Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





Оралхан Бөкей 36 страница



Қарлығаштың сау-тамтығы қалмаған жас денесін жууға да қорқып, өлікке бір адам түспеді. Өзім сатып әперген тасқа басқан гүлі бар шыт көйлектің ырымы ғана қалған, пәрше- пәршесі шығып жыртылған. Өне бойы қатқан қан. Сол ұйыған қап-қара қанның қағын жуып тұрғанымда, уыздай мәйіттің бас жағына қарауға менің де шыдамым жетпеді, бет емес, езіліп қалған бір нәрсе. Қарағайдың қапсағай бұтағы тура белден кірген... мұндай аянышты өлімді бұрын-соңды ешкім көрмеген шығар. Қарлығаштың бейнесі күні бүгінге дейін түсімнен шықпай, шошып оянатыным, сол бір өрім талдай жастың быт- шыт болған қан-қан денесі мәңгілікке көз алдымда қалғанынан болар-ау... Сүйекті орайтын ақырет таба алмадық. «ақ дәке тек Нартайда ғана бар» деген соң, алғаш рет басқарма үйінің есігін ашуға тура келді. Дөнен иттей кергіп төрде отырған бастық төре табақ етті буын бұрқыратып енді ғана алдына ала берген екен, мені көрген соң әйелі бетін жауып, қайтадан алып кетті. Бұйымтайымды айттым. Ол қыржиып, салқын тыңдады. Іші кепкен түйедей төңкерілген қарнына сүйсінгендей алақанымен сипалап, ыңырана тіл қатты.

– Қаңғырып жүріп, қарағай басып өлген қарғадай қызға мәрлі берер жайым жоқ, – деді.

– Колхоз жұмысында жүріп қаза тапты ғой.

– Оларға от жақ, өртенген ағаштың астында отыр деген біреу бар ма? Ерігіп жүріп етпетінен құлады.

– Әй, Нартай, имансыз екенсің. – «Сіз» деп сызылудан айырылдым. – Тасжүрек екенсің! Бұл өлім өз балаңның басына келсе қайтер едің. Жүйрікке де бір томар шығар, тостым құдайдан... алдыңа келтірермін...

– Тос, тоса бер... ешкі тулап ыңыршағын шақса мен де көріп алдым.


Бұдан ары шыдай алмадым. Есік жақта тұрған орындық қолыма қайдан ғана ілінгенін білмеймін.Нартайдың тақыр басын көздеп бар пәрменіммен лақтырдым. Ол бұғып қалды да, артындағы терезесіне барып тиіп, күл-пәршесі шыға сынды.

– Сотталасың, албасты! – деген Нартайдың, «құтырған қу қаншық» деген әйелінің сөзін шала-пұла естіген күйі есіктерін де жаппастан шыға жөнелдім.

Қарлығашты қара жерге беріп, жылап-еңіреп біз қалдық. Санап отырсақ, бұл үйден айналдырған бес жылдың ішінде төрт адам арғы дүниеге аттаныпты. Екеуі – қыз, екеуі – ұл. Екеуі – ауылда, екеуі – майданда. Бірақ қайғыдан адам өлмейді екен, атам мен енем, келмеске кеткендерден гөрі келер деген үміттегі ақанның амандығын ойлай бастады. «ақсағын қойып, сауын бақ»деген қазақ бекер айтпаған шығар... менде де ақаннан басқа қандай тілек, қандай үміт бар еді. рас, он екіде бір гүлі ашылмаған бірі суға ағып, екіншісі – колхоз малына шөп дайындаймыз деп жүріп, қарағай басып жас өмірлерімен тым ерте қоштасты. Жай ғана ойлап қараған пендеге оқыстан өлгендері де шындық. Бірақ оқыс оқиғаның да себепкері бар ғой... рас, соғыста қаза тапқан ақтайлақ пен Бағдатты атқан немістер, ал, Сандуғаш пен Қарлығаштың қыршынын қиған

«су» мен «ағаш» атты тілсіз жау ғана ма... Ол кезде бұлайша тереңдеп ойлауға мұрша болды ма, кейде жападан-жалғыз отырып, кінәлі біреулерді іздеймін де. Бәлкім, соғыс болмаса, буындары бекімей жатып ауыр жұмысқа бармас еді. Жұмысқа бармаса тірі жүрер ме еді, тірі жүрсе ендігі ақарлы-шақарлы семья құрып, ұрпағын жалғар ма еді... қайдан білейін...

айналайын, Қарлығашпен бірге жайлауда шөп шабуда болған осы ауылдағы құрбы-құрдастары, әне, барлығы да үйлі-баранды болып, сәре-сәре ғұмыр кешіп отыр. Бұл менің Қарлығаш өліп, олар тірі қалды деп баянды өмірлеріне қызғана қарағаным емес, жүректі сыздатқан арман, орны толмас өкініштерімді емірене есіме алуым ғой. мен көпке дейін қайын сіңлімді өлдіге қимай, үй ішінен елеңдеп жүрдім. «алма тәте, мен келдім» деп, мойылдай қара көздері жаудырап есікті ашып қалатындай немесе алыс бір жаққа – енемнің төркіні аталатын алтайдың арғы бетіне ұзатылып кеткендей, күндердің күні болғанда кішкентай сәбиін алдына алып, ақ боз атпен тау асып келе жататындай... Оң жақта шымылдықтың ар жағында жансыз жатқан Қарлығаштың сүйегін күзетіп, таң атқанша көз


ілген жоқпын. майшамды өлеусіретіп жағып қойдым. маған ақ кебіннің астындағы Қарлығаш қимылдағандай көрінді. анықтап қараған сайын қозғалатын сияқты. Шошына ұшып тұрдым да, Енеме жүгірдім: – апа-ау, Қарлығаш тірі...

– Қой, қайдағыны айтпа? – деп ұрысып, өліктің жанына жолатпай қойды. – Шал-ау, келініңді ұшықтап жіберші, шошын- ған секілді. а, құдай, кәріңді бізге неге тіге бердің.

Өлгеніне күні бүгінге дейін сенбеймін де. Сол күні аруақтың қозғалғанын өз көзіммен көргенімнен шығар. Бәлкім, адам баласы жан тапсырған соң да бойы біразға дейін суымай, әйтеуір, бір жерінде шырқыраған шыбын жаны сақталып қалар да. мал сойғанда да еттерінің әр жері өз-өзінен дірілдеп жатпай ма... ал Қарлығаштың қимылдағаны рас еді...

Ертеңінде колхоз кеңсесіне шақырды.

– Терезенің құнын төле, әйтпесе сотқа берем, – деп қорқытты Нартай.

– Тіреп тұрған аспаның болса тастап жібер, – дедім тілімді тартпай. Бастықтың құйрығына шала байланып, орнынан босайды деген сөз естігенмін. Жеті басты дәу пері болса да бір тықыр таянар уақыт жеткен секілді.

– албасты, дәл осы жолы сені құртпасам ба, Нартай атым өшсін.

– атыңның өшкеніне тілеулеспін, сотқа бергеннің көкесін мен көрсетермін.

Не де болса ауданға тарттым. мүмкін, менің арызым себепкер болып, қызметінен ертерек қуар деген қулығым да бар. Жаяу-жалпылы жолға шықтым. Егін дән салып, жайқалып тұрған кез. Көктемде арпалысып суғарған еңбегіміз зая кетпепті. Тау басына бұлт ілініп, ауа тымырсықтанып, көп ұзамай жауар нөсерден хабар береді. Терістіктен сусылдап ып-ыстық жел соғып еді, егін теңіздей толқиды. Әлгінде ғана күнбатыстан пайда болған бұлт жел айдады ма, әп-сәтте қоғамдасып, қордасын жинап келеді. «Бұршақ жаумаса жарар еді»,– деп ойладым. алтай жауыны оқыс басталушы еді. Шайдай ашық тұрған аспанда, қара  жолдың шаңын бұрқырата үйіріп, әуелі құйынға айналдырады, артынша бармақтай-бармақтай тамшылар қиғаштау ұшып, төпеп ала жөнеледі.

мен шапшаңдата аяңдап, екі шақырымдай жердегі Күркіреме бұлағына жете бергенімде, қаңсып жатқан даланың


шаң-тозаңын қопара қатты жел тұрды. Көзіме кірген тозаңды уқалай Күркіремені әдіптей өскен қалың талдың арасына жасырындым. Бетімді жуайыншы деп еңкейе бергенімде... екі қолы бұлаққа малынып етпетінен жатқан адамды көрдім. Қапелімде шошына шегініп кеттім. Соңғы жылдары соғыстан қашқан белгісіз біреу жүр дегенді талай рет естігенбіз. Наубайханадан нан, колхоз қоймасынан ет ұрлағаны да есімде. Тура безейін деп бір ойладым да: «Жат адам болса ес-түссіз былайша жата ма», – деп біртіндеп жақындадым. алғашында өліп қалған шығар деген сезік жеңдеді. Үсті-басы адам көргісіз, әбден азып-тозған: аяғында тісі ақсиған шәркей бәтеңке, қолтығы сөгіліп, жаға-жеңі қырқылған ескі күпәйке, бұтында тізесі жыртылып, құйрығы тесіліп қалған шалбар (ыстық күнде күпәйке кигені несі деп ойладым), жалаң бас, шаң басқан кір-кір шашы білтеленіп қобырап жатыр. Бұлаққа салақтап қалған екі қолын ағынды су тербеп, денеге жан бітіргендей қозғалақтады. Неге екенін білмеймін, жүрегім тайдай тулап, тізем дірілдеді. Дүниедегі ең қимас адамым жатқандай әрі қорқынышты, әрі аянышты сезім биледі. «Әй, кімсіз, тірімісіз»,– деп, үнім қарлыға дауыстап едім, тіл қатпады. Бойымдағы бар қуатымды жинадым да, тәуекелге басып аунатып қалдым... Суалған жақ шүңірейіп ұясына кіріп кеткен көз, тілім-тілім болып жарылған жүзі өте таныс... таныс болғанда да – өзімнің жанымнан да қымбат көретін затымның баяғыда жоғалтып алып, тот басып жатқан жерінен қайта тауып алғандай толқып кеттім. Жұлынымды қуалай ып-ыстық бір нәрсе жүгіріп өтті де «алла, алла» деп, белімді ұстаған күйі талықсып бара жаттым. Қызық, кенеттен пайда болған әлгі ып-ыстық пәле арқа омыртқаларымды аса шапшаңдықпен қуалап өтіп тура белімнен ұрғаны... Көзім қарауытып, басым айналды. Сонда да ырық бермей ернімді жымқыра тістеген күйі сүйретіліп бұлаққа жақындадым. Сылдырай аққан мөлдір судан алақаныммен көсіп алдым да, бетіме шаштым, ұрттадым. Кеуіп қалған таңдайым жібіп, сарайым салқын тартты. Сонда ғана есімді әрең жинап, кеуде кере ауа жұттым. Әлгі ып-ыстық пәленің уыты тарқағандай болған соң қолыма таянып қайта тұрдым. Неге екенін білмеймін, омырауым дымқылданғандай... Өңірімді ағытып, үңіле қарасам, мына ғажапты естігенің немесе көргенің бар ма, екі емшегімнен сүт тамшылап тұр. Тәңірім-ау,


мұнысы несі?! Баламер емшектен әлдеқашан шығып кетіп еді ғой. Сол уақыттан бері беріштеніп суалған омырауым өз-өзінен иігені қалай? Зәрем ұшып қорыққандікі ме, әлде әлгі ып-ыстық пәленің әсері ме, әлде қуанғаннан шығар.

Күркіременің жағасында етпетінен жатқан беймәлім адам ыңырсығандай болды. Қапсыра құшақтаған күйі етпетімнен үстіне құладым. Сол! Сол! Сол!

Сол дегенім – ақан еді!.. Сенейін бе көзіме, сенбейін бе. Сенсең де осы, сенбесең де осы дегендей еді қу тағдыр. Жел тербеген ағаштың басы жан ұшыра қозғалып суыл-

дайды. Қап-қара болып түнерген аспанда бауыры қап-қара бұлттар жөңкіледі. алдымен бірер тамшы жаңбыр жауды да, іле қойдың құмалағындай ірі-ірі бұршақ төпеп ала жөнелді. Бұршақтың қаттылығы сондай біз паналаған қайың мен талдың жапырағын тесіп өтіп, төбемізден тарсылдата бастады. Сол әлем-тапырық аспанға жүз беріп жатқан ақанның жағына пышақ жанығандай бетін далдалай құшақтап, бүк түсіп отырып қалдым. Бұршақ көп әурелеген жоқ, сонадай жерде ауылға қарай жосып барады. Күркіреме бұлағынан аппақ моншақтар ақты. Табиғаттың алты айрығынан тер сорғалап, қалжасы жағып тұрғандай. абырой болғанда жаңа ғана масақтанып, дәні тола бастаған егінді бұршақ соқпапты. Бастарын сәл иіп, қара жерге тағзым еткендей суланып тұр. ауылдың дәл үстінде доғаланып кемпірқосақ орнады. Осы тұстан қарағанда қайғы-қасіреттен енді-енді серпіле бастаған Жұлдыз соншалықты әдемі көрінді. аспанның батыс жағы түріле ашылып, құрымданған бұлт бұршақтың артынан еріп кетті. Күннің көзі көрінгенде мұқым тау, дала, тоғай жарқырап, шөлі қанғандай жымия күлімсіреп рақатты күй кешіп еді. ал мен ше...

ақан жұмулы көзін ашты да, әлемнің осы бір көрінісін таңырқағандай, қадала қарады. Жүзіне сәл ғана жылу пайда болып, ерні дірілдеп күбірлеген. «арысым-ау, аман келдің бе?» – деп жас балаша басын бауырыма баса ботадай боздап жылап жібердім. Оның алғашқы айтқан сөзі: «Шаршадым ғой, шаршатты ғой»,– болды.

Ерлі-зайыпты екеуміз сағынышпен, ақсаумен өткен бес жылдан соң осылайша табыстық. Қойнында шиелеп тұрып шүберекке түйген партбилетінен басқа дәнеңе де жоқ

«трудармияны» сүйемелдей ауылға беттедім. Үй-ішіміз ғана


жоғы табылғандай шексіз бақытқа кенелдік. Бес жыл бойы жаумен жым-жырт соғысқан ақанымды ешбір батырға айырбастармын ба. Иә, ол шақта бәрі де майдан еді ғой... майдан болатын...

«Кісі екен десем, трудабой ғой» – деген қаңқу сөз сол жылдардан қалған, – деп алма кемпір әңгімесін аяқтады. Күмістің көзінде жас. Бір түннің ішінде бүтін бір ауылдың тағдырына ортақтасып, көңілі босап жылағаны, ақан, алма секілді белгісіз батырларды аяғаны шығар-ау.

Таң атты. Шамды сөндіріп, терезелердің пердесін ашқанда, үй ішіне саулап табиғаттың нұры құйылды. Дәл осы шақта алма кемпір орнынан тұрмақ болып үш ұмтылды, бірақ өз денесін өзі көтеріп кете алмады, жазған...

– Күміс-ай, басымды сүйеші, – деп оң жамбасына қарай қисая берген.

– апа, не болды сізге? – деп жан ұшыра ұмтылды. Құрақ көрпенің үстіне сұлық құлаған алма кемпір: – ақан кешікті ғой,– деп күбірлеуге шамасы әрең жетті де, қол-аяғы суып, аппақ әлеммен қош айтысып, қап-қара түнекке сіңіп бара жатты...

Ол КҮмІСТЕГЕН Ер-ТОҚымы Бар КӨК ЖОрғаға мІНІП, аСығыС аТТаНғаН аҚаННыҢ арТыНаН ЕрІП КЕТКЕН ЕДІ!..

Тыныштық.

Таңғы сағат алты болып, радиодан гимн ойнады.

Автордан: мен бұл шығарманы жазу үстінде зәредей де өтірік қоспауға тырыстым. Қазіргі заман әдебиетіндегі озық үлгілерді біле тұрсам да, ой айтудағы ондай тәсілдерді пай- даланғым келмеді. Философиялық тереңдік пен психология- лық иірімдерге құрмай, естіген оқиғаны қаз-қалпында баян- дағаным, қиялдан алынған образды сылап-сипап, әдемілеуден қашқаным шығар. Таланды тағдыр мен қия-қалтарыстары мол өмірді сол күйінде қағазға түсіруіме себепкер болған – қара жерде қарбанып жүрген қарапайым ауылдастарымның болмыс тіршілігін, қайғы-қасірет, жақсы-жаманын шыншылдықпен оқушыма әңгімелеп беруге ұмтылғаным еді.

 

Переделкино – Алматы. 1982 жыл, қаңтар



ҚҰМ МІНЕЗІ

(Бархан)

Повесть


 

Еспенбеттей ер қайда, Ерді сыйлар ел қайда?! Дулат Бабатайұлы


алқара аспаннан тағы бір самолет ұшты...

 

* * *

Күйек аяқталған соң да Барханның мазасы болмады. адам тірлігінің ұшы-қиыры жоқ, таусылмас күйбеңі бұйдалап алып, ой мен қырға дедектетіп кеп жүргені.

меңіреу даланың мең-зең етер тыныштығын маңыраған қой, жамыраған төл бұзса, осы мәңгіртіп жіберер үннің өзі әлдебір тылсым қуаныштан ептеп хабар таратқандай да еді.

Бархан міне қырықтың бесеуіне келді – ертеңнен қара кешке тыным таппай қанша еңбектенсе де, буыны босап шаршаған да, көңіліне қаяу түсіп жалыққан да емес. Ол жалғыздықтан

– айналасында даңғыр-дұңғыр айғайласып, оқта-текте сыр шертісер адам табылмай талықсыр еді. Қойын қоралап, жұбайы қайнатып берген шайды терлеп-тепшіп ішіп алған соңғы бос уақыты жүйкесін тоздырады-ай.

Ой десек, оны күні бойы аттың үсті, қойдың соңында ілбіп жүргенде таусап біткен. радио деген шуылдақты бұрап қалса болды, шүлдір-шүлдір етіп не басқа тіл шыға келеді, не анау бір әрі композитор, әрі әнші жалғыз өзі қақсап кеп түрғаны. Бұлардан да әбден мезі болды. ал, айына бір рет үйіп-төгіп тастайтын газеттің бетін ашып қалса, баяғы бір кісілердің, баяғы сол көрші Сейітқұлдың сығырайып өзіне қарап отырған етектей суретін көреді, оған жазылған етектей мақаланы оқиды.

Іргелес қойшы Сейітқұл туралы ауданнан бастап, тіпті сонау алматының газет-журналы өкіртіп жазып жатады. Әнеугүні бұйра бас жас жігіт келіп кітап жазам деп, деректер алып кеткен.


Сейітқұлдың үйінде бір ай жатқан жігіт қарға адым жердегі Барханның баспанасына бас сұққан жоқ.

«О несі екен? Есенбісіз десе, есінен адасар ма еді?» Күйекті алдымен аяқтаған Барханның жылдағы әдеті

Сейітқұлға қол ұшын беру. міне, аттай зулап бес жыл өтті, құдай көршісі – қыстық қытымыр суығын, жайлаудың салқын самалын бірдей көріп келеді. Тонның ішкі бауындай араласып кетпегенімен, «Кемедегінің жаны бір деп», көмектесе алмай тұрмайтын. Сейітқұл он жас кішілігіне қарамастан, жанкешті пысық, қолды-аяққа тұрмайтын жылпостау. алғашында Барханға көмекші шопан болып жүрді де, кейін келе өз қолымен үйлендірді де. Қашан қаз тұрып кеткенше қамқор қанатына алған Барханға кейін жалдана, қондана келе, қорс етіп мінез көрсететінді шығарды. Бірақ, табиғатынан жуас, кісі бетін қайтарып көрмеген ол кешегі айрандай аптап, күбідей пісіп өз үйінде тайраңдап жүрген жігіттің бұл әбестігіне налып, пәлендей мән бермеді.

«О несі екен?»

Қарашаның қан құстырар көп-көп қарбаласы артта қалды. Жылдағыдай емес, ауа райы жайлы болып тұр еді. Тек күні бойы ызыңдап, сүп-суық жел еседі демесең, күн ашық. Қас қылғандай қойды күйекке түсірер шақта қар аралас жаңбыр жауып, оңтүстік өңірінде бұрынды-соңды бола бермейтін лайсаң күз болып еді. Табиғаттың осы бір қылтқи берер қытымырлығы дәл мұрынға су жетпей, екі қолыңды төртеу ете алмай арпалысып, күш күресіп жатқан шағында қағынуы онсыз да жұқарған жүйкеңді тоздыра түсер еді. Үлкен науқан есен-сау аяқталып, уһ деп бел шеше бергенде, күн шайдай ашылған. Шайдай ашылған күннің ендігі жан жадыратар қоңыржайлығы Барханның шамына әбден тиіп болды. Қойды құм шағылдардың ара-арасына қаптата өргізіп жіберді де, анау төбенің ар жағында құдық қазып жатқандарға барады. Ермек іздегені болар. машиналарын дүрілдетіп, беріштеніп қалған құм қиыршықты бұрғылаған үш-төрт жігіт, олар да ермек іздейді білем, жуас түйе жүндеуге жақсы дегендей, мұны қажап, қайдағы-жайдағыны шұқылап, сұрай беретін. Ішіндегі ересегі Серіктің жасы Барханмен шамалас, «құрдас» деп қатты қалжыңдасады. Қуақы, сөзге жүйрік, үнемі көңілді


жүретін, үнемі күлімдеп, үнемі мұрнынан әлдебір әннің әуенін ыңылдап айта жүрер еді. Олардың міндеті, бастығы Серіктің әмірін тыңдап, қойшыға арналған әрбір қалжыңына жосықсыз тырқылдап күле беру. Құдық қазушы үш азамат Барханның үйіне қонып, ертелі-кеш ыстық шайын айырып жүр. алғашында Сейітқұлдың үйін торуылдап көріп еді, теріс қабақ танытқан соң, олай қарауды да қойған. Тіпті күңкілдеп, «әйелі жас болған соң қызғанады, шық бермес Шығайбай» екен десіп, жамандап та қойысады. Ондайда Бархан ойда-жоқта тауып алған «туыстарына» тәйт деп жекіп тастайтын. Жекіп тастамас та еді, өзін майлы шелпек, ит-құс іше берер жайдақ су көрмесін деген оқыс мінезі-ау. Өзі де ұл-қыз өсіріп, ешкімнің ала жібін аттамай, адал ғұмыр кешіп келе жатқан азамат екенін аңғарту- ма екен...

Барханның әйелі қой аузынан шөп алмас момын, өз шаруасына берік тұйықтау адам. апама жездем сай осынау жұбайлардың белдеу-белдеу құмның арасына түтін түтеткеніне он бес жылдан асып бара жатса да, шәй десіп бірінің бетінен бірі алған кезі болған емес. Қандай қиын-қыстау шақта ақылмен ғана қимылдап, өзара үнсіз келісумен кірісетін жұмысқа. айрандай ұйыған осыншалық әдемі семьяны жер-көктен іздесе де табылмасы, бірақ бәрібір байқалмай, бағаланбай, құмға сіңген судай жоғалары хақ еді. Бес баланың үшеуі ауылда, апайының қолында тұрып оқу оқиды, екеуі әлі кішкене, қозысын құшақтап үйде отыр. Киіз үйден қыстауға көшіп келгелі балаларының да өңі кіріп, пештің қызуына қақтанып, мәз болысып жүрген.

Бұдан он бес жыл бұрын дәл осындай қарашаның күзінде әйелі Жұмагүлге үйленген. Әке-шешеден ерте айрылған жалғызілік жігіт Егемқұл қарттың қолында қысы-жазы көмекші болып, бауыр басып алған. Біртоға, жол саудасы жоқ, Барханды туған ұлынан бетер жақсы көріп, қызымен көңіл қосуын іштей көксеп те жүретін. Бала мен бала бата сұрап келгенде, көзінен жас шыға қуанған, маңдайларынан алма-кезек сүйіп, «бағың ашылсын, қос ботам» деген, сонсоң қолын жайып: «ендігі мал да, осы үйдегі жан да екеуіңнің еншің. Кемпірім екеумізге кештік ғана ғұмыр қалды. Тату-тәтті, жұптарың жазылмай өмір сүріңдер» деп еді. Қарттың тілеулі батасы қабыл болды, құдайға шүкір, он бес жыл от басының берекесі кеткен жоқ...


* * *

Бархан бүгін отарын ерте өргізді. ауыз үйде тырайып ұйықтап жатқан үш жігіт те, кіші қызы Нұргүлдің ауызы уылып, жылап мазаны алған соң, түн ортасы ауғанша көз ілмеген әйелі де, енді ғана таңғы тәтті ұйқының құшағына енгендей еді. Сыртқа шыққанда ептеп тоңазыған дене жылы төсекті қайта сағынды. Күн шыққан жоқ. ала дөнденіп мінгесіп-ұшқаса келеңсіз далаға қарай жарыса созылған құм төбелер, сол құм төбелер, сол құм төбенің қырқасына ойдым-ойдым қойнауына жармаса өскен сексеуілдер жағаласа жарысып, көзге суық тартады, көңілді жүдеткендей болады. Бархан  алды-артына

– иә, айналасына, қарашаның салқынына бедірейе арқасын беріп, бетпақ жатқан құйқалы құмды тұңғыш рет аяғандай, жанарын тайдырмастан көпке дейін қарайды-ай. Ойлап тұрса, он бес жыл мекен жай болған Талдыөзектің бойынан зәредей өзгеріс таппаған екен. Сол есіліп-есіліп қалған бұйра құм, сол ербиген сексеуіл, албастыдай алба-жұлба түзген, жер тағандап өсер жыңғыл; сол аспан – бірде бұлтты, бірде ашық, бірде қар, бірде жаңбыр; сол күн – өз орнынан шығады, өз орнына асықпай, аяңдап барып батады; сол бір мал – маңыраған қой



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.