Хелпикс

Главная

Контакты

Случайная статья





азақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Ақпарат және мұрағат комитеті 27 страница



Іші мұздап сала берді. Жүз жылға қартайғандай аса қажып, шойырыла отыра кетті де «уһ» деп даусын шығара күрсінді. Сонан соң Кеңгір батырдың қарқарадай қасқайып миземей тұрған тұлғасына қызғана қарады. Ол сонда адамның тірі кезіндегі беделі, құрметі, атақ-даңққа қандай дәрежеде болса, бұл пәниден қоштасқан соң да, сол биігінде қалып қоярын алғаш рет бағамдады. Әсіресе, қазіргі таңда дұрыс өлу үшін дұрыс өмір сүру керегін, етектеп емес – жо-жоқ, аспандап өмір сүру керегін ұқты. Тұңғыш рет өзі өлгенде неше кісі жиналарын санады: «Біреу, екеу, үшеу, он... жиырма...» осылайша ерні жыбырлап қайта-қайта нысықтап санаса да жиырмадан асыра алмай дал болды. Таң қалды. Тіпті таң қалған жоқ, шыншыл көңілден жүрегі лүпілдеп ышқынды. Қандай қорқынышты өлім!


«Құдай-ау, дәл осындай бейшара жан ба едім? Ұрпақсыз шаба беріппін-ау. Кім үшін өмір сүргенмін, бұдан отыз бес жыл бұрын суыққа ұшып өле салсам да бәрібір екен-ау, ә. Иә, иә, бәрібір екен! Ылғи жұмыс бабымен ғана үш жүз мың шақырым жол жүріппін; сонда қайда барамын, қандай ұшпаққа шыға- мын деп салпылдап жүре бергенмін. Бәрі халық үшін! Жұрт асар асуын, шығар биігін, тіпті ертең жатар жерін алдынала жоспарлап алады. Ал мен ше? Вагон секілді үстіме не тиеді, соны сүйреп безілдедім-ай, зырладым-ай – қалай сүйресе солай... Иә, рельс – өмір... вагон – адам... сен осындай екенсің- ау...»

Қарт жұмысшының әлгі ойын құптағандай таңдайы та- қылдап тағы бір поезд өтті асығыс...

«Осы поездың ішінде Оспан да кетіп бара жатуы мүмкін-

ау...

«Таңдайын қағып, тамсанып өте шықтық осылай». «Онда

не істеуім керек еді?».

«Жығылған соң аударғаныңды ұрамын», деген екен бір білгіш. Өкінгенмен айналып келмейтін дүниені жоқтап бас қатырмайын, – деп орнынан тұрды.

Көкжиекке сіңе алмай қызылшеке болып ұялған күн күзгі өңірдің абыройын жапқандай, алтын алауға бөлеп, өзгеше көркем сипат бергендей еді. Күзгі аспанды торлаған бұлт қызыл сәулеге тойынып сеңдей теңселеді. Далаға шарбылан- ған алқызыл жалын тарап, торғынша толқиды, кейде күзгі дала жанып жатқан секілді көрініс береді-ай. Құландының қотыр тамдары, пай-пай... олар да жезбен қапталғандай, нұрлана шағылысып; жаратылысына бітпеген сұлулыққа масайып жетіседі, әне. Байып батар күннің соңғы бояуы Кеңгір батыр мазары мен Дарханды қоса қандап, көлеңкелерін он есе зор етіп созған.

Іңір кештегі у-шуы даңғазаланған ауылдан, қызметінен кешіккендей, үкідей ұшып Дүрия келе жатты. Ол өрлегенде, өзі құлдап кетуге ыңғай танытқан Дархан әлдене есіне түскендей қолын артына ұстаған қалыпта қарсы алды. Тал бойында тарыдай мін жоқ, наурыздың ақша қарындай таза келіншекті аямай-ақ соншалық қор еткен табиғатты қарғады да.

– Ей, қақбас, – деді Дүрия жүрелей отыра кетіп. – Әлі тірі жүрмісің? Мен де есенмін. Екеумізді алмаған Құдайдың тамағы тоқ екен.


Кенеп дорбаны апыл-ғұпыл шешті де ішінен бір шөлмек

«суды» алып, екі стаканға толтыра құйды.

– Әй, Қамбар, сен нағып тізеңді бүкпей секиіп тұрсың,

– деді белгісіз елес-біреуді қолынан тартып. – Ана обходчик қақбасты құдай отыруға жазбаған. Ол әлі түрегеп жүріп өледі. Қанша өзін-өзі тоқтатқанымен Дархан тіксініп қалды.

Сасқанынан әйелдің жанына дүрс етіп отыра кетті.

– Кел, Қамбар, сенің қырық жыл болған қырғыннан аман оралғаныңның құрметіне алып қоялық, – деп өзі ішіп салды. – Құдай-ау, баяғыда екеуміз алғаш үйленген жылы, есіңде ме, Қамбар, ішіп-ішіп, қызып ұйықтап қалғанымыз. Содан сені ер- теңде соғысқа алып кетті де... баласыз қалдық. – Дүрия жанында- ғы елес-адамға еркелегендей өзіне қарай тартты; аймалап, ауаны сипалады. – Түу, Қамбар, шашың ағарып кетіпті ғой. Ана қақбастың басында бір тал ақ жоқ, – деп Дарханға ала көзімен ата қарап қойды. – Темір жолда істейтін жұмысшының көбі қалып жатқанда, сені айт-үйтке қаратпай ала жөнелгеніне күні бүгінге дейін миым жетпейді. Мен қалдым бейбақ болып бедеу күйімде, сен кеттің артыңа жалтақ-жалтақ қарап.

Әйел шөлмектегі судың қалғанын өзінің ыдысына сарқып құйып алды.

– Кел, Қамбар, сенің есен-сау оралғаның үшін алып қоялық. Айып етпе, мен сені адал күте алмадым. Ол арман емес, жаным, бар арман азаматтың аман қалғаны... Мен бақыттымын, Қамбаш, бақыттымын... – Дүрияның сұрланған берекесіз бетіне қуанышты сәуле жүгіріп, жиегі қызарып, мағынасыз қарайтын көзінде от ойнады. Шын бақытқа, мол бір шаттыққа кенелгендей риза көңілмен еңіреп жылады, әдемі жылады. Содан кейін елес боп қайтып оралған жарына, ағыл-тегіл отыз жыл бойы көрген-білген өмірін баян етті.

Дархан әйелдің әңгімесін одан әрі тыңдаған жоқ. Тыңдағысы келді-ақ, құлағына кірмеді. Дүние таскерең бол- ғандай соншалықты ауыр да азапты тыныштық орнады. Ал, Дүрия жазған салдырлай қолын сермеп әңгімесін айтып отыр, айтып отыр. Анда-санда күліп қояды, анда-санда жылап алады. Ал Дархан еш нәрсе естіген жоқ. Әйелдің ерні ғана жыбырлағандай. Әне, жүк тиеген тағы бір состав өтті – ол да үн-түнсіз өтті... Құлақтан айрылдым деп ойлады. Оның көз алдында мынау жынды әйелдің күйеуін әскерге аттандырып тұрған арманды сәтінен басқа көрініс қалмады.


...Дәл осындай нұр-сәуле жамыраған уақыт болатын; дәл осындай күздің қоңыр салқын, күндізі шуақты, түні ызғарлы мезгілі болатын, дәл осындай... бәрі осындай секілді еді; тек Дүрия ғана басқаша, мұқым ауылдың аузының суын құртқан ерке келіншек еді, үстінде қызыл ала ішкөйлек, басында қызыл ала орамал, поезд жүріп кеткен соң артынан тұра қуған, көп жүгіргені – ұзақ жүгіргені... сонан соң тұра қалып қол бұлғап:

«Қамбар-ау, жаным, тез орал», – деп бар даусымен айғайлағаны, содан соң... етпетінен құлағаны – бәрі-бәрі кешегідей көз алдында. Қамбар сол күнгі ең соңғы поезға мініп кеткен. Сонда Дарханға анау паровоз дүниедегі бар жақсылықты ғана емес, дүниедегі бар жамандықты қоса әкеліп жатқандай сезілген; тотыдайын таранған Дүрия орамалын бұлған: «Қамбар-ау, жаным, тез орал», – деп айқайлаған, көп айқайлаған... ай- қайлаған...

Шалдың құлағы тарс етіп осы айқайдан ашылып кеткен- дей болды. Әйел шынында да:

– «Қамбар-ау, жаным, тез орал», – деп жаулығын бұлғап дауыстап тұр екен. Жарқыштанған тарғыл үн баяғыдағы үнпаз дауыс емес, мүлдем жат, қорқынышты шықты.

Осы кезде Қеңгірдің жотасына қарай Солтанның қара ұлы айқайлап жүгіріп, тырмысып келе жатты. Қолында хат.

– Кімнен? – деді Дархан сасқалақтап. – Маған хат жазатын ешкім жоқ еді ғой.

– Білмеймін, ата, әйтеуір адресінде сіздің аты-жөніңіз жазылған.

– Оқышы, шырағым. – Сегізінші класта оқитын қара ұл сыртқы конвертінен бастап зуылдата жөнелді.

«Семей облысы, Аягөз ауданы, Құланды ауылы, Таңатаров Дарханға. Аса кұрметті ақсақал! Қуаттысыз ба? Әрине сіз мені танымайсыз да, білмейсіз. Бұған дейін мен де өмірде сіздей атамның барын білмеуші едім. Білетінмін, бірақ өлі-тіріңізден хабарым жоқ еді. Мүмкін сенерсіз, мүмкін сенбессіз, мен сіздің немереңізбін, ақсақал... «Лениншіл жас» деген газетті оқып отырып менің әкем Мұратты іздеген хабарландыруыңызды оқыдым. Сізге қиын болса да айтайын, әкем яғни, сіздің ұлыңыз

– Мұрат Дарханов 1942 жылы Сталинград түбінде қаза тапты. Оның жаңа ғана еңбектеп жүрген маған қалдырған аманаты, қайткен күнде де сізді тауып алу еді. Міне енді сол әкемнің


өтініші орындалды! Осы хат қолыңызға тиер-тиместен өзім барып қалармын, ақсақал...

Сәлеммен, немереңіз – Жалғас. 25. IX. 1975 ж».

Дархан хат оқылып болған соң да көзін жұмып сұлқ отырып қалды. Жүзінен не қуаныштың, не өкініштің табы байқалмай қабарып, мүлгіп қара ұлға қолын созды:

– Әкелші хатты. – Қара ұл ұсынған хатты аударыстырып қарады.

– Қай жерден шыққан екен, печатын байқашы, қарағым.

– Қара ұл әрі-бері іздеп белгі таппады да:

– Ата, Аягөз деген жазудан өзге ештеңе көре алмадым, – деді.

– Жарайды, ұлым, рахмет, сүйіншіңді беремін, – деді де хатты қойнына салып, орнынан тұрды.

Баяғыда қалай еді?... баяғыда...

 

Баяғыда:

...1930 жылдың қысы қатты болды. Сақылдаған сары аязға қарамастан жан алып, жан бере еңбек еткеп түркісібшілер, ұлы жолдың сорабын салып та үлгерген еді. Жердің тоңы, күннің суықтығы, киімінің жыртығы мен тамақтың қораштығы қайнаған жігер, тасыған қуат тегеурініне төтеп бере алмай, дәрменсіздік танытты. Адам айтса нанғысыз қиындықтар, енді-енді ғана қалыптасып, қайратын көрсете бастаған қазақ жұмысшыларының алдында тізесін бүкті. Жүз жылда, бәлкім мың жылда жалғыз-ақ рет қайталанар ерліктің асқан, үлгісі көрсетілді. Егер, тарих-ананың кәрі жүрегіне алтын әріппен жазылар ертекке бергісіз ерлікті – жүз адам жасаса да, бәлкім мың адам жасаса да – Дархан сол құрыш білек ерлердің бірі ғана, ең қарапайымы ғана... Ендеше ол жасаған ерлік пен көрген қорлық сандаған қазақ жұмысшы жігіттеріне бірдей ортақ, көптің бірі болғандықтан, әзірше ешкім білмейді. Кейін де есімі есте қалмас... Мүмкін, кім білсін, бес жыл өтер, елу жыл өтер, Дархансынды марқасқа азаматтарын әнге қосар, аңыз қылып, келер ұрпаққа жеткізер... Анау, Ақай шал жатқан төбенің басына ақ тастай қашап алып ескерткіш орнатар. Осы тұстан өткен әр поезд сәл аялдай, бүкіл жолаушы жұмсақ та жылы вагоннан түсіп, төбе басынді жер томпайтқан шалдың


мүрдесінс тәуәп етер, басына гүл шоқтарын қояр... «Жасасын Түркісібтің боздақтары!» – деп ұран тастар, көздеріне жас алып, шойын жолдың ұзына бойын раушанға көмкерер... Құдай-ау, сол бақытты күнді көрген де, көрмеген де арманда екен-ау; тіпті еске алып, қиялдаудың өзі қандай рахат еді, қандай сүйіншілі еді...

...Бұл жол – болашақ жолы. Бұл жол – бақыт жолы.

Дала төсіне шірей тартылған қос рельс – қазақы дом- быраның қос ішегі сынды: тарта бер заман күйін, шерте бер айызың қанғанша аңыратып, ғұмырың жетсе. Әр шпал – әр перне сықылды.– Қараңызшы қандай ұқсастық. Қазекемнің он саусағы, енді темір жол бойымен ойнайды; көр де тұр, үстінен су төгілмес жорғаға мінгендей тайпаңдатар-ай. Күніміз туғаны осы, ағайын, қуан, шаттан, енді бірер айда – Түркісібтің бойымен әндетіп поезд өтер. Ең алғашқы жолаушы – Дархан, сөз жоқ осы шомбал қара жігіт болады...

«Ең бірінші поезға өзім мінемін!»

Ойының аяғын дауыстап жіберді ме, іргесінде жатқан Гүлия оянып кетті.

– Не дедіңіз, Дархан?

– Ә-ә, сен ұйықтаған жоқ па едің... Ең алғашқы жолаушы өзім боламын деймін.

– Қиял да бір – қылшылбыр, қатты лақтырсаң өз мойныңа оралады.

– Апыр-ай, Гүлия-ай, ертеңгі күніңе сенбей-ақ қойдың-ау.

– Ол сенбегендік емес, Дәке, сақтық қана. Бәрін дәм біледі.

Уақыт көрсетер.

– Құдай-ау, сол уақыт туған жоқ па енді...

– Қайдам, – деді Гүлия күрсініп. – Әзірше әкеміздің жаман лашығында жатырмыз ғой. Бекер қиялдан қайтесіз. Одан да анау ұлыңыз тоңып қалмасын, соны қымтап жауып қой. Отын да тақа таусылды, қайта былтыр осы уақытта аздап қоры бар еді.

– Жоқтан өзгені уайымдап қайтеміз. Ертең ертерек тұрып тал қиып әкелермін.

– Қу тезексіз жас талдың жануы да қиын. Үрлеген сайын пысылдап, бықсып кісінің есін шығарады. Көк-ала түтіннен көз ашпаймыз.


– Көппен көрген ұлы той, Гүлім. Осы қысты ептеп-септеп артқа тастасақ, ар жағы...

– Ар жағында не болады? – деп күйеуінің сөзін бөлді. – Былтыр да осылай деп едіңіз. Қартайғаныңызға көрінсін.

– Қартайғаным да рас.

Тоқал там дәл баяғыша азынап тұр. Аузы күйелеш-күйелеш мәстек пештің оты әлдеқашан, қызыл іңірден сөніп қалған. Дархан мен Гүлия дәл былтырғыдай ағаш нардың үстінде, қатар әңгімелесіп жатыр. Қабырғаның төбемен түйіскен тұсы көкаязданып сырт-сырт тамшылайды. Ай жарық. Сол жарық айдың сүт сәулесі жұпыны үйдің алакөлеңке қабырғасына сурет салып, өзгеше қиялғажайып күйге бөлейді. Расында да бәрі баяғыдай: әр зат, әр адам өз орнында. Ай екеш жарықтық ай да аядай терезеден қысыла сыздықтап, өз жолымен – бұдан мың жыл бұрынғы жолмен жылыстайды. Өзгерген не сонда? Адамдардың санасы ма? Бәрібір өткен жылдағыдай: Гүлияда күдік аралас мұң бар, Дарханда әзірше белгісіз, бірақ соншалықты батыл арман бар, үзілмейтін үміт, ертеңге деген сенім бар. Дегенмен, бұл үйге де ұлы жаңалық жақындап келе жатқаны рас-ты.

– Дәке, – деді Гүлия назбен еркелей. Ерінің бауырына тығыла жатты.

– Оу.

– Мен сізге бір нәрсе айтсам деп едім.

– Айта ғой... айт.

– Көктем туа жаңадан үй қалап алайық. Әлекедей жаланған жұмысшы достарыңыз бар, көптеп-көмектеп бір айда тұрғызар едік.

– Ой, Гүлім-ай, сен де жоқтан басқаны айтады екенсің. Үй салатын уақыт па қазір? Алдымен Түркісібті тамамдап алайық та, содан соң көрерміз. Далада жатқан жоқпыз ғой.

– Түркісіб бір айда бітер деп едіңіз ғой...

– Жол біткенмен, жұмыс таусылар ма?

– Жұмыс көрге кіргенше таусылмас. Басына баспана жасап алмасын деген заң жоқ шығар.

– Ондай заңның жоғы рас. Бірақ, өкіметтің қыруар жұмы- сын тастап, қара басының қамын ойлап кетсін деген заң және жоқ.


– Сонда қалай? – Гүлияның даусы қаттырақ шығып кетті. – Не өздері салып бермесе, не өзіміз салып алмасақ, осы суырдың ініндей жер кепеде көзіміз іріңдеп тұра береміз бе?

Дархан жауап берген жоқ. Төбеге қарап ойланып жатты.

– Ауырырақ сұрақ болса, үндемей құтылатындарыңыз-ай, осы.

– Сұрақ ауыр емес, жұмыс ауыр болып тұр ғой.

– Дәке, – деді Гүлия күйеуінің кеудесіне басын қойып. – Осы- мен екі рет қолқа арттым – екеуіне де көнбедіңіз. – Үшіншісін айтармын, айтпаспын, бірақ екі дүниеде де есіңізде болсын, жылдар өтер, заман озар, ажар тозар, сол кезде өзіңізді өзіңіз кінәлап өкінерсіз-ау, әлі. Табалау маған күнә, ел-жұрттың алдында күлкіге ұшырарсыз.

– Қойшы, – деді Дархан мән бермей. – Қайдағы күлкі. Мен тіпті, айнам, алғашқы өтінішіңді де тас есімнен шығарып алыппын.

– Әлде тұңғыш рет қайда, қашан кездескеніміз де жадыңыз- да жоқ шығар.

– Ой, ол өлсем де көз алдымда тірі күйінде қалады. Ай қорғалаған шақ. Жайлау. Алтыбақан... Содан соң... тұман тұн- шықтырған тоғай. Сылдырап аққан өзен. Шырылдаған торғай үні. Шашы төгілген сұлу қыз.

– Рахмет, шүкір, ұмытпаған екенсіз. Осыған да тәубе. Ал, алғашқы тілегім – оқу болатын.

Дархан күліп жіберді:

– Құдай-ай, соны да өтініш деп... Мен үшін сенен асқан мұғалім жоқ. – Жанында жып-жылы болып жатқан жарының шашынан, содан соң бетінен сипады. Қайла қатайтып, ағаш- танып қалған алақаны жанарына тигенде селк етіп тіксініп қалып еді. – Көзіңде жас бар ғой. Қой, қалқам, жаман ырым бастама. Әлде, маған тұрмысқа шыққаныңа өкініп жатырсың ба? Шешеңмен бірге Семейге еріп кетсең оқыған, мәдениетті, көзілдірігі, қара таяғы бар, төрт кұбыласы тең қызметкер жігіттің етегінен ұстар ма едің...

– Қойыңызшы... – деді Гүлия тұңғыш рет ашуланып. Үні сонда да нәзіктігі мен жұмсақтығын бұзғысы жоқ. – Қарақан басыңызға үйдің керегі не? Тек күні ертең, аман жүрсе Мұратымыз ер жетер... ер жетер жарығым... содан соң... содан... мен екіқабатпын. Дәке... соны да сезбегенсіз бе? – Күйеуінің есіктей кеудесіне бетін басып, жылап жіберді.


– Тәңірім-ау, не дедің? – Басын қақшаң еткізіп алды. – Қай- талашы, не дедің? Ақсарбас! Сенейін бе, сенбейін бе құлағыма...

– Дірілдеп кетті. Адамның қуанғаны мен қорыққаны бірдей деген осы-ау, Дарханның жүрегі тайдай тулап ала жөнелген.

– Рас, – деді әйелі көзінің жасын сүртіп. – Бес ай болды. Қыстың көзі қырауда үнемі оранып, шымқанып жүрген соң байқамағансыз ғой. Тіпті, сіз үйленген соң менің жүзіме, тал бойыма тіктеп қараған емессіз. Сүйінші сұрауды жөн көрмедім. Қазір де айтпас едім, әншейін амалсыз... Иә, сіз көп нәрсені байқамайсыз. Өйткені сіз шойын жолдан өзге нәрсені көрмейсіз... ә дегенде айтуға жасқандым да. Әуелі «керегі жоқ, бала бағуға жұмыстан қол тимейді», – деп бетімді қайтарып ұрысарға жорыдым.

– Қатты айттың-ау, – деп төсекке қайтадан сылқ құлап түсті. Алғашында расында өзін-өзі есі ауып кеткендей сезінді. Дәл қазір төрткүл дүниенің төрт бұрышында Дарханнан бақытты адам жоқ еді, қосылғандарыңа біраз уақыт болса да аяғы ауырламай сыбай-салтаң жүріп алған келіншегінен, оның себебін сұрауға дәті жетпеген. Үнемі болмағанмен, анда- санда, иә, басы ауырып, балтыры сыздағандай болғанда, өзінің құйрық-жалсыз жалғыздығы есіне түсіп, іштей мүжіліп, жүдеп жүруші еді. Қашан көрсең қара жермен алысып танауына су жетпей безектеген Дархан былай тағы жұртқа еш нәрсені парықтамайтын, шөк десе шөгетін, өк десе жүретін көлік малындай көрінуі хақ еді. Бекерден-бекер Қара нар аталған жоқ. Енді міне сол... жаны қасаңданып кеткен Қара нар төбесі көкке жеткенше қуанып жатыр. Тосыннан естілген сүйіншілі сөз ақылынан адастырғандай, жанарын ащы жас келіп, көпке дейін мелшиіп талықсып жатты.

– Неге үндемейсіз, ерім? – деп еркелей мойнына асылған әйелінің шашынан иіскеп, қыса құшақтады. Ақырын, – деп наз- данды Гүлия, – күш жұмсамаңыз, баламызды мыжып тастайсыз.

– Өлмейді енді, Дархан өлмейді! – деп балаша мәз болып нас- аттанды.–Оқудыңда,қызметтіңдеәкесініңаузынұрайын,үйтұр- ғызамын. Мұрын-сыбаның өңі түгіл, түсіне кірмеген үй қалаймын кірпіштен. Содан соң... балаларымды ата қаздай шұбатып, маң-маң басып, жайқалып келе жатамын. Ұлым ер


жетеді. Әкесі үшін, шешесі үшін, тіпті үрім-бұтақ, зәузат – ата- бабасы үшін сол оқиды. Жиырма жылдық мектеп бар ма екен, жетелеп апарып соған тапсыратын.

– Үйбай-ау, әкесі-ау, сабыр сақтасаңызшы, құрсақта жатқан жылбысқаны ұлға жорып, ертең мектепке жетелеп кеткелі бөстірдіңіз-ау. «Ағыңның басы бітіп жорғасы қалып па» деген екен баяғыда біреу. Тәубе деңіз. Ұзағынан сүйіндірсін деңіз.

– Тәубе, тәубе. Қыз болса да мешайты жоқ. – Екеуі бірдей жарасымды қылықпен жарыса күлді.

– Орысша білетін жалғыз-ақ сөзіңіз бар-ау, отағасы...

– Неге? Много знаю. Қалада жұмыс істедім емес пе. Орыс жігіттерінен достарым көп болды. Айталық темір жолға байланысты сөздерге судаймын. – Біраз үнсіз жатты да: – Гуля, – деді әйеліне бұрылып, тамағын жыбырлатқан жөтелді кеңірдегін кенеп әрең басты. – Бойыңа бала біткенін осыған дейін шыдап, қалай айтпай жүрдің?

– Алғашында өзім де сенбедім. Соңынан екіқабат болған әйелдің алды-арты бір өзімдей-ақ, жар салғанды ыңғайсыз көрдім. Қазір де бекер айттым-ау деп өкініп жатырмын, Дәке. Не нәрсеге де көзбен көріп, қолмен ұстаған соң қуану керек қой.

– Сендей сақ адамды көрсемші, бәтір. Ойпырай десеңші, сендегі төзімділікті, байсалдылық пен сабырлықты, тіпті ақыл- ойды маған берсе ғой.

– Оның бәрін сізге жиып-теріп бергенде мен не істеймін,

– деп күлді Гүлия. – Жынды әйелмен қанша сұлу болса да бір күн тұра алмассыз. Үй барған сайын суып барады. – Тітіркеніп, Дарханға тығыла түсті.

– Даладан тезек әкеліп жағайын ба?

– Әуре болмай-ак қойыңыз. Жанымда сіз жатқанда маздап тұрған оттың қажеті қанша. Ақсақ құлынды болжап келемін десеңіз, қарсылық жоқ.

– Ой, оны жау алар дейсің бе? Жазда аздап болса да шөп шауып алғанымыз қандай жақсы болған. Қоңы жақсы.

– Есіңізде ме, ерім, пішен оруға барғанда Мұрат үшеуміздің асыр салып, жас балаша еліріп ойнағанымыз. Менің әлі көз алдымда.

– Жаздың сол бір жайма-шуақ жазира шағы менің жадымда жатыр ғой.


– Әйтеуір өзіңіз өз болып ерлік жасап, бас бостандығыңыз- ды екі күнге сұрап алып едіңіз. Тіпті, түу Аягөзден былғары киімді өкіл келмегенде, сізге екі күндік демалыс бұйырмас еді.

– Қой, қалқам, мені соншалық айтақтағанға үріп, айдағанға жүретін сорлы санама. Біле білсең, өз басымның еркіндігі – өзімде. Тек ар-ожданым алдында ғана тізе бүге аламын.

– Сіз – батырсыз, ерсіз, білем. Бірақ, кейде тәуекелдігіңіз жете бермейді, аға...

– Тек, ағасы несі...

– Баяғым есіме түсіп кетті, арысым. – Гүлияның көңілі бүгінгі түн алау-жалау еді. Алақоңыр үйдің жүдеу тартып, суық сорған тіршіліктері қанша жетім де, егей дүниеге сүйрегенімен көңілдерінде маздап от жанады. Ішінде жып-жылы болып нәресте жатса, бұл өмірдің сүреңсіз кеспірі, тағдырдың аш бүргедей талауы түкке тұрғысыз екен-ау. – Көктемде жаңбыр мол жауып, көк тез жетілді, шөп қалың шықты ғой. Ақсақ құлынды жетелеп, Мұрат үшеуміз қырға шықтық. Аспан көкпеңбек. Гүлдер қандай көп еді... Көздің жауын алады. Ертеде, қыз кезімізде әкемдер Ақжайлауға көшіп шыққанда Дүрия екеуміз елдің алды болып жетуге асығатынбыз. Ол кезде немене... астымызда тайпалған жорға, байдың оң жақтағы бұлғақтаған ерке қызымыз. Сіз есіме салмағанда үкілі тақия мен қос етек көйлегімді сол жолы кимес едім. Тіпті, ағаш сандықта кегіс тартып, жетімсіреп жатқанын ұмытып та кетіппін. Бір кезде шашын он күн тарап, бес күн өрген кербез қыз болғанымды ел қайдан білсін... Сонда қыр қызғалдағына араласып, бір отырып, бір тұрып гүл теріп жүрген маған сіз де, Мұрат та, тіпті ақсақ құлын да таңырқай қарап қалыпсыздар, ұялғанымнан бетімді басып, шөкелеп қызғалдақ арасына жасырына қалдым.



  

© helpiks.su При использовании или копировании материалов прямая ссылка на сайт обязательна.