|
|||
азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 30 страница– менің ғана қателігім емес еді ғой, заман қандай, заң қандай еді... – Оны да білем, – деп Дархан әкесінің сөзін бөліп жіберді. Гүлия тағы да қабағын шытып қалған. Туған баласының әке алдында сүйреңдеп, сөзуар бола бергені көңіліне қонған жоқ. «Кес-кестемей-ақ сөздің соңын тоспай ма». – Заман деген ол да бір шексіз мұхит, ұлан-байтақ ұғым, мол бітімді кесек дүние. Сондықтан оның ептеген қателігі бола береді. Ал жекелеген адамның қателігі тек оның жеке басында ғана қалады. Уақыттан да, қоғамнан да көруі бекер, өз кемшіндігін өзгеге аударар жалған әрекет; аяғын етігі қысқанға бар әлемді қиянаттайтын бая-шая әлсіздік. – Осыншалық қызыл сөзді қайдан үйрендің? – деп әкесі оқыс сауал қойды. – Бұл айтқандарым қызыл сөз емес, әке. Алты жылдық жұмысшы өмірімде қалыптасқан саяси көзқарасым. – «Көзкарас» деген не? Мойның ырғайдай, битің торғайдай болып, барар жер, басар тауың жоқ, жұртта қалған күшіктен айдалада қыңсылап ұлып қалсаң көрер едің «көзқарастың» не екенін. – Көзқарас дегеніміз, әке, өз мақсатың, ел қамың үшін күресу, өз ісіңнің әділдігін дәлелдеу. – Немене, сонда мен әділдік, шындық дегеннің төркінін түсінбейтін миғұла, кеще ме екенмін?! Біле білсең, әркімнің өз шындығы бар. Арғы бетке сол шыңғырған шындығымды бауыздатпау үшін кеттім емес пе? – Халықтан бөлініп қалдыңыз. Қара басыңыздың сауғасынан аса алмадыңыз. – Уай, «халық, халық» деп қақсап болмадың ғой. – Шал шоқ шайнағандай қалшылдап ашуына қайта басты. – «Арқада қыс жақсы болса, арқар ауып несі бар», деген екен баяғыда біреу. Арғы бетке өткеннің бәрі халық емес те, осында қалғанның бәрі данышпан бола қалғанына қайранмын. Біз де ел-жұртпыз. Жақсы қазақтың бәрі бергі бетте, жамандары арғы бетке кеткен секілді. Жоқ, шырағым, кеткеннің бәрі келімсек емес, бекер ғайбаттама. Бошалап кетсек, күндердің күні болғанда боталап қайтармыз. Тарбағатай жарықтық біз үшін көк өгіз секілді, ары аунасақ арғы бетке, бері аунасақ бергі бетке өтеміз. Мына мен секілді «Қызылтас қырғынына» қатыссаң, су болып аққан қанды, допша домалаған басты көрсең білер едің, мақсат деген не, көзқарас дегеннің не екенін; сезер едің сонда, бұл дүниенің кеңдігі мен тарлығын, аштығы мен тоқтығын. Ақ пен қараны айыру үшін ауызбен орақ ормайды, ұлым, сол ақ пен қараға араласады. Жалғанда адам бір қателеспесін де, жалғыз рет аяғыңды тас қағып қалса, өмір бойы сүріншек болып оңбай өтесің. Рас, мен ондайлық етпеттеп құлар үлкен қателікке ұрынғаным жоқ, осы соқпақты өзім таңдап алдым. Өйтпейінше болмайтын еді. Сен біле бермейтін көп-көп сыр бар, бәлкім, кейін естірсің де... Менің бұл жүрісім біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Өзім үшін нағыз дұрыстығына көзім баяғыда жеткен. Ер үстінде ұйықтамасам, атқа мініп нем бар еді. Сеніменен қатар жүріп өтуге жазбапты. Жол екіге айрылды. Сен таңдаған соқпақпен жүргім келмеді, мен таңдаған сүрлеумен сенің жүргің келмеді. Өйткені бөлтірік бөрінің артынан ақылдылығынан ермейтінін білдің. Сонда не істеу керек еді? Жүрекке әмір жүре ме? Мына салып жатқан шойын жолың секілді төсей салатын оп-оңай нәрсе емес ол, жоқ болмаса, неге менің ізіме түспедің, мен салған шойын жолға мінбе- дің деп қай-қайсымызды да кінәлауға болар ма еді. – Дегенмен, сіз жол... – дей беріп еді. – Сөзді бөлмей сабыр сақта, – деді шал көзі от шашып. Алпысқа жетсе де қайратты, келбеті сарқылмаған екен. Жар- тастағы бүркіттей айбынды отыр. – Сені іздеп, ту Семейге баратын хал жоқ еді ол шақта. Жебе жетпейтін жерге семсер сілтегім келмеді. Жарылыс болып, жарақаттанып қалғаныңды да, одан сауығып шыққаныңды да ел-жұрттан, әсіресе Еркін мырзадан естіп біліп отырдым, – деп Гүлияға қарады. – Кәмпеске басталатын жылдың жазында Ақжайлауға келіп қайтқанмын. Сол кезде Еркін мырза да қаладан келіп, демалып жатыр екен. Сенің бүкіл хабарыңды сол айтты. – Міне кызық, – деп таңдана иығын көтерді Дархан. – Ол кезде мен де Ақжайлауда Қамбардың үйінде жатқанмын. Сіздің төбеңізді де көрген жоқпыз. – Алдаған екен ғой мұндарлар. Мен түнде келіп, түн жамылып қайта қайттым. Сенің елде екеніңді ешбірі айтпап еді. Тіпті, тәңірім-ау, Оспанға не көрінді. Ұры иттей жылтыңдап сан рет кіріп-шығып еді ғой. Ұлың осында деп айта салса, дәл бүгінгідей қазымырланып, бір-бірімізден жауап алғандай асты- үстімізді қазыспас едік. – Біз алтыбақан басында жүргенбіз, әке. Оспан маған да жұмған аузын ашпаған. Бәрі жабылып, сіз бен бізді алдағысы келген ғой. – Алдап қана қойса бір сәрі, адастырып жіберді-ау. Ей, Аллам-ай, сене алмай, сенісерге адам таба алмай мантырап өте шығар ма екенбіз бұл жалғаннан. Шабуын тапса, шарға ұстаған балта едік, қайтейін... – Шал ауыр күрсінді. Түн ортасынан ауған шақ болса да орындарынан тапжыл- май әңгімелескен әке мен бала ендігі сәтте кінәласуды қойып, екі жақтағы қазіргі жағдайды сұраса бастап еді. Шаптан тіреп жатып алмай тәйтіктігі жұмсарған Дархан әкесінің әр сұрағына ілтипатпен жауап беріп, кішілік, ізгілік сақтады. Әуелгідегі қаттылық келе-келе екі жақты ұғынысқа ұласқан. Гүлия да көңілденіп сала берді. Атасы мен күйеуінің қас-қабағына қарап, суып қалған шайды екі-үш рет қайнатып әкелді, аяғым ауыр деп бәлсінбеді, зыр жүгіріп, ежелгі пысықтығын тағы бір танытып еді. Таңатардың қайран қалып отырғаны да осы – келінінің аяқ-қолының жеңілдігі, үй шаруасын дөңгелетіп әкетер қылаптығы-тын. Кешегі қара тырнағына шаң жұқтыр- май тотықұстай таранып өскен бай қызының тағдырға тез көндіккен көмпістігі таңырқатқан. «Келінім қой сорпасындай татымды екен» деп іштей қуанып та отыр. Дегенмен, шалдың көңіліне ілінген бір шөкім бұлт та бар еді, оны ұлы да, анау қарақат көз келіні де білмейді. Дәу ата аталған Таңатардың тағы бір білгісі келгені Гүлияның оң бетіндегі тыртық болатын. Бала кезі, тіпті бойжете бастаған шағы көз алдында, онда аппақ сазандай таза еді-ау беті. Сұрауға батпады. «Обал- ақ болған екен». Дәу шалдың қуанғаны – асығы алшысынан түскен атақты Омар байдың үріп ауызға салғандай ең көркем қызын ұлы Дарханның қатындыққа алғаны еді. Дәу шалдың қиналғаны – келіні Гүлияның шешесімен екеуарада болған хикая. Енді, міне, ашынасы болған әйелдің қызына ұлы үйленіп отыр. Өмір деген қызық-ау, дарияда жүзген кемедей бұлаңдатып апарып, соқпайтын жаағалауы жоқ, бір шатқалаң шақтарда Рахия бәйбіше: «Кұдайдан жасырмағанды сенен несіне жасырайын Еркін сенің кіндігіңнен», – дегенде төбе- сінен жаумай жасын түскендей болып еді. Әрине, сенбеді. Бірақ кейбір оңаша қалған сәттерінде ұры ойға баратын. Келе-келе оғанда еті үйренді. Тіпті, сол оқыған көзілдірікті, қара таяқты суқаны сүймейді. Бар тілеуі, бар үміті көзін ашып көрген, аузын ашып сүйген жалғыз ұлы Дархан еді ғой. Тумысынан балаға суық па-ау, дала безіп, аттан түспей, салт өскен Таңатар, енді пайғамбар жасына келіп ұлғайғанда ойлап қараса, үнемі түн қатып, түсі қашып, жүрген жылдарына көңіл көк дөненін жүгіртіп қараса, Дарханды жалғыз рет те «ұлым» деп маңдайынан сүйіп, мауқын баспапты. Соңымнан ерген қарам, артымда қалған тұяқ деп еш нәрсеге баулымаған, әкелік парызын өтемеген екен-ау. Ал, ұлы жыланның баласы секілді өз күнін өзі көріп ержеткен екен. Дарханның мұны көргенде тосырқап, жатбауыр тарта берер осқырынды мінезі сол әкелік тәрбиені аз көргеннен болар, бәлкім. Үнемі өзгенің жыртысын жыртып, сойылын сойып бар саналы ғұмырын сарп еткен салт атты шал, өзінің жолын ұлының да қайталап жүргенін әкелік сезімталдықпен аңғарып еді. «Мен жалғыз кісіге, ал бұл көп кісіге қызмет етуде. Айырмашылығымыз қайсы? Мен ашулансам ат құйрығын кесісіп «Ойхой дүние серуен, адам бір көшкен керуен», деп қолымды бір-ақ сілтеп кетіп қалуға хақым бар еді, ашу шақырсам қарсы келіп, қамшы көтеруге құқым бар еді. Ал бұл байлаулы иттей шырғалап, қарғыбауына шырматылып қалмас па екен?» – Ұлым, жүрші далаға шығып қайтайық, – деді, Таңатар бір шынтақтай тұрып. – Келін шырағым, сен бізге қарама, жата бер. Бұлар тысқа шыққанда ай қорғалап қалған екен. Жер беті алакөбен тартып, шабдырланып жатты. Құлаққа ұрған танадай тыныштық, ауыл адамдары әлдеқашан терең ұйқыға аттанған секілді. Қораның бұрышында байлаулы тұрған ардакүрең ат иесін көргенде тықыршып, оқыранды. Дәу шал қақырынып, түкірніп барды да қораның түбінде қарайып жатқан қоржынға қол созды. – Балам, – деді соңынан елпектей еріп келген Дарханға. – Бергі беттің жай-жағдаятынан хабар алып тұрамыз. Бұл жақта қазір қиыншылық деген соң атан қойды бауыздап, дегдігеніне қарамастан дегбірім қалмай асығыс аттанып кетіп едім. Құдайға шүкір, мал басы бар. Ол жақта Омар байдың өзіне бұйырмаған он айғырлы жылқысын мен бағып жүрмін. Ойжайлаудан Балажайлауға дейінгі жерді мекендеген исі қазақтардың әзірше мал басы түгел, ішім-жемнен таршылық көрген жоқ. Кейін не боларын бір Құдайдың өзі білер. Бірақ қулығына найза бойламайтын жүнге еліне сенім бар ма, бүгін дос, ертең – жау. Жалғыз күнгі мамырстан тірлікке риза болып, отбасының амандығына тәубалап тұрып жатырмыз. Әкеңнің қолынан келген көмегі осы, аз күн болса да талшық етесіңдер. Көп алып шығуға жер аяғы алыс, бөктеріп жүруге қиын. Келіннің де аяғы ауыр екен, аман-есен босанса сорпаларсың. Мә, – деп қаптағы бір қойдың сұрпы етін былқ еткізіп ұлының алдына тастай салды. Дархан күлді. Неге күлгенін өзі де байқаған жоқ. Әйтеуір жын соққан адамдай даусын шығара күліп жіберді. – Рахмет, әке, пейіліңе, қамқорлығыңа ризамын. Өкінішке орай бұл етті мен ала алмаймын. Көмекті тым кеш бердіңіз. Таңғы нәсіп тәңірден деген, аштан өле қоймаспыз. – Неге? Адал малымның еті ғой. – Бірақ біз үшін арам, күні ертең исін мүңкітіп асып жеп отырсам, мұқым Кұланды «қайдан алдың» деп ұлардай шула- май ма. Сонда, арғы бетке қашып кеткен әкем әкеліп берді десем, ел болып менің бетіме түкірмей ме. Сонда жегенім желкемнен шығып, кірерге жердің тесігін таппай, қарабет болмаймын ба. Рас, білдірмей қуырып, дабырламай асып жеу қолдан келер, бірақ бәрібір тамағыма тас тығылғандай арымның алдында ұятқа қалар едім. Сізді түсінемін, әке, қараторғай да балапа- нына жем тасиды. Біз үшін бәрібір ұрлықтың еті, өңешімізден өтер ме. Егер арғы бетке алып қайтуды ауырсынсаңыз, жолай соғып анау Оспан үйінің қашасына іліп кетіңіз, мұндай оңай олжаны иемденуге сол шебер. Дәу шал түтіге түйіліп ойланып қалды. «Қайсар екен, – деді ішінен. – Осы қайсарлығынан талай-талай қасірет табар. Қанша іргесін аулақ салғанымен менің жолымды, менің мінезімді қайталар деп қорқамын. Әй, ауыр болар, жолы қандай ауыр болар екен. Бұл дүниенің өзі бір тек тазалық қана емес, ара-тұра арамдықта жасау керегін мына мен секілді алпыстан асқанда ғана ұғынып, өкінер, иә, талай өкінер. Не дейін, бас білмейтін шу асаудай аспанға секіріп тұр!» – Сіз маған ренжіп қалған жоқсыз ба, әке? – Жоқ, ұлым, ренжіген жоқпын. Меселдемнің қайтқаны да рас. Бұл сапарда ұққаным – нағыз балшебек екенсің. Мен де баяғыдан балшебек едім, тек қызыл кінежкем ғана болмаған. – Түсінбедім, әке? –Балшебекдегенім–қарақылдықақжарарәділдікдегенімғой. Қайдажүрсеңдеаманжүр,недейінсаған,менендісеніңүйіңеқай- тып кірмеймін, кірерге бетім жоқ. Өзіңді көрдім, көңілім көншіді, жер басып жыбырлап жүр екенсің. Жаққан отымды өшірмепсің, ризамын, – деп ұзақ жүріс тілегендей құтырынып жер тарпыған ардакүреңнің шылбырын шеше бастады. – Әке, етті ұмытпаңыз. Бұл қораның түбінде қалса ертең пәле болар, – деді Дархан. – Ұмытып бара жатыр екенмін ғой, – деп қоржынды жалғыз-ақ іліп ердің артына арта салды. – Бати кезіксе соған беріп кетермін. Тау-тасты кезіп жүрген бейбақтың ішегі бір майлансын. – Әй қайдам, ол кісі де алмас. – Ендеше Хабарасуына қалдырамын. Ит-құстың жемтігіне жарар. Үйге келген ырысты кепиетсіп тепсең, киесі ауыр бола- ды деуші еді, – деп атқа қонды. – Ал, ұлым, қоштасалық. Енді бір-бірімізді көреміз бе, көрмейміз бе бір Алланың бұйрығы. – Аттан түсіңіз, әке. Қатар жаяулап Кеңгірдің биігіне дейін шығарып салайын. Ендігі сәтте Кеңгірдің сонаудайдан қарауытқан мазарын бетке ала әкелі-балалы жаяулап келе жатты. Көпке дейін жақ ашпай үнсіз аяңдады. Мүрдехананың дәл тұсына тақалғанда аялдап, бір-біріне танымайтын адамдай тесіле қарады. Әкеден тірідей айрылу Дарханға оңай тиіп тұрған жоқ, жүрегі қысы- лып, жігіт ағасы болған шақта ағыл-тегіл жылағысы келді. Ал, ұлымен тірідей мәңгілікке қоштасу Таңатарға да азалы болды. Қимады, қиналды. Амалы таусылып, сүйек-сүйегі сырқырады- ай, буын-буыны қалтырады-ай... Тағдырдың ыстық-суығына, жауыны мен дауылына белін бермеген, жартастағы шынардай қасарыса қасқайған Таңатар өзін соншалық сорлы сезініп, жалғыз-ақ түнде шал болып шөгіп кеткендей еді. Ол – қарттық деген иттің оңдырмай қапқанын осы қазір ғана байқады. Ғұмырының көбі өтіп, азы қалғанын, жалпағынан басқан жал- ғанның жағасына жан ұшырып қанша жармасқанымен, басқа бір теуіп, қыңсылатып тастап кетерін қалай ғана бағамдамаған. Дәу шал тұңғыш рет өзін де, арғы бетті де, бұған дейін өзін-өзі алдап келген қарабасының бостандығын да өлердей жек көрді. Бәрін талақ етіп осы жақта қалып қойсам ба деген әзәзіл ой бір рет жылт етті де мүлдем өшіп тынды. – Мен... үйленген едім, ұлым... бес жастан асқан қарында- сың бар. Аты – Қарлығаш, – деді күмілжіңкіреп. – Онда мықты екенсіз, әке. – Жас балаша жаутаңдап қарсы алдында тұрған қапсағай денелі әкесін аяғаны ма: – әйтеуір тірі болыңызшы, – деп қапсыра құшақтай алды. Өзінен аласалау баласын баурына басқан Таңатардың кәрі беті жыбырлап, жанарына жас іркілді. Дарханның да кеңсірігі ашып, қолқасына тобықтай өксік тұрып қалған еді – мәңгілікке қатып қалғандай еді... Екеуінің құшақтары ажырамай, тілсіз түсінісіп біраз тұрды. Бұдан соң ұлының қарулы қолын итергендей болып сытылып шықкан Дәу шал шиыршық атқан ардакүреңге бая- ғыша қарғып мінбек болып еді, үш ұмтылып барып, ұлы қолтығынан демеген соң, белі кеткендей сүйретіле ер үстіне әрең ілінді: – Қош, ұлым! Тұлпар түбін табады да. Қош! – деп құйын- перен шапқылай жөнелді. Бағыты – арғы бет. Көктемнің барқыт түніне сіңіп, тасыр-тұсыр аттанып кеткен әкесінің соңынан ат тұяғының дүрсілі толастағанша қарап қалған Дархан: – Аман-есен жетсе екен, – деп еді. – Ол жақта да шиеттей баласы бар... Жалғыз-ақ түнде жай оғындай жалт етіп жоқ болған әкесін осы сәттен бастап көп-көп сағынарын сезді. Енді аз күнде өзі де әке болғалы тұр ғой. Енді аз күнде... Дәу шалдың түн жамылып келіп, тізгін ұшымен ізінше кері қайтып кеткенін тірі жан білген жоқ. Жеті қат жер астын- дағыны тың тыңдап білетін Оспан да сезбей қалып еді. Егер ол байқаса Дарханның басынан құрық түсірмесі хақ. Осынау жаяу жүріп аттыға сәлем бермейтін қарабұжырдың көзі жоғалмай, армандай аяулысына қолы жетудің мүмкін еместігіне күмәні қалмаған. Күніне бес уақыт Құдайдан өтініп тілейді. Қыр- сыққанда күннен-күнге жетіліп, бой бермей омыраулап барады. Қастандық та жасағысы келді. Бірақ, әншейінде жердің жыртығын жамайтын Оспан, соның ретін таппай-ақ қойғаны... Жарма мен Аягез өңіріндегі қыз-келіншектің маң- дайынан шертіп жүріп таңдап үйленуге құзыры жетіп тұр. Амал не, Гүлияға деген құмарлығы бұрынғыдан ары өршімесе өшпеді. Ай артынан ай, жыл артынап жыл жылжыған сайын, көрер таңды көзімен атырар еді. Ғашықтық махаббат дегеннің шын мәнін, құдіреттілігін парықтаған емес. Әйтеуір, әлемде өзі құлай сүйген, айнымастай болып ұнатқан адамын қолға түсірмей тынбайтын бетбақтық ұлы қайсарлыққа ұласып, тышқан аңдыған мысықтай, табандай баспалап, ыңғайлы сәтін күтіп, айналсоқтап жүріп алды. Бұрынғыдай емес, бақталасына албаты өшіккенінен де түк шықпасын білген соң, «Пілдей алып болсаң да орнына жұмса күшіңді» дейтін ескілікті сөзді көкірегіне мықтап түйген ол кейінгі кезде сыпайы сыйластыққа көшті. Оспанның бұлай өзгеруіне Дархан да аң-таң: «Есейген соң ес кірейін дегені шығар», – деп қыңыратқымай емен- жарқын сөйлесе бастаған. Осылай сергелдеңмен жүрген Оспан өлердей сүйген қызы, қазірде өзгенің келіншегі Гүлияның жүкті екенін алғаш рет көргенде тауы оңбай шағылды. Бар үміті ертеңнен емексіп дәметер арманы, Гүлияның екі жылдай бала көтермеген бедеулігі болса, әнеки, ол да быт-шыт болды. «Апыр-ай, Дархан ит қара күшінен басқа түгі жоқ егіз екен десем, еркек екен ғой, – деп тісін от шығара қайрағаннан басқа қолынан келері жоқ шарасыздықпен өз саусағын өзі шайнап, сонда да ұмыта алмады, сонда да күдер үзбеді. Адам баласының бәріне дарымас табандылық пен шыдамның шет-шегі жоқ екенін дәлелдеді. Дұшпаны ғана жамандасын, Оспанның қажыр- қайраты Дарханнан бірде осал емес еді. – Халыққа хабарлайық, ертең митингі болады, – деді ал- дында қарсы қарап отырған Дарханға. – Сен енді жұмысқа қайтып бармайтын болдың. Осы Құландыда қалып дорожный мастер боласың. – Бұл жаңалық екен. Жиналысқа кімдер келеді дейді. – Ана жылғы үстінен тері бешпетін тастамайтын мықты- ның өзі. Дархан қуанып қалды. – Оның мықты екені рас, – деді саусағын сыртылдатып. – Екеуміздің алдымызда қыруар жұмыс тұр, Дәке. Бір- бірімізді түсінбеушіліктен алакөз болғанымыз рас. Ер шекіспей, бекіспейді деуші еді бұрынғылар, кінә сенде де, менде де емес, уақыттың өзінде, ол шақта біреуді-біреу біліп болды ма. Ойлап отырсам, екеумізге не жетпей қырғи-қабақ болдық. Түсінбеймін. Сіңірі шыққан кедейміз бе – кедейміз, біз ауылда тай құлындай тебісіп бірге өстік пе – бірге өстік. Тіпті, түбін қуа берсек, бір ағайынның баласымыз. Арғы атамыз – Байыс, бергі атамыз – Мұрын. Одан жақынырағын қуаласақ бәріміз бір Малтыкөлден тарадық. Құдай-ау, тіпті жеті ата емес, үш- төрт-ақ ата. Жас кезімізде жарыса айтатын мына бір ауыз өлең есіңде ме, Дархан? – Өлең көп қой, қайсыбірі есімде қалды дейсің. – Он жерден миғұла болсаң да ұмытатын өлең емес қой,– деп тақпақтай жөнелді: Малтыкөл ағам аты тұз салатын, Түлкіге томаға алмай кұс салатын, Саулығын қошқарым деп күйек байлап, Қошқарын қорасына бос салатын, – а-ха-ха-ха, иә Дәке, біз сол Қожанасыр секілді аңқау шал – Малтыкөлдің ұрпағымыз. – Сен де қайдағыны ұмытпайсың-ау, – деп, бағанадан ырық бермей қанша шікірейіп отырса да мырс етіп күліп жібер- ді. Оспанның тапқырлығына емес, тақуалығына сүйсінді. Осекеңнің өзге жұрттан ерекшелігі де, естіп білгенін ешқашан- да ұмытпайды, айы-күні, сәті, сағатына дейін сарнап отырар миының мықтылығында-тын. Әлдебір әңгіме бастасаң болды «ой, анау ғой» деп ар жағын өзі іліп әкетер еді. – Құландының күллі тағдыры енді екеуміздің қолымызда. Өнбес дауды өспес бала ғана қуады деген. Баяғы бая-шая өмірді ұмытып бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, халықтың қамын ойлайық, Қаранар,– деп иығымен үлкен жауапкершілік сезінгендей қомданып қойды. – Жеке басыңа жасаған жаулығым жоғын білесің, Оспан. Осқырып белең алған жылқыдай қашқақтап келген өзіңсің. Бізге жасаған қиянатың жоқ, сүттен ақ, судан тазасың деп және айта алмаймын. Бірақ, «сөзіңді ұққанға атаңның құнын кеш» деген аталы пәтуә бекер айтылмаған шығар. Жүрер жол, жетер жер біреу болған соң мүйіздеспей, жолдастық көңілмен қатар аттанайық десең, қарсы емеспін. – Өткеннің тамырына балта шаптық, құрысын! Міне, достық қолым! – Сүйрік саусақтары Дарханның жалпақ алақанына сүңгіп шықты. – Уһ, кеудем жеңілдеп, көңілім ашылып сала берді ғой. Албасты басқандай еңсем бір көтерілмей-ақ қойып еді, – деп жалғыз көзі жалтылдап, аса ризалықпен ұмтылып барып, Дарханның арқасынан құшақтады. Митингіге Құланды ауылының тайлы-тұяғы қалмай жи- налды. Баяғыдағы қыс кезіндегідей керенау емес, бұл күнде жұрт жиі-жиі болып тұрар жиналыстарға әбден еті үйренген, кұлақтарына тисе болды ащылаған қойдай сау ете қалатын. Бұрынғы Омар байдың үйі бүгінде кеңсе мен мектепке айналған. Үйдің алды халыққа лықа толды. Орталарында ақ жаулықты әйел, таяғына сүйенген қария, итімен алысып, ойнаған балалар да бар.
|
|||
|