Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





ББК 84 Қаз 7-44 13 страница



Өзеннің арылы естіліп, шыбын-шіркей көбейіп, алаңқайдың шетіне ілінгенде, ат басын іркіп аялдады. Шолақ қол жан- жағына мұқият қарап алды да: − Осы жерге тоқтаймыз, − деп, әмір етіп аттан түсті. Сыңар қолымен көлігін қайыңға байлады да, жап-жасыл шалғынды жапыра кешіп барған күйі аяғымен түрткілеп, шөп басып бұғып жатқан бұтақ, тастарды теуіп, алысқа лақтыра бастады. «Жанының тәттісін» деп ойлады ат артында әлі отырған Қандауыр. Бастығына милиционер жігіт те көмектесіп жүр. Қандауыр астындағы атты тебініп қалып желе жөнелгісі келді-ақ, бірақ тоғайға сіңіп үлгергенше, атып жіберуі әбден мүмкін еді. «апыр-ай, жалғыз қолмен қалай күрескелі жүр, расында да, алпауыттың нағыз өзі болған соң...» Шолақ қол: − алып кел ана мықтыны, әуселесін көрейін, − деп ақия бұйырды. Жүгіре басып келген жігіт аттан өзі-ақ секіріп түсіп, қарсы жүрген Қандауырды итермелей жеткізді.


− Түйгіштеме, шірік неме!

− Қолын шеш те, мылтығыңды оқтаулы ұста, − деді бастығы.

− Қорықпай-ақ қой, қашпаймын, − деді Қандауыр, «сізден»

«сенге» қалай көшкенін өзі де байқамай қалды.

− Сенен қорыққаным – қара қойдан үріккенім, − деді сырт киімін шешіп, күреске бар ынтасымен дайындалған Шолақ қол. Қандауыр қарысып қалған қолын уқалап, екі білегін сипалап ұйығанын жазып, қанын таратты. Желбегей жамылған шапанын шешті. Осы кезде сарқырай ағып жатқан өзен жиегіндегі баз тал қозғалып, құрығы сорайып бір балықшы орыс шал шыға келді. артына жалт қарап, тапаншасына жармасқан Шолақ қол: − Уходи от сюда, стреляю! − деп айғай салып еді, ана байғұс жып беріп тоғайға қайта сүңгіп кетті. Көңілі жайланған нәшәндік тапаншасын белбеумен қоса шешіп, милиционерге берді.

− Кел, батыр, көрсет күшіңді.

− Бір қолымды таңып тастасам қайтеді, ұят қой...

− Қорлама! − деп аузынан ақ көбік ата жекірді. − Осы бір қолыммен ақ шу асауды құлағынан ұстап тұқыртып, құй- рығынан басып шыңғыртқамын.

Кителін шешіп тастап, ақ шыт көйлегінің жеңін түрінгенде, шолақ қолының басы тұп-тұқыл, қып-қызыл екен... Бір басып, екі басып жақындаған Қандауырдың зәресі зәр түбіне кетті. амал жоқ, пенжагын шешіп, күреске дайындалды. Екі көзі шолақ қолда. Бесатарды кезей ұстап тұрған жігіт аузын аңқайта ашып, қызықты жалғыз өзі тамашалайтынына мәз болғандай ырсияды. Балуандар әуелі аңдысты. Байқап көрді. Оңтайлы сәтті күтті. Шолақ қол күреске түскенде шабыттанып, екі көзі қызарып, ұрт еті жыбырлап, жыпылық жанары жырбыңдағанын тыйып ұшқынданып кетеді екен. Қандауырда жайбарақаттық, салмақты сабыр бар, лажсыздық басым. аңдысу ұзаққа созылып бара жатқан соң, Шолақ қол: «Қатын болмасаң, тақалсаңшы, белдесейік», − деп зірк етті. Қарсыласы «Жарайды, ендеше» дегендей, адымдап қалып, оң қолын ту сыртына сала бергенде, бағанадан босқа шолтаңдатпай арқасына қайыра ұстап жүрген мұқыр жілік автоматтай сарт етіп ағытылды да, оттан шыққан көсеудей қып-қызыл күйінде Қандауырдың бауырына сүңгіді де кетті. Тура бауырдан ондырмай тиген ауыр соққыдан көзі қарауытып, басы айналып мең-зең есеңгіреген «жауының»


ышқырынан оң қолымен шеңгелдей ұстаған қалпы қатты тартып қалып, шолақ қол сумаң етіп құлақ-шекеден баса оң жамбасына сала бергенде, жан-дәрмен қимылдаған Қандауыр ырқына көнбей бұлқынып, жауырыннан құшақтай алып, бұл тәсілден аман құтылды. Бұл қарсы қимылды қалай жасағанын өзі де білмейді. «Құдай сақтады» деді ішінен. Оның сыртынан қапсырған темірдей құшағында қалған нәшәндік жан-дәрмен жұлқынып еді, онысынан ештеңе өнбеді. «Жібер, атамын» − деп айқайлады мылтығын кезей сасқалақтаған милиционер.

− Оттама, сүмелек! − деп намыстанды Шолақ қол. Содан соң Қандауырға: «Босат, ана потшиноныйдан ұят, қайта күре- сейік»,− деп сыбырлады. Босатты. Босата салысымен арыс- тандай атылып алға шыққан ол алақанына түкіріп қайта ұмтылды. Түрі айдаһар қуғандай қорқынышты еді. Жаңағы әдісті қайталаған жоқ. Тұқыл білек ербеңдеп бос қалды. Не болса да белдесіп көрейін деген оймен белдікке қол сала бергенде, Шолақ қол тұмсығына қарай зу етіп тигенде, шалқалай барып құлады. мұрнынан дірдектеп қан саулады. Бірақ қарсысындағы қасқырдай тісі ақсиған нәшәндік кеудесіне міне түсем дегенде, шапшаң аунап жер қаптырды да, лып етіп тұрып үлгерді.

− Ой, ағайын, мынауың күрес емес қой, төбелес қой, − деді тағы тақалған Шолақ қолға.

− Енді қалай деп едің, қолым біреу-ақ қой.

− Олай болса мен де жұдырық жұмсайын ба?

− Жоқ, сен күресіп жық, қолың екеу ғой.

− Жарайды, ендеше, − деді мұрнының қанын жеңімен сүртіп.

Күрестесінің барлық қуаты мен сенері монтансыған, мүсәпірсіген шолақ қолында екенін сезген Қандауыр бүкіл назарын сол сом темірді аңдуға аударды. ал жауынгер қолды дәрменсіздендіру үшін сауына ие болу керек. «Иә, аруақ!» − деп сыйына екпіндеген НКВД бастығының артық нәстедей шолтаңдаған шолақ қолынан шап беріп ұстай алды да, өзіне қарай пәрменімен тартып қалды. ананың беті қатты жұлқыстан былш етіп мұның иегіне тиді. Көз ілеспестей шапшаңдықпен кіндік тұстан шеңгелдей ұстап кеудесіне тік көтерді. Үйіріп- үйіріп әкелді де, серпе лақтырып жіберуге шақ қалды. Не істерін білмейді. Жықса – пәлеге қалуы мүмкін, ал жықпаса намысқа шапқан нәшәндік ыза буып, одан ары ушығуы мүмкін.


Не істеу керек? Ол қол тоқпақтай ғып көтерген күйі мылтығы шошайған милиционер жігітке жақындады. Ол сасқалақтай шегінген.

− ат, ат нәлетті! − деп даусы шыға ақырды бастық.

− ағатай-ау, сізге тигізіп аламын ғой! − деп безектеді. Қандауырдың кіндігінен төмен көздей беріп еді, жоғарыда тыпырлаған шолақ қолды сусыта төмен түсіріп, мойнынан қылқындыра алдына қалқан ете ұстай қойды.

− Таста мылтықты, әйтпесе буындырып өлтіремін мынаны. Шиқандай бетінің қаны қашып, боп-бозданған нәшәндік тілге келуге шамасы жоқ, қолы ербеңдеп анаған «таста» дегендей белгі берді. Жігіт өз мылтығын бастығының тапаншасымен қоса лақтырып, дөй далаға тырағайлай қашты. Шолақ қолды сілке бұрап жықты да, мылтыққа жүгірді. Әлгінде ғана әспенсіп тұрған інкібіді бастығы қақпанға түскен қасқырдай, амал жоқ, шоңқайып отыр. Қандауыр мылтықты кезенген жоқ, бірін иығына асты, екіншісін жай қолына ұстай салды да, Шолақ қолдың тура алдына келіп жайғасты. Бұл қалпында әңгіме-дүкен құрып отырған екі жолдастың пошымы секілді еді. Нәшәндік меселі қайтып жасып қалыпты.ләм демеген күйі бір тал шөп алып, соны тістелеп, құлағына қонған шыбынды айдап Бұқтырманың сарынына құлақ түргендей жайбарақат та меңіреу. «Дегенмен, мықты, діні берік жігіт, − деп ойлады Қандауыр. − Әйтпесе мені жекпе-жекке шақырар ма еді. Тек арам болып жүрмесін. Тамырын басып көрейін».

− Жолдас бастық, менде не ақыңыз бар? Ұзында өш, қысқада кегіңіз жоқ еді ғой. Жолыңызға көлденең тұрған жерім бар ма еді? Тіпті бір-бірімізді жыға танымаймыз да ғой.

− Сен – халық жауысың, − деді ол марғау қалыпта.

− Оны кім айтты сізге? Дәлеліңіз қайсы? Әйелім мен бесіктен белі жаңа шыққан баламның жазығы не?

− Жазығы сол – байдың қызы.

− Онда тұрған не бар? Әке-шешесінен кетісіп кеткелі қашан...

− Сен, шырағым, басымды ауыртпа. менің де жаным екеу емес. Қатынқарағайдан 150 халық жауын табу керек деген жоспар бар жоғарыдан. Сонда сендердің орындарыңа өзім қамалуым керек пе?

− Сонда менімен толтыру керек пе?


− Сонда сенің орныңа ауыз жаласқан досың – Көкенді ұстаймын ба? «Сол жау» деген айғақ бер, өзіңді табан астында босатайын да, соны қамайын.

Қандауыр сөзден тосылды. рас-ау. Жүз елу жауды тауып беру бұған да қиын.

− Білемін, − деді қаздай тізілген көк көйлек, ақ балтырлы қайыңдарға қараған күйі. − Білем, мені қарғап-сілейсіңдер, бірақ жазығым не? Жазығым үкімет міндетін адал атқарып, бұйрықты орындағаным ба? Иә-иә, мен орындаушы ғанамын... Кейде осы ісімнің ақ-қарасын ажырата алмай дал болып, тіпті таң атқанша көз ілмей шығатын кездерім бар. ал көзім ілінсе болды, бір жүндес қол қолқама саусағын тарбайта ұмтылады... Тапанша жастап ұйықтамаған кезім жоқ, тек сол суық қару ғана жан досым... айтшы өзің, менің орнымда болсаң не істер едің?

− Сіздің орныңызда болмағаныма қуанамын.

−Қуансаң–сол.Сененгөріменіңбасбостандығымжоқ.Жетек- тесе − жүрем, айтақтаса – үрем. Әйтпесе, бұл қазақтың бөлісе алмай жатқан несі бар.

− Тастамайсыз ба бұл мазасыз қызметті.

− Дәл қазір болмайды. атып тастайды.

− Кім? − деп таңдана сұрады.

− Жоғарыдағылар... Ежов жолдас...

Шолақ қолдың жүзінде мұң бар еді. Оның осынау мән- мағынасы жоқ, ішіне ит өліп жатса да сезу мүмкін емес әлпетіне аяй қарады. Өзен жағасындағы алаңқай әдемі. Шыр айналдыра қаулай өскен балапан қайыңдар көмкерген. Шаң-тозаңсыз тап-таза шалғынның ортасы − бұлар опыр-топыр айқасқан тұсы ғана ұйпа-тұйпа да, былайғы жердің шөбі тік қалпында хош иіс аңқытады. Осынау мұрынды қытықтар жұпар хош иіс масаң әрі дел-сал халге шақырып басыңды айналдырады, буын-буыныңды босатып бостандықтың күйін шертеді. Ептеп жел соғып, жасыл шалғын, тал-теректің басы баяу қозғалады. Бұқтырманың сарынынан бөтен дыбыс жоқ. Қайың түбінде байлаулы тұрған қос ат еріншектене шыбындайды. Иә, бұл жер төбелестің емес, рақаттана дем алып, көз шырымын алатын жұмақ орны еді...

− Не істейміз сонда? − деді Қандауыр лажсыздық аңғартып.

− Қайтайық. Сен қамаласың. Келіншегің мен балаңды боса- тамыз.


− атып өлтіріп Бұқтырмаға ағызып жіберсем қайтесіз?

− Оны істей алмайсың. Істей алмайтын себебің: бір емес, екі куә бар: милиционер жігіт пен бағанағы балықшы көрді. ал өзің крән асып қашып кетсең, түрмеде жатқан қатын-балаңа қиянат болады. Сондықтан – екеуіміз аяңдап ауылға қайтайық; әлгі бұтына тышып тұра безген милиционер мұқым ауданды дүрліктіріп жүрер. рас, күшті екенсің, күреспен жеңдің, басқасын бас аман, бауыр түгел болса, көре жатармыз...

− Тек жығылдым деп кек сақтамаңыз, әйелім мен баламды есен-сау босатсаңыз болды, мен-ақ халық жауы болайын, бір үйден бір жау жетер.

− менің саған жасар жақсылығым – жалғыз. Сөз жоқ, семьяңды үйіңе қайтарамын. Өзің білесің, бұл жер – шекара ауданы, сондықтан көп тергеп, тексермей «арғы бетке қашпақ болды» дегенді желеу етіп атып тастауға құқылымыз. Халық жауларын төменге айдағанда, Бұқтырма үстіндегі ағаш көпірден өтесіңдер. Қапы қалма... және бұл сырды тісіңнен шығарма...

Қандауырдың маңдайынан сұп-суық тер шықты. Шолақ кол тапаншасын тағынып, кителін киіп, үсті-басын түзеді. − мә, бастығын тастай зытқан қорқақ иттің мылтығын мойныңа асып ал, − деп, бесатарды Қандауырға ұсынды. − Жүр, кеттік. Әттең, қазақтардың барлығы сендей болса ғой... Онда айдағанға жүрмес ек, айтақтағанға үрмес ек...

Екеуі екі атқа мініп жолға шықты. Қаптаған қалың то- ғайдың ішімен асықпай аяңдатып келе жатыр. Дабырлап сөйлескен жоқ. Әрқайсысы өз ойын малталап, мынау әділетсіз әлемнің жұмбағын шеше алмай үзеңгі қағыстырады. Ертеңгі атар таң, шығар күннен үмітсіз Қандауыр ғана емес, мынау мұқым ауданды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, жылаған бала уанатын інкібідінің көңілінде де қаяу бар-ау. Бұрынғы құтырынған мінез жоқ, момақан, күрмеуін шеше алмай әуреленген хал кешкендей, айналдырған бір сағаттың ішінде қой аузынан шөп алмас кейіпке түскеніне Қандауыр қайран қалды. мүмкін, баяғыдан солай шығар, әдейі дөңайбат жасап, жұрттың зәресін алу үшін қасақана жасайтын шығар. Осыншалық бір қарекетін бір қарекеті жоққа шығарып, өзімен- өзі атысып-шабысқан жұмбақты адамды алғаш жолықтыруы.

− мен сізден бір нәрсе сұрайын ба? − деді тебіне қатарласқан Қандауыр.


− ал, сұрай ғой.

− алдыңызға келген кісіні неге сабайсыз?

− Әдет болып кеткен ғой. Шыдай алмаймын. мінез солай.

− Дегенмен, жазықсыз жандарды, «жығылған үстіне жұдырық» жұмсағаныңыз большевиктік қылмыс емес пе.

− Қылмыс деп ешкім қолымнан қаққан емес. Дегенмен, қамалып жатқандардың барлығы сүттен ақ, судан таза екеніне кім кепілдік бере алады. адамның ішіне кім кіріп шыққан, ішінде ит өліп жатқандары бар. Солардан тазарту керек, санасын сауықтыру керек. Бүгін мүләйімсіп жүргенімен, күндердің күні жалын күдірейтіп шыға келеді. Осы бастан бастарын отап тастамаса, сүйікті Отанымызға, данышпан Сталинге қауіп төнуі мүмкін. Сақтансаң ғана сақтайды.

− Заңсыздық қой. Бір адам үшін мың адам не үшін жапа шегуі тиіс. Осы жұрт, өзіңіз де білесіз, енді-енді ғана еңсесін көтеріп, көтерем күйден арыла бастаған жоқ па. «Жаулық» ойлағанды қойып, жанын сақтап алсын да. айталық, мына мен сол Жапония деген елдің қай жерде екенін де білмейді екенмін... ағыңыздан жарылыңызшы, Төлегенов қандай азамат еді?

− Жапонияның қай жақта екенін өзім де білмеймін... Жігітім, тым тереңдемейік, − деп ажырая қарады. Шолақ қол ауылға жақындаған сайын күшіне мініп, сәл ұмытқан қызметін лезде қайтарып алды. − Біле-білсең осы сөзің-ақ сені қамауға жетіп артылады. мен – бұйрықты орындаушымын. Әлгінде сен бір сөзіңді, ұмытпасам, «заңсыздық»деп айтып қалдың. мойындайсың ғой.

− Өзімді қамасаңыз да, тілімді кесіп тастамассыз. айтқаным рас.

− Ендеше, сәбет заңына күмән келтіргеніңнің өзі – алтын заңды бұзу болмақ. «Түлкі түрінен, адам тілінен тартады»деп қазақтар бекер айтпаған.

− Сол қазақтың «сөйлемейін десем – сөзім өледі, сөйлейін десем – өзім өлемін» дегені және бар.

− артты қысқан бай болады дегенім ғой...

− Қазір бай болуға рұқсат жоқ қой...

− Әй, өзің сөзге мәстірсің-ей, − деп Шолақ қол алғаш рет ақтарыла күлді. − Жақсы жігітсің, қайтейін, аман қалдыруға амалым қайсы... О баста үстіңнен іс ашпауым керек еді. мұндай екеніңді қайдан білейін. Өздерің де бастықтарға жуық жүрмей


шіренесіңдер. Осы қазақтардың қызық мінезі бар. Бойында күш- қуаты, таланты барлар үдірейіп үлкен адамдарға жоламайды; ал, әлжуаз, алаяқтары алдыңды босатпай жылпостанады. Әне, сондықтан да олар аман қалады, өседі... Енді тым кеш, шегінетін жерім жоқ. айтқаным – айтқан, әйеліңді босатамын.

− Осыныңызға да рақмет. маңдайдағы жазуды өшіре аламын ба, − деп күрсінді Қандауыр. ауа жетпегендей омырауын ашып, кеудесін керіктей кере дем алды. Осы бір мезет ат үстінде келе жатқан аңшы жігіттің ең ақырғы бостандық ауасын жұтуындай еді. Енді қайтып мынау туған жердің тамылжыған табиғатын, асқар тау, асау өзенін көре алмасын, емін-еркін сайрандап аң-құсын қуып, орман-тоғайын аралай алмасын; көк шалғынына көлбей жатып, сонау тұп-тұнық аспанға қарап, тұнығы шайқалмаған көңілмен армандай алмасын; құлын жоны көрінбес тау шалғынын кертіп ойып, қол тартпамен алақанға түкіріп пішен ора алмасын; алтайдың аппақ қарында ат шанамен ағыза алмасын; мұртына қатқан сүңгі, кірпіктегі қырауды сүртіп, тоңып-жаурап келгенде, Нюра құйып берген құла шайды самайынан тер ағып, сораптап іше алмасын; көктем шыға – көктен іздегені жерден табылғандай масайрай, жағасын кеміріп долдана таситын Бұқтырманың аққұла толқынына қарап, тамырынан қопарылған сансыз салындыны санап, аяй алмасын; енді қайтып адамға жалғыз-ақ рет берілер тіршіліктің шәрбаты суалып, кермек татырын, кетеуі кетерін, сөйтіп, мынау жарық дүниенің торқалы тойын көріп, топырақты өлімінде ауыл ақсақалдарының ақылын тыңдай алмасын сезді, білді, түңілді, тайғақ тағдырының үкіміне жүгінді.

Қос жолаушы тоғайдан шыға келгенде, алдарынан андыздай қарсылаған бір қора милиционерді көрді. Ішінде мылтығын тастай зытқан бағанағы бала мұрт жігіт те бар. айқұлақтанып алда келеді.

− атаңа нәлет-ай, бүлдірген екен ғой, − деп астындағы атын борбайлап қалды Шолақ қол.

− аға, мыналарды бастап келдім, − деді, жерден жеті қоян тапқандай жінігіп. Оны қамшымең осып өткен нәшәндік: − Батыр қаранды! − деп зілдене айғай салды. − Үйіңе барып, боқшаңды дайындай бер. Қамаласың. Халық жауысың!

аттан домалап түсіп, енді тоғайға қарай қашқан жігіт: − Халық жауы атанғанша, Бұқтырмаға ағып өлемін! – деп зар еңіреді. Ұстайық деп ұмтылғандарды Шолақ қол тоқтатты.


− Тимеңдер, ешқайда кетпейді. Ондай қоян жүрек еркек- шоралардың қолынан еркекше өлу де келмейді. Қазақтың түбіне жететін – мынау емес, − деп Қандауырды көрсетті. − анау секілді сүрмелек сужұқпастар.

− Сіз ше? − деп қалды Қандауыр қисыны келіп қалған сөздің обалына қалмай.

− Жаудың мылтығын алыңдар, − деген Шолақ қол естімеген сыңайда. Жан-жағынан анталай ұмтылған милиционердің біріне иығындағы мылтығын сыпырып өзі ұстата беріп еді, қалған екеуі аттан аударып алмақ болып борбайына жармасқан: бірақ ер үстінде тақымы жабысып қалғандай тәкаппар отырған Қандауыр міз бағып місе тұтпады. Енді қайтеміз дегендей Шолақ қолға қарап еді ол:

− Тимеңдер, өзі барады. Әттең, мынау көп боқташаққа осы тұтқынның жалғыз өзін-ақ айырбастап алар едім, амал не, − деп алға түсіп сау желе жөнелді. Қалғандары соңынан салпақтай ерді.

Шолақ қол інкібіді уәдесінде тұрды. ауылға қайтып барған соң Қандауырды алып қалды да, әйелін босатты.

«Қандауыр абақтыны өзі ашып кіріп келгенде, жүрегім жарылып, талып қала жаздап едім-ау. Оның өзі қамалып, бізді босататынын қайдан білейін», − деп күрсінді Нүрке кемпір.

Келіншегі мен баласын бауырына қысып, айналып-толғанып сүйген Қандауыр қанша қатты болса да, көзі жасаурап, алғаш рет көңілі босады.

− «Көрешегіңді көрмей, көрге кірмейсің» деген, Нүрке, қайтейік, жылаймыз да шыдаймыз. «Еркек тоқты құрмалдық» деген, екеуің аман болсаңдар, мені қойшы, мықтаса Колымаға қайта айдар. Өкінерім де, өшігерім де жоқ, шүкір, − деді күштегендей болып күліп, баласын жоғары көтеріп. − Шүкір, артымда ұрпағым бар. Тек қайда, қандай қиындықта жүрсем де тілерім мен сенерім – сендер.

ағыл-тегіл көз жасын жеңімен сүрткілеген Нюра:

− ақтық сапарға аттанардай қоштаспайықшы. ақ көңілдің аты арып, тоны тозбайды деуші еді атам, аман-есен ақталып келерсің. Шыдайық.

− Иә, шындық үшін қандай қиындыққа шыдауға болар, егер сол шындық бар болса... кейде ойлаймын: біздегі шындық көсеммен қоса өліп қалды ма деп...


− Бар, бар, − деді Нюра, − ақиқатқа жетер адам табылар, үмітімізді үзбейік, Қанеке. Сары уайымға салынбайық.

− Үміт – ол да бір сағым немесе көлеңке іспеттес, күн шыққанда ғана пайда болады, ал басыңды қасіреттің бұлты шалса, іздеп таба алмайды екенсің, жоғалады. Неге екенін білмеймін, өзімді емес, көзі енді ғана ашылып, бауырын жаңа ғана көтерген елдің ертеңі алаңдатады. Көзіне қамшы тиген ботадай боздап, тағы да үркіп, үдере көшіп, бөрінің боғы, бөкеннің сирағындай тоза ма деп қорқамын. Заңның бет алысы жаман... Осы кезде абақтының есігінде тұрған Шолақ қол Қандауырдың соңғы сөзін құлағы шалып қалып:

− Сен сәбет заңын ғайбаттама, − деді түсін суытып. – Ол әрқашан да әділ, бәрімізге ортақ.

− Заңның әділдігіне шәгім жоқ, алтын заңды бұрмалап, бұзатындарға ренішім бар.

− Кім бұзып отыр?! Сталин жолдас па?! Тіліңді тарта сөйле!

Осы күніңе зар боларсың.

− Осы күніме қызықпай-ақ қойдым. Сендердің бұл бассыз- дықтарыңды Сталин жолдас білмей отыр ма деп қауіптенемін.

− Оттапсың! − деді нәшәндік. − Дүние жүзінде Сталин жолдастың білмейтіні жоқ. Ол – көсем! ал көсемнің көрмейтіні және жоқ. Уақыт бітті,қоштасыңдар.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.