Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Оралхан Бөкей 41 страница



– Түу, ағаның қолын жұлып әкете жаздадың ғой, – деді Екінші қыз.

– ағаңның қолын Бақшагүлді қойып, трактор да жұлып ала алмас, – деді Үшінші қыз. Таңдай жеп отырған Бақшагүл айтты:

– Ой, ағай-ай, сіздің көрсеткішіңізді қайталар бұл «Талды» совхозында бір қойшы шыға қоймас. мақтанып, атақ-даңқ


алам деп жанталасып жүрген Сейітқұлдың өзі 140 қозы ала алса, үлкен ерлік болар еді. ал, сіздің отарда құдай біледі деп айтайын, жүзінен 150-ден бірақ секіреді. рекорд деген осы!

– Өздеріңнің арқаларың, қарақтарым, – деді бастың мүжуірін әйеліне жөнелте беріп, – құтты қыздарым келгенде қойым егізден тапты. Жұмагүл риза – мен риза.

– Егер оқуға түсе алмасақ, келер жылы тағы да сізге келеміз,– деді Екінші қыз шын пейілмен.

– Оқуға түсуге жазсын. мені қойшы... мен... ептеп-септеп отыра беремін ғой. Сендер болмасаңдар, басқасын жіберер. Ендігі тапсырар аманат – шамаларың келсе де, келмесе де оқыңдар. Тіпті мына жеңгең екеуміз үшін де оқыңдар.

– Ой ағай-ай, – деді Бақшагүл, – қай қазақ шыққан тауым аласа болсын дейді. Жолымыз болмай жүр де. Әйтпесе, мектепте төрт пен беске оқығанбыз. мына екеуі мұғалім болсақ дейді, ал мен КазГУ-дің тарих факультетіне түскім келеді. Сонсоң жоғарғы партия мектебін бітіріп, осы ауданға секретарь болсам деймін. Егер алда-жалда түбі секретарь бола қалсам, ең әуелі сіз секілді цифр үшін емес, сана мен сапа үшін күресетін азаматтарды қолдап көтерер едім...

Ертеңінде қыздар совхоз арнайы жіберген машинаға отырып жатты.

Жұмагүл қыздарды шығарып салып тұрып, беттерінен алма-кезек сүйіп, көзіне жас алды. Бархан түндегі әңгімеден соң ләм деп аузын ашқан жоқ болатын. Ұмыт қалдырып, есіне түсіре алмай басы қатқан қимасын іздегендей меңірейді де жүрді. Жылымық сәуле шалып, жіпсігендей болған көңілінен ел көшіп, жел кеуледі. Тағы да томаға-тұйық, бітеу өмір басталарына іші удай ашиды да.

Қозғала берген машинаның кабинасын тоқпақтап тоқтат- қан Бақшагүл қораптан секіріп түсті де, құстай ұшып келіп Барханды құшақтай алды. Құшақтаған күйі бетінен сүйді, сонсоң, тағы еңкейіп бетінен сүйді! «ағатайым, көріскенге жазсын»,– деді. Сонсоң ағыл-тегіл жылап, жүгірген бойы машинаға қайта секіріп мінді... Әне, жаулығы желбіреп ұзап барады, ұзап барады... Енді бір сәтте құмға сіңіп, көзден тасаланды...

Үйінің бұрышынан тартылған сымды бар пәрменімен ұрғылаған Барханның жанында долы да дабылды дауыл басталған еді...


аспаннан тағы да самолет ұшты. Қайдан ұшты, қайда қонады, бәрі-бәрі жұмбақ...

«Самолетті қойшы... Бұл жалғанда мәңгілік шешімін таптырмай кететін жалғыз-ақ жұмбақ бар. Ол – адам жаны, адамзаттың ойы десек, оған да шабуыл жасар күн алыс емес- ау. Егер ой аулайтын құрал табылса, ақырзаман орнағаны да, басқаны қойып, өзіңнің не істеп, не қоятыныңды бал ашып, біле аласың ба? адам өткенімен емес, тек қана ертеңімен өмір сүретінін сезе тұра бүгінгінің – бір күнінің мұңсыз-қамсыз тыныштығын неге көксей береді екен? Ендеше, ертеден кешке дейін еңбек етіп, атар таңды жүз беріп, аман-есен қарсы алсаң, одан үлкен бақыт бар ма? Бақыт деген не өзі? Бақыт дегеніміз атақ па, байлық па, әлде самолетке мініп, жер шарын шыр айналып шығу ма? «мені жұрттың бәрі біледі, мен кереметпін» дейтін шақырымпаздарға, «мені тірі жан білмейді, мен жай ғана қарапайым қойшымын» деп қарсы жар салуға хақымыз неге жоқ. Әлде менен басқа елдің бәрі «атағы, алтыны бардың кемтарлығы білінбейді», деген қағида үшін күресе ме?

Бархан өз ойынан өзі шошынып қалды. Бес жылға бір-ақ қартайғандай талықсып ұйықтап кеткен еді. Оны бақыты мен қуанышы мәңгі алмасып отырар ертең, тағы да ертеңгі мазасыз күн күтіп тұрған.

...Бархан түс көрді: «Құмнан құйып жасаған терең зынданда шалқасынан түсіп жатыр екен дейді. Сонсоң сол түпсіз де, суық... жанға жат зынданнан шығамын деп қаншама жанталасса да әурешілдік – қысыр үміттің қылша мойнында қыл арқан болып оралуы ғана еді. Тырнағының көбесі сөгіліп, дал болып қанағанша тырмысады, сұп-суық, сұп-сұр қабырғаны тағы да тырмалап өрмелеген болады, сусып қайта түседі, жұдырығымен тоқпақтайды, аяғымен тепкілейді, бар даусымен айғайлайды

– тіпті тісімен тістемек те болады, бәрі бекершілік. Осы кезде құм құдықтың... сонау... сонау ернеуінен Сейітқұл мен Әліқұл сығалайды; мұның төбесінен тас жаудырып, қарқылдап күледі екен дейді; бір қызығы әлгі жоғарыдан зулап төмен қарай құлаған тас қаншама құлдырап, Барханның үстінен жаңбырша жауып зымырағанымен, жетпей-ақ қойды... Бархан қорғанған күйі әні-міне мыжидымен бұғып көп отырды... Тас әлі құлап келеді... Осы кезде самолеттің гүрілдеген даусы естілді. Сонсоң құм зынданның дәл аузына кеп тоқтаған әлгі вертолеттен бір адам сығалайды да, бұған қарай аппақ арқан лақтырады.


Басқыш арқаннан шап беріп ұстаған Бархан алқынып, жан- дәрмен жоғары көтеріле бастайды. Самолеттің есігін ашып, ішіне кірсе, құдая, әкесі отыр екен дейді. «Ұлым, шаршадың ба?», «Шаршадым, әке», «Ендеше кетейік, енді сені ешкім құм зынданға қамап ұстай алмайды» – дейді де вертолетін аспандатып, қалықтап ұша жөнелді. Әкесінің арқасында өмірінде тұңғыш рет аспанға ұшқан Бархан көкпеңбек боп тұрған көкке, сонсоң көк мұнардың астында тып-тыныш болып жайрап жатқан айналайын Жерге қарайды. «Биіктен қараса не нәрсе де кемшіліксіз, әдемі болып көрінеді білем. Сондықтан да мені байқамайды екен-ау» – деп ойлады. Самолеттің дөп- дөңгелек терезесінен өз қыстағым көріне ме деп көз талдыра үңіліп еді – тек қана кілкіп жатқан көк мұнар дүниені көрді. Көк мұнар дүние! «Құдая, биіктен қарағандарға мен тіпті құмырсқадай болып та көрінбейді екем ғой, бұған дейін қалай ғана байқамағанмын». Биікте жүргендерге көріну үшін – өзінің де сөзсіз биіктеуі керек екенін жаңа ғана ұққандай болған Бархан самолетті басқарып келе жатқан әкесіне: – Әке, мені қыстағыма апарып тастаңыз, – дейді. «Неге ұлым?». «мен енді қалай ұшу керектігін және неге ұшу керектігін үйрендім»,

– дейді. Құлағында уілдеген мотор үні.

Шошып оянып еді, үйдің оң жақ бұрышын әдетінше гүріл тербеп тұр екен. «айында-жылында түшіркеніп ұйықтайын десең, өстіп маза бермейді. Бармаймын не қылар екенсіңдер»

– деп күбірледі де іргеге қарай аунап түсіп, басын бүркеніп жатып алды. Бұрыш тағы гүрілдеді. Енді Бархан дауыстап тұрып сыбады да, келесі жамбасына аунап түсті. Сәтке сап болған сым темір тіпті ойбайлап қоймаған соң атып тұрып, тез-тез киінді. Далаға шығып еді, Сейітқұл көйлегі ағараңдап жүгіріп келе жатыр екен.

– Отағасы десе, сізді Әлекең мен совхоздың бас зоотехнигі шақырып жатыр.

– Тәулігіне бір сағат тыныш ұйқыны да қимайды. Әлгіндегі түстің әсерінен айыға алмай, мең-зең халде

Сейітқұлдың артынан дедек қағып ере берді. Қоңсыласы самбырлап сөйлеп келе жатыр.

– Отағасы десе, мені кінәлай көрмеңіз, өзімді де сирағымнан суырып оятты.

«апырай, осы жігіт мінезін ұстатпай-ақ қойды. Судағы балық секілді жалт-жалт, жылт-жылт... Сырттай қарасаң қойдан


жуас, дөңгеленген қара торы жігіт. Жұп-жұмыр жұмыртқадай- ақ. Бірақ ұстайтын жері жоқ» – деп ойлады Бархан көршісін өкшелей қуып келе жатып.

– Отағасы десе мен сіздің алдыңызда... мәңгі борыш- тымын.

міне түн жамылып дегендейін...

Бархан оның сөзін естіген жоқ, өз ойымен өзі әуре...

«Бастықтар неге шақырды екен?»

– Отағасы десе, биыл сіз ерледіңіз. Бүкіл ауданда алдыңызға түсер ешкім жоқ көрінеді.

«Бастықтар неге шақырды екен?»

Упр өз орнында әдетінше жамбастап жатыр. Оң иығын ала малдас құрып отырған ашарық, бадырақ көз бас зоотехник осы совхозға былтыр күзде ғана келген. Содан бері Барханның үшінші рет көруі. Пәлендей өзгермеген екен. мал мамандарының көбі төртпақ, іркілдеген семіз болып келуші еді, осына отыздың үстіндегі жігіттің бойына шыр жұқпай; жұлған тырнадай болып жүргеніне таң қалды. Барханның таң қалғаны ол ғана емес, Әліқұлдың бұл кіріп келгенде қалбалақтап, орнынан ұшып тұрып, қос қолын бірдей ұсынғаны, арқасынан қағып сол жағынан орын бергені, бала-шаға, бау-шарбақ, үрім- бұтағынан түк қалдырмай жездей қақтап есендігін сұрағаны, сонсоң биылғы қыстан ырқ етпей шыққанын, жалпы Бархан Егемқұловтың іштен қойшы болып құтты таяғын ала туған сұңғыла талантын жарты сағат бөстірген. Барханның таң қалғаны, бөлімше басқарушысы осыншалық керемет, ес білгелі естімеген мақтау сөздің құлағын оңды-солды бұраған сайын, бас зоотехник басын шұлғи қостап, қолпаштап, ымырласып отырғаны еді. «Қай жағымнан ықтап барып шығар екенсіңдер»

– деп ойлады. Тоқ етері Әліқұл алып-қашып ауыздығын шайнаған арғымағының басын мынандай қазыққа  байлады.

«Бағанадан бері айналып шапқанша төтеден тартпаймысың осылай», – деді ішінен.

– Общем былай, жолдас, – деді Упр, – мына Сейітқұл деген жігіт қой өз ұяңнан ұшырған балапаның, сулы жерде асып, сусыз жерде қуырып жеуге хақың бар, қолыңнан ешкім алмайды. Ендеше осы жаман ініңнің бағы тасып, тасы өрге домалап жатса – сенің де абыройың, бөтен шаңыраққа емес, ырыстың өз үйіңе қонғаны.


«...мынауың қалай-қалай орағытады», – деп ойлаған Бархан Әліқұлдан осыншалық жүйелі сөз күтпеген еді. Иланғандай ұйып тыңдады.

– Олай болған жағдайда понимаешь, екі торының өзге- шелігі жоқ, сен – кім, ол – кім, жақтан басты айыра алмайсыз.

«алаштың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген қазақ. Ендеше, мынау басы салбырап, жүн жеп, жабағы саңғытып отырған ініңіздің айқындаушы жылдағы көрсеткіші оңбай тұр. ал, біз, бүкіл аудан бұл жаманды үкілеп, үстіміздегі жылдық- тың қорытындысында наградаға ұсынайық деп дабырлап, бөркін қара қазандай етіп алдық та, аяғы сымпиып қалдық... Әрине, Сейітқұл Тәңірқұлов күш-жігерін іркіп қалған жоқ, аянбай еңбек етті. амал не, фактінің аты – факті: жүзінен 140- ақ. Бізге керегі жүзінен – 150.

– менің қолымнан не келеді? – деді Бархан сиырдың сілекейіндей созылып алған әңгімені тұжырғысы келіп.

– Тфу, Беке-ай! Тіпті кейде аяқ астынан аңқаусып қаласыз- ау,-деді Әліқұл быж-тыж болып. – Сіздің анау түйенің табанындай қолыңыздан бәрі келеді. Ұзын сөздің қысқасы, ініңізге қырық қозыны қарызға бере тұрсаңыз, келесі жылы қайтарып береді...

Бархан төбесінен жай түскендей сұлқ қалды. Үйді үнсіздік жайлады.

– аспаннан былғары жауса құлға оқшантайлақ тимейді деген осы, – деді де терең күрсінді. Барханның бұл сөзін тек бас зоотехник ұққандай, әрі-бері қипақтап, тамағын кенеп, сөз бастады.

– Отағасы десе, – (құдай-ау, деді ішінен Бархан. Бұл да:

«отағасы десе», осы сөз менің түбіме жетер.) – Отағасы десе, сіздің ересен еңбегіңіз әлемге әйгілі, сіз жүдә, баяғыдан батырсыз. Бірақ мына қисынсыздықты сезесіз бе? Сіздің та- бысты еңбегіңіздің нәтижесі қағаз бетіне кеп түсіп, жиналыстар- да, пленумдарда айтылмаған, әншейінде қақсап, құлақ етін жейтін, яғни газет, радио да жұмған аузын ашпапты. Және де сіздің еңбек жолыңыз болғанымен, жариялы атағи өсу жолыңыз жоқ, яғни мақтау грамотасы, медаль, ордендермен бұрынды- соңды наградталмағансыз... Демек, көзге түспегенсіз.

– Кімнің аузына ілігіп, көзіне түсуім керек еді, – деп айқай


салды Бархан. – астымда машина, үйімде телефоным тұр ма, қит еткенді ауданға жерден жеті қоян тапқандай жеткізіп отыратын.

– Отағасы десе, жәй айтыңыз, осы үйде саңырау ешкім жоқ. мен бар шынымды ақтардым. Бұл маған дейін жіберілген кемшілік. Енді постепенно-постепенно сіз боп, біз боп түзейміз. ал, қазір көршіңізге қырық қозы бермеуге амалыңыз жоқ. Қой

– мемлекеттікі.

– Неге? мен ғана ма?

– Отағасы десе, жат жұрттыққа дабырлағымыз келмеді. Сіз енді, былайша айтқанда, туған ағасы секілдісіз ғой. ренжімеңіз, өзіңізді ұсынбақ болдық, ешқандай тізімде жоқ, жоғары жақ бұрын білмейтін, аспаннан түскен озат шопанды қайдан таптыңдар,– деп шыбын жанымызды шырқыратар болған соң, осындай шарасыздыққа тіреліп...

– Сен бірден секіріп кетейін деп тұрсың, – деді манадан бері тісін шұқып, әңгімеге араласа қоймаған Әліқұл. – Көрсеткіштің біртіндеп эволюциялы өсіп отыруы абзал. Сонда ағайын, награда не саған, не оған жоқ... далада қалайын деп тұр.

– Отағасы десе, сіз өйтіп ауа жайылып кетпеңіз, – деді бас зоотехник. – мемлекеттің үлестіре алмай далада жатқан атақ- құрметі бар дейсіз бе?.. Қайдағыны айтады екенсіз. Жалпы естеріңізде болсын, түймедейді түйедей ететін дәнеңе жоқ. Сейітқұл Тәңірқұловтың бес жыл бойы көрнекті табысқа қалай жетіп, аудандағы ең озат шопан аталып келгенінен менің абсалютно хабарым шамалы. Үстіміздегі жылғы көрсеткіші сіздікіне жетпей тұр, отағасы. ал, сіз жайлы бұдан бұрын ешкім білмей келгені және рас. мұқым аудан бойынша социалистік жарыста озып шығып, озат шопан атанған малшы үкімет наградасына ұсынылуы керегі тағы рас. Сонда не істеу керек? Әрине, сіз мені кешіріп қойыңыз, отағасы. Сондықтан сізге де, бізге де шегінер жер қалмай тұр.

Бас зоотехник сөзін түйіліп барып, кілт үзді де Әліқұлға қарады. Ол алдында мөлдіреп тұрған қырлы стақандағы араққа қолын енді ғана соза беріп еді, өкілдің суықтау жүзінен тайсап, іркіліп қалған. Сонсоң созған қолын не ары, не бері апара алмай сәл қаңтарылып қалды да жолай соғып, бауырсақ ала кетті. Зоотехник: – Жігітім, мынау асай-мұсайларды жиып ал,


тойға келгеніміз жоқ. Әлі ертерек...– деді сол салқын қалпын сақтап. Сейітқұл жозы үстіндегі арақты лып еткізіп, жинап- теріп әкетті. Әліқұл тамағын қырнап, бір нәрсе демек болды, бірақ шытынаған күйі дым сызбады. Бархан суалған қара күрең жағын сипап, ой үстінде отырған.

– Не ақыл айтасыз, отағасы,– деген зоотехниктің сөзі жаңа ғана қаймақши бастаған тыныштыққа тас лақтырды. Барханнан жауап болмаған соң:

– Сізді келесі жылы ұйымдаспақ жас шопандардың комсомол-жастар бригадасына ұстаз етсем деймін, отағасы, қарсы емессіз бе? – деді жүзін жылыта.

– Оны уақыт көрсетер. – Бағанадан тілі кесілгендей жұмбақ отырған Барханның үзілген сымы қайта жалғанғандай болған соң, бәрі-бәрі елең етісті. – алатын қозыларыңды таңертең санап берем. Тек ақырғы рет болсын.

– Немене, бұрын да алып па еді, отағасы.

– Бірінші жылы – бес қозы, екінші жылы – он, үшінші жылы – жиырма, төртінші жылы – отыз, енді мінеки – өзің келіп, шырағым, қырық қозы сұрадың.

– мынау сұмдық екен! – деді бас зоотехник ұялы көзі лап етіп. – масқара екен!

– Ешқандай сұмдығы жоқ, қанша төл берді, ақшасын да, қосымша ақысын да Барханның өзіне жазып келеміз. Жалпы, ағайынның арасына жылбысқы бес қозы, он қозы деген сөз болып па? ат та, атан да, алыс-беріске еленбей жүре бермеуші ме еді.– Әліқұл атына қайта мінді.

– адамды қаралайтын ондай ағайындықтың енесін ұрайын! Таңертең қырық емес, елу қозы санап берем. Шығатын тауына

– шыға берсін, иығымды төсеймін!– деп есікті тарс жауып, бұлқан-талқан шыға жөнелді. Бұл Барханның Бархан болғалы өз байламын тік, бетің-жүзің демей, пышақ кесті айтқаны- тын.

Бархан сөзінде тұрды. Ертеңінде елу қозыны санап берді. Әліқұл ауданға «Сейітқүл Тәңірқұлов әр жүз аналықтан

– 150 қозы, әр бас қойдан 3,5 кг. жүн алып, міндеттемесін артығымен, абыройлы түрде орындады» деген мәлімет әкетті. Сол күні кешке облыстық, ал үш күннен соң орталық радиодан айтылып, құмның арасындағы ең шалғай қыстаққа тілшілер сауыт-сайманын арқалап, сау ете түскен.


Көп ұзамай сессияға аттанатын болды. азамат жолға жүргелі жатқан соң, Бархан қош деп қалайын деп, көршісіне келді. Су жаңа кремплин костюмін киіп, жуынып-таранған Сейітқұл тығыршықтай әп-әдемі жігіт болып шыға келген екен. Төртбақ, жұмыр денесі, дөңгелек жүзі, көзіне міне орналасқан қою қара қасы – бәрі-бәрі жарасым тауып, ұялмай көрінетін озат пошымға енген. Әсіресе, кеудесінде сылдыраған орден, медаль көркіне көрік қосып, салиқалық танытқандай еді. Ол-пұлын жинастырып, сусылдап жүрген әйелі Данагүлдің қимылына көз ілеспейді. Дәу қара чемоданында не бары белгісіз, ыңырандырып апарып, «москвичтің» жүк салғышына әрең сиғызды.

– Қаладан не базарлық әкелейін, отағасы, – деді Сейітқұл ма-шинасын тілмен жалағандай етіп сүртіп тұрып.

– Не әкелесің... Есен-сау оралсаң – одан үлкен олжа бар

ма?

– Е, аман болмағанда жау алар дейсіз бе? Қалаға жаңа бара

жатқаным жоқ, – деп тойына сөйледі, – елу қозының карымта- сын қайтарам, отағасы. Ер мойнында қыл арқан шірімейді.

– Жо-жоқ, ол не дегенің. азаматтың абыройына садаға да.

– Бархан бағанадан бері байқамапты, анадай жердегі күресінде Сейітқұлдың төрткөз, сарыаяқ иті ешкінің лағы секілді бір нәрсені жұлғылап жатқан. Ол не болды? – деген әуестік жеңдеп, жемтікке жақындай берген Барханды ырылдап, маңайлатқысы келмеді. Бірақ иттің жұлқылап жатқаны қарақұйрық екенін жазбай таныған. Иә, былтыр жарасын емдеп жазған өзінің асыранды хайуаны! Жүрегі зырқ ете түсті. Қапелімде аузына сөз түспей, делдиіп қалды да даусы қалтырап:

– Сей-іт-құл, – деді, – Жолдыаяқтың жеп жатқаны не?

– Қайдан қаңғып жүргенін білмеймін, таңертең ерте тұрып, жол жүретін болған соң қора жақты болжасам, анау сіздің құм төбеңізде қалқайып тұр. малапулкамен құлақ шекесінен көздеп, басып едім, қалпақтай ұшты. ажал айдап келген екен, былтыр оң аяғынан жараланып, қашып кетіп еді... (қарқ-қарқ күлді).

Барханның көзіне қан толып, басы айналғандай болды, енді-енді құлап кетердей буынын зорға бекітті де:

– Онда... күнәсіз сәбиде әкеңнің құны қалып па еді! – деп айғай салды.


– Отағасы десе, немене даланың аңын да қызғандыңыз ба? Керек десеңіз облыстық табиғат қорғау қоғамының мүшесімін...

– Ой, сенің... соқырлар қоғамының, пахорон бюроның мү- шесі шығарсың бәлкім, сенен ол да шығады. Тұрған жеріңде атып тастайын ба осы, әбден жүйкелетіп біттің. – Ұмтыла берді. ал дегенде жасқанып қалған Сейітқұл ілезде күшіне қайта мінді.

– Дауыс көтермеңіз, отағасы. Заң кімнің жағында екенін ойлаңыз.

– менің өз заңым бар. Оған ешкім қол сұға алмайды.

– Бархан шәнтиіп тұрған Сейітқұлдың жағасынан ала түсті де, омырауындағы наградаларды бытырлатып, жұлып-жұлып алды.

– Әкеңнің аузын ұрайын. «Өз асыраған күшігім өз басыма қарғыды» деген осы. Быртиып алып, ішің толған сасық қулық пен сұмдық. Қайтер екен, жас қой, ақыл кірер ме екен десе, қайтеді, әкемнің шоты шапқан сайын дамып... міне, мына медаль да, мына орден де бәр-бәрі менікі. мына маған тиесілі сый-құрмет! Сен ұрлап алдың, саған тартып әперді анау Упр ағаң. Енді, мен сенен тартып аламын оны. Бар, баратын жеріңе!– қарсыласып қолына жармаса берген Сейітқұлды шықшыттан бір періп құлатты да «москвичтің» доңғалағын бір теуіп жүре берді. «Ойбай, өлтірді!» деп жау жеттілеп аттандаған Данагүл күйеуінің басын сүйеп, үйге алып кетті. Осы көріністі басынан бағып тұрған Жұмагүл ара түскен жоқ, ерінің қырықтан асқандағы қауқарын тамашалай күліп, жоламаған. Ол тіпті Барханнан жылдар бойы сарғая, сағына күткен ашуды енді танып, жоғы табылғандай қуанған да еді.

Сейітқұл өз мұрнын өзі періп қанатты да, омырауын саталақтап сорғалатқан күйі, су жаңа костюмінің әр жерін өзі былғап, жыртып алып, ауданға тартқан.

Бархан мінез көрсетті...

ала бұлтты аспаннан тағы бір самолет ұшты...

Бархан қойдан шығып, расында шығарып тастап, ауылға көшетін болды. Тіпті сотталып кете жаздады. Себеп белгілі, онсыз да құлағалы тұрған тауға қой жайған соң оңсын ба. Бас зоотехник қанша барын салып, ара түскенімен, алып қала


алмады. Тек шығарып салып тұрып: «Қамықпаңыз аға, бір жыл дем алыңыз, мал бақпай отыра алмайтыныңызды білем. Пәле-жаладан аман болсақ, келесі жазда ұйымдасатын жас шопандардың бригадасына жетекші, яғни наставник қылып жіберем» – деді жұбатып. алғашында бадырақ көз арық жігітті суқаны сүймеп еді, қазір іші жылығандай болды.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.