Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Оралхан Бөкей 37 страница



– ол да өмір бақида кісіней алмайды; сол көрші Сейітқұл

– күні кеше жап-жас елгезек жігіт еді, бүгінде құм санайтын қу болды. Енді Бархан сол Сейітқұлдың қыстағына қараған. Жым-жырт, тұяқ серіппей қаперсіз ұйықтап жатыр. Қорасына совхоз ерте бастан жеткізіп берген шөп қаздай тізіліп, кеше ғана мектеп оқушылары қазып берген қой қораның қиынан әлі де бу шығады. Кеше балалар опыр-топыр іске кіріскенде, бұл да қолына күрегін алып, жападан-жалғыз ат шаптырым қораға беттеп еді, әйелі Жұмагүл: «Еруліге қарулы болып қайтесің, Сейітқұлдың басына пыр етіп қонған баққа таласқандай болмайық, ертең де күн бар», деген соң, атына мініп қиқайып өріске кеткен. Өріске беттеген Барханның соңынан Сейітқұл айқай салды:

– Отағасы десе, менің де отарыма көз қырыңды сала жүр.

– Жарайды, батыр-еке, – дегеннен басқа жарытып жауап таба алмады.

«анау балаларға біздің қоралардың да қиын ойғыза сал» дегісі келді-ақ, әттең мінезінде жоқ бөтендік танытуға дәт шіркін бара алмаған. Бірақ, Бархан бұдан соң көпке дейін өз- өзінен күңкілдеп, сөйлеп жүрді қой шетінде.


– «Осы совхоз басшылары қызық, Сейітқұлға жіберген оқушыларға маған неге көмектес демейді?»

– «Осы совхоз басшылары қызық, Сейітқұлдың шөбін жер қара, күн жылыда тартып береді, ал маған тышқан ізін салған жоқ».

– «Осы совхоз басшылары қызық, саулық қойдың ең іштісін, егіз қозылайтынын Сейітқұлға жиып-теріп бергені несі?»

– «Осы совхоз басшылары қызық, Сейітқұлды екі күннің бірінде ауданға, облысқа, тіпті анау алматыға машина жіберіп, шақыртып жатыр, мал-жанына сен ие бол. Ой, пәтшағарлар-ай,

«ие бола тұрыңыз» демейді, «ие бол!» деп кесіп айтады. Егер есептеп беретін есі бар адам табылса, Сейітқұлдың қойын одан гөрі мен көп бағып келемін».

Сонсоң ол «жоқтан өзгеге басымды ауыртып қайтемін»,

– деп өз-өзіне басу айтады. Сонсоң, құдық қазушы сырықтай ұзын Серік ыңылдай беретін әуен қайдан есінде қалып қойғанын білмейді, әйтеуір сол түсініксіз де мұңдылау әнді ысқырып, әлгінде ғана алай-дүлей болған көңілін жұбататын. Бұл оқиға кеше еді ғой. Бүгін болса мынау, бір қызығы, Бархан күнде ертеңгілік тұрғанда мұны да ауданнан машинаға салып, алып кететіндей сезінетін. Тың-тыңдап, сол үлкен қаладан – шулы өмірден шұбатылып келер қара жолға көз сатып, әйтеуір бір бедеу үмітпен ұзақ-ұзақ қарайтын. Тағы ешкім жоқ... Қыл аяғы қара құйрық та, былтыр қолынан жем жеген қара құйрық та, шаң бермеді-ау. Жасқана күрсінетін... Қатты күрсінсе әлдекім естіп қойып, «ел аман, жұрт тынышта неге уһілейсің, не жетпейді саған» деп ұрсардай қорқар еді. Қазір де сол шулы өмірден жалғасар шұбатылған жолға көз қиығын тастады да, көңілі әбден қалғандай жанарын тез тайдырып әкетті, бұдан соң бір құшақ сексеуіл құшақтап, үйге қайта кірді.

Үш жігіт басын басып кетсе де, қыңқ етіп сезер емес, өлі ұйқы қылғындырып, қор-қор етеді. Енді ғана кірпігі кірпігіне айқасқан Жұмагүл кішкентай қызына омырауын емізген күйі ол да әдемі ұйқыға берілген. Бархан әйелінің ашық қалған төсіне бұрынды-соңды бола бермейтін лыпыған сезіммен таңырқай, қызықтап, сексеуілін құшақтаған күйі серейіп тұрып қалды. Тәңірім-ау, он бес жыл бойы қалайша байқамаған. Таңғы нұр құйылған жұбайының қос анары не деген аппақ еді; құдайым- ау, шынымен-ақ анау сәбиін бауырына қысып, күнәсіз сүп- сүйкімді болып албырап жатқан өз әйелі Жұмагүл ме?


Бархан сексеуілді пеш қасына оқыс тастай беріп, жүрегі тулаған күйі еңбектеп, әйелінің жанына барды. Сексеуілдің бұтағы секілді тарбиған саусақтары дірілдеп, төсін ақырын сипай беріп еді, Жұмагүл селк етіп, шошып оянып кеткен. Сонсоң ол:

– албасты, не көрінді саған, әбден таң атқанда? – деп көрпесін қымтап, жауып алды. Бархан сонан соң да, көпке дейін әлгі бір алғаш рет сең боп қалған сезімін қытықтаған әдемі әсерден арыла алмай жүрді. Баяғыда, ерте-ерте, ертеде... құм басып қалған асылын енді қайтып тауып алғандай алабұртты. Пештің отын тездетіп жақты да, қойды өріске айдады. Қайтып келіп қой қораның қиын апыр-топыр жалғыз өзі қаза бастады. Даңғарадай қораның жалғыз-ақ пұшпағынан

– жалғыз күрек қи алынғанда әбден таң атып, анау белдің астынан күн жарықтықтың құлағы қылтиған. Сонау қырдың ар жағынан күннің шекесі көрінгенде Сейітқұл да тысқа шығып, керенау есінеген. мұнан соң рақаттанып тұрып қасынды да, топ сексеуілдің түбін айналып кетті. Жастығына қарамай, ерте есейген кеспелтек денесі, аласа бойына қонымсыздау іркілдеп, алыстан қарағанда қорбаңдаған аюға ұқсайтын. май баса бастаған соң ба, онсыз да қысықтау көзі шылқамай бетке кіріп, жоғалу сыңайда. Кеңкілдеп өп-өтірік күлуі, реті келгенде кеңірдектеп жеңістік бермей дауласуы, орайы келсе тізеге салып тізерлетіп, омырауға салып опырып жіберер ожарлық бас-аяғы бес-ақ жылда пайда болды. Озат шопан десең де Сейітқұл мен Барханның арасында жер мен көктей өзгешелік бар. Ол өзгешелік бәлкім, мінез-құлықта да, сыртқы пошымда да емес шығар. Ол өзгешелік тіпті, бұл екеуіне ғана тән емес, жер бетінде тырбанып жүрген пенденің бәріне ортақ қасиет те?

Топ сексеуілді айналып келген Сейітқұл сым тордың қор- шауында маңырап өзіне қарай лап қойған қойдың бір-екеуін басқа теуіп жіберді де, есігін ашып қалды. Темір тордан босаған отар «әріптестерінің» оттауға бағана өріп кеткені жындарына әбден тиген болуға керек, алды-арттарына қарамай, боздақтап барады-ай. Сейітқұл құзғын сәріден тұрып алып, жыбыр-қыбыр мазаны алатын құс ұйқы көршісіне жек көре қарады. Әсіресе, биылғы мінезі ұнап жүрген жоқ. Ұят та болса, іргесін аластап, қоңсылыққа басқа қойшы сұрасам ба деп бір ойлады. Сонсоң,

«москвич» тұрған сарайдың тесігінен сығалап,  машинасының


амандығына көзі жеткен соң, күпісін сүйреткен күйі үйіне қайта кірді.

Осы кезде бір апта бойы құдық қазамыз деп әуре-сарсаңы шығып жүрген үш жігіт те ербиіп далаға шыққан, олар да әлгі Сейітқұл паналаған топ сексеуілді бір-бір айналып, қой қорада ақ тер, қара тер қи ойып жүрген Барханның жанына барды. Әуелгі сөзді әрине, аға бұрғышы Серік бастады.

– Әй, құрдас, қазар көбейсін.

Екі жігіт тырқылдап өп-өтірік күледі. Бархан жауап қатқан жоқ. маңдайдағы мөлдіреп-мөлдіреп тұрған таңғы шық секілді терді сұқ саусағымен сырып тастады да, борсып, сартаптанып жатқан қиды төрт бұрыштап алып аударып жатыр.

– Жарықтықтың иісін-ай, – деді Серік қидың шетінен опырып алып иіскеп. Екі жігіт мәз, тағы күлді. - Көршің он шақты оқушымен бір күн қазып әрең тауысқан қиды жалғыз өзің неше айда бітірер екенсің, жазған.

– Оған несіне басыңды ауыртасың. Жылда ойып жүрген үйреншікті шаруам, ешкімнің жаны қиналмас. мені мүжігеннен бір нәрсе түсе ме, одан да беті-қолдарыңды жуып, шайларыңды ішіңдер түге.

– Әй, адалым-ай, ертеңгі күнің не болар екен. Шайға өзің де жүр, сонсоң төртеулеп ойып тастармыз, бүгін жұмысты қойдық, жарты ғасыр қазсақ та бәрі-бір шықпайды су құрғыры.

Осы кезде үй жақтан «әй, шайға келіңдер» деген Жұмагүлдің жіңішке дауысы естілді.

Бұлар дөңгелек столды қоғамдай отырып, құла шайды сораптауға кіріскенде, самолеттің даусы естілді.

– Сағат сегіз болған екен, – деді Бархан. Қолындағы саға- тына қараған Серік таңырқап:

– Оны қалай білдің? – деді.

– Осы қыстақтың үстінен әрбір екі сағат сайын самолет ұшады, сондықтан сағат салмаймын қолыма,– деген Бархан түні бойы, қыңқылдап, ауырып шыққан қызын қолына алып. Жұмагүл самауырды тағы бір үстеп, шоқ салды. Серікке кезекті кесені ұсына беріп, көзінің астымен ұрлана қарап қойды. Сонсоң Барханға жалт бұрылды да, өз қылығына өзі ұялғандай жасып, жанарын төмен салды. азғана уақыт меңдеген тыныштықты тағы да Серік бұзған:

– Құрдас, осы сен самолетке отырып көрдің бе?


Тосын сұрақ Барханды мұрттай ұшыра жаздады. «Не десем екен?» аз-кем қипақтап отырды да шынын айтты.

– Жоқ.

Екі жігіт шайға шашала тырқылдай жөнеліп еді, Бархан одан әрі кірерге тесік таба алмай қысылды. ал Жұмагүл болса, бетінен оты шыға, бүкіл семьясы, ата-бабасы атынан ұялды. Екі күлегешті Серік «Тәйт әрі, ырсалаңдамай» деп тиып тастады да, замандасының тотыққан тікенек-тікенек жез бетіне аяй қарады. Осының бәріне... көрінген жерді тыртықтап, айлап, жылдап құдық қазып су шығара алмай итшілеп жүрген өзін кінәлағандай, кесені асыға төңкерді де, далаға атып шығып кетті. – Әй, – деді үй сыртынан, – әй болыңдар, қораның қиын оямыз.

Сейітқұл атын ерттеп тұр екен, қой қораға бір-бір күрек арқалай жөнелген самаладай төрт жігіттен тайсақтағандай атының шап тартпасын тартып бүгежектеп басын көтермеді.

– аман-ей, – деді Серік айғай салып. – Неғып мықшыңдап тұрсың, әйелің сау ма?

– Соқтықпай жүр, – деп қайырып тастады Сейітқұл.

Қызылқұмның арасындағы адасқан қаздай ғана төрт-бес адамның таңғы тілдесуі осымен тәмамдалды да, маңайды тағы мылқау тыныштық басқан. Осынау меңіреу тыныштықты тек әрбір екі сағатта әуелей ұшқан самолеттің гүрілі тілгілейді,

– иә, тым-тырыс тірлікті тілгілеп өтеді.

 

* * *

Бархан қой соңына ерген жылдарда қаншама су ақты, қаншама жапырақ сарғайды, қаншама рет құстар келіп қайтты; құдай-ау, қанша рет самолет ұшып өтті... Тек баяғыда сусылдап, қоныс таппайтын ұшқалақ құмдар ғана іштей тынып, жым-жырт жатып алған. Қызылқұмның көшіп-қонбай безбүйректеніп, бүк түсіп жатуы бұл өңірді мекен етер елді елеңдетпей қойған жоқ. Қайсыбірі жаман ырымға жорыса, енді бірі «берекемізді алар сусылынан гөрі осы момақан мінезі дұрыс, құм көшпесе, жер беті құйқаланады. Шымданып шөп шығады, малға өріс болады» десті. Қазақпен бірге табиғат жарықтықтың құмы да ірге теуіп, отырықтануы, бағамдаған кісіге ғажап бір көрініс сезілетін. Баяғыдай емес, ит тұмсығы өтпейтін қалың сексеуілдің бұл күнде мінтеліп, етек-жеңі түріліп бара жатқаны Барханның қабырғасына қатты бататын.


Трос тағып, трактормен қопарып-қопарып, жөн-жосықсыз отынға жөнелтіп жатқан қайран сексеуілдің, әне, тек ойдым- ойдым орны ғана қалған. Тамырымен жұлып әкеткен әлгі сексеуілдің орны алыстан қараған адамға зеңбірек снарядтары түскен ұлы бір ұрыс даласындай шұрық-шұрық жыртық еді.

Әлі есінде, баяғыда, баяғыда емес те-ау, үлкен ұлы туған жылы осы Қызылқұмның сексеуілі мен түзгені есен-сау шақта бұл өңірде аң-құстан аяқ алып жүргісіз еді. Қоймен бірге өріп, қоймен бірге жусайтын аң екеш аңның да тұқымы құрып, азып- тозып барады-ау. Бір-бір жеңіл машинаға мініп алып, шамын жарқыратып, таң атқанша не қасқыр, не қарақұйрық қуады. Қуатындардың көбі облыстан, ауданнан келіп ерігіп жүрген қызметкерлер болушы еді. Олардың анық кімдер, аты-жөні қалай, не қызмет істейді – Бархан күні бүгінге дейін білмейді. Білмейтіні – олардың қай-қайсысы да жол соғып шаршағандай болса, таңдайы кеуіп шөліркегендей болса, ат басын озат шопан Сейітқұлдың үйіне тірейтін. Әйтеуір, «Газ-69», «УаЗ» деген маркалы машина мінгендердің бәрі атқа мінер болып көрінетін оған. «Кеше кімдер келді үйіңе» деп тақуалап сұрар Бархан ба? Сейітқұл өз еркімен айтпаған соң, томаға-тұйық жүре беретін. Барханның анық жыға танитыны «Талды» совхозының директоры, бас зоотехнигі мен бөлімше басқарушысы Әліқұл ғана. Әсіресе, Әліқұлды күншілік жерден шырамытар еді. Оны ылғи да Сейітқұл ауылдан өз «москвичімен» арнайы барып алып келетін. Қонақасын беріп, түнеткен соң қыстақ маңында өріп жүрген сидам сирақ тамам түйе тауықтың екеу- үшеуін сойып, жүнін жұлып, машинасына тиейтін де, қайтадан ала жөнелетін. Әліқұл келген күні кеште Барханда тыным болмайды. алдына тұрғызып қойып, дем алмастан екі-үш сағат жерлеп, жер-жебірі жекен суына жетіп ұрсатын, ал оның неге

ұрсатынын әлі күнге дейін білмейді.

 

* * *

ат үстінде алысқа қарап, мелшиіп тұрған Бархан күн ұясына қона қалың түлейдің ішіне бытырай жайылып кеткен отарын кіш-кіштеп жинастыра бастады. Қар баспаған жыңғыл мен изенге әбден құнығып алған, ақтылы қой айдауға көнбей, жер табандай оттап жүр. Күн қызуы ептеп қайтқан соң, Қызылқұмның ызғырығы есті. Бүгін болмаса ертең қылышын сүйретіп, жетіп келер қыстың тықыры таянғалы Барханда


маза жоқ. Бағымындағы 700 бас қойдың әзіргі күйі жақсы болғанымен, жаман айтпай жақсы жоқ, қар тобықтан жауып қалса қайтпек... Наурыздың қара суығында қарны жер сызып жүрген саулық жем-шөпсіз тістей қатып, іш тастамай ма? Тым болмағанда бірер машина шөп жеткізіп берсе...

Санасында масадай ызыңдап, тыныш таппаған осынау ойдан арылған күні өлетінін білді. Дәурені өтіңкіреп бара жатқан күздің соңғы сонысын қызықтап қалғысы келгендей, изенге тас кенеше жабысқан қой жан-жаққа бытырай қашысып, көпке дейін құрықты қолға қайыру бермеді. Өстіп арпалысып, әр саулықты сүйрелегендей боп қыстаққа беттеп келе жатқанда Талды жақтан құстай ұшқан машинаның қарасы көрінді. Тура Барханға қарай атылған оқ боп зымырап келеді.

«Әкесі өлгендей айдауын», – деді даусын шығара. авто- клубтың даңғарадай машинасы түп-тура жанына келіп, қойды үркіте солқ етіп тоқтағанда, Барханның жаман тырақысы да жалт етіп, үстінен бейқам отырған иесін түсіріп кете жаздаған. Кабинадан жап-жалпақ болып бөлімше бастығы Әліқұл шыға бергенде, Бархан әлгіндегі бір ешкім жоқта оқыс айтып қалған «әкесі өлгендей» деген сөзін шынымен-ақ біреу естіп қойғандай, шошынып қалды. Әліқұлдың «хал қалай?» деген морт сәлемін алған жоқ, бар болғаны қалбалақтап: «мал аман, мал аман...» дей берді.

– Неғып дегбірің қашып тұр?! – Әліқұлдың жарқаштана шыққан ожар сөзін тағы да ести алмаған сыңайда. Жаман торысын тепеңдеп, тақай берді де: «ассалаумағалейкум», – деді күс қолын ұсынып. Қамшысы түсіп кетті. Басқарушы быж-тыж болды. Қолын қалтасынан алмай шіренген қалпы зілдене әмір берді.

– Түс аттан!

– Қой қайырусыз қалды ғой, үй жаққа барып әңгімелессек қайтеді.

– Әңгімелескішін.

Әліқұлдың апшысы тіптен қуырылды. Жел жақта арсылдап тұрған оның жайтаң аузынан ащы бір иіс мүңкіп Барханның қолқасын қапты. Ішпей жүргенде мас кісіше әкіреңдеп, әңгір таяқ ойнататын әкімнің дәл қазір қармағына жем болудың ешқандай реті жоғын сезді ме, атынан түсті де, бір басып, екі басып жасқана жанына барды.


– Сен оңбайсың, – деп бастады сөзін Әліқұл. – Он жыл болды сөзін осылайша бастаудан таңған емес. – Егер сен оңды шопан болсаң, менің төбем көрінгеннен қарсы шауып, қарсы алуың керек еді. Егер сен оңсаң...

– Әлеке-ау, сіздің төбеңізден көз жазып қала берем, ылғи да Сейітқұлдың қызыл машинасымен келуші едіңіз...

– Тоқтат! – деді қолын сермей кесіп айтып. – Көргенді шопан, сөзді бөлмес болар. мен жаяу жүруден арланбаймын, қарапайым басшымын. мына сендер жерден аяқтарың екі елі көтерілсе, едіреңдеп, ел үстінен құрық түсірмейтін. Әттең, сендейлерді менің орныма үш күн тағайындаса, Қызылқұмнан бір түйір қалдырмай сатып, саудалап жіберер едіңдер, мұндарлар.

Бархан көзін етігінің басынан алып, анадай жерде қыстаққа қарай жөңкіліп бара жатқан отарға аудара беріп еді, Әліқұлдың саңқ еткен үні селк еткізді.

– Оңбайсыңдар, қыс болса мынау, тойдан құр қалғандай сықсиып келіп қалған. Сен болсаң мынау, не қораңның қиы ойылмаған, не бүтінделмеген, жағаң жайлауда, есінеп-құсынап жүргенің. анау өзің секілді, өзің секілді деймін-ау, боғыңмен жасты Сейітқұлды қарашы, қандай азамат, жем-шөбі мол, қорасы саңдай, алты ай қыс болса да қыстырмаймын... деп отыр. Қырықтан асқанша қыртып, айналдырған алты жүз тұяққа ие бола алмай...

– Жеті жүз деңіз.

– Қарашо, жеті жүз-ақ болсын, какой разница... сөзді бөлме, өсетін, қосымша ақы алатын шопан сөзді бөлмес болар. ал, сенде жиырма жыл мал бақсаң да анау есіктей кеудеңе қадар значок те жоқ. ана...

– Он бес жыл деңіз.

– Қарашо, он бес... сөзді бөлме... ана өзіңдей, өзіңдей деп оттаппын-ау, қаршадай ғана Сейітқұлда бір емес, қос орден бар, осы бесжылдықтың аяғында тағы да наградаға ұсынамыз.

– Оныңыз рас.

– Не рас.

– Сейітқұлды наградаға ұсынатыныңыз деймін, аға...

– Е, солай жөніңе көш, қалқам. Қалай, мал-жан аман ба? Келіннің дені-қарны сау болар. Балалар өсіп жатыр... Кешке Сейітқұлдың үйінде жолығармыз. Әйда, отарға шапқыла.


Қане, шапқылашы қойға қарай, мен артыңнан қарап тұрайын. Шапқылай бер, жарқыным...

Әліқұл осы сөзді асығыс айтты да, автоклубқа мініп, қыстаққа қарай доңғалай жөнелді. атына мінбей аң-таң селтиіп тұрған Бархан екі кештің арасында зымырап бара жатқан машинаның соңынан көпке дейін көз алмады.

Осы мезетте Барханның дәл үстінен тағы бір самолет ұшып өтті...

 

* * *

Бүгін құдық қазушылар келмеді. Тегі ауылға қайтып кетсе керек. Күнде кешке саймандарын сылдырлатып, желіп келетін үш жігіттің орнын жоқтағандай, Барханның қыстағын асыранды көңілсіздік қайта басты-ай. Қойды қотандап, бәкүн- шүкүн шаруамен сыртта көп айналғаны – үйге кіргенде көрері де, естірі де бәз баяғы... екенін білгені және осы көңіл қалды тірліктің өзі әбден зерезеп қылғаны еді. Бағана бөлімше басқарушысы машина ойнақтатып кеткен соң да, ертеңгі атар таң, кешер ғүмырына көз салған, шабандау болса да ой жүгірткен-сымақ болған. Көсіле шабар, иә немесе көлдей толқып шығандап, шалқыр мардымды ойдың жалына жармаса алмағанымен, жеті жүз саулықты өлім-жітімге ұшыратпай қыстан қалай алып шығамын, қалай төлдетем, бесжылдықтың айқындаушы жылында 140 қозы ала аламын ба? секілді тағы сол үйреншікті, он бес жылдың бедерінде санасына қонақтаған ой

– баяғы ой тыныш таптырмаған. Ол тіпті Әліқұлдың бақырып- шақырған сөзін шыбын шаққан құрлы көріп, елеген жоқ. Оны бас қатырып есіне де түсірмеді, тек күндіз-түні көлеңкедей көлеңдеп, еріп қалмайтын өз пікірі, өз мақсаты – өз иманымен әуре-сарсаң.

Қағынып-сілкініп үйге кіргенде Сейітқұл «движогін» от алдырған. Қатар отырған екі қыстаққа бір мотордан берілетін. Сейітқұл аға шопан саналғандықтан «движок» та соның иелігінде: көңілі түсе от алдырады, көңіл хошы жоқ болса,

«бұзылып тұр» деп Барханның үйін май шамға қаратады. мотор дырылдай жөнелгенде ең әуелі анау Сейітқұл отарының шыр айналасы самаладай жарқырайтын. аямай-ақ онды-солды орната берген электр лампалары бейне-бір шаһар көшелеріндей көз қарықтырады. Көз қарықтыра жайнап, алыстан қарағанда адамға осынау шағыл-шағыл құмның ортасында отырған тіпті


қойлы ауыл емес, Ніл бойының түнгі аспаны бір пұшпағын кесіп алып осында тастап жібергендей, сонадайдан жымың- жымың сиқырлы сәуле шашар еді. Сейітқұл соңғы рет облысқа жиналысқа барып келгелі әр лампаны сан түсті: қызыл, жасыл, көк, сары бояумен бояп қойғаннан бермен тіпті ғажап көрініске бөленген. ал, Барханның екі үйінде екі жарық, есік алдына бірді орнатып бер, түнде күзетке шыққанда құлай берем деп қолқа артқанына үш жыл болды, «мотордың қуаты жетпейді» деп міз бақпады. расында да, ескі ай батып, жаңасы тумай, өліара болып тұрған шақта түн түнекті жамылып, қоздайтын саулықты бас-басына түгендеп шыққаннан азап не бар? Қолында фонарь болушы еді, оның да батареясы таусылып, қаңсып көрінген жерде шашылып қала беретін. айналасы ат аунағандай ғана ойпаңда бірге, бір мақсатпен өмір сүріп жатқан екі қойшының екеуі арасындағы осыншалық кереғар, таңба басты айырмашылықтың сыры неде?– осының түп тамырын іздеп, сарсаңға түсер Бархан ба? Барханның міндеті – өз ісіне адал, бүлкек-бүлкек желіп, шаруасын тиянақты атқару; атақтың, құрметтің; аяққа тұсау, арқаға артық жүк болар байлықтың, тіпті аспандағы жұлдыздай түнде бар, күндіз жоқ қылтқып кеп тұрар алдамшы бақыттың да бұған бес тиындық құны жоқ.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.