұстата берді. Ағаш табақтың түбінде желін- бей қалған ең соңғы етті шеңгелдеп алған шал апама қарап:

«Құдайдың құдіреті, осы сіздің үйге келсем, тəбетім ашы- лып, сарайым сайрап шыға келеді. Байқайсыз ба, осыменен екі жапырақ ет жеп жібердім», – деп қолындағы тұздығы сорғалаған етті қарбыта асай салды. Апам жымиды да қой- ды. Төргі бөлмеде ауырып жатқан əпкемнің де күлгені ес- тілді.

– Баяғыда, – деді Құлаша сүзбе қосқан ақ сорпаны сорап- тай ұрттап. – Қаңғып жүріп Жұлдыз ауылындағы бір қара- ша үйге тап болдым. Ұп-ұзын сидиған арық қара қатыны, қатынының омырауынан ғана келетін шоқша сақалды мəс- тек шалы бар екен. Ол кезде, немене, соғыс жаңа аяқталған, елдің ерні енді-енді қимылдай бастаған шақ. Дастарқанда он шақты бауырсақ, екі-үш шақпақ қант шашылып жатқан. Кеседегі ыстық шайды аузыма енді апара бергенімде, есік сықырлап ашылды да, босағадан үй иесінен де аласа қысық


көз шал кірді. – Ассалаумағалейкүм! – Мұрнынан сөйлейді екен, өзі пұшық.

– Е, үйде қонақтар бар екен ғой, – деп менің оң жағы- ма малдас құрып отыра қалды да, он шақты бауырсақтың бес-алтауын іліп алды. Қантқа да қайрат көрсетті. Суыңқы- рап қалған шайды жəне ұрттай бергенімде, есік тағы сыңси ашылды.

– Ассалаумағалейкүм! – деп күркіреген үн естілді де, үйге үш бүктетіліп сырықтай сіріңке қара жігіт кірді.

– Е, үйде қонақтар бар екен ғой, – деп менің сол жағы- ма жамбастай жантайып еді, ащы ішектей шуатылған аяғы табалдырықтағы легенге тиіп жатты. Оның да алайған бады- рақ көзі дастарқанда. Айырылып қалмай тұрғанда қамтып қалмақ ниетпен қолымды соза беріп едім, менің қолымды, анау бес-алты бауырсақ пен қалған қантты алып қара құс қа- натымен жапты-ай... Шошына қарасам, əлгі дəудің алақаны екен, өз қолымды астынан зорға суырып алғаным. Дастар- қан əп-сəтте таз-тақыр қалды.

– Кішкене дəм бар еді, қолдарыңызды жуыңыздар, – деді арық əйел. Пұшық шал қойнынан қандауырдай ғана бəкісін, ал əлгі дəу қара етігінің қонышынан орақтай бəкісін жалт еткізіп шапшаң суырып, құлаштай ашып, жағаласа жуып, ағаш табақтың шетіне сүйеп қойды. Содан соң екеуі де ба- жырайып маған қарап қолдарын жайды. Мен ойда-жоқта ол- жама ортақ болған қонақтарға ықылассыздау бата жасадым. Батаның аяғын тоспай, тағы да екеуі тайталаса ет турауға кірісті. Табаққа түскенінен ауызға ыршытқандары көбейіп бара жатқан соң, бір асасам да – май асайын деген жымысқы оймен ортасындағы ағараңдаған майды іліп алып ауызға тас- тап жіберіп, бүркітше қылғытып жұтып жібергенім сол-ақ


екен, аздап қиыс тұрған ағаш табақтың астынан жып-жылы сорпа ағып қоя бергені. Тұздықтың аға жөнелгенін көргенде, арық қара қатынның көзі атыздай боп желкесіне шығып-ақ кеткені.

– Ойбу, бетім-ай, енді қайтейін-ай, ағаш табақтың түбі те- сіліп қалған соң, мақта тығып қойып едім, қайсысың асап қойдың? – деп, біздің бетімізге жалтақ-жалтақ қарағаны. Май деп жегенім мақта екенін сонда ғана білдім...

Құлаша өзі мəз болып күлді-ай. Апам жай жымиды да қойды. «Былтыр да айтып едіңіз» деген сыңай бар өңінде.

Сол Құлаша шал өткен жазда аудан орталығынан ауыл- ауылға барар қара жолмен асасы мен дорбасын арқалап келе жатып, əлдекімнен түсіп қалған бір қапшық ақша тауып алыпты-мыс, деседі. Жан-жағына қараса, ешкім көрінбейді. Шариғаттың заңы бойынша, олжа тауып алған адам үш рет айқайлауы тиіс. Егер иесі шықпаса, иемденуге құқы бар. Құ- лекең сол ақшалы сөмкені қолына ұстап тұрып:

– Құдай-о-у, – деп, бар даусымен азандап айғай салып, ал:

«ақша тауып алдым» дегенін ақырын сыбырлап қана айтқан екен деседі.

«Құдай-оу, ақша тауып алдым – мұндай-оу», – деген Құ- лекеңнің үнін, міне, жиырма жылдай естіген жоқпыз. Енді ол ешкімнің есігін тоқылдатып, мазасын алмайды, ауырып жатқандарды ұшықтамайды. Енді ол бір ауылдың хабарын бір ауылға жеткізіп, ел-жұрттың амандығын тасып орта- мызда əсте де жүрмейді. Енді біз дорбасын арқалап, асасын сермей адымдап қара жолда қараң қағып əлдеқайда, алысқа қаңғып бара жатқан жетім шалды мың жылда да көрмейміз. Соңғы рет біздің үйге келгенде, дорбасындағы шотын əкеме беріп кетіп еді. Содан қайтып оралған жоқ. Біреулер


айтады: «Көп ақша тауып алған Құлаша Сталинград түбін- де қайтыс болған жалғыз ұлын іздеп кетіпті», деседі. Енді біреулер: «Ой, ол шал Бұқтырмаға ағып өлген» деседі. Ал апам айтады:

– Құлашаның шотына тиіспеңдер. Əйтеуір, бір күні іздеп келсе ұят қой.

Ал ауыл адамдары айтады:

– Құдайдың құдіреті, Құлашаны да сағынатын күн бола- ды екен-ау...

Құлашаның шоты адалбақанда əлі ілулі тұр...


 

 

ҚҰМАР ҚОЛ БҰЛҒАПТЫ

Біз оны «күжілдек» дейтінбіз. Ербала деген аңшы шал- дың жалғыз ұлы еді. Төртпақ, қап-қара шойыннан құя сал- ғандай, даусы жуан, аңқау да аңқылдақ адам еді. Қырықтан жаңа асқанмен, қара танитын ғана қауқары бар, ілдалдамен өмір сүрген өте қарапайым, ел аузына күлкі боп іліккен, өте қызық жан-тын. Совхоз қайда жұмсаса сонда балаша еріп, ерінбей жүре беретін. Бірақ өліп бара жатса да асығуды білмейтін, колхоздың қара өгізіндей əрі жайбасар, əрі жуас.

«Жуас түйе жүндеуге жақсы» деп, ауыл азаматы бас қосып отыра қалса, əңгімелерінің желісі Құмарға ауысып, түрткі- леп қажайтын, қалжыңдап, қаңқу сөзбен есін шығарар еді. Аю секілді алая қарап, қорбаңдап орнынан тұрып кететін не- месе: «Ей, – деп күж ете түсетін, – ей, тəлкек қылмаңдар, мо- йындарыңды бұрап аламын». Бірақ күні бүгінге дейін ол кісі ешкімнің мойнын үзген жоқ, зəуде төбелесе қалса, баж-бұж етіп, мұрны қанап, таяқ жеп шыға келетін.

Құмекеңнің ішіп алғанда айтар жалғыз əні бар. Оны жұрттың бəрі жатқа біледі. Не той-томалақта, не болмаса жападан-жалғыз өзі жаман торысына мініп бүлкек-бүлкек желіп келе жатып, айызы қана шырқайтын-ай. Мəңгі тау- сылмас ұшы-қиыры жоқ төл əніне əлəулайлап кеп басатын- ай. Сонда Құмекеңнің əлемде жоқ теңдессіз əні мынау еді:

«Албания, шалбария, албания, шалбария», міне, осы сөзді созақтатып жалықпай қайталай беретін, қайталай беретін.


Əкесі Ербаланың аруағынан ұяла ма, ептеп аңшылық құ- ратыны жəне бар. Онда да қолында мылтығы жоқ, əкеден қалған ескі елік қақпан мен қоянға құратын сымтемір тұзақ қана. Жаман торысына бір жамбастай мініп қиқайып алады да, «албания, шалбариясын» мұрнынан ғана ыңылдап, тауға қарай беттеп бара жатар еді. Кейде көңіл деген көк дөнен ғой, қоқырақтап шапқысы келетін. Амал не, жаман торысы алдан гөрі артқа жақсы жүрер еді. Құмекең таудағы əлі қыс- таққа тасылмай, қар басып тұрған маяның түбіне асықпай- саспай қақпанын құратын. Жаңа ғана жүгіріп өткен сонар бетіндегі қоян ізін аңдып, баспалап барып қалыңдау тал не бұтаның арасындағы ұрымтал тұсқа тұзағын байлайтын. Бұ- дан соң аспай-саспай қалтасындағы дорба толы махоркасын алып бас киімінің маңдайшасына жүгіртіп жіберген газеттің шетінен жыртып темекісін салып, тілімен жалап желімдеп, сұлулап орайтын. Енді сіреңкесін іздей бастайды. Қарма- нып қарамаған қалтасы қалмайды, əрең дегенде жан қалта- сының түбі тесіліп, жыртығынан түсіп, астарды қуалап кет- кен шақпақты тауып, міндетті түрде салдырлатып шайқай, қанша ши қалды дегендей байқап барып, сорайған пештің мойнындай ұзын шылымын тұтатар еді. Саспай, байыппен құшырлана соратын, содан соң бірден қолқасын қапқан ащы түтіннен булығып жөтелетін, ұзақ жөтелетін күркілдеп. Көк түтін ыстаған көзін сығырайта сонау, етекте жым-жырт қар басып, томаға-тұйық жатқан ауылға ойлана телміреді-ай. Сонау етекте асықтай шашылып жатқан ауылда Құмекең- нің де қос бөлмелі ағаш үйі бар. Көріне ме, көзіме түсе ме дегендей, тесіліп көп қарайды. Аппақ қар жанарын жеп, жа- саурата берген соң, былш еткізіп бір түкіреді де, атына қай- та мінеді. Құмекеңнің сондай, аңнан қайтқан сəтсіздеу бір


сəтінде тауға отынға бара жатқан əкем екеуміз ұшырасқан едік. Қанжығасы тағы да бос екен. Əкеме сəлем берді. Күж ете қалған даусынан, жастау мал еді, менің астымдағы шаб- дар ат жалт етіп үркіп, жығып кете жаздағаны.

– Иə, Құмар, қақпаныңа ештеңе ілікпеген бе? – деді əкем. Ол қыржың ете қалды да, жаман торысын бауырлап тартып өтті қамшысымен. Ат мизеген жоқ, құйрығын бір бұлғап

«қираттың» дегендей тезек тастады. Мен жаман торының осыншалық көн тулақ көнбістігіне еріксіз күлдім.

– Ей, а-ға-а, – деді Құмар созып, – атаңның аузын ұра- йын... сіздің емес, əрине... Атасының аузын ұрайын, Балта- бай молда Суықсайдағы маяның түбіне құрған қақпанымды да, қақпаным қапқан елігімді де шанасына тиеп алып кетіпті. Соның ізін шалып келемін. Сіздің алдыңыздан шыққан жоқ па?

– Жоқ, көзіме түспеді. Қақпаныңды алған дəл Балтабай екенін қайдан білдің? – деді əкем жымиып.

– Ой, а-ғ-а, сіз де баланың сөзін айтасыз. Балтабай молда осыдан бір апта бұрын шеге сұрап маған келген. Сонда өзі айтып отырған: «Шеге жетпей қалып, биенің артқы оң аяғы тағаланбай қалды», – деп. Міне, байқайсыз ба, мына жолда бір тағаның ізі жоқ емес пе, ей, а-ғ-а...

– Рас, – деді əкем тапқырлығына еріксіз сүйсініп, бір аяғы тағаланбаған аттың ізі.

– Ат емес, бие деңіз.

– Рас, биенің ізі.

– Аттыкі ме, биенікі ме, ізіне қарап ажырату қиын ғой, –

дедім мен қарап тұрмай.

– Ал мен, – деді Құмар күмілжіп, – төрт түліктің қиын иіскеп айыра аламын еркек-ұрғашысын.


– Рас, – деді біздің шал, – рас, айыра алады. Біз екі жаққа бөлініп аттандық.

Ертеңінде есік алдындағы түнде жауған қарды күреп жүр едім, жаман торысына жайдақ мініп, тепеңдеп жалаң бас Құмар келді. Суық күнде өртеніп жүргендей басының буы бұрқ-бұрқ етеді. Аттың үстінде тұрып айғай салды:

– Ей, пысық бала, əкең тұрды ма?

– Тұрған, шай ішіп отыр.

– Мен келіп тұр де.

Үйге кіріп шалды шақырып шықтым.

– Неғып ертелетіп жүрсің? – деді əкем. – Үйге түсіп шай ішпейсің бе?

– Уақытым жоқ, а-ға-а, асығыспын. Балтабайды қатыр- дым. Кеше айтпап па едім, қақпанды сол алыпты.

– Қалай қатырдың?

– Ой, а-ға-а, кеше өзіңізбен қоштасқан бетте, салып ұрып үйіне жетіп барсам, керіскедей қылып менің елігімді сойып жатыр. «Қайтар өзіме», – дедім. «Алтайдағы бар елікке ен салып қойып па едің, сенікі емес», – деп міз бақпады. Со- дан боқтастық. Сақалы бар молда екен дегенім жоқ, əке- бабасынан түсіп, түгін қоймай жездей қақтадым. «Еліктің əкесін ұрайын, алсаң ала бер, бəрібір менің ішіме аңның еті жақпаушы еді, тым болмағанда қақпанымды қайтар», – деп тебініп едім, батырға да жан керек, бере салды. Қанжығаға мықтап байладым да, «жеті атаңның аузын...» деп сыдыр- тып едім, ол да жеңілмейтін без бүйрек ит екен, «жетпіс жеті əкеңнің...» деп... түп-тұқиян ата-бабамды түгел санап шық- ты. Үндегенім жоқ. Шыдамдымын ғой. Үйге келдім. Əри- не, жетпіс жеті əке болмайтын шығар деп ойладым. Содан Сайлыш келініңіздің жариттаған картошкасын жеп, тым-


тырыс жатып қалдым. Таңертең ояна келсем, күн əлі ерте екен. Бірақ айнала жарық, қар жауып қалыпты. Оны өзіңіз де көріп тұрсыз... Иə, сонымен, көпке дейін суықтан қорға- нып тұрмай, көзім бақырайып жатып алдым. Сиырға шөпті Сайлыш салды. Сонда барып есіме түсті. Кеше кешке ғой, Балтабай молда жетпіс жеті əкемді қосақтап материстса етті, ал мен болсам жеңілген иттей құйрығымды қысып үндемей үйге қайтыппын... Əкемнің де ашуы артынан түсуші еді, жылы төсектен атып тұрдым да, атыма жайдақ міне салып, Балтабайдың үйіне тура шаптым. Дəл есік көзіне ат ойнатып айғай салдым: «Ей, Балтабай, шық үйден, жан керек бол- са», – дедім. Балтабай штаншаң, бір қолымен ышқырын, бір қолымен жүрегін ұстап:

«Не болды, не болды», – деп атып шықты. «Ей, Балта- бай, – дедім, – сексен сегіз əкеңнің аузын...» – деп сарт дегіз- дім де, атымның басын шапшаң бұрып, құйын-перен шапқы- лап, мінеки, тұп-тура сізге келдім... Айтыңызшы, шын төре- лігіңізді айтыңызшы, а-ға-а, артылттым емес пе?! Балтабай боқтаған жетпіс жеті əкеден тура он бір əкені артылттым емес пе, а-ға-а, айтыңызшы, а-ға-а, артылттым ғой, иə, қа- тырдым ғой, иə... Рас па, а-ға-а!

– Рас, – деді біздің шал, – артылттың, артылттың!

– Біліп едім артылтқанымды, ризамын сізге, – деп ас- тындағы «арғымағын» борбайлап-борбайлап шоқырақтай жөнелді. Əкем үйден жеңіл шығып еді, əбден жаурап қалса керек, бүрсең қағып қайта кіріп кетті. Мен Құмардың соңы- нан ұзақ қарап тұрып, оның сөз жоқ, дəл қазір «Албания, шалбария» деп əн салып бара жатқанына күмəнім қалмаған. Сол Құмекең ана бір жылы судың арғы жағалауындағы Қарадаладағы қырманға күзетші болып орналасыпты. Көк-


темгі егін егер мезгіл, механизаторлар күні бойы алқапта жер жыртып, дəн сеуіп жүреді де, күн еңкейе, тракторларын қаңтарып тастап, машинаға мініп ауылға қайтатын еді. Ал Құмекең күзетте қалады. Содан ертеңінде жігіттер трактор- ға май құяйын десе, ыдысы бос жатыр. Ішіндегі автол жоқ, тегі, Құмекең ұйықтап қалғанда, ары-бері өткен жүргіншілер құйып əкетсе керек. Механизаторлар жан-жағынан айғайлап жан алқымынан алған соң, сасқалақтаған Құмар: «Уа, аза- маттар, – деп оң қолын көтеріпті. – Сабыр, сабыр сақтаңдар. Автолды қасқыр ішіп кеткен. Ал, қылатыныңды қылып ал». Өзі жаман торысына мініп, енді қайтып көрмегенім қыр-

ман болсын деп, ауылға желе жөнеліпті.

Сол Құмар биыл Қарадаладағы қырманның күзетшілі- гіне тағы барған. Бұл жолы автол аман, қасқыр да, адам да іше қойған жоқ. Соңғы кезде Құмекең күдерін мүлдем үз- гендей аң қарағанды да қойған, себебі – баяғыдай ешкімен бірге өріп жүретін елік жоқ бүгінде. Соңғы кезде ол «алба- ния, шалбария» деп шет-шегі таусылмас əнін де айтқанын қойып, бір түрлі бұйығы, өз-өзінен қорынып, жуас тартыпты деп естігенмін. Тек Құмар туралы күлкілі, өтірік-шыны ара- лас əңгімелер ғана ауыл арасында қаңқулап жүрер еді.

Екі кештің арасында Бұқтырманың арғы жағындағы кү- зеттен кір-қоңымды жуғызып, моншаға түсіп қайтайын деп үйіне келе жатқанда, өткелді таба алмай, суға кетіп өліпті. Оның суға кетіп өлгенін алғашында ешкім біле алмапты- мыс, тіпті ауыл адамдары сенбеген бе, өйткені оларға Құмар

«албания, шалбариясын» айтып, орталарында мəңгі бақи жүре беретіндей сезінген. Баз біреулер айтыпты: «Құмар тіп- ті де өлген жоқ, төменгі жақта немере інісі бар екен, соған кетіпті». Енді біреулер естіпті: «Құмар арғы беттегі орыс


ауылы Черновада ішіп-ішіп мас болып жүр», – деп. Тағы бі- реулер көріпті: «Егер Құмар тірі жүрсе, су-су болып жаман торысы ат қораға келер ме еді? Өзеннің ормасына түсіп кет- кен Құмар айғайлап үш рет қол бұлғапты. Əлдекімді дауыс- тап шақырыпты».

Құмар кімді шақырғанын, қолын неге бұлғағанын ешкім білмейді. Əлде ел-жұртымен қоштасқаны шығар, əлде ел- жұртын «əйтеуір, түбі баратын жерің мен кеткен жақ» деп, соңынан шақырды ма екен. Қалай болғанда да ол «мені құт- қара гөр, халқым», – деп қол бұлғамағаны рас-ты.

Осындай сəуегейлікпен бір апта уақыт өтеді. Сайлыш же- ңешеміз суды жағалап, бар баласын ертіп «Алпамсадай ары- сым едің» деп, боздап жүрген көрінеді. Ал Құмекең жым- жырт...



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.