Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Оралхан Бөкей 40 страница




* * *

Қыс өтіп, көктем шықты. ал дегенде алынбас қамалдай боп көрінген қыраулы қысты артқа тастағаннан бермен де Барханда бәрібір маза жоқ. Бел шешіп, аяқ суытар шақ көзден бұлбұл боп ұшқалы қашан. Бірінің артынан бірі иін тіресіп келіп, желкеңе мініп алар қойшы тірлігінің таусылмас шаруасы қанша жалықтырса да, қашып құтыла алмас - шаңқай түстегі өз көлеңкесі іспеттес еді. Шаңқай түс демекші - қырықтың бесеуіне шыққан Бархан өз ғұмырында да ертеңге ауар сәті тым жақын қалғанын алғаш рет есіне алды. Есіне алмас та еді, қой төлдету науқаны басталып, сақманшылыққа келген бүлдіршіндей үш қыздың бірі - Бақшагүл мұның жылдар бойы мұз сіреу болып қатып-семіп келген көңілін ептеп, түртіп оятқандай-тын. Дүниедегі бар пәлені тақылдап сұрап, маза бермейтін зар жақ қыз «ой, ағай-ай...» деп қойып... тот басып, тозаңданып қалған сырды қазғылайтын.

Төл алу науқаны, шүкіршілік, ойдағыдай өтіп жатыр. Отары қыстан күйі таймай шықты. Қарашадағы уәде бойынша Әліқұл екі мая шөп жеткізіп берген. Содан бермен көршісі Сейітқұлдың да бұл дегенде жаны қалмай, сыйлайды. Обалы қане... рас, Упр Барханнан гөрі оған екі төлшіні артық берген екен, енді қайтсін, бір малы екеу болсын дегені де... алайда, осы ерлік деген не? Осы жасына дейін Барханның түсіне алмай, дал болып жүргені осы. Өзіне тапсырылған жұмысты табан ет, маңдай термен адал да абыройлы атқару емес пе? «Сайып келгенде, – деп ой түйетін – батыр болу дегеніміз, ең әуелі адал болу».

Кеше кешке қызық оқиға болды. Күндізгі төл алу, қора тазалау сияқты кәдімгі қойшы қаракетінің жамыраған тірлігі бәсеңсіп, шам жана орынға отырған тыныш сәтінде үлкен бір әңгіменің ұшығы көрінген. Үстеріндегі саталақ-саталақ жас қозының тоңғағы жабысқан киімдерін сыпырып тастап, жуынып-шайынып шайға отырған үш қыз Қызылқұмның көктемгі қызғалдағындай құлпыра қалып еді. Қара көздері шам сәулесімен боталап, күлкі үйірілген. Бархан осына он сегізге жаңа шыққан уыздай пәк қыздардың жүзіне бұрынғыша ұялшақтамай, қымсынбай тұңғыш рет тесіле қарап еді. Сонда ол қарындастары қаншама жадырап, жайнаң қағып отырғандарымен, күлкі көлегейлеген дидардың ар жағында, тереңінде тұнып жатқан мұңның көлеңкесін көрген. Сол мұң


ертеден қара кешке дейін дамыл таппай жылбысқы төлмен төбелескен қыздардың қой көзіне шаба бастағанын, егер дәл осылай ойын-сауық, күлкі-қуанышсыз ертеңді қара кеш безектей берсе, арман-мақсаттарынан ерте, тым ерте тоналып, жасына жетпей шау тартары үшін өлердей аяған.

«Ертеңгі күндерің не болар екен, қарақтарым, не болар екен...»

– Ой, ағай-ай, – деді түйеден түскендей Бақшагүл. – Неге осыншама қадала қарадыңыз? Жеңешеме айтып, сабатамыз... Сонсоң үшеуі де сыңғырлап таза күлді. Дастарқан қамымен жүрген Жұмагүл де мырс етіп, шыншыл көңілмен әзіл тастады.

– ағаңның қырықтан асқалы жасаған ұрлығы ғой, сендер өкпелемеңдер, мен кешірдім, – деді.

Бархан қызарақтап қалды. Сейітқұл «бензин таусылды» деп бүгін «движогін» от алдырмаған соң, шамға кересін құйып, соның болар-болмас жарығымен отыр. Шаңырақсыз шам шалқи жанып, қоңырқай күйге шақырады. Балалардың алды ұйықтап қалды да, өзгеше бір тыныш, әрі жуас хал меңдегендей еді.

– Ой, ағай-ай, – деді тағы да сол үнсіздікті бұзған Бақшагүл.

– Сіздің мына қоңсыласыңыз түк ұнамайды маған. Бағана қорасының жанынан өте беріп едім, қозысын алмай жатырқап тұрған саулықтың басына бар пәрменімен теуіп жіберді. – Бархан жауап берген жоқ.

– мен білсем ол алдыңғы күні жоғалтқан егіз қозының сыңары. Соны теліп тұр, – деді екінші қыз. Бархан одан әрі шыдамады білем:

– Қойыңдар, айналайындар, кісінің сыртынан ғайбат сөз айтпаңдар, – деді.

– Біз ғайбаттап отырған жоқпыз, шындықты айтып отырмыз,

– деді шашын қырықтырған үшінші қыз. Бұдан соң бәрі тым- тырыс отырды.

– Қой енді қызыл сөзден не пайда түге. Ертең ерте тұру керек, жатып демалыңдар, – Жұмагүл төсек қамына кірісе бастады. Қыздар ыдыс-аяқ жиып, күйбеңдеп жүрді де, жым- жырт жатып қалды.

Бархан шошып оянды.

Үйдің бұрышы дыңғырлағандай болып еді, елегізген екен, бөтен дыбыс сезілмейді. Сырт киімін шешпей, дастарқан басына қисая салғандікі ме, быршып терлепті. ақырын басып,


алдыңғы бөлмеден өте беріп еді, баудай тізіліп, көрпеден бастары қылтиып, башпайлары көрініп, ұйықтап жатқан қыздардың бірі: «Конкурстан өте алмадым» деп ұйқысырап аунап түсті.

аспан ала бұлтты екен, терістіктен жел бар. Биыл көктем ерте шыққанымен, суықтың сына қоймаған беймезгіл шағы еді. Қар әлдеқашан қашып құтылған. Оңтүстіктің көктемі ұзақ болады. ақпанның аяғынан жер қарайып, шілденің басына дейін жалықтырмас әдемі кезең келетін. ыстық түспей, жайлауға көшіп, жан сауғалайтын малшының рақаттанар күні болады десек, ол да сол жайлауға жетіп, қонғанда ғана туатын. Қызылқұмның жаз жайлауы паң дала – арқа жақта: таулы, ағашты, сай-салалы болмағанымен, қалың шалғынды, ауыз суға зарықтырмайтын құйқалы жер. Қазіргі былығып, ластана бастаған қыстақтан екі жүз, үш жүз шақырым ұзай көшіп, тек қоңыр күзде ғана мекеніне қайтып оралар қойшының – үлкен қала, дүбірлі жаңалықтан құлақ үзер уағы бұл. Көп ұзамай ол күн де туар...

аспаннан тағы бір самолет ұшып өтті...

Жайлау әсіресе, Барханның зарығып тосар – бақытты шағы. Көш қамын елден бұрын сайлап, қалайда бұрынырақ жетіп, із тимей тұнып жатқан жап-жасыл даланың самалын қызғана жұтып, ал қызыл, ал сары гүлдерін елден бұрын қызыға жұлатын; ешкім қарап тұрған жоқ па дегендей жан- жағына жалтақтап алып балаша тызылдап, жалаң аяқ, жалаң бас жүгіретін, жүгіретін... бұл баяғыда, бұдан отыз жыл бұрын ақ бас атанға мініп, көкжиекке сіңіп кеткен әкесінің соңынан қуған аянышты халдей емес, мүлдем басқа, басқа жүгіріс; Барханда балалық шақ болған жоқ, оны ерте жоғалтқан... ерте... сол батысқа, жаудың бетін қайтаруға аттанып кеткен балалығымен тек жарықтық жайлауда жолығып мұңдасатын, ағыл-тегіл жыласатын, сосын мәз болып күлетін, күліп жүріп гүл теретін; жайлау дегенде, байғұс Жұмагүлдің де есі қалмаушы еді; сондықтан осыдан бес жыл бұрын күйеуі ауданға барғанда сатып әкеп берген қызыл ала жалғыз көйлегін киіп, бейне бір той салтанатына жиналғандай бір жасап қалушы еді; Бархан екеуі бір-бірінің көңіл-күйін айтпай түсініп, қол ұстасқан, қолтықтасқан қалыпта көкпеңбек теңізді армансыз кешер еді, көкпеңбек шалғын шалқарын қатар жүзіп бара жатар ерлі- зайыпты қойшы өздерінше шырқап, өздерінше ән салатын; ол


ән шыншыл да сезімтал жүректің, бұйығы әрі тар арнадан асып- төгіліп, еркіндігін, көптен аңсаған бостандығын бозала таңда енді-енді ғана алғандай, әуелеп алысқа... әлдеқайда жыраққа шығандап, шымшымдай тарап жатар еді; әншейінде әнді қойып бір ауыз әңгіме айтпайтын адамдарға кең тыныс қанаты талмас қиялмен әуелете шырқаған әнін ұйып тыңдағандай әрі бас иіп, тағзым ете таңырқағандай жайлаудың мың-миллион гүлдері ырғалып, әдемі әуезге қосылғандай болушы еді; ал, Бархан мен Жұмагүл болса осынау кең жайлау – жасыл бесікте жылына жалқы рет құшақтасып, өзінің жұбы жазылмас жұбайлар екенін еске алысатын; сонда Бархан қыздай қосылған қосағының қуаныш пен мұң араласқан шаршаңқы көзінен мөп-мөлдір таза жасты сұқ саусағының ұшымен сүртіп тұрып: «Жұмагүл- ай, сендей әйелі бар менде арман бар ма екен» – деуші еді; осына жылына жалғыз рет қана айтылар әрі келте, әрі терең сөзден кейін Жұмагүлдің де бақытында шек болмайтын; бұл өмірде бар екенін сезінетін, жылдың төрт мезгілінде осы сөздің қуатымен жүретін, жылдың төрт мезгілінде осы сөзді сағынып, санамен сарғая тосатын... Жұрттың көзінше жаласып, ал түні бойы төбелесіп, бет-ауыздарын тырналап шығатын кейбір замандастарынан ала-бөтен өзгешелігі осы десек те, былайғы ағайын «осыларды да күйеуім бар, қатыным бар деп, қарқ болады-ау» – деп өсектеуші еді. Былтырғы жазда Бархан Сейітқұлдың әйеліне бір буда гүл теріп әкеп берді қырдан. Қоңсыласының бұл қылығын естіген Сейітқұл: «Шал шатасқан шығар, – деді миығынан күліп. – Шалдың делебесі жаз шыға қозатыны рас».

ала бұлтты аспанның жыртық тесігінен сығалап тұрған жұлдыз ғана бүгінгі түннің шырақшысы. Бүгінгі түннің шырақшысы ол ғана емес, қолына май шам ұстап, қой қораны, қозы қамаған үйшікті аралап жүрген Бархан еді. Қой түгелге жуық төлдегенімен, он шақты саулық тумай кешеуілдеп қалған. Қуаныштысы сол биыл егіз қозылаған аналық көп болды. Қыстан екі мая шөптің арқасында қоңды шыққан малдың іш тастауы, өлім-жітімі болмады. Оның бер жағында жемшөп мол екен деп отарды қотаннан шығармай тырайып жатып алған жоқ, ашық шуақты күндері үнемі өріске маңқыстатып тебіндетіп қайтатын. мал екеш мал да далаға шығып, бой жаза сергігенді жақсы көруші еді. Бұрынғы жылдарда сыңар айыр шөпсіз бір тұяқ шетінетпей, әйтеуір ілдалдалап қыстан шыға


беретін. Бархан совхоз екі мая шөп түсіріп бергенде соғыста өлген әкесі тіріліп келгендей қуанышы қойнына сыймаған. Енді міне, Құдайға шүкір жер аяғы кеңіп, күн жылынды. Ендігі жыртың-жыртың ұрымтал соғар боран-шашынға ырық етпейді. Кеше кеште қоздаған он қойды жеке бөліп қамап еді, қолында ауа ұрып қалтыраған май шамы бар Барханға көздері жаудырай қарады, сонсоң өз иесі екенін таныды ма, біреусі мекіренді. мекіренген қойға жақындап еді, алдында қап-қара боп буы бұрқырап жатқан қос қозыны көрді. Тегі, әлгінде ғана туса керек, саулықтың шуы түсіп үлгірмеген. Бархан сәби секілді мөлдіреп, су-су болып шарбыға оранып жатқан төлдің мұрнын сығып, құлағын үрледі де енесінің алдына қайта салды, жалап, аяқтандырсын дегендегісі. Туа салып ала қашқан қозыны енесі жатырқап алмай, әуре-сарсаңға түсіретіндері де толып жатыр. май шамды сөндіріп, қораның бұрышына қалдырды да далаға қайта шықты.

ала бұлтты аспаннан гүрілдеген тағы бір самолеттің даусы естілді...

Бархан қалтырай тітіренді де, рақаттана есінеді. Есіне әлдене түскендей үйдің сыртындағы құм төбеге көтерілді. Оның санасынан сонау қарашада қағынып, көше жөнелген қызыл құмның оқыс мінезі кетпей-ақ қойды. Неге, неге мінез көрсетті! Жылдар бойы нығызданып, дөң айбат жасап жатып алған қиқар құмның аяқ астынан ер-тоқымын бауырына алып, тулауы қайран қаларлық. Құйын болып көтеріліп, құйғыта шапқан қызыл құм тырбиып енді-енді өсе бастаған бұта-қараған, шөп шаламды жалғыз-ақ түнде жаба салды да, ирелеңдеген мап-майда құмнан шашу шашты. Кешелер ғана шымдауыттана бастаған жер беті енді, міне сиыртаңдайланып, қиялыңды тербеп, алысқа шақыра көз қытықтағандай болады.

«Жарықтық қызыл құмның бой жасағаны шығар... Енді қайтып долданып, енді қайтып ашу шақыра шамырқанып, мінез көрсете алмайтын шығар... Жарықтық мәңгілікке көз жұмып, өлген шығар-ау...» Бархан өз ойынан өзі шошып кетті.

«Өлгені несі... Құм марқұм болар ма... Жаман ырым неге ғана иектеп алды мені... Өлгені несі... Құмның жаны жоқ... мүмкін адамдар ұға бермес нағыз тіршілік иесі, нағыз адам айналайын алтын құм болар...»

маңай жым-жырт ауыр ұйқының құшағында. Тек Бархан ғана ояу, мынау өзгермелі өмірдің мәні, ертеңгі атар таңы


жайлы ойлады. Сонау бір қарашадағыдай бойы мұздап, көңілі жүдеген жоқ. азапты шақ, ауыр еңбек артта қалып, адал істің нәтижесін көрмек. Иә, енді бір аптадан соң санақ болады. Қозыны совхозға өткізеді, енді бір аптадан соң сақманшы үш қыз да жыл құсындай үйлеріне қайтады... Үш қыз... Барханның көз алдына құмнан шыға-шыға келгендей қаз-қатар тұра қалған елес-қыздардың маңдайынан сүйгісі келді. Екі беті бейне бір сүтке тамған қан секілді шырайланып тұрар Бақшагүл әсіресе, жеті қат түн ішінде қалың түлейдің ортасынан шыққан от секілді жанып тұр-ау, лапылдап тұр. ал, екінші қыз ше? Біртоға, тындырымды... Үшінші қыз еліктің лағындай моп-момақан, көп сөйлемейді, көбінесе іштей тынып жүретін ақылды бала...

«Ертеңгі күндерің не болар екен, қозыларым, не болар екен?»

Әліқұл осы үшеуін автоклубтың ішіне салып алып, даңғырлатып-дүңгірлетіп келгенде, Барханның көңілі толмай нәумез болып қалған. Он екіде бір гүлі ашылмаған жас қыздарға сенбеп еді алғашында.

– Саспа, – деді Упр Барханның қырын қабақ түріне қарап.

– Саспа, әлі осылар озады... Қарашы өзің... үшеуінің де мемлекеттік сапа белгісі бар. Ә, понимаешь, – деп қарқылдап кеп күлген.

Көз алдынан әлде не ербең еткендей, ізінше қарасы болжанды. Иесін жазбай таныған хайуан сексеуілдің тамыры секілді тарбиған қолын иіскелей бастады.

– «Қоңыр қозым-ай, – деді көңілі босап. – Тірі екенсің ғой, тірі... Жаман әкеңді ұмытпаған екенсің ғой», – қара құйрықтың басынан сипап, бауырына қысты.

«аман жүрші, қозым. Сен барда мен жалғызсырамаймын. Күлге аунаған қотыр түйедей болып жүдеп-жадағандай болсам көңіліме медет болар жұбанышым бол. адамның қолы қанат емес, ұшуға жаралмаған. Ұшып жүргендерді атып түсіру оңай деуші еді, қаңғыған оқ, қаңғырған аңшыңнан сақтан, жарығым».

Түн пердесін қақ тіліп, Талды жақтан жалғыз жарық көрінді де қыстаққа қарай жұлдызша ағып келе жатты. Сол бір тіміскіленген жарықты Барханнан бұрын сезген қарақұйрық тұра атылып, зыта жөнелді. Қас қағым сәтте құшағындағы сәбиінен айрылып қалған әке түн жамылып, суыт келе жатқан машинаны мықтап тұрып сыбап алды. Кім болды екен?!


Әлгі жарық құмтөбенің басында тас батырдай қасқайып тұрған Барханға түсті де көлеңкесін ұзарта-ұзарта алып адамға айналдырды. Тура жанына еңкілдете келіп, зырқ етіп тоқтағанда ғана Сейітқұлдың машинасын таныды. Үлкен шамын өшіріп, асықпай аяңдап, сөйлей жақындаған озат шопан аңдығандай алдынан шыққан көршісінің осыншалық құс ұйқылығы қытығына тиді. Әйтсе де әбігер сезімін сездірмеуге тырысты білем, бекерден-бекер жеңілтектеніп, күлген сымақ болды.

– Отағасы десе, құмнан соққан мүсіндей боп неғып тұрсыз. Хор қызындай үш сақманшы келгелі ұйқыңыз қашып жүр-ау осы,– деді де, қол беріп амандасты. Бархан жігіттің орынсыз қалжыңына шамданған жоқ, бәз салмақтылықпен «онысы рас» деді де қойды.

– Өзің қайдан келесің, түнделетіп?

– ауданға барып айналып қалдым. То анау, то мынау деп көр-жерді сұрап, кісінің басын қатырды. Сайлаушыларға есеп бер дей ме-ау, – алдымен қозының санағын өткеріп алайын дедім.

Жел жақта тұрғандікі ме, Сейітқұлдың аузынан ашқылтым иіс мүңкігендей болды. Осынысын сезді ме, ойысып Барханның ық жағына шықты.

– Отағасы десе, – биыл жүзінен қанша айналатын сыңайы бар? Егіз туғандары көп деп естідім бе...

– Қайдан білейін, маңырап жатыр ғой, әйтеуір.

– Әй, сауысқаннан сақсыз-ау, отағасы десе. Шыныңызды айтпай-ақ келесіз. Бірақ сізге ризамын, жиырма бес қойдың ақылын тауып, абыройымды асырдыңыз.

Осы кезде анадай жерде тұрған қызыл «москвичтен» қозы маңырады. Екеуі бірдей елең етісіп қалды.

– Інішек, – деді Бархан күліп,– немене, сенің машинаң да қоздайтын болған ба. Ілгері басқанның иті оттайды деп.

– Жоқ, отағасы десе, өрісте туып қалса керек тауып алдым. маған бөлінген сақманшы қатындар салақ, еттері үйреніп алған, әбден бастары ісіп, ертеңді қара кеш ұйықтай береді... Бағана отарды жайылымға шығарғанда байқамаса керек, жә, не тұрыс, үйге қайтайық, – деп машинасына беттеді.

«москвичтің» жүк салғышында маңыраған жас қозының дауысын алып қашып, қыстағына беттеген Сейітқұл әлденен- дей күдікті ой тастап кетті. Бүгін сақманшы әйелдердің отарды


қырға шығармағаны белгілі. Сонда бұл қу қозыларды қайдан әкеле жатыр?

«Е-е, білдім-білдім. Сауғалап, сауын айтып, әр қойшы, әр ағайыннан жинап-терген жетім қозылар-ау. Бәрі де жүз қойдан

– 150 қозы алудың қамы да... Әй, құдай-ау, атақ қуу не істетпейді дейсің адамға».

алқара аспаннан самолеттің даусы естілді. Неге екені белгісіз Бархан дәл осы самолетке тас лақтырғысы келді-ақ. Сапырылысып жатқан жабағы бұлтты көкке қарап: «Ей аспан сенің, ей адам сенің қулығыңда түп жоқ»– деп күрсінді.

Төл алу науқаны аяқталып, сақманшы қыздар ауылына қайтатын болды. Құм теңіздің ортасына адасып келіп қонған үш аққу ұшатын болды; құм даланың бетінен ойда-жоқта сылдырап аққан үш бұлақ суалатын болды; аспаннан құлап түскен үш құс – үш жұлдыз секілді жапан дүзде жетімсіреп, жаһанның көп-көп қызығынан қаға беріс қалған қыстақты базарға айналдырған; суығандай, ұмытылғандай жүдеу тарта беретін көңілдің көк тоңын жібіткен – үш тотыдан айырылатын болды. Күзде құдықшылар келіп, сезімнің шаң басып тұрған қос ішегін дыңғырлатып-дыңғырлатып кеткендей еді, ал қыздар сол иесіз қалған шешен домбыраны армансыз тартқан еді; бұл әлемде жақсылық-жамандык, уа құмырсқаның илеуіндей қайнаған қаймана халық барын гәй-гөйлегендей еді; Бархан мен Жұмагүлдің өгейсіген өмірін қағып-сілкіп күн нұрына жайып, дегдіткендей еді; өздері де осына айрандай ұйыған семьяның шырықты тірлік, жас балаша талпынған ыстық жүрегінің жылуына бөленгендей еді. Құм теңіздің ақ желкені секілді алыстан ағараңдап, бірте-бірте мәңгіге ұмытылған – келте таныстық, қысқа білістіктің күрмеуге келмес жалғыз сәттілігі қинады да. Қиналмай қайтеді, сыңғырлаған күлкі, әсем ән, «ой, ағай-ай!» деп наздана естілер үн баяғыша... мұнан отыз жыл бұрынғыдай... мұнартып, жұмбақ күйде сақиналанып тұрған көкжиекке сіңіп, бәлкім, бақилыққа жұтылар... жоқ болар... Енді қайтып көре алмас, енді қайтып ести алмас арманды бейне, өкінішті шақтары қандай көп еді адамның! Кімге ерте, кімдерге кеш келер болымсыз қуаныштың тәттілігі, ұмытылмастай құны да сол – қысқалығында ма екен. Пенде дегенің жалғыз аяқ жолмен жүреді, сосын әлденені тауып алады, бәлкім ол


күніне жүз рет көрген заты шығар, бұрын елеп ескермеген шығар, бірақ осыншалық қадір-қасиетін енді ғана аңғарып, қуанышына шек қалмай алақайлайды.

Ол не сонда? Ол – өмірдің өзі екен? Дүниедегі ең құнды да, ең құнсыз да сол адамның өз өмірі-ау. Жас бала жарық дүниеге көзін жұмып туады, бәлкім атысып-шабысқан сұрқиялық пен сұмдықты көргісі келмегені де... ал, сол бала ер жете келе, өмірдің бар кереғар бақыты мен қайғысына еті үйрене келе – қимай қиналады. Жалғыз ғұмырды тастап, арғы дүниеге аттана алмай – көзін ашып өледі... Өліге де, тіріге де төсек болған қара жер ғана тентек пендесін теңестіреді. Бархан кейде қой жайып, анау сұлап жатқан бетпақ далаға қарап отырып ойлайтын:

«табиғаттан әділетсіз не бар, бір жерге бар байлығын: суын, ағашын, тау-тас, аң-құс, орман-тоғайын төгіп бере салады; енді бір жерді бір жұтым суға, тіс шұқыр ағашқа зарықтырып қояды; бір адамдарға көрікті де, талантты да аямай сыйлайды, енді біреуді... енді біреудің басын таз, аяғын ақсақ қылып қойдың соңына салады, қойманың күзетіне қояды. Әділетсіздіктің өзі табиғаттан жұққан екен-ау».

Қыздар аттанатын болған соң, қоштасу дастарқаны жасалған. Жұмагүл осы үйде не бар, түгел жайып салып, өз әлінше ақ түйенің қарнын жарған екен. Науқан бастала жемге байлаған қарабас тоқтыны Бархан таңғы сағат алтыда алып соққан. Буы бұрқырап, төре табақ ет келгенде бәрі де жамыраса күліп, жыртық үйдің құдайы барды еске түсірген. Жәукемдеп ет турауға кіріскен Бархан бастың екі құлағын кесіп Екінші Қыз бен Үшінші қызға бөліп берді де таңдайын сыпырып алып Бақшагүлге: «ал, айналайын, таңдайды саған берейін, тақылдаған шешен өзіңсің, алақаныңды тос», – деді күліп. Бақшагүл алақанын тосып, Бархан «ал ұста!» деп алғаш соғып қалғанда-ақ қақшып түсті.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.